ОТБАСЫ АСПЕКТІЛЕРІ
Алғы сөз
«Отан от басынан басталады» демекші, тәуелсіз еліміздің өсіп келе жатқан жас ұрпағына дұрыс тәлім-тәрбие беру, санасын қазақи тұрғыда қалыптастыру осы отбасынан басталады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны аларсың» деген де тамаша мақал бар, яғни елдің болашағы – қазіргі жас буын біздің болашағымыз, елдігіміздің белгісін алға апарушы.
Отбасы – адам тұрмысын ұйымдастырудың қайнар көзі, некеге немесе қандас туысқандыққа негізделген қоғамдық шағын топ. Қоғаммен, бүкіл қоғамдық қатынастардың жүйесімен тығыз байланыста болғанымен, отбасы – қоғамдық өмірмен салыстыра қарағанда адамдардың биологиялық жағынан ең жақын, өз алдына дербес те сырлас тобы. Отбасы өмірі материалдық және рухани үдерістерімен сипатталады.
Отбасы – өмірге адам әкелу, оның қажеттілігін өтеу, өмірге жан-жақты даярлау, яғни әлеуметтендіру, сол сияқты тәрбиенің барлық түріне бағыт берумен айналысатын әлеуметтік институт болғандықтан мектептегі психологтар тек оқушылармен ғана емес, бүтіндей отбасымен толық айналысып, қажет кезінде оған жан-жақты көмек көрсете алғанда ғана нәтижеге жете алады.
Отбасы – адам баласының түп қазығы, алтын ұясы. Себебі адам баласы шыр етіп дүниеге келген күннен бастап, сол ортаның ыстық-суығына бейімделіп, ықпалына көніп, ер жетеді. Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін де өзі отбасын құрып бөлек шықпайынша, туған ата-анасының қол астында, қамқорлығында болмақ. Демек, отбасы – негізгі қамқорлық мектебі.
Отбасын «дербес мектеп, әлеуметтік институт» деп қарастыратын болсақ, әке-шеше – сол орданың ұстаздары, ал ата-әже – профессорлары іспеттес. «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер», «Ағаға қарап іні өсер, әпкеге қарап сіңлі өсер» деген мақалдардың өзі бала тәрбиесіндегі отбасының рөлінің өте маңызды екенін байқатады. Алайда соңғы уақыттарда еліміздегі нарықты экономиканың қарқынына ілесу қиыншылығынан, кейбір отбасыларында бала тәрбиесі әлсіреп, тіпті еріксіз қолдан шығып, орны толмас олқылықтар жіберіліп жатыр. Ата-ана өз міндетін атқару барысында жіберілген кемшілігін қоғамға, білім беру мекемелеріне арта бастады. Оған қоса, шартты түрде дамыған білім беру жүйесі мен бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы, «мәдени орын» деген атаудың астарына жасырынған керекті, керексіз сауық үйлерінің ашылуы отбасының тәрбие беру және әлеуметтену қызметін әлсіреткені баршаға аян.
Қалай десек те салауатты өмір кешкен ата-ананың өз ұрпағы алдындағы міндеттері мен құқықтарын ешкім бөліп атқармақ емес. Сондықтан да, отбасындағы ата-анаға өздері өмірге әкелген баласы үшін қаншалықты жауапкершілік жүктелетіндігі елімізде заң жүзінде қарастырылған.
Қазіргі қоғамда адам баласының толық бақытты болуы негізінен, бірнеше факторға байланысты деп есептеледі. Бұл: ата-анасының тәрбиелі, мәдениетті де үлгілі болуы; жақсы ұстаздың кездесуі; мамандықты дұрыс таңдауы; лайықты жармен одақтасуы; өз балаларының болуы. Шындығында бұл факторлар тек өз отбасында ғана емес, өмірде адамның өзін шын бақытты сезінуіне, қабілеті мен мүмкіндіктерін іске асыруына, өмірде өз қолтаңбасын қалдыруына қозғаушы күш іспетті.
Бұл кітапта, күнделікті тұрмыстық тіршіліктерде кездесетін отбасылық мәселелермен бірге бала тәрбиесінің де қыр-сыры тәжірибелік сипатта жазылған.
ПСИХОЛОГТАРДЫҢ ОТБАСЫМЕН ЖҰМЫСЫ
(Отбасы – Оқушы – Мектеп қағидасы)
ҰЯДА НЕ КӨРСЕҢ
Ұлтыңның болашағы жақсы
болсын десең – бесігіңді түзе.
Бесікке салу дәстүрі туралы не білесіз?
Қазақ халқы ұрпағымның жалғасы, шаңырағымның түтінін түтетін болашағым деп, баласының жақсы азамат болып өсуі үшін қолынан келгенін аямаған. Бала шыр етіп жарық дүниеге келген күннен бастап бірінен соң бірі ретімен келіп жататын үлкенді-кішілі той-домалақтардың бірі – бесікке салу.
Бесіктің керек-жарағын Қазақстанның кейбір аймағында баланың нағашы жұрты, яғни, келіннің төркіні алып келеді. Бұл той баланы бесікке салумен жалғасады. Осы жерде айта кететін бір жайт кейбіреулер баланы қырқынан шыққаннан кейін бесікке салу керек деп жатады. Себебі, бала бұл уақыт аралығында еркін, аяқ-қолы бос жатып үйреніп қалады да, бесікке жатпай қояды. Сондықтан баланы кіндігі түскеннен кейін бесікке бөлеген жөн.
Бесікке салу тойы – бала өміріндегі ең елеулі тойлардың бірі дедік. Бұл тойда да өзге тойлардағыдай мал сойылып, ауылдың үлкен аналары, абысын-ажындар, көрші-қолаңдары шақырылады. Шақырылған әйелдер шашуларын әкеліп, қуанышқа ортақтығын білдіреді. Жөргектен шығарып, ит көйлек кигізген сәбиді бесікке әйелдердің ішінен жас жағынан болсын, мінез-құлық, іс-әрекет жағынан болсын парасатты, бойы таза, инабатты, жөн білетін, ел-жұртқа сыйлы, балалы-шағалы, немере-шөбере сүйген қарт әжелердің бірі салады.
Бесікті қалай аластайды?
Алас, алас, баладан алас,
Иесі келді, пәледен қаш!
Алас ал, пәле алас,
Көзі жаманның көзінен алас,
Тілі жаманның тілінен алас,
Қырық қабырғасынан алас,
Отыз омыртқасынан алас, –
деп пәле-жала, жын-шайтан, тіл-көзден сақтасын деп тілек айтатын болған. Тек осыдан кейін ғана бесікке салу рәсімі орындалады. Бұл кезде тағы «тыштыма» ырымы жасалынады. «Тышты ма, тышты ма?» дейді, осы кезде отырғандар шуылдасып «тышты-тышты» дегеннен кейін бесіктің түбек тесігі арқылы кәмпит, бауырсақ, тәтті тоқаштар бесіктің астына тосылған қолға тасталады да, оны қоршап отырған бала-шағаға, отырған әйелдерге үлестіріледі. Бұл баланың ырзығы тасып, қонағы көп, мерейі үстем, достарын сыйлы, қолы ашық болсын дегені. Шашу үлестірілгеннен кейін үйдегі әйелдердің бірі бесіктің түбегін орнатып, жанындағы бір-екі әйелдің көмегімен үнсіз отырып, баланы әзірленген бесікке салады.
Жайықтың суы келмейді жалпағынан,
Сырдың суы келмейді сирағынан,
Баланы бесікке салғанда сатам, –
деп әке-шешесіне сатады. Содан кейін бесікке дүниеде жоқтық көрмесін, ұйқысы қалың болсын деп, «тоғыз киім – тоғыз торқа» деп тоғыз қабат жабу жабады. Қыз бала болса басына айна, тарақ, қайшы, ұл бала болса жастық астына пышақ қояды. Ал, бесікке салған адамға «бесікке салар», яғни, кәделі сый береді. «Бесік жыры» айтылады.
Міне, осылайшы ұлан той жасалып, бесікке салынған бала 1 жастан асқанша бесікке бөленеді.
Бесіктің сәби денсаулығына пайдасы.
Аттың жалы, түйенің қомында жүріп өмір сүрген көшпенді халық үшін бесік көшуге де өте ыңғайлы болған. Ел аузында бесік туралы мынадай аңыз бар. Бірде жоңғарлар шапқыншылығынан соң тоз-тоз болған ел тау жаққа қарай босап, үдере көшкенде, жүкті жас келіншек бос бесікті арқалап бара жатқан көрінеді. Сонда Төле бимен қатар келе жатқан кісі: «Мына бейшараның көрпе-жастығын тастап, бос бесікті арқалап келе жатқаны несі», – дегенде, Төле би: «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі ғой», – деген екен.
Бесіктің сәби тазалығына да пайдасы зор. Бесік кез келген ағаштан жасалынбайды. Бұл мүлікті қасиеттеп аршадан, июге икемді болғандықтан көп жағдайда талдан жасайды. Тал бесік аталуының да сыры осында жатыр. Осы екі ағаштың әрі әдемі иісі бар, әрі мықты, құрт түспейді, шірімейді. Бұл баланың иіс сезу, көру, есту қабілеттерінің дамуына, яғни, баланың денсаулығына да әсері мол болған. Бесіктің негізгі бөліктерінің бірі шүмек пен түбек. Бесікке бөленген нәрестенің кіші дәреті шүмек, ал үлкен дәреті бесік тесігі арқылы түбекке жиналады. Түбек жиі-жиі ауыстырылып отырады. Шүмек өте әдемі етіліп қойдың асық жілігінен жасалады. Кейбіреулер тіптен айрықша аппақ болуы үшін сүтке қайнатып та алады. Ұлға арналған шүмектің аузы дөңгелек тесікті болса, қыз балаға арналған шүмектің тесігі сопақша болып келеді. Жаңа туған және кіндігі енді ғана түскен сәбиді барынша жылы ұстау керек. Өйткені ол суықты тез қабылдайды әлсіз әрі нәзік. Ал бесік баланы қажетті жылумен қамтамасыз етеді. Сонымен қатар бесік баланы кездейсоқ қауіп-қатерден, құлап қалып бір жерін майып қылудан да сақтайды.
Тағы бір мән беретін нәрсе бесікке бөленген баланың мінезі байсалды, жайдары болады. Атап айтқанда сөзге тоқтау, бірін-бірі тыңдау, сабыр сақтау – барлығы біздің халыққа тән қасиеттер. Адамның бойындағы осы қасиеттері қалыптасуына бесіктің пайдасы ұшан-теңіз. Ал, қол-аяғы бос жатқан бала жеңілтек, ұшқалақ, сабырсыз болып өседі. Байқасаңыздар, қазіргі ұл-қыздардың мінезінде үлкен өзгеріс бар. Шыдамсыз, бірінің сөзін бірі тыңдағысы келмейтін сабырсыз, кез-келген нәрсеге еліктегіш, қызыққыш деген сияқты... Бұл бесікке бөленбей өскен ұрпаққа тән.
«Ел боламын десең – бесігіңді түзе» деген сөз де осындай жағдайларға қарай айтылса керек. Сондықтан болашақ жастар ата-салтымыздан келе жатқан бесіктің қасиетін, оның болашақ ұрпаққа берер пайдасын ұмытпайық.
Бесік жыры
Әлди, әлди, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем!
Жылыма, бөпем, жылама,
Жілік шағып берейін.
Әлди-әлди, аппағым,
Қойдың жүні қалпағым,
Жұртқа жаман болса да,
Өзім сүйген аппағым!
Әлди, әлди, шырағым,
Көлге біткен құрағым,
Жапанға біткен тірегім,
Жаман күнде керегім!
Қонақ келсе, қой, бөпем,
Қой тоқтысын сой, бөпем,
Құйрығына той, бөпем!
Әлди, бөпем, ақ бөпем,
Ақ бесікке жат, бөпем.
Астыңа терлік салайын,
Үстіңе тоқым жабайын.
Тойға кеткен апаңды
Қайдан іздеп табайын.
Жылама, бөпем, жылама,
Атекеңді қинама!
Құрығыңды майырып,
Түнде жылқы қайырып,
Жаудан жылқы айырып,
Жігіт болар ма екенсің?
Айыр қалпақ киісіп,
Ақырын жауға тиісіп,
Батыр болар ма екенсің?
Таңдайларың тақылдап,
Сөйлегенде сөз бермей,
Шешен болар ма екенсің?
Кең балағын түріскен,
Ұлы топта түріскен,
Балуан болар ма екенсің?
Көзімнің ағы-қарасы,
Жүрегімнің парасы,
Уайым-қайғы ойлатпас,
Көңілімнің санасы.
Айналайын, балам-ай!
Айналсын сенен анаң-ай!
Әлдилеп сені сүйгенде,
Атаңның көңілі болар жай!
Ұмыт қалып бара жатқан дәстүр-салтымыздың бірі осы бесік жыры. Бұрынғы апа-әжелеріміз, баланы туылғаннан бесікке бөлеп, сол бесікте емізіп, балаларына бесік жырын айтып отырып ұйықтатқан. Ал, қазіргі аналарымыз бен жас келіндеріміз бесікке бөлеуді де, бесік жырын айтуды да ұмытып барады. Тіпті тұрмысқа шығып, бөпелі болған қызына бесіктің орнына жел бесік алып бара жатқан ата-аналар да бар. Әрине бұл қынжылтатын жағдай. Өйткені, бесік бабалардан келе жатқан аманат, мұра. Ал, біз болсақ, оны ұмытып, шетелге еліктеп барамыз. Бесікке жатпаған, бесік жырын тыңдамаған қазіргі кейбір балалардан ата-анасына деген мейірімнің жоғалып бара жатқаны да осыдан. Әрбір ана бесік жыры – балаға берілетін алғашқы тәрбиенің бірі екенін есте ұстап, баланы әлди жырымен азықтандырғанымыз абзал.
Баяу ырғақпен айтылған анасының әлдиі туғаннан баласының құлағына сіңеді. Поляк революционері А.Янушкевич өз естеліктерінде «Қазақтың 3–4 жасар баласының тілі жатық, ал 5–6 жастағы балалары шешен әрі тауып сөйлейді, ойын еркін жеткізе біледі» деген.
Әдемі әуені мен астарында ізгі тілегі бар бесік жырын тыңдаған бала шебер болуға да, шешен болуға да ұмтылып өседі. Баланың бойына әсерлі әуенімен, сұлу сөзімен айтылатын бесік жыры ана сүтімен қосылып осылай сіңеді. Бесік жырының түрі көп. Сәбиінің аман өсуінен бастап, болашақ өміріне деген тілегі, сенімі, ниеті әдемі әнге шумақ болып өріліп, анасының айтуымен балаға жетеді. Сондықтан да бұрыннан келе жатқан бесік жырын ғана емес, ана сәбиіне арнап өзі шығарған бесік жырын айтуына болады. Ондағы жыр мәтіні мағыналы болуы шарт. Бесік жырының маңыздылығы осында жатыр.
Тіпті бұрынғы аналар алыстағы төркініне деген сағынышын да баласымен сырласа отырып, «Әй, әй, бөпем, әй, бөпем, артта қалған елімді көрер ме екем?» деп бесік жырына қосқан. Анасының төркініне деген сағынышы, махаббаты бөпеге беріліп, ол анасын ардақтайтын, мейірімді әрі жанашыр болып өскен.
Сонымен қатар бесік жыры сәби тілінің ерте шығуына, есте сақтау қабілетінің жақсы, өнерге жақын болуына әсер етеді. Осындай кереметтей әнді бойына сіңіріп өскен қазағымның әр баласы ата-анасына мейірімді, жыр әуені сияқты мінезі салмақты, сабырлы болып өседі.
Сәби өміріндегі елеулі тағы бір елеулі оқиғаның бірі – қырқынан шығару. Қырық күнді қазақтар бекерден-бекер ерекшелемейді. Себебі қырық күн – сәби үшін де, анасы үшін де қауіпті, әрі қатерлі кезең. Қырқынан шықпаған бала жердің баласы емес деп есептелінген. Анықтап қарасаңыз, қырқынан шықпаған баланың көзі біртүрлі тұманданып әрі қайда қарап тұрғаны белгісіз секілді, көзін аударып-төңкеріп тұрады. Ал қырқынан шығарған соң оның көзі жылтырап, кәдімгідей жан-жағына көз тоқтатып қарайды, көзінде от пайда болады. Қазақ қырқынан шықпаған баланы үйде, оңаша ұстаған. Адам дүниеден өткенде де қырқын береді. «Ғайып ерен, қырық шілтен», «қырық жетіні» қырқа матап бердім» деген сөздер де тілімізде кездеседі, яғни қырық санының біздің өмірімізде алар орны ерекше болғандығын осындай мысалдардан білеміз...
Қазақ қызы – ұлт болашағы
Жас босанған келінін көргенді ене қырық күн бойы күткен. Әсіресе, тұңғыш баласын өмірге әкелген ананы ерекше қамқорлыққа алады. Сәбидің дені сау болып өсуі осы жас ананы қырық күн мәпелеп күтумен тікелей байланысты. Біріншіден, жас босанған ананың омырауын суық тиюден сақтаған әрі жүн шәлімен байлап, барынша жылы ұстаған. Бүгін де төс ауруларының көбейіп кеткенінің бір ұшы дұрыс күтінбегендікте жатыр. Дүниеге сәби әкелген ананың өнбойы балбырап, бүкіл буыны босап, он екі мүшесінде өзгеріс болады, сондықтан оған суықты жолатпай жылы ұстаған. Өйткені иммунитеті әлсірегендіктен, ол сыртқы әсерді оп-оңай қабылдайды. Сондықтан да жас келіннің күш-қайраты орнына келгенше денсаулығына көп көңіл бөлген. Қырық күн бойы қалжаның етін жегізіп, сорпасын ішкізген. Өкініштісі, қазір перзентханаларда жас босанған келіншектерге дәстүрімізге сай күтім жасалмайды. Тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егемен ел болып жатқан Қазақстанымызда сәбидің кіндігін кіндік шеше кесетін, жас ана босана сала қалжа жегізетін ұлттық перзентхана ашылса, «Елің жақсы болсын десең, бесігіңді түзе» деген қағиданың дәл орындалатынына кепілдік бере аламыз, осы қазағымның елім, жерім деген аналары. Кеңес Одағының кезінде, тіпті бертінге дейін жаңа босанған аналардың ішіне «қан тоқтату үшін» деген желеумен кесек-кесек мұзды қойған. Бүгінде зиянды ережелерден перзентханаларымыз арылды. Негізі, әйелдің босанғаннан кейінгі іштегі қатқан қаны мен артық тұзы, «жел-құзы» терлеу арқылы термен бірге шығады. «Тері қатып қалыпты» деп жатады кейбір келіндердің бетіндегі қарала-торала дақты көрген әжелеріміз. Бұрын қырық күн бойы жас босанған ананың қолын суық суға салғызбаған. «Тіске суық тиеді», «тісі түсіп қалады» деп суық су, салқын сусын ішкізбеген. Сол сияқты даладағы тірлікке де араластырмаған. Келін аман-есен босанғаннан соң енесі мықты әрі жұмсақ матамен белін мықтап байлап тастаған. Сол арқылы тоғыз ай бойы керілген құрсақтың қайта қалпына түсуіне мән берген, әрі бүйректі суық тиюден сақтаған. 7–8 перзентті дүниеге әкелсе де қазақ әйелдерінің құлын мүшесі бұзылмай, дене сымбаты сақталуының сыры да осында. Келіннің аяғына жылы шұлық, бұрынырақта тіпті арнайы тізеқап кигізіп қоятын болған. Осындай күтім арқылы әйелдің буын ауруларына шалдықпауын ойлап, алдын алған. Тіпті шаш түспеуінің алдын алып, келіннің шашын тастай қатты ғып өріп тастайтын болған. Тағы да аса бір мән берген нәрсе – босанған ананың бетіндегі қара даққа қатысты. «Бөпең әбден тойып болған соң, соңғы қалған сүтіңмен бетіңді сүрт» деп келіннің бетінде дақ қалмауын да ойлаған. Босанған ананың бір түлеп, жасарып, сұлулана түсуіне, біріншіден, қалжаның пайдасы тисе, екіншіден, баласынан қалған сүтті бетіне жаққанның әсері мол болған. Осының барлығы – түптеп келгенде, өмірге жаңа келген перзент үшін жасалатын қамқорлық. Ананың дені сау болып, аман-есен жетіледі. Әсіресе, тұңғыш баласын босанған ананы қырық күнге дейін қол-аяғын қимылдатпай күтсе, келесі балаларында жөн-жосықты өзі-ақ білетін болады. Тұла бойы тұңғышын дүниеге әкелерде жас анаға барлығы жұмбақ, тылсым құпиясы мен қорқынышы басым болатындықтан, оның әрбір қадамына енесі, кіндік шеше мен абысын-ажындары үлгі-өнеге көрсетіп отырған.
Ел аузындағы әңгімелерде айтылатын «тезек теріп, далада жалғыз жүріп босанып қалып, баласының кіндігін тісімен қиятын» аналар – осындай күтімді көрген, денсаулықтары мықты біздің қазақ әйелдері. Ендеше, біздің әжелеріміздің кемеңгерлігінің арқасында келіндеріміз дүниеге он шақты бала әкеліп халқымыздың демографиясын көтеріп отырған. Және ешқашан сымбатын жоғалтпаған, бүгінгідей әйелдерде кездесетін түрлі аурулар да олардан аулақ болған...
Кіндікті ашық ұстамау
Бұл күндері қыздарымыздың көбінің белдері ашық-шашық жүреді. Бүйректің суықты бірден қабылдайтын өте нәзік, әрі сезімтал мүше екенін білмейді. Кіндікті көрсетіп жүргенді сән көріп жүрген қаракөз қыздарымыз жетерлік. Ал біздің қазақ кіндікті өте қасиетті деп санаған. Бұрын ұл баланың жолдасын – алты қырды асырып, ал кіндігін табалдырықтың астына көмген. Әжелеріміздің «табалдырығыңды баспа» дейтіндері сондықтан. Ұл – шаңырақтың иесі, елін-жерін қорғайтын ертеңгі азамат, болашақ жауынгер, әрі түздің адамы. Ал қыз баланың жолдасын да, кіндігін де оттың басына көмген. Олай болатыны, ол – қай жерге бармасын, қазан-ошаққа ие болар болашақ келін, ұрпақ өрбітетін болашақ ана. «оттың басына түкірме» дейтін тыйымның мәні осында жатыр. Жетпіс жыл бойы біздің кіндігімізді кім кеспеді, түскен кіндіктің қайда тасталғаны да бізге белгісіз. Күл-қоқысқа лақтырылып, ит пен мысық жегендіктен де бірімізді біріміз тыңдамай, сөзімізді көтере алмай, итше ырылдасып жататынымыз да осыдан болуы мүмкін ғой... Кім біледі... Былай қарасаң, кіндік – соншама қадірлеп әрі дәстүрлеп көметіндей емес, тырнақтай тері. Бірақ ата-бабаларымыз кіндікке соншама мән беріп, қасиетін бағалағандықтан да жаужүрек ұлдары, үлкеннің алдынан кесіп өтпеген ибалы келіндері болды. Ата-бабамыздан бізге осыншама кең-байтақ жер қалуының бір сыры осында жатса керек. «Кіндік қаны тамған жер» деп те айтып жатамыз... Қалай десек те, бұл негізсіз емес. Бұл күндері баланың кіндігі түспей жатып перзентханадан үйге шығарып жібереді. Белгілі себептермен перзентханадан ұзағырақ жатып қалса, кіндікті сұрап алып, адам аяғы баспайтын ағаштың түбіне көміп тастайтын отбасылар қатары көбейіп келеді.
Бірақ бір өкіндіретін жайт – дұрыстап түсіндірілмейтіндіктен, белін жалаңаштап, кіндікті көрсетіп жүретін қыздарымыздың қатары көбейгендігі. Бұл қыздарымыз өз денсаулықтарына үлкен зиян келтіріп жүргенін білмейді, жете түсінгісі келмейді. Бұрындары жігіттерге қыздардың қолынан ұстау арман болса, бұл күнде керісінше, құпия қалмай бара жатыр. «Қытығы кетеді» деп ұяттың жоғалатынын ескеріп, қолын беріп амандаспаған қазақтың қылықты қызы бүгінде кіндік көрсетіп жүруге ұялмайтын болды. Бұған қазақ қызының ұяты деп қана емес, бүкіл бір ұлттың болашағы деп қарайтын кез келді. Ұлттық намысты, қазақ қызының санасын оятатын уақыт жетті...
Жүктілік
Сау дене, азат ақыл, адал көңіл –
үшеуімен бақытты болады өмір.
Жүктіліктің неше айлығынан бастап дәрігер бақылауында болу керек?
Жүктілік – ауру емес, ол физиологиялық жағдай. Мұның маңыздылығы бір ағзадан екінші ағза дамып жетіледі. Қауіпсіз жүктілік бағдарламасы бойынша қазіргі таңда әйел дәрігерден көмек күтіп отыра бермей, өз денсаулығына өзі үлкен жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әр әйел өзінің жүкті екенін білгенде құрсақтағы сәби үш айлық болғанға дейін әйелдерге кеңес беру бөліміне барып, есепке тұруы керек. Егер жүкті әйелдің денсаулығы қалыпты жағдайда болса, ол босанғанға дейін төрт рет мекен-жайы бойынша жауапты дәрігер-гинекологтың қабылдауында болады. Жүктілік кезеңінде міндетті түрде есепке алынғаннан кейін екі рет және содан кейін 12 апта өткеннен соң АҚТҚ (ВИЧ) инфекциясына қан тапсырып, толық бақылаудан өтеді. Іштегі нәрестенің дамуы кезінде әйелді қандай да бір жағдай мазалап жатса, қалаған кезінде өзінің дәрігер-гиекологына жолығып, тиісті кеңесін ала алады. Ал физиологиялық бұзылулар: бүйрек ауруы, бұрын баланың іште өлуі немесе өздігінен түсік тастаған, сонымен қатар жүктілігіне қауіп төндіруі мүмкін болған түрлі себептерге орай әйел дәрігерге жиі жүгініп, босанғанға дейін оның бақылауында жүреді. Дәрігер қажет деп тапса, жүктілікті сақтау мақсатында емханада жатып ем қабылдауға жолдама береді. Құрсақтағы шарананы 10 – 14, 20 – 24, 30 – 34 апталығында ультрадыбыстық зерттеу арқылы тексеріп, жүкті әйелдің денсаулығына саусақтан қан алу және кіші дәреті арқылы сараптама жүргізіліп тұрады. Әйелдерге кеңес беру мекемелерінде «болашақ аналарды дайындау бөлмелері» жұмыс атқарады. Онда жүктілік кезінде өзін жеңіл сезінуге және жүкті әйелдің босануын жеңілдетуге арналған түрлі жаттығулар көрсетіледі.
Ал, енді жатыр мойны қатерлі ісігіне келетін болсақ, бұл ауру әлем бойынша қатерлі ісіктің түрлері бойынша таралу жағынан сүт безі қатерлі ісігінен кейінгі екінші орында тұр. Оның дамуына қарсы егілетін вакцинаның бар екендігі рас. Мамандар осы вакцинаны егу арқылы қауіпті дертің алдын алуға болатынына 90% сенім артып отыр. Осыған орай, 2009 жылдың қыркүйек айынан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің № 607 бұйрығы бойынша арнаулы жас аралығындағы әйелдерде жатыр мойны қатерлі ісігін дамытатын вирустың мөлшерін анықтайтын «Дайджен» тесті жүргізілетін болады. Нәрсете өмірге келгеніне үш күн болғанда туберкулезге қарсы вакцина егілетіні баршамызға белгілі. Сол сияқты жатыр мойыны қатерлі ісігіне қарсы вакцинаны да 9–10 жас аралығындағы қыз балаларға егуді болашақта жоспарға енгізу көзделіп отыр. Әр ата-ана өз қалауы бойынша 9–13 жас аралығындағы қыз балаларына мекен-жайына қарасты медициналық бөлімшенің көмегімен жатыр мойны қатерлі ісігін болдырмауға арналған вакцинаны ақылы түрде салдыруына болады.
Жасанды түсік қауіпті ауруларға бастай ма?
Алғашқы баланы жасанды түсік жасату арқылы алдырту – ана болу бақытынан айырады. Бұрын-соңды болмаған құбылысты мезгілсіз тоқтатудан бөлек, жасанды түсік түрлі механикалық құралдармен жасалады. Суық темірді жатырға сұғып, операцияны бастағанда құрсақтағы баланың өзі қорғану үшін әлгі суық құралдан қашатыны дәлелденген. Операцияда нәрестені алып тастаудан кейін жатыр арнайы құралмен қырналады. Содан кейін жатырдың шырышты қабырғалары бір-біріне жабысып қалу қаупі бар, сондықтан екінші, үшінші жүктілікке жасалған жасанды түсіктен кейін де қайт құрсақ көтеру қабілетінен айырылатын әйелдер көп. Мұны қатты қырылған жатыр қабырғасына ұрықтың орналаса алмауымен түсіндіруге болады. Дегенмен, жатырдың қайта қалпына келуі жасанды түсіктен әйел ағзасына, оның кейінгі күтіміне байланысты екенін айта кету керек. Мәселен, көбіне бүгін жасанды түсік жасатып, ертеңіне қайта жыныстық қатынасқа түсетін әйелдің қайта құрсақ көтеру қабілеті жойылады.
Алғашқы жүктіліктен кейін ғана емес, сәтсіздік кез келген уақытта орын алуы мүмкін. Өйткені бала көтергеннен кейін әйел ағзасы эндокриндік жүйемен баланы дамытып, оны тоғыз айдан кейін тууға дайындалады. Ал бүкіл ағза осындай дайындықпен қызметке кіріскенде жүктілікті орта жолдан қасақана үзу бүкіл ағзаға қарсы әрекет болып табылады. Орталық жүйке жүйесі барлық құбылыстарды реттеп отырады, ұрыққа қажетті гармондарды бөлу де оның бір қызметі. Жасанды түсік жасағаннан кейін ағзада шатасу пайда болып, оның салдарынан түрлі аурудың туындау қаупі басым. Егер әйелдің денсаулығы мықты болса мұндай қиыншылықтарды жеңіп шыға алады. Ал әйел қаншалықты әлсіз, темекі шегіп, алкогольді ішімдік ішетін немесе өзінде бұрыннан қалыптасқан ауруы болса, оның қайтадан бала көтеруі қиындайды, тіпті ондай мүмкіндіктен айырылуы да ғажап емес. Ағзада кейде бір емес, бірнеше аурудың қатар туындау қаупі бар. Жасанды түсік жасағанда операция құралдары жыныс жолдарын «аралап» шығады. Сондайда тек жатыр ғана емес, жатыр мойнының шырышты қабаты да зақымданады. Жасанды түсік жасалғаннан кейін жатыр қабатының қайта қалыптасуы кезінде гармондағы бұзылыстың салдарынан жатырда, жатыр мойнында, әйелдің жыныс ағзасында, аналық безде қатерлі ісіктің пайда болуы, түрлі қабынулар, еттің өсуі, миома сияқты көптеген аурулар бастау алады. Мұндайда экологияның да рөлі маңызды.
2008 жылдың 29 желтоқсанындағы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің № 636 бұйрығы бойынша жасанды түсік жасату екі жағдайда: әлеуметтік және медициналық көрсеткішке байланысты рұқсат етіледі. Мысалы, әйелдің күйеуі бас бостандығына айырылған азамат (қамауға алынған) болса немесе әйел жүкті кезінде күйеуі көз жұмып, соған байланысты құрсағындағы сәбиді өмірге әкелуден бас тартса, бұл – әлеуметтік себеп болып табылады. Сонымен қатар, тыныс жолдарының, асқазан, бауыр, бүйрек, т.б. ауруларының асқынуына байланысты, бала туу өміріне қауіпті болған жағдайда, қан аурулары, мидағы аурулар немесе психодиспансерде тіркеуде тұратын болса әйелдің денсаулығын, өмірін сақтап қалу мақсатында жүктілікті үзу – медициналық себеп ретінде қарастырылған. Елімізде мұндай талап қойылуының себебі тек адам санын көбейтуді қарастыруда деп түсінуге болады. Сонымен қатар жоғарыда айтып өткеніміздей қауіпті аурулардың алдын алу, халықтың, ана мен баланың, болашақ ұрпағымыздың денсаулығын сақтау да көзделген.
Балаңыздың досы көп болсын
Талант тыныштықта кемелденеді,
мінез алай-дүлейінде шынығады.
Сіздің балаңыз күннен күнге ержетіп не бойжетіп келеді. Енді оның отбасынан бөлек, достары, ортасы көбейе бастайды.
Бала осы өтпелі кезеңге (әрі қауіпті, әрі жауапты) дайын ба?
Әрбір бала өсе келе ұжымдық ортаға түседі, яғни, балабақша, ауладағы балалар, мектеп және т.б. Осы жаңа ортаға бала бірден үйренісіп кетпейді, нағыз досты табу қиын. Маңайындағы балалармен бастапқыда ойнамақ тұрмақ, керісінше, даладан үйге өкпе-ренішін, арыз-шағымын арқалап келеді.
Осының себебі неде? Ол үйде жүргенде сондай сүйкімді, үлкендерді күлдіре сөйлейтін, тілі тәтті томпаңдаған тартымды балақан. Бірақ сыртқа шыққанда тұйықталып қалады, балабақшаға барғысы келмейді, аулаға шығудан да бас тартады. Неліктен екенін өзінен сұрап көріңіз, балаңызға олармен ойнау ұнамайтынын айтады.
Негізінде баланың денсаулығы дұрыс болса, ол қатарластарымен ойнауға, араласуға ұмтылып тұрады. Ал, достасуға тартыншақтаса, оңаша ойнағанды қалайтын болса, онда қоршаған ортамен, айналасымен қарым-қатынасында немесе байланысында қандай да бір кінәрат, ауытқушылық бар. Мұның себебін, ата-анасы ретінде тез анықтап, бала көңілінің кілтін табуға тырысуы керек.
Жаңа ортаға түскенде, тіпті бұрын-соңды өзге балалармен, көпшілікпен араласып жүрген баланың өзі сасқалақтап қалады. Баланың бөтен ортада ойынға қойып кетпейтін себебі, олардың әрқайсысының мінезінде өзіндік ерекшеліктері бар: біреуі тым эмоционалды, енді бірі ызақор, бірі ұялшақ, бірі өзін төмен ұстайды, енді біреулері керісінше тым асқақ, айналасына менсінбей қарайды.
Бұдан басқа себептеріне үңілсек, бала үйдегілердің біріне тым жақын, өзінің айтқанын істететін не болмаса әке-шешесінің қамқорлығына шектен тыс бөленген ерке болуы мүмкін. Ал, аулаға шыққанда ешкім алдынан бұлай ебектеп шыға қоймайды, сондықтан не істерін білмей бөгеліп тұрып қалады. Тек бұл емес, үйде жүргенде балаға үлкендер тарапынан жеткілікті назар аударылмаса бала өздігінен томаға-тұйық боп, сыртқа шығудан бас тартады. Сонымен бірге аулаға шығып ойнауға көп тыйым салатын ата аналар да бар. Ондай балада жоғарыда айтқан кемшіліктер орын алады.
Баланы ертелі-кеш үйде қамап ұстап отыру зиян. Бірте-бірте ойыншықтары жалықтырады, бірнеше сағат бойы теледидар мен компьютердің алдында отырған баланың көру қабілеті нашарлайды, басы ауырады, психикасына кері әсер етеді. Мұндай баланың да өзінің айналасымен ортақ тіл табысуы қиындай бастайды.
Бала алғаш қатарластарымен араласа бастағанда, өзіне беймәлім көптеген жайттарға тап болатыны белгілі. Бір-біріне ұқсамайтын әр түрлі балалар, мінездері де әр түрлі... Әрине, бәрімен достасқысы, сөйлескісі келеді, бірақ неге екенін өзі де білмейді, қоршаған ортада ыңғайсыз сезінеді. Балаңыздың мұнысына қарап, оны одан сайын қыспаққа алмаңыз. Бұл өзі қалыпты, әр балада болатын табиғи жағдай. Тек бұған дейін балаңыз үй ішінде үйреншікті адамдармен шектелетін, ол жерде өзінің сөзін сөйлейтін, қамқорлыққа алатын, еркелететін, әкесі, әжесі, атасы бар. Ал, жаңа ортаға түскенде оларға дос табу керектігін сезінген бала қинала бастайды.
Көп жағдайда ата-аналар психологтарға осындай проблемалармен келеді. Яғни көптеген балалар қасындағы балалармен кикілжіңге келіп қалады, алысып-жұлыса кетеді, не болмаса ортаға кірігіп кете алмайды, шеттеліп қалады.
Психологқа келген ананың әңгімесінен: «қызым үшке келгенде әдейі жұмыстан шығып кеттім. Жолдасымның табысы жеткілікті болатын, бір жағы үйде отырып кішкентайыма көңіл бөлейін деп ойладым. Оған дейін балабақшаға бергенмін,бірақ жұмыстан босаған соң, қайтадан шығарып алдым. Себебі, балаға тек кешкі уақыт пен сенбі жексенбі күні ғана көңіл бөліп қарағанымыз аздық етер. Содан бері менімен бірге, мінезі сабырлы деуге болады. Мен не істесем де, тамақ пісірсем, кір жусам, үтіктесем бір елі қалмай қасымда жүреді.
Сурет салады, қуыршақтарымен ойнайды. Дегенмен, қалай аулаға шығамыз тұйықталып қалады, балаларға жоламайды. Келесі жылы мектепке бару керек, ал, ол болса менсіз бір қадам аттамайды. Мектепке дайындық тобына жазылдық, есіктен әрі қарай баспайды, етегіме жабысып тұрады.
Мұның себебі, бала тек анасымен бірге жүргенде ғана өзін жақсы, жайлы, еркін сезінетіндігінде.
Тағы бір мысал. Психологтың қабылдауына үш жасар баланың анасы келеді. Ол: «Баламды балабақшаға апарып жүргеніме бір апта болды, әлі жылауын қоймай жатыр. Таң атса болды, ештеңеге қарамай өзінен өзі жылай бастайды. Балабақшаның есігіне жақындағанда, тіпті қатты абыржиды, менің қойған сұрақтарыма жауап беруден қалады. Кеше жылағанына қарамай, қалдырып кеттім. Сонда да кешке дейін көнбей жылап отырыпты. Балалармен ойнамаған, не тамақ ішпеген...»
Бұл баланы анасынан бөлек алып шығып, оңаша сөйлескенде оның мінезі ашық, адамдарға сенгіш, балалардың арасынан дос тапқысы келетіні белгілі болды. Ой-қабілеті де қалыпты дамып келеді екен, 100-ге дейін санай алады, әріптерді танып оқи алады, тақпақтарды жатқа біледі. Сөйтсе, балақай үйде көбінесе әжесімен бірге қалатын көрінеді. Ал, әжесі болса, немересі десе жаны қалмайды. Осындай жылы қабаққа, аялы алақанға бауыр басып қалған балаға балабақша секілді үлкен ұжым дәл қазір жат әрі қорқынышты болып көрінеді. Бұл тығырықтан шығу үшін, анасы мен әжесі бірнеше күн бойы баламен балабақшада бірге болуға кеңес берілді. Арада бір жұма уақыт өткенде, ол жаңа достарына, балабақшаға үйренісе бастады.
Бірінші кездескенде балалар оншалықты достық пейіл таныта қоймайды, түрлі жағдайлар болады, мәселен баланы мазақтауы, келекелеуі, жүгіріп келе жатып қағып кетуі мүмкін. Мұндай кезде бала шеттеу жерде ысырылып тұрады. Қасындағы балалармен ойнап кете алмаудың тағы бір себебі тұйықтық. Ата-анасы балаға билік жүргізетін, әміршіл, шыдамсыз болып келсе, балада тұйық мінез қалыптасады. Олар баланың бойынан кемшілік көрсе, айқайлап сөйлей бастайды, осындай қысым арқылы бала ширай түседі деп ойлайды.
Мұндай тәрбие жағдайды одан сайын ушықтырып, баланың тұйықтығы үдей түседі. Үндемейтін балаға да үлкен мән берілген дұрыс. Бала ашуын сыртқа білдірмегенмен, ойын жасырын түрде жүзеге асыратын болады. Барлық нәрсені ерегісіп және кек алу мақсатымен істейді.
Қатарластарымен бірден тіл табысып кете алмаған балаларды екі топқа бөліп қарастыруға болады. Көбінде олар не өзімшіл, не тұйық мінезді болып келеді. Өзімшілдер ата-анасының, ата-әжесінің еркелетуімен бәрінің ортасында жүрген, айтқаны екі етпей орындалатын бала. Сондықтан өз қатарластарының ортасына түскенде ол тек менің айтқаным болады деп айналасына қалауын орындатқанды жақсы көреді. Алайда, мұны өзге балалар түсіне қоймайды және оның еркеліктерін қабылдамайды. Бұл өзімшіл балаға ауыр тиеді. Сол себепті, аяқ астынан өкпешіл, томсырайып үндемей жүретін не болмаса қырсық, ашуланшақ болып кетеді.
Ата-ана дәл қазір қолға алмаса, яғни баласының ортаға бейімделуіне көңіл бөлмесе, ол жасөспірім жаста да қатар-құрбысымен жақсы қарым-қатынас орната алмауы мүмкін.
Тіпті ең аңғарымпаз ата-ананың өзі де кейін баласының шын мәнінде мінезі, болмысы қандай екенін дәл айта алмайды. Кейбір балалар өз құрдастарына қарағанда өзінен жасы үлкендеу баламен немесе кішілермен тез шүйіркелеседі. Ал, енді бірі тек қана ұлдармен не болмаса қыз балалармен араласқанды ұнатады. Үшіншілері, баладан гөрі ересек адамдарға жақын болады.
Өзінен жасы үлкен баламен араласатындар қатарынан озық, ойлау қабілеті дамыған, қиялы ұшқыр болып келеді. Сол себепті, оларға құрдастарымен ойнау қызық емес. Егер бала жасы кішілермен жүруді ұнатса, қатарынан кем қалып, баяу дамып жатқаны ма деп ойлап қалмаңыз. Ондай бала үйінде кішілерге қамқор бола алатын, кісіге мейрімді, жанашыр отбасында кездеседі.
Тек ұлдармен не қыздармен ғана араласатын балаларға абай болу керек. Бір жақты болып кетсе, ертең ер жеткен шақта қанша дегенмен ұжыммен араласуы, көппен байланысуы қиынға соғады. Сондықтан баланы кішкентай кезінен адамдарды бөле-жара қарамай, әр түрлі адамдармен тілдестіріп үйретуге және жастайынан адам танып үйренуге баулығын дұрыс.
Сонымен, құрдастарымен тіл табысуы қиын тұйықтар мен өзімшілдер туралы айтып өттік. Өзімшілдердің тұйықтарға қарағанда жарасы жеңілдеу, өйткені олар әйтеуір бір жерлерде өзінің «әмірін» жүргізетін достар тауып, «тіл табыса» алады. Тұйықтардың жағдайы ауырлау. Сол себепті, келесі тақырыпты осы мәселеге арнайық.
Бала тұйық болмас үшін ата-аналарға төмендегі кеңестерді ұсынамыз:
• Кішкентай кезінен бастап, балаңыз өз қатарластарымен достасып, тіл табысып кететіндей мүмкіндік жасап отырыңыз. Баласы көп отбасына қонаққа барыңыз, көрші үйдің балаларын қонаққа шақырыңыз, мерекелі сәттерді ұйымдастырыңыз.
• Балаға шектен тыс қамқор болмаңыз не болмаса ерік-жігерін жасытатын сөздер айтпаңыз. Әр нәрсені өз ойымен, өз бетінше шешетіндей жағдай тудырыңыз.
• Көрші ұлдар немесе қыздар арасынан балаңызбен үнемі араласып тұратын, сөйлесетін бала табыңыз. Мұны ертерек іске асырғаныңыз дұрыс.
• Балаңыз ауладағы балалармен ойнап жүрсе, тек бақылаушының рөлінде тұрып қалмаңыз. Олар тоқтап қалса, араларына кіріп кетіңіз, ойынға қатысып, балаңызбен олардың достық қарым-қатынас орнатуына көмектесіңіз. Егер балалар бір-бірімен жанжалдасып қалса, онда татуластырыңыз. Ойын біткен болса, онда басқа қызықты ойын тауып жалғастырып жіберіңіз.
• Баланы өз талаптарыңызбен, өз қызығушылығыңызбен, өз таңдауыңызбен мезі етпеңіз. Тек сіздің қолыңызбен жасалған ойыншықтар, сіз айтқан ойындар, сіз айтқан кеңестер баланы кейде керісінше мезі етеді. Өз қызығушылығы болмаған соң, тез жалығады, амалсыздан орындайды, соның нәтижесінде ерік-жігерсіз, өзіндік пікірі жоқ, басқаның ықпалымен жүретін балаға айналады.
• Баламен ойнаңыз, көңілденіңіз, ән салыңыз, билеңіз!
• Басты кейіпкер балаңыз және достары болып табылатын ойын ұйымдастырыңыз.
• Сіз айтқан, сіз ойлап тапқан ойындарды ойлап табуына көмектесіңіз.
• Өзінің ойын, пікірін ашық, анық айтуға айқайламай, ұрыспай үйретіңіз.
• Балаңыздың ортасын жиі өзгерпеуге тырысыңыз. Мәселен, балабақшадағы өз тобына бой үйретіп қалған бала, жаңа ортаға қайтадан бейімделіп кетуі қиын, бала кенеттен тұйықталып қалады. Егер жағдайыңызға байланысты, басқа жаққа қоныс аударып, балаңызды басқа балабақшаға ауыстырған болсаңыз және ол көпке дейін өзге ортаға бейімделе алмай жүрсе, бір амалын ойлап таыбыңыз. Балаңызға достар табу үшін, басқа балалар оған көңіл аудару үшін оларға шай ұйымдастырыңыз. Үйде болсын, балабақшада болсын,өз қалауыңыз білсін. Шайдың үстінде байқаулар болса, тым алақай.
• Балаңыздың дос болғысы келген ниетін, талабын қолдаңыз, оған сенім ұялатыңыз. Әкесінің, анасының өзін мақтағаны балаға жақсы талпыныс тудырады.
• Баламен көшеде жиірек болыңыз, ол өмірдің өзі адамдармен араласудан тұратынын анғарсын, маңайының бәрі қаптаған адам екенін сезінсін және адамның күні адаммен екенін білсін. Сәби шағынан көпшілік ортада жиі болған жанның есейген кезде де көпшіл, бауырмал болары сөзсіз.
• Анасының, әжесінің қасынан немесе үйден шықпайды деп баланы сөкпеңіз. Бір сөзді қайталай бермеңіз. Бұл да баланың тұйықталуына себеп болады. Одан дұрысы, аула ішіне шығарып, оның балалармен ойнап кетуіне көмектесіңіз. Оларға үйреністі-ау дегенде жайлап қасынан алыстай беруіңізге болады.
• Балаға адамдардың ізгілігі, достығы жайлы ертегі әңгімелер айтып беруді не оқып беруді ұмытпаңыз. Бала осы арқылы әр адамның ең болмағанда бір жан досы болу керектігін зердесіне құйып өседі. Бала дос табу үшін айналасына сеніп өсуі керек.
Мәселен, мына ертегіні айтып беріңізге болады: «Ертеде бір әйелдің үш ұлы болыпты. Ұлдары жігіт болып ержеткен соң, өнер үйреніп, ел тану үшін алыс жолға сапарға шығыпты. Сонда аналары ұлдарына қалай дос табу керектігін айтып, ақыл-кеңес береді. Үлкен ұлына былай дейді: «Жолдың ортасына келгенде әдейі тоқтап, қасыңдағы жолдасыңа ер-тоқымыңның айналып кеткенін айтқын, «сен алға озып жүре бер, мен ізіңнен қуып жетемін!» де. Егер ол саған көмектеспей кетіп қалса, дос болып жарытпайды, балам!» Сосын ортаншы баласына қарап оған мынадай кеңес береді: «Жолшыбай қарның ашқанда, дорбаңнан наныңды алып шығып, жаныңда келе жатқан серігіңе ұстатып, екеуміз бөліп жейік де. Егер ол өзіне нанды көбірек сындырып, азғантай бөлігін берсе, сараң адам болғаны, ондай жан қиын күндерде сенімен бірге қалмайды». Кенжесіне айтады: «Жолың тұйыққа тіреліп, алдыңнан қарақшылар жолықса, бірге келе жатқан досыңа «алға қарай шап, өз өміріңді құтқар!» дейтін бол. Сол кезде алды-артына қарамай сені тастап шаба жөнелсе, ол барып тұрған сужүрек, ондайлар нағыз дос бола алмайды!»
Мұнан да қызықты ертегі, әңгімелерді тауып айтуға болады. Қазір кітап дүкендерінде қазақ тілінде сыртқы мұқабасы түрлі-түсті суреттермен безендірілген, көз тартарлық әдемі жақсы кітаптар көп. Мұндай кітаптардан баланың тілін жаттықтыратын және тұйық мінезін ашуға көмектесетін ойын түрлерін, жаңылтпаштарды, жұмбақтарды табуға болады. Егер кітапты баланың қолына ұстата салсаң, оның өздігімен қызығып оқып кетуі қиындау. Ендеше кітаптардағы материалдарды қалай дұрыс қолдануға болады? Бұған дейін балалар арасында отырыстар, мерекелер ұйымдастыруды ұсындық. Осы шараларды отырыс түрінде өткізуге болады. Ол бір топ ата-ана жиналып, балмұздақ, тәтті шокалад, сусындар ұсынуға болады. Қайткен күнде балалардың өздерін еш қысылмай еркін ұстауына жағдай жасалғаны абзал. Әрбір бала назардан тыс қалмау үшін олардың әрқайсысы өзін лидер сезінетіндей етіп, ойын ұйымдастырылуы керек. Әр балаға үлкендер тарапынан тамшыдай болса да назар аударылсын және бәрі бірдей сыйлық ұтып алатындай жағдай тудырыңыз. Бала бұл жерде ән, тақпақ, жаңылтпаш, жұмбақтар, айта алады. Ата-аналар балаларын қошаметтеп, мақтап, мадақтайды.
Бала үшін өзінің қатарластарымен достасып ойнау өте маңызды
Егер баланың өзі бір топ баланың ішіне бірден кіріп кетуге қысылса, оған көмектесуге тура келеді. Оны қолынан жетектеп, балалардың ортасына барыңыз. Сосын балаңыздың атын айтып таныстырыңыз, олардың қандай ойын ойнап жатқанын, ойынға тағы бір жаңа қатысушы керек емес пе, соны сұраңыз. Әдетте, сол балалардың арасынан жаңадан келген баланы ортаға тартатын бір бала табылады.
Егер айналасындағы бүлдіршіндер сәбиіңізді шеттететін, ренжітетін болса, бала кенеттен тұйықталып қалады, олардан бойын алыс ұстайтын әдет тауып алады. Бәлкім, ол абайсызда балалардың бірін қағып кетіп, бір-бірімен шекісіп қалған болар, ондай кезде де келесі жолы баланы көшеге шығару қиынға түседі. Тартыншықтай береді. Әсіресе, қазіргі ата-аналардың жұмысы қауырт, көбінесе біздер, ересектер, қызмет қуып кетеміз, тұрмысымыз оңалсын деп бірнеше жұмысты қатар алып жүреміз, міне, осындай кезде бала тәрбиесі екінші орынға ысырылып қалады. Әке-шешесінің жылы қабағын, махаббатын сезінбей өскен бала іштей томаға-тұйық қалатынына күмән келтірмей-ақ қойыңыз. Баланы жалғыз басты ана тәрбиелейтін болса, онда жауапкершіліктің қаншалықты үлкен екенін біліп отырған боларсыз. Осы жауапкершіліктің артында ертеңгі үлкен бір адамның тағдыры жатыр.
Бала тәрбиелеуде жақсы нәтижеге қол жеткіземін десеңіз, алдымен өзіңізді өзгертіңіз. Яғни, өзіңіздің көзқарасыңызды, әдет-қылықтарыңызды, жүріс-тұрысыңызды тексеріп көріңіз. Егер балаға үнемі айқайлап, бұйырып сөйлейтін болсаңыз, ол нені болса да сізден қорыққанынан орындайтын болады. Бұл әдетте баланы екіжүзділікке, өтірік айтып жалтаруға, қу болуға тәрбиелейді. Сонымен қатар басқа жаман әдеттер, мысалы, қорқақтық, жалтақтық, өзіне сенімсіздік, ашуланшақтық, кекшіл мінездер пайда болады. Сол себепті, балаңыз орындай алмайтын тапсырманы оның мойнына жүктеуден абай болғаныңыз абзал. Ол сіздің айтқандарыңызды орындай алмай қалған жағдайда, түсінуге тырысыңыз. Адамды түсіну деген сөз – оның жасаған істерінің, қадамдарының, тіпті қателіктерінің себеп-салдарына үңілу. Неліктен орындай алмады, не себепті осыған жетті? Сонда ғана сіз өз балаңыздың ой-өрісі қаншалықты деңгейде дамып-өсіп жатқанына талдау жасай аласыз.
Басқа балалармен еркін сөйлесіп кетуі үшін ұлыңызға не қызыңызға қалай көмектесе аласыз? Біріншіден, баланы бауырыңызға баса бермеңіз. Әрине, балаңызды мейірлене сүйген, құшырлана иіскеген жақсы. Дегенмен, бұл тым жиі қайталанса, онда балаңыздың тұлға ретінде қалыптасуына, кез келген проблеманы шешуге мығым болуына, өмір сүру қабілетінің артуына кедергі келтіресіз.
Ата-ана бала үшін де үйге қонақ шақырып тұрғаны дұрыс. Бала таза әрі әдемі бөлмесін, салған суреттерін, ойыншықтарын, т.б. көрсетіп, өзіне деген сенімділікті қалыптастыра алады. Бұлар арқылы, балаңыз өзге балалар алдында ұпай жинайды және өзіне сенімді бола бастайды. Сонымен бірге бала қатарластарымен өз үйінің ішінде еркін бола алады. Тілдесіп үйренеді. Қонақтар тараған соң, балаңызға бөлмесінің ішін жинап қоюға баулып отырыңыз. Егер үйде сырқаттанып жатқан адам болса, қатты шуламай, тыныш отырып ойнауын өтініңіз. Қалай дегенмен, балалар қонақта жүргенде, қонақ келгенде өзін дұрыс ұстай білуді үйренгені абзал.
Ең маңыздысы балаңыз үлкендер оның айтқан тілегін орындады, енді өз кезегінде ол да үлкендердің ескертпелеріне, берген тапсырмаларына құлақ асып отыру керек екенін түсінуі қажет. Мұның да пайдасы бар. Осылай байланысу арқылы бала үлкендермен қарым-қатынас орната біледі.
Егер бала тіліңізді алмаса
Үлкенді сен сыйласаң,
Кіші сені сыйлайды.
Кіші сені сыйласа,
Кісі сені сыйлайды.
Көптеген ата-аналар балалары өскен сайын айтқанды тыңдамайтын, қайта айтқан нәрсені керісінше істейтін әдет пайда болғанда, қалай тәрбиелеуді білмей дал болады. Баламен арадағы осындай келіспеушіліктердің соңы ылғи үлкендердің ұрысуымен, болмаса жаза қолдануымен аяқталатынын білеміз. Бұл арадағы қарым-қатынасты ушықтыра түседі. Үлкендер балаларға даусын көтереді, ал балалары ендігі сәтте жай сөзбен ескерткеніңізді мүлде тыңдауды қояды. Содан кейін ата-ана балаға қатаң қарай бастайды, жаза қолданады... Соңы баланың жалтарып, жалған сөйлеуіне әкеледі.
Мұндай жағдайда мәселені шешу үшін кейбір ата-ана баланы қалайда бос ұстамау керек деп ойлайды, ертең басымызға шығып алады деп қатты болуға тырысып бағады. Ал, енді бір ата-ана бұл жағдайда баласының әрбір қадамын қадағалап отырады. (әсіресе 20, 30 жастағы баласын сәби санайтын ата-аналар), үнемі қызғыштай қорғап, баласына шаң жуытпайды. Үшінші бір ата-аналар бәріне қолын сілтейді. «Не істесең өзің біл, ертең өкпелеме, бұл сенің өмірің».
Әрине, қандай әке мен ана болмасын баласының бақытты болғанын қалайды. Ал, бала бақытты болу үшін не істеу қажет? Төменде біз сіздің балаңызды қалай тәрбиелеу туралы емес, қандай әдісті қолданғанда бала тілалғыш болады немесе қандай жағдайда тілазар болуы мүмкін, қандай жағдайда жаза қолдану керек және қолданбау керек, сол жөнінде кеңестер бермекпіз.
Бала неліктен сөзге құлақ аспайды?
Бұл сұраққа жауап алу үшін алдымен өзіңіз мына сұрақтарға жауап тауып көріңіз; мәселен, бала айтқанды тыңдағысы келмейді, ендеше мұнымен не айтқысы келеді? Не ойлайды екен? Бұған не істеу керек, жазалау керек пе, жоқ алдандыру керек пе, әлде елемеу керек пе? Қит етсе баланы бір шыбықпен айдаймын деп шала бүлінуіңіз, жазалаймын деп қол жұмсауды әдетке айналдыру – бұл өзіңіздің пайдаңызға шешілмейді. Біз жаңа туылған нәрестені жылады деп жазалағанымызбен ол ештеңе түсінбейді. Бала үлкендердің өзіне не үшін шара қолданып жатқанын ұғынбайынша бәрібір ештеңе өнбейді.
Мына бір жағдайды мысал ретінде алайық, бала таңертеңгілік ас үстінде байқаусызда сүт төгіп алды. Шешесі қабағын түйді де, қолынан ыдысты тартып алады. Түскі ас кезінде баланың бағанағы қылығы тағы қайталанады. Бұл жолы анасы үндеген жоқ, көңілді отырған болатын, керісінше бетінен сүйіп, сәбиіне күле қарады. Ал, кешкілік сол жағдай тағы қайталанды. Бұл жолы анасы терісіне сыймай ашуланып, оны үстел басынан қуып жіберді... Ал, нәтижесі не болады екен? Бұл жерде бала өкпелі. Ол өз қылығына үлкендер тарапынан екі түрлі жауап алып, оның қайсысы дұрыс екенін білмейді. Және өзінің кінәсі неде екенін де ажырата алмады.
Ал, енді мұндай жағдайда кейде бала ғана емес, ересектердің өзі тап болатынын көз алдымызға келтірелік. Қонаққа барған едіңіз, абайсызда қолыңыздан сусын құйылған фужер сусып түсіп кетті де, сынып қалды. Айналаңыздағы адамдардан қандай сөз күтесіз? «Оқасы жоқ, ештеңе етпейді. Ондай-ондай болады, қазір жинап аламыз...». Егер мұны үй ішінде балаңыз сындырып алған болса ше? Не айтасыз? «Көзіңе неге қарамайсың? Қайда қарап жүрсің? Неге абайламайсың?» т.б. Бұл сөздер адамға қалай әсер етуі мүмкін. Әрине көңілге тиетін сөздер.
Олай болса, не себепті үлкендердің көңіліне қарау керек те, балаларды ренжітуге бола береді деп ойлаймыз? Олардың, яғни адам мен адамның құқығы бірдей емес пе? Жоқ, бірдей емес екен. Үлкендер қанша дегенмен өмірде көрген-білген тәжірибесі бар жандар, ал бүлдіршін балақайлар болса, өмірдегіні енді ғана үйренуші, оқушы ғана. Міне, айырмашылық осында. Сондықтан олардың бір нәрсені бүлдіріп алуы, сындырып алуы, төгіп алуы... міндетті түрде болады. Бірақ, бәрі де заңдылық. Осыны түсініп бағыңыз.
Психологтар бала не себепті айтқанды тыңдағысы келмейді, соның себеп- салдарын мұны төртке бөліп қарайды.
Біріншісі, балаға жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбейді. Яғни, ата-анасының баламен бірге ойын ойнауға, қасында болуға, әңгімелесуге уақыты бола бермейді. Бірақ, жазалуға, ұрысуға, жұмсауға келгенде олар уақыт табады және назар аудара алады.
Әкесі екі жасар баласымен аула алдына шықты. Бала өздігімен құм үстінде ойнап отырды да, кенет әкесіне уысымен құм шаша бастады. «Болмайды! Оның не? Лақтырма!» деді әкесі дауыстап. Бала сықылықтап күлді де одан сайын лақтыра жөнелді. «Бұлай істеме, әйтпесе көресің!» деп дауысын көтере сөйлеген әкесіне, балақай бұл ойынын тағы жалғастыруға көшті.
Енді осы оқиғаны талдап көрелік. Әкесі баласының неліктен бұлай істейтініне ақылы жетпейді. Ол қатты ашуланды. Ауладағы балаларымен бірге жүрген көршілерден ұят болды. «Мынаның баласы бұзық екен, қалай тәрбиелеп жатыр» деп ойламай ма? Әлгінде баласы тілін алмаған соң, бұл майлы жерден шапалақпен тартып жіберді, әкесі дәрменсіз екен деп ойламасын.
Бұл әкесінің ішкі ойы. Енді баланың көңіл күйі қандай екен, соған келейік.
Алдымен, балақай әкесімен бірге ойнағысы келіп, оны шақырды. Ал, ол болса біршама уақыт көршілермен әңгімелесіп тұрып қалды. Сосын бұл әкесін қаратпақ болып, құм лақтыра бастады. Сол кезде әкесі әңгімелесуін бірден доғарып, бұған назар аударды. Бірақ, әкесі баласымен бірге ойнаудың орнына қабағын түйіп, айқайлауға көшті.
Екіншісі, өзінің айтқаны болу үшін бала үлкендерді тыңдамайды. Яғни, бала әр басқан қадамын қадағалап отыратын, ескерту айтатын үлкендерден бөлектенгісі, өздігімен еркін ойнағысы келеді. Сондай жағдайда қырсық мінез танытып жатады.
Үшіншісі, бала үлкендерден кек алу үшін айтқанды орындамайды. Біз көбінесе, бала алдындағы өзіміздің қылығымызды, іс-әрекеттерімізді байқай бермейміз. Мысалы, қарбалас сәтте айтқан уәдемізді орындамауымыз мүмкін, әлдекімге өтірік сөйлеп жатқанымызды аңдап қалуы мүмкін. Кейде балаға «мұныңды ешкімге айтпаймыз» деп айтып аламыз да, осы әңгіме жайлы құрбымызға айтамыз. Осыдан соң балада ерегіс пайда болады.
Төртіншісі, ештеңеге сенбей өсу. Үлкендер балаға «сен топассың», «сенің қолыңнан түк келмейді», «сенен ештеңе шықпайды», «ынжықсың» деп үнемі нұқып отыратын болса, ол «расында мен сондай екенмін» деп ойлайды да уақыт өте дәл сондай болып шығады.
Бастысы, балаңыз бір нәрсені дұрыс істемесе, ол сізге ерегіскеннен істемейді, оның міндетті түрде бір себебі бар. Мұның себебін зерделеп білу – ата-ананың парызы.
Балаға талап қояр кезде дауысыңыз шегелегендей нық, әрі анық болсын. Сабырлы түрде жеткізіңіз. Егер өктем дауыспен: «жүгірме!» «таста оны!», «тиіспе ол затқа!» деп айқайлайтын болсаңыз, онда айдалаға айтқанмен бірдей. Құры айқай баланың санасына түрткі бола алмайды, яғни бұдан бала ештеңе үйрене қоймайды, босқа жүйкеңізді жұқартасыз. Баланы түкке алғысыз етіп, айыптаудан абай болыңыз. Сіздің сын-ескертпелеріңіз оның бір ісіне ғана қатысты болуы керек, тапсырманы толық орындамадың деп оны бастан-аяқ сөгудің қажеті жоқ. Баланы үнемі тұқыртып отыратын болсаңыз, одан жігерлі адам шықпайды.
Егер сіз өмірде балаға әрқашанда жақсы үлгі көрсетсеңіз және айтқан сөздеріңіз бен істеріңіз бір жерден шығатын болса және балаңыздың алдында уәдеңізде тұратын болсаңыз, онда балаңыз алдында беделіңіз жоғары әрі балаңызға үлгі және балаға қатысты көптеген мәселенің алдын алып отырсыз.
Тілалғыш бала, ол кім?
Әдепті бала – арлы бала,
Әдепсіз бала – сорлы бала
Бала тіл алмаған жағдайда не істеу керек? Ата-аналар психологқа көп жағдайда балам тілімді алмайды деп шағымданады және олар мұндай кезде мынадай үш түрлі әдісті қолданады екен.
Оған аса назар аудармау. Бірде алты айлық сәбиі бар жас ана психологқа келеді. Тіпті бұл күлкілі жағдай десе болады. Бөбек түнімен шырылдап жылағанда өзі де, жұбайы да ұйықтамай шығады. Оны әлдилеп жұбатудың орнына шешесі қасында отырып, өзі қосылып жылайды. «Неге баланы қолға алмайсың?» деген психологтың жауабына олай ететін болсам ертең қолға үйреніп кетеді деп жауап береді. Ата-ана шырылдап жылап жатқан баласын бауырына басып, айналып-толғанып жұбатудың еш зияны жоқ.
Басқа қызықты нәрсеге алдандыру. Егер баланың жасы кішкентай болса, мына әдіс нағыз керек тәсіл. Мәселен, бала еңбектеп не аяғын апыл-тапыл басып жүрген болса, тыңдамай үстел үстіне шығып кетеді, ыстық кесені ұстап алуы мүмкін... Сондай кезде ашу шақырып, балаға ұрысып жатқаннан гөрі, ойыншық беріңіз, басқа сөзге алдандырыңыз, назарын басқа жаққа аударыңыз.
Жазалау. Сіз ата-анасыз. Бір кезде өзіңіз де бала болдыңыз. Сізді де ата-анаңыз тәрбиеледі. Әдетте, ата-аналардың кейбірі: «мені бала кезімде қатаң ұстады, содан адам болдым, сондықтан менің балам да еркелеп кетпеуі тиіс» деп ойлайды және осы әдісті ұстанады да, енді біреулері: «мен анамның айтқанын екі етпеуші едім, қызым да сондай болуы тиіс» деп ұл-қызының алдына шарт қояды. Яғни, бұлар: «мені қалай тәрбиеледі, ұрпағымды да солай тәрбиелеймін» деушілер. Өмірде бұл түсінікке мүлде керағар жағдайлар болады. Мысалы, кезінде атақты бір адамның балалары, әкесі секілді танымал болуды емес, жәй ғана қарапайым отбасын құрып, көзге түспейтін қатардағы елеусіз жандардың бірі болсақ деп ойлайды екен. Мұның себебі олар кішкентай кезінен ұдайы қысымда, көпшіліктің қырағы назарында өскен. Өз абырой-атағына кір келтірмеу үшін әкелері балаларына үлкен талап қойған. Тіпті үйлерінен лауазымды қонақтар, жазушылар, ғалымдар, журналистер арылмаушы еді дейді. «Мынау пәленшенің баласы ма» деп сөгіп жүрмесін, ұят болмасын деп балалары үнемі сақ жүруге тиіс болады. Есейе келе, балаларының бірі әкесінің жолын қуады, енді бірі сол өздері тілегендей «жай қарапайым отбасы» болып қалған.
Кейбір ата-аналар бала кезінде қолы жетпеген арманын балаларына орындатқысы келеді. Мысал, әкесі ойлайды «мен бала кезімде спортпен айналыса алмадым, енді балам мықтап қолға алсын». Бұл спорт түрін баласы қалай ма, қаламай ма, оған физикалық күші жете ме, жетпей ме, онымен санасып жатпайды. Әлбетте, спортпен айналысқаны жақсы. Бірақ, бұл жерде баланың қалауына ден қойған дұрыс. Өйткені, ол балаға ғана қажет.
Тілалғыш бала өмір сүруге икемді ме?
Ата-аналар баласының сыпайы, мейірімді, тәртіпті, тіл алатын болып өскенін қалайды. Тәртіпті бала – әке-шешесінің абыройы. Алайда, мұндай тәртіпті бала жігерсіз, жалтақ, әлжуаз болып келеді, ол өздігінен бастамашыл болып өсе алмайды. Ол тек айтқанды ғана орындайды, ержеткенде де айтқанды тыңдайтын, айтқанды ғана орындайтын адам болып қалыптасады. Бұл жақсы нәрсе ме? Ойлап қараңыз, есейе келе бала жауапкершіліктің не екенін білмейді, істеген қылықтары мен қадамдарына жауап бермейді, ол тек қана үлкендер қалай айтады соны орындайды. Онда да үлкендерді тыңдау керек деген оймен орындамайды, айтқанын орындасам мақтай ма, мақтан тұтама деген оймен істейді.
Бірінші сыныпта оқитын баланың анасы бірде психологтан «менің баламмен ешкім достасқысы келмейді, соның себебі бар ма?» деп сұрады. Сөйтсе оның мәнісі мынада екен. Балақай сынып жетекшісіне сыныпта кімнің не істегенін айтып беріп, осы қылығымен мұғалімге жаққысы келеді. Осы үшін сыныптастары оны жаратпайды. Бірақ ол үлкендер өзіме назар аударсам, оларға жақсы болып көрінсем деп ойлайды. Сонда оның бойында қандай қорқыныш бар? Бұл бала өзін үлкендер алдында тәртіпсіз етіп көрсетуден қорқады.
Үлкендер өздері қашанда баланы қандай бағытта тәрбиелеп жатқанына көңіл аударуы керек. Бала мен ата-ана арасында тәрбиелік үйлесім болған жағдайда ғана үлкендер арман-тілегіне жете алады. Бала тәрбиеленетін ортада адамдардың қарым-қатынас жайлы, мейірімді болуы керек. Яғни, бала «қазір маған ұрсады-ау» деген қорқыныш үстінде жүрмеуі тиіс. Әйтпесе ол «қорыққанын ғана сыйлайтын» болып өседі. Сондықтан баламен ата-ана ашық, жайдары, шынайы қарым-қатынас орнатуы қажет. Бала келеңсіз жағдайда тап болғанда басқа біреуден емес, әке-шешесінің өзінен кеңес сұрайтындай сенімді қарым-қатынасқа қол жеткізу керек.
Психология ғылымында мынадай термин бар: «өзін қоршаған ортаға базалық сенім». Бұл сенім баланың кішкентай кезінен бастап қалыптасады. Болашаққа сенім ата-анасының о бастағы баласына деген қорғаушы сезімінен, мейрімділігінен, қамқорлығымен, сүйіспеншілігінен пайда болады. Осындай тәрбиемен өскен баланың мінезі батыл, бастамшыл, оптимист болып келеді. Яғни, бұл адам болмысының іргетасы екенін бастапқы бөлімдерде тереңірек айтып өттік. Бірақ, өкінішке орай, тәрбиенің дұрыс болмауынан балада өмірге деген сенім бола бермейді.
Біз баламыз тілімізді алмаса шапалақтап алу керек, не ұрсу керек, болмаса бұрышқа тұрғызып, басқа шаралар қолдану керек деп ойлаймыз. Дегенмен, жазалаусыз-ақ тәрбиелеуге бол ма? Алдымен «жазалау туралы» тақырыпты қозғап өтейік.
Баланы жазалау
Күш көрсету арқылы жазалау. Кешкілік балабақшада киім ілгіш тұсында сылбырап ұзақ киінген қызын анасы желкесінен түйгіштеп қалды. Мұны байқаған бір келіншек көзі шаршасынан шыға жаздап: «Мұныңыз не? Олай етуге болмайды ғой?» деп еді. Әлгі әйел:
– Ә, сіз не, мүлде бала ұрмаушы ма едіңіз? – деп таңқалып сұрады.
Баланы ұрып-соғу біреулерге таңсық болса, енді біреулерге үйреншікті жағдай. Күш қолданып жазалайтын отбасылардың балалары қатыгездікке бейім болады. Мәселен, ондай бала, өзінен жасы кішілерді, үй жануарларын, ойыншақтарына күш қолдануды үйренеді. Отбасында бала көргенін істейді, егер әкесі қол жұмсап өсірген болса, ертеңгі күні ол да шаңырақ көтеріп, отау тіккенде саналы түрде мұны қайталауы әбден мүмкін. Өйткені, ол баланың сана-сезімі жақсы нәрсеге бағытталмаған, мәселені бейбіт түрде шеше алмайды, оған дейін көрген-білгені, танығаны, бар деңгейі осы ғана. Дегенмен, адамның бәрі бірдей емес қой, керісінше бала кезінде таяқ жеп, зәбір көргендердің ішінде, өзіне серт беріп, баласына саусағының ұшын тигізбейтіндер де болады.
Кезінде АҚШ-та, Батыс Еуропа елдерінде балаларына өте қатыгездікпен қарап, тіпті суық қарумен қорқытып-үркітетін отбасылар көбейіп кеткен. Тұрғындарға сауалнама жүргізгенде 2 миллионнан астам адам балалық шағының бұлыңғыр, ауыртпалықпен өткенін, соның ішінде әке-шешесі қатал әрі ұрып-соққанын айтқан екен «парк және Колмер, 1975 жыл; Парк және Слеиби, 1983 жыл). Қазір шетелде балалардың құқығы заңмен қатаң қорғалады. Мәселен, үлкен көшелерде бейнекамералар ілінген. Егер кімде-кім заң бұзушылыққа жол берсе, сол жерде жауапқа тартылады немесе көлемді айыппұл салынады. Міне, көшеде, тіпті көлік ішінде әкесі мен баласы келе жатыр дейік. Кенет әлденеге әкесі ашуланып, баласын нұқып, түйгіштеп алды. Сәлден соң, оларды жол сақшысы тоқтатады да екеуіне сұрақ-жауап жүргізеді. Полицей балаға қарап:
– Әкеңіз сізге қол көтерді. Не істейсіз, құқығыңызды қорғап, жауапқа тартасыз ба? – деп сұрайды. Әрі қарай әкесін сотқа беру, бермеу баланың өз еркінде.
Сөзбен жазалау
Баланы жер-жебіріне жетіп сөгу – расын айтса, таяқтап жазалаудан да зиян. Сірә, баласына өмірінде бір рет те болсын ұрыспаған, тілін тигізбеген ата-ананы кездестіру қиын шығар. (Мұндай ата-аналар бар болуы да мүмкін, соған сенуіміз қажет).
Біз көбінесе ашу үстінде тәрбиелік жағына көңіл аудармаймыз, тек өн бойымызды қысып, лықсып келіп қалған ызамызды сыртқа шығарып тастасақ болғаны. Мысалы, жұмысыңызда жағымсыздықтар болды, басыңыз ауырып, сіркеңіз су көтермей тұр, әлгінде дүкенде әлдекіммен сөзге келіп қалдыңыз... «таз ашуын тырнадан алыпты» демекші, үйге келгенде баланы қыспаққа аламыз. Ұстамды бола алмаймыз. Бірақ, бізге кернеген ашуымызды өзіміз басатындай, өзімізді бір сәт сабырға шақырып, ашу-ызаны өзіміз тарқатып, келеге келетіндей әрекет жасауымыз керек еді. Осылай мықтылық таныта алмағандықтан, біздің балаға айтар сөздеріміз мынадай болып келеді : «Немене, тағы да бүлдірдің бе?, «осы сен-ақ...», «өй, ылғи өстесің де жүресің...», «қашан адам болады екенсің...», «мына түріңмен адам болмассың», «сенің қолыңнан түк келмейді», «сенің қолыңнан не келеді дейсің...», «жұрттың балалары ғой, кісі сүйсінеді...». Мұндай сөздер баланы не ашушаң, ызақор етеді, не ынжық, тұйық, момын етіп шығарады. Неге десеңіз, бала өзінің әкесін, анасын, үлкен бауырларын үлкен тұлға санайды. Олардың берген бағасы төмен болса, бала соған иланады, шынымен жұғымсыз біреу екенмін деп ойлай бастайды. Немесе қолынан келіп тұрса да, батылданып кірісіп кете алмайды. Бәрібір «мен бұған лайық, емеспін!» деген ой санасын шырмап шықпайды.
Баланың көзінше туыстарыңыздың, көршіңіздің немесе басқа да өзі қатарлы балаларды мақтап, салыстыра бермеңіз. Әсіресе, «жұрттың балалары..» деген сөз оның намысына тиеді. Өзіңіздің жарыңыз «жұрттың күйеуі» немесе «жұрттың әйелі» деп салыстыра беретін болса, қалай қарайсыз? Көпшілік жиналған орында, үйге қонақ келгенде, мейманға барғанда, өзінен кіші бауырларының алдында баланы жерге қаратып, қателігін тауып ұрыса беру де оның жігерін жасытады.
Балаңызға баға (ставка) қойыңыз. Егер жоғары баға беріп, ішкі үніңізбен де, сыртқа білдіріп те «менің баламның қолынан көп нәрсе келеді, өскенде ел құрметтейтін азамат болады, бай-бақуатты өмір сүреді, бұған қабілетті» деп балаңызды әрдайым алға ұмтылдырып, қанаттандырып, талпындырып, үйретіп, ақыл-кеңесіңізді айтып отыратын болсаңыз ойлаған мақсатыңызға жетесіз! Егер балаңызға төмен баға беріп, «сен топассың, миғұласың, сүмелексің, ұсқынсызсың», дейтін болсаңыз және баланың осы кемшілігімен жұмыс жүргізбей, одан сайын тығырыққа тіреп, қабілет-қарымын тұмшалайтын болсаңыз, онда бағы жанбайды. Қалай десек те, ата-анасының баласы үшін тілеген тілегі қабыл болады. Сол себепті, балаға деген ниетіңіз бен пейіліңізге абай болсаңыз екен. Оның адами құны мен өмірін бағалаңыз.
Есіңізде болсын! Бала сіз үшін қолыңыздағы ақ парақ, оған әлі ештеңе жазылған жоқ. Не болмаса ол жаңа ғана жерге шаншылмаған тал шыбық. Параққа қандай жазу жазсаң, сондай өрнек пайда болады. Талдың түзу-қисықтығы күтіміне байланысты. «Қолыңнан түк келмейді» деп кесіп айтпас бұрын сіз өз балаңызды қалай баулып жүрсіз, еңбек етуге қалай үйреттіңіз, қалай ынталандырасыз, жалпы өзіңіз бала алдында қандай ұстазсыз, осы сұраққа жауап беріңіз. Қазақ халқының кемеңгер ұлы ақыны Абайға әкесі былай деген екен: «Сенің Абай болып тұрғаның, әкең Құнанбайдан туғаның»
Бір отбасының сүйкімді қызы болыпты. Шешесі оған ашуланғанда «шошқадайсың», «шошқа сияқтысың» деген сөздерді жиі айтады екен. Балауса қыз өзін ұсқынсыз санап, қатарластарымен сөйлесуге қысылады. Тіпті, айнаға қарауға қорқатын халге жетіпті. Бірте-бірте мінезі тұйықтала бастайды. Мұны білген сыныптастары «ұялшақ», «жуас» деп түртпектейді. Енді қыздың көзінде үркектік, әлжуаздық, даусында бәсеңдік пайда болды. Иығын қушитып, басын салбыратып жүреді. Ал, ата-анасы болса, онымен ісі болмайды, «өзі осындай, бар мінезі осы» деп, оған мән бере қоймайды. Онымен ешкім жақын тартып әңгімелеспеген, оның бойындағы жақсы қасиеттері барын, оны әрі қарай дамытуды, баланың өзіне айтып қанаттандырып отыруды ойламаған. Қыз бойжетіп, тұрмысқа шыққаннан кейін де, бақытты отбасын құрып кете алмады. Мұның бәрі кішкентай кезінен «мен кімге керекпін, менің қолымнан ештеңе келмейді» деп өзін төмен санап өскендіктен. Ал, әке-шешесі болса, «неліктен қызымыздың бағы ашылмай қойды?» деп ойлаумен жүреді.
Сондықтан, балаға дұрыс бағыт-бағдар беріңіз. Оның жақсы қылықтарын, қасиеттерін тауып, мақтап отырыңыз. Өмірге деген құлшынысын арттырыңыз.
Ажырасудың балаға қандай кері әсері бар?
Қиындыққа тап болған ерлі-зайыптылар бірге өмір сүрудің ешқандай маңызы жоқ «ажырассақ барлық мәселе шешіледі» деп ойлайды. Шынымен де солай ма?! Ата-аналар осындай шешім қабылдағанмен әке-шешенің ажырасуы балаға кері әсер етеді. Сондықтан болмашыға бола ажырасу жауапсыздық. Бала егер ес біліп қалған болса, оған ауырлық түспеу үшін, қандай жағдайды да ашып айтқан дұрыс. Мұндайда бала да болса өзін ересектерше сезініп, болған жайтқа түсіністікпен қарауға тырысады. Мүмкін болса өтірік айтпау керек. Әрине, бұл жерде баланың ойы жетпейтін, жарыңыз екеуіңіздің араңыздағы түсінішпеушіліктің барлығын тізіп шығудың қажеті жоқ. Содан соң, балаға әкесін, не анасын жамандаған да дұрыс емес. «Қосылғыштардың орнын ауыстырғанмен, қосынды өзгермейді» дегендей бала үшін әке-әке, ана-ана болып қалады. «Балаға әкенің сақалы да қорған» дегенді ескеріп, оған әкесінің кемшіліктерін айтқаннан ештеңе ұтпайсыз. Сондықтан, «Баламен өз тіліңде емес, өзінің тілінде сөйлес» дегендей, оның ой-қиялы жететін жағдайды ғана айту керек. Егер балаңыз әлі сәби болса, өзі қашан әкесі жайлы сұрағанда ғана айтарсыз. Мектепке дейінгі балаларға: «Әкең енді бізбен бірге тұрмайды, бірақ саған келіп тұрады, қанша қаласаң, сонша уақыт кездесе аласың» деп ашық түсіндірген жақсы. Кейбіреулер, «Әкең ұзақ іссапарға кетті, немесе бірнеше күнге басқа қалаға кетті» деп айта салуды оңай көреді. Соны естіп алған соң, қашан әкесі келгенше сарғайып күтіп, ол қайтадан кететінін естігенде бала жүрегіне ауыр тиюі мүмкін.
Балаңыз жасөспірім жасқа келсе де, оған ажырасудың барлық себеп-салдарын түсіндірудің, әкесінің (не анасының) жұбайына берген уәдсінде тұрмағанын, адалдықты сақтамағанын түгел жайып салудың да бұл арада реті болмас. Күйеуіңіздің (немесе әйеліңіздің) сізге опасыздық жасағанын да айтпағаныңыз абзал. Өйткені балалар «неге?» деген сауалды қояды ғой. Оны қалай түсіндіресіз. «Әкең жаман, оның жөнсіз қылықтары үшін үйден қуып жібердім, енді кіргізбейміз» дейсіз бе? Әкесін жақсы көретін бала бұл жауапты қабылдай алмайды. Бала әке-шешесі ажырасқан күннен бастап, оны алдағы күні не күтіп тұрғанын әкесі оған қанша уақытқа келе алатынына дейін нақты біліп жүруі тиіс.
Қыз балалар ата-анасының ажырасқанын ауырырақ қабылдайтындықтан, оларда түрлі аурулар бой көтеруі мүмкін. Олардың сыртқы келбеттері өзгермегенімен, ішкі ағзасында жұмысқа деген қабілеті төмендеп, тез шаршағыштық, күйзеліс байқалады. Құрбыларымен араласудан бас тарту, жиі жылау, сондай-ақ, экзема, гастрит, тұтығу, т.б. денсаулығында ақаулар пайда болуы мүмкін. Ата-анасы екі бөлек кеткен баланың психологиясына ғана емес, денсаулығына да зиян келетінін ажырасудан бұрынырақ ерлі-зайыпты ойлауы керек. Ажырасқан жағдайда қызыңыз ауырып, мазасыздана қалса бей-жай қалмаңыз. Ата-анасының бөлек кеткенінен «бізді жақсы көрмейді екен» деп түсінетін қыздар, олардың назарын аудару үшін, яғни әлі де жақсы көретінін білу үшін аулада биік дуалдан құлап, немесе әдейі бір жерін жарақаттап алуы жиі кездеседі. Сондықтан, мұндай жағдайға жол бермес үшін, қызыңызға ата-аналар ажырасқанмен өздерінің ұл-қызын бұрынғыдай жақсы көретінін түсіндіріп отыру керек. Кейде оларда осындай жағдайлардан соң ата-анасы қайта қосылатын шығар деген үміт пайда болады.
Әкесі тастап кеткен соң, қыз балада еркекке деген жеккөрушілік сезімі пайда болуы да мүмкін. Мұндай қыздардың көбісі жасы 40-тан асса да тұрмыс құрмай, еркексіз өмір кешкенді құп көреді. Күйеуімен ажырасқан әйелдің өзі де біраз уақыт күйзелісті бастан өткізетіндіктен, баласына ұрсып немесе жекіп, әкесіне деген өшін баладан алатындай оған айқайлап сөйлейді. Орынсыз айқай баланы одан сайын күйзелтеді. Содан бала өзіне деген сенімділігін жояды. Алдына мақсат қойып, болашаққа сенуден қалады. Өйткені ол шынымен ата-анасының ажырасуына өзін кіналап, өзгелерден төмен санай бастайды. Ажырасқанда кішкентай баланың алдында әкенің де, ананың да абыройын түсірмеу керек. Өйткені, одан кейін бала ата-анасын сыйлауды қойып, тыңдамай жүгенсіз кетеді. Ата-анасы екі бөлек кеткен соң бір жыл немесе одан да көп уақыт бойына балалар іштей күйзелісте жүреді. Бала әкесі мен шешесіне отбасын сақтап қалмағаны үшін ренжуі мүмкін. Сондықтан, жан дүниесінде ата-анаға деген реніш болады. Болмаса, ата-анасы ажыраспау үшін қолымыздан ештеңе келмеді деп қиналуы да мүмкін.
Ажырасып жатқан ата-ана барынша сабырлы түрде баланың барлық сұрақтарына саналы түрде ақиқатын айтып жауап берген дұрыс. Алдағы уақыттары да күйеуіңізбен жағдайыңыздың не болатынына қарамастан балаңыз үшін ол кісі бәрібір әкесі болып қалатынын ұмытпаңыз. Әке немесе ана маскүнем, мүгедек, қылмыскер болса да бала үшін ең қымбат жан болып қала береді.
Ата-анасы ажырасқаннан кейін баланың бойын қорқыныш билеп, өзін ешкімге керексіз сезінеді. Тіпті ата-анасы қасында болған баланың өзі үлкен дүкенде абайсызда анасынан айырылып қалғанда қатты қорықпай ма?
Балаға бір емес, бірнеше рет оның ата-анасына қымбат екенін айтып түсіндіру керек. Ата-ананың көбісі балаға әкесімен не үшін ажырасқанын айтқысы келмеген сайын бала әрнәрсені бір ойлап қинала беретінін де есте ұстағайсыз. Кішкентай ғана жүрегіне ата-ананың ажырасуы үлкен күш, қиындық түсіреді. Егер бала ата-анасының ажырасқанының себебін санасы жететіндей дәрежеде түсінсе онда қиналмайды. Баламен асықпай саябаққа немесе ойын залдарында отырып, ажырасу дегеннің не екенін айтыңыз. Яғни, ерлі-зайыптылардың жұбы жараспаса екі бөлек тұруларына да болады. Бірақ, олар ешқашанда балаларымен ажыраспайтындығын түсіндіріңіз. Әке үйден кеткенімен баласымен арақатынасты бұрынғыша жақсы сақтағаны дұрыс. Балаға келіп тұратыныңызды, оны үнемі ойлап жүретініңізді, жақсы көретініңізді айтып, сағынса хабарласуға болатынын түсіндіріңіз. Өйткені сіздің ажырасуыңызға бала кінәлі емес.
Ал егер балаңызға жиі келе алмайтын болсаңыз, онда бекер уәде бермеңіз. Әкесін күнде күтіп жүріп, алдағаныңызды сезсе бала қамығып өседі. Байқасаңыз, анасыз немесе әкесіз өскен балалар ашушаң, ынжық, тұйық, өзіне сенімсіз болады.
Әсіресе, баланың әке-шешесінің ажырасқанына түк те кінәсі жоқ екенін айтып түсіндірген дұрыс.
Ажырасу – үлкендердің мәселесі. Дегенмен оның бір отбасының шаңырағын ойрандайтынын ескеру керек. Сондықтан бір-бірін сүйіп, келісіп шаңырақ көтергеннен кейін ажырасуды емес, ажырасудың алдын алуды ойлаған жөн болар.
Бала мәселесіне «баланың мәселесі» деп қарамаңыз
Балалардың бойында
ұлы мүмкіндіктердің бәрі бар.
Көбіне барлық нәрсе баланың сеніміне байланысты. Мәселен, бала үлкендерге, айналасына, өмірге сенбей өссе, одан сіз күткендей парасат-пайымы биік адам шығуы неғайбыл. Ендеше баланың үлкендерге деген сенімін қалай қалыптастыруға болады? Ешуақытта өзіңізді бала тәрбиесінде бәрінен кеш қалдым, өтіп кетті деп өкінбеңіз. Сіздің балаңыз – сіздің байлығыңыз, ертеңгі келешегіңіздің жарқын болуының кепілі. Сондықтан балаңыз қанша жаста болсын, бәрібір мына төмендегі ережелерді естен шығармаңыз.
Ешқашан балаға өтірік айтушы болмаңыз
Үлкендердің өтірік сөйлеуі бірте-бірте баланың үлкендерге сенбей өсуін қалыптастырады. Мысалы, анасы дүкенге кетті дейік, ал, әкесі баласына «мамаң саған қазір келеді, саған шоколад әкеліп береді» десе, бала міндетті түрде күтеді. Алайда анасы үйге шокаладты әкелмесе, баланың көңілінде әке-шешесіне деген үлкен өкпе, дық қалады. Және осы өтірік уәде жиі қайталанатын болса, шешуі қиын шиелініске бара жатырмын деп есептей беріңіз.
Балаға берген уәдеңізде тұрыңыз. Ол түсінбей қалады немесе ұмытып қалады ғой деп өтірік сылтаулар айтуға болмайды. Керісінше, балаңыз бәрін түсіне алады. Тіпті, сіздің жалған айтып жалтарғаныңызға дейін біліп қояды. Мысалы, қалтаңызда тиын-тебеніңіз жетіңкіремей, тәтті печенье ала алмадыңыз. Мұны жұқалап түсіндіріп айтыңыз, жалақы алғанда міндетті түрде әперетініңізді ескертіп, уәде беріңіз. Сол уәдені орындаңыз. Бұл әрине, «ақша жоқ!» деп дүрсе қоя бергеннен немесе өтірік сылтаулар айтқаныңыздан әлдеқайда жақсы. Тек өзіңіздің шындықты айтып, түсіндіре білуіңізге байланысты.
Баланы бастан
Балаңыз жалқау, еркетотай болмасын десеңіз... Егер балаңыздың алдына түсіп, оның қолынан келетін нәрсені әрқашан да сіз атқарып жүретін болсаңыз, әрине, бала жалқау, еріншек, жігерсіз, сылтау тапқыш, жауапсыз, жетесіз болып өседі. Ал, оған қашан да қымбат сыйлықтар сатып алып беріп, не айтса да айтқанын орындайтын болсаңыз, шектен тыс еркелетсеңіз, ол сіздің еңбегіңізді, басқаның да маңдай терін бағалай алмайтын нағыз еркетотай болып өсетіні анық. Сондықтан баланың көзінше, сынған ойыншықты лақтырып тастамаңыз, керісінше оны желімдеп көрсетіңіз және өзіне құрастырғызыңыз. Оның да ақшаға келгенін түсіндіріңіз.
Жалпы балаға зиялылық, ойлылық есейген соң келмейді, ол бала кезінен қалыптасатын нәрсе. Сондықтан кітапшалар оқып беріңіз, күштеп оқытуға тырыссаңыз, керісінше одан бетер қашқақтауы мүмкін. Ондай жағдайда қызықтыратын әдіс тауып алып оқытыңыз. Бүгінде көптеген ата-аналар балаларын бос қоймайды, тереңдетіп оқытып, қымбат балабақшаға береді, репетитор жалдайды, би және спорт мектептеріне апарады. Дегенмен осының бәріне баланың ынтасы бар-жоғын ескеруді ұмытып кетеді.
Баланы өзі қызықпаған іске сүйреп апарудың қажеті жоқ. Сіз одан да сондай қосымша сабақ не үйірменің бар екенін айтып, түсіндіріп кеңес беріңіз, бағыт-бағдарын жасаңыз, ол не үшін керек екендігін де айтып өтіңіз, сосын таңдауды баланың өзіне қалдырыңыз. Өзінің қалауымен таңдап алған жағдайда, балада ілгерушілік болады.
Кейде балаға да қамқорлық дегеннің не екенін ұқтырып қойған артық емес. Мәселен, жұмыстан шаршап келдіңіз. Басыңыз ауырып, мазаңыз болмай тұр. Жұмыста қолайсыздықтар болды дегендей. Бала мұндайда сіздің көңіл күйіңізді тез аңғарады. Сондықтан «су әкелші» деп өтінсеңіз болады. Сосын жайлап, жұмыстағы жағдайды баяндаңыз, сізді әлдекім ренжіткенін жұқалап айтып беріңіз. Баланың жақынына деген жанашырлық сезімі оянады. Яғни, ата-анасы өзінен жәрдем күтетінін біліп өседі.
Егер балаңыздың өтірік айтқанын байқап қалсаңыз, мұны бей-жай қалдырмаңыз, оның себебін білуге тырысыңыз. Көбіне баланы өтірік айтуға итермелейтін нәрсе – сіздің ұрысыңыз, әсіресе балаға қол жұмсайтын болсаңыз, ол қорыққандықтан сізге бұлтарып сөйлеуі әбден мүмкін. Сондықтан да өте қатал болу да жақсы нәтиже бермейді. Оның орнына жақын тартып сөйлессеңіз, бойындағы қорқынышты жеңуге көмектесе аласыз және өтірік айтудан сақтайсыз, әрі баланың бойында бұғып жатқан басқа да кемшіліктерді бірте-бірте жоюға себепші боласыз.
Балаңыздың тілегін орындаудан қашпаңыз (әрине, ақылға сиятын, орындауға болатын), мұндайда бала қанаттанады. Бала өмірге құштар болып өседі. Егер сіз үй жұмыстарымен, мәселен, еден жуып, тамақ пісіріп жатқан болсаңыз, балам етегіме оралып, жағаласып жүр деп қуып жібергеннен гөрі шамасы келетін жұмыс болса, шықырып алып тапсырма беріңіз. Балаға сенім білдірсеңіз, ол батылданады.
Ол үшін ата-анасының сенім білдіргені өте маңызды және мақтаныш сезімін туғызады. Сіз де балаңыздың жұмысқа деген аяқасты болған ынтасын, қызығушылығын басып тастамайсыз, қайта қолдау көрсеткеніңіз оның әрі қарай өз бетімен бір істі қолға алып үйренуіне, бастамашыл белсенді болуына түрткі болғаныңыз.
Егер бала қолынан келмейтін іске тырмысып жатса, оны доғартып тастамай, қайта көмектесіп жіберсеңіз, мақтасаңыз, жігерленіп, қолға алған ісін аяқтап шығады. Бала да өзіңізге құрметпен, түсіністікпен қарай бастайды.
Баланың мәселесіне «бала мәселесі» деп қарамаңыз. Онымен таза ауаға жиі шығыңыз. Аулаға шыққанда көршілермен бос әңгіме-дүкен құрғанша балаңызға қызықты ойын бастап беруге тырысыңыз. Онымен бірге жүріңіз, топырақтан үй тұрғызыңыз. Қысқасы, оның көңіл күйін көтеріңіз. Еңбекке баулыңыз. «Менің балам өскенде, осындай зәулім үй тұрғызады» деп зердесіне құйыңыз. Үйге келгенде, әкесі балғамен есікті жөндеп жатса, оның да қолына ойыншық балға беріңіз. Бір жерін жарақаттап алады деп қорықпаңыз, оған қызықтырып тапсырма беріп, сосын папасымен жарысып жұмыс істеген сәтте қолпаштап, көтермелеп мақтап қойыңыз. Қыз балаға шүберек пен қайшы ұстатыңыз (әрине, бес жастан жоғары, оған дейін қайшы, пышақ секілді үшкір заттарды қолына беруден сақтаныңыз). Өзіңіз де отырып көйлекті қалай пішіп-тігетінін көрсетіп, қызықтырыңыз. Содан соң қуыршағына көйлек тігіп беріңіз. Мұны ол қызығушылықпен қайталайды.
Баламен араңызда түсіністік қалыптассын десеңіз, оған ең әуелі сүйіспеншілігіңізді, махаббатыңызды сыйлаңыз. Кішкентай кезінен еңбекке баулыңыз. Үлкендерге құрметпен қарауды, сыйлауды үйретіңіз. Достықтың не екенін ұқтырып өсіріңіз және нағыз достың бағасын біліп өсетіндей болсын!
Есіңізде болсын! Үйдегі үлкен махаббатпен өскен бала ертең есейген соң, дәл сондай жылылықты ата-анасына қайтарады. Яғни, әке-шешесін бағып-қағатын да сол балалар. Егер үйде береке болмаса, әке-шешесі ішімдікке құмар болса, өте қатаң етіп тәрбиелесе, ертеңгі күні үйіне ат ізін салмайтын балалар сондайлардан шығады. Әке-шешесін қарттар үйіне өткізетін де осындай отбасынан шыққан қатігез, жүрегі тас балалар болып келеді.
Бала тәрбиесіне қатысты ең алдымен мынаны айтар едік, сүйіспеншіліксіз, махаббатсыз бақытты, ақкөңіл адамды тәрбиелеу мүмкін емес. Өзіңнің балаңмен дос болуыңыз керек, оны сыйлауыңыз және қажет болса, құрбы-құрдасыңыздай ашық сырласа білуіңіз керек. Сонда ғана бала ашық мінезді, адамдармен тез тіл табысқыш болып өсетін болады. Баланың жанарынан жарқыл білінеді. Ол өзінің көңілге түйгенін, болмаса өз ойларын тек сізге келіп айтатын болады. Сонымен бірге баланы кішкене қателіктеріне бола ұрса жөнелудің де керегі жоқ, себебі бала үндемейтін, өкпешіл болып алады. Оған оның дұрыс істемегендігін жай ғана түсіндіріп, дұрысы қайсы, соны айтып жөн сілтеңіз. Балаңызды көп мақтаңыз, сонда ғана жақындарын, ата-анасын жиі қуантуға тырысады.
Балаңызды алдына мақсат қоюға дағдыландырыңыз
Тоғызында қандай болса,
тоқсанында да солай болар.
Қай ата-ана балаларының ертеңіне елеңдеп, болашағына алаңдамайды дейсіз?!
Қазіргі жасы отызды орталаса да алдына қойған ешқандай жоспары жоқ, мақсатсыз күнін өткізіп, масайрағанына мәз болып жүрген жігіттерді көріп ойға қаласың. Ал кейбір «алма піс, аузыма түс» деп жатып алып, «неге менің тұрмысым да, табысым да нашар» дейтіндерге қарап, «аузыңды ашқанша, көзіңді ашпайсың ба?» дегің келеді. Өз ісін өзі жүргізе алатын ой-өрісі кең, өз мақсатын өзі жүзеге асыра білетін, келмеске кетіп жатқан әр уақыттың, әр күннің бағасын білетін машықтанған маман болса екен деп барынша баласының тәрбиесіне көңіл бөлмейтін ата-ана жоқ шығар.
Әр ата-анаға, тәрбиеші ұстаздарға көмекші болатын кейбір кеңестерді беріп отырмыз.
Жалпы жүргізілетін психологиялық тренингтерде тыңдаушыларға өте қарапайым болғанымен маңызы зор жаттығу орындалады. Олар өздерінің «жеке таңбасының» салады. Сурет 4 секторға бөлініп, мынадай нұсқауларды қамтуы керек.
1-сектор: бос уақытты қалай өткізгенді ұнатасыз;
2-сектор: жақын арада жасаған, мақтан ететін әрекеттер;
3-сектор: басқаларға қарағанда менің қолымнан жақсырақ келетін іс;
4-сектор: алдағы 6 айға арналған менің жоспарым.
Мұндай 5 минуттық жаттығу әр адамның өткені мен болашағын ойша шолып шығуға мүмкіндік береді. Сіз де таза парақ алып, өз «таңбаңызды» салып көріңіз. Өзіңіз туралы көптеген жаңылық ашасыз! Тыңдаушылардың көпшілігі сурет сала алмайтындықтарын, соңғы рет мектепте қалам ұстап, қазір сурет салуды ұмытып қалғандарын айтып жалтарады. Ондай жағдайда «Қолымнан келмейді деп айтпаңыз, әуелі талпынып көріңізші» деп көріңіз.
Тыңдаушыларға көбісіне 4-сектор қиынға түседі, себебі алдағы жарты жылға жоспар жасау кімге де қиындық туғызады. Ал, кез келген табыстың кілті – нақты анықталған мақсат пен оған жетудің айқын жоспары екендін көпшілігіміз ескере бермейміз. Марк Х.Маккормах өзі дәріс оқитын суденттеріне «Сіз алдыңызға мақсат қойып, оны жазбаша түрде бейнелейсіз бе?» деп сұрақ қойып, зерттеу жүргізеді. Нәтижесінде студенттердің 3%-ы ғана нақты жазылған мақсаты бар екендігін, 13 %-ының мақсаты белгіленген, бірақ қағазға түсірілмеген, ал студенттердің 84%-ы оқуды бітіріп, демалысқа шығудан басқа ешқандай мақсаты жоқ екендігін анықталады. 10 жылдан соң әрқайсысы әр салаға кеткен осы студенттердің басын қосып, тағы да сауалнама жүргізіледі. Сонда анықталғаны, адамдардың алдына мақсат қойып, бірақ қағазға түсірмеген 13%-ы ешқандай мақсат қоймаған 84%-ға қарағанда екі есе көп табыс табады екен. Ал ең кереметі, өз мақсаттарын жазбаша түрде бейнелеген бұрынғы студенттердің 3%-ының табыстары қалған 97 %-ға қарағанда 10 есе көп болып шықты.
Сіз болашақта өз балаңызды осы адамдардың қай тобынан көргіңіз келеді? Сіз балаңызға алдына мақсат қоюды үйреткенсіз бе?
Алға мақсат қою және оны жүзеге асырудың жоспарын түзу – табысқа жетудің бірден-бірі көзі екенін есте ұстап, балаңыздың бойында жастайынан осы дағдыны қалыптастыруға тырысыңыз. Барлық жетістіктердің басты себебі – мақсаттарды анықтау және оларға жете білу. Сондықтан алдында ешқандай мақсаты жоқ адамдар мақсаты айқын басқа адамдарға қызмет етуге мәжбүр. Сіз не өзіңіздің мақсатыңызды, не өзгенің мақсатын жүзеге асыру жолында қызмет етесіз.
Ондай боса, балаңыздың мақсатқа жетуі мақсатын анықтаудан басталады. Ең алдымен, мектеп жасындағы балаға әр күнін қалай өткізетінін жоспарлауды үйрету керек. Сабағын қалай оқитынын, достарымен қай кезде кездесетінін, қай уақытта теледидар көретінін өзі жоспарласын. Оның бойында алдына мақсат қойып, оған қарай ұмтылу дағдысын қалыптастырыңыз. Мұның нәтижесі басында балаңыздың мектепте өткізілетін іс-шараларға қатысуы, содан кейін белгілі бір конкурсқа қатысқаны үшін алған мақтау қағазы, би жарысына қатысу, шығарма жазу сайысында жеңіп шығу, пән олимпиадасынан жүлделі орын алу, т.б. түрде көрінуі мүмкін.
Ағымы мықты, ақпараты мол дәуірде тайменеджменттің маңызы зор. Уақытымызды қалай дұрыс үнемдесек болады? Қалай барлық нәрсеге үлгереміз? Балаға кішкентайынан осы сұрақтарға жауап іздеп, дұрыс әрекет етуге баулыған жөн.
Бұл үшін өзімізге пайдалы дағдыны игеруіміз керек. Яғни, негізгі зейінімізді өмірдегі ең маңызды нәрселерге арнау. Өз уақытымызды шұғыл мәселелерден гөрі анағұрлым маңызды мәселелерге бөлуіміз керек.
Айтылғандар түсінікті болу үшін, тағы да мынандай ойдың мағынасына үңіліп көрейік.
Философия ғылымдарының докторы шәкірттерінің алдында үш литрлік банканы алып, оны диаметрі екі сантиметрден кем емес тастармен толтырады. Содан кейін студенттерінен «Банка толды ма?», – деп сұрайды. Студенттер банканың тастармен толып тұрғанын көріп, «иә, толды», – дейді. Сонда профессор тас толы банкаға бір кесе ас бұршағын салып жіберіп, банканы ары-бері сілкілейді. Бұршақтар тас арасындағы бос жерлерге орналасады. Профессор студенттерден «Енді ше, банка толды ма», – деп сұрайды. «Толды, басқа еш нәрсе симайды енді», – деп жамырай түседі студенттер. Сол кезде профессор шағын қораптағы құмды алып, банкаға салады. Әрине, құм банкадағы тастар мен ас бұршақтарының арасында қалған кішкентай кеңістіктерге кірігіп, оларды жауып тастайды. Бір қорап құм да банкаға сиып кетеді. Профессор студенттерге бұрылып, «Банка енді толды деп ойлайсыңдар ма?», – дейді. Шәкірттер бастарын изейді. Студенттерге бір көз тастап шыққан профессор үстел астынан бір кесе су алып шығып, банкаға құяды. Су банкадағы құмды ерітіп жібереді. Мұны көрген студенттер күледі. Сонда профессор: «Біздің өміріміз мына банка секілді. Тастар – өміріміздегі ең маңызды нәрселер. Яғни, жанұямыз, балаларымыз, денсаулығымыз, жалпы, басқа ешнәрсе болмаса да бізді бақытты ететін нәрселер. Ас бұршақтары – жеке сіз үшін маңызды болған нәрселер: қызмет, мансабыңыз, көлік, т.б. Ал құм – қалған ұсақ-түйектер. Егер банкаға ең бірінші құмды толтыра салсақ, онда тасқа да, ас бұршақтарына да орын болмас еді», – дейді.
Өмірде дәл осындай: егер барлық уақытыңыз бен күш-жігеріңізді ұсақ-түйекке кетірсеңіз, маңызды нәрселер үшін орын қалмайды. Өмірде тек маңызды деген нәрселермен айналысыңыз. Ең басты сізге не қажет, соған уақыт бөліп сол мақсат-мүддеңізді орындауға асығыңыз. Ал қалғандары жәй құм ғана.
Сақтықта қорлық жоқ
Құдай сақтансаң сақтайды.
Зорлықшының әрекетінен қалай қорғану керек? Біреудің артыңызға түскенін, аңдығанын сезсеңіз, бұрылып қарап тексеруден ешқашан ұялмаңыз. Сақтық – қорқақтық, жүрексіздік емес. Мұндай жағдайда жүру жылдамдығыңызды және бағытыңызды өзгертіп көріңіз. Егер күдігіңіз расталса, қауіпсіз (адамдар көбірек) жер іздеңіз.
Шабуылдың көбі тұрғын үйдің жанында, подъездерде, баспалдақ алаңында, тағы басқа да жерлерде жасалынады. Кешкісін, қараңғы түскенде терезенің немесе есігіңіздің сыртынан естілетін барлық дыбысқа құлақ түріңіз. Кейде қылмыскерлерді өз арам пиғылынан бас тартқызып, қауіпті қылмысты болдыртпау үшін – ұрсысып, айқай салғанның өзі жеткілікті. Егер баспалдақ алаңы мен подъезіңіздің әрқашан жарық болып тұрғанын қамтамасыз етсеңіз, ол жерлердегі қылмыстың жасалу қаупін азайтасыз.
Қорқыныш, ауырсыну, естен тану, есеңгіреу – мұның бәрін әрбір құрбан бастан кешіреді. Жәбірленгендердің көпшілігі кейін әдепсіз сұрақтар қойылғанда, өзінің жүріс-тұрысын кінәлаған сөздер естігенде, іс сотта қаралып, онда жауап бергенде қатты ұялып, ыңғайсыз жағдайда қалады. Жасалған қылмыс жайындағы деректерді жария еткеннен кейін жәбірленушінің өзін-өзі өлтіруге дейін әрекет жасаған жағдайлары белгілі. Кейбір әйелдер зорланғаннан кейін ұзақ уақыт сарыуайымға салынып, көңілсіз жүреді, ашушаң, айналасындағыларға сенімсіздікпен, ал өзіне жиіркенішпен қарайды. Зорланғаннан кейін бір жыл өткеннен соң да кейбірі ұйқысының бөлінетіндігіне, басының ауыратындығына шағынған, көңілі жабырқап, кінәлылық сезімімнен арыла алмағандығы жиі кездеседі. Көпшілігінде жыныстық мәселелер туындаған, 60%-ы үйден шығуды сиреткен, достарымен, таыстарымен қарым-қатынасты азайтқан.
Сондықтан ата-аналар ұлыңыз бен қызыңыз осындай жағдайға тап болмасын десеңіз, әрдайым оларды зорлықшының іс-әрекетінен сақтандырып отырыңыз.
Көбіне жас балалар, әлсіз адамдар, тілалғыштар, әркімнің сөзіне ергіштер, өзінде ерік жоқтар, жете танымайтын ер адаммен қыдыруға келісе кететін қыздар зорлаудың құрбаны болады.
Зорлықшыға қалай қарсы тұруға болады?
• Таныс емес қалаға келсеңіз, бейтаныс, күмәнді көрінетін адамдардың «біздікіне түнеп шық» деген ұсынысын қабыл алмаңыз. Одан да таң атқанша аэропортта немесе вокзалда қалыңыз.
• Таныс емес адамдардың күмәнді тобында не олардың пәтерінде ішімдік ішуге қатыспаңыз.
• Таныс емес еркектің көңіл көтеретін орындарға барайық деген, сондай-ақ нендей сылтау айтса да пәтеріне кірейік деген шақыруынан ізетпен бас тартыңыз. Мұндай сенгіштік пен абайсыздық сізді бақытсыздыққа әкелуі мүмкін.
• Такси мен жеке автомобильдер иелерінің қызметін, әсіресе түнгі кездері өте абайлап пайдаланыңыз. Егер машинада екі-үш еркек болса не жүргізушінің бет-әлпеті ұнамаса әйелдің оған мінбегені дұрыс. Түнгі көлік жүргізушімен ақтарылып сөйлеспеңіз. Кейбір жаман ниетті адамдар кафелердің маңын торауылдап, 18–20 жасар қыздарды күтіп тұрады. Үйіне тегін апарып тастауға келіседі. Оларға құрбанын машина ішінде-ақ зорлап кету түк емес.
• Егер шашыңыз ұзын болса жоғары қарай түйіп қойыңыз. Өйткені, зорлықшылар көбіне қыздардың шашынан тартып, ырқына бағындырады. Жүрген кезде ыңғайлы шалбар мен аяқ киім киіңіз.
• Жүгіңізді заттармен немесе киімдермен ауырлатпаңыз. Түнде адамдар жоқ көшемен келе жатсаңыз, кішігірім сөмке болса да өзіңізбен алып жүрудің керегі жоқ. Одан да қалтаға ысқырық, қорғану құралдарын салып алған дұрыс. Жарық жақсы түсетін жерлермен жүріңіз. Қараңғы немесе алакөлеңке көшелерде жолдың ортасымен жүріңіз.
• Түнде жалғыз жүрген кезде мойынға моншақ, шарф, орамал салмағаныңыз дұрыс. Олармен қылқындыру оңай.
• Қиналған жағдайда қару боларлық кілт немесе қолшатыр, не басқа да затыңыз болмаса аяқпен зорлықшының тізесіне қатты тебіңіз. Шабуыл жасаған адам сізді қорқақ, әлсіз деп ойлайды. Сондықтан да сіздің тарапыңыздан болған қарсылық оны састырады. Қашып кетуіңізге жағдай тудырады.
• Қорғану үшін қаламсап немесе қарындашыңыз болса бетіне болмаса мойнына сұғып алыңыз. Шашқа арналған металл әшекеймен бетке қатты ұру керек.
Бұл қорғану құралдарының барлығы қашып кетуге мүмкіндік алу үшін қолданылады.
Зорлықшыдан сақтану үшін жасөспірімдер мен қыздарға
арналған ескертпе
Үйден шығарда қайда баратыныңды және қажет болған жағдайда өзіңмен қалай хабарласуға болатынын ата-аналарың білетін болсын.
Өзіңнің үйге кетіп бара жатқаныңды ата-анаңа телефон арқылы хабарлауға өзің мейман болып отырған үй иелерінен сұрауға ұялма.
Көшеде кездескен жат адам қандай да бір ізгі ниетпен үйіне кіре кетуді өтінсе – әдептілікпен бас тартып, ол жерден тез кетіп қал.
Қай жерде болсаң да, алдымен телефон қайда тұрғанын біл, басыңа қауіп төнген жағдайда қашып құтылатын есікке апаратын жолды есіңнен шығарма.
ҮЛГІЛІ ОТБАСЫ – БАЛА БАҚЫТЫ
Ата-ананың өзін өзі тануы
Мектеп психологы тек сыныпта ғана оқушымен жұмыс жүргізсе, ол бір жақты болады. Өйткені отбасында келеңсіз жағдайлар болып жатса (әке-шешенің ұрысы, олардың шектен тыс қаталдығы, немесе олардың өзара кикілжіңі, т.б.) баланың психикасы одан қатты зардап шегеді. Сондықтан әрбір психолог мүмкіндік болса, оқушылардың ата-әжесімен, әке-шешесімен, әпке-ағаларымен, т.б. туыстарымен бірдей дәрежеде, яғни Отбасы – Оқушы – Мектеп қағидасымен жұмыс жүргізіп отырса, отбасы бақытын қамтамасыз етуге, шаңырақтың шайқалмауына үлкен үлес қоса алады. Әрбір отбасы психологқа сенім артуы үшін психологтың отбасы бақытының қыр-сырын толық меңгерген маман болуы шарт. Осы құралда берілген кеңестер психологқа үлкен көмегін тигізеді деген сенімдеміз. Ата-ананың өзін-өзі тануы үлкен бақытқа жеткізеді. Ата-ана бақытты болса, баласы да бақытты болады. Сондықтан келесі бөліміміз ата-ана, отбасы бақытына арналады.
Өмір жолы – бақытты болу
ӨМІР – бұл жоғары оқу орны. Оқи алмайтын адамға аз ғана береді...
Бақытты болу – өмірді сәтсіздіктер мен уайым-қайғысыз өткізу дегенді білдірмейді. Тіпті жылап жүрсеңіз де, бұл Сіздің бақытсыз екендігіңізді білдірмейді. Тіпті төсекке танылып жатсаңыз да, Сіз толыққанды өмір сүре аласыз. Бұл Сіздің қорқынышты түс көрсеңіз де, армандауды тоқтатпайтындығыңыз сияқты. Жалғыздықта да адам өз-өзімен қарым-қатынасқа түсе отырып, бақытты бола алады.
Бақытты болу – бастағы ақ шашқа қарамастан әрдайым жас болу деген сөз. Бұл тіпті уақытыңыз болмаса да балаларыңызға ертегі айту дегенді білдіреді. Ата-ананы өзіңізді түсінбесеңіз де, жақсы көру дегенге саяды. Барлығы жақсы жүріп жатпаса да, шүкірлік ету, алғыс айту деген сөз. Қателерден өмірлік сабақ алу деген сөз.
Бақытты болу деген сөз – судың дәмінен ләззат алу, самал желдің бетімізде лебін сезіну және ылғалды жердің иісіне сұқтану (қайран қалу); болмашы нәрседен күшті эмоциялар алу; ерекше бір себепсіз жымиюға сылтау табу; өзіңіздің аңғалдығыңызға күлу деген сөз.
Жақсы көретін адамдарыңыз көңіліңізді қалдырып жатса да, оларға ренжімеу дегенді білдіреді. Бұл – жолдастармен қуаныш пен қайғыны бөлісу. Жаратушыға өмір қызықшылығы үшін разы болу деген сөз. Осы тізімнен өз активіңізге қайсысын қоса аласыз?
Жақсы өмірге кім қол жеткізеді? Ең бай кәсіпкер ме? Ең мықты саясаткер ме? Әлде ой-өрісі жоғары адамдар ма?
Жоқ! Өз жан дүниесінің деңгейінде өмірдің жоғары сапасына қол жеткізетін адам ғана. Яғни, өзін қорқыныш, үрей қамалынан босата алатын адам. Мазасыздықты, нашар көңіл-күйді жеңіп, өз жан жарасынан арыла алатын адам. Эмоциялар теңізінде кеме жүргізе алатын адам ғана бақытты бола алады.
Бақыттың он құпиясы
1-құпия: қарым-қатынас күші – Менің бақытым, менің өмірге деген көзқарасыма байланысты. Егер мен жақсы нәтижеге ұмтылатын болсам, мен міндетті түрде қол жеткіземін. Бақыт – ол таңдау, кез келген жерде, кез келген уақытта таңдау жасай аламын. Әрбір келеңсіз сәттердін, уайымның жақсы жағын көріп, пікірлер табуға болады. Осы сәттен бастап мен әрбір нәрсенің жақсы жағын қарастырамын. Кез келген күйзеліс жағдайында адам өз-өзіне мынандай үш сұрақ қоюы керек:
а) бұл жағдайдың несі керемет болуы керек еді?
ә) әлі не жасалған жоқ?
б) мен бұл жағдайдан шығу үшін және одан қанағат табу үшін не істей аламын?
Нағыз бақыттың жемісі – алғыс. Бақытты да, бақытсыз да ететін өзімнің ойым. Өз ойымды, сезімімді басқарғаным – бақытымды басқарғаным.
2-құпия: дене күші, іс-әрекет сезімге әсерін тигізеді. Күйзелісті жойып, адам өзін жақсы сезіну үшін өзіңізге ұнаған спорт түрімен, дене жаттығумен күніне 30 минут айналысқаныңыз жөн. Сергектік бақытты сезімін туғызады. Дұрыс тамақтану да адам көңіл-күйіне әсер етеді, Ішімдік, темекі, шектен тыс кофе, шай, тәтті тамақтардан аулақ болған жөн.
3-құпия: өмір сәтінің күші – шынайы бақыт, ол айлар, жылдар емес, бір сәттен тұрады. Әрбір сәттің қуанышты кездерін ала білсек, өміріміздің ең керемет сәтін де ала білеміз. Бақытты сәттерді еске түсіру – ерекше кезең, осындай сәттердің көп болуы өте маңызды.
Әрбір басталған күн, жаңа бастау, жаңа өмір екенін естен шығармаңыз!
4-құпия: өзің туралы түсінік күші – «Адам өзі туралы қалай ойласа солай болады» дегендей, егер адам өз-өзіне риза болмаса, онда өз өміріне риза емес. Сол себепті бақытты өмір сүру үшін, ең алдымен өз-өзіңізге риза болыңыз.
Әр адам өзінше бірегей. Ол жеңімпаз, себебі жер бетінде саған ұқсайтын адам жоқ, Сіз дарасыз. Өз комплексіңізден құтылу үшін өз бейнеңізді өзіңіз жасауыңыз керек.
5-құпия: мақсат күші – мақсатты болу біздің өмірімізге мағына мен мазмұн береді. Егер біздің мақсатымыз болса, онда біз қайғыдан құтылуға емес, қанағатқа жетуге бағытталамыз. Біз әр күн сайын төсектен мақсатымыздың орындалуы үшін тұрамыз. Мақсат қиын кезеңдерді жеңілдете түседі, ал жақсы сәттерді жандандыра түседі.
Өз мақсатыңызды жазып алыңыз да, күн сайын таңертеңгісін, кешкісін ұйықтар алдында оқып жүріңіз.
6-құпия: күлкі күші – әзіл-сықақ күйзелісті жеңілдетеді, бақытқа бөлейді. Ол күрделі проблемаларды шешуде көмектеседі. Кез келген қиын жағдайлардың күлкілі жағын да табуға болады. Екі қадамдық антистресстік формулаға жиі-жиі жүгінген жөн: а) ұсақ-түйекке бола бас қатырма; б) өмірдің үлкен бөлігі ұсақ-түйектен тұратындығын естен шығарма.
7-құпия: кешірім күші – кешіре білуде. Өкпе мен кек жүрген жерде бақытты боламын деп ойламай-ақ та қойыңыз. Өз өкпеңізден өзге біреу емес, өзіңіз ғана зардап шегетініңізді ұмытпаңыз. Сәтсіздік пен қателіктер өмір сабағы болып есептеледі. Өзіңізді де, өзгені де кешіре білу – керемет өнер, өнерпаз болыңыз.
8-құпия: көмектесу шеберлік күші – бір нәрсеге өзің иелік ету арқылы бақытты бола алмайсыз. Неғұрлым басқаларға қуаныш пен бақыт сыйлау арқылы бақыттылықты сезінесіз. Әр күн сайын өзіміздің бақытымызды жасай аламыз, ол үшін ортамызға бақыт сыйлай алсақ болғаны.
9-құпия: қарым-қатынас күші – өмір сапасы, адамдармен қарым-қатынас сапасымен анықталады. Әрқайсымыз басқалардың мұқтаждық сезіміне бөлене аламыз. Жақын қарым-қатынас жақсы сәттерді одан әрі жақсарта түседі, қиын кездерді жеңілдетеді. Қуанышты бөлісу – екі есе қуаныш болса, проблеманы бөлісу – жарым проблема. «Жақыныңды жаттай сыйла – жат жанынан түңілсін».
10-құпия: сенім күші – шынайы бақыттың ірге тасы – сенім. Сенімділік адамға жан тыныштығын шақырады.
Анасына қарап қызын ал
Гүл өссе жердің көркі,
қыз өссе елдің көркі.
Сүйкімді болудың сыры. Қыз баласы бой жете бастағанда, осылай өзін өзге қыздармен салыстырып, әдемі көрінудің, тартымды болудың жолдарын іздейтіндігі белгілі. Өйткені, өзіңізді құрбыларыңызбен жиі салыстырып, олардың сыр-сымбатындағы артықшылықтарды өз бойынан іздеу осы шақтағы қыздарға тән қасиет. Бойыңыздағы өзіңізге ұнамайтын кемшіліктерді (қасыңыздың қысқалығы, көзіңіздің кішкентайлығы, бойыңыздың ұзын немесе қысқалығы т.б.) ойлап өзіңізді төмендете бермей, табиғи жаратылысыңызбен келісуге тура келеді. Жаратылысыңызды түгелдей өзгертемін деу қате.
Ал, артық салмақтан арылуға, денені тік ұстап, сәнді жүруге, дауыс мәнерін өзгертуге тартымды көзқарасты қалыптастыруға, жігітті баурап аларлық «тәтті» сөздерді, әдемі қылықты меңгеруге болады.
Сізбен бірге оқитын немесе дос болып жүрген құрбыңыздан, болмаса жеңгеңізден, әпкеңізден қалай киіну мен боянудың құпиясын ұялмай сұрауыңызға болады. Одан бөлек әдеп ережелерін, яғни, көпшілік ортада қыз баласы өзін қалай ұстау керектігін, кафеде қалай отыруды, тамақтану әдептерін өз бетіңізше үйренуіңіз керек. Жалпы қызға тән қылықты болғаныңыз жөн. Оны фильмдердегі атақты актриса әйелдерден үйренесеңіз болады. Яғни, өзіңізді тәрбиелеп, күнделікті нәзік қалпыңызды сақтап, әдемі қасиеттеріңізді жетілдіріп отыруыңыз қажет-ақ. Осы орайда «Біреуді біреу тәрбиелей алмайды, әркім тек өзін-өзі тәрбиелейді» деген қағиданы есте ұстаңыз.
Ең бірінші сыртқы келбетіңізден бастаңыз. Өзіңізге ұнаған жігітпен қол алысып амандасқанда-ақ оның есінде қалуға тырысуыңыз керек. Қыздардың бәрінде қол бар, бірақ жұмсақ, әрі нәзік, хош иісті қолдар ғана әдемі сезімде қалдыра алады. Терісі қатты, еркектерше амандасатын қыздарды осындай қарулы қолды жігіт не қылсын. Егер, ірі денелі, нағыз ер мінезді, қаталдау жігітті қаласаңыз, барынша нәзік болғаныңыз жөн. Ал, қыз мінезді, ұяңдау, денесі де арықтау клген жігітті қаласаңыз, сөзіңіздің де, жүріс-тұрысыңыздың да тік әрі жылдамдау болғаны дұрыс. Себебі жігіттер өзінде жоқ нәрсені ұнатады.
Мәселен, сырттай ұнатып жүрген жігітпен танысудың орайы түсті делік. Әрине, көбіне қол алысып танысып жатады. Мұндайда алақаныңызға жұпар иісті крем май жағып алсаңыз, ол үйіне барғанда тамақ үстінде сол иісті байқап, есіне сізді алады.
Сезіміңізді ұқтыратын да, мінез-құлқыңыздан сыр беретін де – көздеріңіз. Сүйіктіңіздің көзімен көзіңіз түйіскенде денеңізден тоқ жүріп өткендей болатыны бар емес пе?! Жігіттерде де солай. Сондықтан, көзіңізді төңкеріп, еркелей қарауға жаттығыңыз. Әрдайым кірпіктеріңіз бен көздеріңіз бояулы болғаны жақсы. Кірпіктеріңізді қағып-қағып сөйлеу де жағымды әсер қалдырады. Жігітіңізбен қандай тақырыпта сөйлесетініңізді алдын ала дайындалып, айна алдында айтып жаттыққан дұрыс.
Әрдайым тазалықпен жүріңіз. Иіс су себінбей жігітпен кездесуге бармай-ақ қойыңыз. Және иіс су аларда ер адамға (жігітіңізге, ағаңызға, ініңізге немесе дүкенге сауда жасауға келген ер адамға) таңдатыңыз, өйткені ер адам мен әйел адамның талғамдары түрліше. Оны тағамға деген талғамынан-ақ байқауға болады. Әйелдер тәттіні, еркектер ащыны ұнатады. Және иіс суды киімде емес, денеде ұзақ сақталатынын біле жүріңіз. Оны құлақтың сырғалығына, артына, мойынға, екі тізенің артқы жағына, юбканың етегіне себкен жөн.
Қыз баланың ең алдымен бет терісі әдемі болуы тиіс. Күніне бір ет арнайы косметикалық тониктермен тазалап тұруыңыз қажет. Егер көзілдірік тағатын қыздар болса, оны линзамен ауыстырған немесе бет пішіміне сай келетін сәнді көзілдірік киген жарасымды.
Жымиысыңыз әдемі болсын. Аузыңызды барынша ашып күлмеңіз. Ақын ағаларымыздың «күлкісі бұлақтың сылдырындай» деген теңеулеріне мән бергеніңіз абзал. Тістеріңіз де ақ маржандай таза, аппақ болғанын қадағалаңыз, оқтын-оқтын тіс дәрігеріне көрініңіз. Стилистке барып өзіңізге сай келетін шаш, ким үлгісін тауып алыңыз. Есіңізде болсын, жігіттер қыздың етекті көйлек немесе юбка кигенін ұнатады. Ашық әрі келте кигенді, шалбарланған қыздарға көзқарасы бөлек болады.
Шашыңыз иығыңыздан түсерліктей ұзындау болғаны көз тартады. Қай еркектен сұрасаңыз да қыздардың шашы ұзын болғанын қалайды. Ал, сіздің шашыңыз иығыңызға жете ме? әрі шашыңыздың таза болғанына мән беріңіз. Маманға барып, шашыңыздың табиғатына сай шампунь таңдасаңыз, шаш күтімі де қалыпқа түседі. Мүмкіндігіңіз болса күн сайын екі мезгіл ваннаға түсіп тұрғаныңыз жөн. Өйткені, адам терісі күн сайын жаңаланып отырады. Байқағаныңыздай, әдемілік тек бет жүзіңізді бояумен шектелмесі анық. Киім, макияж, шаш үлгісін жыл сайын ауысып тұратын тек сән үлгісіне сай емес, өзіңізге жарасымдылығы бойынша таңдаңыз. Сондай-ақ, айнаға жиі қараған қыз күн сайын бойынан бір кемшілікті байқап, соны түзеу үшін ойындағы сұраққа жауап іздейді. Ол жауапты өзіңіз байқағандай кейбір қыздардың бойынан көруге де болады.
Әр жұмыс күніңізді жоспарлап қойыңыз, сонда жүйкеге салмақ түспейді. Ал, жүйкеңіз шаршаса да ол денсаулыққа кері әсерін береді.
Сыр-сымбатыңызға да көп көңіл бөліңіз. «Қыздың тамағы – қылдай» деген нақыл әрдайым жадыңызда болсын. Яғни, артық салмақ сәніңізді бұзады, киім де жараспайды. Жас адамның сұлулығы ең алдымен мүсінінде. Күн сайын арнайы спорттық жаттығулармен айналысу денені тік қалыптастыруға көмектеседі. Күн сайын таңертең жүгіру мен спортпен айналысу сымбатты сымдай етеді.
Егер қалтаңыз көтерсе сәнді де сапалы киінгенге не жетсін. Сондықтан киімнің тек сапалысын алуға тырысыңыз. «Адамды киімімен қарсы алып, ақылымен шығарып салады» деген орыстың мақалын бекер айтылмаған. Күнделікті киіміңіз міндетті түрде таза, үтіктеулі, өз мүсініңізге жарасымды болғанда ғана сізді сұлу етіп көрсететінін де есте сақтаған жақсы. Сән қумаңыз, өзіңізге жарасатын киімді ғана киіңіз. Қою түстерден гөрі ашық түсті киімдерді таңдаңыз. Ол көңіл күйге әсерін тигізеді. Әрі өзгенің назарын аудартады.
Даусыңыз нәзік, сөздеріңіз ерітерліктей болсын. Және қай адамға да өз есімі қай тілде аталса да өте әсерлі естіледі. Сондықтан, сүйгеніңізбен әңгімелескенде, жиі есімін атауды ұмытпаңыз.
Жігіт қыздың бойынан өзіне жақсы жар боларлық қасиеттерді іздейді. Ондай болса, сіз сөмкеңізге дастархан мәзірі туралы кітапшаны салып жүріңіз. Орайы келгенде сөмкеңізден ұялы телефоныңызды іздеген болып, әлгі кітапша басқа да заттарыңызбен қосып, үстелдің үстіне қойыңыз. Әрине, ол жігіттің назарын аудартпай қоймайды. Егер, ол көңіл бөлмесе «Мына кітапта ерекше әрі дәмді кешкі астардың, салаттардың рецептері жазылыпты, осыны үйреніп жүрген едім, ертең күйеуімнің жақсы аспазшысы болсам деймін» деп, ал оның қандай тағамдарды ұнатататындығын сұрап, сөзге тартсаңыз болады.
Егер жігітіңіз үйіңізге телефон соғып, немен айналысып жатқандығыңызды сұраса, «Отбасы бақытының құпиясы» атты кітап оқып отырмын, өте қызық, онда жанұя жарасымды болу үшін әйел күйеуін құрметтеу керек екен, және осы сияқты отбасындағы мәселелерде әйел өзін қалай ұстау керектігі жазылыпты» деп жауап беріп көріңіз. Оған сіздің сөзіңіздің қалай ұнағанын байқайсыз. Немесе үйіңіздегілерге кешкі асты әзірлегендігіңізді айтыңыз. Бұлар сіздің үй шаруасына икемді, жақсы жар болатындығыңызды аңғартады. Ал, мұндай қалыңдық барлық жігіттің арманы.
Жоғарыда айтылғандарды меңгерсеңіз, сүйгеніңіз сізге ынтық болады. Басқа қызды кездестіре қалған жағдайда да, салыстырып, барлық қыздан сіздің артық екеніңізге көзі жетеді. Ал, сіз өзіңіздің жеке қасиеттеріңізді күн сайын жетілдіріп отырыңыз. Таңдандыра түсіңіз. Бәрі алдымен өзіңіздің ынта-ықыласыңызға байланысты. Ендеше, іске сәт!
Сүйген адамыма қалай қол жеткіземін деп жүрген қыздарға кеңес. Құпия бойжеткен, барлық адамзаттың бойында болатын махаббат атты асыл сезімнің сіздің де бойыңыздан бүршік атқанына өте қуаныштымыз. Ол керемет сезім екенін өзіңіз де байқаған шығарсыз, әсіресе алғашқы махаббат ұмытылмайды. Біз өзіңіз таңдаған жігіттің адами қасиеттерін, сипатын толық білмегендіктен сізге бұлай істеп қаратып аласың деп нақты жауап бере алмаймыз. Мектеп кезіндегі махаббат керемет болғанымен, барлығы бірдей жемісті болмайды. Сіз ол жігітті басқа қырынан қарап, сынап көріңіз. Құрбы қыздарыңыз немесе оның жолдастары арқылы да таныссаңыз болады. Жақын араласқанда ғана жақсы танып білесіз. Қандай екенін ажырата аласыз. Мүмкін жағымсыз қасиеттерін де байқарсыз. Сіздің болашақта асықпай дұрыс шешім қабылдайтыныңызға сенеміз. Егер сіздің махаббатыңызға үнсіздік танытса, қайғырмаңыз. Әлі мұндай махаббаттың көбін бастан өткізерсіз. Мүмкін өзіңізді солай жақсы көретін жігітті табарсыз. Сондықтан да қатты жақсы көріп тұрсаңыз да өзіңізді сыйлауды ұмытпаңыз. Өз намысыңызды құрметтеңіз. Махаббатыңыздың қайдан пайда болғанын аңғарыңыз. Өзіңізге басқа да табынушылардың ықыласын қабылдаңыз, сонда ол жігіттен сенімдірек адамды жолықтырарсыз. Өзіңізді жақсы көріңіз. Біреу үшін құрбан болып бағаңызды жоғалтпаңыз. Көзқарасын байқаңыз. Көргенде оның алаңғасарланғанын немесе көңілді, адамға үйір екенін, күлгенін байқаңыз. Оның мінез-құлқынан-ақ бақылап, басқа қыздарға қарағанынан дәл сізге керек адам ба өзіңіз барлығын түсінесіз.
Ал ол жігіт барлық стандарттарға сай болса, ол үшін біраз өз-өзіңізді жөнге келтіруге болады. Алдымен өз жүрегіңізді тыңдаңыз. Біріншіден, сіз оған ұнауыңыз керек. Ол үшін арнайы модель болу шарт емес. Тек табиғилығыңызды сақтаңыз, жасанды болмаңыз, қарапайым ғана, ұқыпты таза болып жүріңіз. Мектеп аралық байқауларға қатысып, өз бағаңызды көтеруіңізге де болады. Алдымен танысыңыз, кейін жігіттің бойындағы басқалар байқай бермейтін жақсы қасиетін табыңыз. Сол қасиетін байқайтыныңызды білдіріңіз. Қошемет жасаңыз. Ол сәнді шашы, киімі, немесе мінезі болуы мүмкін. Осылай жігіттің назарын өзіңізге аудартасыз, шындығында жігіттерге аз қошемет көрсетіледі ғой. Сіз көп қошемет сыйлай біліңіз, бірақ орынды болсын. Жігіт сізге өзі қол жеткізетін болсын. Жігіттің түйсігіне әсер ете білуіңіз керек. Сіз оның әр қоңырауына жауап бере бермеңіз. Ол неге жауап бермеді деп ойлансын, ойы үнемі сізде болсын. Өзгерісті бірден байқайсыз, қарапайым тілмен айтқанда оның өзі артыңыздан «жүгіре» бастайды. Жігіттер қолы жетпес, жұмбақ қыздарды ұнататынын есіңізден шығармаңыз.
|
Нәзіктік – бұл тек сыртқы сұлулық емес, өзіңнің жігіттің қасында қалай ұстайтындығыңда. Сыпайы бол, жігітті түсінуге тырыс, күлімдеп жүр, жұмсақ бол. Жігітің сені қорғағысы келіп тұратындай болсын. Тек сырттай сұлу емес, жағымды жақсы күлкісі бар, мейірбан, нәзік дауысты қыз бола біл. Жігіттерге, оларға деген махаббат, еркелету, жылу жетпей жатады. Ал ол қасиеттер сұлулыққа тәуелді емес. |
Жігітті өзіме қалай баурап алсам екен
Жасында әдеп үйренбеген кісіден
өскен соң да қайран жоқ.
Жігіттерді табиғат о бастан-ақ әдемілік пен сұлулыққа құмар етіп жаратқан. Асыға күтіп жүрген сол тойда жаңа үлгідегі киіммен жарасымды киініп, жарқырап шықсаңыз жігітіңіздің көзіне түсесіз. Ол жігіт сізге алдымен тек қызметтес ретінде қарауы мүмкін. Ал, осы тойдан кейін ол сіздің тек әріптес қана емес, сұлу бойжеткен екеніңізді сүйсініп қарайтындай болсын. Кештен соң, сіздің басқаша кескініңізге қарап, сізге деген көзқарасы өзгеріп жатса, жолыңыздың болғаны. Оның арты үлкен махаббатқа ұласып жатса тіптен жақсы. Әрине, бұл үшін сізге де біраз өзіңізді дайындауға тура келеді. Яғни, кеш барысында өзіңізді тартымды, ұстамды, ибалы, қылықты, инабатты етіп көрсетуге тырыссаңыз, сөз жоқ ұнатқан жігітіңіздің ықыласы аумай қоймайды. Ал егер, сол кешке ешқандай дайындықсыз барсаңыз, тым сыпайы көрінсеңіз, ол сізге мүлдем назар аудармауы да мүмкін. Бұл жерде жігіттердің психологиясын дұрыс түсініңіз. Сіз, ғашық болған жігітпен жақын араласпаған соң, оның нені қалайтынын білмейсіз. Ең бастысы тән сұлулығы мен жан сұлулығы үйлесім тауып тұрса, оның үстіне соған сәйкес биязы да жарасымды киініп тұрсаңыз сізге назар аудармайтын жан қалмас. Жігіттерге сыртынан ғашық болып, бірақ бір батып қадам баруға жүрексініп жүрген қыздарымызға төмендегі кеңестерді ұсынамыз:
• Өзіңді жоғары бағала (ол өркөкіректік жаса деген сөз емес);
• Алдымен өзіңді-өзің сүюің керек, сонда ғана өзгелердің саған қызығушылығын байқайсың;
• Ешуақытта жігітке алдымен өзіңнің ұнататындығыңды білдірме;
• Себепсіз хаттар жазып, жиі мазалама;
• Оның көзінше өзіңді төмен санама, және өзіңнің кемшіліктеріңді айтып ақталма;
• Көпшілік ортада тек жақсы жақтарыңмен көрінуге тырыс;
• Алдымен оның жұмысын бағалап, өзіңнің де жұмысыңды жақсы атқаратындығыңды білдіріп қой;
• Жұмыстан бос уақытта әртүрлі тақырыпта әңгіме қозғап, оның ой-пікіріне түрткі болу арқылы талғамы мен ой-өрісін біле жүр. Содан соң, оның ыңғайына қарай өзіңді де бейімдей жүру есіңнен шықпасын.
• Көңілді кештерде заманның көші осындай деп, темекі, ішімдік ішу секілді нашар әдеттерден бойыңды аулақ ұста; өйткені қазіргі жігіттердің түсінігінде жаман әдет тек жаман жүрісті қыздарға тән;
• Үнемі көңілді болып жүр. Үйден ашулы шыққанда жүзіңдегі ашуды аялдамадағы адам да білмеуі керек. Сондықтан жалпыға бірдей көріну үшін өзіңді әркез сергек ұста. Көздерің күлімдеп тұрсын. Оның үстіне сенің сүйкімді күлкің, назды ерке қылығың жігіттің ұйықтап жатқан жүрегін оятуы мүмкін. Сыңғырлаған күлкісімен-ақ жігіттің жүрегін жаулап алған қыздардың бар екенін есте сақтауың керек.
Көпшілік ортада өзіңді қалай ұстау ережесін білесіз бе?
Ұлға отыз үйден тыю,
қызға қырық үйден тыю
«Қыздың жолы – жіңішке, ұлдың жолы – ұлы жол» дегенге бойласақ, нәзік жанды қыздарымыздың өзі ғана емес, әрбір істеген ісі өзінің нәзіктігіне сай болуы керек. Өйткені, тәніңіз қанша сұлу болғанымен, тартымсыз қылығыңызбен, әдепке жат ісіңізбен кез келген адамды өзіңізден теріс айналдыруыңыз ғажап емес. Сол себепті қыз жігіттің алдында да, өзге ортада да өзін дұрыс ұстай білуі шарт. Ұстамды әрі сабырлы болуы керек.
Мейрамханада (әрине спорттық үлгідегі емес) сұлулығыңызға, нәзіктігіңізге үйлесім беретін көйлек және соған сай биік өкшелі аяқ киім киген дұрыс. Өйткені, өкшесі биік аяқ киімде жүрісіңіз сәнді болады әрі асығып-аптықпай жүресіз. Яғни, бойыңызды тік ұстауға мүмкіндік береді. Шашыңызды күндегіден ерекшелегеніңіз дұрыс. Мәселен, шашыңызды үнемі бос жіберетін болсаңыз, бұл жолы жинап немесе түйіп қойсаңыз жарасады. Қыз баланың сөмкесіз жүре алмайтыны тағы бар. Мұндай кештерде күнделікті ұстап жүрген сөмкеңізден гөрі көлемі кішілеу, түсі мен пішіні киіміңізге сәйкес келетін сөмке ұстаған дұрыс. Бастысы, киіміңіз өзіңізге ыңғайлы, денеңізге қонымды болғаны жөн. Өзіңізді еркін ұстаңыз, қысылып-қымтырылмаңыз. Егер, ыңғайсыздық туып, өзіңізді қолайсыз сезініп жатсаңыз, іштей «Мен өзімді еркін ұстай аламын!» деп бұлшық еттеріңізді барынша босатып, байқатпай 4–5 рет терең тыныс алсаңыз көмектеседі.
Ал, енді ресторанға, театрға немесе дүкенге болсын, алда-жалда бірінші кіріп кетуге асықпаңыз. Және бірінші қыз бала кіру керек де міндет емес. Одан кейін жаз мезгілі болмаса, міндетті түрде жеңіл болса да сырт киім киесіз. Осы сырт киімді шешуге жігіттіңіздің көмектесуіне ыңғай білдіріңіз. Әрине, кез келген жігіт мұндай жағдайға мән бере бермейді. Одан кейінгі ескеретін жайт, отыратын орындарыңыз. Оны да сіз емес, алдымен жігітіңіздің таңдағаны дұрыс. Ал қай жерге отырғыңыз келетінін сіз өзіңіз шешесіз. Жігітіңіз сізден кейін отыруы керек. Негізі, сіз көпшілікке қарап, ал жігітіңіз сізге, яғни отырғандарға теріс қарап отырғаны дұрыс. Сөмкеңізге келетін болсақ, оны үстелдің үстіне қоюға болмайды. Кішірек болса алдыңызға алып, ал үлкен болса орындығыңызға іліп қойғаныңыз дұрыс.
Орындыққа жайғасып отырғаннан кейін бірінші болып мәзірді ашып қарап, өзіңіздің таңдауыңызды жасай аласыз. Егер тағам таңдауда қиындықтар туып жатса немесе сіз бұрын-соңды естімеген тағам түрлері кездесіп қалса, жігітіңіздің қандай тағамды қалайтындығын сұрауыңызға болады. Ескертетін жайт, бұрын жеп көрмеген тағамға тапсырыс бермеңіз. Дұрысы, тамаққа тәбетіңіздің тартпай тұрғанын айтып, сусын немесе кофе ішіп отыруыңызға болады. Сусынды жігітіңіз сіздің таңдауыңызды сұрап барып, талғамыңызға қарай сұраныс жасағаны ләзім.
Енді үстелге тамақ келіп, сіз ас ішуге кірістіңіз делік. Сіздің алдыңызда екі тәрелке, тәрелкенің оң жағында пышақ, ал сол жағында шанышқы тұр. Бұл кезде сіз сол қолыңыздағы шанышқымен етті ұстап, оң қолыңыздағы пышақпен оны кесесіз. Бәрін бірден кеспеңіз. Ол әдепсіз көрінеді. Әр жейтін кезде кішкенеден кесіп жеген дұрыс. Кесіп болғаннан кейін пышағыңызды қойып, шанышқыны оң қолыңызға аласыз. Қолыңызды үстелдің үстіне шындағыңызбен қойып, салмақ салуға болмайды. Тек білегіңізді ғана тигізіп, сусын құйылған стақанды нәзік саусақтарыңыздың ұшымен, барынша әдемі ұстап асықпай ішкен жөн. Әрбір қимылыңыз жарасымды, нәзік болсын. Одан кейінгі ескеретін нәрсе ешқашан да үстел басында отырып боянып, айнаға қарамаңыз, шашыңызды, киіміңізді ұстай бермеңіз.
Әжетханаға қол сөмкеңізбен барғаныңыз дұрыс. Айнаға қарап, шашыңызды, бетіңіздегі бояуды ретке келтіріп, иіссу сеуіп алсаңыз болады. Үстелден тұратын кезде де асығыстық жасамай, жігітіңіздің даяшымен есептескенін күтіп, одан кейінірек тұрыңыз.
Ал, театрға немесе киноға барғанда бірінші рет кіріп тұрғаныңызды байқатпаңыз. Ешқашан айналаңызға таңқалып қарамаңыз. Мұндай орындарға ер адам бірінші кіреді. Қыз жігіттің оң жағында отыру керек екендігін есте ұстаңыз. Көріп отырған киноңыз не болмаса сахна көрінісі сізе ұнаса да, ұнамаса да оны сол жерде айтып салудың қажеті жоқ. Бұл да әдепсіздікке жатады. Сіздің ол туралы айтып отырғаныңыз да жаныңыздағы көрермендерді және әртістерді силамағандық болып табылады. Егерде комедиялық жанрдағы кино көріп отырған болсаңыз, айқайлап күлуден аулақ болыңыз. Жай езу тартып аузыңызды жауып күлуге болады. Немесе қорқынышты фильм жүріп жатса, қатты дауыс шығарып қорқудың да қажеті жоқ. Жігіттің иығына бетіңізді қойып, қорыққаныңызды білдіріңіз. Қандай жағдайда да өзіңізді ұстай біліңіз. Жұмбақтау болыңыз, сонда жігітіңіз үшін соншалықты қызықты, құпия боласыз. Тағы да қайталап айтамыз, ал жұмбақ қыздың жұмбағын шешуге жігіттер әруақытта ұмтылады.
Алғашқы кездесу
Қыз қылығымен,
қыс қырауымен көрікті.
«Көріп алған көріктіден, көрмей алған текті артық» демекші, психологтардың пайымдауынша адам көркі байланыс жасаудың алғышарты ретінде ғана қарастырылады. Бұл сөзді терең түсіну үшін адамды сырттан бақылап көріңіз. Мәселен, қала ішінде қызмет көрсететін бағыттағы автобуста отырғанда аялдамада тұрған жандарға көз жүгіртіңіз. Оның арасынан өзіңізге ұнаған бейнені тауып, несімен көңіліңізді аударғанын ойлаңыз. Мүмкін таңдағаныңыз өзіңіз сияқты бойжеткен шығар. Байқасаңыз өте сымбатты бойжеткен өзін тәкаппар ұстап, жан-жағына салмақты көз тастайды, онысы – өзін жоғары бағалағаны. Ал кейде сүп-сүйкімді, көрікті қыздың маған кім қарап тұр екен дегендей жан-жағына жиі жалтақтауы, өзінен көріксіздеу жанға қарап менсінбеушілік танытуы – оның түсінігі шамалы таяздау екенін аңғартса керек. Себебі, ондайлар не келбетіне, не киімінің қымбаттығына қарап адам сыйлайды. Кейбір қыздың сызыла бұртиғанына қарап еркелігін танисыз, онысы өзіне керемет жарасып тұруы да мүмкін. Мұндайлар – тым ерке, әрі қыңыр болуы да ғажап емес. Әйткенмен, оның көңілін тапсаңыз (ондайларға мақтау сөзіңізді аямағаныңыз дұрыс) сізден жақсы адам жоқ. Ақылсыздау қыздар көбіне топ-топ болып жүреді және өз-өздеріне демеу беріп іс-әрекеттеріне дән риза қалыппен бір-біріне қолпаштап қояды. Жұртты өздеріне қарату үшіндаурыға сөйлеп, көңілді жүргендей біреуі билеп жіберсе, бірі қуаласып та қалудан арланбайтын бұл тип оншалықты ұнамды бейне емес.
Жігіттер туралы да осыны айтуға болады. Жан-жағына алақтамай өз көлігін күтіп тұрған жігіттің мақсаты анық. Оны басқа дүние алаңдатпайды да. Мұндай жігіттің алдында көп сөйлемеген дұрыс. Әйтпесе, бірдеңені дұрыс сөйлемей қалсаңыз сізді сауатсыз, не түсінігі өзіне сай емес деген қорытындыға келуі мүмкін. Оларға білімді, салиқалы, көргенді және қарапайым қыздар ұнайды, өтірік сөйлегенді қатты сүйіп қалғанда ғана кешіре алады. Аялдамада жан-жағындағыны түгел шолып өтіп, айналасындағылардың басынан аяғына дейін көз тастап, келген көлігін де жіберіп алмайтын жігіттің әккі екені айтпаса да түсінікті шығар. Сіз таңдаған жігіт өзін осылай ұстап отырса, одан қорықпаңыз, ол жігіт бәріне де үлгіреді. Өте пысық, өз пайдасын жібермейтін бұлармен қарым-қатынасыңызды әбден нықтап алғанша сақ болғаныңыз дұрыс. Сәл ақымақтау, бірақ өте ажарлы, қалтасы да жұқа емес қыздар олардың сүйіктісі. Өз айтқанына көнетін қызды олар ешқашан жолда қалдырмайды. Ал оның өзін бағындырғыңыз келсе, сізге де «қой терісін жамылған қасқыр» болуға тура келеді. Өзінің «бар» екенін білдіріп, көпшіліктің ортасында ұялы телефондағы әңгімені дауыстап, айналасына әдейі естірте сөйлейтін жігіт өзгеден гөрі өзін көбірек сүйеді. Сондай-ақ, қызды да сүйіп таңдамайды, оларды жалықпай мақтайтын қыз бәрінен артық. Ол мақтағанда әңгімесін ынтыға тыңдап, «не деген кереметсің» деген сөздермен оның «кереметтері» туралы таныстарыңызға да айтып берсеңіз көпке созбай шаңырақ көтерулеріңіз де ғажап емес. Жігіттердің үндемей қалған момындары да болады. Бірақ ол оның ештеңеге қабілеті жоқ деген сөз емес, керісінше «жуастан жуан шығады». Көп нәрсеге «солай ма?» деп таңқалатын оларды сауатсыз деп емес, майда-шүйдеге мән бермейтіндер деп қабылдаған дұрыс. Жақсы мен жаманды ажыратуда жақсы ұстаз бола алсаңыз «момын жігіттен» алтын сақадай азаматты тәрбиелеп алуыңызға болады.
Кез келген жігіт алғашқы кездесуге сыртқы болмысыңызға қарап баға береді. Тым ақылды не салмақты болып көрінуге тырыспаңыз. Данышпансып сөйлесеңіз де өзіңізге қызықтыра алмауыңыз мүмкін. Ештеңеге түсінбейтін сәбидің әр нәрсені білуге талпынғаны, таңырқағаны қандай сүйкімді?! Жігіт қасында отырған қызды таңқалдыра алса, өзін әжептәуір есті сезінетіні де сонда. Дегенмен абай болыңыз, тым аңқау болып көріну де дұрыс емес. Наздана сөйлеу мен орынды еркелік арқылы да қалаған жігітіңіздің көңілін баурай аласыз. Бәрін өзі жайғастыра алатын, біреудің көмегіне мұқтаждығы жоқ қайсар арудан гөрі нәзік жанды, дәрменсіз қызға қорғаныш болу қандай жігітке болмасын жағымды әсер қалдырады. Дәрменсіздіктің жөні осы екен деп бар сырыңызды ақтарып салудан аулақ болыңыз. Проблемасы көп бойжеткендер де жігіттің қызығушылығын су сепкендей басады.
Тағы да ескертеміз, ұсыныс жасау тек қана жігіттің міндеті емес. Егер бір жерге (кино, би кеші, боулинг, тәтті күлше, кәуәп, т.б. сынды) барғыңыз келсе, қонақжайлылық танытып өзіңіз шақыруға болады. Жігіттің намысына тиіп қалмаңыз, егер ол ыңғайсызданып өзі алып барғысы келсе, «алда талай кездесу бар, шақыруға үлгеретінін» ескертіңіз. Бас салып оған ескерту жасай көрмеңіз, оның кемшілігі туралы көпке дейін жақ ашпауға болады. Кездесуден кейін шығарып салуына рұқсат беріңіз, әйтпесе оның көкейінде «жігіті бар» деген күдік пайда болуы мүмкін.
Жұрт мақтаған жігіт
Азап пен михнатты
адал махаббат жеңеді.
Жігіттерге кеңес: Болашақ жарды қалай таңдауға болады? Кейбір өркениетті елдерде, мысалы, Америка, Еуропаның кейбір елдерінде мәдени сабақ ретінде мектеп оқушыларына бұл бағытта арнайы сағаттар да бөлінген. Яғни, ол сабақта «Нәзік жандыларға қандай қошемет көрсету керек?», «Олармен тамақтанғанда, серуендегенде және түрлі көмек көрсеткенде өзіңді қалай ұстау қажет?», «Би кешіне барғанда қалай билеуге болады?», «Қандай сыйлықтар әсерлі?» деген сұрақтың жауабын алумен қатар сезім білдірудің мәдениетін де меңгеруге болады. Олар, тіпті сол сағатта алған білімі бойынша сынақ та тапсырады екен. Біздің жасөспірімдеріміз де отбасын құруға мектеп қабырғасында сабақ алса, бақытты отбасын құра алатындықтарына сеніміміз мол болар еді.
Себебі отбасын құру деген атүсті қарайтын нәрсе емес, сондықтан жас жігіт болашақ жарыңды таңдауда қателеспеуге тырысқан жөн. Қыз айттырудың қазақы салттан бөлек әйел таңдаудың исламдық жолы да бар. Мұхамед (с.ғ.с.) бұл туралы: «Жар таңдауда төрт нәрсеге көңіл аудару керек: байлығына, атағына, сұлулығына және дініне. Сен үшін ең абзалы дінді ұстанатын қыз, егер де керісінше болса, сен ұтыласың» деген. Осыған алатын қалыңдықтың ең басты қасиеті – имандылығына қоса сұлулығы мен мінезінің биязы болуының мәні зор екенін қосып қойыңыз.
Алайда қазіргі заман талабы басқа. Әрине бес саусақ бірдей емес. Бәрін бірдей қаралап, жазғыруға болмайды. Көбіне қаланың жағдайында беті 99 бояумен «сырланған» қыз сыртынан қарағанда үзілгелі тұрған гүлдей үлбіреп тұрғанымен, оның мінез-құлқы мен әдебін көргенде екі қолыңды төбеңе қойып, безіп кетуің ғажап емес. Олай болса қазіргі заман аруларын төмендегідей түрлерге бөліп қарастырып көрелік.
Іскер қыз: Бұл өз дегенімен жүретін, айналасындағыларды «айдап өргізіп, иіріп жусатып» үйренген, билік десе ішкен асын жерге қоятын, өз мүддесін бәрінен жоғары санайтын, тәкаппар әйел. Әрине, олардың ішінде ақшадан адами құндылықтарды жоғары қоятындары да бар. Бірақ өте сирек. Өйткені бизнес заңы қатал.
Ұтарыңыз: Үйіңізде үнемі ақша болады. Бизнесте үлкен табыстарға жеткен әйелдер еркектер сияқты сыртқа емес, үйіне тасиды. Тұрмысың жақсы болады, шалқып өмір сүресің.
Ұтылатыныңыз: Әйеліңіздің көлеңкесінде қалып, соның айтқанына көніп, айдауына жүріп, тіршілік кешесіз. Кейде мұндай әйелдер ер мінезді, зор денелі, қайсар еркекті таңдайды. Бұл жағдайда іскер сұлудың бұйрығына әлгіндей азамат оңайшылықпен көнбегендіктен, ажырасып тынады.
От анасы: Ол бүкіл өмірін өзінің отбасына, балаларының тәрбиесіне, отбасының бақытына арнайды. Ондай әйелі бар үй қашанда мұнтаздай, бақ-берекеге толы. Және мұндай әйелдер ерінің ісіне жөнсіз киліге бермейді.
Ұтарыңыз: Балаларыңыз тәрбиелі, үйіңізде береке, достарыңыз да туыстарыңыз да риза.
Ұтыларыңыз: Іскер әйел сияқты ойдан-қырдан ақша жасап, шапқылауды ұнатпайды. Отбасын қаржымен қамту барлық еркектер тәрізді сіздің мойныңызда болады.
Сылқым келіншек: Бұл – барын киіп, «басынан байпағына дейін сыланып», той-домалақтан қалмайтын, тапқаныңызды бояуы мен киіміне жұмсайтын ерке әйел.
Ұтарыңыз: Жиын-тойда сырыныңызды білмейтін ел қызыға қарауы мүмкін.
Ұтыларыңыз: Тапқан табысыңызда да, отбасыңызда да береке болмайды. Сіз тек оған ақша тауып киіндіріп, тойындыру үшін ғана керексіз. Оның қолынан түк келмейді. Сондықтан өмір бойы ердің де, әйелдің де қызметін атқаруға дайын болсаңыз, сылқым келіншекті жар етесіз.
Бұл айтылғанды ескеру-ескермеу өз еркіңіздегі шаруа. Десек де өзіңізге өмірлік жолдас болатын жанды табу жолында талғам да, таңдау да ерекше болуы тиіс. Бұл орайда дәрігерлердің, жантанушылардың (психологтардың) кеңесін ескерген абзал.
Айталық, сізге көзі оймақтай, ерні қаймақтай, әдемі қыз ұнады делік. Адамның таңдауы алдымен, тән сұлулығына түседі. Сөйтіп, сіз өзгелерден ерекшеленіп тұрған сымбатты қызбен сырлас болдыңыз. Енді онымен жақын таныса келе, оны жар етуді ойласаңыз, төмендегі талаптарды жүзеге асыру керек болады.
Біріншіден, оның өзін және туыстарын зерттеңіз. Олай болмағанда сіздің балаңыз тұқым қуалау арқылы берілетін туа бітті тән кемшіліктерімен туылуы мүмкін.
Екіншіден, оның өзінің және туған-туыстарының денсаулығына назар аударыңыз. Бұл сіздің ұрпағыңызды тұқым арқылы берілетін (қояншық, т.б.) әртүрлі дертті болуынан сақтайды.
Үшіншіден, оның айналасындағы достарына зер салыңыз. Өйткені ертең үйленгеннен кейін езуінен шылымы түспейтін немесе жігітті көйлекше ауыстыратын, болмаса көк мылжыңмен миыңды ашытатын достары сіздің де достарыңызға айнылып, үйіңізден шықпайтын болады. Сондықтан егер сүйіктіңізді тастауға қимасаңыз, әлгіндей достармен қарым-қатынасын үзуін өтініңіз. Болмаса, жора-жолдастары дұрыс, тәрбиелі ортадан өзіңізге лайықты басқа жар іздеңіз.
Төртіншіден, және ең бастысы, қыздың өзінің мінез-құлқынан басқа да жақсы қасиеттеріне жақсылап көңіл аударыңыз. Әйелді мынандай қасиеттеріне қарап таңдаңыз: өмірге деген құлшынысы жоғары, ақкөңіл, жайдары, мейірімді және сіздің туыстарыңызбен достарыңызбен тез тіл табысып үйіріп алып кете алатындай жан болуға тиіс.
Бесіншіден, өзіңіз үйленгіңіз келетін адамды жиырма төрт сағат бойы қасыңыздан көруге сенімді екендігіңізге әбден көзіңіз жетсін.
Әдетте әдемі қызды көргенде жас жігіт бірден ақылын жоғалтып, өзінің тағдырын оның қолына ұстата қояды. Оның айналасындағы достарының, туыстарының болашақ жары туралы айтқан ескертулерін құлағына да ілмейді. Өйткені ғашықтық сезімі оны соқыр әрі керең етеді. Әрине бір көргеннен ғашық болуды да жоққа шығаруға болмайды. Бірақ олардың мыңнан біреуі ғана шын мәнінде, бақытты болуы мүмкін екенін жоғарыда айттық.
Әйел таңдау кез келген ер-азаматтың басына түсетін іс. «Қамшының сабындай» десек те, ғұмырыңыздың аяғына дейін өзіңізбен бірге болып, тұрмыс кешетін және үрім-бұтағыңды өсіретін от анасын таңдау оңайға түспейді. «Жақсы әйел алғанның үйінен ырысы кетпейді, жаман әйел алғанның үйінен ұрысы кетпейді» дегенді бұрынғылар бекер айтпаған. Қыз күнінде бәрі қырмызыдай жайнаған арудан ертең қандай әйел шығатынын дөп басып тану қиын. Бір қарағанда көзге көркем көрінгенмен, оның жан дүниесінің қаншалықты сұлу екенін қалай танырсың?! Ал жан сұлулығы жоқ жерде отбасының болашағы бұлыңғыр. Сондықтан болар, біздің қазақ әуелі қыздың тегіне қараған. Тектілік дегеннің өзі қанмен біткен кішіпейілділік, ибалық, имандылықтан бөлек атадан балаға, анадан қызға отбасы арқылы тәрбие деп те ұғыну қажет шығар. Сондықтан да бұрынғылар қалыңмалы қанша қымбат болса да, үйір-үйір жылқы, отар-отар қой айдатып, текті жерден қыз алған. Әрі қазақтың алдын ала айттыруы мен текті жерге құда түсіп, қыз алуы тұқымының тәрбиелі, иманды болатынының кепілі. Өйткені бала ат жалын тартып мінгенше ана тәрбиесінде болады. Ал егер тәрбиелілік сол ананың тегінде жоқ болса, тұқымың тозды деген сол.
Сондықтан да әр қадамыңды аңдап басып, әр ісіңді жан-жақты ойланып барып жасасаңыз ешуақытта қателікке ұрынбайсыз. Ол үшін жоғарыда айтылғандарды таразылап барып, шешім қабылдағаныңыз дұрыс.
Қыздың мінезіне қарап, одан қандай жар шығатынын білуге бола ма?
Қырсыққан қыз жігіт таппас,
қырсыз жігіт мал таппас.
Бүгінде қыздардың киім киісі, жүріс-тұрысы бәрі ұқсас. Қыздардың бәрі бірдей болып көрінеді. Әр қыздың өзіне тән ерекшелігіне, іс-әрекетіне қарап, өздерін лайықты жұп тапқысы келетін жігіттеріміз көп-ақ. Яғни, қырмызы гүлдей жайнаған қыздардың мінезіне қарап, ертең қандай жар болатынын білуге құштар жігіттердің назарына ұсынамыз.
Әр қыз өз ортасында ұнамды қасиетімен жақсы пікір қалыптастыруға тырысады. Дегенмен, олардың іс-әрекетінің бәрі сәтті шыға бермейді де, керісінше онысы ұнамсыз болып көрінуі мүмкін. Жанына жақын сырлас іздеген бозбалалар қыздардың бойындағы мынадай қасиеттеріне ерекше көңіл бөлсе, одан ертең қандай жар шығатынын білуге болады.
Көтеріңкі көңіл күй иесі. Үнемі өмірге риза, жүзінде әдемі күлкісі үйріліп тұратын, мінезі ашық бойжеткен қашан да әр нәрсеге уақыт таба біледі. Сондай-ақ, оның уақыты ешқашан текке кеткен емес. Ол әрдайым өзіне ұнайтын ортадан табылады, егер көңілі қалаған жігіт кездесуге шақырса бас тартпайды. Мұндай қыздың жанында отыра бергің келеді. Егер онымен кездескен жігіт тым тұйық болса, жігітінің ұсыныс жасауын күтіп отырмай-ақ өз ойын ортаға салуы мүмкін. Оның әңгімелері де сәтсіздіктері, жеке проблемалары туралы емес, немесе ауа-райына шағымдану сияқты болып келмейді. Мұндай бойжеткен ертең отбасында кез келген қиындықты жеңе алады. Жарының қабағындағы мұзды лезде жібітіп, қарды еріте алатын сүйкімді келіншек те осындай қыздардан шығады.
Теңқұқылы бойжеткен
Өз бетінше ешкімнен көмек сұрамайтын, ал көмектесу ниеті барларға қарсылық білдірмейтін қызды тәкаппар деп ойламау керек. Оған қошемет көрсетсең, ол міндетті түрде саған да құрмет білдіреді. Әркімнің іс-әрекетіне қарай «жауап» қайтарады. Кешкі асқа шақырған жағдайда, келесі ұсынысты ол жасаса таңданбауға да болады. Себебі өзін біреудің алдында борышты сезінгісі келмейтін мұндай арулар «өзін – қыз, жігітті – қошемет көрсетуші» деп қабылдағаннан гөрі «50 де 50» деген ұстанымды жақсы көреді. Теңқұқылықты қолдайтын бойжеткендер сезімге беріле қоймайды, олар отбасындағы билікті де ерімен бірдей бөліседі.
Сылқым сұлу
Сыңғырлаған күлкісі бар, көркіне көз тоймайтын және сонысын өзі білетін, біле тұра жүректерді жандыратын сұлудан жігіт атаулы дәмелі болса керек. Алайда сөйлеген сөзі балдай, сезімге ерік бере алатын сылқымның махаббатта тұрақсыз болатынын естен шығармаған дұрыс. Сүйкімді қылығымен жігіттің жүрегін баурауға тырысқан арудың арғы ойы әр кез өз пайдасын көздейтінін біле жүріңіз. Мұндай бойжеткеннің көпшілігінен отбасы мәселелерінен гөрі сұлулығы мен сымбатын алға қоятын әйел шығады. Сондай-ақ олар үй шаруасына, ас әзірлеуге бейімсіз болуы да мүмкін.
Жақын сырлас бола алатын құрбы
Әңгімелесу барысында бойжеткеннің өзіңмен ұқсас жақтары көп екенін байқасаң, онымен өмірлік көзқарастарың бірдей екені аңғарылса, демек, ол сені жақсы түсінеді. Онымен аз ғана уақыт сөйлескеннің өзінде талай жылдан бері бір-біріңді жақсы танитын сияқты боласың. Ондай құрбы сенің қызығушылығыңды да жақсы түсінеді, сенімен сол тақырыпта әңгімелесуден де жалықпайды. Ол қашанда сенің сөзіңді қоштайды, әзіліңді дұрыс қабылдай алады. Өзі хабарласып, жағдайыңды сұрап қоюы да мүмкін, бірақодан арыға аса алмайды. Жігіттің жақын сырласына айналған бойжеткенді сезімі күйдіріп бара жатса да, сыр білдірмей бұлқынған жүрегін тұсаулай алады. Олар ұстамды, әрі махаббатта тұрақты болып келеді. Осындай қыздармен жұбыңыз жарасымды болады.
Ойындағысын іркіп қалмайтын қыздар
Ойындағысын ешкімнен жасырмай-ақ, ашық айтып отыра беретін қыздың сөзінен кейбіреулер опық жесе, кейбіреулерге оның пайдасы тиіп жатады. Мұндай қылығын ашық ауыздыққа балауға болмайды. Оның айтпауға болатын сыры да бар, әйтсе де біреудің құпиясын өзіне жүктегісі келмейді. Осынысы отбасылы болғанды таяқты жегізеді. «Ішімдегіні тап» дейтіндерді жаны сүймейтін олардың алдында жігітке де қысылудың жөні жоқ. Себебі ол өзіне не керек екенін ашық айтып, өзін еркін сезінгенді жақсы көреді. Бір қарағанда ақымақтау көрінгенімен, мойнына жауапкершікті ала бермейтінін жаман қасиет деуге де болмайды.
Тәуелсіз бойжеткен
Жеке басының жұмысымен жиі айналысатын жігітке керегі де осы. Түске дейін университет, түстен кейін жаттығу, спорттық жарыстар, жеке шаруаларымен үнемі қолы босай бермейтін жігіттер өзіне аса көңіл бөлуді қажет етпейтін аруды тани білсе құба-құп. Ондай бойжеткен өзінің жеке өмірін де қадірлей алады. Отбасына, құрбы-құрдастарына арнайы уақыт бөліп, өзінің сүйікті ісімен де шұғылданады. Ол өз өмірінің бір ғана нәрсеге тәуелді болып қалғанын қаламайды, сол үшін де онымен аптасына бір рет әдемі кездесу ұйымдастыру жеткілікті. Болмашы себептермен сүйіктісін мазалау оған тән емес. Ол келіншек болғанда «Үйде анау жоқ, мынау жоқ, қайда жүрсің? Қашанғы отбасы мәселесімен мен айналысамын...» деп жүйкелететін әйелдердің қатарына қосылмайды.
Ешкімге ұқсамайтын ерекше бойжеткен
Ұқыптылығы көзге ұрып тұратын, әр сөзін қысқа әрі нұсқа етіп сөйлейтін қабілетті қыз ешқашан өзгенің де өзінің де уақытын босқа өлтірмейді. Одан бірдеңе сұрай қалсаң нақты жауап аласың, қосымша кәдеңе жарар кеңеске де кенде емес. Бұл бойжеткеннің талғамы зор, талабы күшті болғанымен әр нәрсенің шамасын біледі. Басқаларға көмектесе жүріп өз шаруасына да үлгереді. Оның қызығушылығы қатарынан жоғары, біршама жетістікке жеткенімен тым қарапайым қызбен тіл табысқың келсе сенің де «әншейін біреу» болмағаның дұрыс. Сүйікті жар, ізетті келін, аяулы ана болуға лайықты бойжеткен міне, осы ару.
Қызбен не туралы сөйлескен дұрыс?
Қызбен ортақ әңгіме таппай, сезімін білдіре алмайтын, ұяң жігіттер де баршылық. Енді сондай бозбалаларға біршама кеңесімізді ұсынамыз.
Махаббат деген ең нәзік сезім. Оны аялаған сайын тұрақтала түседі, ал абайламай сәл ғана қателессең, қолыңдағы барыңды әп-сәтте жоғалтып алуың мүмкін. Нәзік сезім болғандықтан да оны тұрақтандыру үлкен мәдениетті талап етеді. Жалпы қыз, әйел затының нәзіктігін ескерсек, олардың қиялға берілгіштігін де ұмытпаған жөн. Әсіресе, махаббатта әр оқиғаның ертегідей болғанын қалайтын қыз көңілінен шыға алсаңыз сізден ол көп нәрсені талап етпейді. Егер жігіт қыз қиялындағы «ертегі кейіпкер» бола алса, қыз оның байлығына да, барлығына да қарап отырмайды. «Ақ боз атпен шауып келіп, алдында қасқайып тұрған қаһарманнан» артық дүние жоқ оған. Бірақ бұл қызыл сөзге салыну дегенді білдірмейді. Ондайда жігіттің тапқыр, ойы ұшқыр, әрі мәдениеті жоғары болғаны жақсы.
Егер жігіт қызбен көптен бері таныс болса, екеуіне де ортақ тақырып баршылық. Мәселен, сабақ, достасқан орталары, олар үшін қызықты мерекелер, қызығушылықтар, бәрі-бәрі бүтін бір әңгіме. Оның үстіне жігіт бойжеткенді бұрыннан танитын болса, оның қызығушылықтары туралы біледі ғой, екеуіне ортақ сырлы сұхбатты осыдан бастауына болады. Егер ол жайында ойлап көрмеген болса жігітке тіпті де жеңіл, әңгімені оның неге қызығатыны туралы сұраудан бастауға да болады. Егер жігіт бойжеткеннің жеке өміріне (отбасылық емес, әрине) қызығып, оның көзқарасын бағаласаң, оған жағымды әсер қалдыра аласың. Келесіде ол сен туралы толығырақ білуге тырысады. Құрбың әңгіме айтқанда оған ден қойып, дұрыс тыңдай біл. Егер ол тақырыпта әңгімелесудің сәті түспесе, мәңгілік тақырыптарды ортаға тартуға болады. Мысалы, ән туралы – «қандай әндер тыңдайсың?», «ол неліктен ұнайды?», тұрғылықты қалада (ауылда) саған ұнайтын жерлер, болашақ өміріңді елестету, арманыңды, тіпті бір оқиғаны айтып, «соның орнында сен болғанда не істер едің?» деген сияқты пікір таластарды да тілге тиек етуге болады. Жігіттердің көпшілігі спортқа біртабан жақын келеді. Сенің де спорттан хабарың болса, «сен спортпен айналысасың ба?» деп қойып қалғаннан гөрі, «саған спорттың қай түрі ұнайды?» деген мәдениеттілеу естіледі. Себебі «спортпен айналысасың ба?» десең, қыз «менің мүсініме қарап айтқаны ғой» деп ыңғайсыздануы мүмкін. Жігіттердің арасында отырғандай, өзіңнің керемет күшіңді көрсетіп, оған үйретуге, көрсетуге тырыспа. Нәзік жандылар үшін бұл ең сүйкімсіз көрініс.
Қызбен әңгімелесу кезінде сенің қойған сұрақтарың тергеушінің жауап алуындай болмасын. Тым болмаса, «сен велосипед айдай аласың ба?» (жүзу, атқа міну т.б. өнер түрі) деп сұра. Ол «жоқ» десе, демек, «сыныққа сылтау іздеген» саған сүйгеніңе велосипед айдауды үйретуге тура келеді. Ал білсе, онысы да жақсы, тамаша табиғат аясында велосипедпен серуендеуге шақыр.
Ер жігіттің сөзі рас, ісі нақты болғаны абзал. Өтірік сөз, өсек әңгімеден өзіңді аулақ ұста, қыздар ондайды кешірмейді. Өзіңді жарнамалаудың да қажеті жоқ, тиімдісі оны іс-әрекетіңмен көрсет. Сүйгеніңнің ерекшеліктерін айтып өткен дұрыс, бірақ өтірік мақтауды олар сүймейді. «Қыз – құлағымен сүйеді» деген рас, әйтсе де ол жігіттің «өтірік өлеңіне» байланысты айтылмаған. Сондай-ақ өзінің қызбен әңгімелесіп отырып, басқа ұзын етектілер туралы теріс пікір білдіре көрме. Басқа біреудің материалдық жағдайын талқыға салудан да аулақ болғаның дұрыс.
«Қыздардың барлығы бірдей» деп ойлауға болмайды, олардың әрқайсысы өзінше шешуі қиын ерекше жұмбақ іспетті. Сөз салу – сүйгендердің ортақ әңгімесінің бастауы емес, асықпа. Егер қыздың жүрегіне жол таба білсең, ары қарай не істеу керек екенін кеудеңдегі жұдырықтай ет өзі шешеді.
Сүйген қызыңызға қандай сыйлық жасай аласыз?
Қызға ессіз ғашық болған жігіт қызуқанды емес, мейлінше сабырлы, ұстамды болғаны дұрыс. Мына ісім ұнамай қалады-ау, сыйлығымды жақтыра ма екен деген ой болмасын. Қандай қыз болса да гүлді ұнататыны анық. Егер де гүлді аздық етеді деп ойласаңыз жанына кішігірім бір зат қоссаңыз болады. Егерде шын сүйетін болса, қыз үшін сыйлықтың бағасы қажет емес. Ең бастысы, шын көңіл бөлу. Егерде шамаңыз келіп жатса, бағалы бұйымдар сыйласаңыз болады. Туылған күн немесе жүргендеріңізге жыл толғанын атап өтпек болсаңыздар, мұндай кездерде гүл алып, ресторанға не болмаса театрға билет алып шақырсаңыз да болады. Мұндай сыйды да қыздар жоғары бағалайды. Сүйген қызыңыздың бұл шақыруыңызды қалай қабылдауы сіздің шақыруыңызға байланысты. «Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады» демекші, жылы, тәтті сөйлей біліңіз. Егерде үйленетін ойыңыз болып жатса осы кешті пайдаланып, ресторанда отырған кезде үстел басында жылы сөзіңізді айтып, сыйыңызды табыстасаңыз сүйген қызыңыздың көңілін жаулай аласыз. Ең маңыздысы, сыйлығыңыздың бағасында емес, кішкентай болса да сыйлығыңызды ұтымды жол тауып бере білуіңізде.
Егер, гүлді мейрам сайын сыйлаймын, ресторан, театрға де жиі барып тұрамыз ол қызым үшін қызықты емес деп ойласаңыз, оның нені ұнататынын құрбысы арқылы білуіңізге болады. Ол үшін сүйген қызыңыздың сыр бөлісер жақын құрбысымен ашық сөйлесіп, сүйгеніңіздің нені ұнататындын, қандай сыйды ерекше қабылдайтынын біліп алыңыз. Өйткені сіздің таңдап, шын ниетіңізбен сатып алған сыйыңыз сүйіктіңіздің көңілінен шықпай жатса сіздің де ыңғайсых жағдайға қалуыңыз ғажап емес.
Осы орайда қыздарға да йта кететін кеңес, жігіттің шын жүректен ұсынып тұрған сыйлығы ұнамаса да, ерекше көңіл бөліп көзінше ашып көруге болады. Гүл болса, алған бойда қоя салмастан, иіскеп көріп ұнағанын айтып, суға салып қойсаңыз, ол сіздің әдептілігіңізді көрсетеді.
Әке көрген оқ жонар
Әке – асқар тау.
Ер азаматтың отбасында өз жарынан басқа, балаларына да қамқор бола білуі қажет. Әке ұлға да, қызға да қажет, біз бұл туралы айтып өттік. Қыз бала әкесін құрмет тұтып жүріп, болашақ күйеуін сыйлауды үйренеді. Ұл әкесіне еліктеп өседі. Оның әкесінен өте туатыны, кері кете туатыны алатын тәрбиесіне, дәлірек айтқанда әкесіне байланысты. Сондықтан нағыз әке баласына көңіл бөліп, қамқорлығын аямайды.
Студент балама хат
Сұңқардың қанаты
ұшқанда қатаяды.
Әрине, отбасындағы әкенің бір міндеті – жоғарыда айтылғандай, балаларына қамқор болу, оларды ештеңеден тарықтырмай, қатарынан қалдырмай өсіру. Сонымен қатар, ұлдың тәрбиесіне әке жауапты.
Міне, сондай бір әкенің алысқа оқуға кеткен баласына жазғанхатын, басқаларға да керек болар деген ниетпен ұсынып отырған жайымыз бар.
«Ұлым, міне сен де ер жетіп, студенттік өмірдің есігін ашып жатырсың. Аманшылық болса, бұл белестерден де өтерсің. Мен саған ешқашан «мораль» оқып, не болмаса болашақ туралы әңгіме айтпаған едім, бірақ үйден алыс бірінші рет кетіп бара жатқаныңды ескере отырып, осы хатымды жазғалы отырмын.
Жатақхана
Білмеймін, қазіргі заман өзгерісіне байланысты мүмкін басқаша болар, бірақ біздің кезімізде «жатақхана» – біздің сабаққа дайындалатын орнымыз да, жатып ұйықтайтын демалыс орнымыз да, қысқасын айтқанда өз үйіміз болған жер. Бұл сонымен қатар, адамның мінез-құлқының қаыптасуына көмектесетін, досыңды да, қасыңды да танытатын жер. Осы жердегі досың – өмірлік досың болып қалуы да ықтимал.
Жақсы жағы: бүкіл оқу орнының соңғы жаңалықтарын біліп отырасың, сабаққа дайындықты бірге жасағаннан адамдар бір-біріне жақындай түседі, достық сезім артады, жаңа кісілермен танысасың.
Жаман жағы: жатақхананың ішінде тек сенімен қатар, яғни, І курс студенттері ғана жатпайды, ІІ, ІІІ, ІV және V курстың студенттері де жатады. Әлімжеттік жасала ма («дедовщина») деп уайымдаймын. Осындай және басқа себептер (оның ішінде өз жалқаулығың да бар) әсер ететін жағдайлар сабаққа кедергі болуы мүмкін.
Өзіңнен кішіге, әлсізге әлімжеттік жасап, қорқытып, біреудің өзің секілді маңдайынан шертпей өсіріп отырған ұлына қиянат жасама. Мұндай кезде бізді, яғни, әке-шешеңді ойла. Оның да ата-анасы біз секілді сол ұлынан үміт күтіп отыр. Бұл сөзім, саған тым ынжық, қорқақ бол дегенім емес. Өзіңді ер жігітке тән етіп ұста. Ең бастысы, өзіңді қорғай біл, досыңа адал бол. Ешқашан да біреудің ала жібін аттама. Өзің адал, сөзіңе берік нағыз жігіт болсаң, сен қай жерде де жеңіл шыға аласың.
Арақ
Бұл жайлы талай естіп те жүрсің. Ол ол ма, сенің жандай көретін жолдасыңның өзі арақ ішсе «хайуан» болып кетіп жүргенін әлі де көрерсің. Сонда адамдар екі жүзді болатынына көзің жетеді. Мен бірінші рет ондай жағдаймен кездескенде көпке дейін, әртүрлі ой үстінде жүрдім. («Қай сөзіне сенемін? Мас кезінде жан дүниесін ақтарып отыр ма, әлде сау кезінде шынын айтып отыр ма?»). Сен мынаны ұқ: сау адам мас адамды түсінбесе, дәл сол сияқты мас адам сау адамды түсінбейді. Қысқасы, арақ адамның шынайы бейнесін көрсетеді. Кейбіреуін маужыратып ұйықтатса, кейбіреуінің «хайуан» сезімін оятады. Ұлым, осы арақ деген пәледен аулақ жүрші.
Ал егер басқа амал болмай, сондай адамдардың арасына түссең – қамығудың қажеті жоқ. Олардан бір адым болса да ілгері жүру әрекетін жасап, алдын ала болжамдап, «жаманға жасық, жақсыға асық» боп (олардың ішінде де достарың болуы мүмкін) жүре беру керек. Бұл да, жоғарыда айтылғандай, сенің мінезіңнің шынығуына пайдалы.
Темекі
Темекінің адамға зиян екендігін жұрттың бәрі біледі. Балам, соған үйренбей-ақ қойшы. Бос уақыт алу, бос шығындану, бос бас айналдыру, тағы да басқа «жамандықтардың» бәрі осы темекіден. Ол менің ойымша – ауру. Себебі, бұрын болмаған бүкіл ауруларды өзіне тартып жинайтын сияқты. Нанбасаң қара, өмірі демікпесі болмаған адамның тынысы тарылып, демікпе ауруына шалдығып жүр, өмірі жүрегім демейтін анау ағайыңның жүрегі ауырып жүр, ас талғамай, өмір бойы ауырдым деп көрмеген ауылдас көкең, асқазанның түрлі ауруларына шалдыққан, тоғызыншы қабатқа жүгіріп шығып-түсіп жүрген көршің екінші қабатқа шығар-шықпас ентігіп, әрең демалады. Мұның бәрі неден? Әрине, бәрі де – темекіден.
Нашақорлық
Балам, соңғы кезде нашақорлық деген сөз пайда болды. Біздің студент кезімізде мұндай сұмдық жоқ еді. Мүмкін менің айналам бұл пәледен аулақ болған шығар. Нашақорлық анашадан басталады. Есеңгірететін осы бір есірткеден аулақ болшы, балам. Бір елтісең, одан айырылу өте қиын. Оған шырмалып қалған адам өз еркімен қоя алмайды.
«Кока» өсімдігінің шырынан алатын кокаин деге де түрі бар. Ерітіп инемен тамырға салғаннан кейін, ол бір сәтте жүрекке барады да, ары қарай миға кетеді. Біршама минуттан бірнеше сағатқа дейін есіңнен айырылтады. Дүние түсіңде көргендей әдемі, әсем болып, жаныңа ләззат береді. Артынан шамасы төмендеген сайын дүние бұзылып, жан-жағыңды жау басып, арсылдаған ит боласың да қала бересің. Осы «ләззатқа» қайтып оралу үшін тағы одан да үлкен мөлшерде есірткені қалайсың. Күндердің күнінде мөлшерін білмей қалып, өліп кетесің.
Бұдан кейінгісі – героин. Бұл енді есірткелердің ішіндегі «ақсүйегі». Ұнтақ ретінде пайдаланылады. Оны мына батыс киноларынан көріп жүрген боларсың. Басыңа «кайф», жаныңа жайлылық сыйлағанымен, соңы өміріңді құртады.
Болашағыңан үлкен үміт күтіп отырған артыңдағы ата-анаң мен өзіңнен үлгі алар бауырларыңды ойла. Адаспа, ұлым!
Төбелес
Төбелес неден шықты деген сұрақ үлкен кісілердің кішкентай балаларға қоятын сұрағы сияқты. Бірақ шын мәніне келсек, еркек адам болған соң өмірде түрлі жағдай болады.
Қыз үшін төбелес – өз намысыңды сақтап қалу үшін кейде керекті төбелес.
Мастық төбелес, керек емес нәрсе, бірақ сау болсаң қатты тиіп, мас болсаң есте қалмайтын төбелес. Әрі біреуді майып етуің мүмкін.
Достық төбелес, басқа біреуден дәл сол сөзді естісең мыңқ етпес едің-ау, бірақ мына досыңның сөзіне шыдай алмай салып жіберіп, арты едәуір жерге апарып тастайтын төбелес.
Жекпе-жек төбелес, ең әділ төбелес. Әрине арты тек жеңумен аяқталса жақсы. Мен жақын досымды (әлі күнге дейін жанұямызбен араласамыз) дәл осындай жекпе-жекте «тауып» алдым.
Ал қазіргі жастардың төбелесінен мен өзім қорқамын. Арты өлімге дейін апаратын, бір-біріне пышақ сұғып, керек десең, тапанша шығарып атысып, аяушылық, адамшылық дегеннен жұрдай, ешбір қазағың былай тұрсын, адам деген пендеге жанашырлық сезім қозғалмайтын, ата-ананы сорлатып, көз жасына шомылдырып, тірісін түрмеге, өлісін молаған апаратын, қанға қан, жанға жан салатын, істеген әрекетінде үлкен адам-ау, кішкентай-ау деп талғамайтын жабайы төбелес. Осындайдан құдай сақтасын.
Түрлі діни секталар
Ұлым, шағын ауылдан үлкен қалаға аттандың. Үлкен қалада адам да көп. Олардың кейбіреулерінің іс-әрекеті түсініксіз көрінуі мүмкін. Мысалы, кейбіреулер белгілі ағымдағы діннің өкілдері. Сенің өзіңмен қоса жаныңды алғысы келетіндерді қаншама. Қалай дегенмен оларға еру-ермеуің тек өзіңнің өміріңнің қожайыны екендігіңе, мемлекетіңнің шынайы азаматы екендігіңе, ата-анаңның ардақты баласы екендігіңе, ақыл-есі дұрыс екендігіңе байланысты. Алайда мидың іші бос болса, ондай ағымдарға еріп, басың айналып, кіріп кетуің ықтимал болады да тұрады.
Бас айналдыру деген не? Мысалы, ауылдағылардың кейбіреулерінің балалары түсініксіз дінге кіріп кетіп, әке-шешесін тыңдамай, өлгенге көңіл айтпай, той қылғанның қуанышын бөліспейтін күйге жетті. Бірақ бұл қазаққа жат, ерсі ағым. Ата-бабамызда мұндай нәрсе болмаған. Біздің кезімізде октябрят, пионер, комсомол деген коммунистік ағымдар жастардың бастарын бос қалдырмайтын. Қазір ондай жоқ, басымыз бос болып қалған. Оның орнын осындай күмәнді ағымдар толтыруға дайын тұр. Осындай пәлекеттен аулақ жүр, балам. Өзіміздің дәстүрлі дінімізді дұрыс деп білем. Өз дініңді сату ең ауыр жаза екенін ұмытпа.
Достар
Ұлым, досыңнан нені қалайсың, өзің де сондай істей алатындай бол. Дос болу оңай емес. Дос дегенің сен үшін жанын бере алатын адам болуы тиіс. Досың сенің көңіл-күйіңді қабағыңа, көзіңе қарап сөзсіз түсінеді. Жаманыңды жасырып, жақсыңды асырып отырады.
Өмір бойы жан досым деп жүрген адамың сені қиыншылық кезде сатып кетсе, ондай достан айырылуың керек. Түбі бір тақырға отырғызып кететін сатқын достардан сақ бол.
Сенің дегеніңді істеп, сенің жаныңнан кетпей, күлсең күліп, жыласаң жылап, таскенеше жабысып қалатын екі жүзді доссымақтардан абай бол.
Өзінің іші бос «бөшке» де, артында жүз жылдық тәжірибесі бар адамдай сөйлейтін, «ананы бүйт, мынаны сөйт» деп отыратын жұмсағыш достардан сақтан.
Қысқасы, достың да досы болады. Тек соны таңдай біл. Аңғарымпаз, байқампаз бол, аңғал, аңқау болма!
Балам, ата-анаңның ақшаны жерден қазып алып жатпағаны есіңде болсын! Қандай жағдайда да үнемдеу жайлы ойлап жүргенің жөн. Әрине, шашылып қалатын жағдайлар да кездесіп қалады. Қаражатың жетіп, қиналмай жүргеніңді ата-анаң да қалайды. Киім керек, тамақ қажет дейсің, туған күн, отырыс тағы-тағылары бар дейсің. Сен үшін осының бәріне қаражат жеткізіп отыруға тырысамыз. Бірақ, сол ақшаны тиімді жұмсауды ойлау – сенің міндетің. Оны өзің ақша таба бастағанда түсінерсің.
Байқасаң, мектептегідей университеттің оқытушылары саған «оқы, сабағыңнан қалма» деп айтып жатпайды. Емтихан тапсыра алмасаң, жіберген сағатың көп болса, оқудан шығарып жібере салады.
Мектеп бітірдің бе, енді мұғалімнің сенімен шаруасы жоқ. Ата-анаңның да ойлайтын өзге балалары, қат-қабат жұмысы, отбасылық мәселелері бар. Саған сағат сайын телефон соғып «тамағыңды іштің бе, кітапханаға бардың ба, жылы киініп жүрсің бе, бос уақытыңда немен айналысып жатырсың...» деп отыруға уақыттары бола бермейді. Сен енді өз бетіңше жүре алатын, өз басыңды өзің алып жүре алатын азаматсың. Өзіңнен 4–5 жас-ақ үлкен өзге балаларға қарашы, жас болса да білдей қызмет атқарып жүр, мекеме басқарып отыр... Сен де тағы 3–4 жылда қолыңа диплом алған соң сондай маман бола аласың ба, озып шыға аласың ба, әлде әйтеуір күніңнің өткеніне қуанып сүйретіліп өмірдің ағымымен ағып кете бересің бе? Ағыспен «ағып» кете берсең, артта қаласың, сен «жүзуің» керек. Поездан қалып қоюға болмайды. Қалып қойдың ба, оны қуып жету өте қиын әрекет. Соны есіңде сақта.
Қай жерде жүрсең де, өзіңнің кім екеніңді, кімнің баласы екеніңді ата-ананың алдындағы міндетіңді, өзіңнің болашағыңды ұмытпа. Саған деген біздің сеніміміз де, үмітіміз де көп екенін есте сақтағаның дұрыс. Өмірдің қиыншылықтарын ар-иманыңды жоғалтпай, азаматтық атыңа сәйкес жақсы адам болуға тырыс. Сәлеммен әкең!!!»
Ер жігіттің есінде жүруі тиіс
Жақсы әйел – жігітке біткен бақ,
жақсы жер, жайлы қоныс – алтын тақ.
• Белдік белдің өлшемінен 5 см үлкен, әрі әрқашан үшінші тесікке текітілуі керек. Және де оның аяқ киімнің түсімен бірдей болғаны жарасымды.
• Өзің білмейтінді әңгімелеуші болма.
• Әйелімен ешқашан ұрыспайтын некені ғана «сәтті» неке деп атайтынын ұмытпа.
• Біреуге жақсылық жасап, одан да ләззат алуды үйрен.
• Әлі аяқталмаған іске алдын ала ақша төлеуші болма.
• Жылдар өте келе әйелдің қаһарына ұшырайтын еркектер көбіне үйде балаларымен уақыт өткізбейтін, олармен ойнадан бас тартатын, жас кезінде баласымен өткізетін алтын уақытын беталды қаңғып, өз қызығына арнауды жақсы көретін еркектер.
• Көпшілік жерде айтылып жатқан әңгіменің рас немесе өтірік екендігін дәлелдеп әуре болма.
• Ауырған сәтте дер кезінде дәрігерге көріну қажет. Өйткені, еркектердің әйелдер сияқты шыдап жүре беретін «қырық жаны» жоқ.
• Жанама сөзі бар әзіл айтудан аулақ бол. Ыңғайсыздыққа тап болуың мүмкін.
• Шалбардың ұзындығы жүрген кезде шұлық көрінбейтіндей болуы керек.
• Отбасы берекесін сақта, бір сәт болса да теледидардан мойын бұрып, балаларың мен әйеліңнің не істеп жатқанына көңіл бөл.
• Қызанақтың түсін қызыл ететін «ликопин» – еркектерде кездесетін бел ауруына пайдалы ғана емес, оны емдейді де.
• Әйелге ойыңды ашып айт. Жанамалап немесе алдын ала жағымпазданып барып ойындағысын айтатын еркектер әйелдерді тез жалықтырады.
• Әке атанудан ешқашан жалтарма. Өйткені балалы болу – өмірдегі бақыттың бірі.
• Өзгелерге ешқашан «түрің біртүрлі болып қайғырып тұрсың ғой» деуші болма. Бұл нағыз еркектердің сөзі емес.
• Әйелдерге өзін тыңдай білетін еркектер ұнайды. Әйелдің де сөзіне құлақ аса біл.
• Әдетте еркектер көбіне сырт көзге көрінетін бұлшық еттерін шынықтырғанды ұнатады да, ең басты бұлшық етті ұмыт қалдырады. Оның демалуы қажет екенін естен шығарып жатады. Ол – жүрек.
• Өмірдің рахатын өзгелерден гөрі өз отбасыңмен бірге көрген жақсы.
• Қайыр сұраған қариялардың меселін қайтарма.
• Дөрекілік пен арсыздық – өз-өзіне сенімі жоқ жандардың қаруы. Өз күшіңе әрқашан сене біл.
• Егер сенің балаң әйеліңді «мама» дейтін болса және сен де оған қосылып «мамасы» деп шақырушы болма. Әйелдердің кейбіреулері мұндайды жек көреді.
• Егер белің ауырса алдымен әмиянды немесе басқа да салмақты заттарды артқы қалтада ұстаудан арыл. Себебі, мұндай жағдайда қалтадағы заттар белдегі жүйке жүйесіне қатты әсер етеді. Ол басқа да ауруларға мұрындық болуы мүмкін.
• Күніне бір банан жеп тұрған еркек жылдар өте қан қысымынан зардап шекпейтін болады.
• Егер күніне 8 сағаттан кем ұйықтайтын болсаң, көңілің бір жайланбайды. Тәннің де сергектігінен айрылады. Сөйтіп жүріп істеген ісіңнің де нәтижесі аз болмақ.
• Сәттілік пен жетістікті ешқашан шатастырушы болма.
• Галстукті байлауды білмеу – еркекке үлкен сын.
• Үйдегі жөндеу жұмысын бастау – еркектің тірлігі.
• Әр еркектің үйінде үй ішілік жөндеу жұмыстарына арналған құрал-саймандардың толық жиынтығы болу керек.
• Бойың қысқа болсын немесе ұзын болсын, мәдениетті және түзу жүруді үйрен.
• Мақтаншақтық еркекті жеккөрінішті етіп көрсетеді.
Шұлықты да таңдай біліңіз
Ойда жоқ жерде айтылайын деп отырған бұл әңгіме құлаққа түрпідей тиюі мүмкін. Бірақ, түбірі мен маңызы зор екенін оқып отырып байқайтын боласыз. Себебі, кәдімгі еркектердің аяғында шұлық – оның төлқұжатынан да артық мәліметтерге ие көрінеді. Сондықтан да, гардеробта елеусіз орын берілетін, «ең соңғы» киім саналатын кәдімгі шұлыққа біздің бүгінгі осы кеңесімізден соң галстукпен бірдей көңіл бөледі деген пікірдеміз.
-
Үстіндегі киім мен аяғындағы шұлықтың сәйкестігіне мән бермейтін еркектер әдетте талғам дегеннен мақұрым қалған жандар деп есептелінеді.
-
Аяғынан жағымсыз иіс шығып жүретін еркектердің бойында салақтық басым немесе шұлықты дұрыс таңдай білмейді.
-
«Көрінбейді» деп тесік шұлықпен жүре беретіндердің алдымен әйелдеріне сын айтуға болады. Және жыртық немесе тесік киім кигендердің үйінде ақша тұрақтамайды деген сенім бар.
-
Айта берсең мұндай тізімнің реті көп. Осындай жағымсыз жайттарды болдырмас үшін көзге ілмей жүрген шұлықты дұрыс таңдай білуге кеңес береміз.
-
Шұлық таңдар кезде оның шалбармен немесе бәтеңкеңізге қонымды келетін түсін таңдаңыз. Мәселен, жұмысқа киетін костюм-шалбарға бейтарап түстер, ал спортты киімге кез келген ашық та көңілді түстер сәйкес келеді.
-
Шұлықты сатып аларда оның қымбат немес арзанқолдығына қарап емес, сапасы мен қонымдылығына назар аударыңыз.
-
Білмесеңіз, есіңізде болсын. Шұлық мақтадан, жүннен немесе синтетикалық жіптен тоқылады.
-
Ең дұрысы, табиғи жіптен (мақтадан немсе жүннен) тоқылғаны.
-
Өлшемсіз шұлықтар (безразмерный) әдетте тек қана синтетикалық жіптерден тоқылады. Ал синтетикалық шұлық алдымен аяқты терлетеді. Сондықан ондай шұлыққа құмартпай-ақ қойған жөн.
-
Шұлықты сатып аларда оны мұқият қарап алуды әдетке айналдырыңыз.
-
Өкшесі мен бас жағында ешқандай артық жіп салбырап шығып тұрмасын.
-
Және де ешқандай тесігі немесе сетінейтін деп тұрған жері болмасын.
-
Егер, шұлықты асығыс сыртында орамасы жоқ күйінде сатып алсаңыз, міндетті түрде жуып барып киіңіз.
-
Шұлықты жуғанда бояуы оңатын болса, келесіде ондай үлгідегі шұлыққа жоламаңыз. Химиялық бояулар көп пайдаланылатын шұлықтар кейде тері ауруларына себепкер болуы мүмкін.
Болашақ әкеге хат
Ұл болып туған адам
тек қана өзін ойламауы керек.
Сен бүгін кездесіп жүрген бойжеткеніңнің аяғы ауырлап қалғанын естідің. Мұндай жағдайда не істеріңді білмей сасып қалатының түсінікті. Өйткені дәл қазір әке болам деп немесе ол қызбен балалы боламын-ау деп ойламағансың...
Әр адамның өмірінде тез шешім қабылдайтын сәт келіп туады. Біреуде ерте, біреуде кеш дегендей. Ал туған сәбиіңнің өмірі туралы шешім қабылдау мәселесі басқа барлық қиындық пен мәселе атаулыдан жоғары тұратын ең маңыздыыс екендігін ұмытпа. Құрсақтағы сәби сенің ар-ұятыңның, адамгершілігіңнің таразысы болмақ.
Бірінші кезекте сен ол қызға сүйеніш бола алатыныңды, саған арқа сүйеуге болатынын көрсетуің керек. Жігіт екеніңді тек осылай дәлелде. Өйткені оның құрсағында сенің бауыр етің балаң, кішкентай ғана балапаның өз тағдырының шешілуін күтіп жатыр. Ия, екі ұрық қосылғаннан бастап адам ұрпағына жан бітеді. Ол титтей болса да тірі жан, бәрін сезеді, түсінеді. Сол кішкентай қыз не ұл сенің қамқорлығыңа, махаббатыңа зәру. Сен ол сәбиге жүрегіңнің жылуын бере аласың.
Аборт жасатуға ниеттенген адамдар «Аборт жасатып тастаймыз, сонымен бәрі бітті, ештеңе болмағандай өмір жалғаса береді» деп ойлайды. Бірақ бұл қате ой. Жасалған аборт туралы ой өмір бойы сенің соңыңнан қалмайтын болады. Ойлап көрші, енді бір 20 жылдан соң сен өткен өміріңе көз тастаған кезде абортты есіңе түсіргенің дұрыс па, әлде көз алдыңда 20 жасар ұлың жайнап тұрғаны дұрыс па?!
Әйтеуір бір кезде үйленіп, балалы болуды әр жігіт ойлайды, тіпті сен де ойлаған шығарсың, Алланың жазуымен сол ойлаған сәт кештеу емес дәл қазір туып отыр. Енді сенің қолыңда титтей баланың өмірі тұр. Ол өмір ұзақ та бақытты ғұмырға айнала ма, әлде қайғылы түрде уақытынан бұрын үзіле ме – ол саған байланысты. Егер сен абортты таңдасаң – сенің қызың не ұлың жұмыстан келгеніңде «Әке келді!» деп алдыңнан қуанып жүгіріп шықпайды. Ол ешқашан да мектепке бармайды, анасын құшақтап, сүйе алмайды, ғашық болудың не екенін сезінбейді. Оның өмірін қию арқылы сен одан туылатын немерелеріңді де жоқ етесің, сол баладан келешекте бір әулет тарауы ғажап емес еді. Сенің шешімің балаңа өмір не өлім сыйлайтын шешуші сөз. Себебі, көп қыздар баланың әкесінен қолдау таппаған соң сәбиін аборт арқылы өлтіріп жатады. Аборт деген іштегі баланы кескілеп өлтіру екенін естіген шығарсың?!
Егер сен студент болсаң, балаң мен оның анасын асырай алмаймын десең, ата-анаңмен, жақындарыңмен ақылдас. Балалы болып та оқу бітіріп жатқандар көп қой. Бала десе жанын үзіп беретін қазақтың немереден қашатыны кем-де кем. Жұмысың жоқ болса да Алладан қолдау тіле, бірақ несібесі өзінен бұрын жаратылған титтей балаңды өлтіру шешімінен аулақ бол. Балаңның анасына тіреу бола білсең, оның ішіндегі титімдей тіршілік иесі сенен мейірім күтетінін түсіне білсең, нағыз азамат болғаның.
Махаббаттағы үш мезгіл
Көзің ауырса, ел көрер,
көңілдің дертін кім білер.
Ер мен әйел арасындағы сезім, ұлы махаббатқа ұласып, шаңырақ құрғанымен оны да басқа жұптардың ара қатынасындағы секілді үш мезгілге бөлуге болады. Ал, ғашықтар үшін, әрине «барлығы да басқалардағыдай емес, бөлекше» болып көрінеді емес пе? Қанша жерден қызықты сырлы сезімге толы болса да, сан түрлі «романдардың» көбісінде белгілі бір ортақтық бар көрінеді. Сонымен...
Бірінші мезгіл
Қос ғашықтың бір-бірін жақынырақ біле түсуге құмарланып, күнара романтикалық кездесулерден қолдары босамай жүретін кезі. Әрбір кездесу – жүрек тебірентер жаңалықпен тең, екеуіне де кездескен сайын сүйіктісінен артық адам жоқтай болып көрінеді. Міне, тап осы сәтте ғашықтарға сүйіктісінсіз жер баспақ түгілі дем алудың өзі мүмкін еместей болып кетеді. Тіпті бір ауыз сөз, жай ғана қимыл-көзқарас – ғашықтар үшін ғаламдық мән алып шыға келеді. Айт не, айтпа не, тамаша уақыт – талай ақындар мен сазгерлердің, басқа да өнер әлемінің өкілдеріне шабыт бітіріп, қиялын шарықтататын сәт. Бірінші кезеңде ғашықтар ақылға жүгіну дегенді адырам қалдырады. Көңілің тасып, кеудең буырқанған сезімнен жарылайын деп жүргенде, қайдағы қисын? Мамандардың пайымынша, алғашқы кезеңнің ұзақтығы ары кетсе бірнеше аптадан жарты жылға дейін созылуы мүмкін. Осы кезеңде некеге тұру, отбасын құру мәселесі де оп-оңай шешіле салады. Тіпті қос ғашықтың бірі жауапты қадамға дайын болмаса да, оны көндіру соншалықты қиынға түспейді. Шындығында, сүйіктіңнің осы дүниедегі серігің болатынына ойланып-толғану үшін айлап-жылдап күту міндет емес. Әдетте біз түйсігіміз бен шешімді тез тауып қоямыз. Тек қатып қалған өмірлік қағидаларымызға сүйенеміз де, күдік пен секемге бой алдырғыш болып шыға келеміз. «Әлі де сынай түсейін, мінезін түсінейін» деген суық долбарға салынып, сұлу сезімнің қайда қалғанын білмей жатамыз. Солай... Ал статистикаға сенсек, бақытты жұптардың тең жартысынан астамы дәл осы мезгілде некелесетін көрінеді.
Екінші мезгіл
Бірінші мезгілде белгілі бір себептерге байланысты үйлене алмай қалған жұптардың басынан өтеді. Алып-ұшқан сезім байсалдана түскен аралықта қос ғашық та «қызғылт көзілдіріктерін» шешеді. Енді олар бір-бірін нағыз болмысында көре бастайды, тек осы көрінісі сүйіктісіне ұнай ма екен, гәп осында. Егер сіз серік таңдауда қателеспесеңіз, әрі өзіңізді бір бүтіннің жартысындай сезінсеңіз, онда екінші кезең екеуіңіздің араңыздағы қатынасты тереңдете түседі, кез келген сынға төтеп беретіндей нығайта түседі. Бұл кезеңде сүйіктіңіз сізге «ең сұлу, ең ақылды жан» ғана емес, жақсы дос екенін де түсіне бастайсыз. Қысқасы, екінші кезең – берік отбасын құру үшін таптырмайтын уақыт.
Үшінші мезгіл
Әлі де отбасын құруға ойыңыз болмай жүрсе, онда бір көргенге тұрақты болып көрінер байланыстарыңыздың бірте-бірте жібі жұқарып, ою-өрнегі сетіней бастайды. Әрине, араларыңызда алғашқы кезеңнен қалған ұшқын анда-санда жүректеріңізде жанып тұрады. Дегенмен уақыт өтісімен сүйіктіңіздің сізге жақпайтын «сүйкімсіз» қылықтарын тізіп жазу үшін арнайы қойын дәптер арнауға тура келеді. Тіпті жұмыстан «қалжырадым» деп қашқақтайтын сәт те туады. Бұрын бұл жайында тіпті ойлаудың өзі кешірілмес күнә болатын... алғашқы мезгілде. Махаббат әлі де бар сияқты, бірақ ол кездейсоқтықтан арылған кәдімгі, үйреншікті сезімге айналады. Мұның артын бақытты отбасына алып келу, әрине, өте қиын.
ОТБАСЫ КҮЙЗЕЛІСІНІҢ АЛДЫН АЛУ
Төзген жылап-сықтамай қиындыққа
ақжолтай ие болар мың сыйлыққа!
Отбасылық дағдарыстан шығудың жолдары
Әрине, отбасылық дағдарыс ешбір отбасынан айналып өтпейді. Ол бір отбасында қатты көрініс тапса, екінші біреуінде білінер-білінбес болып, өтіп кетуі мүмкін. Бірақ, адам отбасын құрарда міндетті түрде келешек өміріне ойша саралау жүргізіп, қандай өмірге қадам басып бара жатқанын ұғыну қажет. Отбасылық дағдарыс дегеннің өзі әйел мен еркекке берілген сынақ іспетті. Оны жеңіп шыға білген жандардың отбасында әрқашан бақыт ұялап, берекелі жанұяның қалыбын құя алады.
Әр отбасына көмек болар деген оймен, отбасылық дағдарыстың кезеңдері мен одан шығудың жолдарын ұсынбақпыз.
Отбасылық дағдарыстың өзі жұбайлық жылдарға қарай кезеңге немесе деңгейге бөлінеді. Әр кезеңнің өзіндік себебі де бар, мұқият назар аударыңыз.
1. Отбасылық дағдарыс тұрмыс құрғаннан соңғы бірінші жылда-ақ орын алуы мүмкін.
Психологтар мынандай қызықты жағдайды анықтаған. Шаңырақ көтерген екі жас үйленген күннен бастап-ақ отбасында әрқайсысы өзінің көрген тәрбиесіне орай тәртіп орнатқысы келеді екен. Мұндай жағдай кез келгеннің отбасында жарастық тауып кете бермейді. Бір-біріне кері көзқарас тудыруы мүмкін. Кейбіреулер оның жарасымын тауып, бір арнаға тоғыстырудың орнына «жар таңдауда қателестім» деп қия тартады. Міне, осы кезең отбасылық дағдарыстың бірінші деңгейі. Бұл жайт әркімге де кездеседі. Сол үшін де әйел мен еркек отбасын құрғаннан соң бір-біріне жол бере білу, бір-бірін мақұлдау сияқты жайттарды естен шығармау қажет.
2. Отбасылық өмірдің үшінші, төртінші жылдарындағы дағдарыс.
Бұл кезеңді жеңу үшін жастарға өте көп күш пен шыдамдылық керек. Себебі, бұл уақытта өмірге бала келіп, оның ата-анасының әлеуметтік рөлі артады. Ата-ана атану бір бөлек, оның қиыншылығына төзу басқа. Осы уақытта бір-біріне демеу бола білмей, боркеміктік танытқан отбасы иелері дағдарыс құрығынан шыға алмай, жарты жолда қалуы мүмкін. Сондықтан мұнда ерекше күш-қуат пен шыңдалған шыдамдылық қажет деп тегін айтып отырған жоқпыз.
3. Келесі кезең – отбасылық өмірдің жетінші жылында.
Көп отбасы осы жылдары үй-жайын, тұрақты жұмыс орны мен араласу ортасын қалыптастырып үлгереді. Әсіресе соның жолында көп тер төккен кейбір еркектер өзінің еңбегін аса бағалап, шындығын айтқанда мастанып кетуі мүмкін. Бір кездегі сүйікті әйелінен сырт, ермекті даладан іздейтін уақыттары да осы жылдары орын алады. Бұл кезді жеңіл өткісі келетін отбасы игелері қарым-қатынастарын назардан тыс қалдырмаса болғаны. Романтикалық кештер, оңаша қыдыру деген сияқты жайттар жиі қайталанса, дағдарыстың бұл кезеңі ешкімге қаупін туғызбайды.
4. Тұрмыстың он төртінші жылдарындағы дағдарысты кезең – тағы ер-азаматтарға байланысты болмақ.
Бұл кезде шамамен «орда бұзардан» асып «қамал алар» шағына жеткен еркектің «теріс жолға» түсуі басымырақ. Отбасының айраны ұйып, қаймағы бұзылмауын ойлаған, шыдамды әйел сырын білдірмей отбасын сақтап қала алады. Ер адам үйде ақылды әйелі тұрғанда қанша әуейленсе де түбінде негізін өзі қалаған шаңыраққа қайта оралады. Ал, мұндай жағдай орын алмас үшін, алдымен әйелдер өзін-өзі ұстай білуі керек. Қылығын жоғалтпаған, өзі де, сөзі де тәтті әйелі тұрғанда еркек ешқашан өзгеге көңілін аудармақ емес.
5. Шаңырақ құрғаннан кейінгі 25-ші жылдардағы дағдарысқа тек қана араларын бала ғана дәнекерлеп тұрған жандар ұшырайды.
Бұл уақытта балалар жай-жайларын тауып, әрқайсысы өз өмірлерін қалыптастыра бастайды. Ата-анаға онша көңіл бөлінбейді, үйден гөрі түзді көбірек ойлайтын балалардан қайран жоқ. Немерелер әлі дүниеге келмеген осы бір сәтте ерлі-зайыптылардың арасында бүгінге дейін ыстық махаббат оты өшпеген болса, ешқандай қауіп болмайды. Міне, осыдан-ақ ерлі-зайыптылардың арасындағы мәңгілік махаббаттың күші неге жететінін аңғаруға болады.
Кеңесіміздің соңында отбасылық дағдарыстың болу-болмауы да шаңырақ иелерінің төзімділігі, ақылдылығы мен бір-біріне деген ыстық ықыласының қаншалықты деңгейде екендігіне тікелей қатысты болатынын тағы да қайталап айта кеткеніміз жөн сияқты. Отбасыңызда дағдарысқа ешқашан орын болмасын!
Бақыт ұялаған отбасының 8 ережесі
Отбасының сәні – сыйластық,
достықтың сәні – қимастық.
Кейбір ерлі-зайыптының отбасында жарасымдылық пен баянды бақыт әуені есіп-ақ тұрады. Ондай отбасыларға қызықпайтындар кем де кем. Және де олар кез келген үйге үлгі бола алады. Сондай бақытты шалқытып отырған кімдер? Әрине, әйел мен еркек. Олардың отбасында ұсталатын әрқашанда өз ережелері болады. Бүгін назарларыңызға өзіміз тиімді деп тапқан 8 ережені ұсынып отырмыз.
Күңгір-күңгір әңгіме мен «анау-мынау» отбасылық әңгімелерден шаршадыңыз ба? Әйеліңіз немесе еріңіздің қабағындағы мұздың ерімегеніне көп уақыт болған шығар... Жарыңыз қит етсе ашуланып, теріс қарап жатып алатын әдет шығарды ма? Үйленген кездегіге қарағанда бүгінде зайыбыңызбен араңыз алшақтап бара жатқандай көріне ме, онда сіз де осы ережелердің тәртібімен жүріп көріңіз, көп ұзамай-ақ шаңырағыңыздан шаттық шалықтағанына куә боласыз.
Сонымен бақыт ұялаған отбасы иелері ұстанатын 8 ереже мына төмендегілер болмақ.
-
Сүйікті істеріңізбен бірге айналысыңыздар! Күлкіңіз келмесін, қаншама жерден жұмысбасты болсаңыз да, отбасына бір мезгіл көңіл бөліп, жарыңызбен ортақ бір іспен айналысып көріңіз. Мәселен, екеуіңіз бірге балаларыңызбен ойнаңыздар немесе бірге фильм көріңіздер. Тіпті болмаса бақшаның арам шөбін жұлуға бірге шығыңыздар. Бірге іспен айналысқан ер мен әйел мұндай да бір-біріне жақындай түседі. Бір-біріңіздің ұнататын істеріңізді біліп алуға да болады. Мүмкін, әйеліңіздің сүйікті ісі сізді де қызықтыруы мүмкін.
-
Бір-біріңізге бостандық беріңіздер!
Ерлі-зайыптылардың қашан да бірге болғаны жақсы, әрине. Бірақ, бір кезек бостандық болғаны да дұрыс. Бір-біріңіздің соңыңыздан тықақтап қалмай, қайда, қашан, неге деген сұрақтармен мезі ету керісінше ерлі-зайыптылардың арасына сызат түсіреді. Анда-санда әркім өзімен-өзі қалған да адамның өз-өзіне есеп беруіне, қандай қателіктер жібергені мен келешекке өзінше жоспар жасауына жағдай тудырады. «Жалғыз отырып ойланғым келеді» дегенді көбіне қате түсініп жататындарға бұл ең басты кеңес бола алады. Жарыңызға қайта жалғыз қалып ой жаңартуға жағдай жасай біліңіз.
«Ұлы сөзде ұяттық жоқ», ерлі-зайыптық қатынасты көбірек пайдаланыңыз. Мұны одан артық сөз етудің қажеттілігі шамалы екенін өзіңіз де білесіз
-
Көбірек күлімдеңіздер!
Бір-бірімен көп әзілдесетін ерлі-зайыптылар бақытты әрі ұзақ өмір сүреді. Мұны дәлелдеп баққан оқымыстылар да аз емес, бүгінде. Оны өзіңіз де ойша қорытындыласаңыз болады. Дастархан басында жеңіл әзілмен, ойнақы күлкімен отырып тамақтанған әсерлі ме, әлде ызғарлы суық қабақпен үн-түнсіз, әркім өз ойымен өзі болып, екі кесе шай іше сала тұрып кеткен жақсы ма? Екеуіңіздің басыңыздан өткен қызықты жағдайларды еске алып отыру да адамды әсерлі сезімге бөлейді.
-
Бір сәтке бала болыңыздар!
Бала көңілі кіршіксіз таза болады. Бала ойыны да дәл сондай. Сондықтан да бір сәтке бала болып ойнаған да ерлі-зайыптылар арасын жақындастыра түседі. Қолдан ойыншықтар жасау, сурет салу немесе жатар алдында бала-шағамен қосыла төсек үстінде алысып ойнау – ешқашан ұятқа саналмайды. Қайта балаларыңыз да ата-анасының көңіл көтере алатынына көзі жетіп, олар да сіздермен сырлас болуға ұмтылады.
-
Өмір салтын өзгертіңіз!
Иә, әр апта сайынғы жаттанды үй тіршілігі, моншаға бару, теледидар алдында керіліп жату, әрі кеткенде базарға баруды өзгертіп, отбасыңызға жаңадан дәстүр енгізіңіз. Бір демалыста саябаққа қыдыруға барсаңыз, келер жолы үй ішіндегі жиһаздарды өзгертіп, отбасыңызға «қозғалыс» салтын ұстаныңыз. Балаларыңызды ата-әжесіне жіберіп, жарыңызбен оңаша қалуға болады.
-
Міндетті түрде жатын бөлмеңіз болсын!
Көп отбасында ерлі-зайыптылардың жатын бөлмесі балаларымен бірге болады. Бұл дұрыс емес. Отбасы егелерінің отауының оңаша болғаны дұрыс. Бұл оңаша сырласуға да, ерлі-зайыптылық өзге де міндеттерге жайлы жағдай тудырады.
-
Жарыңызбен көбірек әңгімелесіңіз!
Бұл ескертпені біз соңғы кезде көбірек қайталап та жүрміз. Ұзақ та бақытты, берік те мығым отбасы өмірінің бір құпиясы да осыған байланысты. «Жұбайлардың бар әңгімесі таусылған, ал махаббат – таусылмайтын әңгіме»... Әңгімелеріңіз ешқашан таусылмайтын болсын!
Ер азаматтарға: Некені сақтайтын 7 қағида
Иә, отбасын сақтап қалу тек әйелдің ғана емес, еркектердің де міндеті. Көпшілік «бәрі әйелдің қолында, әйел жақсы болса, отбасы да бақытты» деген қате пікірге тәуелді болады. Шындығында мүлде олай емес. Отбасы бақытын сақтауда ер-азаматтардың да тигізер септігі бар. Әрине, әйел үйдің үш қабырғасы болса, қалған ең маңызды бір қабырғаның рөлін еркек атқарады. Неке мықты болу үшін ер жігіт отбасы тақырыбына үлкен жауапкершілікпен қарап, оны міндетті түрде орындауы қажет. Сондықтан да, шаңырақ ұйытқысын ойлаған еркектерге мына төмендегідей жеті кеңесті ұсынамыз.
• Неке – сіз үшін ең басты, қажетті жұмыс болсын. Не жұмыс істесеңіз де алдымен отбасыңызға арнаңыз. Өз отбасыңыздың қажеттілігін толтырып барып, өзгелерге көмектесу қажет. Әйеліңіздің әдемі көйлегі жоқ бола тұрып, жұмыстағы қызметтес келіншекке орамал сыйлау – некенің адалдығына жатпайды.
• Әйеліңізді барлық қырынан мүмкіндігінше танып-біліңіз. Асығыс, онша танып-білмей үйленген болсаңыз, үлкен сабырлылықпен оның жүріс-тұрысының барлығын бақылаңыз. Оның көңіл-күйін түсіне алатын болсаңыз, онда әйеліңізді бес саусағыңыздай танисыз деген сөз. Әйелді тани білу – некені сақтаудың бір жолы.
• Отбасында көп уақыт өткізіңіз. Егер сіз бос уақытыңызды түзден гөрі үйде өткізетін болсаңыз, әйеліңіз әр қадамын сізбен ақылдаса отырып басатын болады.
• Сезімтал болыңыз. Бұл дегеніміз үйіңізде кикілжің болатынын алдын-ала сезе білу деген сөз. Ол үшін 2-кеңесті қайта оқып шығыңыз. Әрине, әйеліңізді жақсы танып-білетін болсаңыз, оның қай кезде ұрыс бастайтынын да аңғара аласыз. Сонымен қатар, ұрыс-керіс бола қалған күнде де ол сіздің тарапыңыздан шешімін табатын болсын.
• Әйелді сабырмен тыңдай білу де өнер. Көп еркектер дәл осы жағынан қателісіп жатады. Жұмыстан келген ол теледидардан көз алмай отырып, әйелінің өтінішіне «иә» деп алады да, кейде неге рұқсат бергенін аңдамай қалып жатады. Одан кейін әлбетте, кикілжің туындайды. Оның әрбір өтінішін мұқият тыңдап барып, өз көзқарасыңызды білдіріңіз. Бірден шорт кесу сіздің әйеліңізге бейғам қарағандығыңызды білдіреді.
• Әйеліңіз еш нәрседен мұқтаж болмасын. Бұл туралы шариғатта да дәл осылай айтылған. Сіздің балаларыңызды тәрбиелеп отырған әйел үйде отырса да оның өз қажеттіліктері болуы мүмкін. Әрдайым жұмысқа кетер кезде оған не керек екенін сұрауды әдетке айналдыру қажет.
• Отбасы деп достардан да ажырап кетпеңіз. Әйеліңізге өзіңіздің қызығатын істеріңіз туралы айтып, онымен таныстырыңыз. Өз өміріңізде тек әйеліңізге ғана емес, жақсы достарыңызға да орын бар екендігін түсіндіріңіз.
Ақ келін боп аттадың босағаны
Жақсы келін – келін,
жаман келін – келсап.
Келін, енді сен қыз күніңдегі еркелікті, еркіндікті ұмытуың керек.
«Ұлдың ұяты әкеге, қыздың ұяты шешеге» деп, аналар қыздың тәрбиесіне көбірек көңіл бөледі емес пе?! Қыз деген сенің айнаң. Ертең басқа шаңыраққа келін болып түскенде қызыңның көргендігіне, ісіне, ақылына қарап, сенің берген тәрбиеңе жақсы алғыс, жаман болса нәлет айтып жатады. Бірақ, қандай ата-ана өз баласын жаман болсын деп тәрбиелейді. Ал, өскелең жастар соны түсінеді ме? Бес саусақтың бірдей еместігі сияқты, адамның да аласы, құласы болады. Қандай болса да тоғыз ай, тоғыз күн көтеріп дүниеге әкеліп, түн ұйқысын төрт бөліп өсіріп тәрбиелеген әке-шешемізге нәлет келтірмегеніміз дұрыс.
«Жақсы жерге келген келін – келін, жаман жерге келген келсап» демекші енді келіннің қандай болуы келген жеріне де байланысты. Мұны да ұмытпайық ағайын!
Ал, енді жас келіндерге өмір тәжірибесінен біршама кеңес беретін болсақ:
Біріншіден, әрбір келін бала от басына, ата-анаға, отанға, халыққа өзінен үлкенге деген сый-құрметпен, еңбегімен, қоғамға қосқан үлесімен қадірлі екенін жақсы түсінуі керек. Алдымен әйел үй ішіне, ауыл-аймаққа, елге өз қадір-қасиетін көрсете білгені жөн.
Екіншіден, әйел – ақ босағаның аруы, үлкен шаңырақтың береке құты. Оның мейірбан жүзі, парасат-ақылы, сырбаз мінезі қандай жанды болмасын баурамай қоя алмайды. Жарының тілін таппаған, қадірін білмеген әйелдің бақытты болуы мүмкін емес. Әйел қауымы мұны әрқашан есте сақтағаны дұрыс.
Ғашық болып қосылған екенсің, жарыңа қалтқысыз беріл, күндіз де, түнде де оның ойынан шық, бос уақытыңды жарыңа жұмса, осы арқылы оның еңбекке құштарлығын арттырып, отбасыңа қамқорлығын күшейт, халық алдында абыройлы, ардақты азамат атануына себепші бол. Мұндай жұптарды «Аққудай қосағың» дейді қазақ. Аққудың жарастығы, адалдығы барлық халықтардың ортақ аңызына айналуы тегін болмас. Өкпе-назың болса, оны жұбайыңа оңаша айтып, пікірлескенің абзал. Балаларың бір нәрсені білгісі келіп, сұрай қалса, ретіне қарай «Әкеңмен ақылдас, әкеңнен сұра», – деп үйіңнің отағасы – жарыңды сыйлайтыныңды балаларыңа да байқат, үлгі алсын. Үлкенді сыйлау деген ұлы қағида осылай бойға сіңеді, өзіңнен шыққан жауап болса да: «Әкең де солай деді», – дегенді қоса айтқаннан беделің кеміп қалмайды. Осы арқылы жарыңмен жақындығыңды, оны қадірлейтініңді балаларыңа тағы да бір байқата аласың.
Ақылды адам қосағын халық алдында «азаматым», «отағасы», «біздің үйдің кісісі» деп атауы керек. «Сіз» деп сыйлағанның өзі арадағы қатынасты жақсаратады. Сондықтан да келіндер, отбасының берекесі мен тыныштығын, бақытын ойласақ, ерімізден бір саты төмен болғанның еш әбестігі жоқ.
Осы жоғарыда айтылғандарды санасына түйіп, осы бағытпен жүрген халқымыздың әрбір қаракөз қыздары болашақ келін болғанда атасының иықты, енесінің сүйікті, сол әулетке қадірлі, мәртебесі биік келін болары сөзсіз.
Жас келіннің міндеттері
Негізі халқымыз жаңа түскен келінге үлкен талаптар қойған. Өйткені бүгінгі жас келін, ертеңгі ана, болашақ ұрпақтың тәрбиешісі емес пе?! Сондықтан халқымыз «келінді бастан» деп, босаға аттаған күннен бастап тәрбиелеп, оның міндеттерін айтып отырған.
• Жас келін түскен жерінің үлкен-кішісі, ер-әйелдеріне өзінше ат қоюға тиісті. Мүнда олардың жас мөлшері мен ерекше белгі қасиеттері, туыстық қасиеттері мен мәртебесі еске алынған. Қайын сіңілісіне – Еркежан, Еркеқыз, қайнысына – Еркетай деп ат қоюына болады.
• Жас келін барлық жұрттан ерте тұрып, кеш жатады. Бұл дәстүр жас келінді еңбекқорлыққа баулиды.
• Әйелдер ерлердің жолын кесіп өтпейді. Бұл дәстүр жас келінді ізеттілікке тәрбиелейді.
• Жас келін үлкендер отырған үйге кірмейді. Шай құю қажет болғанда ғана дастархан басына келеді.
• Жас келін үлкендердің әңгімесіне араласпайды.
• Жас келін шай үлкендерге құйғанда бір тізерлеп қырын отырады.
• Жас келін қазан-ошағын сылдырлатпайды.
• Жас келін дауыс көтеріп сөйлемейді.
• Жас келін үлкендердің төріне шықпадйы.
• Жас келін жалаң бас жүрмейді.
• Жас келін жұрттың көзінше омырауын ашып, бала емізбейді.
• Жас келін кеудесін, балтырын жарқыратып жүрмейді.
• Жас келін ата-енесінің төсегіне отырмайды.
• Жас келін ата-енесінің, қонақтардың көзінше күйеуімен ұрыспайды, әзілдесіп ойнамайды.
• Жас келін ата-енесінің, қонақтардың көзінше баласын ұрмайды, оған ұрыспайды.
Мұның бәрі жас келінді имандылыққа, инабаттылыққа үйретеді. Әр отбасының келіні жоғарыда айтылған талаптар бойынша жүрсе, қазағымның қаракөз қыздарының барлығы инабатты, ата-енесінің, ағайын-туғанның сүйікті келініне айналап еді.
Енеңіз – күйеуіңіздің анасы
Көбінесе үйдегі ұрыс-керістің туындауына келін мен ененің өзара түсінбеушілігі себеп болып жатады. Кейде осының салдарынан бүтін бір отбасының шаңырағы шайқалып, ортаға түседі. Тек екі жас ажырасып қоймайды, құдалардың арасында сызат түседі, кінәсіз балалар әкесіз немесе анасыз өседі.
Жалпы келіндік өмірге босаға аттамай тұрып келіннің міндеттерін үйренуге алдын ала дайындалған дұрыс. Тұрмысқа шыққанннан кейін де өмірге азық болар үлкендердің ақыл-кеңестерін газет-журналдардан, кітаптардан жазып алып, отбасы мәселелеріне тап болғанда соны оқып шығып, адаспауға, жаңылыспауға тырысу өзіңіздің пайдаңызға шешіледі.
Келіндерге айтатынымыз, егер отбасыңызды сақтағыңыз келсе, ең алдымен енеңізді – өз анаңыздай сыйлай біліңіз. Егер жіберген қателігіңізді енеңіз түзетіп жатса, бұрыс екенін айтса, ешқашан да өзімдікі дұрыс деп қарсы келмегеніңіз жөн. Өйткені, ене ол ана, көргені мен түйгені көп. Ал, жұбайлық өмірге енді ғана қадам басқандықтан білетініңіз бір тоғыз ғана, білмейтініңіз тоқсан тоғыз екенін ұмытпаңыз. Білмегенді үйрету, білгеніңді жетілдіре түсу ененің парызы. Ененіңіздің ақылын мың жылдық азық деп ұғыңыз. Айтқанын екі етпей, көңілінен шығуға тырыссаңыз, оның баласы – күйеуіңіз де өзіңізді сыйлайды. Ал, егер енеңіз қырсық болса, шыдамдылық танытыңыз. Осал тұсын тауып алып, өзіңізе баурап алсаңыз еш артығы жоқ. Мәселен, енеңіз мақтау сөзді жақсы көретін шығар, сыйлық алғанды ұнататын болар. Қандай тағамды, сусынды жақсы көретіндігін біліп алып, олардың енеңіз ашуланғанда немесе көңіл күйі күрт өзгергенде, дастархан үстінен табыла кетуіне жағдай жасаңыз.
Сонымен қатар, енеңіз – күйеуіңіздің анасы екендігі әрдайым есіңізде болсын. Ал, зайыбыңыз сізден гөрі анасына көбірек көңіл бөлетін болса, мұнысын дұрыс түсінгеніңіз жөн. Жоқтан өзгеге ашу шақырғанша, ақылмен іс істеңіз.
Келіннің кішіпейіл болғаны дұрыс. Кішіпейілділік – кішірею емес, керісінше, ол сіздің биіктігіңіздің белгісі. Ұстамсыздығыңыз бен сабырсыздығыңыз енеңізбен қатар, күйеуіңіздің де жанын жаралайтындығын ұмытпаңыз. Сондықтан да ашумен емес, ақылмен іс қылған жөн болар. Адамдық қадір-қасиетті жоғалтып алмауды ойлау керек. Ал, ол жоғалса, қайтіп қалпына келтіру қиын. «Ұлық болсаң, кішік бол» демей ме, мейлі енең сіздің ішкі күйіңізді аңғармайды, түсінбейді дегенмен, уақыт өте бәрі де қалпына келетіндіктен шыдамдылық көрсеткен абзал. Ал, шыдаған жан мұратына жететіні әмбеден аян. Қаншалықты үй шаруасын шебер, күйеуініздің көңілін таба білетін әйел болғаныңызбен, енеңізге қабағыңызды түйіп, жақтырмайтындығыңызды еріңіз байқайтын болса, онда барлық ізгі ісіңіздің өшкені деп біліз. Өйткені, енеңіз – күйеуіңіздің анасы. Сіз анаңызды қалай жақсы көрсеңіз, ол да өз анасын солай құрметтейді.
Және енеңіз – перзенттеріңіздің әжесі. «Қауынның пәлегі ащы, жемісі тәтті» деген сияқты, немере баладан да тәттірек болады. Балаң үшін де әжесіндей мейірбанның бұл дүниеде жоқ екенін дұрыс қабылда. «Бала – бауыр етің» болса-дағы, ата-әжесінің көзінше балаңды айналып толғана берме. Көп енелер келіндерінің мұнысын жаратпайды. Ал, шын жақсы көріп, бара жатсаңыз, «әжесінің баласы, атасының баласы» деп көзінше еркелетіп қойсаңыз, олар да соған мәз болады. Және енең немере қаншалықты шайпау мінезді, алдағаныңызға көнбейтін болса да құрметіңіз бен сыйыңызды аямаңыз. «Жылдар өтіп, келін өсіп толады, бір күні ол да қайын ене болады» деген аталы сөз дөп айтылған. Енеңізге көрсеткен құрметіңіз алдыңыздан шығады. Енеңізді қалай сыйласаңыз, ертең келініңіз де сізді солай аялайды. Келісті келін, осыны ұмытпаңыз!
Әрине, ененің де, келіннің де түр-түрі бар. Тек арада түсіністік, сыйластық болса болғаны. Дана халқымыз енелерді үш түрге бөледі: біріншісі – ұлағаты мен өнегесі мол ене, екіншісі – шағып сөйлейтін, бетінде күлкі, ішінде түлкі ойнайтын ене, үшіншісі – даналық пен сабырлылықтың тәлімін беретін абзал ене. «Бір келін қабағымен, бір келін тамағымен тойдырады» дегендей, әр түрлі келіндер де бар. Сондықтан да, әр істің өрісін кеңейтетін, тәлім-тәрбие бере алатын келін болғанға не жетсін! Аттаған босағаны ту етіп, ерін пір етіп, отбасының бірлігін тұмардай қастерлеген келін бүкіл әулетке жағымды, күйеуіне сүйкімді болады. Ал, ұл-қыз өсіріп отырған аналарға, ұрпақтарыңызды жалғар ақылы мен ізеті жарасқан келін босғаңыздан аттасын деп тілейміз!
Күйеуіңіз тағамды қалай жейді?
(Онысы мінезінен сыр шертеді)
Алтынды табу оңай,
адамды тану қиын.
Орыс халқында «адамды толық танып білу үшін бір тонна тұз жеу керек» деген мақал бар. Ал, бір тонна тұзды (ас, нан, салаттар, бәліштер құрамындағы тұздардың барлық мөлшерін есептегенде) қанша жылда жеп тауысасыз? Ондай болса, бір жастыққа бас қойып, жаныңыз да, тәніңіз де бірігіп кеткен зайыбыңыздың мінез-құлқын 20–30 жыл бойы да толық тани алмасыңыз анық. Осыдан араларыңызда түсініспеушілік жиі орын алады. Иә, қазақта да «Адам аласы ішінде» деген сөз бар. Күйеуіңіздің қандай адам екенін білсеңіз, белгісіз қасиеттеріне қанық болсаңыз, оған жақпайтынға жоламай, ұнамды әрекетке барар едіңіз ғой. Оның сіз біле бермейтін, беймәлім мінездерін білгіңіз келе ме? Ондай болса күйеуіңіздің сүйіп жейтін тамағын еске алыңыз. Және ол алдындағы асты қалай жейтінін білесіз бе? Болмаса дастархан басындағы, тамақ үстіндегі оның әрбір қимыл-мәнерін бақылап көріңіз.
• Егер, оның ащы тағамдарға тәбеті тартып тұратын болса, мақсатшыл, тәуекелшіл болғаны. Қиындыққа қасқайып тұра алатын тік мінезділеу мұндай еркекке ұнау да қиынырақ. Оның әйелі талғамы жоғары әрі он саусағынан бал тамған аспаз, қылықты жар, әрі тәлім-тәрбиесі мол ана бола білу керек.
• Еттен дайындалған тағамдарға құмар, етсіз астан ауыз тимейтін және қуырылған тағамға әуес еркек өз айтқанынан қайтпайтын, қатал адам. Қатып қалған қағида, бұлжымас заңмен жүреді. Дегеніңізге көндіру үшін көп тер төгу қажет. Ол ең бірінші сіздің оған деген қарым-қатынасыңызды бағалайды. Қабағы ашық, әркез өтірік те болса, оның көңілі үшін жымиып, езуіне күлкі үйіре алатын әйелдердің алдында олар дәрменсіз. Қаталдау еріңіздің осал тұсы – күлімдей қалсаңыз, ашуы тез тарқап кетеді. Оның тағы бір кемшілігі – қашан да өзінің тұлғасына, мінез-құлқына көңілі толмай, мін іздеумен жүреді. Мұндай еркек мақтау сөзге тез ериді.
• Отағасының тәттілерге аңсары ауып тұратын болса, оның өте мейірімді, жомарт, ағайын-туғанына, достарына қолындағы барымен бөлісуге дайын. Жаны әлсіздеу, тез жабырқап, ренжіп қалады. Қантсыз шәй ішпейтін көпшілігін «мамасының баласы» деуге болады. Анасының айтқанымен жүретін бұлар әйеленің де қабағына қарап қимылдайды. Алайда қиындыққа жаны күйзелгіш, отбасына ауыртпалық төнсе, одан шығудың жолын әйелдің өзі іздегені дұрыс.
• Балық өнімдері алдына келгенде, рахат күйге енетін еркек ұқыпты, сақ. Талап қойғыш ол әйелінен үйін таза етіп отыруды, барлық заттың рет-ретімен орны-орнында тұрғанын қалайды. Ұрыс-керіске жаны қас. Балық секілді ол да көп сөйлемейді. Миын шағып, ұрыс орнатуға дайын әйеліне мәселенің дұрыстығын айтып түсіндіріп те жатпайды. Не жұдырығын жөндейді, не онымен ажырасып тынады. Және балықтың етін майда-майда сүйектерінен асықпай бөліп жегеніндей, жарының әр қадамын, қимылын, ісін бақылауға алып, қадағалап отырады. Оны алдаймын деп ойламай-ақ қойыңыз.
• Кептірілген балық, шұжық, қалбырдағы тағамдарда алдына жан салмайтын еркек – өзінің әке-шешесі дегенде тік тұратын және олар туралы жағымсыз сөз айтқан әйелін кешіре алмайтын адам. Сондай-ақ, ол балалары үшін бәріне дайын. Ішкілік пен темекіден, жат қылықтардан бойын аулақ ұстайды. Жанұясына қамқор. Мұндай еркектің иығына басыңды қойып, отбасындағы барлық қиыншылықты ұмытуға әбден болады. Ол өз отбасын қолына алып, әйелі мен балаларына тыныш та жайлы саяжай бола алады.
Ал енді тамақты қалай жейтініне келсек, ол әрі тамақты шайнай отырып, арасында сөйлеп те үлгіретін болса, жұмысты да үздік-создық қылмай жылдам атқарғанды жөн көреді. Әйелінің де «созылып» жүргенін қаламайды. Тез тіл табысқыш, ашық адам. Сондықтан да оған әйелінің қаталдау болғаны да дұрыстау. Өйткені ол кез келген сылқымды «сындыра» алады. Жарының көзіне қалай «шөп салғанын» өзі де аңғармай қала береді. Сондықтан сақ болыңыз.
Әңгіме айтып отырып алдындағы асын ұмыт қалдыратын еркек – қиялшыл. Көбіне шынайылықтан гөрі қиялмен өмір сүреді. Көп сөйлеп, аз тындыратынның дәл өзі. Ол сыйлық жасағанды жақсы көреді, гүл тарту етіп, күтпеген жерде «тосынсый» жасап жүреді. Дегенмен, отбасында да одан күтпеген оқиғаларға тап болып, ренішке қалып жатсаңыз, таң қалмаңыз. Эмоциясын басқара алмайтын ол басқа бір әйелге есі кетіп ғашық болып қалуы да, ашуын тежей алмай, жұдырыққа жүгініп қоюы да ғажап емес.
Сөзінің ең қызықтырар жеріне келіп тоқтай қалып, ары қарай аузына екі-үш қасық асты қарбытып жеп сізді ойландырып қойып, одан кейін асықпай қайтадан әңгімесін жалғай түсетін отағасы – өте түйінді мәселені шеше алады. Осындай еріңіз барда еш нәрседен қам жемей-ақ қойыңыз. Оған сенуге болады.
Күйеуіңіздің мінез-құлқы кішкене болса да мәлім болса, оған жағымды жаққа қарай икемделіңіз, одан сіз ұтылмайсыз. Бірақ еркекті өзіңіздің мінезіңізге қарай майыстырамын деп әуре болмаңыз. Бекерге морт сындырып алып, қателігіңізге өкініп қап жүрмеңіз.
Еркек үйге көңілсіз келгенде не істеу керектігін білесіз бе?
Ер көңілін кім ашар,
жарқылдаған жар ашар,
ат көңілін кім ашар,
қадірін білген ер ашар.
Еріңіздің кейде үйіңізге көңіл күйі жоқ болып келгенін байқаған боларсыз. Мұндай жағдайда «Не болды?», «Ренжулісің ғой, тыныштық па?», «Тағы не болып қалды?» деп жүйкені одан әрі жүйкелетер сұрақтарды қоя көрмеңіз. Ол бәрібір ашып айтпайды. Еркектің болмашыға ренжімейді. Оған тыныштық керек. Сол үшін қашанда жатын бөлмесі жинақы әрі салулы тұрсын. Жақсылап тынығып алғаннан кейін әйелге айтатын нәрсе болса, өзі-ақ мұңымен бөліседі. Ал, бұл жайында жақ ашпаса, қайта-қайта қозғап, жарасын тырнап, ашуын қоздырмаңыз.
• Жұмыстан келген жұбайыңыздың қабағы қатулы екенін байқадыңыз ба, дереу дастархан жайып, алдына ас алып келіңіз. Аш адам ашуланшақ келеді. Кейбір еркектердің ашуы аспен тарайтындығын ұмытпаңыз.
• Көңілсіз күйеуіңіздің көңіл күйін қызықты жайттарға аудара біліңіз. Немесе бүгінгі күніңіздің қалай өткенін, балаларыңыздың тәтті қылықтарын айтып беріңіз. Ол үшін жанұясы – жанға жайлы демалыс болсын.
• Онсыз да ойы онға, санасы санға бөлініп отырған оған отбасындағы жетіспеушіліктерді айтып, еңсесін басқан жүкті ауырлатпаңыз. «Алтынайдың күйеуі машина мініп алыпты. Майраға күйеуі туған күніне қымбат алқа тарту етіпті...» деген сияқты сөздерді де тап бүгін айта көрмеңіз.
• Жылы сөзіңіз де оның өмірге деген құштарлығын арттыратындығы есіңізде болсын. Кейде әйел адамның өзі де қатты сөздерімен немесе ақымақтықпен істеген ісімен еркекті ренжітіп алып жатса, дереу жылы жымиып, тәтті сөздерді төге салғанға не жетсін. Сонда ғана отбасында сыйластық болады. Ең дұрысы, қандай жағдайда да, әйелдің әрдайым жылы сөзі дайын тұрғаны абзал.
• Оның жақсы қасиеттерін сөз қылып, сақтап та қоюды естен шығармаңыз. Отбасындағы өткен көңілді, бақытты сәттерді еске түсіріп, күйеуіңізді алда болар қуаныштармен серпілтіңіз.
• Оны қатты сүйетініңізді, өте құрмет тұтатыныңызды, бағалайтындығыңызды жиі-жиі айтып отырыңыз. Сүйспеншілік те күйзелісті қуады.
• Күйеуіңізді көңілсіздік жайлағанда кішігірім ерекше сыйлық жасаңыз. Оның жақсы көретін әнін орындап, билеп берсеңіз де артықшылық етпейді.
• Аулада серуендеп келуге ұсыныс жасаңыз. Кешкі асты кафе, ресторанда ішкен де оның көңілін көтеруі мүмкін.
• Мұңға батқан күйеуіңізді жалғыз тастап кетпеңіз. Мүмкін, ол жақын араласатын досымен әңгімелескенді ұнататын шығар, досын үйге шақыруыңызға болады.
• Әйелдің жақсы массажист болғаны да дұрыс. Еркек шаршап келгенде, көңілсіздікке берілгенде әйелінің оған массаж жасағаны, аялы алақанымен сипағаны барлық күйзелісті, уайымды ұмыттырады.
Міне, әйел күйеуіне қолдаушы, басына іс түскенде кеңесер ақылшы, қонақтар келгенде күтуші, мазасы болмағанда медбике, шаршағанда жақсы саяжай және көңілін аулаушы бола білсе ғой. Осылай ер адам жұмыстан көңілсіз оралғанда, әйел оған қамқоршы-дос бола білсе, олар да қызметінде не болмаса жора-жолдастарымен бір нәрсеге келісе алмай қалса, көңіл күйі болмаса сыраханаға немесе тағы басқа да жақтарға бармай, үйіне қайтқанша асығып тұратын болады.
Күйеуіңнің әр ісін бағалай біл
Жақсы әйел зейнет,
жаман әйел бейнет.
Көп жылғы психологиялық тәжірибенің түйіні ретінде – әйел мен ер адам отбасылық өмірде үш түрлі тағдырлы болатындығын алуға болады. Біріншісі – күйеуінен көңілі қалған әйел өмір бойы оны жұртқа жамандаумен өтеді. Екіншісі – күйеуден мүлде бас тартып ажырасады да, жағдайын өз ойындағыдай етіп жасап алып, жалғыз өмір сүреді. Үшіншісі – күйеуін толық танып, оның жан-дүниесіне үңіліп, ерінің қалауын табу арқылы өз мақсатына қол жеткізу. Міне, осының соңғысын таңдап, іске асырған ақылды әйелдің отбасы тыныштығы мен беркелілігіне жұрт қызығады, сол отбасын үлгі етеді.
Әйелінің ақылына сүйенуге, оның кеңесімен жүруге еркек атаулының желкесі бұрылмайтыны белгілі. Жалпы еркектер, әйелдің өзіне көмектескенін, жөн көрсеткенін, білгенін айтқанын «Сен дұрыс істемейсің. Қабілетсізсің. Қолыңнан түк келмейді» деп қабылдайды екен. Еркекке ең ауыр тиетіні де сол – өзі онсыз да біліп, ептей алмай отырған қателік, кемшілікті әйелдің сезіп, оған шұқып көрсеткені.
Әйел қанша шынайы ықыласымен еріне пайдасын тигізгісі келгенмен, еркек жұмыс істеп отырған жерден аулақ жүргені дұрыс. Ал ол кейін келістіріп, шай-тамағын беріп отырып, «Қандай керемет шыққан, нағыз шебер екенсің ғой өзің! Жақсы болды!» деп бағасын арттыруы қажет. Күйеудің мәртебесін мақтау сөзбен көтеру арқылы әйел де рахаттана алады. Оның шеберлігі, іскерлігі туралы тек өзіне айтпай, елдің алдында да сөздің орайына қарай қосып отырсаң, ол өзін басқалардан бір саты жоғарылап қалғандай сезінеді. Басқа еркеккінділіктердің алдында әйелінің көңілінен шыға алғаны оған да зор аброй.
Нәзік жандылардың бойындағы тағы бір ұнамсыз қасиет (әрине, еркектер үшін) – көрінген нәрсеге жармаса бергені, орынсыз жерге «пышақ ұрғаны». Яғни, еркек әйелдің әр сөзіне толық жауап қатуды есеп беріп тұрғанмен бірдей көреді. Оның кемшілігін көріп тұрсаң да, «Сен өмірі осындайсың» дегенді аузыңа алма. Өйткені келіншегінің айтқанын тікелей мағынасында қабылдайтын олар, мұндай сөздерді санасына шегелеп алады да кейін оның өтінішін орындауға құлқы болмай қалады. Қауіпті жағдайдың өзінде ескерту жасағың келсе, «Жаным, сол жұмысың бітпей қалса да қойшы, өзің аман болсаң болғаны» десең «Мені көбірек ойлайды екен ғой» деп мейірленуі мүмкін.
Ер азаматтың жақтырмайтын тағы бір нәрсесі – әйелдің құрыс-тырысы жазылмай, кейде жылап алатыны. Әрине, бойына жиналып, тасып бара жатқан күш-қуатын шығарып алу үшін біреумен ұрысып, не жылап алу әйелдің о заманнан қанына сіңген әдеті. Мұндайда ол күйеуінің өзін тыңдап, аяп, құшағына алып сабырға шақыруын, жұбатуын, және «бәрі жақсы болады, жаным, уайымдамашы» деген жылы сөзін күтеді. Одан артық ештеңенің қажеті жоқ. Ал ері қалай түсінеді? Әйелінің «мұң-зарын» «Маған көмектесші! Құтқаршы мені!» деп қабылдайтын олар «Неге олай болды? Нең бар еді кірісіп?» деп тергеуге алғанымен қоймай, «Өзің де болмайтынға ілігіп жүреді екенсің!» деп жекіп, көңіліңді одан сайын жасытады. Себебі, ол ендігі мәселе өзінің мойынына жүктеліп, оның шешімін іздеуге тырысады. Нәтижесінде сол жағдайға өзін кінәлап, берекесі қашады. Тынышын кетірген машақатты да, айыптыларды да сөгіп салады. Сондықтан, әйел астарлап айтамын деп «сау басына сақина тілеп алудан» сақтануы керек. Нені де болса турасын айтқан жөн. Одан да сондай кемшіліктерге жол бермей, бейбіт өмір сүргенге не жетсін!
Сенің әйел болып жаралғаныңның өзі бақыт қой
(Үнемі ашулы келіншегіне айта алмаған сөздерін, жарын жанындай сүйген ер адамның монологы)
«Еркек – үйдің егесі, әйел – үйдің шегесі» дегендей замандастарыма көптен бері айтайын деген ойымды бөліскелі отырмын. Біз әйеліміз екеуіміз, отасқанымызға он жыл болып қалды. Алғашында мінсіз болып көрінген Ақношым (еркелетіп солай деймін) жылдан-жылға мың құбылып келеді. Он жыл болды, әлі таусылған жоқ. «Ендігі сыры мәлім ғой» деп арқамды кеңге сала берсем болғаны, жаңаша бір «сюрприз» дайындап отырады. Оны барынша бақытты ету үшін мен де ізденіспен келемін. Бірде «Ашулы, көңілсіз әйелге көмектескіңіз келсе, оған бір бокал шарап ұсынып, сол күнгі қызметті өзіңіз көрсетіңізді айтып, оның мұң-шерін ақтарыла шығарып алуына мүмкіндік жасаңыз, ондай мүмкіндік болмаса, сүйіктіңізді аймалап, жанын сергітіңіз» деген кеңесті оқығанмын. Ақношым кейде жұмыстан қатты шаршап, тіпті ашуланып та келетін. Сондай кезде әлгі кеңесті пайдалансам болады екен деп ойыма түйіп алдым. Апта өтпей ол әріптестерінің олқылығынан (негізі солар болмаса, өзі жап-жақсы жұмыс істейді) бастығына сөз естіп, ашуланып келіпті.
Жұмыстан күнделікті уақытта келгем, есікті ашқан келіншегімнің екі қасы қосылып, көзі шатынап, мұрнының үсті қыртыстанып кетіпті. Бірдеңе болғанын дереу түсіне қойдым. Ас бөлмесінде күйбеңдеп жүрген оның жанына бір бокал шарабымды алып барып, «Шаршап тұрсың ғой өзің. Кел, кешкі асты мен дайындайын, ал сен, отырып тынығып ал. Мынадан ұрттып, мән-жайды айта отырып» деп қолымдағыны ұсына бергенім сол еді... «Өй, Құдай ұрғыр, құлқының қурап бара жатса, соныңды өзің іш! Менің шаршағаным саған ой салушы ма еді?» деп жылап қоя бермесі бар ма. Састым да қалды. Содан дереу екінші тәсілімді есіме түсіп, келіншегімді «жаным» деп құшақтап, маңдайынан сүйіп жұбата бастады. Бұл да әдетке айналмаған әрекет болған соң дұрыс шықпады-ау, Ақношым жұлқынып кеп берді. «Кетші, әрі! Есіңнен адасқан шығарсың өзің!» деп ас бөлмесінен біржолата қуып шықты. Қайтейін, амал жоқ. Күндегі әдетімше теледидардың адына жайғастым да, Ақноштың тамағын күттім. Енді оның ашуы тарқағанша томсырайған күйі, бұйрығын қас-қабағынан танып жүре беремін. Ал балалардың бізде шаруасы жоқ.
Ашулы келіншегіме айта алмаған шағымымды хатқа түсіріп отырғаным да сондықтан (басқа әйелдерге де пайдасы тиіп жатса игі).
– «Ақнош, сенің әйел болып жаралғаныңның өзі керемет емес пе! Бұл саған ғасырлардың берген бағы, күйеуің үшін сен бір ханшайым екеніңді ұмытпа! Үйдің де, үкіметтің де жұмысына үлгеріп, балаларың мен жарыңның жағдайын жасағаның дұрыс шығар. Бірақ мен үшін ештеңеге үлгірмесең де, сенің қабағың ашылып, жаныңның жадырап жүргені маңызды. Еркектерге комбайн-келіншектен пайда аз. Егер үй шаруасын күйттеу үшін үйленеді десең қатты жаңылысасың. Қазір кір жуатын машина, шаңсорғыш, тоңазытқыш, микротолқынды пеш дегендер үй жұмысын әлдеқайда жеңілдеткен. Шындығына келсем, бақырауық, тергеуші әйелге таңылғаннан үй техникасын алған дұрыс. Алайда, олар сенің нәзік күлкіңді, жылы шырайыңды, сен өмірге әкелген ұл-қызымды маған ешқашан сыйлай алмайды. Сен қалай ашулансаң да, көз алдымда жүрсең болғаны. Менің көңілім алаңсыз. Ал сен қанша бақытты болсаң да, менен жырақта жүрсең жаным жай таппайды. Сондықтан менің жанымда әрдайым еркелеп жүр, көңіліңде жүрген түйткіл болса менімен бөліс, мен сол үшін жаралғам ғой, жаным. Кейде сен еркелей келіп мойныма асылып, күлім қаққан көзіңнен арай шашып, кірпіктеріңді бір-екі қағып жіберіп тілегіңді айтқанда төбем көкке екі-ақ елі жетпей қалады. Ондайда сен не тілесең де, мен оны бұлжытпай орындауға бармын. Тек сол қалпыңды қайтып жоғалтып алмасаң болғаны. Ал сенің дауыс көтеріп сөйлегенің, балаларға ұрысқаның, маған айқайлаған кездерің қандай жағымсыз. Ондайда саған қарап отырып, «мына жалмауызбен (кешір) қалай өмір сүріп жүрмін» деп те ойлаймын.
Айтпақшы, жаңа жылда есіңде ме, сен дастархан жайып, менің туыстарымды үйге қонаққа шақырған едің ғой. Сол кезде мен олардың алдында қандай абыройлы болып, марқайып қалдым десеңші. Әрине, келіншегің туыстарыңды дәммен сыйласа, олардың алдында біздің отбасының тату-тәтті өмірін көрсете алса, мен қалай шіренбеймін. Бірақ, сондай тасып отырған көңілімді ас алдында құртып едің. Оны аңғармасаң айтайын, кісінің көзінше «жаным» деп ымдап шақырып, ас үйге шыққан соң қалай жұмсасаң да өзің біл. «Ой мұның алдына тамақ қойсаң болды, дүниені ұмытып отыра береді. Қазанды түсіріп берші, ей!» деп зекіп намысыма тидің. Айналайын-ау, «қайыр қылсаң, бүтін қыл» дегендей, әдемі кеш ұйымдастырдың ба, неге соның әсерлілігін сақтап қалмасқа?!
Әнеугүні мен тұмауратып қалғанда жұмыстан сұранып келіп жанымда болғаныңа алғысым шексіз. Мені ащы дәрі-дәрмектер емес, сенің бал қосып берген шайың, ыстық сорпаң, жылы сөзің емдеген еді. Бірақ, ертеңіне-ақ «Ерке-мі, «үп» еткен желге ауырып жатқанын қарашы» деген сөзің шаншудай қадалды. Ауырғаныма өкіндім.
Гүлді ұнататының маған белгілі, бірақ туған күніңде қуанып әкелген раушан гүлдерді иіскеу былай тұрсын, қолыңа да ұстаған жоқсың. Бар болғаны «суға салып қоя сал!» дедің. Ал достарым келгенде «Гүлмен алдап қойды да» деп тағы еңсемді түсірдің. Жаным-ау, саған не ұнайтынын еркелеп отырып айтсаң ғана ұғамын. Жұрттың алдында мені масқаралай бермей, оңашада маған бір еркелігіңді қиып, тілегіңді айтсаң болмай ма?!
Ақноштай, өзің ойланып көр. Жасың ұлғайған сайын жұмсақтығың жоғалып барады. Үйленген жылы сен жаңа ашылған гүлдей үлбіреп тұрушы едің, жыл өткен сайын гүлі түсіп, тікен-тікен сабағы қалған ағаш сияқтанып барасың. Сені соған не мәжбүр етті? Айтшы, жасырмай, әзірге сенен жалыққаным жоқ, тыңдауға әзірмін!».
Жұмбақ әйел
Ашу үстіндегі ұстамдылық
алтыннан қымбат.
Аузын ашса жүрегі көрінетін аңғал да, ақ көңіл әйелдер-ай! Кейбір әйелдер: «Күйеуім көңіл бөлмей қойды, менің сыр-сымбатыма селк етпейді, соңғы кезде мен дегенде сезімі селк етпейді» деп налып жүреді.
Алайда еркектердің де әйелдер сияқты өзіне назар аударылғанын, бағалағанын, мақтау сөздер күтетінін білмейміз. Еркектерді сезімсіз дейміз. Сезімі бар болса «айым, күнім, жаным, бағым, басымды суықтан, күннен қорғаған қалпағым, бриллиантым, тәттім» деген «дәмдеуіштерді» сөзіне қосып сөйлемей ме деп қапа боламыз.
Босқа бордай езілмейік. Еркектер де сезімге күйіп-жанады. Әйелдер секілді олар да жан жары апталап іссапарға кетсе, ауруханаға түсіп қалса немесе ата-анасының үйінде екі-үш күнге кідіріп қалса, сағынады, сарғаяды, ойланады. Әйелінің үйіндегі жоқтығы байқалып, онсыз күні қарық, түні жарық болмайтындығын біледі. Бірақ әйелдерден айырмашылығы – еркектердің ішінде үлкен «сыр-сандығы» бар. Олар сырымен қатар, жұмысындағы болған жайттарды, досы мен арадағы әңгімені, күні бойы көрген-білгенін, тіпті сезімін де ішінде сақтайды. Көп нәрселерді іште бүгіп қала береді. Әйелдер сияқты самбырлап бәрін айтып салмайды. Олар барлық сезімін бүркеңкіреп ұстауға бейім. Ал, әйелдер болса күйеуіне еш қатысы жоқ құрбысымен арада болған әңгімені де әшкерелеп, тіпті басқа әйелдің сырын ері сұрамаса да жайып салады. Сондықтан мұндай әйел күйеуіне бара-бара қызықсыздау болып қалады. Өйткені осы қылығымен ол күйеуінің алдында ашық жатқан кітаптай. Ал, ашық жатқан, парақтауға оңай кітап қызықсыз. Сәл-пәл күдік пен аз-маз қызғаныш болмаған жерде қызық та болмайды. Сондықтан еріңізді өзіңізге қызықтыру үшін оны аздап ойландырыңыз. Еркектің ойы қозғалмаса, сезімі мен махаббатына қан жүгірмейді. Ал, оны ойландыру үшін жұмбақ болып көріңіз. Ал, қолдары босай қалса сканворд шешіп, бас қатырып отыруға құмар еркектер қашан да сенің жұмбағыңды шешуге әуес. Ондай болса, «аузын ашса, жүрегі, асқазаны, өкпесі, бауыр-бүйрегі» көрінетін әйел болуды доғарып, аузыңыз ашылғанмен, арғы жағын тістеріңізбен жауып қалуды үйреніңіз. Бұл қолыңыздан келмесе, бір күн күйеуіңізге ибалы қалыпқа түсіп «иә, жоқ» дегеннен басқа сөз айтпаңыз. Көп өтпей-ақ сүйікті жарыңыздың сіздің «жұмбағыңызды» шешіп, табуға қалай бас қатырғанына куә боласыз.
Қызғанышыңызды құрықтай біліңіз
Жақсы әйел арына жүгінеді.
Жоғарыда ер адамдардың қызғанышына кеңірек түсінік беріп, оларға кеңесімізді де ұсынған болатынбыз. Енді әйелдердің қызғаныш сезімі туралы әңгіме қозғасақ, «Әйел ашуланса әлемді төңкереді» дегендей, әйелдің қызғанышы да ерінің жүйкесін жүндей түтеді. Сондықтан да әйел адам қызғанышын құрықтап ұстап, ақылға жол бермесе, жағдайды одан әрі ушықтыра түсуі мүмкін. Еріңіздің табысы жақсы, қызмет жасайтын орны кең болса, ондай жігіт көп әйелдің арманы болатыны рас. Көңілге күдік кіретіні де жасырын емес. Ондай жағдайда не істеу керек?
Алдымен өзіңізді сабырға шақырыңыз. Сосын еріңіздің хатшысы мен қызметтес әйелдерді біліп алыңыз. Көңіліңіздегі күдікті жою үшін қандай да бір сылтаумен анда-санда күйеуіңіздің жұмысына кіріп шығуға болады. Ашуыңызды ақылға жеңдіріп, еріңіздің әріптестеріне ішіңіздегі сұрапыл «өртті» білдіруден аулақ болыңыз.
Егер сіз қызғанышыңызды серпіп тастап жан-жағыңызға, күйеуіңіздің қылықтарына бір сәт зер сала қарайтын болсаңыз, күйеуіңіздің жүріс-тұрысында күмән бар-жоғын біле аласыз.
Оның жұмысына бара қалсаңыз, ондағы әйел затының ішінде сізге бастан-аяқ барлай қарап, артынша мысқылмен жымиятыны болса, оның еріңізде емеуріні бар деген сөз.
Еріңіздің жұмысқа шығар алдында қылықтарына назар аударыңыз:
• сыртқы сымбатына көп назар аудара ма?
• жұмыстан күнде кешігіп келеді ме?
• кешігіп келу себебін түсіндіру кезінде сөз арасында жаттанды жайлар қайталана ма немесе сіз сұрақ қойғанда мүдіріп қала ма?
• бұрынғыдан мінезі өзгерген бе (тұйықтау немесе шектен шыға сөзшеңдік, оңашалана беру, сіздің жаныңызға жақындамау, т.б.)?
• телефонына біреу қоңырау соқса, сіз бар жерде жауап беруден бас тарта ма?
• сіздің кез келген сөзіңізді көтере алмайтын жағдайға жетті ме?
Міне, осы жайттарды күйеуіңіздің бойынан көре алсаңыз, күдіктенуге болады. Ал, жоғарыда айтылған мінездеме еріңіздің жүріс-тұрысына сай келмесе, онда күн жаумай су болудың қажеті жоқ.
Егер осы мінездемелер күйеуіңіздің бойынан табылып жатса да көңіліңізді бұзудың еш реті жоқ. Бұл жерде өзіңізді-өзіңіз іштей дайындаған сабырлылық пен ақылдылық қана көмектесе алады. Мәселен, неге оның қызығатын әйелдеріндей киініп немесе сән үлгіңізді өзгертпеске? Тым-тырыс жүріп, бірден өзіңізді әдеттегіден ерекше ұстауды үйреніңіз. Күйеуіңіздің басқан ізін аңдуға кеткен уақытыңызды өзіңізді сәндеуге немесе үй-ішін, дастархан мәзірін ауыстыруға жіберіңізші. Апта өтпей жатып-ақ еріңіз сіздің неге «бүлініп» жүргеніңізге көңіл бөле бастайды.
Егер отбасын сақтап қалғыңыз келсе, күйеуіңіздің шамына тиетін сөздер айтқаннан гөрі оны аялай түсетін жылы лебіздер жолдаудың ешбір сөкеттігі жоқ. «Жылы-жылы сөйлесең жылан да інінен шығады» дегендей емес пе? Әрқашан да әйелдік жылылығыңызды сақтаңыз.
Еріңіз сыртқа көз салмасын десеңіз...
Әйел тілесе қазанаттан азамат,
азаматтан қазанат жасар.
Еркекке қашан да «көршінің әйелі қыздай» көрініп тұратыны белгілі. Бұл сізден жеріп қалған немесе мүлде ұнатпайды, көңілі қалған деген сөз емес. «Көзімен сүйетін» еркектер әдемілікті жақсы көреді. Еріңіздің мойнын ешкімге бұрғызбаймын деу өте қате нәрсе. Әсем де нәзік әйелге тамсанып қарағанында тұрған ештеңе жоқ. Дегенмен, ер адам сыртқа көзін жиі тастайтын болса, бұны ойлап қойған да дұрыс. Ерекектер біркелкіліктен тез жалығады. Қыз кезіңізде бірде жылап, бірде күліп, бірде еркелеп, бірде қасақана ренжи қалатын сәттеріңіз оған ұнайтын болса, отбасы болғанна кейін де сізден қыз кезіңіздегі қылықтарыңызды күтетіні анық. Егер сіз «күйеуге шықтым, сүйген ерім жанымда, еркелеп жүруге уақыт жоқ, кірді кім жуады, тамақты кім істейді?» деп, екі қолыңызды көтеріп, күйбең тіршілікке күмп беріп сүңгіп кетсеңіз, кешіріңіз, күйеуіңізге міндетті түрде көршінің әйелі әдемірек, құрдасының келіншегі қылықтырақ көрінетін жөні бар. Басында бұл онша-мұнша мән беретін мәселе болмаса да, ұсақ-түйектің өзі жиналып, проблемаға айналып, бір күні үстіңізді басып қалуы мүмкін. Олай болса, қазірден бастап мына қарапайым қағидаларды есте ұстағаныңыз жөн.
• Үй ішінде де әдемі қалпыңызды сақтаңыз. Ұзын етек халат киіп, шашыңызды әр жерден түйреуішпен түйрей салып бір-екі күн жүруге болар. Бірақ үнемі емес. Үй ішінде киетін бір-екі жеңіл көйлегіңіздің болғаны дұрыс. Таңертеңгісін жуынып-шайынғаннан кейін иіс суыңызды сеуіп, жеңіл-желпі опа-далап жағуды ұмытып кетпеңіз. Жұмбақ та жылы кейпіңізді сақтаңыз.
• Өзгелердің қолынан келе бермейтін, еріңізге ұнайтын, бес түрлі тамақтың мәзірін біліңіз. Оны дайындаудың жолдарын құпия ұстаңыз.
• Егер күйеуіңіз ақтарылып сізге сырын айтса, кірпік қақпай тыңдауға дайын екеніңізді аңғартыңыз. Аузын ашқаннан кеңес беруге асықпаңыз. «Айттым ғой саған», «Менің тілімді алмап едің» деген сияқты ескертпелерді мүмкіндігіше қолданбаған дұрыс. Ол айтқан сырды көрші-көлемге жаймаңыз. Сенімді болуға тырысыңыз.
• Еркек – күшті халық, бірақ күштілердің өзі мейірімге, жанашырлыққа мұқтаж екенін естен шығармаңыз.
• Таңертең жарыңыздан бұрын оянуды әдетке айналдырыңыз. Таңертеңгі асты дайындауға кірісердің алдында, күйеуіңіздің көрпесін серпіп ашып, «Тұр енді, қашанғы жатасың?» деген дөрекілеу сөзді «Қайырлы таң, қымбаттым! Тамақ ас дайын, біз сені күтіп отырмыз» деген жылы сөздермен алмастырыңыз. Бетінен сүйіп, мұрнынан қытықтап оятуды ерлер жек көреді деп ойламаңыз.
• Кешкісін жұмыстан кешігіп келсе, үйге кірген бойда «қайда жүрсің осы уақытқа дейін» дегеннен гөрі жылы жымиып қарсы алып, кешігу себебін өзі айтпайынша қозғамай тұра тұрыңыз. Егер ол кешігуді жиілетіп, оның себебін айтпайтын болса, еркекте «әйеліме бәрі-бір, ол менен сұрамайды» деген ой қалыптасуы мүмкін. Сондықтан мұндай әңгімені кешкі ас ішіп болған соң қозғаған дұрыс. Кейде тәтті-дәмді тамақтан қарбытып жеп отырған еркек өзі-ақ ашылып, қайда болып, не істегенін жайып салады.
Кейбір қыздар мен әйелдер күйеулерін моральдік тұрғыда қорқытып, үркітіп ұстап қаламын деп ойлайды. Мәселен, «сен менен кететін болсаң, мен өзімді өлтіремін», «тамырымды қиямын», «үйдің шатырынан секіремін» деген сияқты қорқытулар және сондай әрекеттерге талпыныс жасау, шынында еркектерді қорқытады. Бірақ, еркекті бұлай өмір бойы қорқытып ұстау – бақытты отбасын білдірмейді. Бұл керісінше, өзіңізге деген оның жеккөрінішін ұлғайтады. Көзіңізше өбектегенімен, сыртыңыздан ғайбаттайды. Осындайдан келіп, еркектің өзге біреуге көңілі ауады. Бұл проблемаға басқа қырынан келге дұрыс. Бір жағынан әйелдер өздерінің сыр-сымбаттары жағынан бір-бірінен айырмашылықтары жоқ сияқты. Тек еркектер әрбір әйелді өзі қалаған кейпінде көреді. Сондықтан сізге ара-тұра жаңа образға кіріп отыру керек болар. Ойлап қараңызшы, мұндай өзгерістер өзіңізге де ұнамай ма? Шашты басқа сәнде қию, киім кию үлгісін өзгерту, толысып кетсеңіз арықтау шараларын жасау. Кейбір әйелдер күйеулерінің көзінше «семіріп бара жатырмын, арықтауым керек» деп байбалам салып, түрлі диетаға отыра бастайды. Ол дұрыс емес. Әйел не жасаса да күйеуінің көзінен таса жасау керек. Күйеуіңіз сіздің диета ұстап жүргеніңізді байқамай қалсын, аяқ астынан сымбаттанып шыға келгеніңізді көріп, сізге қайтадан ғашық көзбен қарасын. Әйтпесе, әрекетіңіз күткен нәтижеге жеткізбесе, құр босқа күлкіге қаласыз.
Сүйікті жарыма шынайы дос бола аламын ба?
Жар жақсысы –
жан қысылғанда.
Міне, осылай ойлаудың өзі, оның жөн-жоралғысын іздестіру нағыз отбасы қамын ойлаған жанның әрекеті болса керек, сірә.
Әйел қашан да сезімтал жан болып саналғанмен, оның өзіне лайық міні, ара-тұра кемшілігі де байқалып тұрады. Оған табиғат жаратылысы деп қарау дұрыс шығар. Бірақ сонда да отбасы ұйытқысы үшін алдымен әйел заты алғашқы қадамға баруы қажет. Ал оған бастайтын қадамдар психолог-мамандардың айтуы бойынша мынадай болмақ.
-
Еріңіз қашан да назарыңызда болсын.
Нағыз достық белгісі – оны қолдау мен оның барлық жетістіктеріне бірге қуана білу. Ол көңілді кезде онымен бірге қуанып, мұңды уақыттарда көңілін аулай білу – шынайы сезім мен махаббат иесі екендігіңізді білдіреді. Содан кейін оны әрқашан ұқыпты да, мұқият тыңдауды үйреніңіз. Әйелдер ғана емес, еркектер де өздерін тыңдағанды жақсы көреді. Әйел мен еркек бір-бірімен тек отбасы мәселесі туралы ғана емес, өзге де қызықты тақырыптарда шүйіркелесе әңгіме айта білуі қажет.
-
Ішкі сезіміңізді тізгіндеп ұстаңыз.
Жылау, сәл нәрсеге ашулану, ренжіп қалу, т.б. Бәрі де ішкі сезім әсерлері болып табылады. Мұндай әрекеттерді дер кезінде ауыздықтамаса, оның отбасы иелерінінің арасында кері әсерлі жағдайларды туғызуы мүмкін. Әрине, шаңырақты шайқалтпай ұстап тұру, оның көптеген мәселелеріне төтеп бере білу барлығы да адамнан көптеген қуатты қажет етеді. Бірақ, соған жеткен қуаттың бір аз ғана бөлігін адам өзіне де арнауы қажет. Ол әлгідей жағдайларда өзін-өзі тежей білу.
Әйел затына кейде «ол менің ерім, ол менің барлық еркелігімді көтеруі қажет» деген көзқарас тән. Бірақ оның барлық жерде де «үкімі» жүре бермейтінін түсінген жөн.
-
Шыдамдылықты үйреніңіз.
Бұл әрдайым қайталана беретін кеңес болса да, оның көбіне ұмытылып қала беретін де жағдайы бар. Шыдамдылық отбасында көбіне ашуға жол беріп қоя беретіндіктен де шаңырақтар шайқалып жатады. Дос ең бірінші өзінің досына шыдамдылығымен танылады, қадірі де арта түседі. Достықтың да басты қағидасы бар.
-
Оның даусынан көңіл күйін түсіне біліңіз.
Үйге кіре салысымен «қарным ашты, тамағың дайын ба?» немесе «балалар, мен келдім!» деп өзінің отбасына оралғандығын білдіретін даусынан оның бет әлпетін көрмей-ақ жағдайын тани біліңіз. Егер ол бастығынан сөгіс алып немесе әлдебір ісі алға баспай жатса, міндетті түрде үйге көңілсіз оралады. Ондай кездері оның себебін сұраудың реті жоқ. Шынайы досына әрі сүйікті жарына ол ойын таразылап болған соң өзі-ақ айтады.
-
Оның түйткілді мәселесін одан ары тереңдете түспеңіз.
Көңіл күйі жоқ кезін көре тұра оған қосымша отбасы немесе өзіңіздің шешімін таппай тұрған мәселеңізді қосып, одан сайын жағдайды шиеленістіресіз. Аса қауырт болмаған істі кейінге қалдыра тұрған абзал. Дос болғысы келген адам досының уайымы үстіне уайым жамамайды. Алдымен оның мәселесін шешуге ұмтылады. Сіздің күйеуіңіздің көңіл-күйі сізге де ортақ. Сол үшін де алдымен оның көңілін таба біліңіз. Ол сізге жайсыз жағдай туралы айтқан уақытта, оған қосыла үрейлене немесе абыржуға берілмеңіз. Өйткен жағдайда күйеуіңіз сізге жағдайын айтқанына өкініп қалатын болады. Ал бұл арадағы сенім сыйластықтың жойылуының алғашқы қадамы екенін есте ұстаған жөн.
|
Күйеуіне нағыз дос бола білген әйел оның қиын жағдайда тұрғанын өзіндей сезінеді және одан алып шыға да алады. Достық - сыйластықтың басты белгісі. Жай достық сезімінің соңы көбіне ыстық махаббатқа ұласады да, ол нағыз бақытты отбасының кепіліне айналады. |
Басқаны сүйе тұра неге маған үйленді?
Міне, осындай сауалдар жаңа отбасын құрған кейбір келіншектерді көп ойландырады. Онда төмендегі кеңестерді тыңдап көріңіз.
Отбасы құру ойыншық емес, күйеуіңіз де мың ойланып барып, сізге үйленген болар. Ол қызды бұрын сүйсе, сүйген болар, бірақ өмірлік серіктікке сізді таңдап, балаларының анасы, сіз болғаныңызды қалады емес пе? Сондықтан да уайымға салынбаңыз.
Еркектердің психологиясын түсінуге тырысыңыз, оған біраз уақыт беріңіз. Қысым көрсетпеңіз, жылылық, мейірімділік танытыңыз. Сонда ол бірте-бірте сүйгенін ұмыта бастайды.
Екіншіден, ата-енеңіз де кезінде сол қызға үйленгенін қалаған шығар. Былай алып қарасаңыз, кім-кімді қалағанмен, таңдау жасалған ғой. Сіз келінсіз, сондықтан да еркелікті жиыстырып, отбасының сақталуын қадағалаңыз. Күйеуге тие алмай жүрген қыздар көп, сіз олардың алдында бақыттысыз. Ақыры күйеуіңіз таңдап алған екен, дәл сізді лайық көрген екен, қуаныңыз, оған перзент сыйлап, қуантуға асығыңыз. Ал ата-енеңіз баласының бақытты екенін көргеннен кейін өздері-ақ сіздердің шаңырақтарыңыздың берік болуын ойлайды. Сіз таңдау жасайтын уақыттан өтіп кеткенсіз, ол қызбен кездеспесе, сөйлеспесе несіне уайымдайсыз. Өзіңізді өзіңіз қолға алып, күйеуіңізге жақсы жақтарыңызбен көрінуге тырысыңыз. Қамқор бола біліңіз, еркектерге аялы алақан, жанын түсінетін жақын адам, жылы сөз жетпей жатады. Осыларды іске асырып та күйеуіңізді өзіңізге қаратып, бұрынғы қызын ұмыттыра аласыз. Бәрі өз қолыңызда, қолыңызға қонған бақты ұшырып алмаңыз. Сабырлы болыңыз!
Өз бағаңызды қалай жоғарылатуға болады?
Өзін бағалау бар адамда бар қасиет, бірақ көбісі өзін дұрыс бағалай білмейді. Біз өзімізді төмен санаған сайын, толымсыздық кешені (комплекс) көбейіп, қорқыныштар мен күйзелістер көбірек орын алады. Бұл – дұрыс емес.
Адамдардың самғауы да құлауы да қалыпты жағдай. Оларды жеңіл қабылдауға тырысыңыз. Бірақ осы жағдайларды өздігінен жойылады немесе осы күйінде қалсын деп қараудың аяғы жабығуға әкеліп соғуы мүмкін.
Кемітілген және бірдей берілген баға.
Өзін төмен санайтын адамда жиі сақинасы ұстау (приступ), үнемі күйзелісте, басқаларының пікіріне тәуелді болу, нашар көңіл күй, өзінің тек қана өз кемшіліктерінен айтуынан білінеді. Ал өзіне дұрыс баға беретіндер өзі қандай болса сондай баға береді, өздерінің жаман жақтарынан гөрі жақсы жақтарын көбірек айтады. Олар барлық талаптарға сай адамның болуы мүмкін еместігін біледі, сондықтан да сын-пікірлерге дұрыс қарайды. Өздерін басқалармен салыстырып, мұңға батпайды. Өзін орынды бағалау, жақсы өмір сүрумен қатар, әр таңды қуанышпен атырады. Біреулер бұл шешімге жастайынан, басқалар ақыл тоқтатқанда, енді біреулер ешқашан да жете алмайды. Барлығы тәрбие мен талпынысқа, тәжірибеге байланысты. Сонымен, өз бағаңызды көтеріңіз, бастысы өзіңізге сеніңіз, шыдамдылық танытып, алға қойған мақсатыңызға жетуге тырысыңыз. Сізге және өзін басқалардан кем санайтын бойжеткендерге бірнеше кеңес ұсынамыз:
• Өзіңізді сынағанды қойыңыз. Жұмыста бір тапсырманы ыждағаттылықпен орындап бітірсеңіз, ол ойдағыдай шықпаған күннің өзінде де өзіңізді өзіңіз мақтап қойыңыз. Жұмыс бітті, жақсы атқардыңыз, сондықтан «былай еткенде тіпті жақсы болушы еді» деген жүйкені тоздыратын сөздердің керегі жоқ. Кемшіліктері болса, болашақта жөндей бересіз. Алға, жаңа белестерге ұмтылыңыз.
• Өзіңізге жағдай жасаңыз. Бағаңызды жоғарлатудағы басты нәрселердің бірі – сыртқы келбет. Сондықтан мүмкіндігінше ұзақ ұйықтаңыз, жақсы тамақтаныңыз, дене жаттығуымен айналысыңыз, бетіңізге маска, қолға маникюр жасаңыз. Шаш үлгіңізді өзгертіп, киіміңізді жаңалаңыз, ескі заттардан арылыңыз. Көп ақша жұмсау шарт емес, қиялыңызды оятыңыз, бетке кремдерді қолда бар жемістерден жасап алсаңыз да болады. Өзіңіз үшін еш уақытта ерінбеңіз.
• Қуаныңыз. Киноға барыңыз, қорқынышты аттракциондарға мініңіз, кафеге отырыңыз. Тек достармен қыдыру шарт емес. Сіз толыққанды тәуелсіз адамсыз, кештерден ләззат алыңыз.
• Өзіңізге сыйлық жасаңыз. Торт, серуен, ұйқы. Әр жеткен жетістіктеріңіз үшін өзіңізді мақтап тұрыңыз.
• Сүйкімді екеніңізді қайталап айтып жүріңіз.
• Кешірімшіл болыңыз. Бір нәрсе сіз ойлағандай болмай қалса, өзіңізді кінәламаңыз, әсіресе бар күшіңізді салып істеген болсаңыз. Өзіңіздің ең жақсы екендігіңізге сеніңіз. Әзірше қолыңыздан келмей жатса да қайталай беріңіз, сенім өзі келеді.
• Бәріне бірдей жағуға тырыспаңыз. Ең алдымен өзіңізге жайлы болсын. Олай болса жұмысыңызда да, үйіңізде де жайлы болады. Бәріне бірдей жағуды ойласаңыз, күйзеліс пен қиыншылыққа тап боласыз.
• Қорықпауға және өз қателіктеріңізден сабақ алуға үйреніңіз. Қорқыныш табиғи жағдай, бірақ бір нәрседен қорқудың қажеті жоқ. Қате істеуге қорқасыз ба? Жұмыстан шығып қалуға қорқасыз ба? Бәрінен қорқуға болады. Бірақ олар сізді қателіктен сақтандыра алмайды. Сондықтан жәй жұмысыңызды істеп, адамдармен араласып жүре беріңіз. Қателік жіберсеңіз, жөндеңіз, екіншілей сол қателікті қайталамайтындай қорытынды жасаңыз.
• Және мүлтіксіз жан-жақты болуға тырыспаңыз. Өзіңізге деген сенім – кәсіби өмірдің де, дербес жетістіктің де кепілдігі. Өзін биік бағаламайтындар өзіне сенімсіз келеді. Сондықтан өз бағаңызды жоғарлатып отырсаңыз, сонда жолыңыздағы қиыншылықтардың өзі сізден қашатын болады.
Әйелді қандай жағдай дана етеді?
Күйеуге шыққанда күйеуіңді аяп немесе болашақта өзгереді, мүмкін байып кетер, бірден ақыл тоқтатар, ішуді немесе темекі шегуді қойып кетер деп ойламаңыз. Әйелдің кемшілігі – күйеуі қазір жақсы болмағанмен үйленгеннен кейін өзгереді, ол қиындықты жеңе аламын деп ойлауы. Алдымен өзіңді алдама. Отбасын құрғаннан бұл қиындықтардың салмағы артады. Күйеуіңіз қандай болса солай көріп, қабылдауды үйреніңіз. Бұл өмірде тек өзіңізді ғана өзгертіп, басқаша жасай аласыз. Бүкіл әлемді өзгертемін дегенше, өзіңізді өзгертуден бастаңыз. Мына кеңестерге құлақ түріңіз:
• Енді жалғыз емес екеніңді ұмытпаңыз. Маңызды нәрсеге әрдайым күйеуіңізді күтіңіз, оның пікірін білуге тырысыңыз.
• Өзі аңғарады деп үміттенбеңіз. Қиял мен шындықтың арасы жер мен көктей. Мысалы, әйел адам күйеуі жұмыстан қайтқанда отбасына қажетті бар затта ала келеді деп күтеді. Ал күйеуінің ойында еш нәрсе жоқ. Оны аңғармаған жағдайда әйелдер ашуланып шыға келеді. Күйеуі болған жағдайға түсінуге тырысады. Бірақ әйел күйеуінің неге кінәлі екенін өз тапсын деп тымырайып, үндемейді. Содан ұрыс басталады.
• Аш кезінде ешнәрсе сұрап, ашуын келтірмеңіз. Күйеуіңіз аш кезде маңызды нәрсе туралы сөйлеспеңіз.
• Оған қайтсе жақсы болатынын шешпеңіз. Күйеуіңіз ересек адам, осы уақытқа дейін өзі өмір сүрген. Сондықтан не киетінін, қайда баратынын, кіммен достасатынын, кімге қалай сөйлейтінін өзі біледі. Бостандығын шектемеңіз.
• Ызыңдағыш болмаңыз. «Жұрттың өмірі көңілді, бақытты, ал сен сөйтпейсің, бүйтпейсің, анау жөнделмеген» деп ызыңдай бермеңіз, бәріне жеңілдеу қараңыз. Алдымен қыдырыңыздар, көңіл көтеріп, сәтті уақытты дұрыс пайдаланыңыздар, кейін бітпеген жұмысты істеп үлгересіздер.
• Ұнамаса өзіңіз істеңіз. Күйеуіңіз үйде бір нәрсені жөндеп немесе істеп жатса, басқа бөлмеге кетіп қалыңыз, қасында тұрып ақыл айтпаңыз. Ұнамаса кейін жөндеп аласыз. Ол қалаған уақытта көңілін табуға тырысыңыз.
• Манипуляция жасамаңыз. Жақын қатынастан бас тартпаңыз. Өз пайдаңызды ойлап, күйеуіңізді жазаламаңыз.
• Жеке басын қорламаңыз. Қатты ұрыс кезінде де жеке басына қатысты кемшіліктерін бетіне баспаңыз. Әйелдің күші – әлсіздігінде, ең дұрысы жауласпау. Бәрібір татуласу керек, ал еркектің жәбірі тереңдеп, көпке дейін ұмытылмайды. Олар көбейіп, жинақталған сайын татуласу қиындай береді.
• Күйеуіңіздің анасына сыйламаушылық танытпаңыз. Оның туыстары, әсіресе анасы туралы жағымсыз әңгіме айтпаңыз. Бақытты отбасы болу көбінесе енеңізге байланысты, сондықтан достасуға тырысып, сыйлаңыз.
• Қызғаншақтықпен күйеуіңізді қорламаңыз. Қызғаншақ, күмәнданғыш әйелдер өз отбасын құртып алады. Шектен тыс, себепсізден қызғаныш араға салқындық тудырады.
Отағасының қызғаншақтығына өзіңіз кінәлі емессіз бе?
Жақсы әйел жарының жақсысын асырар,
жаманын жасырар.
Бұл тақырып жасқа да кәріге де ортақ. Көп отбасылар осы қызғаншықтықтың кесірінен ажырасып жатқан жоқ па?! Күйеуінің қызғаншақтығы туралы қозғағанда әйелдер өздері судан құрғақ шыққылары келеді. Бұл дұрыс емес. Төмендегі сұрақтарды өзіңізге өзіңіз қою арқылы, мәселенің түйіні кімде жатқанын анықтай аласыз.
1. Жас кезіңізде еріңізге бұрын өзіңізге сезімін білдіріп, сөз салған жігіттер жөнінде айтқансыз ба? Немесе ренжісіп қалғандарыңызда «Пәленшеге тимеппін ғой!» деген сынды өкінішті байқамай айтқан шығарсыз?
2. Еріңіздің бой-бітімін, түр-сипатын, білімін, қызметін кемсітіп, құрбыларыңыздың күйеулерімен салыстырып, сөз қылғаныңыз оған қалай әсер ететінін білесіз бе?
3. Қызметіңіз қандай, күйеуіңіздікі ше?
4. Табысыңыз күйеуіңіздікінен көп болған ба, болса үнемі айтып отырасыз ба? Сіз жұмыс істеп, ол жұмыссыз жүрген уақыты болған ба?
5. Тойларда, отырыстарда өзгенің бәрін аузыңызға қаратып өлең айтып, кішігірім болса да асабанаың рөлін атқарған уақыттарыңыз болды ма? Ондай жерлерде басқа ер адамдармен әзілдесіп, күйеуіңізді ұмытып кеткендей кездеріңіз болған ба?
6. Отбасының, ағайын-туғанның тірлігіне араласуда ең бірінші кім шешімді сөзін айтатын еді?
7. Балаларыңыздың, ағайынның, қонақтарыңыздың көзінше еріңіздің сөзін бөліп, қарсы пікір айтқан кездеріңіз көп болды ма?
8. Отбасында бюджетті кім басқарады?
9. Балаларыңызбен, келіндеріңізбен болған әңгімені, кейбір қаржы проблемаларын күйеуіңізге жиі айтасыз ба?
10. Өз сыр-сымбатыңызды жиі мақтап, еріңізді төмен санаған кездеріңіз болды ма?
11. Құрбыларыңызбен, абысын-ажынмен арада болған әңгіме жайында еріңізбен ой бөлісіп, талқылайсыз ба?
12. Еріңіздің денсаулығы қандай? Егер ауыра қалған жағдайда сіз көңіл бөліп қарайсыз ба?
13. Қазір еріңіздің табысы бар ма?
Міне, осы сұрақтарға жауап беру арқылы күйеуіңіздің қартайғанда қызғаншақ болып бара жатқанына өзіңіздің кінәлі екендігіңізді ұғасыз. Өйткені, еркектер себеп болмаса, бекерден бекер қызғанбайды. Қазақы психология бойынша әйел ер адамнен әрқашанда бір саты төмен тұруы керек екенін де ұмытпаған жөн. Еркектің қызғануына әйелдердің өздері жол береді. Сондықтан, әйелдер, қай нәрсеге де отағасыңызды орынсыз кінәлай бермеген дұрыс болар.
Жарыңыз жалқау болса...
Өкінішке орай, жалқау күйеулер арамызда баршылық. Ол үшін отбасы шырқы да бұзылып жатады. Мұның барлығы да тәрбиеге байланысты деп біржақты пікір айту да қиын. Сол үшін де неге кейбір еркектердің жалқау болатын себебін талдап көрейік. Мүмкін, бұған әйел де себепкер болатын шығар...
О баста үйленгенде көп жастар бір-бірінің мінез-құлқы мен қабілетіне мән беріп жатпайды. Бір-бірінің тәтті сөздеріне ғана еліткен жас «үйлену оңай, үй болудың өте қиын» екендігін ұмытып, шаңырақ көтереді де, уақыт өте келе бұрын байқалмаған кемшіліктеріне шыдай алмай ажырасып кетіп жатады. Үйдегі ұрыс-керіс те көбіне осындай кемшіліктерден туындайды. Осыдан барып «жұрттың Ыбырайы-Ыбырай, біздің Ыбырай-...» немесе «қыз кезінде бәрі жақсы..» деген сөз тіркестері еріксіз ауыздан шығады. Мүмкін, осының барлығын өзіміз қолдан жасап жатқан болармыз?! Олай болса талдау жасап көрейік. Осындай жағдайа пайда болатын түйінді мәселелер мынадай болмақ.
Еркек ештеңемен айналысқысы келмейді. Әйелдің айтқанының барлығын ұйықтап отырған адамша айдалаға жібереді немесе ашықтан-ашық қарсылық білдіріп, сыртқа шығып кетеді. Кейде нені болса да құлықсыз істейді. Мұның себебі неде?
Біріншіден, ол сізге күйеу болмай тұрған кезде көпшілікпен көп араласа алмаған болуы мүмкін. Және де жауапкершілігі мол ол үшін барлығын ата-анасы немесе өзге де бауырлары атқарған болуы ықтимал.
Осы жағына назар аударып көрдіңіз бе?
Екіншіден, сіз тұрмысқа шыққалы бері күйеуіңіздің барлық іс-қимылын өзіңіз басқарғыңыз келген сыңай танытқан боуыңыз мүмкін. Ал еркектер ешқашан да өздеріне әлдекімнің ( ол ата-анасы немесе әйелі, досы болса да) бұйрық бергенді қаламайды. Ол жүз жерден «момын» еркек болса да, олардың жаратылысы осындай, оны естен шығармау қажет. Еркекке бұлай қысым көрсеткен сайын ол сізге «бағынбай», алыстай береді.
Үшіншіден, себеп өзіңізде болуы да әбден мүмкін. Есіңізге түсіріңізші, үйленген сәттен бастап оны тіптен еркелетіп жіберген жоқсыз ба? Ол үй шаруасына көмектескісі келіп сізге жақындағанда «өзім істей саламын, жаным» деген сөзбен меселін қайтарып жіберген шығарсыз.
Таңғалмай-ақ қойыңыз, еркек психологиясы осындай. «Жағымды» нәрселер олардың санасына тез сіңіріп, сол бойына қалып кетеді. Кейбір әйелдер ерінің қосымша қаражат табуға құлқы жоқтығына да шағымданып жатады.
Рас, біреулер артық қаражат тауып, жағдайын жақсартуға талпынбайды. Барына қанағат тұтып жүре береді. Бірақ, оған елдің барлығы жаңарған өмірден дәм татуға ұмтылып жатқанда, әйел қарап тұра ала ма? Әркімнің-ақ сәнді жиһаз бен үлкен үйден дәмесі барын жасыра алмаймыз. Осының салдарынан ұрыс-керіс болып жататыны бар.
Өмірде белсенділігі аз, қара нанға қарын тойғызып қана күн көретін адамдар аз емес. Өздігінен жаңаша өмірге ұмтылатындар саны арамызда аз ғана. Әсіресе еркектер арасында мұндайлар саны әйелдерге қарағанда анағұрлым көп. Еркектерді табысқа жетелейтін бірден-бір күш – әйел махаббаты болмақ. Әйел тарапынан жылы қабақ пен махаббат ләззатына бөленген еркектің әрқашанда өмірге деген құлшынысы арта түсетінін ұмытпаған жөн.
Тағы бір түйінді мәселенің бірі – үйде жұмыссыз жатқан еркектердің ішімдікке әуес болуы. Мұнда да ең бірінші еркекті кінәлаудан бұрын алдымен кемшілікті өз бойыңыздан іздеп көріңіз.
• Ең алдымен еркектің жан-дүниесі әйелге қарағанда нәзіктеу болатынын еске салайық. Әйел қанша дегенмен тағдыр қиыншылықтарына қарсы тұра біледі. Ал көп еркектерде ондай қасиет болмайды. Қиындықпен күрескеннен гөрі одан қашқанды жақсы көретін еркектерге тағы да әйел адамның қолдауы өте қажет.
• Кейбіреулерге ерсі көрінгенмен, ерлі-зайыптылардың арасындағы сүйіспеншілік мерзімнің болмауы да еркектердің өмірге деген құлшынысын жойып жіберетінін жоққа шығара алмаймыз. Отбасының ұйытқысы болып, ерінің жағдайын жасап отырған әйел тұрмыс тауқыметін бір өзі көтеріп жүрген, ері жұмыс істемейтін әйелдерге қарағанда анағұрлым жайлы өмір сүреді.
• Әйел бойындағы жұмыс істеуге деген құштарлық та мұндай жағдайда себеп болады. Үйленгеннен бастап үйдегі қаржылық қажеттілікті еркекпен бірдей көтеруге ұмтылудың мүлде қажеті жоқ.
Мұнан шығатын қорытынды – әу бастан-ақ еркекке үй-тұрмыс қажеттілігінің барлығы соның мойнында болуын қажет екенін ісіңізбен де, сөзіңізбен де, тіпті қулығыңызбен де түсіндіре біліңіз. Еркектің алдына түсіп «өзімді өзім асырай аламын» деген ерегіс сөз қажет емес. Қайта еріңіздің бойындағы өмірге деген белсенділікті аша түсіңіз. Былайша айтқанда барлығы да әйелдің бағыттауымен жүретін ешқашан естен шығармаңыз.
Жұп жарасымдылығын сақтайтын сөздер
Адамның сөзі, тілі жайындағы мәтелдер өте көп. «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас жарады», «жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады», т.б. мәндес мәтелдердің барлығы да сөздің құдіреттілігін дәріптейді. Оған ешкімнің дауы да болмасы анық. Сөз-адамдарды бір-бірінен алыстады, жүректі жаралайды немесе барлық уайым-қайғыны да ұмыттыруы мүмкін. Ең бастысы, жақсы сөздің адамдарды бір-бірімен жақындастыра түсетін да қасиеті бар.
Мәселен, әйеліңізбен (немесе күйеуіңізбен) ренжісіп қалдыңыздар делік. Кейбіреулердің төрт күнге дейін аузына құм құйып алғандай тымырайып жүре беретін әдеті бар. Міне, осындай кездерде ашудан түйіліп қалған жүректің өзін елжірете ерітіп жіберетін сөздер бар.
Ренжісіп қалсаңыз, бірден қайта татуласуға икемделіңіз. Ол үшін «менің сенімен ренжіскім келмейді, қәне татуласайық», «бір-бірімізді түсінейікші, ортақ шешім әр қашанда табылады» деген сөздерді қолданыңыз.
«Кешір, менікі дұрыс болмапты, бекерге сені ренжітіп алдым». Кешірім сұрағаннан ешкім де кішірейіп қалмайды.
Әркім өзінің қателігін мойындай да білгені дұрыс. «Мен мүлде қателескен екенмін, сенікі дұрыс болып шықты».
Ренжісіп қалғаннан кейінгі көңіл күйді жарыңыздан жасырудың қажеті жоқ. Оны ашық білдіретін болыңыз. «Екеуміз ренжісіп қалғалы бері өзімді қоярға жер таппай жүрмін, бұдан былай олай етпейікші».
Жарыңыздың жанын ұға білуге талпыныңыз. «Мен сенің ойыңды түсінгім келеді, жаймен ашық сөйлесейкші», «менің қандай мінезім сені қапаландырады?»
Көңіл күй бұзған айыбыңыздың көзқарасымен санасуды ұмытпаңыз. «Мына әуен саған ұнай ма, бірге тыңдасақ қайтеді?», «Мен сенің көзқарасыңды білгім келеді», сөйлесейікші, мен бұдан әрі шыдай алмаймын»...
Оған мәңгі бірге болғыңыз келетінін, қайда барсаңыз да жұптарыңыздың ажырамағанын қалайтындығыңызды білдіріңіз. «Мен сенсіз ешқайда бармаймын», «сен болмасаң тіпті, тамақ та ішкім келмейді»...
Өзіңіздің жарыңыздың қай қылықтарына ренішті екендігіңізді жаймен ғана түсінікті етіп білдіріңіз. «Мені кейде ақымақ санайтының маған мүлде ұнамайды», сен кейде мені көпшілік алдында да келемеждейсің ғой».. «туысқандарға да жамандай салатын әдетің бар»...
Араларыңызды жақындастыра түсетін мына сөздерді міндетті түрде айтып отырыңыз. «Мен сені өмірімнен артық жақсы көремін!» «Сен маған ең қымбат жансың!» «Сен болмасаң мен өмір сүре алмаймын!» т.б.
Әрқашанда жарыңызға алғыс айта біліңіз. Сіз үшін, бала-шағасы үшін, сайып келгенде отбасы үшін жасаған әрбір ісін бағалай білетініңізді жеткізіп отырыңыз. «Рахмет, бүгінгі күніміз нағыз мереке болды», «алыста жүрсең де маған хабарласып жағдайымды біліп тұрғаныңа разымын», «маған демеу беріп отырғаныңның өзі мен үшін қаншалықты қажет екенін білесің бе?»
Сенбесеңіз, жарыңызбен жараспай қалғанда, осы сөздерді пайдаланып көріңіз. Құдіретін өзіңіз-ақ мойындайтын боласыз.
Еркек қандай әйелдерден безінеді?
Әйел үйдің шегесі.
Расында да ер адамдар қандай әйелдерден безінеді? Бұл қазір көптеген әйелдердің көкейінде жүрген сұрақ. Психолог мамандардың айтуынша көбіне кәсіпкер әйелдерден еркектер тез суынатын көрінеді. Бірақ ол ғана емес, еркекті суындыратын өзге де себептерді бүгін өздеріңізге ұсынып отырмыз.
«Жылауық» әйел. Мұндай әйелдер тәуліктің 24 сағатында да өмірге, денсаулығына, балаларына мен үй тұрмысына нали беребі, нали береді. Таңертең қара кешке дейін құлақ түбінде ызыңдай беретін әйелден еркек мезі болмағанда қайтсін?! Мұндайда олар құлағы тыныш болатын, жайлы жер іздей бастайды.
Тек өзін ғана күтетін әйел. Әрине еркектердің барлығы дерлік өзін күтетін, таза әрі әдемі әйелдерді жақсы көреді. Бірақ, әйелдердің арасында тек өзін ғана күтіп-баптайтын, үй іші мен бала-шағасының бойына қарай бермейтін әйелдер де кездеседі. Мұрнына иіс бармайтын еркектер болмаса, көп ер-азаматтар мұндайға шыдамайды. Күтімгер әйел тек өзін ғана емес, отбасын бірдей күте білуі, балаларын да соған баулуы қажет.
Туыстан безген әйел. Бұл көбінесе кәсіпкер әйелдерге байланысты айтылады. Себебі, кәсіптік деңгейінің көтерілуіне мықтап түскен әйелдер туыстық қатынасты ұмыта бастайды екен. Үйде отырған әйел мен кәсіпкер әйелдердің қайсысы жиын-тойға көбірек барады, ойлап көріңізші?! Оның үстіне туыстық қатынасты үзген әйелден мейірімділік пен көпшілдік жоғала бастайды екен. Қандай еркек мейірімсіз әйелмен бірге тұрғысы келеді?!
Қызметтен басқаны ойламайтын әйел. Мұндай әйелдер күйеуі оңаша демалыс орнына шақырған мезетте қызметінде шұғыл шаруа туындай қалса тұра жөнелетін болады. Тек қызмет пен ақша табуды ғана ойлайтын әйелде нәзіктік пен жылылық жоғалып, ол еркекке айнала бастайды. Дөрекі тілмен айтсақ, мұндай отбасында «екі қошқардың басы бір қазанда піспейді». Еркек өзінің күштілігімен, қайраттылығымен бағаланса, әйелдің басты тартымдылығы – нәзіктік. Қызметтің соңынан қуалаймын деп осы қасиеттен ажырап қалмауға тырысу қажет. Қызмет пен отбасын бірге ұстау – нағыз әйелдің ғана қолынан келеді.
Ақылшы әйел. Әйелдердің арасында тым көп ақыл айта беретіндер де кездеседі. Ал еркектерге өзінен ақылы артып кеткен әйелдер мүлде ұнамайды, әрі мезі етіп жібереді. Күндіз-түні араласатын да, араласпайтын да тірлікке ақыл айта беретін әйелден де еркек тез шаршайды. Еркек қажет болса ақылды әйелден өзі-ақ сұрайды.
Ақылды әйелдің алтын ережесі
Әйелін жетелеген ер – өмірдің гүлі,
еркегін жетелеген әйел – тағдырдың құлы.
-
Еріңіз жұмыстан қай кезде келсе де кешкі асыңыз дайын тұрсын. Бұл сіздің қашан да ол туралы ойлап, мазасызданғаныңызды білдіреді. Ер адамдардың көбісі жұмыстан қайтқанда ең бірінші әйелінің қандай дәмді ас дайындап қойғандығын ойлап келеді.
-
Өзіңізді де дайындаңыз. Күйеуіңіздің келер уақытынан 20 минут бұрын сәл ғана демалып, салқын суға шайынып алыңыз, аздап иіс су себінуге де болады. Шашыңызға сән беретін әдемі қыстырғыш тағып алсаңыз, мүлде қатып кетеді.
-
Ол келгенде көңілді әрі әңгімешіл болыңыз. Отбасына оралған еркек жұмыстан шаршап келгенде әйелдің күңкілінен гөрі көңіл күйді көтеретін жағымды әңгімесін естігенді қалайды.
-
Үйіңіз таза болсын. Әдетте әйелдер тек таңертең ғана үйді тазартып, шаңын сүртеді. Ал кешкісін жасалатын жеңіл тазалық жұмысы да ер адамның көңілін көтереді.
-
Күн суық уақытта ол келгенше үйді жылытып қойыңыз. Суық даладан тағы да суық үйге кірген еркектің әйелге де, тамаққа да, тіпті балаларымен ойнауға да зауқы соқпай қалады.
-
Бала-шағаның да үсті-басы таза болсын. Сәбилерінің тап-тұйнақтай болып отырғанын көрген күйеіңіз де сізді қалай бағалайтынын сонда байқайсыз. Балалар оның ең басты байлығы емес пе?!
-
Тыныштық сақтаңыз! Күні бойы жұмыс пен көшедегі ию-қию шудан шаршаған еркек үйде боз-боран болып шулап жатқан балалар мен дарылдаған шаңсорғыш пен кіржуғыш машинаның ортасына келіп өзін қалай сезінетінін өзіңіз де байқап отырған боларсыз.
-
Оны көргенде бақытты екендігіңізді көрсетіңіз. Күйеуіңіз үйге кіріп келе жатқанда асқан әдемілікпен, мейірімділікке толы жылылық сезіммен жымиыңыз.
-
Алдымен міндетті түрде күйеуіңіздің әңгімесін тыңдап алыңыз. Еркектер көп әңгіме айтпайды, ал сіздің әңгімеңіз бес-он минут күте тұрады.
-
Барлық күніңізді оған арнаңыз. Күйеуіңіз қанша жерден кешігіп келсе де, ләм деместен сезімтал да мейірімді қалпыңыздан айырылмаңыз. Келесі жолы ол мүлдем кешікпейтініне кепілдік береміз.
-
Барлық ашу-ызаңызды оған бірден лақ еткізіп ақтара салмаңыз. Мұндайда ең бастысы – наразылықты әнтек қана бұртиған қалыппен еркелей отырып жеткізу. Еркек қашанда өзіне әйелдің жарасымды түрде еркелеп, назданғанын ұнатады.
-
Оған қашанда жайлы жағдай жасап, айтайын дегенін қабағынан танып отырыңыз. Күйеуіңізді жақсы танып-білген болсаңыз, бұлай ету сізге түк те қиындық тудырмайды.
-
Жатын бөлмедегі тумбаның үстінде міндетті түрде салқын сусын (әрине, ол жақсы көретін) тұрсын. Төсек-орын жабдығын да аса талғампаздықпен жабдықтай біліңіз. Оның түсі, жұмсақтығы күйеуіңіздің ойынан шығуы қажет
-
Ешқашан дауыс көтеріп сөйлемеңіз. Нәзік дауысты әйелге еркек ешқашан жұдырық жұмсамайды.
-
Оның қызметтегі немесе отбасындағы әрекетіне ешқашан сын айтпаңыз.
-
Сіздердің үйлеріңіз әлемдегі таптырмайтын бейбітшілік пен жылылықтың, мейірімділік пен бақыт шуағын шашып тұрған жұмақтай болсын.
|
Есте сақтаңыз! Ол – отбасыңыздың иесі! |
Сүйкімділігіңмен сүйсіндіріп, қылығыңмен қызықтыра біл
Бұл мәселе барша әйел атаулысын, әсіресе, әр көктемнен «өз көктемін» күтетін аруларды ойландыратыны даусыз. Есіңізде болсын, сәтті таңдалған әшекейлер, жұпар иіссу, киіміңіздегі ерекшеліктер секілді бір қарағанда көзге түсе бермейтін ұсақ-түйектердің өзімен-ақ еліктіруіңіз әбден мүмкін. «Көзімен сүйетін» ер азаматтардың назарын назды қылығыңызбен баураудан тартынбаңыз.
Сонымен әдептен озбай, қалайша наз қылығыңызбен көзге түсуге болады?
Ең біріншіден, күнделікті киетін киімдеріңізді ерекше образға айналдырып көріңіз. Мысалы, сәнді джинсы шалбарыңызбен ерлерге арналған өзіңіздің мөлшеріңізден біраз кең жейдені кисеңіз, көрер көзге еркін де, ерке қыздың бейнесі келері анық. Жалпы күнделікті стиліңізге біршама ерекшеліктерді қоссаңыз, айналадағылар оны байқамай қоймайды. Айтпақшы, бірде-бір киім-кешек дәл қалпақ тәрізді ер жігіттің назарын аудара алмайды. Неге десеңіз, біріншіден, әр ару оны кие бермейді. Екіншіден, қалпақ өз иесінің кербездігі мен оның түрлі тәжірибеге дайын екендігінен хабар береді. Мейілінше, классикалық түрін таңдауға кеңес береміз.
Жігіттердің сынағы сіздің сырт келбетіңізден басталатынын өзіңіз де білесіз. Жарқын жанарыңыз қаншалықты сенімді болса да, дәл шиедей еріндеріңіздей еліктіре қоймас. Ендеше әдемі күлкіңізді әсерлей түсу үшін ерніңізді қызарта түсіңіз. Жиегін қызыл контур қарындашпен жүргізсеңіз, артық етпейді.
Шашыңызды артқа жинап, жеңіл макияж жасаңыз. Енді ашық мойныңыз бен көтерілген шаш үлгісіне ұзын сырға тақсаңыз жарасып-ақ кетеді.
Бойжеткендердің сандығынан табылатын ең еліктірерлік зат не екенін білесіз бе? Бұл қысқа көйлек немесе жылтырағы көп кофта да емес. Ең бір қызығы – күннен қорғайтын көзілдірік! Оны киген арулар жұмбақтана түседі, ал жігіттер жұмбақты шешуге ынтызар жандар. Сонымен бірге, көзілдірік сіздің ажарыңызға сән де береді.
Кез келген бойжеткенге көйлек киген жарасымды десек, келісерсіз. Алайда, сол көйлегіңіздің қандай матадан тігілгеніне де зер салыңыз. Кашемир, атлас, жібек, барқыт, күдеріден тігілген киіміңіз жанды еліктіретін маталар қатарынан орын алады әрі өзіңізді нағыз ханшайымдарша сезінесіз.
Міне жоғарыда келтірілген кеңестерден кейін сіз жаныңызға серік болар жан іздеуге дайынсыз. Бірақ қалай танысасыз және қалай табасыз?! Мұның да «жеті жарғысын» санаға түйіп алған артық болмас. Ендеше іске сәт!
1-ереже. Біріншіден, тағы да айтамыз, өзіңізді сүйе біліңіз. Егер сіз адам қызығарлық жігітті іздейтін болсаңыз, өзіңіз де сол талапқа сай болыңыз. Өзін сүйе білетін адам өзгеге де бұл сезімді жұқтыра алады. Бойыңыздағы салмақты сенім назарсыз қалмайды. Ал егер сіз үнемі өз бойыңыздан кемшілік іздейтін болсаң, сенімділік қайдан пайда болсын! Киім-кешектеріңіздің қатарын жаңалап, көптен бері көңіліңіз қалап жүрген киім алыңыз. Кейде өзіңді еркелеткеннің айыбы жоқ. Ұйқыға жатар алдында жаман ойларды қашырып, тек жақсылықты ойлаңыз. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген бекер емес. Өткен іске өкіне бермеуге тырысыңыз. Ойдың жүзеге асатыны әрдайым есте болсын.
2-ереже. Адамдармен белсенді араласа біліңіз. Түрлі топтық шараларға қатысыңыз. Үйде теледидар алдында отыра бермеңіз. Статистикалық деректер бойынша болашақ жұбайлар көбінесе театр, кино, демалыс орындарында және таныстарының үйлеріндегі кештерде танысатыны мәлім болған.
Арманыңыздағы бекзадаңызды табудың басты қарапайым тәсілі – қарым-қатынас ортасын кеңейту. Сол себепті, адамдармен танысып, тіл табысуды үйреніңіз. Дәл ОНЫ кездестірген сәтіңізде таныса білу тәжірибесі сізге көмекке келеді.
3-ереже. Әлеуметтанушылардың сауалнамалық мәліметтері бойынша еркек атаулының 95%-ына алғашқы қадамды әйелдер бастағаны ұнайтын көрінеді (бұл жерде жабыса кету айтылып тұрған жоқ). Сондай-ақ, біраз жігіттер бойжеткендердің ұсынысымен кездесуге баруға дайын екендіктерін жеткізген. Егер сіз өзіңізге шынымен де ұнаған жігітті көріп қалсаң, жанына барып бір қарапайым сұрақ қойыңыз. Қойған сұрағыңызға немесе өтінішіңізге қайтарған жауабы бойынша сізге қалай қарайтынын анықтап, ары қарай сол жағдайды реттеу өз еншіңізде.
4-ереже. Өз бойыңыздан ерекшелік тауып, өзгелерге ұқсамауға тырысыңыз. Өзіңіздің батыл тұстарыңызды көрсете білуге ұмтылыңыз. Бірақ, асыра сілтеуден аулақ болыңыз.
5-ереже. Күлімсіреп жүр. Біздің салтымызда жайдан-жай күлу деген жоқ, сол себепті, көбіміз шын көңілден күлуді білмейміз. Шынайы күлімдеу – сіздің көңіліңіздің соғуы мен танысуға үнсіз шақыруыңыздың белгісі. Әрдайым жымиғаныңыз үшін жігіттердің назары мен мақтау сөздерін күтпеңіз. Жалпы күлімдеуден жалықпа, сонда нәтижесі жаман болмайды.
6-ереже. Табанды түрде жігіт іздеп жүрген бойжеткендер әрекеті жігіттерді үркітетінін есіңізден шықпасын. Олар ондай ойыңызды дереу сезіп қояды. Сондықтан, алғашқы кездесуден-ақ ұнатқан жігітіңізге «жабыса» кетуден гөрі салмақты болғаныңыз жөн.
7-ереже. Танысу барысында бұрынғы мүлт кеткен жерлеріңізді есепке алып, ендігәрі қайталамауға тырысыңыз. Егер сіз танысу үшін бар күш-жігеріңізді жұмсайтын болсаңыз, бірақ әлі күнге дейін жалғыз жүрсеңіз, неге олай екенін ойланыңыз. Мүмкін сіз:
- өзіңізді тым тәкаппар ұстап, жігіт атаулыға мұрныңызды шүйіре қарайтын шығарсыз. Іштей «жігіттердің бәрі ақымақ», «оларға керегі тек бір нәрсе» деп санайтын боларсыз. Жетістікке жеткіңіз келсе, өз ойларыңызды өзгертіңіз;
- өте көрікті көрінесіз. Жігіттер «жоқ» деген сөзді естуден және «тастанды» болудан қорқады. Сол себепті, сұлулармен байланыс орната бермейді. Ал сіз өзіңізг тең адамды іздестіріңіз;
- баттастыра бояу жағып алғансыз немесе жағымсыздау иіссу сеуіп алғансыз. Бұған біз де түсініктеме айтпай-ақ қояйық.
Сондықтан да қателіктеріңізді жөндеп, арманыңыздағы жігітті іздеуден жалықпаңыз. Бақытыңыз өз қолыңызда!
Еркек отбасының қорғаны ғана емес...
Үй ішінде күйеуі – бас,
әйелі – басқа киген тәж.
«Жақсы адамның ашуы шәйі орамал кепкенше» дегендей, отбасының тұрақтылығы мен тыныштығы, екі жақтан да келіп қалған ашудың тез тарауына байланысты. Отбасының тыныштығын қалаған ерлі-зайыптылар, өздерінің сезімдеріне бақылау жасай алғандықтары жөн. Әсіресе, отбасының отағасысы, жарының жан дүниесін, психологиясын жақсы білгені дұрыс. Яғни, осы тақырыптағы кітаптарды реті келсе тауып алып, оқып, керегін көңіліне түйіп жүргені абзал. Енді сіздерге, осындай отбасы жайлы кітаптардан алынған, отағасыларға көмегі тиер деген ниетпен, бірнеше ақыл-кеңестерді ұсынамыз:
1. Ешқашан да сырыңызды түгел айтпаңыз. Өйткені, әйел сыр сақтай алмайды. Әйелдің ішіне сыймаған сыр өзгенің де ішіне сыймайтындығын ұмытпаңыз.
2. Көп тыңдаңыз, аз сөйлеңіз. Еркекке сөзуар болған жараспайды. Өзіңізді ешқашан мақтамаңыз. Өзгелердің сізді өзі мақтауына лайық болыңыз.
3. Әйелге не жәрдем бере аласыз, оған не керек, бәрін де біле жүргеніңіз дұрыс. Оның жанына не қажет екендігін жиі-жиі сұрап тұрыңыз. Жән кез келген істі тап басып, ұмытылмастай етіп орындауға тырысыңыз.
4. Ренжіп қалсаңыз, «Мен саған сол кезде сондай жақсылық жасап едім» – деп міндетсінбеңіз, әйелмен есептеспеңіз. Бұл абыройыңыздан айырады. Өзіңіздің нағыз еркектік қасиетіңізді, сыпайылығыңызды, әдептілігіңізді, тәрбиелілігіңізді биязылығыңызды, өжеттігіңізді танытуға тиістісіз. Әйелдің алдында мас болмаңыз, әдепсіз сөз, анекдот айтпаңыз.
5. Әйелді әрдайым таңқалдыруға тырысыңыз. Олар көңіліне қуаныш сыйлайтын оқиғаларды, заттарды қалап тұрады. Әйеліңіздің қандай гүлдерді, қандай тәттіні, сәндік бұйымдарды, иіссуды жақсы көретінін біліп алыңыз. Әйелдердің сараң еркектерді ұнатпайтыны есіңізде болсын. Туған күнімен, мерекелермен құттықтауға айрықша көңіл бөліңіз.
6. Әйелге «қандай әдемісің, өзіңмен бірге болу қандай жақсы!» – деген сөздерді айтып, аялауды ұмытпаңыз. Жақсы сөз жан семіртеді, ауырып, жүдеп жүрсе «түрің қалай жаман болып кеткен», – деген сөздерді айтпаңыз, шашына, киіміне, бояуына мін тақсаңыз, жанын жаралайсыз. Мұндай ескерту сөзді мейлінше жұмсақ, түсінікті етіп айтуыңызға болады.
Енді еркектің әйел алдындағы міндеттеріне көңіл бөлетін болсақ, олар мынандай.
• оған әрқашан жақсы мінезбен қарау;
• үйге келгенде әйелімен сәлемдесу;
• әрдайым жұмсақтықпен мәміле жасау;
• оған оңашада сүйетінін айту;
• ренжулі екендігін көргенде жағдайын сұрау;
• көңіл күйі болмаса көңілін аулау;
• бала тәрбиесіне оған көмектесу;
• еліндегі дәстүрі бойынша, заманға сай киіндіру;
• мүмкін болса, құнарлы, қалаған тамақтарын жегізу;
• әйелін ұрмау;
• бір күннен артық ренжіп жүрмеу;
• оның жаман мінезіне сабыр етіп, өзінің де мінезін түзеу;
• жақсы істері көп болса, Аллаһқа шүкір ету;
• әйелі «күйеуім мені бәрінен де жақсы көреді» деп ойлайтындай жағдай туғызу керек;
• үй ішілік және сыртқы істерде оның да пікірін тыңдау;
• үйде үстем әйел емес, еркек болу керек;
• кішігірім кемшіліктеріне кешірімділікпен қарау;
• айыптарын адамдардан жасыру, достарына, ағайындарына әйелінің кемшілігін немесе қателіктерін айтпау;
• әзілдесіп, кірбің салған оқиғаларды, сәттерді ұмыттыруға да уақыт бөлу;
• әйеліне хабарламастан сапарға шықпау;
• оған дұшпандары туралы, қарыздары жайлы атпау...
Толып жатқан сөздердің тобықтай түйінін айтатын болсақ, еркектер тек отбасының ғана емес, әйел жанының да қорғанышы екендіктерін ұмытпасын!!!
Өмірде асықпай, жан жағыңа абайлай қара
Құлақ асқан – ғұлама,
көзі көрген – куә
Әсіресе жастардың, өмірде асықпай, жан-жағына абайлай қарай, сақтықпен жүргені абзал. Ондай адамның ешқашан жамандыққа ұрынбайтындығы баршамызға белгілі. Дегенмен, егер ұрынғандай жағдай болатын болса, өткен іске өкінбей, сол қателіктен қорытынды шығара алған да өте үлкен іс. «Битке өкпелеп, тонды отқа жағудың» да көмектесері шамалы. Яғни, гүлдің бір күлтеше жапырағын жұлып тастағаннан, сол гүлдің солып қалмайтындығы шындық қой. Ал өміршең гүлге барлық адам қызығады. Бір қателік жібергеннен «енді мен кімге керекпін» деп сола бермеңіз. Жан жарасын ұмытырар, алақанына салып аялайтын ер адамды жолықтырып, әлі-ақ бақытты жар, ана болатындығыңызға сеніміңіз мықты болсын.
Әйел заты құлақпен сүйеді ғой. Көбінесе қыз баласы кейбір ойы қара, қу жігіттердің өтірік тәтті сөздеріне алданып қалып жатады. Ондайлардың біреуі арынан, екіншісі қалтасындағы ақшасынан, енді бірі тағы қымбат бұйымдарынан айырылып, шағымданатындар аз емес. Ондай жандар тек бойжеткен шағында емес, ертең ана болғанда да, ене болғанда да басқа біреудің өзіңді мақтаса да, даттаса да алданып қалмай ойланып шешім қабылдаудың қажет екенін естен шығармағаны жөн болар.
Кейбір жас қыздар алданып қалған сәттерінде өз-өзіне қол жұмсауға дейін барады, сабыр сақта, өмір мұнымен тоқтап қалған жоқ. Жыла, жігітке ренішіңді, оған арнаған жаман сөздеріңді қағазға жазып жеңілден. Бірақ өзіңе қол жұмсап, ақымақтық жасама, өлу қиын емес, өмірге келу қиын. Тоғыз ай көтеріп, көптеген қиындықтармен өмірге әкеліп, түн ұйқысын төрт бөлген анаңды ойла. Сен өзіңді ғана өлтірмей, сонымен қоса сені өмірге әкелген анаңның жанын қинайтындығыңды ұмытпа. Анаңның не кінәсі бар, айтшы!
Бәріне уақыт емші. Болған жайдың бәрін ұмытып, күйзелістен шығуға болады. Сондықтан анаңа да, жеңгеңе де аңдамай басқан қателігің туралы тіс жармағаның дұрыс. Шарасыз әке-шеше күйзелгеннен басқа не істей алады. Олардың ашумен айтқан қатты сөздері сені өлімге итермелеуі мүмкін. Сол үшін саған тек жан тыныштығы керек. Лажы болса, батпандай ауыр ойларға салынғанша, жаныңды қинаған оқиғаны психологқа өзің телефон арқылы айтып немесе маманның қабылдауына баруыңа болады.
Ал, жас қыздар осындай қателікке ұрынбау үшін «Бақытқа да, бақытсыздыққа да адам өз аяғымен барады» деп, жамандықтың алдын алуға болатынын ескертеміз. Өмір шахмат тақтасы сияқты, ақ пен қара жолдардан тұрады. Шахматшылардың жеңілмеуі үшін көп ойланып қадам жасайтыны сияқты, адам да өмірде әр қадамы үлкен ақылдылықпен басса қателеспейді. Бұрынғы аталарымыз «жеті рет өлшеп, бір рет кес» деп бекер айтпаған. Ал, қазіргідей адам өзгерген заманда әр қадамды жетпіс рет өлшеген де артықтық жасамас!
Жігіттерге кеңес: Сымбатты болудың сыры неде?
Жігіттің құны – жүз жылқы,
ары – мың жылқы
Көптеген жігіттердің келбеті қаншалықты келісті болғанымен, сылбыр жүрісі мен бедерсіз қимылы сымбатының сынын бұзып, ұнамсыз етіп көрсетеді. Кейбірі көпшілік алдында абыржып, қымтырылып, қысылып тұрады.
Ал, тым арықтық немесе дененің ірілігі сымбаттылыққа кедергі келтіре алмайды. Сымбаттылық, келбеттілік дене пішініне байланысты емес. Ол тек өзіңізді дұрыс ұстай білуіңізде. Олай болса мына қағидаларды әрдайым есте ұстаған жөн. Өз бетіңізше жаттығып, үйренуіңізге болады.
• Ешқашан тұнжырама. «Психологиялық емдеу әдістері» атты кітаптың авторы Георги Уинберг «Сүлесоқ күй кешу – өлімді күтіп жүрумен тең» деген екен. Осы сөзді әрдайым жадыңызда ұстаңыз, еңсеңізді көтеріп, жалындап жүруге дағдыланыңыз. Жас адам шоқтай жанып тұру керек.
• Қоғамдық орындарда, жиналыс, бас қосуларда сөз сөйлегенде сымбатыңызға көңіл бөліңіз. Ортаға шығарда іштей рухыңызды серпілтіп, иықтарыңызды тіктеп, келбетіңізді дұрыстап алыңыз.
• Ешқашан бүкіреймеңіз, орындықта отырғаныңызда да, көшеде жүргеніңізде де, тақта алдында тұрғаныңызда да денеңізді тік ұстауға үйреніңіз. Кеудеңізді тік, басыңыз түзу болсын. Уайым-қайғысы көп адамның ғана басы салбырап жүреді немесе жұрттың бетіне тік қарай алмайтын «жүзіқаралар» ғана жер шұқып, төмен қарап жүреді.
• Сымбаттылыққа денеңіздің барлық мүшелері қатысты. Аяғыңызды қалай басуыңыз бен басыңызды тік ұстауыңыз ғана емес, қолыңыздың сермелуіне де мән беруді қажет етеді. Жөн-жосықсыз әрлі-берлі сермеген жарасымсыз. Қолыңыздың сермелуі мақсат-мағынасыз болмасын. Және көпшілік орындарда қолды қалтаға салу әдепке жат қылық.
• Топ алдына шыққанда, тіпті дүкен аралап жүргенде де бүгежектемей, нық жүріңіз. Қашан да көтеріңкі көңіл серігіңіз болсын. Оқытушының, ата-анаңыздың алдында қабағыңызды түйіп, шаршаңқы кейіп танытпаңыз. Өзіңіздің күш-қуаты мол, жас екеніңізді жүріс-тұрысыңыз бен көзқарасыңызды байқататын болсын.
• Қасыңыз бен маңдайыңыз, бет-аузыңыздың қалай құбылатынына назар аударыңыз. Ол да келбеттілікке үлес қосады.
• Көпшілік ортада анық та жұмсақ үнмен сөйлей біліңіз. Алайда, ер адамға тән қаттылық пен қатаңдықтың даусыңыздан аңғарылуына көңіл бөліңіз. «Ер дауысты әйелде ұят болмайды, әйел дауысты еркекте қуат болмайды» дегенге жете мән берсеңіз, дауысқа да көп нәрсе байланысты екенін ұғасыз.
• Болмашыға сіресіп, тырысып қалатын қылықтар жігітке жараспайды. Қуанышта да, қайғыда да өзіңді еркін ұстаңыз. Ұстамды болыңыз. Әрбір қимылыңызда, жүріс-тұрысыңызда сырбаздық болсын. Қыздардың түлкі жүрісі мен еліктің лағындай көзқарасы қалай еліктірсе, ер жігіттерге тауда өрген құлжадай сергек, қайратты болу өте қажет екенін білгеніңіз жөн. Көзқарасыңыз қашан да салмақты, орнықты болғаны дұрыс.
• Сонымен қатар, «сөзі әдемінің – өзі әдемі» дегенді есте ұстаңыз. Қол бастаудан сөз бастау қиын екенін ата-бабамыз айтып кетті. Достарыңыздың ортасында, туған күн кештерінде көпшілікті өзіңізге қаратып, сөз бастауды үйреніңіз. Әңгімелесу, жанындағы серігін тыңдата білу де үлкен өнер. Адам қаншалықты көрікті болғанымен, ол айналасындағылармен тіл табыса алмаса, өзгенің ықыласын өзіне аудара алмаса, онда оның сұлулығы көзге түспейді. Өзіңізді қажет ететін достарыңыздың артуы да, абырой-беделііңіз де тіл табысуға байланысты. Жаңа танысқан адамға жаңа бір сезім қалдыра білу керек. Қай ортада қалай, не жайында әңгіме қылу керектігін білгеніңіз де дұрыс болар.
АҚЫЛДЫ ҚАРИЯ – АҒЫНДЫ ДАРИЯ
Қарттық – ғажап,
бірақ оның қызығы
балалықтан да аз.
Сәнімен қартаю да өнер
(Ақ шашты, сары тісті атаның әңгімесінен үзінді)
Жасым бүгінде екі жиырма бестің ортасына келген, ұл-қызымнан немере сүйіп отырған атамын. Енді бір аттасам алпысты алқымдайды екенмін. Өркениетті елдерде жасы алпыстан асқан адам қарияға жатпайды. Біздің бала күнімізде елуді еңсергендердің өзі дүниедегі барлық нәрсені білетін жарты патшадай көрінетін. Қазақта әрі-беріден соң «Алпыс – тал түс» деп, қарттыққа құрығын ұстатқысы келмейді. Мен де сондайлардың бірі болсам да, алдымда келе жатқан қарттықтың кемесіне қалай мінемін деп жиі ойланамын. Баланың барлық қылықтары кешіріледі. Ал қарттың ше? «Өмір бойы шашын күнге ағартқан ба сонда, осыған ақылы жетпесе» деуі мүмкін, әлі де қарттықтың иісі мұрнына бармаған жастар. Балалар жіберген қателіктері үшін үлкендерден қорықса, біз шалыс басқан қадамымызды жастар байқап қалмаса екен деп қылыштың үстінде отырғандай күй кешеміз ғой кейде.
Соңғы кезде көңіліме көп алатын болғаннан ба, барған жерімде газет-теледидардан «Әдемі қартайыпты» деген сынды сөздерді жиі құлағым шалып қалатын болды. Бұрын да естіп жүрген сөз ғой, тек жасың ұлғайып, алдағы жылдарың көмескі тарта бастағанда «Қарттық, қартаю» деген сөздер құлағыңа «Қорыққанда қос көрінетіндей» болып естіледі екен. Жақында елімізде шығатын іргелі бір басылымнан Жәрдем Кейкиннің «Қарт және қарттық» атты танымдық мақаласын оқыдым. Мен сияқты кәрілік жайлы ойлап жүрген қаншама адам бар десейші! Сол жандарға ой салар деп әлгі мақаланың үзіндісін айтып берейін.
«Адамның салыстырмалы түрде ұзақ жасаған ғұмыры көп сатылы. Ғалымдар өмір жолын нәрестелік (бір жасар), балалық (1–13 жас), жастық (13–25 жас), кемелдік (25–49 жас), егделік (49–61 жас), кекселік (61–73 жас), қариялық (73–85) және қаусау (85-тен асқан) кезеңдерге бөліп, әрқайсысына биологиялық және физиологиялық тұрғыда толық мінездеме береді. Бір ғажабы, ғылыми нұсқалы аталған кезеңдер қазақтың мүшел жас (13, 25, 37, 49, 61, 73, 85) өлшемдеріне дәл келеді. Адам межелі ғұмырында қоян жымындай бұралаң, кедірлі-бұдырлы соқпақ, табан тірелмес тайғақ, биік асулы, терең өткелді, сондай-ақ тақ-тақ даңғыл, әйтеуір, қилы-қилы жолдардың талайынан өтеді. Өмірдің ең баяу сырғитын бөлігі қырық жасқа дейін ысылады, пысиды. Ой және қол еңбегінде шыңдалады. Ой өрісі кеңиді. Дүние танымы тереңдейді, молаяды. Қоғамдық ортада өз орнын табады. Азаматтық бейнесі әбден қалыптасып, келешек өмір нысанасы айқындалады. Одан әрі талпыныс, ілгерілеу, жеделдеген елу, сосын алпыс.
Алпыс – төре және сыни жас. Өткен кезеңдерге сарапшы, алдағыны болжаушы шақ. Апақ-сапақ өмірдің қоңыр күзі, ақшамы. Егделіктің көлеңкесі ұзарып, батыс көкжиегіне еңкеюі, қарттықтың табалдырығы, босағасы.
Қарттардың тілегі – ел амандығы, жұрт тыныштығы. Уайымы сырлас, сыйлас қатарының сирегені. Олар бүгінгісін ғана ойламайды, өткен өмір жолын зерделеп, алдын болжауға тырысады. Өздеріне тетелес келер ұрпақ – қарттардың тағдырына толғанады, деннің саулығын, бақуаттылығын, сергектігін қалайды. Ол үшін қарттықтың заңдылықтарын геронтология және кәрі адамдардың ауруларын зерттейтін гериатрия ілімдерінің үздіксіз дамуына және жемісті жұмыс атқаруына үміттенеді.
Қарттар кісіліктің төресі. Олар сыйлы елде халықтың бірлігі берік, тәлімділігі жоғары, адамжандылығы танымды. Қарттардың жай-күйі, хал-ахуалы бүкіл елдің тыныс-тіршілігін айна қатесіз бейнелейді дерлік. Мұқият ескерілер жайт.
Адам үш түрлі қартаяды.
Ерте тәндік қартаю – кәрілік белгілерінің мезгілінен бұрын аян болуы. Адамның биологиялық және психологиялық қорғаныс механизмдерінің шамадан тыс тотығуы. Тұқым қуалаушылық пен туа бітті гендік – тектік мүкілік салдары. Жалпы денсаулықтың ақаулығы, ауыр, созылмалы дерт зардабы. Жеке бастың күтімсіздігі, тіршілікке жауапсыздығы.
Қалыпты физиологиялық қартаю – егделіктен кейінгі, қапелімде байқала қоймайтын, созылып барып анық белгі беретін табиғи құбылыс. Бұл кезеңге тән: дене қажып, күш-қуат кемігенмен сана мен сезім сергек болады. Төңірекке жіті көзқарас, ойға берілу, байсалдылық, пайымдылық, шүкіршілік ету көп байқалады.
Рухани қартаю – тән мұқалуынан бұрын жан жұтауы, жүйке жүйе түтіліп, жадының көмескіленуі. Қоғамдық ортадан оқшаулану. Танымдық сезім тұйықталған осы психологиялық үдеріс кей жағдайда парасатсыз, келеңсіз өмір сүруге организмнің қарсылығы деп түсіндіріледі. Қалай дегенде де, рухани қартаю өте сирек кездесетін тіршілік.
Қартайғанда адамның денесі болбырап, қимыл-қозғалысы баяулайтыны, іс-әрекеті шектеліп, қоғамдық ортадан қол үзері, жүйке сыр беріп, ой-өрістің торығуы, ел өмірі мен төңірегін бұрынғы көзқарасы, дүниетанымымен шолатыны және түсінетіні анық. Бұл болымсыздық жеке бастың кемшілігі емес, жалпы ұзақ ғұмыр кешіп, қартайғандардың барлығына ортақ көрініс.
Әрине, сәнімен қартаю – абырой. Бірыңғай отбасылық өмір қалпына көшкен соң ұлдары мен қыздарының, немерелері мен шөберелерінің, құдалары мен жиендерінің шаршы төрінде маңғаз отыру, кіршіксіз ықыластары мен ақ ниетті қамқорлықтарын сезіну, ешнәрсеге мұқтаж болмау, ауыл-аймақтың үлкендері мен жастарының инабатты сәлемі мен арнайы сыбағасын қабылдау, ақ батасын беріп, баршасын ризалау үлкен ғанибет. Өз төрінен төмендемей, сыны мен сыйын қаштырмай, әдемі қартаю өнеге. Ұлық жасын қадірлеу үлгі. Тек осы салиқалықтан жазбағай».
Кім де болса, келін-баласына артық салмақ салып, жүк артқысы келмейді ғой. Өмір бойы тік ұстаған басыңды шалқайтпастан, сол маңғаз күйінде өмірден өтуді кім армандамайды дейсіз. Қарттықты да жастықты күткендей қарсы алу керек екен. Өмірдің біраз көшінен өтіп, қартая білу де бақыт қой. Өзіммен жасты замандастарыма да әдемі қартаюды жазсын деп тілеймін, – деп қария өз әңгімесін аяқтады.
АС – АДАМНЫҢ АРҚАУЫ
Ас ішудің әдебі қандай екенін білгіңіз келе ме?
«Ас адамның арқауы» дейді ғой, сондықтан да күніне үш немесе төрт мезгіл тамақтанамыз. Дастарханда отырғанда және тамақтану кезіндегі әдептіліктен бейхабар жастар көп. Ас ішудің де өзіндік әдебі бар. Алдымен көпшілік орындарында, отырыс, жиын-тойларда дастархан басындағы әдептілікке топталайық.
Мысалы, мейрамханаға, кафеге барғанда:
Біріншіден, адам отырған орындығына мән беруі кере. Орындықты үстелден тым алыс немес тым жақын қоюға болмайды. Орындыққа бос орын қалмайтындай толық отырып, арқаңыздың орындықтың арқалығына шамалы тиіп тұрғанын қадағалаңыз. Ең бастысы, өзіңізге ыңғайлы болғандығында. Яғни, орындықта тік және еркін отыруға ыңғайланғаныңыз дұрыс. Ал, жайсыз отырғандықтан жиі қимылдап, жаныңыздағыларға кедергі келтіруіңіз әдепсіздік.
Екіншіден, аяқты жинақы ұстау керек. Еркінсіп, аяғыңызды созып, қалауыңызша отыруға да болмайды.
Үшіншіден, қолды да жинақы ұстаған жөн. Яғни, дастарханға ас келгенше қолды үстелдің үстіне қоймау керек. Ол кезде қолды тізеге немесе орындықтың шынтақшасына қойып отырған жөн. Осы жерде бір ескере кететін нәрсе, дастархан басында отырып, шашын ұстап, бетін сипап, шекесін сүртіп, дастарханның шетін бүктеп, қайта жазып мыжғылау, үстіндегі қалдықтарды қолмен сүрту, одан соң жағын таянып, қолын қусырып отыру да әдепсіздік.
Дастарханға ас келген кезде шынтақты үстелдің үстіне қою қасындағыларға кедергі келтіреді. Тек білегіңізді үстелдің шетіне қойып, өте жинақы ұстаңыз. Асықпай, аптықпай тамақтаныңыз. Қасық, пышақ ұстасыңыз, ас шайнауыңыз, стаканды көтеруіңіз, оны қайта орнына қоюыңыз, сусын ішуіңіз, бәрі-бәрі әдемі қимыл-қозғалыспен жасалынуы қажет.
Төртінші, қол сүртетін салфеткаларды қалай пайдаланымыз? Мұндай орындарда екі түрлі салфетка болады. Біреуі мата салфетка, ал екіншісі бір рет пайдаланатын қағаз салфетка. Кейбіреулер мата салфетканы қолына алып, қолындағы да, аузындағы да тамақ қалдықтарын сүртіп, қағаз салфетканы мүлдем пайдаланбайды. Бұл дұрыс емес. Үстел басына отырған соң дастарханда тұрған мата салфетканы екі бүктеп, астыңғы бөлігін 2–3 см шығыңқы етіп, алдыңызға, яғни тізеңізге қойып қоясыз немесе төрт бүктеп, үстел үстіндегі тәрелкенің жанына қоюға болады. Ал, қолымыздағы астан қалған майды, аузымыздағы ас қалдықтарын қағаз салфеткамен сүртіп, босаған тәрелкеге салып қоямыз. Қағаз салфетканы тек бір рет қана қолданып, келесі тазасын алып пайдалану керек. Ал, мата салфеткамен сусын ішер кезде ауыздағы тамақтан қалған май шыны стаканға жағылып қалмас үшін жай ғана сүртіп қоюға болады. Сүртіп болғаннан соң, бағанағы төселген бойынша астыңғы бөлігін шығыңқы етіп қоясыз. Егер ас ішіп отырып орныңыздан тұратын болсаңыз мата салфетканы бүктеп, алдыңыздағы тәрелкенің оң жағына, егер тәрелке жоқ боса, соның орнына қою керек.
Талдырмаш болғыңыз келсе...
Бишілердің формасын сақтауда ұстанатын диетасы көп. Соның ішінде балет бишілеріне арналған ең оңай әрі нәтижесі тез байқалатын диетаны ұсынғанды жөн көрдік.
• Бірінші күні таңғы ас – бір стақан томат шырыны. Түскі ас – екі стақан томат шырыны және бір тілім қара нан. Кешкі ас – бір стақан майсыз томат шырыны.
• Екінші күні таңғы ас – бір стақан майсыз айран, түскі ас – екі стақан айран және бір тілім қара нан, кешкі ас – бір стақан айран.
• Үшінші күн таңғы ас – 100 грамм майсыз сүзбе, бір стақан ыстық сүт. Таңғы ас пен түскі астың арасында бір стақан кофе, бір тілім нан және бір ас қасық күріш, бір кесе майсыз сорпа және 160 грамм асылған ет. Түскі ас пен кешкі ас арасында – апельсин немесе алма. Кешкі ас – жатардан 2 сағат бұрын бір стақан ыстық сүт немесе айран балмен бірге ішіледі.
• Осылай бірнеше күн диета ұстау арқылы артық салмақтан құтылып, арнайы формаға келгеннен кейін мұндай ем-дәмге 2 аптадағы үш күнді арнауға болады.
Сонымен қатар, егер тез арықтау керек болса, француз сұлуларының «супер диетасын» ұстау оңай. Мұның да әсері тез байқалды.
Таңғы асқа 150 мл кәдімгі құбыр суына 1 шәй қасық бал мен 5–7 тамшы лимон шырынын араластырып ішу керек. 10–15 минуттан кейін 1 стақан шәй немесе кофе. Түскі асқа – суға пісірілген 200 гр тауық еті және кез келген көкөніс (500 гр). Кешкі асқа – 150 суда 15–20 минут қайнатылған 150 гр капуста. Тұз қосуға болмайды. Бұл супер диета арқылы үш күнде 5 кг салмақ тастай аласыз.
Ашығу ілімі туралы
Деннің саулығы –
жанның байлығы.
Әлемде дәрі-дәрмекке тәуелді созылмалы аурулар көбейіп, осы дәрілердің жанама әсерлерінен (лекарственная эпидемия) науқастар зардап шеккендіктен, ашығудың негізінде емделу қазір дамып келеді. Оқырмандардың табиғи ем – ашығу туралы білуге ұмтылып, ашығуды әдетке айналдырғысы келетіндердің уақыт санап көбейіп келе жатқаны қуантады. Өйткені, өз басым ағзаны химиялық дәрмектермен, қоспалармен улауға қарсымын. Ал, ашығу арқылы емделу үш кезеңге бөлінеді:
Бірінші кезең – ағзаны тазалау; ашығу – жасушалардың және тіндердің (ткань) анатомиялық құрылымын қайта қалпына келтіреді.
Екінші кезең – ағзаны өзіндегі артық май мен тамақ қалдықтары арқылы жетіспейтін микро-макро элементтерімен толықтырады; ашығу – жасушалардың биохимиялық ағымдарын реттейді;
Үшінші кезең – ағзаны қайта қалпына келтіру; ашығу – ағза мүшелерінің жұмыс жасау қабілеттерін қайта қалпына келтіреді.
Сіздің тамырларыңыздағы қан қысымының жоғарылап не төмен түсуі – қан тамырларының қабырғасында құралатын простогландин гармонының деңгейіне тікелей тәуелді. Осы гармоны дұрыс құралмаған адам қан қысымының не төмендігінен, не жоғарылылығынан жапа шегеді. Қан қысы құбылмалы болады. Егер қан қысымы жоғары болатын болса – инсульт не инфарктке жиі ұшырайды.
Пенде болғаннан кейін адам ашуланбай, ренжімей тұра алмайды. Осы кезде қан тамырлары тарылып, қанның ұюы артады, нәтижесінде қан қысымы көтеріліп, қан тамырының бір жеріне қан ұйып қалып, кішкентай түйіршектер (тромб) пайда болады. Осы ұйыған қанның түйіршігі, қан ағысымен тамырларды аралап жылжи береді. Егер тамыр тарылып, жіңішкеріп кетсе, онда осы қан түйіршігі кептеліп қалып, осы маңдағы тін қорексіз қалады. Осы ұйыған қан түйіршігі адамның жүрек тамырына кептелсе – инфаркт, ал ми қан тамырына кептелсе – инсульт алады. Осы орайда адам жүйке соққысын алған кезде, қанның түйіршектерінің ұюын болғызбайтындығымен оқырманды құлағдар еткенді жөн көрдім. Ал, енді қант диабетіне тоқталайық, қант диабетімен ауыратындарға ең қатерлісі – тамырдың жіңішкеруі (склероз сосудов), жүрек ауралары, бүйрек пен бауыр қызметінің әлсіреуі, қорғаныс қабілетінің (имунитет), қанттың қан құрамында көбеюі тамырды жіңішкертіп жібереді және барлық тамыршықтардағы қан айнылымы бұзылады. Тамыр мен тамыршықтар тарылғаннан кейін қан баратын жеріне толық бармайды. Қант диабетімен ауырғандар көбіне – қанттың көптігінен емес, тамыр қысылып, тарылғаннан өледі. Жоғарыда айтып өткен қанның дұрыс таралмауын тарқатып айтсақ, қан аяқтың табанына, башпайлардың түбіне дейін бармағандықтан гангрена (сүйектің шіруі) пайда болып сонан соң дәрігер ол адамның аяғын кесуге мәжбүр болады. Қан көзге бармаса – көздің көруі нашарлайды. Қанның бүйрекке баруы жеткіліксіз болса – бүйрек қысады, бауырға дұрыс бара алмаса – бауыр бұзылады. Жүректі нашар қамтамасыз етсе – жүрегі қысып науқас о дүниеге кетеді. Осы науқастардың қан қысымы жоғары болса, суқараңғы соқыр болып қалуы жиі байқалады. Есіңізде болсын, қант диабеті ауруынан құтылудың ең жеңіл әрі жылдам жолы: кешкі тамақ ішкеннен кейін, ұйқыға жатар алдында кем дегенде 30 минут немесе 1–2 сағат жылдам жүріп серуендеу келу. Осы кезде аяқтың қан тамырлары кеңіп, қан айналымы жақсарып, қант көтерілмейді. Бұл әдіске қоса апта сайын 24–36 сағат және 3 айда 7–10 тәулік ашығып тұрсаңыз, нұр үстіне нұр болып, ешқандай да дәрі-дәрмексіз 1 жылдың аралығында сауығып әрі жасарып кетесіз. Зыңғырлаған денсаулықтың иесі болып, бақытты болудың не екенін өз басыңыздан өткересіз. Алланың берген 100 жыл өмірін ауырмай, сырқамай рахат пен шаттыққа толы қылып өткізесіз!
Егер қант диабетімен ауырған адам, ашыға бастаса, үш күннен кейін аяғының ауырғаны басылады, ал бір аптадан кейін тершеңдігі жоғалады. Жарты айдан соң өзінің тәбетін бақылап, 7–10 күннен кейін қан құрамындағы қанттың деңгейі түседі. Адамды бір айдан кейін танымай қалуыңыз мүмкін, себебі адам әрленіп, жақсы жаққа қарай өзгеріп түседі. Көптеген адамдардың 40–60 жастың аралығында қандарындағы қант мөлшері көтеріліп кетіп – қант диабеті ауруының екінші түріне шалдығады. Себебі, ұлтабар (поджелудочная железа) жылдар бойы тозады. Егер сіздің өтіңіз дұрыс болмаса немесе сылып алынып тасталса, онда ұлтабар жиі жапа шегеді. Яғни, ол қантты ыдырататын нашар инсулин бөледі. Ашығудың қасиеті – қандай тамақтың болмасын құрамындағы пайдалы заттарды ағзаның сіңіруіне көмектесіп, денсаулығымызды шыңдайды. Егер сіздің денсаулығыңызда кінарат болса, ең алдымен ағзаны тазалау қажет. Кей кездерде денсаулықты қалпына келтіру үшін – ішекті, түтіктерді тазалаудың өзі ғана жеткілікті болады.
Салыстырмалы түрде – ішегіміз қоқыс шығаратын құбыр (труба) сияқты неше түрлі қақтар жабысып, шөгіп қалады. Осы шірік қалдықтар жылдар бойы ішегімізге қалай сақталып, оған сіңетінін көз алдыңызға келтіріңізші. Ішегіміздің іщкі бетінде нәзік түтікшелер бар. Ішегіміздің ұзындығы 7 метр болса, осы түтікшелердің сору аумағы 200 шаршы метр болатынын көз алдыңызға елестете аласыз ба? Біз бірдеңе жеген кезімізде, артық қоқыстар осы нәзік түтікшелеріміздің арасына шырыш түрінде біртіндеп шегіп қордалана береді де ішегіміз қоқыр-соқырға толып кетеді.
Бітеліп тұрған ішектің қажетті нәрселерді сора алмасы белгілі. Нәтижесінде ішіп-жегеніміздің жартысы немесе түгелдейі – тікелей әжетханаға барып түседі. Бұрын қымыз, саумал, құрт, ірімшік, сүтке бұқтырылған тары немесе қол диірменімен тартылған, кебегі жөнді арылмаған таба, қарма нанды, басқа да табиғи тірі тағамды жегендердің ішегі күнделікті тазаланып отырған – яғни, денсаулығы мықты болған. Өкінішке орай, біздің қазіргі жейтіндеріміз түгелдей ұнтақталған, басым бөлігі өлі тамақтар, ешқандай клетчатка жоқ болғандықтан ішегіміз тазаланбайды.
Тамақ ішкеннен кейін артық қоқыр-соқыр, ішіңіздегі улы заттар қалдығы 2 сағаттың аралығында үлкен дәретпен сыртқа шығарылып тасталуы керек. Сол кезде сіздің ауырмайтын, солмайтын, қартаюды білмейтін денсаулықпен марапатталасыз, себебі сіз уланып үлгермейсіз. Барлық аурулардың себебі – қан улануында. Егерде адамның іші үнемі қатып, үлкен дәреті уақытылы шықпай жүрсе көптеген келеңсіздіктерге ұрынады. Осының салдарынан қант ауруына және қан-тамыр, түтікшелердің ауруына әкеп тірейді. Осы кезде ашығу денсаулығыңызды қалпына келтіреді.
Осы тұрғыда ашығу арқылы сыртқы келбетіңізді де жақсартуға болатындығын алға тартқымыз келеді. Қазір барлық жерде химияны көптеп қолданады. Жай ғана топырақ пен құмды сумен шая салуға болады, бірақ улы заттарды сумен кетіре алмайсың. Егер де осы улы заттар – жеген жеміс пен көкөніс арқылы ағзамызға түссе, ауырамыз, тіпті қатерлі ісікке де шалдығуымыз мүмкін. Ал ашығу – дені сау әрі әдемі, көрікті, келбетті сұлу болу үшін, әрбір адамға міндетті түрде қажет. Егер де сіз үнемі ашығу әдісін қолдансаңыз, денсаулығыңыз біртіндеп түзеледі. Ашығу – сыртқы келбетіңізді, бет әлпетіңізді шырайландырады, жақсартады. Бұл кімге де болса қажет дүние.
Енді бүйректегі, өт жолындағы тастардың пайда болуы мен зияны қандай, осыған тоқтала кетейік. Кальций – фосфор қышқылымен қосылғанда – фосфат пайда болады. Шавел қышқылымен – оксалат, амин қышқылы (мочевой) – урат, запыран қышқылымен (желчной) – холат құралады.
Ашығу кезінде аздап бал мен лимон қосылған ыстық суды үзбей ішу – осы кальций мен қышқылдардың өзара байланысын үзеді. (Ескерту; бал еріткіш, бірақ сусамыр ауруымен ауыратындар байқап аз-аздан ғана қосуы керек, өйтпесе қан құрамындағы қант көбейіп кетуі мүмкін!). Осының нәтижесінде тас біртіндеп еріп, білінбей жоғалады. Сіздің өтіңіздегі тас 30 жыл бойы біртіндеп пайда болды ғой, сондықтан да осы жұмыр тасты еріту үшін де көп уақыт керек. Сабыр сақтаңыз, шыдаңыз, кей кездері бірнеше айлар қажет болатындығын естен шығармаңыз.
Біреулерге өтіндегі тасты ультрадыбысты зеңбірекшемен ұсатып, талқандап жіберген тиімді болып көрінеді. Ал ұсатқан сәттегі процедура басқа мүшелерге зиянын тигізуі мүмкін. Ал бүйректегі тасқа келетін болсақ, ол орналасқан бүйрек – оның құрылымы өте нәзік.
Ал егер тас оң жақтағы бүйректе болса, ол жақта бауыр бар, соққы бауырға тиеді. Ал сіздің осы бүйрекпен, бауырмен талай жыл өмір сүруіңізге тура келеді. Операцияға бармастан бұрын ойланыңыз. Оларды соққыға салмаңыз. Тура осы жағдай өтіңізде. Егер хирург оны алып тастаса, запран тұрақты түрде ұлтабарға түсе береді. Сусамырға шалдыққыңыз келе ме? Онда операцияға барыңыз. Үнемі запранның құйылуынан жапа шеккен ұлтабар, қалыпты инсулин шығарудан бас тартады.
Себебі, сіз өтіңіздегі тастан тез құтылуға асықтыңыз, ол аз болса – өтіңізден де айырылдыңыз. Қазіргі уақытта осы өтіңіздегі тастан бейнетсіз құтылудың жолы – аптасына бір тәулік, әрбір үш айдың аралығында 7–10 тәулік үзбей ашығу. Ашығу кезінде үзбей ішкен ыстық су – тек қана тасыңызды ғана ерітіп қоймайды, басқа мүшелеріңізді де қалпына келтіре береді. Ашығу – оттегі, қкықтағы, бүйректегі тастардың еруіне ықпал жасайды, біртіндеп ерітіп жібереді.
Сонымен қатар, ашығу – қатерлі ісік жасаушыларының (рак клеткалары) өрбуіне, ары қарай ұлғаюына кедергі жасайды.
Сөзіміді, «Кең төсекте ауру болып жатқаннан, деніңнің сау болып, тар төсекте бүгіліп болса да ұйықтағаның артық. Сондықтан да, бай болып қуаныш сезімін білмегеннен, жоқшылықта жүріп көңілді болған артық» деген ғұлама Эпикеттің даналығымен түйіндегенді жөн көріп отырмыз. Иә, басты байлық – денсаулыққа көңіл бөліңіздер, қадірлі оқырман!
Қазақ тағамдарының бірі – шыртылдақ
Бұрындары апа-әжелеріміз шыртылдақ асын қыс мезгілдерінде суыққа қарсы тұру үшін пайдаланған. Ол жылқының майынан жасалады. Жылқының майын үлкен ыдысқа ерітіп, үстіне қант қосады. Бұл қатпайды. Шай ішкенде нан батырып жесе тым сүйкімді. Мұны сары майдың орнына да пайдаланады. Сүті жоқ шайға бір қасықтан салып ішсе, шайды көп ішкізіп, тағамды тез сіңіреді. Шыртылдақ қазақтың күнделікті дастарханынан табылған ас. Ата-бабаларымыз оны емдік қасиеті үшін де қолданған. Шыртылдақ бойдағы жел-құзды қуады.
Шыртылдақтың тағы бір артықшылығы, ол сары май сияқты тез бұзылмайды. Ұзақ сақталады. Сонымен қатар, нанмен желінген шыртылдақ жүрекке тимейді.
Міне, қысы-жазы ат үстінде жүрсе де ешқандай ауру-сырқауды білмеген аталарымыз бен он шақты баланы балпанақтай етіп, аман-есен туған аналарымыздың дастарханынан түспеген шыртылдақ тағамын әрбір қазақ отбасы біліп, пайдаланса игі болар еді.
Дастархан жабдығы
Әр адамның алдына жеке тәрелке, оның оң жағына қасық пен пышақ, сол жағына шанышқы қойылады. Ал десертке арналған жабдықтар не оң жақта, не сол жақта тұрады. Ал, қолданар кезде оң жақтағы жабдықтарды оң қолмен сол жақтағыларды сол қолмен, ал десертке арналғанын сол жақта тұрса сол қолмен, оң жақта тұрса оң қолмен қолдану керек.
Пышақ пен шанышқы көбінесе бірге қолданылады. Мұндай жағдайда сол қолмен сол жақтағы шанышқыны, ал оң қолмен оң жақтағы пышақты ұстайды. Шанышқымен асты ұстап, пышақпен бөліп желінеді. Яғни, пышақ тек жейтін асты ретке келтіру үшін қолданылады. Ал пышақты қалай ұстау керек? Пышақты ұстағанда бас бармақ пышақ сабының жанында, ал сұқ саусақ пышақтың үстінде, ал қалған саусақтар алақанға қарай жиырылып, пышақты демеп тұрады. Сонымен қатар пышақты ауызға алып баруға болмайды. Ас ішіп отырғанда пышақ пен шаышқыны тәрелкенің үстіне ұстау кере. Тіпті ас жеп отырғанда да, әңгімелесіп отырған кезде де пышақ пен шанышқыны тәрелкеге еңкіштеу ұстаған жөн. Егер тік ұстап тұрған жағдайда астың тұздығы дастарханға тамып кетуі мүмкін. Сол қолдағы шанышқыны да дәл пышақ ұстағандай етіп бас бармақты жанына, ал сұқ саусақты шанышқының үстіне қойып, қалған саусақтар шанышқыны демеп тұрады. Егер арасында нан алып, немесе сусын ішетін болсаңыз шанышқы мен пышақты ұстап отырған күйі тәрелкенің ішіне айқастырып салып қою керек.
Ал тамаққа қосылатын үстемені (гарнир) де шанышқымен жеуге болады. Ол үшін шанықыны қасыққа ұқсатып ұстаған дұрыс. Яғни, шанышқының басы төмен емес, жоғары қарап тұрады да сабы ортаңғы саусаққа қойылып, жанынан сұқ саусақпен ұстап, бас бармақпен үстінен басып тұрып пайдаланады. Мұндай жағдайда ас шанышқыға ілінбесе, пышақтың ұшымен жай ғана итеріп көмектесуге болады. Және шанышқы оң қолға ұсталады.
Ас қасық та оң қолға ұсталады. Бұл сұйық тағамдарды ішуге арналған. Асты қасықтың жанынан ішеді. Қасықпен тамақтанғанда асты өз алдынан кері қарай алып ішу керек. Ал ас ішіп отырып, белгілі бір себеппен орыныңыздан тұру керек болатын болса, қасығыңызды тәрелкеге сүйеп емес, бұл кезде де ішіне салып кету керек. Асты ішіп болғаннан кейін де қасықты тәрелкеге салып кеткен жөн. Асты тыныш отырып, жаймен ішкен дұрыс.
Ортақ тәрелкеге салынған астан өз тәрелкеңізге салат немесе басқа да асты саларда өзіңе берілген шанышқымен немесе қасықпен салуға болмайды. Ортақ асқа арналған арнайы қасықпен салған дұрыс. Осы жерде бір ескере кететін жағдай өзгенің алдындағы асқа қол созбай алдындағы астан жеуің. Бұл ашкөздік және әдепсіздік болып саналады. Ортақ астың ыдысында аз да болса астың қалғаны дұрыс. Түгелімен сырып жеген дұрыс емес.
Сонымен қатар бірге тамақтанып отырған адам астан бас тартса оны қинап, не болмаса неге жемей оытрғанын қайта-қайта сұраудың қажеті жоқ. Оның ас үстінде айтуға болмайтын бір себебі бар шығар. Сондықтан бір рет айтқаннан соң, екінші рет қайталап сұрамау қажет.
Асты тоя ішу мақсат емес. Ас ішкен кезде адам аздап ашығып тұратындай болуы керек.
Үстел басында отырған кезде дастархан жабдықтарының бірін жерге түсіріп алсаңыз оны алудың қажеті жоқ. Даяшыны шақырып, тазасын сұрау қажет. Ол үшін және үстел басындағы оқыс қылықтарыңыз үшін жаныңыздағылардан кешірім сұраудың да қажеті жоқ. Кешірім сұраған жағдайда сіз жұрттың назарын өзіңізге аударып, олардың ойын бөлесіз.
Ал енді ас арасында ішетін сусынға келетін болсақ, көпшілік ортада отырған кезде әйел адам өзіне сусын құймайды. Бұл ер адамның міндеті. Спиртті ішімдіктерді құйған кезде міндетті түрде бөтелкенің орта тұсын салфеткамен ұстап, ал стаканды түп жағынан ұстаған дұрыс. Жоғарыда айтқанымыздай стаканды ұстар алдында қол мен ауызды сүрту керек.
Енді ас ішіп болғаннан кейін, шыншқы мен пышақты қатарластырып, тәрелкенің екі жағына қояды. Орындықтан тұрарғаннан соң орындығыңызды үстелдің астына ішке қарай жылжытып қойған дұрыс.
ҚОСЫМШАЛАР. ТЕСТ СҰРАҚТАРЫ
Бойжеткен, тұрмысқа шығуға дайынсың ба?
Махаббат кемесіне мініп, тұрмыс құрғанға дейін өзіңді не күтіп тұрғанын болжап көрші, мүмкін аңсаған арманың, іздеген бақытың алдыңнан шығар. Ол үшін төмендегі сұрақтарға ойланып бүкпесіз тура жауап берген соң, жинаған ұпайдың қорытындысын шығарсаң, соған лайық жауап аласың.
1. Тұрмыс құрғаннан кейін де өз мамандығың бойынша жұмыс істей бересің бе?
А) декретті демалыстан соң қайтып ораламын – 2;
Б) міндетті түрде – 3
В) жоқ, басқа жұмысқа ауысамын – 1;
2. Неше балалы болғанды қалайсың?
А) кем дегенде екеу – 3
Б) жоқ, балалы болғым келмейді – 1;
В) жолдасымның қалауы бойынша – 2;
3. Егер көпшілік ортада (қонақта) жолдасыңның басқа әйелге ілтипат білдіріп отырғанын байқасаң, не істер едің?
А) менде сондай қылықтар көрсетер едім – 2;
Б) ашу-ызамды отырғандардан жасырмас едім – 1;
В) ренішімді ешкімге білдірмес едім – 3;
4. Бойыңда қызғаншақтық бар ма?
А) бар – 1;
Б) онша емес – 2;
В) жолдасыма сенемін – 3;
5. Ренжісіп қалсаңдар, татуласуға алдымен кім ұмтылады?
А) мен – 2;
Б) ол – 1;
В) бірде мен, бірде ол – 3;
6. Дәмді ас дайындай аласың ба?
А) үйренетінім әлі көп – 1;
Б) тек кейбір тағамдарды – 2;
В) ас әзірлеумен айналысқанды ұнатамын – 3;
7. Болашақ жолдасыңнан, яғни жігітіңнен жасырған сырларың бар ма?
А) жоқ – 3;
Б) кейде – 2;
В) ол білмейтін сырларым бар – 1;
8. Күйеуің футбол дегенде ішкен асын жерге қоятын жанкүйер болса қайтесің?
А) оны бұл әуестігінен арылтар едім – 1;
Б) кезекті футбол ойынан көруге кеткенде өз жұмыстарымды бітірер едім – 3;
В) футбол ойынына бірге барар едім – 2;
9. Ата-анаңның бір-бірін сыйлауы қалай?
А) жақсы – 3;
Б) орташа – 2;
В) айрылып кеткен – 1;
10. Ол өз мамандығына берілген жан болуы керек пе?
А) ия – 1;
Б) бәрібір – 2;
В) мамандықта тұрған не бар – 3;
11. Киім киюіне деген көзқарасың қандай?
А) оның айтқанынан шықпас едім – 3;
Б) екеу болып ақылдасар едік – 2;
В) өз көзқарасымды сақтауды қалар едім – 1;
12.
«Уақытша тұрмыс құрғанға», яғни азаматтық некеге қалай
қарайсың?
А) дұрыс көрмеймін –
1;
Б) бір-бірімізді білу үшін көнер едім – 3;
В) бұл жайлы ойламаппын – 2;
13. Жолдасың «көзіңе шөп салды» делік, кешіресің бе?
А) ия – 3;
Б) ешқашан – 1;
В) жағдайға байланысты – 2;
14. Отбасында кімнің көшбасшы болғанын қалайсың?
А) әрине жолдасымның – 3;
Б) өзім – 2;
В) еркек пен әйел теңқұқылы –1;
14–23 дейін ұпай жинасаң:
Уақыт өтіп, өмір ағымына байланысты кейбір мәселелер бойынша көзқарасың өзгертетін болады. Тұрмыс құруға даярлығыңның аздығынан біраз ұрыс-керістің болатыны рас. Тұрмыс құрған жағдайда шыдамдылық танытып, жолдасыңмен әр істі ақылдасып, отыруға тура келеді.
24–32 ұпай жинасаң:
Тұрмыс құру мәселесі туралы шешімің асығыстау. Жігітіңнің көзқарасы, ойы дұрыс екенін біле тұра, пікір таластыруға құмарсың. Оны мойындағың келмейді. Отау құрып, шаңырақ көтеруге үлкен дайындық керек. Істеген ісіңе есеп беріп отырсаң, бәрі жақсы болады. Өз ісіңнің шебері болуға тырыс. Бұл біреуге бағынышты болудан құтқарады.
Жинаған ұпай саның 33 пен 47 аралығында болса:
Саған көп үміт артып жүрген адам өзін бақыттымын деп санауына болады. Отбасында түсініспеушілік, реніш дегендерге жол бермейсің, татулық сақталады. Сонда да жолдасыңның айтқан кеңестерін ескеріп отырғаның жөн. Еріңді «пірім» деп қадірлесең, бәрі де жарасымды болады.
Сіз жайлы келінсіз бе?
Өңкей шетелдің сан-саққа жүгіртетін сұрақтарынан біршама көз аудартып, өзіміздің қазақы келіндерді де сынап көрмекшіміз. Ол үшін төмендегі тест сұрақтарына жауап берсеңіз болғаны.
1. Күнделікті орамал тартып жүруге қалайсыз?
а) иә, мен орамалды тастамаймын – (5)
ә) үйде ғана тартамын – (3)
б) жоқ, тартқым келмейді – (1)
2. Таңертең ата-енеңе сәлем салу сіз үшін қиын шару ма?
а) оның несі қиын?! – (3)
ә) күнде сәлем салу ма, қойшы соны! – (1)
б) ата-енем не дейді, сол болады – (5)
3. Ауылды жерге келін болу сіз үшін:
а) тірі азап – (2)
ә) өсек ордасы – (1)
б) қайта рахат емес пе?! – (5)
4. Енеңіз сізге қатты сөз айтса, оны күйеіңізге жамандайсыз ба?
а) қойшы, не керегі бар?! – (5)
ә) енем ондай сөз айтып көрсін! – (1)
б) білмеймін не істерімді?! – (3)
5. Сиыр сауа аласыз ба?
а) иә, малды ауылда өстік қой – (5)
ә) біреу үйретсе, үйреніп кетер едім – (3)
б) саумаймын, сауғым да келмейді – (1)
6. Көп балалы болу сіз үшін:
а) бақыт қой – (5)
ә) маған көп бала керек емес – (2)
б) бәрібір – (3)
7. Күйеуіңіздің иісі «аңқыған» шұлығы:
а) фу-у, мен оған шыдай алмаймын – (1)
ә) көп жүріп, жұмыс істеген адамның аяғының иісі әрине, шығады. Жуып қоямын – (5)
б) өзі жуып алсын – (3)
8. Күндіз-түні үзілмейтін қонақ:
а) жек көремін, демалуға уақыт жоқ – (1)
ә) «Қырықтың бірі қыдыр» деген, қонақ күту еш қиын шаруа емес – (5)
б) кейбір билік қолыма түскен соң басқаша болады – (3)
9. Ерте тұрып, кеш жату:
а) ол әзірге ғой, кейін бәрі қалады – (3)
ә) ұйқым қанған кезде тұрамын – (1)
б) келін болған соң солай болуы керек – (5)
10. Өзің ене болғанда:
а) келінімді жұмысқа саламын – (3)
ә) енем маған не көрсетті, мен де соны жасаймын – (1)
б) оны көреміз – (5)
Енді ұпай сандарын қосып, төмендегі нәтижесіне назар аударыңыз:
15 ұпайға дейін: шаңырағыңызды ұстап қалғыңыз келсе, онша-мұнша еркелікті тастап, ата-ененің, түскен жеріңіздің ықпалына көніңіз. Қанша жерден шетел телесериялына еліктегенмен, өіңіздің қазақ келіні екеніңізді естен шығармаңыз. Тіпті болмаса бөлек шыққаныңыз дұрыс
16-дан 30 ұпайға дейін: Сіз қандай жерге түссеңізге оңай тәрбиеленетін келінсіз. Кім, не айтса да еріп, айтқанын істеп кете бересіз. Ондай бостықты иықтан сыпырып тастап, сәл сілкініңіз. өйтпесеңіз, айтқан жерден аулақ, енеңіз, атаңыз немесе басқа да бір қазымырлау жан болса, «жібекті түте алмаған жүн етедінің» керін келтіріп, сіздей көнбіс келінді түтіп жіберуі мүмкін.
30 ұпайдан жоғары: әй, қулығыңызға құрық бойламайтын келінсіз ғой. Бұл сізді өте қу адам деген сөз емес. Ата-енеңнің де, күйеуіңіздің де, тіпті көрші-қолаңның да тілін таба білетін пысық жансыз. Өзгенікіне мақұл деп тұрып, өзіңіздің айтқаныңызды болдыратын жансыз. Тек қана ақ көңіліңізге арамдықты ұялата көрмеңіз. Ол да өзіңізге байланысты
Іске сәт!!!
Сіз қандай мұғалімсіз?
Егер сіз мұғалім болсаңыз, осы тест арқылы өзіңізді-өзіңіз бақылап көруіңізге болады:
-
Мұғалімдік қызметке қалай келдіңіз?
а) жүрек қалауымен
ә) кездейсоқ
б) лажым жоқтықтан
2. Сіз үшін мұғалімнің жұмысы
а) керемет жұмыс
ә) күнкөріс үшін
б) бас қатыру
3. Оқушылардың сіздің біліміңізге көзқарасы
а) өте салауатты деп есетейді
ә) қанағаттанарлық
б) олардың көзқарасында жұмысым жоқ
4. Оқушылар арасында жарыс болатын болса
а) міндетті түрде менен көмек сұрайды
ә) кейде
б) маңыма мүлде жоламайды
5. Сіздің сабақ өту тәсіліңіз қандай?
а) оқулықтан тыс қызықты материалды жиі пайдаланамын
ә) сирек қолданамын
б) оқулықпен шектелемін
6. Озат оқушыңыз сіздің қатеңізді тапса:
а) қатені мойындап, кешірім өтінемін
ә) үндемей құтыламын
б) өзімдікі дұрыс деп, жеңістік бермеймін
7. Сыныптан тыс жұмысты ұйымдастыруда:
а) оқушылар арасында жиі-жиі жарыстар ұйымдастырамын
ә) басшылар ескерткенде
б) бас ауыртқым келмейді
8. Оқушыға қол жұмсайсыз ба?
а) мүлде қол жұмсамаймын
ә) анда-санда
б) «Аюға намаз үйреткен таяқ» деп есептеймін
9. Мұғалім болғаныңызға:
а) ризамын
ә) маған бәрібір
б) өкінемін
10. Ұжым арасында беделіңіз
а) өте жоғары
ә) жақсы
б) орташа
Әрбір «а» жауабына – 5 ұпай, «ә» жауабына – 3 ұпай, «б» жауабына – 1 ұпай есептеңіз.
45–40 ұпай жинасаңыз:
Сіз – шәкірт үшін биік тұлғасыз. Сіз бала тәрбиесіне жан-тәнімен берілген жансыз.
30–21 ұпай жинасаңыз:
Сіз арбаны да сындырмайтын, өгізді де өлтірмейтін күйде жүрсіз. Сізге көп іздену керек.
15–11 ұпай жинасаңыз:
Сіз босқа уақыт өткізіп жүрсіз. Орныңызды бала жанын түсінетін шын мұғалімге босатқаныңыз жөн.
Ерік-жігеріңіз мықты ма?
Бұл анықтамаға жиі жүгінеміз десек, артық айтпағандық болар. Өйткені адамның дәл осы қасиеті оның ісінің алға жылжуына, мақсаты мен мұратына жетуіне ықпал етеді. Мысалы, көп ақша алу, жеңілдікке ие болу, қабілетіне, біліміне қарамастан қызметінде өсуге талпыну, т.с.с.
Төмендегі «а» «б» және «в» жауаптарының ішінен өзіңізге лайықтысын таңдап белгілеңіз.
Тест сұрақтары:
-
Қиялдап көріңіз, мынау не: (Егер қара фонда екі ақты көрсеңіз)
А) Сізден алыстаған поездің артқы шамдары
Б) көзге арнаған масканың тесігі
В) қараңғыда көре алатын көз
2. Авиация саласында қызмет етсеңіз, кім болар едіңіз?
А) стюардесса
Б) жолаушылар ұшағының ұшқышы
В) ұшақтармен байланыста отыратын аэдромдағы диспетчер
3. Сізге цех немесе кеңсе ішкі бөлігінің жобасын жасауға сенім білдірді делік. Мекемеде қандай түстің көп болғанын қалар едіңіз?
А) ашық көк, сарғыш жасыл, қызғылт
Б) қызыл немесе сары
В) қара жасыл, көк
4. Гималайдағы Нангапартат шыңын жалғыз бағындыру үшін не керек?
А) шамалы есалаң болу
Б) шыныққан шымыр
В) өз-өзіне сенімді болу
5. Театрға, өзіңіз қатты құмартқан қойылымға бардыңыз. Кассада билет бітіп қалыпты. Не істейсіз?
А) билетті ертерек алмағаныңызға өкінесіз
Б) басқа жолмен билетсіз кіруге тырысасыз
В) билетті алдын ала сатып алып, кассадан басын салбыртып кеткендерге күле қарайсыз.
6. Үйдің есігін біреу қағып тұр. Есікті ашсаңыз, ұсқынсыз киінген ер адам көмек сұрап тұр. Емханадан енді шықса керек, үйіне қайтуға билет алуға ақшасы жоқ көрінеді.
А) мұндай жағдайдан бас тарта алмайсыз. Мүмкін шынымен-ақ, сіздің көмегіңіз керек.
Б) Мұндай өтірікшілердің талайын көрдім деп есікті тарс жауып аласыз.
В) Емханадан шыққан қағазын көрсетсе, ақша беріп көмектесуіңіз мүмкін
Қорытынды:
Егер сіздің жауаптарыңыздың ішінде «а» жауабы көбірек белгіленсе,
«Байсалдылық адамға ажар береді» деген сіздің өмірлік ұраныңыз болуы мүмкін. Десек те, бұл мақал әркез өмірге сай келе бермейді. Көбіне сіз біріншілікті басқа адамға беріп, өзіңіз көлеңкеде қаласыз. Тыныш қана бір бұрышта отыра бересіз. Басқаның Сізді елемегенін көңіліңізге кейде ғана аласыз. Жұрт сізді сыпайылығыңыз, риясыздығыңыз үшін жақсы көреді. Бірақ бұл қасиетіңізді біреу бағаласа, екінші біреулер содан пайда табуды көздейді.
Егер жауаптарыңыздың ішінде «б» жауабы көбірек болса, сіз өзгелерді қағып-соғып жүруге бейімсіз. Ерік-жігер күші сізде жеткілікті болуы мүмкін. Ол қасиетті тек мадақтауға лайықты уақытта ғана пайдалануыңыз мүмкін. Сіз жарқырап жүруді, өзгенің көңілін өзіңізге аударғанды жақсы көресіз. Басқаларды сынап, баға бергенді ұнатасыз.
Егер жауаптарыңыздың ішінде «в» жауабы көбірек белгіленсе, сіздің ерік-жігеріңіз күшті дамыған. Сондай-ақ сіз тумаңыздан дипломат әрі іс-әрекетіңізге бақылай аласыз. Шектен тыс тапсырмаларды орындауға мақсат қоймайсыз, мұратыңызға жүйелі түрде баппен жетесіз. Сіз өз өзіңізге сенімдісіз және өзгеден басымдырақ екеніңізді де білесіз.
Егер жауаптарыңыз тең болып жатса, сіздің аралас түрге жататын болсаңыз керек. Демек, мінезіңіз көңіл-күйіңізге байланысты өзгеріп тұрады. Құбылмалысыз.
ПАЙДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
-
Ахметова Зейнеп, «Болашақ» атты жастардың апталық газеті, №9(36) 19 наурыз, 2010 ж
-
«Әйел құпиясы» газеті, сәуір, 2010 ж.
-
«Алтын босаға» газеті, 2010 жыл, ақпан - қараша
-
Аштық ұстау – денсаулықтың кепілі, Мұқашбеков Ә.Р.
-
Малкина-Пых. Гендерная терапия. Справочник практического психолога. Москва, ООО «Изд-во «Эксмо» 2006. 26с.
-
Словарь гендерных терминов / Под ред. А.А. Денисововой / Региональная общественная организация «Восток-Запад: Женские Инновационные Проекты». М.: Информация — ХХІ век, 2002
-
Оспанова Д.Б. Қазіргі Қазақстандағы гендерлік психологиялық зерттеулердің дамуы. Мақала. Жоғары білім берудің қазіргі мәселелері: жетістіктері және болашағы. Академик Т.Т.Тәжібаевтің туғанына 100 жыл толуына арналған қалықаралық ғылыми-практикалық конференция материалдары. 105-108б. 2010
-
С. Қоңырбаева. Отбасы: бала мен ата-ана. – Алматы, 2006. – 199 бет
Мазмұны
|
Алғы сөз |
3 |
|
ПСИХОЛОГТАРДЫҢ ОТБАСЫМЕН ЖҰМЫСЫ (Отбасы – Оқушы – Мектеп қағидасы) |
4 |
|
ҰЯДА НЕ КӨРСЕҢ |
4 |
|
Бесікке салу дәстүрі туралы не білесіз? |
4 |
|
Қазақ қызы – ұлт болашағы |
7 |
|
Балаңыздың досы көп болсын |
10 |
|
Егер бала тіліңізді алмаса |
14 |
|
Баланы жазалау |
18 |
|
Ажырасудың балаға қандай кері әсері бар? |
19 |
|
Баланы бастан |
22 |
|
Сақтықта қорлық жоқ |
25 |
|
ҮЛГІЛІ ОТБАСЫ – БАЛА БАҚЫТЫ |
26 |
|
Ата-ананың өзін өзі тануы |
26 |
|
Өмір жолы – бақытты болу |
26 |
|
Анасына қарап қызын ал |
28 |
|
Жұрт мақтаған жігіт |
34 |
|
Әке көрген оқ жонар |
39 |
|
ОТБАСЫ КҮЙЗЕЛІСІНІҢ АЛДЫН АЛУ |
45 |
|
Отбасылық дағдарыстан шығудың жолдары |
45 |
|
Ақ келін боп аттадың босағаны |
48 |
|
Енеңіз – күйеуіңіздің анасы |
50 |
|
Жұмбақ әйел |
55 |
|
Жұп жарасымдылығын сақтайтын сөздер |
63 |
|
Еркек отбасының қорғаны ғана емес... |
67 |
|
АҚЫЛДЫ ҚАРИЯ – АҒЫНДЫ ДАРИЯ |
70 |
|
Сәнімен қартаю да өнер (Ақ шашты, сары тісті атаның әңгімесінен үзінді) |
70 |
|
АС – АДАМНЫҢ АРҚАУЫ |
72 |
|
Ас ішудің әдебі қандай екенін білгіңіз келе ме? |
72 |
|
Дастархан жабдығы |
76 |
|
ҚОСЫМШАЛАР. ТЕСТ СҰРАҚТАРЫ |
77 |
|
ПАЙДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР |
82 |
82
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Отбасы – адам баласының түп қазығы, алтын ұясы.

шағым қалдыра аласыз