400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

ОҚУШЫЛАРДЫ ҰЛТЖАНДЫЛЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МАҢЫЗЫ

Материал туралы қысқаша түсінік
Мақалада оқушыларды ұлтжандылыққа тәрбиелеудегі қазақ әдебиеті пәнінің маңызы туралы айтылған.
Материалдың қысқаша нұсқасы

ОҚУШЫЛАРДЫ ҰЛТЖАНДЫЛЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕУДЕГІ

ҚАЗАҚ ӘДЕБИЕТІ ПӘНІНІҢ МАҢЫЗЫ


Мадиева Айсұлу Талғарбекқызы, «Өрлеу» БАҰО» АҚФ ҚР білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институты


Қазіргі ХХI ғасыр білімнің салтанат құруымен байланысты. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында білімнің маңызын ерекше атап көрсетті: «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді». Мақаланың мазмұны терең, бағдары айқын, ауқымы кең. Нұрсұлтан Әбішұлы рухани жаңғырудың бірнеше принциптерін ұсынады. Соның бірі – білімнің салтанат құруы. Қазіргі жаhандану заманында жаңаруға тез бейімделетін білімді, ақылды адамдар қажет. Елбасымыз жастарға үлкен сенім артады. Рухани жаңғыру – егемен, тәуелсіз еліміздің болашағы үшін жасалған ең үлкен жұмыс.

Тәуелсіз ел ең алдымен ұлттық рухани-мәдени мұраларымен және ғылым мен біліміндегі жетістіктерімен сипатталады. Мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтып, халықтың қымбат қазынасын – әдеби-мәдени мұраларды жандандырып, ұлттық тектілікті сақтау, «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асыру жолындағы маңызды жұмыстар білім мекемелерімен тығыз байланысты. Әр ұлттың болмыс-бітімі, мінез-құлқы, таным-түсінігі, салт-санасы мен көзқарасы сол елдің әдебиетінен көрініс береді. Адамның өмірі мен қоғамды көркемдік тұрғыда зерттейтін әдебиет – дүниетанушылық ғылымдардың ең жоғарғысы. Олай болса, ұлттық танымы жоғары, білімі орнықты, шығармашылықпен ойлай алатын өркениетті қоғамға сай адам болып қалыптасу үшін сөз өнерінің сан қырлы құпиясына бойлауға мүмкіндік беретін әдебиетке ынта мен қызығушылық ерекше болуы қажет. Өйткені әдебиет – халықтың ұлттық сана‑сезімін, эстетикалық-көркемдік ойлау қабілетін байытатын қымбат дүние, сондай-ақ ғасырлар қойнауынан бүгінге дейін жалғасқан рухани құндылық. «Қазақ әдебиетi – қазақ халқының ғасырлар қойнауынан ұрпақтан ұрпаққа жеткен рухани, мәдени мұрасы, сөз өнерiнiң асыл қазынасы» [1].

«Қазақ әдебиетi» пәнi енетін «Тіл және әдебиет» білім беру саласының мақсаты оқушының тiл және көркем сөз туралы дүниетанымын кеңейту, ғаламның шындық болмысын таныту және олардың функционалдық сауаттылығы мен прагматикалық қабiлеттерiн жетiлдiру болып табылады. Пәнді оқытуда тәуелсіз еліміздің төл әдебиетін ұлттық құндылық ретінде бағалап қабылдауға үйрету және оқушылардың сөз өнерi негiзiнде сөйлеу шеберлiгiн арттыру қарастырылады.

Жалпы орта білім беретін мектептердегі әдебиет пәні адамтану қызметін атқаратыны аян. Өйткені пәнді оқыту бойынша іріктелген білім мазмұны үнемі жетілдіріліп, кеңейтіліп отырады.

«Қазақ әдебиеті» пәнін оқи отырып, оқушылар халқымыздың бай ауыз әдебиеті үлгілері мен қазақ әдебиеті тарихының ежелгі дәуірінен бүгінгі күніне дейінгі кезеңдері туралы жүйелі білім алады. Әдебиетті сөз өнері ретінде оқыту, әдеби шығармаларды ұлттық қазына, ұлттық рух, шығармашылық іс-әрекет, мәдениеттің бір бөлшегі ретінде қабылдау мәселесі негізгі ұстаным болып табылады. Білім мазмұнын меңгеру арқылы жас ұрпақ ұлттық тәлім-тәрбиеге негізделген мәдени құндылықтарды, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлерді таниды.

Қазіргі оқу бағдарламаларының білім мазмұнына нағыз сөз өнері биігінен көрінетін поэтикалық қуаты мықты, жарқырап тұрған алмас жырлар мен шебер жазылған көркем шығармалар енгізілген. Осы шығармалардың ой қазығы, сюжеті, композициясы, жанрлық сипаты мен кейіпкерлерін, ондағы халықтық әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлер көрінісін, табиғат суреті, қаламгерлердің сөз қолданыстарын зерделеуге мүмкіндік алады, сол арқылы оқушылардың өзіндік ой толғамын айтуына, шығармашылық жұмысқа бейімделуіне жол ашылады.

Мектептегі әдебиетті оқыту көркем бейне арқылы көрінетін ақиқатты меңгертуді көздейді. Көркем шығарманың адамгершілік, эстетикалық байлықтарын игеру оқушылардан шығармашылық қиялды, көркем шығармаларды талдау және бағалауды, тілдік машықтарды, өнер тілінің шарттылық ерекшеліктерін білуін талап етеді. Бұның бәрі жинақталып келгенде, оқушылардың адам мен табиғат арасындағы, адам мен адам және адам мен қоғам арасындағы белсенді қарым-қатынасының, дүниетанымының, көркемдік талғамының қалыптасуына қызмет етеді.

Мұндай мүмкіндікті туындататын, әрине, мектептегі қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі. Яғни, А.Байтұрсынов сөзімен айтқанда, «дерексіз нәрсе, деректі нәрседей, жанды нәрсе, жансыз нәрседей суреттеліп, адамның сана-саңылауына келіп түсерлік дәрежеге жеткен» ауыз әдебиеті жауһарлары мен қазақ әдебиетіндегі көркем туындыларды өз бетімен кеңінен оқуға қызығушылығын арттыру, шәкіртті сол жолға бағыттау және ана тілінің көркемдік қасиетін дарыту, тілді дұрыс және орынды жұмсауға тәрбиелеу пән мұғалімінің басты міндеті болып саналады.

Көркем шығармаларды оқыту арқылы оқушының балалық қиялы мен еркін ойлауына, жастық арманына қанат бітіріп, «ақылдың аңдауын аңдағанша, қиялдың меңзеуін меңзегенше, көңілдің түюін түйгенше айтуға жарайтын» (А.Байтұрсынов) әсем тілдің тереңінен қанып ішуіне мүмкіндік жасау көзделеді. Сонымен қатар, ұлы ұстаз М.Әуезовтің «әдебиет - тіл мен әдебиет», «...әсіресе, романдар оқушыға тіл де үйретеді. Өз тілінде кенеулі ой таратып, көрікті, шешен, шебер сөйлеуге баулиды» деген парасатты ойы қазақ әдебиеті пәні мұғалімінің бұлжытпас ұстанымы болуы тиіс. Мұғалімнің біліктілік деңгейі мен педагогикалық шеберлігі арқылы оқушының пәнге деген, жалпы көркем әдебиетке деген адами қызығушылығы оянады және жылдар өткен сайын ол қызығушылық өмірлік қажеттілікке айналады.

Осы үрдістен шығу үшін қазақ әдебиетінің болашақ мұғалімін даярлау мәселесі де маңызды. Өйткені пән мұғалімінің өзі әдебиетті жетік білмесе және оны терең сүймесе, бұл міндетті атқара алмайды. Бұл Қазақстан Республикасының жалпыға міндетті білім беру стандартында қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім бакалаврының біліктілік сипаттамасының бірі «Әлемдік және ұлттық руханият, ізгілік пен имандылық, адамгершілік тәрбиесі бойына сіңген, қоғамның жоғары саналы азаматын қалыптастыру» деп айқындалған [2]. Яғни мектепке келетін маман осы стандарт талаптарына сай даярланған жағдайда мектептегі пәнді оқытудың мақсат-міндеттеріне жетуге болады.

Ұлы ағартушымыз А. Байтұрсынов өз заманында-ақ «Мектептің жаны да, жүрегі де оқыта білетін мұғалім» деп айтқан дана сөзі бүгінгі күнге дейін өзектілігін жойған жоқ. Өйткені заман да, қоғам да өзгергенімен мектеп мұғалімінің негізгі міндеті өзгермейді. Яғни мұғалім қоғам дамуынан ешуақытта тыс қалмай, заман ағымына сай өздігінен білімін жетілдіріп, әсіресе, оқытып отырған пәні бойынша жаңалықтардан дер кезінде хабардар болып, оны оқу үдерісінде шеберлікпен пайдалана білуі керек. Еліміздегі ғана емес, әлемдік деңгейде болып жатқан кәсіби жаңалықтарды қазіргі ақпараттық технологиялар арқылы тиімді қолданып, оқушыларды төл әдебиетімен қатар әлем әдебиетіне де қызықтыруға болады.

Мұғалім бойындағы бұл сапалар жоғарғы оқу орнында қалыптасуы қажет. Бұл жоғарыда көрсетілген стандартта қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша білім бакалаврының білім деңгейіне қойылатын талаптардың бірі ретінде «ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды педагогикалық қызметінде жоғары маманданған пайдаланушы деңгейінде қолдану» деп көрсетілген. Демек мектепке келетін жас маман осы талаптар деңгейінде даярланса, педагогикалық қызметінің алғашқы жылында-ақ оқушы жүрегіне жол таба алары сөзсіз.

Әр мұғалім сабақты шығармашылық мәнде жүргізіп, дұрыс ұйымдастыра білсе, ол оқушының күнделікті өмірдегі құбылысты жан-жақты түсіне білуіне, үйренуіне, білген нәрселерін белсенді сөзді қор ретінде қолдана білуіне жағдай жасайды. Бұл Я.Коменскийдің «сабақта мұғалім аз үйретсін, оқушы көп үйренсін» деген қағидасымен және қазіргі оқыту үрдісінде оқушыны өз әрекетінің субъектісі деп тануды негіздейтін жаңа педагогикалық парадигмамен терең ұштасып жатыр. Оқушылар көркем шығармалар арқылы елінің бай тарихымен, көп қырлы мәдениетімен, келелі әдебиетімен, халықтың өнегелі салт-дәстүрлерімен танысып, білімдерін молайтады. Қазақ әдебиеті оқулықтарында берілген шығармаларды оқыту арқылы мұғалім оқушылардың таным көкжиегін дамытуды білімдік мақсатпен қатар басты назарда ұстағандары абзал. Пәннің білім мазмұнындағы шығармаларды оқытуда жазушының айтпақ ойын дәл тауып, шеберлікпен бере білгенде ғана мақсатқа жетеріміз сөзсіз.

Мұғалім сабақ үрдісінде материалды дайын күйінде бермей, оқушының ізденісіне жол ашуға түрткі болатындай әдіс-тәсілдерді таңдап алуы қажет. Сонда ғана оқушы шын мәнінде өзіндік ойлау қабілеті бар, құзыретті жеке тұлға болып қалыптасады. Сонау ХХ ғасырдың басында Жүсіпбек Аймауытов: «Сабақ беру – үйреншікті жай ғана шеберлік емес, ол – жаңадан жаңаны табатын өнер» деген екен. Сондықтан қазіргі таңдағы педагогика жаңалықтарын пән ерекшелігіне қарай қолдана білу – оқыту мақсатына жетудің бірден-бір жолы. Білім мазмұны қандай болмасын оны талаптағыдай оқушыға жеткізе білу – пән мұғалімнің ең негізгі кәсіби міндеті.

Иә, кейінгі жылдары мектеп оқушылары көркем шығарманы оқымайды, жалпы халық әдебиеттен алыстап кетті деген сөздер жиі айтылып жүргені рас. Ол әңгіменің бастауы мектеп деп қарастырады, оның да жаны бар. Өйткені адамның өміріне азық болар барлық жақсы қасиеттер мектеп жасында қалыптасатыны, дамитыны рас. Мектеп қабырғасында бойына сіңбеген көркем әдебиетке деген қызығушылық, оқырмандық мәдениет адамға кейін 17-20 жаста қалыптаса қоюы екіталай. Сондықтан қазіргі ақпараттың тасқындаған, ғаламтордың өмірге қарқындап енген заманында шәкіртін кітап оқуға баулу әдебиет пәнінің мұғалімі үшін оңай шаруа емес екенін де аян. Дей тұрғанмен пән мұғалімі алдына келген болашақ ел тұтқасы болар азаматтарды төл әдебиетіне жанашырлықпен қарайтын, оны тереңнен сүйіп оқуға даяр адам болуға тәрбиелеуді негізгі міндеті ретінде түсініп, сол тұрғыда жүйелі жұмыстар атқарса ғана нәтижеге жетеріміз анық.

Сонымен қатар жалпы орта білім беретін мектептердегі қазақ әдебиеті пәнінің мақсат-міндеттерін жүзеге асыруда оқулықтың алар орны ерекше.

Оқулық – оқушыға берілетін білімнің маңызды қайнар көзі және оқу бағдарламасындағы білім мазмұнын меңгертетін басты құрал. Өйткені оқулық нақты білімді игеруге, оқушыда білім мен дағдыны қалыптастыруға, өз бетінше шығармашылық қызмет тәжірибесіне қажетті ақпаратты іздеуге мүмкіндік туғызады. Білім беру, дамыту, тәрбиелеу оқулықтың атқаратын негізгі үш міндеті болып табылады.

Ғалым С.Г.Шаповаленко «Оқулық – ғылым негіздерін меңгеру үшін оқушыларға арналған құрал. ... Оқулықтарда белгілі бір мөлшерде оқу пәндерін оқыту әдістемесі де көрініс табады» [3] – деп тұжырымдаса, белгілі ғалым В.П.Беспалько «Оқулық жазу – оңай шаруа емес, нағыз оқулықтар жасайтындай кемелдену үшін педагогика жөніндегі қазіргі ғылыми монографияларды байыбына жете зерттеп оқыған (жай оқу емес!) жөн» [4], – деп, оқулық әзірлеудің күрделілігі мен жауапкершілігін айқындай түскен. Отандық оқулықтану мәселесі жөнінде ауқымды зерттеулер жасаған елімізге белгілі ғалым А.Қ. Құсайынов «Оқулық оқу материалына онымен жұмыс істеу әдістемесін қоса ұсынады, яғни мұғалімге оқу материалын қалай оқытып, меңгертудің, оқушыға қалай оқып меңгерудің тәсілдерін береді. Басқаша айтқанда, оқулықта білім беру мақсаттары мазмұн мен әдістер түрінде нақтыланады» [5], – деп пайымдайды.

Оқулықтағы материалдар оқушының жас және психологиялық ерекшеліктеріне байланысты жүйелі құрылғанда ғана сапалы болмақ. Әрбір оқулық білім беру мазмұнының үздіксіздігін қамтамасыз етуі және жеке тұлғаны қалыптастыру мен дамытуға, оқу-әдістемелік кешендеріне қойылатын талаптарға сәйкес келуі тиіс. Сондықтан әрбір сыныптың оқулығы өзара тығыз байланыста, ал барлық дидактикалық материалдар, жаттығулар мен тапсырмалар оқушының жас ерекшелігін ескере отырып, білімді тереңдетуге және сапалы меңгеруіне әсер етуі қажет. Егер оқулық көбінесе «академиялық» сипатта болып, яғни ондағы материалдар тек ғылыми тұрғыда беріліп, оқушының жас ерекшелігін ескеріп құрылмаған болса, онда оқушылар үшін оқулықпен жұмыс жасау қиындайды. Оқулықпен жұмыс істеу әдісі оқушылардың өздігінен жаңа білім мазмұнын қабылдауда, сыныпта алған білімдерін бекітуде, білік пен дағдыларын қалыптастыруда тиімді әдіс болып табылады. Әсіресе, оқушыға қазақ әдебиеті оқулығын пайдалануды төменгі сыныптардан бастап жүйелі үйрету оқушының пәндік білімді меңгеруіне ғана емес, сонымен қатар, ең маңыздысы, оның оқырмандық қызығушылығы мен мәдениетін дамытуға да әсері зор.

Қазақ әдебиеті пәнінің оқулықтары ұлттық рухани мұраны, оның әлемдік әдеби дамумен үндестігін әрі ұлттық дербестігін танытатын, ұлттың тарихы мен тағдырын терең сезіндіретін, әдеби туындылардың табиғатын терең түйсіндіретін бірегей еңбек болуы шарт деп түсінеміз. Сонда ғана оны оқыған ұрпақ ана тілін тағдырына балайтын, халықтық мәдениет пен салт‑дәстүрді құрметтейтін, рухани жағынан толысқан, елжанды болары сөзсіз. Мектептегі қазақ әдебиеті оқулығының бабалар аманаты болған тамыры терең тарихымыз бен ас­қақ рухымызды, тұғырлы Тәуел­сіздігімізді сақтап қалудағы маңызы ерекше.


Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. «Қазақстан» Ұлттық энциклопедиясы 5 том, Алматы: «Қазақ энциклопедиясының» Бас редакциясы, 2003. – 206-бет.

  2. ҚР БҒМ 03.11.2010 № 514 бұйрығымен бекітілген, 08.08.2011 №349 бұйрығымен өзгерістер мен толықтырулар енгізілген.

  3. Шаповаленко С.Г. Учебник в системе средств обучения. М., «Педагогика», 1974, с.13.

  4. Беспалько В.П. Теория учебника: Дидактический аспект. М., «Педагогика», 1988, с.7.

  5. Құсайынов А.Қ., Асылов Ұ.Ә. Оқулықтанудың өзекті мәселелері. – Алматы: Рауан, 2000. – 26-б.




Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
20 желтоқсан
423
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі