жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Мұқағали шығармалары 11-сынып
Бөлекбаева Венера Миканқызы
Есет батыр атындағы олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі
Пәні: Қазақ әдебиеті
Тақырыбы: Мұқағали шығармалары
Мақсаты. Мұқағали Мақатаевтың өмірі мен шығармаларын таныстырып, мазмұнын ашу,өлеңді мәнерлеп жатқа оқуға дағдыландыру. Талантты тұлғаның қайталанбас қасиеттерін оқушылар арасында насихаттау,ақынның жүрекке жеткен әндерін көңілдерге тоқу.
Міндеттері:
Білімділік: Жаңа технологияларды пайдалана отырып, ақын туралы толық, жан – жақты мәлімет беру. Оқушыларға поэзияда өзіндік із қалдырған ақиық ақын М.Мақатаевтың өмірімен,шығармашылық еңбегімен таныстыру, поэзияның халыққа кең таралуының мәні және оның өміршеңдігінің сыры неде екенін таныту, түсіндіру,сезіндіру.
Дамытушылық: Оқушылардың ақын туралы мағлұматтарын кеңейте отырып,
мәнерлеп оқу, жатқа оқу, өлең талдау, жүйелі ой қорыту
шеберліктерін арттыру
Тәрбиелік
мәні: Жеке тұлғаны рухани
жан-жақты болуға тәрбиелеу,үлкенге құрмет кішіге ізет көрсетуге
тәрбиелеу,оқушыларды шығармашылыққа, ізденімпаздыққа баулу.
М.Мақатаев шығармалары (өлеңдері) арқылы
шындықты, сұлулықты қадірлей білуге, өз
ұлтын, елін, жерін, тілін, отбасын сүюге
тәрбиелеу.
Сабақтың типі: аралас сабақ
Сабақтың түрі: Іздену - зерттеу сабағы
Әдіс-тәсілдері: Топпен жұмыс, баяндау, әңгімелеу, іздендіру, топтастыру,талдау, ой толғау
Көрнекілігі: Ақынның портреті,шығармалар жинағы,ақын туралы естеліктер,буклет, сурет,альбом, слайдтар, интерактивті тақта
Пәнаралық байланыс: георграфия, музыка, физика, медицина, табиғаттану
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі
(Оқушылармен амандасып, класты түгендеу).
Сабағымызды бастамас бұрын көңіл күйімізді бағдаршам түстерімен сәйкес қағаздар арқылы анықтап алайық. Қызыл – өте жақсы, жасыл – жақсы, сары – орташа.
ІІ. Үй тапсырмасы
Өткен сабақта М.Мақатаевтың өмірі мен шығармашылығы туралы оқыған болатынбыз. Өткен тақырыпты қорытындылау үшін класты 3 топқа бөліп, ат қояйық. Топ аттары ақын өлеңдеріне байланысты болсын деген едік.
1 топ – Мұқағалидың өмірі туралы (Карта арқылы ақынның аулын көрсету)
2 топ – Мұқағалидың шығармашылығы туралы
3 топ – Мұқағали туралы естеліктер
(интерактивті тақтамен қорытындылау)
ІІІ. Жаңа сабақ
Иә, оқушылар Мұқағалиды білмейтін адам кем де кем шығар. Бүгінгі сабағымыз да ақын, поэзияның Хантәңірі Мұқағали Мақатаевтың шығармалары туралы жалғасын таппақ. Мұқағали – сөз құдіретінің мән-мағынасын терең түсініп,сөз маржанын бейнелі өрнекпен кестелеген ақын.Өзінің естелігінде ақын «Мені сөзге, жырға үйір еткен халық, сүюге тәрбиелеген әжем» дейді.
І. Олай болса дәптерге күннің жадын, тақырыпты жазайық.
Мұқағали Мақатаев шығармалары.
Мұқағали әдебиет жанрының сан қырлы саласында қалам тербеген шебер. Мысалы, өлең, поэма, пьеса, аударма, диалог т.б. Бірақ осылардың ішінде поэзияның мұзарт шыңына шығып, ХанТәңірі атанған.
Ақын поэмалары – өмір өрнегі
«Поэма – өлеңді повесть …»
8 – класта «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын, 9 – класта «Райымбек, Райымбек» поэмасын өткен болатын едік. Сонымен қатар «Ару-ана», «Шолпан», «Бала шақтан болашаққа» т.б. поэмалары бар.
«Ару – ана»поэмасы көлемі бес жүз жолдан сәл асатын шағын шығарма. Негізгі кейіпкері – Құрман жұрттан жырақ тұратын, бостандық аңсаған жігіт. Поэма барысында бәйгеге тігілген жетім қыз Жамалды алып, балалы болған соң ел арасына барып тұруға бел байлайды. Сөйтіп кеңес елі үшін майданда мерт болады.
«Бала шақтан болашаққа» поэмасында өз өмірінің бел – белестерінде, жадында айрықша сақталған сәттер жыр арқауына айналса, «Райымбек, Райымбек» поэмасында жоңғарларға қарсы шайқаста асқан ерлігімен, ақылдылығымен айрықшаланған Райымбек батыр туралы толғанады.
«Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан үзінді еске түсіру
ІІ. Мәнерлеп оқу.
Ақын лирикаларының тақырыптары: Туған жер, Отан, достық, адамгершілік, табиғат, көңіл – күй, махаббат, ата – ана махаббаты туралы және өз өмірі туралы толғаулары.
Ақынның лирикаларындағы назар аударатын символдық бейнесі «сәби» мен «жүрек» сөздері. Ақын қызы Майгүлдің мезгілсіз қазасына қатты қайғырады, өксігі өлеңге айналады, міне сол «Майгүлге» өлеңінде, «Сәби болғым келеді», «Сәби өсіп келеді», «Сәби – октябрь», т.б. сәби симболдық бейнесі болса, екінші айрықша қадірлі бейне – жүрек – Мұқағалидың қолдануында тіршіліктің, өмірдің бейнесі, адалдық пен адамдықтың таразысы, адам имандылығының қайталанбас қасиетті символы. «Жүрегім, жүйкем, бар тұлғам!», «Жапырақ жұрек жас қайың», «Жүрек арызы», «Жүрек неге зат болып жаралмаған», «Жүрек демін алғанда», «Жүрегім менің – жанартау», «Соқ, жүрек!», «Журексің» секілді жырлар – соның айғағы.
«Сәби өсіп келеді», «Соқ, жүрек!» өлеңдерін кітаптан оқу
ІІІ. Сергіту сәті.
Мұқағалидың өлеңдерінің көп бөлігіне композиторлар ән жазғаны баршамызға мәлім. Мысалыға айта кетейік, қандай өлеңдер балалар? («Бақыт деген», «Аңса, жаным», «Сөнбейді әже, шырағың», «Жарығым-ай», «Мен сені ұнатамын», «Дариға, домбырамды берші маған», «Сүйген ерін», «Қайран Қарасазым-ай», «Не деген керемет күн», «Есіңе мені алғайсың» т.б.)
Ендеше «Сергіту сәті» ретінде ақын ағамыздың бір әнін орындайық. («Есіңе мені алғайсың» әні)
Балалар, ән орындау арқылы сергіп қалдық деп ойлаймын, енді ақынның өлеңдеріне талдау жұмыстарын жүргізіп көрейік. Олай болса оқушылар, алдымен осы орындаған әніміздің сөзінде Мұқағали ағамыз өлең құрылысын қалай құрды, қандай жаңалық енгізді соған тоқталайық.
ІV. Талдау жұмысы (дәптермен жұмыс)
-
Өлең құрылысына талдау
8б – Нұр жауып тұрған/ көктемде, - а
8б – Гүл тере барсаң/ бөктерге – а
8б – Қоңыраулатқан/ аспанды, - б
8б – Найзағай шаншып/ өткенде – а
8б – Есіңе мені алғайсың! – в
1 шумақ, 5 тармақ, 2 бунақ, 8 буын, негізгі ұйқас түрі – қара өлең ұйқасы, ақын жаңалығы – 5 – ші тармақ қосылған, қара өлең ұйқасына жанама ұйқас жолы қосылған.
-
Мұқағали поэзиясын әр түрлі ғылым салаларымен байланыстылығын талдау (үлестірмелі қағаздар бойынша)
Мұқағали поэзиясы физика, медицина, табиғаттану ғылымдарында қонақта
-
Физика: «Түнгі Алматы» өлеңі
Судың аты – су ғой ол бұғына ма?
Тау бұлағы көлшікке кеп тығыла ма?
Су сәулеге ұмтылып, сәуле суға, (Жарықтың сәулеге шағылысуы (диссперсия))
Айналады ғажайып шұғылаға!
«Қарасазым» өлеңінде
Қарасаздың шыбығын жел тербеген,
Жел тербеген шыбықты мен тербегем (Тербеліс күші) -
Медицина: «Дәрігеріме» өлеңі
Керегі жоқ, керегі жоқ бәрінің
Иненің де керегі жоқ дәрінің. (ине, дәрі)
Бауыр ісіп, бас айналып, бойда қаным тасыған
Көп нәрсеге кінәлімін, оны несін жасырам (бауыр ісігі, бас айналу)
-
Табиғаттану: «Күрең күз» өлеңі
Қош енді, қош бол күрең күз!
Ақ қысты тездеп жібергіз.
Ақ қыстай аппақ еліміз, (жыл мезгілдері – қыс, күз)
Шымырлап аяз шытынап,
Ширығып біраз жүрерміз.
«Есіңе мені алғайсың» өлеңі
Нұр жауып тұрған көктемде,
Гүл тере барсаң бөктерге... (көктем)
Жапырақ жанып жатқанда,
Күз келген күрең шақтарда... (күз)
Ақ қырау тұрған ақпанда,
Ағаштар сырға таққанда... (қыс)
V. Ой толғау
Ақын бойындағы ерекше талантты халқына тұтас беріп кетуге талпынған ақын өлім сағатының ерте соғатынын да біліп, өз жырының өміршеңдігіне, нарқының қандай екендігіне баға беріп, өлмес өнер туралы айтқан.
Олай болса, осындай өнер
иесіне, яғни «Мұқағалиға арнау» жазып, ой толғап көрейік. Арнау
өлең шумақтарымен де, қара сөзбен де болады.
ІV. Бекіту
Сұрақтар
-
Ақын қай салада шығармалар жазды?
-
Поэмаларын ата
-
Қандай пьесалары бар?
-
Лирикаларының тақырыптары қандай?
V. Қорытындылау
Өте жақсы, оқушылар. Бүгінгі сабақта Мұқағали ағамыздың шығармалары туралы біраз мәлімет алып, өткенді еске түсіріп, бір сергіп қалдыңыздар деп ойлаймын. Ендеше, сабағымызды Мұқағалиды толық танығанымызға көз жеткізіп, «Анкетам» деген өлеңімен қорытындылайық. Екі оқушы шыға қойыңыздар (өлең рөлге бөлініп оқылады).
«Мен өмірді жырлау үшін келгенмін» деген Мұқағали ағамыз ортамыздан кетсе де, артында қалған мұралары ешқашан өшпейді. Сондықтан да сол мұралары арқылы ол мәңгі бізбен бірге, мәңгі тірі деп бүгінгі сабағымызды аяқтаймын.
VІ. Үй тапсырмасы
Мұқағали Мақатаевтың ұнаған өлеңін жаттап келу, жалпы мәліметтерді пайдалана отырып тест құрастыру
VІІ. Бағалау
Оқушылар алдарыңыздағы түрлі – түсті қағаздар бойынша өз – өздеріңізді бағалайсыздар. Сабақ барысында көбірек қатысып, тапсырмаларды орындап, өзімді көрсеттім деп «өте жақсы» деген баға қойсаңыз – қызыл бағдаршамның түсіне жапсырасыз, кей тапсырмаларға қиындық туғызып, кейіннен түсіндім, бірақ өлеңдерін жатқа айтып, барымша қатыстым деп «жақсы» деген баға қойсаңыз – жасыл түске, ал әлі де түсінбегенім бар, сұрақтар туындап тұр, алдағы уақытта білуге тырысам «орташа» деп бағалаймын өзімді десеңіз – сары түске жапсырасыздар.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген