жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
О,адамдар біргемін мен сендермен! Әдеби іс-шара бағдарламасы
ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВ: «О, АДАМДАР, БІРГЕМІН МЕН СЕНДЕРМЕН!»
(Ақиық ақын Т.Айбергеновтың шығармашылығына арналған
әдеби іс-шара жобасы).
ТӨЛЕГЕН АЙБЕРГЕНОВ: «О, АДАМДАР, БІРГЕМІН МЕН СЕНДЕРМЕН!»
(Ақиық ақын Т.Айбергеновтың шығармашылығына арналған әдеби іс-шара жобасы).
Мақсаты: Қазақ поэзиясында өзіндік орны бар ірі тұлғалардың бірі Төлеген Айбергеновтың өмір жолы мен асыл мұраларын оқырман қауымға таныстыру. Осы арқылы жас ұрпақты өз Отанын сүюге тәрбиелеу, туған елге деген сүйіспеншілігін арттыру,патриоттық тәрбие негіздерін қалыптастыру.
Көрнекілігі: Залда Төлеген Айбергеновтың портреті қойылады, слайдтар, кітап көрмесі, ақын туралы қанатты сөздер, музыкалық орталық, түрлі-түсті шарлармен, гүлдермен безендіріледі. Ең алдымен кешті ұйымдастырушы мұғалім ортаға шығып Т.Айбергеновтің «Бір тойым бар өлеңін жатқа оқып, әдеби кештің мақсатын түсіндіреді де, кезекті жүргізушіге ұсынады.
Жүргізуші: «Бәйшешектің ғұмырындай тағдыр кешкен» ақиық ақын Т.Айбергеновтің туғанына 2017 жылы 80 жыл толды. Осыған байланысты ақын мерейтойын тойлау 2016 жылы сонау Ақтау қаласында басталып, Шымкент қаласында жалғасын тапты. Ақынның дәл дүние есігін ашқан күніне орай 2017 10-наурызда Алматы қаласында да ақын мерейтойы белгіленді. Бұл дәстүр ақын өмірге келген Қарақалпақ елінде де жоғары дәрежеде жалғасты. Ақын мерейтойы тіпті Ресейдің Мәскеу қаласында да белгіленіп, Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласында аяқталды.
«Он том өлең жазғандарды кетті ұмытып кең дала.
Бірақ шағын он өлеңмен он миллион қазақты,
Толғандырған Махамбет пен Сен ғана»-деп ақын ағамыз М.Шаханов айтқандай қамшы сабындай қысқа ғұмырында талайларды тандандырып өткені айнымас шындық. Небары отыз-ақ жыл өмір сүрсе де, поэзия көгіне өз жырларын,қолтаңбасын мәңгі өшпестей қалдырып кеткен. Қазақ поэзиясына өзіндік жаңа ырғақ, тегеурінді екпін әкелген ақын Төлеген Айбергенов атамыздың шығармашылығына арналған «О,адамдар біргемін мен сендермен!» атты әдеби кешімізді бастауға рұқсат етіңіздер!
Төлеген! Қайталанбас дара тұлға,
Жетсем деп, талай қыран қанат ұрған.
Кеудеңнен «Бір тойым бар» кернеп шығып,
От шашып жүректерге таратылған.
Таратылған, нұр болып жаратылған.
Шыққан дерсің қақ жарып қара қылдан.
Жыр-оғың асауларды жалп еткізер,
Автоматтың оғындай боратылған.
Ақынның туған жері сонау Қарақалпақ елінің Қоңырат ауданы. Бұл аудан Өзбекстанның батыс жағында, қазақ елінің Маңқыстау,Ақтөбе облыстарымен шектесіп жатқан, өте үлкен аудандардың бірі. Бұл туралы ақыннның өзі былай деген:
Жайғасып жеріңе отыз Люксембург,
Екі жарым Бельгия сыйып кеткен.
Міне,осындай өлкеде дүниеге келген Төлегенді жас кезінен анасы Жібек әже өлең-жырларға баулып өсірген. Болашақ ақынның алғашқы туындылары мектеп қабырға газеталарында, аудандық газеталарда жарық көріп, оқырман қауымнан жақсы бағаларын алған. Жарайды, ары қарай кезекті тағы да ұстазымызға берсек.
Төлеген Айбергеновтың өмірі мен шығармашылығы жайлы айтып беру үшін сөз мектебіміздің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі ............ ағайға беріледі.
Жүргізуші: Ала таудың көк тасын домалаттың
Менмін деген ақынды тобалаттың.
Өлең деген тұлпардың тас табанын,
Ұлы жолдан тайма деп тағалаттың.
Жүрегіне жан беріп жамағаттың,
Табындырдың көкесін қанағаттың.
Өлең жырын қазақтың көкке өрлеткен,
Иегері Төлеген дара бақтың.
Төлеген ақынның поэзиясындағы шоқтығы биік тұратын шығармаларының бірі «Қазақстан» дастаны. Ақынның бұл туындысы көптеген жинақтарында «Менің республикам» деген атпен басылып жүр. Шығармада ақын бүкіл Қазақ елін біздің көз алдымызға жайып салады. Олай болса,кезекті осы жырға берейік
«Менің республикам». 9 сынып оқушылары.
Жүргізуші: Жақындығын жаныңның аса маған,
Қайдан білсін жағаңда жасамаған.
Бұрымдарын тарқатқан ақ қайыңнан,
Жайық, Жайық айнасы босамаған!
Дөңбекшиді өрт болып жүзің маған,
Жүрегімде жүр әлі сызылған ән.
Көкірегімнің қақ төрін жарып аққан,
Жайық, Жайық қаймағы бұзылмаған.
1965 жылы желтоқсан айында белгілі сазгер Шәмші Қалдаяқов пен Төлеген Айбергенов екеуі шығармашылық сапарға шығып, Атырау, Маңқыстау облыстарын аралап, оқырмандармен кездеседі. Төлеген «Құмдағы мұнаралар» жинағына енген жырларының басым көпшілігін осы сапарында шығарған. Әйгілі «Ақ ерке, Ақ Жайық» әні де осы кезде дүниеге келген. Бұл әннің шығу тарихы жөнінде белгілі жазушы-драматург Берік Қорқытов өз естелігінде былай жазған: «Көңілді өткен жыр-ән кешінен соң, атыраулық жас қаламгерлер Алматыдан ат арытып келген қос талантты Жайық бойымен серуендетеді. Толқындары ай сәулесімен ойнаған түнгі Жайықтың керілген көркем келбеті ақынның да, композитордың да шабытын оятқандай. Кенет, жанындағы дабырлай сөйлегендерге Шәмші қолын көтеріп «тоқта» дегендей белгі береді. Ешкім ештеңе түсінбей үнсіз қалады. Жүзінде қан ойнап, ойлы көздері ұшқын атқан Шәмші құлағын Жайыққа тосып, «Естідіңдер ме, Жайық ән салып жатыр» дейді. Композитордың бұл қылығына түсінбегендер күлерін не күлмесін білмей тұрып қалады: Жайық та ән сала ма екен?! Содан шабыттың шаңқан бозына мінген Шәмші әннің музыкасын, Төлеген әннің сөзін бір түн ішінде, сол кездегі « Атырау» газетінің қызметкері, белгілі ақын Меңдекеш Сатыбалдиевтың үйінде жазып, атақты « Ақ ерке, Ақ Жайық» Жайық жағасында өмірге келеді».Енді осы Жайық жағасында дүниеге келген «Ақ ерке, Ақ Жайық» әнін сіздердің назарларыңызға ұсынамыз. Биінде 8 сынып оқушылары.
Шәмші Қалдаяқовтың әні «Ақ ерке, Ақ Жайық», сөзін жазған Т.Айбергенов.
І Жүргізуші: Әрине кез келген ақынға өлең арнала бермейді. Арналса да ол әдеби құбылысқа айнала бермеуі мүмкін. Қазақ әдебиетінде Абай, Мағжан, Қасым, Мұқағали сияқты ақындарға арналған өлеңдер ұшан-теңіз. Өйткені, олар- әдеби қауымның, жалпы халықтың құрметіне бөленген ақындар. Осылардың қатарына Т.Айбергеновтың қосылуы- заңды құбылыс. Оны дәлелдеп жатудың өзі қажетсіз. Келесі кезекті Төлегенге арналған арнауларға берейік.
Жүргізуші: Бірімізді біріміз қуат көріп,
Бірімізден біріміз шуақ көріп,
Бірімізге біріміз пана болып,
Мен іні боп,сен қимас аға болып,
Дарқан көңілің шалқитын дала болып,
Кәусарынан достықтың қанып ішіп,
Бір тілектің бойынан табылысып,
Сәл көрмесек сабылып,сағынысып,
Жолығуға асықтық алып-ұшып.
Т.Айбергенов әрқашан талантты жастарды қолдап, көмектесіп, бауырмалдық жасап жүреді екен. Бұл жыр, осындай қамқорлық жасап қолдау көрсеткен інісі М.Шахановтың жыры. Ал,Төлеген ағамыз інісіне «Сағыныш» жырын арнаған. Осы жыр туралы айтып беру үшін сөз мектебіміздің қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі ............ апайға беріледі.
Жүргізуші: Қазағымның екеуінің бірі ақын,
Бұл Төлеген ел ішінде тірі ақын.
Мұқағали, Мұқтарменен бір жүрген,
Айбергенов бәрінен де ірі ақын.
Ақын еді Айбергенов Төлеген,
Қазақ елін жыр бесікке бөлеген.
Бесқалада туса дағы қазақ боп,
Жазып кеткен отты өлеңдер не деген!
Біз жоғарыда қазақ тілі ағайдың сөзінен Төлеген ақынның сонау, ел арасында Бесқала атанып кеткен Қарақалпақ жерінде дүниеге келгендігін біліп алған едік. Сондықтан да ақын бірсыпыра жырын Қарақалпақ жеріне арнаған. Ендеше, кезекті Қарақалпақ жырларына берейік. 8 сынып оқушылары.
Жүргізуші: Төлеген Айбергенов бір атадан жалғыз ұл болып, ақынның Үміт, Балымша, Балқия деген үш апасы болған. Келесі кезекте ақынның Апаларым атты жырын өз дауысымен тыңдаңыздар.
Жүргізуші: Қымбатты достар,қадірлі қонақтар, ұстаздар мен оқушылар!
Кешіміздің басында біз Төлеген поэзиясында ерекше орын алатын «Бір тойым бар» жырын Қазақ тілі ағайымыздың орындауында тыңдаған едік. Енді кешіміз соңында осы жырдың орысша аудармасын сіздердің назарыңызға ұсынамыз. Өлеңді орыс тілінде оқитын 7 сынып оқушылары.
Жүргізуші:Құрметті ұстаздар мен оқушылар! Әдеби кешіміздің аяқталар кезі де келіп қалды. Әрине біз Ақиық ақын Төлеген Айбергенов Шығармашылығын толық қамтыдық деп айта алмаймыз. Тек теңізден тамшы ғана алдық десек, дұрысқа келер. Алдағы уақытта дәстүрімізді ары қарай жалғастыра түсеміз деген үмітте сіздермен қоштасамыз.
Демеңдер бізді өнерін аяп қалды,
Уақыт та біраз жерге таяп қалды.
Келесі кездескенше сау тұрыңдар,
Осымен мерекеміз аяқталды.
(Әдеби іс-шара бағдарламасында Т.Айбергеновтың және қазақ ақындарының Төлегенге арнаған өлең-жырлары пайдаланылды).

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген