жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
"Оқиғалы өлеңдер" ғылыми мақала
«ОҚИҒАЛЫ» ӨЛЕҢДЕРДІҢ ЖАНРЛЫҚ СИПАТЫ
Поэзия сырына үңілу әр уақытта қызықты, әр уақытта өзекті. Әсіресе қазіргі заман поэзиясы қыры мен сыры алуан түрде туып жатқан поэтикалық шығармаларды түбегейлі зерттеу, оның әр заманға лайық қалпын, бағыт-бағдарын тексеру – әдебиеттану ғылымының міндеті. Өлең теориясы көне заманнан келе жатқан ғылым болғанымен, ол – әрбір дәуірдің жаңа туындысы. Сондықтан жаңалық енгізбей тұрмайды. Оның үстіне әр кезеңдегі поэзияның өзіндік бояуы, бейнелеу үлгілері, мазмұндық ерекшеліктері болуы әбден шарт.
Даму, жаңару үстіндегі әдеби ұғымдардың бірі – жанр ұғымы. Әрбір тарихи дәуір әр түрлі жанрдың түп негізін сақтай тұра, оның табиғатына өз ерекшеліктерін енгізеді. Мұндай ерекшеліктер, бір жағынан, әр әдебиеттің ұлттық сыр-сипатымен тығыз байланысты болса, екінші жағынан, әр ақынның әлеуметтік орта мен әдеби процестегі атқарар рөліне, алар орнына байланысты.
Қазіргі таңда қазақ әдебиеттануы да, оның ішінде қазақ поэзиясының да басқа барлық салалар секілді жеткен жетістіктердің жетегінде қалып қоймай, дамыған үстіне дами түсуі керек. Баллада жанры секілді қазақ поэзиясындағы өлеңдердің көпшілігі «оқиғалы» болуымен ерекшеленеді. «Оқиғалы» өлеңдер деп бөлек қарастыратын өлеңдердің оқиғасының берілу формасы өзгеше. Сонымен қатар өлең кейіпкерлерінің екеуара, кейде бірнешеу болып әңгімелесуі арқылы шағын эпизодтарды көрсетуінің өзі бір топ өлеңдерді «оқиғалы» өлең деп атауымызға негіз болады. «Оқиғалы» өлеңдерге тән жанрлық сипат жөнінде айтар болсақ, біріншіден бұндай өлеңдердегі «оқиға» – оқиғаның өзі емес, ізі, сілемі, ойға от тастау үшін алынғандай оқиғаның элементі. Мысалға, қазіргі қазақ поэзиясынан М.Шахановтың «Ғайша», «Құз басындағы аңшылық зары» сияқты өлеңдерін алуға болады және бұндай шығармалар әдебиетімізде аз емес. Бұларда оқиғаның ізі, сілемі болатындықтан, оған араласатын объективті, ақыннан тыс, өмірде бар не болған кейіпкерлер болады. Бұндай кейіпкерлердің бітім-болмысында субъективтілік сипатпен бірге, объективтілік сипаттың да болатыны түсінікті. «Оқиғалы» өлеңдердің айталық, шағын көлемді поэмалардан ерекшелігі, бұндай өлеңдердің жанрлық сипатын өлең ішіндегі оқиға не оның нәтижесі емес, оқиға элементтерінен туындайтын сезім, лирикалық түйсік белгілейді. Қазіргі поэзиямызда саны жағынан өте көп, сапасы, идеялық мазмұны, көркемдігі жағынан да қамшы салдырмайтындай үлгілері бар бұндай өлеңдер арқылы лирикалық поэзияда сюжет болмайды деген ұғым, түсінік уақыттың ілгерілеуімен бірге, өзіне жаңа, қосымша, үстеме ойлар қажетсінеді.
Әрине, «оқиғалы» өлеңдердегі «оқиға» ықшам түрде беріліп, шұғыл, экспрессивті баяндалады. Мәселен, жоғарыда атап өткен М.Шахановтың «Ғайша» өлеңінде:
Ғайша жеңгей сүйген жарын
аттандырды майданға...
Сенген жүрек серттен оңай тайған ба?
Соғыс бiттi.
Ал күйеуi келмедi.
Үш жыл күттi.
Бес жыл күттi...
Өлдi деген суық сөзге сенбедi.
Тұманға орап тiлектi,
Тағы төрт-бес жыл өттi, -
деп, ақын соғыс жылдарындағы Ғайша секілді ерлерін сарыла күткен қазақ әйелдерінің сағынышын бір шумақ өлеңге сыйдырады.
Лирикалық шығарманың шағын эпизодтардан тұратын қысқа оқиғаға құрылатынын осы өлеңнен байқауымызға болады. Өлең соғыс деген сұрапылдың басталып, ғашық жандардың екіге ажырауын айтудан басталған. Өлеңде майданға аттанған Ғайшаның күйеуінің кім болғаны, қандай ерліктер жасағаны, соғыстан неге оралмағаны жайлы толық айтылмайды. Ақын М.Шаханов майдандағы өмірді бүге-шігесіне дейін айтуды мақсат етпеген. Өлеңнің кейінгі шумақтарында нақтылықтан жалпылыққа қарай дамытылған ой өрісі «тағдырына нала болған» Ғайшаның сезімін, ішкі жан-дүниесіндегі «маздаған отты» айтуға көшкен. Ақын бұл өлеңде баяндаушының рөлін атқарған, құдды өз ішінен тудырып ештеңе айтпағандай күй кешеді.
Өлеңге ақындық көңіл-күй араласпай тұрмайды. Дегенмен бұл өлеңде ақынның ішкі тебіренісінен гөрі, «сорлы» Ғайшаның жан қиналысы, ішкі сезімінің арпалысы берілген.
Бағаласаң - махаббатты
бағала,
Бағаласаң - махаббатты бағала...
Сәлден кейiн сорлының
Орамалы ғана жатты жағада.
Міне, ақын қаншама жылға созылған соғыс зардабын шағын эпизодтар арқылы қысқа ғана бір өлеңнің өн бойына сыйдыра білген. Лирикалық поэзиядағы «оқиға» осылайша экспрессивті баяндалуымен ерекшеленеді. «Оқиғалы» өлеңдердің шағын эпизодтардан тұратын қысқа сюжетке құрылатынын осы өлеңнен көруге болады.
«Оқиғалы» өлеңдердің кеңес дәуір әдебиетіне келу тарихы ХХ ғасырдың 30-40 жылдарына дөп келеді. Бұның өзі жаңа әдебиеттің көркемдік ізденісінің нәтижесінде жеткен жетістігі болып есептелінеді. Қоғамдық, саяси-әлеуметтік, экономикалық тұрмыстағы түбірлі өзгерістер адам санасына әсер етпей қоймайды. Сондықтан ол әсерлер адамның рухани өміріне де жаңалықтар енгізді. Әдебиет осы жаңарулар мен жаңғыруларды, жаңаша тұрмыс пен жаңа адамды жырлауы керек болды. Және уақытқа ілесе отырып тез жырлауы тиіс еді. Басқа кеңестік ұлттар әдебиетіндегідей қазақ әдебиетіне де «оқиғалы» өлеңдердің келуі 30-40 жылдарға сәйкес келеді. Ақын әрі әдебиет зерттеушісі Ә.Тәжібаев: «Адам өміріндегі күрделі процестерді, ұлы жеңістерді жырлау үшін лириканың да өсуге, жаңа сапаға көтерілуге, жаңа дәуірге сай күрделі жол табуға міндетті еді. Сол тың жолды, жаңа сапаны біздің қазақ лирикасы да тапты. Сәкен мен Бейімбет шебер кіргізген оқиғалы-әңгімелі лириканы 1930 жылдары С.Мұқанов жолдас тіпті шарықтата көтеріп жіберді. Объективті геройдың сезімі мен мінезін көрсету үшін лирикаға сюжеттілік қосылды» [1], - деп уақыт, дәуір шындығын жазып отырғаны белгілі.
«Оқиғалы» өлеңдердің өзіндік сипатына әдебиет оқулықтарының бірінде былайша анықтама берілген: «Повествовательное стихотворение – это как правило, предельно лаконичные рассказы о каких-то фактах, событиях, которые не изображаются тщательно и детализированно, а лишь кратко обозначают» [2]. Осы ережеге сәйкес қазақ лирикалық поэзиясындағы «оқиғалы» өлең түрлеріне: сұхбат- өлең, әңгіме-өлең, очерк-өлең, кәдімгі «оқиғалы» өлең жатады. Енді осылардың әр түріне тоқтала кетсек.
Сұхбат-өлең – екі адамның арасындағы диалогке құрылған лирикалық өлең. Мұндай өлеңдердің лирикалық мазмұнында эпостық, драмалық поэзия сипаттары өлеңнің бітім-болмысына тығыз әрі еркін араласуы байқалады. Сұхбат-өлеңдердің кейіпкерлері әдетте екеуара әңгімелеседі, сұхбаттасады, яғни диалог арқылы олардың ойы, сезімі беріледі де, кейіпкерлердің ішкі жан дүниесі ашылып отырады. Әңгіменің, сұхбаттың ортақ тақырыбы көпшілік жағдайда адам, адам тағдыры туралы болып келеді. Сұхбат-өлеңге М.Жұмабаевтың «Немере мен әжесін» мысалға келтірсек, мектеп жасына жеткен немересі әжесінен: “Көк деген не, жұлдыз не, жер не, теңіз, шөл, тау дегендер не?” – деп көптеген сұрақтар қояды. Әжесі бұл сұрақтарға анық жауап бере алмай, мектепке, молдаға оқуға бар, сонда бәрін білесің деп ақыл береді. Бар әңгіме Мағжанға тән жеңіл де көркем әзіл түрінде өрбиді.Сұхбат барысында әжесі мен немересінің өзіндік ерекшеліктері өмірге көзқарас тұрғысынан баян етіліп, мінездері дараланып отырады.
Тағы алыста теңіз де бар,
Тіпті түбі жоқ!- деп айтад,-
Шөл деген бір жер бар,- дейді,-
Ылғи қызыл шоқ!»- деп айтад.
Айтшы, әже, әже, әже
Рас па сол? Айтсаң қайтед? – деп ақын немересінің бәрін білуге,
табиғатты тануға деген құштарлығын айта келе:
-Мен білем бе, мен бір надан,
Ертең сұра, бар, молдадан! -
деп әжесінің надандығы арқылы сол замандағы күллі қазақ халқының басындағы сауатсыздықты жеткізгісі келген.
Ілиястың «Қазақы қорытынды, «Ала бие», Бейімбеттің «Ыбыраймыз, Ыбыраймын» атты өлеңдеріне тән бір қасиет – олар екі адамның бетпе-бет келіп сөйлескен сөзі, яғни диалог түрінде құрылған. Екі кісінің әрқайсысының сөздері кезектесіп, үнемі алмасып келуінің өзі де сұхбат-өлең ырғағының ширыға түсіп, нақ-нақ айтылуына себін тигізетінін көреміз. Бұл сұхбат-өлеңдерде тармақтары, буын саны бірдей, құрылысы үнемі біркелкі болмағанмен, ырғағы жеңіл, оқиғасы ықшамды келеді. Халықтың мақал-мәтел, нақыл сөз, тақпақ өлеңдерінде қалыптасқан ырғақтық өрнектер көп қолданылады. Сырт қарағанда бір-біріне жанасымы жоқ секілді көрінген ұзынды-қысқалы тармақтардың да жақсы қиюласып, ырғағы бірыңғай, жеңіл шығатынын байқауға болады. Ырғағы еркін өзгеріп отыратын сұхбат-өлеңдердің көлемі ықшам болып, оқиғасы шұғыл баяндалады. Осы секілді сұхбат-өлеңдер әдебиетіміздің кейінгі кезеңдерінде де өз жалғасын табуда. Мәселен көптеген өлеңдері әр түрлі оқиғаға өрілген ақын М.Шахановтың «Достық өлкесінің заңы» өлеңін алып қарасақ.
- Бала мұнша бола ма екен
мазасыз,
Қане, қайсың көзәйнекті сындырған? –
-деді әжеміз, - қалдырмаймын жазасыз,
- Сындырған кім?
Алдыма кеп тұр жылдам.
Енді қайттік, кім ұсынбақ көмегін?
Бұл қырсықтан құтқармақ боп досымды:
- Мен сындырдым, кешіріңіз... мен едім..
Дедім үнсіз төмен салып басымды.
Өлеңге диалогтың еркін енуі, драмалық элементтердің септесуі арқылы автор өмірдегі адамдық, достық қасиеттерді ту етіп, оқырмандарын ізгілікке шақырған.
«Оқиғалы өлеңдердің» бір парасы – әңгіме-өлең. Лирикалық поэзиямызда сирек кездессе де, бірнеше кейіпкердің әңгімесіне құрылған мұндай өлеңдер ұлттық дәстүр тұрғысынан келгенде өз негізін халық ауыз әдебиетінен алады. Әңгіме-өлең де, «оқиғалы» өлеңдер сияқты, ХХ ғасырдың 30-40 жылдарында көптеп жазылды. Солардың бірі - әңгіме жанрының хас шебері саналатын Б.Майлиннің поэзиясындағы «Құдықтың басында деген өлеңінде бірнеше кейіпкер бар. Айтолқын, Мәкен, Ұлбосындардың «іреп-сойып» отырғандары – коммунист Дәмеш. Қалада бір-екі жыл оқып, еліне оралған Дәмештің киім киісі, жүріс-тұрысы – өмірге ескілік көзқарас тұрғысынан қарайтын ауыл әйелдеріне ерсі. Дәмешке «азған», ата-анасына күйіке біткен бала ретінде қарайды. «Құдықтың басында» әңгіме-өлеңі арқылы дәуір шындығы танылады, ауыл өмірі суреттеледі. Өлеңде әңгіме кейіпкерлері сыртқы пішін, келбеттеріне қоса, әдеби бейне жағынан да әр түрлі қырынан көрініс береді.
Жай ғана диалогқа құрылған соң үзіндінің өзінен-ақ оқымаған ауыл әйелдеріне, дұрысырағын айтсақ, әйел халқының көпшілігіне тән мінез-құлықтарды өте шебер түрде күлкі етеді. Ондай кісі күлерлік мінезден Дәмештің өзі де құр емес. Ақынның қырағы көзінен ол да қаға берісте қалып қоймайды.
Дәмеш: Уа, дариға, қашан теңелер!
Мәдениет орнап қашан кенелер!»
Бетіне ұнын бір жағып алып,
Бір болар, - деді, - көне бер!».
Қандай тамаша поэтикалық контраст?! Бұл шағын эпизодтар арқылы автор оқырмандарын күлкіге кенелтеді. «Өнеге» атты өлеңін алсақ, еңбек сүймейтін, жұмыс жасауға кежегесі кейін тартып, мода қуалауды ғана білетіндерді шенейді.
Бейімбет қандай өмір құбылысын көрсетпек болса да, қарапайым тілмен, мейлінше қысқа, тұжырымды етіп баяндауға тырысады. «Аз сөзге көп мағына сиғызу» - Бейімбеттің негізгі әдісі.
Ақындарда жиі кездесетін жайылыңқы суреттер Б.Майлинде жоқ, не жоқтың қасы. Жай өлеңдерінде қаһармандарының іс-әрекеттерімен байланысты кіріспе, экспозиция, не табиғатта жайылыңқы суреттеулер болмайды. Баяндаулармен байланысты келетін портрет, экспозиция, тағы басқа көркемдегіш компонеттер жол арасында, бірер шумақ болып келеді. Оқиғаны баяндаулары да мейлінше қысқа, негізгі мақсаты оқырмандарына ықшам түрде жеткізуге негізделінген, әңгіменің тек сіріндісін ғана білдіруге лайықталынады. Бұл пікіріміздің дұрыстығына Б.Майлин қаламынан шыққан «оқиғалы» өлеңдердің бәрі дерлік дәлел.
Бейімбеттің 1922 жылы жылы жазылған, сол өз заманындағы жағымсыз іс-әрекеттер барынша шынайы суреттелінген «Кедейдің кейістігі» өлеңі – сюжетті, қысқаша өлең. Әйтсе де, ол бір поэма, кішігірім повестің мазмұнын қамтып, жұмысын атқаратынға ұқсайды. Жай ғана қарапайым сөздерден құралатын монолог арқылы өмір құбылыстары мен адамдар аарсындағы қарым-қатынастарды әрі шындыққа дәл, әрі қысқа, әрі аянышты, әрі күлдіргі етіп бере білушілік Бейімбет қаламына ғана тән.
Өлең қысқалығына қарамастан, сол кездегі қазақ даласындағы ескі феодалдықтың қалдығы, сұм-сұрқиялардың «қатын сату, қыз айыру», пара алу, үкімет тарапынан халыққа берілген жәрдемді өздері пайдалану тәрізді азғындық мінез-құлықтарды әшкерелеп, оларды жоюға ат салысуда бұл өлеңнің мәні зор. Өлең монолог түрінде, өлеңде кедей өміріне тән тұрмыс-салт та өз шындығында суреттеледі.
Әңгіме-өлең жанрын барынша дамытқан ақын ауыл жастарының жаңаша тұрмысын да өлеңге қоса білді. Әйгілі қорғасын заводындағы жаңа салт, жаңа қарым-қатынас, еңбекке деген жаңа көзқарас Бейімбет ақынға қатты әсер етеді. Заводқа қазақтың ауылдағы қара домалақ ұл-қыздарының келіп жатуы оны ерекше толқытқан. Әсіресе, ол бұрын жүн шүйкелеп, шекпен тоқыған саусақтардың қорғасын қорытуға бейімделіп кеткеніне қуанған. Осыны жырлауға тың тыныс, соны серпінмен қалам тербеген. Мысалы, «Социалды Қазақстан» газетіне жариялаған «Бибігүл деген қарындас» атты өлеңінде ақын бұрынғы ұршық иіріп отырған қазақ қызының заводта от көсеп, қорғасын балқытып жүргенін құлшына жырлайды.
Бибіше жұмыс бастады,
Абыржып-асып саспады.
Қою шашын көміп тұр,
Былғары кепка бастағы.
Бір тал шаш бетке түсіп ед,
Ысырып кейін тастады, -
деп қазақ қызын еңбек процесіне, іс үстінде көрсетіп, келісті сурет-көрініс жасайды. Мұнан соң Бейімбет завод орнап, еңбек дабылына бөленген кеңестік Қазақстан даласын ерекше шабытпен жырлайды.
Сондай-ақ қазақ поэзиясына жаңаша түр енгізген ақындардың бірі – Бейімбеттің замандасы, қазақ әдебиетінде отты жырларымен ойып тұрып орын алған Сәкен Сейфуллин. С.Сейфуллиннің поэзиясында да «оқиғалы» өлеңдер жетерлік. Мәселен, ақынның «Айт күні» күні өлеңін әңгіме-өлеңнің қатарына жатқызуымызға әбден болады. Өлеңде айт мерекесінің қалай тойланатыны, бұл күнді ауылдың кәрі-жасы, жақсы-жаманы, бай-кедейі, бәрі дерлік түгел күтетіні айтылып, «тоқшылық» мереке деп бағаланады.
Талғамай жақсы-жаман, кәрі-жасын,
Бай-кедей, бөтен-жақын, ауылдасын,
Әр мүһмин күтетін күн келгендерді
Құрметпен алдарына жайып асын.
ХХ ғасырдың орта шенінде Сәкен, Бейімбеттерден кейінгі әдебиет өкілі Сәбит Мұқанов поэзиясында да әңгіме-өлеңдер жиі ұшырасады. Қоғамдағы әлеуметтік тақырыптарды терең жырлаған С.Мұқанов сол замандағы қазақ өмірін, ауыл тіршілігін, еңбеккерлер мен шаруалардың маңдай тер еңбегін өлеңдеріне арқау ете білді. «Мәлипаға» өлеңінде қазақ қыздарының өмірі әңгіме болады.
Болғанмен ұл да адам, қыз да адам,
Қай қазақ, деп санайды қызды балам.
Ұл туса, «ат ұстар» деп, қыз – «қырық жеті»,
Әкесі қуанады, деп – мал алам.
Бұл өлең жолдарынан қазақ қыздарының туыла салысымен қалың малға сатылғанын байқасақ, ақын келесі шумақтарда Мәлипадай қара көз қыздардың бой жетпей жатып басқа отаудың түтінін түтететінін айтады. С.Мұқанов Мәлипаның өмір жолындағы шағын эпизодтар арқылы күншіл ене мен кеміс күйеудің соқпағындағы қазақ қыздарының тұтастай бейнесін, толық картинасын жасайды. Өлеңде эпостық жанрдағы секілді баяндау болса да, адам тағдыры жырланып тұр. Әңгіме-өлеңдегі қалың малға алданған әке мен шеше, бесікте жатқаннан құда түскен қатыгез ата мен ене, тепкіден көз аштырмайтын шодыр мінез күйеу – ақыннан тыс, өмірде бар обьективті кейіпкерлер болғанымен, өлеңде Мәлипаның өмір жолымен байланысты бұлардың да әр түрлі мінез ерекшеліктері дараланып, ашылып отырады. С.Мұқановтың реалистігі прозалық шығармаларындағы секілді өлеңдерінде де эпизодтар арқылы айқын көрінеді.
Шағын әңгімеге құрылған мұндай өлеңдер ақын Қайнекей Жармағанбетов шығармашылығынан да көп орын алады. Ақын өз заманында әңгіме-өлең түрлерінің дамуына ерекше үлес қосқан. Оның «Адам туралы аңыз», «Мұғалима туралы оқиғалы өлең», «Ақсақ киік», «Күзетші», «Кекті бала» деген секілді өлеңдері шағын эпизодтардан тұрады.
Лирика жанрының сезімге, ішкі толғаныс-тебіреніске құрылатыны айдан анық. Осы секілді қазіргі қазақ әдебиетінде де әңгіме-өлеңдер жеткілікті. Мәселен сезімге толы асқақ жырлардың авторы Жүрсін Ерман шығармашылығында да жиі кездеседі. Жүрсін ақынның «Ақынның үйі», «Терісаққан», «Түнгі такси», «Іздеу салу» өлеңдері қаншама лирика сүйер оқырманның жүректерінен орын алды. «Түнгі такси» өлеңі лирикаға, ғашықтық отты сезімге құрылса да, қысқа-қысқа баяндаулардан тұрады. Оны өлеңнің алғашқы жолдарынан-ақ байқауға болады:
Жексенбі.
Түнгі он екі кезі.
Сәл тінте қарап мені екі көзі
Таксидің ішінде бір ару отыр
Бөлек жамалы, Бөлек мінезі.
– Атың кім? – деп ем,
– Лариса, – деді,
Бетімді шарпып жалынша лебі.
Тұңғиық жанар тереңге қарай
Батыра берді ағынша мені.
Түнгі таксиде болған түрік қызы қыз бен ақын арасындағы әңгімеде эпостық сарын болғанымен, лирикалық сипат басымырақ. Өйткені онда ақынның ішкі сезімі, жан тебіренісі, сұлулыққа сүйсінген тұсы баяндалады. Бұл өлеңдер қазақ оқырманын ұзақ жылдар тербейтін, жарығы да болашаққа, сонау алыстарға жететін өміршең өлеңдер. Ақынның «Тәуелсіздік тарихына таласу» өлеңі де әңгімеге, шағын оқиғаға құрылған. Өлең Өзбекәлі Жәнібеков екеуінің зират басындағы әңгімелерінен басталып, тарихи тақырыпқа ауысқан. Әрі қарай ақынның ішкі ойы, тарихқа, Қазақ хандарына, оның ішінде Абылай ханға деген құрметі баяндалады. Біз мысалға алған шығармалардың қай-қайсысы да қазақ поэзиясының антологиясына еркін қосылатын ерекше жырлар. Жүрсін ақын бір ғана ырғақпен, біркелкі бунақпен жазудан қашады. Әр өлеңін жаңа бір сырлы әуезбен әрлеп, жаңаша әңгімемен өрнектейді. Бұл оның өлең техникасын еркін меңгерген, басты ерекшеліктерінің бірі десек қателеспейміз.
Әңгіме-өлеңдердің ерекшелігі жөнінде әдебиет зерттеушісі Б.Кәрібозұлы: «Мұндай өлеңдердің эпикалық сипатын өлеңдегі әңгімеге араласатын обьективті кейіпкерлердің болуы молайта түседі. Әңгіме-өлеңнің лирикалық сипаты оның өлеңмен жазылғандығында ғана емес, өлең кейіпкерлерінің әңгімелерінде адам тағдыры, адамның тұрмысынан гөрі рухани өмірі жырланатындығында» [3]- деп «оқиғалы» өлеңдердің оқиғаға өрілсе де эпостан гөрі лирикалық сипатының басым екендігін айтады.
Әңгіме-өлең, сұхбат-өлеңдерге мысалды әдебиетіміздің кейінгі буын өкілдері шығармашылықтарынан да көп кездестіруге болады. Демек, «оқиғалы» өлеңдердің ішкі жанрлық түрлері деп балауға болатын бұндай өлеңдердің әдебиетте болашағы үлкен.
«Оқиғалы» өлең, әңгіме-өлең, сұхбат-өлеңдерде лирикалық поэзия мазмұнында эпостық, драмалық поэзия сипаттарының өлеңнің бітім-болмысына тығыз әрі еркін араласуы байқалса, очерк-өлеңдерде лирикалық сипатпен бірге публицистикалық сипат белсенді қызмет атқарады. Очерк-өлеңнің де ұлттық негізі халқымыздың ауыз әдебиетінің көне үлгілерінде жатқанымен, олардың әдебиетке көптеп ене бастаған тұсы – өткен ғасырдың 30-40 жылдары. Бұл тұстағы ақындардан С.Сейфуллиннің шығармашылығында мұндай өлеңдер мол орын алған. Ақынның «Ауыл байғұс мінекей» деп аталатын очерк-өлеңінде ХХ ғасыр басындағы кеңестік қазақ ауылының тұрмыс-тіршілігі, жаңа замандағы саяси өзгерістер кеңінен суреттеледі.
Очерк-өлеңнің сипатын кейіпкерлердің қайнаған тіршілігін дәл сол еңбек процесі болып жатқан жерде, сол уақытта көрсететін публицистика мен сол эпизодтарға деген ақынның субьектілік сезімдерінің қатар алынуы көрсетеді.
Көз жіберіп қараймын,
Әрбіреуін ауылдың
Іздеп, қарап санаймын.
Баласы өскен хатшы боп,
Молдекеңнің өзі жоқ.
Шал болыпты Әлекең,
Сатайдың бір көзі жоқ.
Осылайша қысқа-қысқа
баяндаулар арқылы лирика мен публицистиканың ұштасқанын байқаймыз.
Алайда бұл сипаттар өлеңде бір-біріне кедергі жасамай, қайта
очерк-өлеңнің мазмұнын аша түскендей. С.Сейфуллиннің поэзиясында
бұндай очерк-өлеңдер көптеп кездеседі, әрі ол өлеңдер ХХ ғасырдағы
замана тынысынан мол сыр шертеді.
«Оқиғалы» өлеңдердің ішкі жанрлық түрлері ретінде санауға болатын
әңгіме-өлең, сұхбат-өлеңдерде эпостың, драманың элементтері, ал
очерк-өлеңдерде публицистикалық сипаттың кездесетініне жоғарыда
дәлелдер келтірдік. Жалпы әдеби тектер мен түрлердің арасындағы
бұндай жақындасу, байланысулар – ХХ ғасырдың соңғы ширегінде
байқалған, бүкіл әлем әдебиетіне тән сипат. Лирикалық поэзиядан
басқа, айталық эпикалық және драмалық шығармада «лирикалық драма»
немесе «прозадағы лиризм» деген ұғым-түсініктердің қалыптасқанына
көп болды. Демек, қазіргі лирикалық поэзияның бойындағы эпикалық,
сондай-ақ драмалық және публицистикалық сипаттарды жиі байқаймыз.
Мұндай ішкі түрленулер мен жаңғырулар бүгінде әлемдік деңгейдегі
қазақ әдебиетінің даму бағыттарын көрсетеді, әлем әдебиеттерінде
болып жатқан құбылыстарға араласа алатынын айқындайды. Демек,
лирикалық поэзиямыздың қанатын кеңге жайып кемелденуіне, мазмұндық
баюы мен жаңғыруларында одан байқалған эпикалық, драмалық,
публицистикалық сипаттардың орны бөлек.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Тәжібаев Ә. Өмір және поэзия. Алматы, ҚМКӘБ, 1960.
-
Введение в литературоведение. М.: «Высш.шк.», 1983.
-
Кәрібозұлы Б. Беталыс. Алматы, «Арыс», 2005.
-
Кәрібозұлы Б. Сырлы сөз сипаты. Алматы, «Қазақ университеті», 1997

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген