жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналған сценарий
«Бүгін менің туған күнім» атты әдеби-сазды кеш
(Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың шығармашылығына арналады)
Кеш мақсаты: -«өлеңім-өмірім» деп жырлаған ақиық ақынның қазақ поэзиясындағы алатын орны, өмірі мен шығармашылығынан толық мәлімет беру;
- өлеңдерін мәнерлеп оқу арқылы әдебиетке, өлеңге деген құштарлықтарын ояту;
-ақынның жан-жақты қырын аша отырып, ақынға деген құрметті күшейту;
Кеш жүрісі: өлеңдерін мәнерлеп оқу, әндерін орындау, ақын туралы естеліктерді,өмірдерегін слаидан көрсету.
Көрнекіліктері: ақын суреті (баннер), өміріне арналған слаид, интерактивті тақта, ақын кітаптары, музыкалық аспап.
Слаидтан «Бүгін менің туған күнім» әні жіберіліп тұрады.
Ортаға «Асыл сөз» үйірмесінің мүшесі Ерханов Байғабыл «Арыз жазып кетейін» өлеңімен ашады. (жай әуен ойналып тұрады)
Бүгін менің туған күнім.
Ой, бәле-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай!
Мына дүние неге жатыр үндемей?!
Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.
Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,
«Мынау –шапан,
Мынау –атың, мін» демей.
.........................................
Тойланбаса тойланбасын,....
Не етейін.
Той көрмей-ақ , сый көрмей-ақ өтейін.
Қаламымды берші маған, бәйбіше,
Болашаққа арыз жазып кетейін...
Құрметті ұстаздар, оқушылар, ата-аналар, және қадірменді қонақтар, жалпы жырсүйер қауым!
Ақынмын деп мен қалай айта аламын,
Халқымның өзі айтқанын қайталадым.
Қазақтың күпі киген қара өлеңін
Шекпен жауып өзіне қайтарамын,-деп, қарапайым қазақтың қара өлеңінің жілігін шағып, майын ішкен, кезінде өзінің әділ бағасын ала алмай кеткенімен, бүгінде халқының ыстық ықыласына бөленген, «Қазақ поэзиясының Хантәңірі» атанған ақиық ақын, біртуар тұлға Мұқағали Мақатаевтың 9 ақпан туылған күні! Ақын көзі тірі болғанда, 85 жасқа толар еді...
Өзі өлсе де, артына өлместей асыл мұраларын қалдырған ақынды еске алу мақсатында өткізілгелі отырған «Поэзия, менімен егіз бе едің?!» атты әдеби-сазды кешке қош келдіңіздер!
«Поэзия» өлеңі
(Оқитын: Жұмагүл Нұрлыбайқызы)
Поэзия!
Менімен егіз бе едің?!
Сен мені сезесің бе, неге іздедім?
Алауыртқан таңдардан сені іздедім,
Қарауытқан таулардан сені іздедім.
Иа, Мұқағали ақынның сырласы да, мұңдасы да-поэзия болатын. Осы өлең жолдарын оқыған кезде алып жырдың жаратылысын, жаңа қыры мен сипатын танығандай күй кешесіз... Ақын өзінің қысқа ғұмырында өзіне-өзі сенген. Ары таза, жаны мөлдір, жүрегі отты, рухы асқақ жырлары мен көркем дастандары сол сенімнің жемісі. Ақын жаңа ғасыр қақпасын ентікпей, еркін ашып, жаңа мыңжылдық айдынына шығып отыр. Өмірін өлеңмен өрнектеген ақынның жыр дерегін бастамас бұрын, өмір дерегіне көз жүгіртейік...
Слаидтан ақын өміріне арналған деректі фильмді тамашалаймыз.
Міне, ақының өмір жолы осылайша қалыптасты. Ол 14-15 жасынан бастап өлеңге шындап, ден қоя бастады.Оның өлеңдері сан алуан тақырыпты қамтиды.
Ендігі кезекті оқушыларға береміз.
«Қарасаз», «Әже», «Әке», «Мен сенің неңді аңсаймын», «Майгүлге» өлеңдері оқылады.
Замандастарының айтуынша, Мұқағали ақын - өте білімді, ақкөңіл, мейірімді жан болған. Оның кереметтей білімділігіне тәнті болған жазушы М.Қабанбай «Миына ұлттың коды жазылған ақын» деп теңеген. Сонымен бірге өтірікке жаны қас, көлгірсуді білмейтін, шындықты бетке айтатын кесек тұлғалы, ірі мінезді болатын. Ақынның «Аманат» жыр жинағы 2000 жылы Мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бүгінде ақынның 13 кітабы бойынша 1834 өлең, 19 поэмасы бар екені анықталып отыр. Мұқаңның 35 мың жолға жуық өлеңі поэзия сүйер қауымның іздеп жүріп оқитын жырына айналды. Ақын өлеңдеріне 100-ден аса әндер жазылды. Оның әндерін қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары орындап жүр.
«Қазақтың қара өлеңі құдіретім, Онда бір сұмдық бар естілмеген...» деп өзі айтпақшы, оның әрбір өлеңінде бір құдірет бар. Қазақтың қара өлеңінің киесі Мұқағалиға қонған. Ол өлеңді таңдаған жоқ. Өлең Мұқағалиды таңдады. Ол өлеңді өмір сүру үшін емес, өлең жазу үшін өмір сүрді. Ол өлең оқығанда, даусы кең, шалқып-тасып жатады, әр сөзі түсінікті. Енді ақиық ақынның өз даусына құлақ түрейік.
Слаидан ақын даусын тыңдаймыз.
Мұқағали ана тақырыбына арнап көп өлеңдер жазды, ән де жазылды. Мектеп оқушыларының сүйіп тыңдайтын «Құттықтаймын, мама, туған күніңмен!» әніне кезек береміз.
(үш оқушы орындайды)
Кезек ақын өлеңдеріне беріледі.
«Өлең», «Үш бақытым», «Дұшпаның бар ма дейсің?», «Жастық», «Бабаларым, рахмет сендерге!» өлеңдері оқылады.
«Адамдар мені ақын ретінде таниды, ал адам ретінде менің нәзік жанымды кім түсінеді?»-дегендей, адамдар арасынан жүрегінің дүрсілін ұғар жан таппай, ақ қайыңмен сырласатыны бар. Қайың- мәңгіліктің, тазалықтың белгісі іспетті. Тағы да ақынның сөзіне жазылған керемет әнге береміз.
«Жас қайың» әні
Орындайтын-Құрмашева Гүлнұр Алтайқызы. (үйірме жетекшісі)
Ақын күнделігіне үңілсек. Онда мынадай жолдар бар: «Егер сіздер шынымен менің өмірбаянымды,шығармашылығымды зерттемек болсаңдар, онда мен не жазам соның бәрін түгел оқып шығуды ұмытпағайсыздар. Мені өз өлеңдерімнен бөліп қарамауларыңызды өтінем.Жанымның мұңы мен қуанышы- бәрі сонда. Егер мені содан таппасаңыздар, онда менің ақын болмағаным...»
Ақын өлеңдеріне кезек береміз.
«Жазылар естеліктер мен туралы», «Енді бір жиырма жыл...», «Таудай болғым келеді», «Осы бір көктемді», «Сап-сары жапырақтар»
Ақын өлеңді көбінесе, күзде, қыста өндіре жазатын. Күзді ерекше жақсы көрді. Сазгер Н.Тілендиев Мұқағали дүниеден өткенде, қатты күйзеліп, жүрегі әлсіреп, екі ай емханада жатты. Емделіп ауруханадан шығады. Сол кезде бешпентінің қалтасынан хат тауып алады. Мұқағалидың жазуы: «Аға, мен ғой. Дертім қозып барады. Не боларын білмеймін. Мынаған назар аударып көріңіз» депті. Бұл «Есіңе мені алғайсың» өлеңі еді. Енді осы өлеңге жазылған әнді тыңдайық.
«Есіңе мені алғайсың» әні.
Орындайтын: Изимбердиева Г (үйірме жетекшісі)
Келесі кезек өлеңдерінде.
«Шеше, сен бақыттысың», «Отан», «Автограф», «Жоқ, дәрігер», «Біздің үйге көктем келді»
«Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді.
Шағын көрініс «Драма» үйірмесінің мүшелері . Жетекшісі-Еркебұлан.
Мұқағали мен Нұрғиса. Ол Мұқағали өлеңіне отыздан аса өлең жазды. Мұқағалиды ерекше құрмет тұтты. «Өзін сыйлаған адамға өзегін жарып беретін ақ көңіл еді» -деуші еді. Ол Нұрағаның «Аққу» күйін жақсы көрді.
Ендігі кезекті «Аққу» күйіне береміз.
Орындайтын: Шегебаева Дәмегүл. (үйірме жетекшісі)
«Ғашықпын», «Әйелдер-ай» өлеңдері оқылады.
(Оқитындар: үйірменің белсенді мүшелері Зауытбаев Аманкелді, Махмуд Өркен)
Ақын балаларды өте жақсы көрді. Көшеден өтіп бара жатып, әр баланың мұрнынан қысып алатын. «Бізде балалық болған жоқ. Балалығымызды соғыс жалмады. Ересек өмірге тез араласып кеттік. Сендер - бақытты өмірдің балаларысыңдар» деп, айтып отырушы еді.
«Бақыт деген» әні.
Орындайтын: Жұмагүл Нұрлыбайқызы (ұйымдастырушы-педагог)
және кішкентай бишілер
Слаид соңы. Ғұмыр бердің шоп-шолақ, шара бар ма...
Ей, табиғат! Барыңды маған арна!
Неше мың жыл неге мен жасамаймын,
Мың жыл жасап жүргенде қара қарға!?
Өзімнің есебімде
Мен биыл дәл қырықтың бесеуінде.
Кім біледі...
Ендігі қалған өмір
Неше жылға жетерін,
Неше күнге?
Ұмыт болып есебің, есегің де,
Ұйықтап кетсем болғаны төсегімде
Қырықтың бесеуінде.
Иә, ақын өзі болжап-сезгендей 1976 жылы 27 наурызда дәл 45 жасында мәңгілікке көз жұмды.
Н.Тілендиев «Саржайлау» әні.(хор)
Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!
Кеш жүргізушісі: Жұмагүл Нұрлыбайқызы
Соңы.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген