жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Оқушылардың танымдылық ынтасын қалыптастырудағы өздік жұмысының орны
Оқушылардың танымдылық ынтасын қалыптастырудағы
өздік жұмысының орны
Қандай ғылым болмасын онда қанша
математика болса, соншама шындық болады.
И.Кант.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Бізге экономика мен қоғамдық жаңару қажеттіліктеріне сәйкес келетін жаңа білім беру жүйесі қажет» - деп қазіргі білім саласына артылатын салмақты көрсетіп берді.
Сондықтан әрбір пән мұғалімнің алдында тұрған негізгі міндеттерінің бастысы заман талабына сай оқытудың жаңа технологиясын қолдана отырып, қоғамдық өзгерістерге бейім, өздігінен дами алатын, өзін-өзі тәрбиелейтін жеке тұлғаны қалыптастыру болмақ.
Осындай талапқа сай қызмет істеу үшін ең алдымен мұғалімге өзінің теориялық және әдістемелік білімін ұдайы жаңартып, толықтырып, үздіксіз ізденіп жүру қажет. Сонда ғана мұғалім өз жұмының нәтижесін көре алады.
Мұғалім шеберлігінің негізгі көрсеткіштерінің бірі - әдістеме саласындағы ғылыми жаңалықтар мен озық тәжірибені жетік игеру. Оларды өзінің күнделікті сабағында тиімді пайдалана білсе, мұғалімнің шығармашылық жұмысы ілгерілеп дамып отырады.
Оқушының математикадан білімін көтерудің ең басты шарты – оның пәнге деген қызығушылығын ояту және арттыру. Пәнге деген қызығушылық болса ғана, бала оған көңіл қойып, тыңдап, зейін қойып үйрене бастайды. Сонда ғана оның білім үйренуге, өздігінен жұмыс істеуге деген белсенділігі артады. Пәнге танымдық қызығушылықты дамытудың үш шарты бар:
-
Мазмұнның жаңғыртылуы, бұрын жария етілген фактілерді заман талабына сай жаңаша сипаттау, беріліп отырған материалға тарихи бағдар беру ілімнің практикалық мәнін ашып көрсету және ғылымның соңғы жаңалықтарын, табыстарын жүйелі баяндау.
-
Өздік жұмыстың әртүрлілігі, оқытудың проблемалық тұрғыдан қолға алған материалды зерттеу негіздеріне және оқушының шығармашылық, практикалық жұмыстарына бағытталған оқыту тәсілдері.
-
Оқушының қабілетін ұштау,мұғалімнің оқушыға көмек беруге дайын тұруы, олардың мүмкіндіктеріне қолдау көрсету қабілеті, талап коя білуі мен адалдығы, оқушыларды көтермелей білу, сондай-ақ оқушылардың өзара бәсекесіне көмек көрсете білу қасиеті.
Оқушылардың өздік жұмысы туралы қорытынды жасаған уақытта мынадай тұжырымға келуге болады: өздік жұмыс оқушының тек өз белсенділігі түрінде, ойлауды талап ететін өзінің жеке әрекеті түрінде анықталады.
Өздік жұмыс оқушылардың оқу-танымдық қызметін және оны бақылауды ұйымдастырудың тиімді құралы болып табылады. Математикалық білімнің (қабылдаудың жоғары деңгейі, дедукциялық дәлелдеу, талдап қорыту, алгоритмдік т.б.) ерекшілігін, өздік жұмыс тұжырымдамасын ескере отырып математиканы оқытудағы өздік жұмыстың келесі түрлерін атап көрсетуге болады: 1) алгоритмдік; 2) орындау тәртібі көрсетілген; 3) танымдық; 4) қорытынды; 5) шығармашылық. Бірінші жұмыс барысында оқушыларға орындауға қажетті амалдар реті нақты көрсетілген тапсырмалар беріледі. Екінші түрінде жұмыстың негізгі бағытын анықтауды көрсетеді. Үшінші түрі түсінік бойынша ақиқатты айыра білуді жорамалдайды. Өздік жұмысының төртінші түрі ақиқат қасиетін айыра білу біліміне, өзара байланыс пен қатынасқа талдау жасауға, қорытындылауға, оқу материалын жаңғыртуды жүргізуге бағытталады. Өздік жұмысының бесінші түріне есепті құрастыруды, есептің шешімін т.б. алгоритмдіксіз жолмен іздеуге бағытталған шығармашылық тапсырмаларды пайдалану қарастырылады. Шығармашылық өздік жұмысы танымдық ынтасының жоғары деңгейде болуын талап етеді. Мұнда оқушылар алған білімдеріне жаңалықтар енгізеді, білімдерін жаңа күтпеген жағдаяттарда қолдана білуге үйренеді. Оқушыларды оқыту барысында ұсынылатын өздік шығармашылық жұмыстардың ішінде мәтінді есептер маңызды орын алады. Себебі мәтінді есептер біраз оқу-тәрбиелік функциялар атқарады. Математикалық мәтінді есептер оқушылардың өздік жұмыс істеу қабілетін шыңдап қана қоймай, бұл есептерді шығару барысында практикалық қолданбалы рөлін ашып көрсетіп, математикалық білімі мен білігін қалыптастырады.Оқушылар мәтінді есепті шығарғанда мынандай үш кезеңнен өту керек екенін түсінеді:
-
Есептің шартын математикалық тілде жазу;
-
Алгебралық есепті тиімді (оңай) әдіспен шығару;
-
Есептің шығарылуын оның шартымен салыстырып, жауабын жазу.
Өздік жұмыстар дидактикалық жағынан мынадай үш түрге бөлінеді: білім алуға арналған өздік жұмыс; білімді пайдалануға арналған өздік жұмыстар; теориялық материалды тексеруге арналған өздік жұмыстар. Жаңа материалды оқушылардың өз бетінше оқу іскерлігін қалыптастыру үшін, жұмысты сыныпта бастау керек. Мұғалім оқулықтың кейбір материалын оқушыларға үй тапсырмасы ретінде беруіне болады. Мұндай жұмысты өткізерде мұғалім әрбір оқушының осындай жұмысты істеуге дайын екендігіне көз жеткізуі керек. Өзіндік жұмысқа оқушыларды үйрету үшін оларды өткен тақырыпқа байланысты сұрақтарға өздігінен жауап беруге үйрету керек. Мысалы, жаңа материалда мұғалім оқушыларға түсіндіргеннен кейін, оны оқушылар қалай ұққандарына тексеруге арналған сұрақтар жүйесін келтірейік. 5 сыныпта «Бұрыш» тақырыбын өткенде жаңа материалды ұғыну сапасын тексеруге арналған сұрақтар мынандай болуы мүмкін:
-
Бұрыштарды атаңдар (берілген сурет бойынша).
-
Суретте берілген бұрыштарды белгілеңдер (үш әріппен, бір әріппен).
-
Жоғарыда келтірілген суреттерден бұрыштың қабырғаларын атаңдар.
-
Бұрыштардың төбесін атаңдар.
-
Бұрыштың биссектрисасы дегеніміз не?
Математиканы оқыту барысында өздік жұмысына 10-15 минут уақыт бөлінеді. Іс жүзінде өзіндік жұмыс әрбір сабақ сайын өткізіледі десек болады. Сондықтан өзіндік жұмысқа оқушыларды мұқият дайындап алып өткізу керек екендігін мұғалімдер әр уақытта есте сақтауы қажет.
Осы уақыт аралығында мұғалім оқушылардың өтілген тақырыпты меңгергендерін текесереді, бұл оқушы білімі мен біліктілігіндегі кемшіліктерді дер кезінде жоюға көмектеседі. Әрбір өздік жұмысын бастарда оқушының алдында мақсат пен проблема тұруы қажет. Бірақ та проблеманың қосылуынан оны оқушы қабылдады деген қорытынды шыпаса керек. Ұсынылған проблема оқушы үшін өте маңызды болуы шарт. Тапсырма әр оқушының қабілеті мен жас ерекшілігіне, әрі орындай алу мүмкіндігігне сай болуы қажет. Міне, осыдан кейін келіп, оқытудың жекешелендіру проблемасы туады.
Өздік жұмысты ұйымдастыру барысында мұғалім оқушыға арнайы тапсырма береді. Осы кезде оқушы тапсырманың қажеттігі жөнінде ой тұжырымдайды. Бірінші қадам берілген тапсырманың мазмұнына талдау жасап, оны өзінің жинақтаған білім деңгейімен салыстырып оқушылар тапсырманың мақсатын түсінеді. Орындауға қандай амалдар қолдану керектігін ойластырады. Қандай нәтижеге жету керек екендігін болжайды. Екінші қадам – ойластырған жоспарды іске асыру. Бұл сатыда оқушылар тапсырманы орындайды. Үшінші қадам – алған нәтижеге талдау жасау, оны белгіленген жобамен салыстыру. Оқушы тапсырманың орындалу нәтижесін, өзін-өзі бақылайды. Егер жобаланған нәтиже мен алынған нәтиже сәйкес келсе, онда бұл оқушыға оң әсер береді. Мұғалім оқушылардың өзіндік жұмысына қорытынды жасайды. Қазіргі кезде ғылыми ақпараттың қарқынды дамуына байланысты оқушылардың өздігінен білім алып, өздігінен оқып үйренуі өте маңызды болып отыр. Өзін-өзі бақылауды қалыптастыру процесінің үлгісін келесі түрде көрсетуге болады:
Ішкі бақылау
Өзін-өзі бақылау
Өзара бақылау
Өзін-өзі бақылауға үйрету барысында оқушылардың бақылау қызметі тәсілдерін оқуы мен меңгеруіне басты назар аудару қажет. Оңтайлы нәтижеге жетуге көмегін тигізетін өзін-өзі бақылау тәсілдеріннің түрлеріне тоқталып өтейік: үлгіге (жауапқа) сәйкестік; есептің шешімін қайта шығару; кері есеп шығару; есеп шарты бойынша шыққан нәтижені тексеру; есепті әр түрлі тәсілдермен шығару; моделдеу; ізделініп отырған нәтижені болжалды бағалау; шыққан нәтижені қосалқы бөліктері бойынша сынау.
Өздік жұмыстың маңызды түрлерінің бірі – үй тапсырмасы. Сабақта өткен теориялық материалды үйге берілген есептер мен жаттығуларды шығару арқылы пысықтамай, оқушылардың математиканы жақсы деңгейде игеруін ұйымдастыру қиын. Мұндай жұмыс сапалы болу үшін қайсыбір есептерді есептерді сыныпта, ал қайсыбірін үйде шығару керектігін күні бұрын жоспарлануы керек. Жалпы алғанда, үй жұмысы сапалы болу үшін, яғни тапсырманы оқушылар өз күшімен толық орындап шығуы үшін өткен жаңа тақырып сабақ үстінде есеп шығару барысында пысықталып, үйге оған ұқсас есептер берілуі керек.
Қорыта айтқанда, оқушылардың өзіндік жұмысы оқу-танымдық құзыреттіліктің негізгі бөлігі болып табылады. Өздік жұмысы – оқушының құзыреттілігі деңгейін анықтаушы индикатор. Мұғалім оқушылардың өздік жұмысын саралап жіктеп, басқарып отыруы қажет. Өздік жұмысының сараптамасы оқыту түрі ретінде қарастырылуы керек, демек қате санын белгілеп қана қоймай, сонымен қатар қатені жіберу мәселелеріне оқушы түсіне алатындай талдау жасалуы қажет.
Білім берудің сапалы түрі – ол процесс немесе жүйе емес, ол жеке тұлғаның білім беру қызметі процесінде туындайтын білім құндылықтарын бойына жете сіңіру нәтижесі. Ол мектеп оқушыларының білімді игеру қорытындысы және олардың құзыреттілігін анықтайды. Қоғам оқушы бойынан сапалы білім мен қабілетті көргісі келеді. Яғни, білім беру құзыреттілігі осы әлеуметтік тапсырыс көрінісі болып табылады.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Сабалақов А. Математика тарихынан. Алматы,1966.
-
Пойа Д. Математика и правдоподобные рассуждения. – М., ИЛ, 1959.
-
Борода Л.Я. Некоторые формы работы по привитию интереса к математике. Математика в школе. №4, 1990, стр.39.
-
Қожабаев К.Г. О воспитатаельной направленности обучения математикик в школе. Книга для учителей. – М.; Просвещение, 1988.
-
Метельский Н.В. Дидактика математики. Общая методика и ее проблемы – Минск, 1982.
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген