400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

"Қазақ дастандарындағы шығыстық үлгілер"

Материал туралы қысқаша түсінік
ЖОО студенттеріне, мұғалімдерге, оқушыларға.
Материалдың қысқаша нұсқасы

ҚАЗАҚ ДАСТАНДАРЫНДАҒЫ ШЫҒЫСТЫҚ ҮЛГІЛЕР


Нұрсұлтан Диана Қайыржанқызы

«Қазақ тілінде оқытпайтын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті »

мамандығының IV курс студенті

Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты

Арқалық, Қазақстан

sdian97@mail.ru

Қай ғасырды алып қарасақ та, өз құндылығын жоғалтпайтын, бағалы дүниелер болады. Солардың бірі біздің төл тарихымызбен тұрмыс –тіршілігімізбен қатар келе жатырған төл әдебиетіміз. Әр халықтың әдебиеті, әдеби туындысы, оның өмірінен, тұрмыс-тіршілігінен, салт-санасынан хабар беретіні сөзсіз. Сол себепті де ол қоғаммен бірге дамып, өзгеріп, жаңашылданып отыратыны тағы бар. Әдебиеттегі туындылар арқылы халықтар бір бірінен игі әсер алған десек те қателеспейміз. Өзіңде бармен өзгеге алмасу бұл өмір заңдылығы болса, әдебиетте дәл солай, қатып қалған заң жоқ. Солардың бірі ретінде әдебиетіміздегі дастандарды алсақ болады. Дастандар – Шығыс пен Оңтүстік Азия елдеріне ортақ фольклорлық әрі әдеби жанр болып табылады. Біздің төл әдебиетімізде дастан ұғымы таза фольклорлық жанрға жатады және өзіндік құндылығымен ерекше маңызды орын алады.

Жалпы, Иран, Үнді, Пәкістан, елдерін алып қарайтын болсақ, олардың , олардың халық ауыз әдебиеттерінде, сондай-ақ орта ғасырлардағы классикалық әдебиетiнде дастан дегеніміздің өзін көлемді мазмұнды, ерлік , батырлық тақырыптарда жазылатын шығармалар деп қарастырып, түсіндіреді.Сонымен қатар, халықтың арасында ауыздан ауызға тараған эпикалық туындыларды да жатқызды. Ал енді өзіміздің даламызда , дастан парсы әдебиетi мен фольклорының үлгiлерiмен бiрге келген деп саналады. Парсы тіліндегі дастан көп жағдайда тек қана қара сөз немесе тек өлең түрiнде баяндалса, қазақ дастандары , негiзiнен жыр үлгiсiнде келіп, iшiнара қара сөз араласқан түрде, домбыраның сүймелденуінде міндетті түрде әндете орындалған.

Жоғарыда айтқанымыздай, әр елдің әдебиеті мен мәдениеті бір – бірімен араласып, тоғысады. Сол себепті де қазақ халқы қай заманда болсын өзінің төл мәдениетімен қатар, басқа халықтардың да мәдениеті мен әдебиетімен таныса отырып, керегін ала білген, соның ішінде шығыстың фольклоры мен әдебиетін де жатсынбай, өз керегіне жарата білді. Мұны сол кездегі қазақ қоғамының болмысы, тұрмыс – тіршілігі, рухани сұранысы қажет еткен еді. Бұл шығыс халықтарының жай ғана әсері болып қойғаны жоқ,әдебиетімізде нәзира үлгісінің қалыптасып, дамуына себепші болды.

Қазақ әдебиетіндегі шығыстық үлгілер қайдан келді, деген сұраққа жауап бермес бұрын, қазақ және шығыс әдебиетінің өзара байланысы туралы айта кету керек. Осы орайда, қазақ және шығыс әдебиетінің байланысы – ауқымы кең дүние, келелі тақырып болып саналады. Дүниежүзілік тарихи маңызға ие болған біртұтас араб - мұсылман мәдениетінің ықпалына басқа елдер сияқты қазақ сахарасы да ілікті. Араб мұсылман мәдениетінің өзі көптеген халықтардың жасаған мәдени мұраларының көркем де, озық үлгілерін сіңіру арқылы биікке көтеріліп, өзіндік өрнек сала білген болатын. Шығыс мұралары қазақ даласына әртүрлі жолмен жетті және өз әсерін тигізді. Ол бірішіден көшпелі халық арасында қарым-қатынас арқылы ауызша жетсе, екіншіден – жазба күйіндегі нұсқалар арқылы жетіп отырды. Ол қазақ әдебиетінде эпикалық жанрға өз ықпалын тигізді.[1].

Жалпы адамзат баласы руханияты өзінің бастау-бұлағын шығыс әдебиеті мен мәдениетінен алғаны әдебиет тарихынан белгілі. Оған дәлел ретінде әйгілі шығыс жұлдыздары – Фирдоуси, Сағди, Физули, Низамидің бай әдеби мұраларының өзге халықтар әдебиетіне тигізген әсерін айтуға болады.

Қазақ халқының дастандары тарихи оқиғалар бойынша туып, кітаби тілге негізделген. Ұлттық сөз өнерімізге арқау болған ақын –жыраулар ұстанған шығыстық, нәзиралық дәстүр әдебиетіміздің дамуында маңызды орын алып, үлкен өзіндік бір үлес қосты. Бұл дәстүр қазақ халқының әдебиетіне алғаш келуі мұсылман дінінің тарала бастаған уақытынан, YІІІ- ІХ ғасырлардан бергі кезеңді қамтиды десек дұрыс болар.[2].

Орта ғасырда, «Түрік Оянушылығы» дәуірінде, әсіресе ХІІІ- -ХІY ғасырларда Алтын Орда әдебиетінде үрдіс болған нәзира дәстүрі «қисса-хикаят», «қисса – дастан» жанрын тудырып, дамытты. Түрік оянушылығы сол тарихқа қозғау салып, іле –шала қазақтың Көк Ордасының тігілуіне зиялы қауымды рухани жағынан дайындауға ат салысса , оянудың әдебиеттегі көрнісі болған нәзира дәстүрі қазақ хандығы тұсындағы әдебиетте уақытша қажетсіну шеңберінен шығып кеткендей болды.( Бейнелеп айтсақ: Сандық түбінде ұмыт қалған, молданың сұлулап қиған қауырсын қаламын елестетеді).

Қазақ хандығы тұсында тарих( ХY-XYII ғ.) өрлік рухқа толы Қазтуған, Шалкиіз, Доспамбет жырларын туғызды. Отты жарларын : жасқанбай, кеудесін кере сөйлеудің, елдік пен бірліктің ірілігін көреміз. Бұл уақытта әдебиеттегі негізгі жанр «толғау» болды.

ХYІІІ ғасыр әдебиеті жыраулық поэзияны сақтай отырып, бодандық мәселесін сөз ете бастады. Бодандық бұлты қоюланған ХІХ ғасырдың екінші жартысынан бастап, әдебиетте қазақтың ұлттық Оянушылығының бір көрініс ретінде ХІІІ-ХІY ғасырлардағы нәзира дәстүрі қайтадан жедел дами бастайды. Жалпы, Нәзира, нәзирагөйлік ( араб тілінен –жауап, ұқсату мағынасында)- Шығыс поэзиясында орта ғасырларда қалыптасқан әдеби үрдіс. Бір ақын жырлаған тақырыпты кейін басқа ақынның қайта жырлауы немесе алғашқы шығармаға екіншінің «жауап» қатуы. Шығыс стиліндегі нәзиралық туындыларда адамдық, гуманистік ойлар негізгі мотивке айналған. Әйгілі шығыс шайырлары жырлаған туындылары нәзирагөйлік әдіспен қайталап, тың туынды жасаған қазақ ақындары жаңа дәстүр қалыптастырды. Желісі шығыстық болғанмен, оны өзгертіп, тыңнан толғап, қайта жырлады. Дәстүр дегеніміз- еліктеу емес, даму- репродукция, яғни қайта жырлау деген сөз. Шығыс поэзиясында осылайша ақындар бір – біріне өз шеберлігін танытатындай туындылар жазу арқылы, жоғарыда айтқандай, жауап, яғни арабша « нәзира», ал парсы тілінде «татаббу» беріп отырады.

Бұл орайда бастапқы туындының сюжеті, кейіпкерлері, өлең ырғағы, ұйқасы, көркемдеу құралдары пайдаланылады. Ол ХІ ғасырдан бастап сарай поэзиясында әдебиет тартысы, ақындық талантты сынау құралы ретінде қолданылған. Фердоуси сарынымен нәзира үлгісінде жыр жазған Низамидың «Хамсасын» бағдарға алған нәзирагөйлік дәстүрі ХІІІ ғасырда өрістей бастады. Нәзиралық әдеби тәсіл мен машықтың негізгі жанры қисса- дастандар болды. Осы кезеңде ұлттық оянушылықтың жан – жақты дамуының бір жағында Абай бастаған, ұлттық сананы жаңаша дамытудың бағыты тұрса, екінші жағында қазақи салт – сана мен имандылықтан айырылып қалмаудың жолып, ескілікті дәстүрлерден іздеген ақындар тобы болды. Олар қазақтың ежелгі жазба әдеби үрдісін жақсы білетін, мифтік сюжеттер мен Құран хикаяларын, Әли мен Рабғузидің «Қисса Жүсіп», «Қисас-ул әнбиаларын» оқып көрген, Низами мен Құтбтың «Хұсрау-Шырынымен» таныс, Сағди мен Сәйф Сараи «Гүлістанын» естіп – білген, «Мың бір түн», «Тотынама», «Шаһнама» оқиғаларын жаттап өскен ақындар еді. Олар: Жүсіпбек Шайхисламұлы ( 1854-1936), Ақылбек Сабалұлы ( 1880-1919), Қашафуддин Шаһмарданұлы (1840-1910), Шәді Жәңгірұлы ( 1865-1916), Әсет Найманбайұлы ( 1867-1922), Әріп Тәңірбергенұлы (1856-1924),Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы (1857-1937), Ақыт Ұлымжыұлы , Кете Жүсіп Ешниязұлы (1871-1927), Мәулікей Жұмашұлы, Жүсіп Таубайұлы (1882-1916), Мансұр Бегежанұлы (1875-1933), Ораз молда, Молда Мұса, Мәделі қожа, Тұрмағамбет Ізтілеуов және басқа да көптеген нәзирашыл қиссашы ақындар шығармалары елеулі рухани қызмет атқарды.[2].

Соңғы жылдардағы зерттеулерге көз жүгіртсек, қисса – дастан ауқымының анағұрлым аумақты екеніне көз жеткіземіз. Мысалы алып қарайтын болсақ, бір ғана Семей облысы, Қарқаралы уезі, Ақбота болысының №7 ауылында тұратын Ақылбек Сабалұлы Турабаев, Қазан универститеті баспасының иесі Ш.Құсайыновқа 1913-1916 жылдарға дейін 106 қисса- дастан жазып тапсырған екен. Атап айтсақ, « Ибраһим қиссасы», « Ысмағұл қиссасы», «Шаһнама», «Кесік бас», «Хикмет – Нығмет», «Қырық уәзір», «Таһир - Зуһра», « Дандан ғашық», « Жағымпаз уәзір», « Марғұба қатын», « Бозжігіт», «Саудагер», « Ахтам - Сахаба», « Баһауаш жомарт», « Ғибрат нама», «Ақылбек Сабал» қисса-дастандары бар. Оның бірнешеуі ғана басылып шыққан.

Сонымен қатар, Шәдінің : «Балғам Бағұр», « Бәрсиса» , «Хайбар», « Назым», « Чәһар дәруіш», «Хикаят Халифа һарон – ар- Рашид» тағы басқа дастандарын және қолжазба күйінде қалғандары бар және Жүсіпбек Шайхисламұлының : «Сал -сал», «Зарқұм», «Жүсіп - Зылиха», «Шәкірт - Шәкірат», «Дариға қызы», «Кербаланың шөлі», «Қасым - Жомарт» қиссаларын қоссақ, Қытайдан шыққан « Қазақ қиссаларының» 12 томдығын, Қазан, Ташкент баспаларын түгендейтін болсақ, мыңға жуық мол дүние шығады екен. Яғни әдебиетіміздегі дастандар саласы – ұшы –қиырсыз, кең-мол рухани қазына.

Осы дәуірдегі қазақ қисса-дастандарын жинақтай келгенде, оны жүйелеу мәселесі әлі бір ізге түспегенін көреміз. Қазақтың төл романдық дастандарынан арнайы жұмыс жазған Б.Әзірбаева үш топқа бөліп қарастырады. :

1. Ислам дінін уағыздайтын дастандар : «Сал -сал», «Сейітбаттал», «Зарқұм».

2. Ертегілік – аңыздық және ғашықтық дастандар: «Сейфүлмәлік», «Бозжігіт», «Абдулхарис»,т.б.

3.Шығыс сюжетінде жырланғанымен, қазақтың төл туындысындай болып кеткен дастандар : « Мұңлық -Зарлық», «Шәкір - Шәкірат».

Ал, Ө.Күмісбаев «Қиссалар және кітаби ақындар» деген зерттеуінде төрт топқа жіктейді. Бірінші – дидактикалық-лирикалық дастандар : «Ләйлі - Мәжнүн», « Жүсіп - Зылиха», «Мұңлық - Зарлық». Екінші- діни бағыттағы дастандар: «Жұмжұма», «Сал -сал», « Сейітбаттал», «Зарқұм».

Үшіншісі – қиял –ғажайып , фантастикалық шығармалар: «Шаһмаран», «Абушаһма», «Шәкір -Шәкірат». Төртіншісі – батырлықты, елдікті жырлайтын дастандар : «Рүстем - Дастан», «Ескендір», «Қисса Бахрам».[3].

«Мың бір түн» желілері

«Мың бір түн» сюжеттерінен шығыс елдеріне кең тараған саласы – ғашықтық оқиғалары. Олардың ұзын саны жиырмадан асады. Зерттеушілер (М. Герхардт) бұл әңгімелердің төркіні парсының «Мың ертегісінен» алынғандығын айтады.

«Мың бір түннің» ғашықтар оқиғасы таныс емес алыс елдің ханшасына, әдетте патша қызы, екінші бір алыс елдегі ханзада немесе патшазаданың көрмей – ақ, сырттай ғашық болу желісінде құрылады. Осы жағрапиялық екі шеттегі қос ғашықтың бір – біріне жету жолындағы мақсатты және қызу қозғалыстағы іс – әрекеті баяндалады. Оның айқын дәлелі ретінде «Зергер мен сұлу қыз» («Мың бір түн».1993-3-226). Оқиғаны қысқаша мазмұндасақ, онда зергер бір досының үйінен қабырғаға салынған әдемі қыздың суретін көреді де, есінен танып ғашық болады. Көңілін сұрай келген досы суретті салған адамды тауып , хат жазып, қыздың Кашмир әншісі екенін біледі. Зергер Шираздан Кашмирге келіп, ақылы мен айласының арқасында қызды өзіне жар етеді.

«Мың бір түндегі» ғашықтық туралы әңгімелердің біразында бір – бірімен түсінісе алмаған, немесе ата –анасы қарсы болып қоспаған оқиғалар суреттеледі. Соның нәтижесінде кейде ғашықтар мерт болады.Сондай ғашықтардың ең танымалы – Ләйлі мен Мәжнүн.[4].

Қайғылы ғашықтық сюжетін жырлаған ақынның бірі – Шәкәрім. Шәкәрімнің «Ләйлі Мәжнүні» 1907 жылы жазылып, 1922-23 жылдары «Шолпан» журналында басылып шыққан болатын. Бұл дастанның Шәкәрім жазғанға дейін де қазақ арасында айтылып, жазылып танымал болғандығы анық. Бірақ Шәкәрім бұл дастанды тікелей Физулиден алған екен, 17000 жол өлеңнен тұратын дастан болып табылады.

Автор дастанның кіріспесінде өзі жақсы білетін шығыс ақындарын көпшілікке санамалап, таныстырып өтеді. Кей қазақ біле бермейтін әлемге сөздің нұрын жайған ақындарымен таныстыруы, ақынның ағартушылық ниетінен болар:

Бұрынғы бәйітшіні білемісің?

Мен айтсам, оны кім деп күлемісің.

«Сабырбай, Жанақ, Шөже,Кеншімбай»,-деп

Түк білмей онан өзге жүремісің.

Науаи, Сағди, Шәмси, Физули бар,

Сайхали, Қожа, Хафиз, Фердаусилар...

Бәйітші елден асқан шешін болып,

Әлемге сөздің нұрын жайған солар.

Қарап отырсақ, аталған ақындардың біразы өз заманында « Ләйлі - Мәжнүнді» жыр еткен.

«Ләйлі – Мәжнүн» дастанын екі түрлі түсінуге болады. Оның бірі екі жастың бас бостандыққа ұмтылып, өздерінің адал махаббаты жолындағы күресін сипаттаса, екінші дәл Мәжнүнге ғашық болып, бұл дүниенің қызығынан баз кешіп кету тек сопылық әдебиетке тән дүниелер. Мысалы, Шәкәрімде Ләйлі үйде отырып, шам мен көбелекке қарап мұңын шағады. Ләйлінің шам мен көбелекке қарап сырласып отырған ішкі монологында Мәжнүн туралы бір ауыз сөз жоқ. « Сүйікті досым –бейнет, жауым -рақат» деген автор сөзінің өзі сопылық сарын. «Шам мен көбелек» терминдері әдебиетте Аллаға деген шексіз махаббатты білдіреді.

Шәкәрімнің « Ләйлі –Мәжнүн» дастаны Физули нұсқасына жақын болғанымен, ол өзіндік ерекшеліктерін қоса білді.

Ләйлі мен Мәжнүн шығыс әдебиетінде ертегілік кейіпкер емес, әдеби кейіпкер деп есептелінеді. Олар жайында көптеген дастан, аңыздар бар, Аңыздардың бірінде( Сәйф Сараи «Гүлстанында»(ХІV)) былай айтылады:

Бір патша Ләйлі-Мәжнүн оқиғасын естіп, ғашықтық азабын тартқан қандай адамдар екен, бірін –бірі ынтық қылған неткен жандар екенін білейін деп , іздетеді. Екеуін тауып әкелген соң, таңдана Ләйліге қарапты. Қараса, өз кәнизектерінен асып кеткен сұлулығы жоқ сияқты. Мұны байқаған Мәжнүн сонда: « Уа, патшам, Ләйліге менің көзіммен қараңызшы », - депті ( Ежелгі дәуірдегі...1991)

Осы аңызда Шәкәрім өзінің қара сөзінде : «... патша іздеп барып, Ләйліні көрсе: жүзі жансыз қарасұрлау, өткір қара көзді, нәзік қана әйел екен. Патша Мәжнүнге қайтып келіп : «Ләйлі де сонша қызығарлық сұлулық жоқ қой? Шын сұлу болса, оған жанның бәрі құмар болмас па еді?», - дегенде, Мәжнүн айтыпты : « Әр ақылды адам әлемнің қиын сырын түгел аша алмайды... Ләйлінің анық нұрын көремін десеңіз, менің көзіммен қарап, менің жүрегіммен ойласаңыз...» - деп дамытады.

Шәкәрімнің «Ләйлі - Мәжнүн» дастаны аударма емес. Ежелгі әдебиетіміздің нәзира дәстүрін ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіне жалғастырып, талантты ақындық қуаттан туған шығарма.

Дастанды оқып отырсақ, Мәжнүннің көрген қиындығы мен тартқан зары Шәкәрімнің өз жан азабымен үндестік табатынын аңғарамыз. Ақынның кіршіксіз жүрегі – Ләйлі мен Мәжнүннің адал махаббатырмен үндеседі де, әділдік таппай , өліп тынған екі ғашықтың жолын құптап:

Басында Мәжнүн болды барға ғашық,

Жолында бір ләйлінің жанталасып,

Мен сорлы жоққа ғашық болып өттім,

Менікі кеткен жоқ па онан да асып?

Ақ жүрек , ғаділетке қолым жетпей,

Қу жаным , қуарып жүр өліп кетпей.

Ішінде көп арманның жүргенімше,

Құдайым тез алса екен тентіретпей,-

дейді(Құдайбердиев Ш., 1988-397-398).[5].










Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

  1. Саттаров Қ. Қазақтың халық романдық эпосы. –Алматы: Сөзстан, 1992. -238 б.

  2. Қоңыратбаев Ә.Қазақ фольклорының тарихы.А.: Санат, 1994.

  3. Қыраубаева А.Шығыстық қисса-дастандар.3-том. –Алматы: «Өнер», 2010.-344 бет.

  4. Ғашықнаме. Шығыс хикаяларының желісіне құрылған қазақ дастандары. –Алматы, 2002 ж.

  5. Ләйлі-Мәжнүн. Білім және ғылым министрлігі, Орталық ғылыми кітапханасының Қолжазба орталығында номері 1605 папкада латын әрпімен жазылған қолжазба. Көлемі 24 бет.





Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
0 ұстаз жүктеп алған
11 мамыр
1398
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі