жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
«Өзін-өзі тану» пәнінде Абайдың гуманистік ой-идеяларын қолдану
«Өзін-өзі тану» пәнінде Абайдың гуманистік ой-идеяларын қолдану
«Өрлеу» БАҰО АҚФ ББЖ ҚБАРИ «Білім беру үдерісін педагогикалық-психологиялық қолдау» кафедрасының PR, SMM - маманы
Аннотация
Мақалада ақын мұрасының білім беру саласына енгізілу жайы, ақын шығармашылығын зерттеген ғалымдар еңбегі қарастырылды. Сонымен қатар Абай мұрасы мен рухани-адамгершілік білім беруге бағытталған «Өзін-өзі тану» пәнімен өзектестігі зерделенеді.
Аннотация
В данной статье рассмотрены вопросы внедрения наследия поэта в сферу образования, труд ученых, исследовавших творчество А. Кунанбаева. Также изучается актуальность предмета «Самопознание», направленного на духовно-нравственное образование и наследие Абая.
Abstract
The article deals with the implementation of the heritage of the poet in the sphere of education, the work of scientists who studied the work of the poet. The relevance of the subject "self-Knowledge" aimed at spiritual and moral education and heritage of Abay is also studied.
Ұлылардың өнегелі өмір жолы мен өрелі сөзі, тұнып тұрған тәлім тағылымы арқылы елдің ертеңі болар ұрпақ тәрбиелеу халқымызда ежелден бар дәстүр. Ұлтымыздың осы бір салты бүгінгі күнде де маңыздылығын жойған жоқ. Осы орайда қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының мұрасы адамды адам атына сай етіп тәрбиелеудің, жан-жақты дамыған тұлға қалыптастырудың қайнар бұлағы екендігі хақ. Өйткені ұлы дананың қай шығармасының болсын алтын қазығы – Адам [1].
Абай тағылымы арқылы жүргізілетін тәрбие өзі үзбей жырлаған «Адам» айналасынан бастау алуы керек. Ол нағыз адам қандай болу керек деген сұраққа жауап іздейді. Ұрпақты Абай үлгісінде тәрбиелеу – ізгілікке, имандылыққа, адамдыққа, биік адамгершілікке бастайтын жол болып табылады. Сол себепті рухани және адамгершілік мүмкіндігі мол, ұлттық құндылығын жоғалтпаған, бәсекеге түсе алатын биік өрелі, ізденімпаз толымды тұлға қалыптастырудың кілті Абайдың мәңгілік саналатын мұрасында жатқандығы хақ.
«Адам болам десеңіз... бес нәрседен қашық, бес нәрсеге асық болуға...» шақыратын Абай мен «Өзін-өзі тану» пәні өзара үйлескен, үндескен егіз ұғымдай деуге әбден болады. Өйткені «Өзін-өзі тану» пәні рухани-адамгершілік құндылықтарды оқушылардың бойына дарыта отырып, оның жүрек түкпіріндегі рухани қазынасын жарыққа шығаруды және жеке тұлға ретінде жетілдіруді көздейді. Ал тәрбиенің бастауында Абай, оның өлмес те көнермес шығармалары, «қуатты ойдан бас құраған» ақылман өлеңдері мен қара-сөздері тұр. Өзгені танығысы келген кісінің алдымен өзін-өзі тануы – Абай іліміндегі іргелі қағида. Қазақ жұрты Абайды өзіне рухани нысана тұтады, соған ойын да, бойын да тәрбиелеп, үлгі алады. Рухани әлемдегі ең ірі тұлғалардың бірі Абай туралы, оның даналық теңізіндегі меруерттері саналатын шығармалары жайында қаншама зерттеулер жазылды.
Ақынның асыл мұрасын әдебиеттану, тілтану, педагогика, психология, философия, әлеуметтану, саясаттану, эстетика, экономика ғылымдары өзек етіп, сан қырлы зерттеу жұмыстарын жүргізді. Бүгінде жас ұрпаққа рухани-адамгершілік білім беруді мұрат еткен «Өзін-өзі тану» пәнінде де Абай шығармашылығы аса маңызды көрініс табады.
«Адамзаттың Абайына» айналған ақын, ұлы ұстаз жайындағы терең зерттеулердің негізгі өзегі Мұхтар Әуезов екендігі белгілі. Қазақ руханиятының тамыры кеңге жайылып, өркендеуінде Абай тұрса, «мен бір жұмбақ адаммын» деген Абайдың табиғатын барлық қырынан ашуда жол салып кеткен Мұхтар Әуезов болатын. Ол «Абай Құнанбаев» деген монографиясында ақын мұрасын зерттеудің бірнеше бағытын айқындап, Абай туындыларын мектептер мен жоғары оқу орындарында пән ретінде оқыту мәселесіне тоқталады. Сонымен қатар ақынның тәлім-тәрбиелік ой-пікірлерін «Ендігі сөз ұғатын жастарды жаңа жолмен өзі қиял қылған адамшылыққа қарай жетектеп баулығысы келеді... Өлең сөздерімен бір ақыл айтса, ауызша өсиет, ұзақ мәжілістермен тағы да баулып, ылғи ғана таза адамшылық жолына үгіттейді. Әділдік, шыншылдық, махаббатты-бауырмалды, арлылық, ойшылдық, сыншылдық сияқты адамды адам қылатын жан тәрбиесінің барлық негізін қолданады» деп көрсеткен [2].
Жұмағали Ысмағұлов «Абай: ақындық тағылымы» монографиясында ұлы ақынның кемеңгерлік кемелдігі ашып көрсетіп: «Ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын рухани қазынасы. Маңызын жоймау былай тұрсын, заман өзгеріп, қоғамдық санада күрт сапырылыстар пайда болған сайын бұл қазына өзінің жаңа бір қырларымен жарқырай ашылып, қадірін арттыра түсетініне Абайдан кейінгі уақыт айқын көз жеткізді. Бұл күнде Абай сөзі әр қазақтың ағзасына ана сүтімен бірге дариды десе, артық айтылғандық емес. Ана сүті тән қорегі ретінде жас сәбидің буыны бекіп, бұғанасы қатаюына қызмет етсе, ақын сөзі оның санасына адамдық пен азаматтықтың ұрығын сеуіп қызмет етеді» [3] деген болатын.
Ісләмия Халитова «Абай Құнанбаев мұрасының оқу-тәрбие процесіне енгізу тарихы (1960-1995 жж.)» атты докторлық диссертациясында Абай Құнанбаев мұрасын оқу-тәрбие процесіне енгізу тарихын педагогикалық-әдістемелік тұрғыдан зерттеу арқылы тәлім-тәрбиелік мәнін ашып, жас буындарды оқыту мен тәрбиелеуде пайдалануды заман талаптарына сәйкестендірудің теориялық-әдіснамалық тұжырымдамасын тұңғыш рет жасайды. Абай Құнанбаев мұрасын қолдану арқылы болашақ азаматтарды оқыту мен тәрбиелеуді жетілдірудің жаңа бағыттарын белгілейді. Сонымен қатар болашақ ұстаздарды ақын мұрасын жас буындарды оқытуда және тәрбиелеу жұмыстарында пайдалануға даярлаудың кешенді жүйесін жасайды.
Сонымен қатар Абай шығармалары арқылы мектептегі оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруды мынадай жүйемен жүргізуді дұрыс деп тапқан:
1-сыныпта тәртіпке бойсұну, тәртіп деген ұғымның кең мағынасын түсіндіру;
2-сыныпта еңбек деген ұғымды кең мағынада түсіндіру және оны терең игерту мақсаты мен кейбір үзінділерді жаттату;
3-сыныпта өзіне сенім тудыру, өз күшін байқау;
4-сыныпта оқу, білім, ғылымның пайдасы;
5-сыныпта өзін тежеу, өзін ұстай білу қағидалары;
6-сыныпта ойлы бол, ойланбай істеген істің арты өкініш;
7-сыныпта достық, береке-бірлік;
8-сыныпта өзін-өзі тәрбиелеу;
9-сыныпта қабілеттері мен адамдық қасиеттерін дамыту, орынды қолдану;
10-сыныпта бозбалалық дәуірдің қадірін біл;
11-сыныпта өткен сыныптардағы пікірлерді еске түсіру, кеңейту, орнын тауып пайдалану жолдарын игерту және қорытындылау іс-шарасын өткізу [4]. Жалпы, Халитованың бұл тұжырымдамасы білім беру ұйымдарында сынақтан өткізілген де.
Анаргүл Елемесова «Абай мұрасындағы рухани-имандылық тәрбие идеялары» деген кандидаттық диссертациясында Абайдың рухани-имандылық ой-пікірлерінің қалыптасуына тоқталып, оның шығармашылығынан үлкен орын алған «иман», «ақылақ», «иманигүл», «әділеттілік» ұғымдарына жан-жақты талдау жасайды. Ақын мұрасындағы рухани-имандылық тәрбиенің мазмұны мен негізгі қағидаттарына зер салып, оны өмірге енгізу бағыттарын көрсетеді. Сөйтіп жас ұрпаққа Абай мұрасындағы рухани-имандылық тәрбие берудің қажеттілігі мен мүмкіндіктерін де жете қарастырады [5].
Дина Көлбаева өзінің «Абай «Қара сөздері» мен қазақ рухани мәдениеті арасындағы сабақтастық мәселесі» атты кандидаттық диссертациясынрда ғұлама ақынның ғақлиялары мен ұлт руханияты арасындағы байланыстың аражігін анықтауға баса мән береді [6].
Ал Жангак Зейнуллина «Абай Құнанбаевтың музыкалық мұралары арқылы студенттерге эстетикалық тәрбие беру» деген зерттеу жұмысында ақын шығармалары арқылы студенттерге эстетикалық тәрбие берудің мазмұнын айқындап, оның ғылыми-педагогикалық және әдістемелік жолдарына тоқталады [7].
Абай шығармашылығын оқытуды арнайы жазып, ақын мұрасын шәкірттерінің жүрегіне бойлатып, рухани нәрін санасына сіңіріп келе жатқан ұстаз Қанипа Бітібаева өзінің көп жылғы ұстаздық еңбегі мен тәжірибесінде Абайды жас өскіндерге жеткізу, сұлулығы мен тереңдігіне үңілту, қауыштыруды, рухани жан дүниелеріне бойлатуды алдына мақсат етеді. «Абай поэзиясының сұлулығынан бойымызға нәр алып, жан дүниемізді тазартып, сұлу жанды жас ұрпақ тәрбиелеу – адами да, ұстаздық та борыш» деп айқындайды. Сондай-ақ Абай шығармашылығын оқытуға арналған төрт әдістемелік еңбектің авторы Қанипа Бітібаева «Мектепте Абай шығармаларын оқыту» еңбегінде пән мұғалімдері қандай пән болмасын сабақ барысында Абайдың ұлағатты сөздерімен оқушылардың рухани жан дүниесін байытып, адамгершілік туралы ой-толғамдарын бала санасына күн сайын сіңіре беру жайын айтады. Абайдай әлемдік алыптың мұраларын оқытуда оқулықтағы беріліп жүрген өлеңдерінің аздық ететінін, оны таныту үшін төменгі сыныптан бастап жаңа бағдарлама жасау керектігін алға тартады. «Абай шығармашылығын оқыту» атты іргелі еңбегінде автор «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп» тақырыбымен 5-сыныптан бастап 8-сыныпқа дейін Абай шығармашылығынан оқылатын шығармалардың тақырыбын ұсынады. Төменгі сыныптарда лирикалық шығармаларды оқытудың өзіндік күрделілігін айта келіп, оқытудың әдіс-тәсілдерін береді. Абай шығармашылығын оқушыларға жан-жақты тереңдетіп оқытуда бұл еңбектің ғылыми әрі әдістемелік жағынан маңызы зор. Себебі адамзаттың Абайдай ірі тұлғасының шығармашылығын жасөспірімдерге оқытып меңгертудің жан-жақты жолдарын іздеп, оның түйінді дәнін тауып оқушылардың бойына дарытып, адамдық қасиеттерге баулыған инновациялық технологияның талаптарына сай гуманистік тұрғыдан жазылған ғылыми әдістемелік еңбек деуге болады [8].
Абай шығармаларының алтын кені – рухани-адамгершілік тәрбие мәселесі туралы қалам тербеп жүрген Рабиға Ізғұттынованың мақалаларын атап айтуға болады.
Абайдың гуманистік ой-идеялары мен шығармаларын «Өзін-өзі тану» пәнінде қолдану туралы мақалалар жазған ұстаз-ғалымның бірі – Рабиға Ізғұттынова болып саналады. Сара Алпысқызының жобасы – рухани-адамгершілік білім беру жобасының негізінде «Өзін-өзі тану» пәні алғаш білім беру бағдарламасына енгенде оқулықтар жазумен айналысқан ғалым Абайды жоғары бағалайды. «Өзін-өзі тану» оқу пәнінің базалық мазмұнына негіздеме болып «адамзаттың рухани және әлеуметтік тәжірибесі, әлем мәдениеті, халықтар даналығы, ғылым қызмет етеді» десек, бұл дүниені ұлы Абайдың дана шығармаларынан табамыз деп зор сеніммен, батыл айта аламыз. Жоғары рухани құндылықтар: жақсылық, сұлулық, еркіндік, өмір мәні, ақиқат, адамның өзіндік құндылығы, лайықты өмір сүру, жалпы адамгершілік және т.б. турасында Абайдың мол қазынасынан сусындай алатынымыз сөзсіз. Абайдың тағылымының тәлімгерлік маңыздылығы оның адамгершілікке, кісілікке тәрбиелеуге арналғандығында жатыр. Абай өз шығармаларында халықтың тұрмыс-тіршілігін, оның болмысын, рухани байлығын, өмірлік философиясын, арманы мен мұратын бейнелі суреттей отырып, оны өз көзқарасымен, дүниетанымымен астастырып отырған. Сондықтан да ұлы Абай мұрасы – ұрпаққа өнеге-үлгі, тәлім-тәрбие, ғибрат-тағылым болмақ. Сонысымен де ол – мәңгілік жасап, жасампаз бола бермек» дейді.
«Өзін-өзі тану» пәнінің базалық білім беру мазмұнын «Адамның өзін-өзі тануы», «Адам және қоғам», «Адам және қоршаған орта», «Адамзаттың рухани тәжірибесі» атты төрт негізгі бөлімде қамти отырып, ұлы ұстаз, тәлімгер тәрбиеші Абайдың шығармаларын «Өзін-өзі тану» оқулықтарының негізгі оқу материалдары ретінде ұсындық».
«Өзін-өзі тану» оқулығының 1-сыныптан бастап 11-сыныпқа дейінгісінің қай-қайсысынан болсын Абайдың нақыл сөздерін жиі кездестіресің. Және оқулықтың ІІ немесе ІІІ тарауы «Адам болам десеңіз...» деген Абайдың сөзімен берілген (ІІ –5-11сыныптар аралығында, ІІІ – 1-4 сыныптарда). Сондай-ақ «Өзін-өзі тану» сабақтарында Абайдың нақыл сөздерін көбінесе дәйексөз ретінде алынады. Ал өзін-өзі тану сабақтарында дәйексөзді ұсынудың өзіндік мәні бар. «Дәйексөз» – әр сабақтың тақырыбын, мазмұнын ашудың «кілті» болып табылады. Дәйексөз балалардың танымдық белсенділігін арттыруға, оқу материалын эмоционалды-бейнелі қабылдауына ықпал ететін өзін-өзі тану сабақтарының міндетті элементі және ол сабақтың мазмұнына сәйкес халық даналығы, халық мақалы, нақыл сөздер, даналық сөздер, ұлағатты сөздер түрінде алынады. Мұғалім сабақ барысында оқушылармен әңгімелесу немесе мәтінмен жұмыстан кейін дәйексөзді келтіріп, оның мағынасын ашып түсіндіреді. Дәйексөз арқылы сабақ тақырыбының мазмұны ашыла түсіп, оқушылардың құндылықтар және адамгершілік қасиеттер туралы түсініктері кеңейеді. Әр сабақтың дәйексөзі тақтаға жазылады немесе көрсетіледі, оны оқушылар оқып, естеріне сақтайды. Оқушылар сабақтың дәйексөзінің мағынасын қалай түсінетіндерін алдымен өздері айтады, мұғалім балалардың пікірін тыңдап, соңынан өзі қорытады. Бұдан шығатын қорытынды: сабақтың дәйексөзі ретінде ұсылған Абайдың нақыл сөздері оқушыларды тереңге үңіліп, ой толғап, өзіндік көзқарасы мен пікірін еркін жеткізе білуге, тақырып бойынша түйгендерін бекітуге үйретеді.
Сондай-ақ оқулықта Абай мұраларының берілу мазмұнын талдай келе, ақын шығармаларының оқушылар үшін мәтін түрінде оқып-талдауға ғана ұсынылмай, түрлі әдіс-тәсілдер арқылы жан-жақты, сан-салалы меңгеруге лайықталғанын аңғаруға болады. Бұған дәлел: шығармалардың дәйексөз, тапсырма, шығармашылық жұмыс, мәтінмен жұмыс, түйіндеме, шаттық шеңбері, жүректен жүрекке сынды әдіс-тәсілдерді қолдана отырып ұсынылуы.
Абай өнегелерінің ең мол түрі – қарасөздері екені мәлім. Өзін-өзі тану сабақтарында Абайдың «Он жетінші сөзі», «Он тоғызыншы сөзі», «Жиырма үшінші сөзі», «Отыз алтыншы сөзі», «Қырық төртінші сөзі» беріліп, оларды тапсырма, мәтінмен жұмыс, түйіндеме әдістемелік әдіс-тәсілдер арқылы оқып-талдау ұсынылған.
Оқулықтағы түрлі сабақ тақырыптарында берілген тапсырмалар да әрқилы болып келеді. Мысалы: Абайдың «Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгені. Қиыншылықтың бәрі соның басында. Дүниеде бар жаман да көпте, бірақ қызық та, ермек те көпте. Бастапқыға кім шыдайды? Соңғыға кім азбайды» деген түйінді ойы оқушылардың оқып, ондағы ой тұжырымдарды көзқарас – себеп – мысал – қорытындылау әдісін пайдаланып, өз пікірлерін білдіру тапсырылады. («Қарым-қатынас мәдениеті» тақырыбы; 7-сынып).
Ал Абайдың «Адам деген даңқым бар» деген ұлағатты сөзін негізге ала отырып, адамның қоғамдағы орнын сипаттайтын ерекшеліктерді сұлбаға түсіру шығармашылық жұмыс түрінде берілген.
Сонымен қатар Абайдың «Әсемпаз болма әрнеге», «Ғылым таппай мақтанба», «Қараңғы түнде тау қалғып» атты өлеңдері әр сабақты көтеріңкі, жақсы көңіл күймен ұйымдастыру үшін қолданылатын әдіс – шаттық шеңберінде және де әрбір сабақтың эмоционалды аяқталуы болып табылатын, оқушылардың бүгінгі сабақтан алған әсерлерін, сезімдерін, үйренгендерін, түйгендерін айтып, өздерінің алғысы пен ризашылықтарын білдіретін – жүректен жүрекке әдісінде айтуға берілген.
Абайдың поэтикалық шығармалары мен қара сөздері пәлсапалық, этикалық, эстетикалық, психологиялық және педагогикалық ой-пікірлерге толы. «Адам баласы анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Бірі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп туады. Бұлар – тәннің құмарлығы. Екіншісі – білсем екен деу- жан құмарлығы» (жетінші сөз) деп ой түйіндей келе, «адам бойына жан құмарлығы арқылы жиналатын нәрсенің аты ақыл, ғылым… ол таланттылық пен ерінбей еңбек еткен адамның қолына түседі» деген қорытынды жасайды .
Абай өлеңдері мен қара сөздерінің тәрбиелік-тәлімдік мәні зор, идеялық деңгейі жоғары. Ең алдымен ол өз халқына өлеңдері, қара сөздері арқылы ой салды. Абай «Сен де – бір кірпіш дүниеге, тетігін тап та, бар қалан!» деп әр жанның өмірде өз орнын тауып, кірпіш боп қалануына негіздеп, «пайда ойлама, ар ойла», «Бес нәрседен қашық бол, Бес нәрсеге асық бол, адам болам десеңіз», – дей келіп, Абай «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ, Бес дұшпаның білсеңіз, Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рақым ойлап қой, Бес асыл іс, көнсеңіз», – деген өсиет айтты.
Адам мінезіндегі орынсыз мақтан, ойсыздық, салғырттық, күншілдік, көрсеқызарлық сияқты жаман әдеттердің ақыл мен ойды тоздыратынын айта келіп, естігенді есте сақтау, көргеннен үлгі-өнеге алу, жаман әдет-дағдыдан бойын аулақ ұстау, нәпсіні ақылға жеңдіру, ұстамды болу сияқты адамгершілік қасиеттерді насихаттайды. «Егер есті кісінің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмысында бір, ең болмаса айында бір, өмірді қалай өткізгенің жайында өзіңнен өзің есеп ал» дейді [9, 10]. Яғни, адамның өзін-өзі тәрбиелеу мәселесінің маңызы мен мәніне ерекше тоқталады.
Қорыта келгенде, бұл қазіргі білім беру жүйесінде өскелең ұрпаққа рухани-адамгершілік білім беру мақсатын көздеген «Өзін-өзі тану» жаңа оқу пәні бойынша оқулықтар мазмұнында ұсынылған ұлы Абай шығармалары болып табылады. Ал келешекте өмірдің өзіндің бағыт-бағдарына сәйкес, еліміздегі білім мен тәрбиенің мақсат-міндеттеріне сай Абай туындылары оқулығымыздың алтын арқауы болып, оны оқушыларға терең меңгерту үшін оқытудың әдістемелік жүйесі дамып, жетіле беретініне сенім мол. Ұлы бабаларымыздың ұлағатты сөздері жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруде тағылым мектебі, өнеге өрісі болары хақ десек, бұл ретте біздің басты ақылшымыз, бағыт-бағдаршымыз ұлы Абай болуы керек. Абай шығармаларын білім беру мен тәрбие ісіне енгізудің өзекті болуының бір себебі – ақынның тәлім-тағылымдық ой-пікірлері бүгінгі күнде де өз маңыздылығын жоймаған қымбат ақыл-ой қазынасы болуында.
Пайдаланған әдебиеттер:
Нaзapбaев Н.Ә. «Қaзaқcтaн – 2050: бір мaқcат, бір мүдде, бір болaшaқ» Жолдayы, 2014.
М. Әуезов. 20 томдық шығармалар жинағы 20-т., 218-219 б.
Ысмағұлов Ж. Абай: ақындық тағылымы. – Алматы: Ғылым, 1994.- 81 б.
Халитова І.Р. Абай Құнанбаев мұрасын оқу-тәрбие процесіне енгізу тарихы. Педагогика ғылымдарының докторлық диссертациясы. – Алматы, 1997. – 203 б.
Елемесова А.С. Абай мұрасындағы рухани-имандылық тәрбие идеялары. Педагогика ғылымдарының кандидаттық диссертациясы / Ғыл. жетекшісі: А.М. Құдиярова. – Қарағанды, 2000.
Көлбаева Д. Абай «Қара сөздері» мен қазақ рухани мәдениеті арасындағы сабақтастық мәселесі: Философия ғылымдарының кандидаттық диссертациясы / Ғыл. жетекшісі: Ж.А. Алтаев. – Алматы, 2000.
Зейнуллина Ж.Е. Абай Құнанбаевтың музыкалық мұралары арқылы студенттерге эстетикалық тәрбие беру. Педагогика ғылымдарының кандидаттық диссертациясы / Ғыл. жетекшісі: І.Р. Халитова. – Алматы, 2007.
Бітібаева Қ. Абай шығармашылығын оқыту – Алматы: Мектеп, 2003–232 б.
Абайдың қара сөздері (жинақ), 2014 ж.
Ізғұттынова Р. Самопознание. KZ, 2010. – №8. 61-64 б.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген