Педагог-ассистент – инклюзивті білім берудің
маңызды тұлғасы
Қазіргі білім беру жүйесінде инклюзивті оқытудың
маңызы артып келеді. Ерекше білім беруді қажет ететін балалардың
сапалы білім алуына қолайлы жағдай жасауда педагог-ассистенттің
рөлі ерекше. Педагог-ассистент – мұғалім мен білім алушы арасындағы
байланысты қамтамасыз ететін, оқушының оқу процесіне толыққанды
қатысуына көмектесетін маман.
Педагог-ассистенттің негізгі міндеті – ерекше
білім қажеттілігі бар оқушыларға оқу барысында қолдау көрсету. Ол
оқушының жеке мүмкіндіктерін, психологиялық және физиологиялық
ерекшеліктерін ескере отырып, оқу тапсырмаларын орындауға
жәрдемдеседі. Сонымен қатар, педагог-ассистент сабақ кезінде тәртіп
сақтауға, оқу материалын түсінуге, тапсырмаларды бейімдеуге
көмектеседі.
Бұл маман мұғаліммен тығыз
байланыста жұмыс істейді. Сабақ жоспарын орындауда, оқыту әдістерін
таңдауда, оқушының жетістігін бақылауда педагог-ассистенттің көмегі
зор. Ол баланың өз-өзіне деген сенімін арттырып, сыныптастарымен
қарым-қатынас орнатуына ықпал етеді.
Педагог-ассистент тек оқу процесінде ғана емес,
оқушының әлеуметтік бейімделуіне де үлес қосады. Мектептегі
іс-шараларға қатысуына, өз ойын еркін жеткізуіне, ортаға сіңісуіне
қолдау көрсетеді. Бұл баланың тұлғалық дамуына оң әсер
етеді.
Қорытындылай келе, педагог-ассистент – инклюзивті
білім берудің ажырамас бөлігі. Оның кәсіби шеберлігі мен
адамгершілік қасиеттері ерекше балалардың білім алуына тең
мүмкіндік жасап, қоғамда өз орнын табуына жол ашады. Сондықтан
педагог-ассистент мамандығын дамыту – білім беру саласының маңызды
бағыттарының бірі болып табылады.
Назашева Самал Махсотовна
БҚО.Орал қаласы.Қаратөбе ауданы
Мұхит атындағы жалпы орта білім беретін
мектебі.
педагог-ассистент.