Тақырып бойынша 11 материал табылды

ОҚУ САУАТТЫЛЫҒЫН ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

Материал туралы қысқаша түсінік
Мақалада қазіргі мектеп оқушыларының оқу сауаттылығын оқытудың басты әдіснамалық негіздері қарастырылған. Оқу сауаттылығын оқыту үшін қарастыру керек басты мәселелер мен оқытуда қолдануға болатын әдіс-тәсілдер арқылы әдіснама құрастыру.
Материалдың қысқаша нұсқасы

ОҚУ САУАТТЫЛЫҒЫН ОҚЫТУДЫҢ ӘДІСНАМАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

Оспан М., “INNOVERSE TALDYQORGAN” жеке меншік мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі


Мектеп оқушыларының оқу сауаттылығын арттыруға байланысты жұмыстар соңғы он жылдың ішінде іске асып жатқаны белгілі. Бұл саланың даму маңыздылығы күннен күнге артып келеді. Жастардың сауатты болуы, әсіресе оқу сауаттылығының жоғарғы деңгейде болуы олардың әлеуметтік өмірде оқу арқылы алған білімін пайдалануға, дамуға, қарым-қатынас құруға, жұмыс орнына тұруына және т.б. келешекте болатын жағдайларға дайын болуына үлкен әсерін тигізеді. Осындай қарапайым мысалдар арқылы оқу сауаттылығын жетілдіру керектігін түсінуге болады. Ал кез-келген білімді үйреніп, толықтыру үшін арнайы әдістемелік құралдың болуы үлкен рөлге ие.

Бүгінгі күнге дейін оқу сауаттылығын үйретуге негізделген арнайы оқулықтың жоқтығы, ғылыми зерттеу жұмыстары мен жобалардың өте аз кездесуі – бұл саланың енді ғана тереңдетіліп қарастырылып жатқанын байқауға болады. Сонымен қатар, бүгінде оқушылар бұл бағытты тек ұлттық біріңғай тестілеуде кездесетін болғандықтан ғана көңіл бөледі. Мұндай көзқарастың қалыптасуы тек мектепте тәлім-тәрбие алып жүрген балаларда ғана емес, олардың ата-аналарында да бүгін қалыптасып қалған. Бұл ойлардың барлығы «оқу сауаттылығы» деген ұғымның дұрыс ашылмауында. Сондықтан да оқу сауаттылығын оқытудың әдіснамалық негіздеріне жекелей тоқталып, көңіл аударып көрейік.

Оқушының оқу сауаттылығы дамығанын оның оқу түрлерін қолдануынан байқауға болады. Осы орайда оның бiрнеше түрiн атап өткен дұрыс. Олар:

-негiзгi ақпаратты алу не мәтіннің негізгі мазмұнын анықтауға бағытталған танысымдық оқу;

-мәтін мазмұнын әрі қарай түсініп талдау мақсатында ондағы ақпаратты толық әрi нақты меңгеруге негізделетін зерттелімдік оқу,

-жазбаша мәтінді дыбыстап айтудың қосалқы нормаларына сай мәнерлеп оқу,

-оқушылардың жазбаша мәтіндерді ұғыну,

-олардың мазмұнын өзіндік даму мақсаттарына жету жолында қолдану қабілеттеріне бағытталатын рефлексивті оқу.

Бұл зерттеудің кілт сөзі – оқу. Біз қандай уақытта оқу әрекетін қолданамыз? Әрине, белгілі бір мәтінмен жұмыс істеген кезде. Бұдан біз оқу сауаттылығының әдістемесін құруда мәтіннің ең басты құрал екенін білуге болады. Мәтін берілген соң, оны түсіну мен қорыту оқу дағдысының қаншалықты қалыптасқанына байланысты десек те болады. Ал бұл дағдыға қойылатын бірінші талап – мәтінді түсіну. Одан кейін мәтінді тек түсініп қана қоймай, алған ақпараттан белгілі бір ой түйіп, оны қоғамдық өмірде қолдана білу керек. Төмендегі кестеге наза аударсақ, мәтінді қандай жағдайларға қарап түсінуге болатынын байқай аламыз:

Кесте – Мәтінді түсінудің көрсеткіштері


Мәтін мазмұнын толық түсінуге бағытталатын оқудың негізгі әдіс-тәсілдеріне мыналарды жатқызуымызға болады:

Жоспар құру әдісі – мәтінді терең түсініп, ұғынуға мүмкіндік береді.

Жоспар мәтіннің негізгі бөліктерінің түйіні ретінде құрылады. Мәтін бойынша жоспар әзірлеу барысында оқушы оның әрбір бөлігінде не туралы айтылатындығына зер салу керек.

Кесте, сызбалар әзірлеу әдісі

Кесте, сызбалар мәтіннің логикалық құрылымын анықтаудың бір тәсілі болып табылады, онда мәтіннің негізгі бөліктері арасындағы байланыс ашып көрсетіледі. Мұндай сызбалардың сан алуан түрлері бар, оларды мәтіннің мазмұны мен ерекшеліктеріне орай түрліше қолдануға болады.

Тезис құру әдісі мәтін бойынша негізгі тезистер, түйіндер мен қорытындыларды бөліп көрсету арқылы жүргізіледі.

Мәтінге шолу жасап, түсінік беру әдісі

Оны ой елегінен өткізіп, ұғынудың негізі болып табылады және оқылған мәтінді өзіндік пайымдау, мәтін бойынша қандай да бір түйінге қорытынды шығару сияқты әрекеттермен көрініс табады. Ақпаратты логикалық түрде есте сақтау әдісі әртүрлі әрекет арқылы жүзеге асуы мүмкін: оқулықтың не оқушылар өздері құрған сұрақтардың негiзiнде бiлiмдерiн тексеру; конспект, жоспар, сызба не тезистерге қарап, жұп ішінде мәтін мазмұнын айту; жиынтық кестелер әзiрлеу; мәтін бойынша ауызша не жазбаша андатпа дайындау; мәтін жоспары не конспектiсiне сүйеніп, қосымша дереккөздердің (соның ішінде ғаламтордың және бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланган мақалалардың) көмегімен баяндама не реферат жазу [1, 19].

Оқушылардың оқу сауаттылығын дамытуда тиімді де қарапайым сұрақтар арқылы сынау. Сұрақтар оқушылардың мәтінді оқу барысында логикалық тұрғыдан қаншалықты түсінгенің, мәтін бойынша қандай қорытынды жасағанын анықтауға мүмкіндік береді. Оған қоса оқушылар мәтін бойынша әр түрлі қиындық деңгейіндегі сұрақтарды құрай отырып, бір-бірлеріне қойса, мәтінді ұғыну деңгейi анағұрлым артады.

Оқушылардың мәтінмен жұмыс жасауы барысында қолданылатын сұрақтардың күрделілігіне қарай бірнеше топқа бөліп қарастыруға болады:

1. Мақсатты түрде іздеп табу сұрақтары.

Нақты жауабы бар сұрақтар болғаны дұрыс: «кiм?», «не?», «қайда?», мәтiн iшiнен қажеттi ақпаратты «қашан?», «не істеді?» дегенге ұқсас (Мәселен: «Мәтіндегі басты кейіпкердің аты кім?», «Оқиға қай уақытта өтеді?»); негізгі ойын анықтау («Бұл мәтіннің тақырыбын қалай атаса болады?»); сондай-ақ мәтіндегі оқиға желісін құру бойынша сұрақтар қолданылады.

2. «Мәтінді ұғыну және түсіндіріп беру» − мәтіндегі ойды жинақтап оқушының түсінуі («Автор шығарма кейіпкерімен қалай суреттеді?», «Сөйлемдегі ойды жалғастырыңыз...»), ондағы нақты бір ойды, деректі іздеп табу («Класстер құрастырыңыз», «Сәйкестендiрiңiз» т.с.с.); мәтіннің негізгі ойын, ондағы жеке бiр детальдің жалпы идеямен байланысын анықтау; автордың айтқысы келген ойын табу; мәтiнде берілген ақпараттың негiзiнде тұжырым жасау («Осы айтылғандардың негiзiнде қандай тұжырым жасауға болады?») сияқты тапсырмаларды орындайды.

3. «Мәтін бойынша кері байланыс немесе рефлексия» - мәтін мазмұны мен формасын бағалау, ой түю. Мұнда оқушылар мәтін мазмұнын өз ойымен байланыстыра салыстырады («Бас кейіпкер баға беретін уақытта қандай сезімде болды деп ойлайсыз?); мәтіндегі кейіпкерлердің іс-әрекеттеріне, берілген тұжырымдарды өз дүниетанымы негізінде бағалайды; қаһармандардың кейінгі әрекеттерін болжап, олардың себептерін көрсетеді, өзінің сол жағдайға тап болғанда әрекетін айтады және т.б.

Оқу сауаттылығы оқу дағдысын қажет ететін болғандықтан, оны оқытуға көмектесетін әдіс-тәсілдер дәстүрлі болып қалмауы керек. Бүгінде баланың білім деңгейін көтеруге тек үйреншікті әдістерді ғана қолданудың нәтижесі жоғары емес екенін байқауға болады. Себебі заман өзгеріп жатыр және соған орай қазіргі балалардың саналары да бұрынғыдай емес. Сондықтан, мұндай жағдайда бізге АКТ-ні қолданып, тапсырманы дұрыс беру арқылы біраз саты алға жылжи аламыз. Ол үшін мына сұрақтың жауабын тауып көрейік: «Оқу сауаттылығы тек оқу әрекетімен ғана шектелген бе?». Жауабы – әрине жоқ. Өйткені оқу сауаттылығы мәтінмен жұмыс болған соң, барлық сөйлесім әрекеттерін пайдалануымыз қажет. Оның алғашқысы оқылым болса, одан бөлек – тыңдалым, айтылым және жазылым терминдерін осы қатарға жатқыза аламыз.

Бұл әрекеттер бір-бірімен өте тығыз байланысты. Оқушы мәтінді аудио арқылы тыңдап, тыңдай отыра оқып, одан кейін түйген ойын жазады да, ауызша айтып береді. Мәтінмен жұмысты осы бағытта жасап және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану арқылы жаңаша әдіс-тәсілдерді іске асыра аламыз. Осының арқасында оқу сауаттылығының әдіснамалық негіздері де орынды қалыптасады.

АКТ-ні қолдануға бір мысал келтірейік. Қазіргі таңда кез-келген кітаптың, смартфонның, электронды парақшаның, тұрмыстағы заттардың, тамақтанатын орындардың, мәдени мекемелердің, тіпті медициналық қызметке тіркелудің “QR-code” арқылы жүзеге асатынын білеміз. Дәл осы кодты оқушылардың оқу сауаттылығын арттыруға ықпал ететініне көз жеткізіп көрейік.

Мәтін:

1-тапсырма. Мәтінді мұқият тыңдаңыз (QR-code арқылы сілтемеге өтіңіз)

Жиырма бір жыл бұрын, 1997 жылы 20 қазанда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ақмола қаласы Қазақстан Республикасының астанасы деп жариялау туралы» жарлыққа қол қойды. 1997 жылы 10 желтоқсанда Қазақстан Республикасы астанасы ресми түрде Алматы қаласынан Ақмолаға көшірілді. Бұл ұлы көш қазақ тарихында маңызды датамен сақталды. Қазақстан Республикасының Жоғары Кеңесі астананы ауыстыру туралы шешімді 1994 жылдың 6 шілдесінде қабылдаған болатын. Осыдан кейін дайындық жұмыстары жүргізіле бастады. Құрылыс қарқынын арттыру, әрі қаланың инфрақұрылымын дамыту мақсатында 1997 жылы Ақмола қаласында (қазіргі Астана) «Ақмола» арнайы экономикалық аймағы құрылды. Ол белгілі бір деңгейде жаңа елорданың дамуына септігін тигізді. ҚР Президентінің астананы көшіпу туралы Жарлығы жарыққа шыққаннан кейін Алматыда Ақмолаға мемлекеттік органдарды қоныстандыру жұмыстары басталды. Қазақстан астанасын Алматыдан Астанаға ауыстыру (10 желтоқсан 1997 ж.) – Қазақстан астанасын ауыстыру есебібойынша үшінші қала ретінде тарих бетіне қатталды. Бұрынғыға қарағанда аталған ауысу республиканың өз билігінің бастамасымен ауыстырылды. Ол сондай-ақ Совет өкіметі кеңістігіндегі мемлекеттердің ішінде мемлекет астанасын ауыстырған алғашқы және жалғыз мемлекет болып, елдегі әлеуметтік-экономикалық өмірге маңызды әсерін тигізді. Өткен тарихқа көз жүгіртсек, Астананы Ақмолаға көшіру идеясы бұрын да көтерілген. Алаш арысы Әлихан Бөкейхан «Григорий Николаевич Потанин» атты мақаласында «Қазақты автономия қылсақ, Қараөткел – Алаштың ортасы, сонда университет салып, қазақтың ұл-қызын оқытсақ «Қозы Көрпеш – Баянды» шығарған Шоқан, Абай, Ахмет, Міржақыпты тапқан қазақтың кім екенін Еуропа сонда білер еді-ау» деген.

https://e-history.kz/kz/calendar/show/26023

2-тапсырма. Мәтіннен не түсінгеніңізді вйтып беріңіз. Қандай пайдалы ақпараттарды біле

алдыңыз? 3-4 сөйлеммен ықшамдап жазыңыз.

_________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________________

3-тапсырма. Мәтін мазмұны бойынша мағынасы көмескі(түсініксіз) сөздерден сөздік түзіңіз.

Біріншіден, бұл мәтіндік жұмыста тыңдалым әрекеті іске асады. Оқушы жай ғана оқитын болса кейбір түсініксіз сөздердің қандай мағына беретінін білмеуі де мүмкін. Ол білмегенін мұғалімнен сұрағаны немесе сұрамағаны белгісіз, себебі бұл әрекет жеке адамның ойлауы мен сол ақпараттықорытуына байланысты болып тұр. Ал мәтінді тыңдай отыра оқығаннан, оқушы мәтінді диктордың интонациясы арқылы қандай мағынада қолданылып тұрғанын түйсігіне қондырады. Бұл жерде таза психологиялық жұмыстың жүріп жатқанын байқай аламыз. Бұдан бөлек тапсырмаларға назар аударатын болсақ, жазылым тапсырмалары берілген. Біз оқу сауаттылығының тек тест күйінде берілетініне үйреніп қалғандықтан, ол жерде тек сұрақты оқып дұрыс жауапты табумен ғана шектеледі. Тәлім алушы өз ойын жазу арқылы мәтіннің мазмұнын жай ғана оқығаннан қарағанда тезірек есте сақтап ала алады. Бұл туралы ақпараттық желідеШринивас Рао атты аудиоподкаст жүргізушісі өзінің «The Unmistakable Creative Podcast» атты онлайн сұхбатында: «Оқуды іс жүзінде қолдану оқығанды есте сақтауға көмектеседі. Алайда, егер сіз тек ақпаратты тұтынатын болсаңыз, оны ұмытып кетуіңіз мүмкін», - деген екен. Осы пікірді назарға алып қарасақ оқылған мәліметті жай ғана қабылдап, ары қарай ешқандай әрекет істелінбесе, жадыда сақталып қалу ықтималдығы төмен болмақ. Сондықтан, оқылған мәтінге байланысты тапсырма жазылым арқылы берілгені тек түсініп қана қоймай, болашақта білім ретінде қолдана алуына да зор көмеген тигізеді.

Жалпы оқу сауаттылығының әдіснамалық негіздері мұнымен ғана шектелмейді. Жоғарыда айтылғандай, бұл бағыттағы зерттеулердің саны көп болмағандықтан, әлі көптеген ізденіс пен табандылықты қажет етеді. Ол үшін тікелей оқушылармен жұмыс істей отыра әлі де шешілмеген мәселелерді қарастыруымыз керек. Сонда ғана оқу сауаттылығының маңыздылығы да, қолданысы да арта түспек. Біз сол үшін ерінбей, талмай күш жұмсасақ нәтиже де жоғары деңгейде болады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1. Логвина И., Рождественская Л. Функционалдық оқу дағдыларын қалыптастыру: кітап мұғалім үшін. – Нарва, 2012. - 58 б.

2. Асмолов А.Г. Негізгі мектепте әмбебап оқу әрекетін қалыптастыру: іс-әрекеттен ойға. –Мәскеу: 2010. - 155-б

3. Мұғaлімдерге aрнaлғaн нұсқaулық. Бірінші ілгері деңгей. – Астана: 2015 ж., 88б

4. Айтылым мен жазылымның әдістемелік негізі. Әдістемелік нұсқаулық/ Оразбаева Ф.Ш., Иманқұлова М.А., Мазибаева Ж. – Алматы: “Таугүл-Принт”, 2021. – 204б


Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
23.04.2026
0
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курс саны 12