Эссе
Тақырыбы: Неліктен мен бұл
мамандықты таңдадым ?
Шын ұстаз – ұстаз болуды
балалық шағымнан армандадым.
Ұстаздық мамандық –
мамандықтың ең асылы, ең қасиеттісі. Менің
ұстаз мамандығын таңдауыма алғашқы қалам ұстатқан
мұғалімім қатты әсер етті. Ол кісі маған бәрінен
ақылды, бәрінен сұлу, бәрінен жақсы көрінетін. Кейін
мен де сол кісінің жолын қуып ұстаз мамандығын таңдадым.
Бүгінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімімін.
Балалардың күлімдеген көздерін, кіршіксіз пәк жүздерін
көргенде бойыма қан жүгіріп, жүрегіме нұр құйылғандай болады. Мен
өз мамандығымды сүйемін. Әрбір ашық сабақ өткізген сайын күні
бүгінге дейін өзімді жаңа ғана ұстаз болып келіп, жаңа сабақ
өткізіп тұрғандай сезінемін. Мен үшін әрбір сабақ – үлкен
жауапкершілік, үлкен абырой. Әрбір адам алған асуларын
ұстаз еңбегінің жемісі , нәтижесі деп түсінулері керек деп
ойлаймын.
Қиындығымен қызығы бірге
жүретін осынау мамандықтың шынайы иесі болу үшін көп қиындықтардан
өттім. Қиын дейтінім: әр сабағыңа жете дайындалып,
балаларға білім беріп қана қоймай, тәлім – тәрбие беру, өмірге
икемдеу, адалдыққа баулу, адамгершілік қасиеттерді бойына дарыту
оңай шаруа емес. Ал олармен сырласу, мерекелік шаралар
ұйымдастыру, табиғат аясына саяхатқа шығу, көңілді кезеңдерін бірге
бөлісу, бұл бір сәтке өзіңді бала сезінетін ерекше бір қызық
шақтар. Балаларға ұрысып, жекіп, кейімей ақ, олармен сырласа
отырып жан дүниесін ұғынуға болады.
«Ұстаз болу өз уақытыңды
аямай, өзгенің бақытын аялау» деп Мұхтар Әуезов
айтқандай, уақытпен санаспай балалардың болашағы үшін аянбай жұмыс
жасасаң, еңбегің еш кетпейді деп түсінемін. Қанша жыл
тер төгіп еңбек етсең де, «болдым, толдым, мен бәрін де білемін»
деп айтуға болмайды. Ұстаз үнемі ізденіс үстінде болуы керек.
Өмір бір орнында тұрмайды, үнемі алға жылжып отырады,
осыған орай жаңа заманның жаңа адамын тәрбиелеу, оқыту үшін үнемі
ізденіп, білімін, біліктілігін арттырып отыру керек. Мынау
қайнаған заманда жаңа технологияларды қолданып,
жаңаша еңбек ету – менің ұстанымым. Еңбегімнің
бағасын ата-ана, жұртшылық береді. Өскелең
ұрпаққа білім бере отырып, ел ертеңін қолға алар ізбасарларды
тәрбиелеудемін. Жақсы ұстазға екі ғана нәрсе керек, оның
бірі- терең білім болса, екіншісі – үлкен жүрек.