жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Қазақ поэзиясының хан - тәңірі (әдеби кеш)
үМ.Құсайынов атындағы Ақтөбе облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат
ҚАЗАҚ ПОЭЗИЯСЫНЫҢ ХАН –ТӘҢІРІ
(ӘДЕБИ КЕШ)
Өткізген: Қайнулла Г
Ақтөбе-2021
Қазақ поэзиясының Хан-Тәңірі
(Әдеби сазды кеш)
Көрнекіліктер: портрет, ақын жырларынан үзінділер, өмірінің әр қырынан сыр шертетін суреттерді слайд арқылы көрсету, шарлар, кітаптар көрмесі.
Баяу күй ойнап тұрады. Слайд арқылы суреттер көрсетіле бастайды.
Үй тұрар шумақтарын қойсаң қалап,
Өлеңдері өзіндей жайсаң ғажап
Азамат, ірі ақын боп, ұлы ақын боп
Қайта туған ұлыңды қарсы ал, қазақ!
Ақынның «Менің анкетам» өлеңі сахна сыртынан оқыла бастайды. (Пауза жасалады)
Мұқағали – мәңгілік ақын. Қазақ өлеңінің кең маңдайындағы қыран талантты хас ақын Мұқағалиға арналған жыр кештері еш толастамақ емес. Сол игі істердің бір парасы іспетті бүгінгі кешіміздің жүргізушілерін ортаға шақырайық.
І жүргізуші: Күндей ғажап өмірде – Мұқағали,
Гүлдей аппақ көңілде – Мұқағали.
Қайда барсақ жадымызда – Мұқағали,
Керек екен халқына – Мұқағали.
Екеуі: Жыр дүлдүлі – Мұқағали.
ІІ жүргізуші: Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып қайтарған дара өлеңін.
Тұр бүгінде жұтатын ауамыз боп
Жан шуағын біз содан табамыз көп,
Жыр бұлбұлы – Мұқағали.
І жүргізуші: Тойлай, тойлай қазағың тойыңызды,
Самғап ұштық қанат қып ойыңызды.
Куәсі осы – мәңгілік өлмесіңе,
Көтеріп жүр ел – жұртың төбесіне,
Жыр тұлпары - Мұқағали,
Ортамызда – Мұқағали.
Биыл Мұқағали ақынның дүниеге келгеніне – 90 жыл толып отыр.
ІІ жүргізуші: Кеш жарық, құрметті қонақтар мен оқушылар! Жыл керуені алға жылжыған сайын Мұқағали Мақатаевтың артына қалдырған өшпес мұрасы жарық жұлдыздың қараңғы түн қойнауынан құпия сәулесін шашқандай жарқырап, өркендей өсіп, айшықтала түсуде. Бір оғын да далаға жібермейтін сұрмергендер сияқты ақын сөзінің жүрекке жетпейтіні жоқ. Маздаған көңіл оты лапылдап, қызуы бетті қарып, тұла бойды қыздырады. Шебер тіл, шегенделген ой, құс қанатты қиял көзіне табындырып қояды. Мыңдаған таланттылар мен талапшылар Мұқағалидың мұңды да сырлы, сан қырлы жырларын жаттап, әуен-ән іздеп шарқ ұрған, шабыт шақырғанына куәгер қауым көріп-біліп, естіп жүр.
І жүргізуші: Оның
оттай ыстық өлеңдері өз-өзінен әнге,
толғауға, термеге сұранып тұр. Самаладай
желпіп, маңдайдан сипайтын, жанға ләззат
құятын, көкірек-көзіңді шайдай ашатын
ән-әуез әрқашан да өмірсерік, жанға
қуат, рухани азық. Алаш
барда аты өшпейтін, ұлтымыз ұлықтайтын,
туындылары шаң басып архивтерде жатпайтын
тұлға – Мұқағали Мақатаев. Ақын
шығармаларының ішіндегі зау биікте
әуелеп тұратын әндерінің бірі – «Есіңе
мені алғайсың». Ең қызығы осы «Есіңе
мені алғайсың» өлеңіне қаншама ән
жазылыпты. Соның класикалық нұсқасы
ұлы композитор Нұрғиса Тілендиевтікі.
Мұқағали Мақатаев пен Нұрғиса Тілендиевтің
шығармашылық одағынан отыз шақты ән
туған. 1975 жылы ақын композитордың үйінде
бір ай жатып талай туындының түндігін
түрген. «Дариға-ай, домбырамды берші
маған» өлеңін Мұқағали сонда жазған.
Ал, «Есіңе мені алғайсың» әні ақын мен
композитордың ең соңғы әні...
Ендеше
әнге кезек берейік.
Ән «Есіңе мені алғайсың»
Орындайтындар: Бауыржан Жақсылықов, Азамат Қорғанбай.
І жүргізуші: Поэзия махаббаттан басталып, парасатпен аяқталуы тиіс... Поэзия – ғылым. Зерттеу керек. Адам сезімін жан-жақты зерттейтін құдірет болса, ол – тек поэзия. Басқа ешқандай да ғылымның қолынан келмейтін шаруа бұл.
ІІ жүргізуші: Міне, ақынның поэзия тұрғысындағы байламы. Поэзия – талап талғамы терең, нәзік те қатал әлемі болса, зерек зерделі Мұқағали ақын өзінің барлық үміт, сенімін, жан тынысын поэзия болмысымен біте қайнастыра білді.
Ендігі тыңдайтындарыңыз табиғат – ананың өзі поэзия үшін жаратқан жанды жыр сауытының назды да сазды жыры – «Поэзия».
Оқитын: Дархан Шырақбай.
І жүргізуші: Сен жайында білгірлер кеңесті көп,
Анауменен, мынауменен теңесті деп
Пушкин дейін деп едік қайран Мұқа
Жар салыпсың мен Пушкин емеспін деп.
Сен жайында білгірлер кеңесті көп,
Анауменен, мынауменен теңесті деп
Есенинге теңдесті деп едік біз
Жар салыпсыз Есенин де емеспін деп
ІІ жүргізуші: Оның үні – тасқын үн,
Тас кесек үн,
Күмәнің болмас онда әсте сенің.
Көремін тау мүсіндес тұлғасынан
Қазақы қара өлеңнің қас – көсемін.
Ақынның мықтылығын дәлелдеп, оқырманын құдіретімен баурап алған шығармасы – «Қара өлең».
Оқитын: Әлихан Алпысбай
ІІ жүргізуші: Мұқағали ауруханада жатқанда жары Лашын мен ұлы Жұлдыз екеуі тамақ алып барады. Тәуір жей алмайды. Кешегісінен де жүдеу екенін көріп қатты уайымдаған Лашын апамыз Мұқағали жалт етіп бір қарағанда шыдай алмай күрсініп жібереді. Ертеңіне кешке барғанда ашулы жатқан дәптерден «Күрсінбеші» деген өлеңнің тақырыбын байқап қалады.
І жүргізуші: Өлең деген тумайды жайшылықта,
Өлең деген тулайды қайшылықта-деп ақынның өзі айтқандай әр өлең - бір тарих. Ендігі тыңдайтынымыз ақын жанының аласапыран сәттерінің куәсі іспетті өлеңі – «Күрсінбеші».
Оқитын: Нұрбек Артықбаев
ІІ жүргізуші: М.Мақатаев өлең жазып қана қоймай, өз өлеңдерін шебер оқи алған ақын. Ол біраз уақыт Қазақ радиосында диктор болып та қызмет еткен. Оның дауыс ерекшелігін, оқу мәнерін «қазақтың Левитаны» атанған Әнуарбек Байжанбаев жоғары бағалап, өз қол астына алады. Ендеше ақынның өз дауысын естіп көрейік.
Ақынның өз даусы қосылады
ІІ жүргізуші: Өмірдің қиын да бұлаң жолдарынан тізесін бір бүкпей, болашаққа сенімді көзбен қарап, өмірдің қайнар көзін аша білген Мұқағали.
Байқашы бір
Бықсыдым ба, жандым ба?
Махаңдар жоқ,
Махаңдардың сарқыты –
Мұқағали Мақатаев бар мұнда,- деп бір күндік сәуледей ағып өткен қысқа ғұмырында қазақтың ақиық ақыны бізге ұланғайыр мұра қалдырып кетті. Әр өлеңінің өзі – жаңа дүние. Ақын өлеңдерінде өзгеше жылу, сыршылдық, жан жүйені шымырлатар қасиет бар. Қай-қайсысы болса да, толқи тебірене әндеткіміз келіп тұрады. Ақын өлеңдеріне кезек берейік.
«Не пайда күрсінгеннен, өкінгеннен»,
Оқитын: Ақбала Ақылбекова
«Не келіп, не кетпеген бұл ғаламнан»
Оқитын: Әсем Күштаева
І жүргізуші: «Поэзия – үміт сенімі, жүрек дірілі, жан тынысы, шексіз сезімге толы махаббат» осы құдіретті белгілердің бәрі Мұқағали поэзиясынан табылады. Ендеше адам жанына серік, жүрегіне жылу сыйлар Мұқағали поэзиясын біздің көрермендеріміз қаншалықты біледі екен? Қазір мен алғашқы жолдарын оқимын, ал білетініміз қолымызды көтеріп, әрі қарай жалғастырамыз.
Шеше,
Сен бақыттысың!
Жыламағын...
ІІ жүргізуші: «Тым құрыса саусағыңды қанаттың ба?» ырым сөз қай дастаннан алынған? («Аққулар ұйықтағанда») Ақынның Мемлекеттік сыйлық алған жыр жинағы? «Аманат») Мектебіміздің оқушылары Мұқағали Мақатаевтың азан шақырып қойған есімін біле ме? Мұқамедқали.
І жүргізуші: Ақынға алтын қаламын сыйлаған кім? (Ғ.Мүсірепов)
Анда-санда сізді көрем,
Сізді көрсем жомарт бір күзді көрем,
Еліктеп өзіңізге есім кетіп,
Көгендеп ақ қағазға тіздім өлең.
Мейіріммен қарайтын Сізді көрем,
Басқалар үміттерін үзді менен,-деп сөз зергері Ғабит Мүсіреповке өлең арнаған екен мұзбалақ ақын. Рахмет!
ІІ жүргізуші: Мұқағали өмірінің соңғы кездерінде ауруханаға көп түскен. Сол сәттерде дәрігерлерге арнап бірнеше шығармалар да жазған. Соның бірі «Жоқ, дәрігер» өлеңі.
Оқитын: Гауһар Меңдіғали
І жүргізуші: Өлең- өнер, өлең -дерт, оны туа біткен дарын иесі, шын талант қана өмірге әкеледі. Ақын әкелген әрбір сөз жүректерге ән болып, әуен болып жетіп жатады. Оның әндері-таңғы шықтай мөлдір, сырлы әуенді. Кезекті осы әсем әнге берейік.
Ән: «Сенің көзің».
Орындайтын:
Шын ғашықпын сол адамға!
Мен болмасам, болмайын. Сол аман ба?
О,Тәңірім! Неткен жан ед қайрылмайтын,
Жүрегі еттен бе, әлде қоладан ба?!-
деген сыршыл ақынның махаббат, ғашықтық жайындағы өлеңдер топтамасы бір арна
ІІ жүргізуші: Махаббат па, әлде басқа сезім бе?
Сезінбедім сол бір сәтте өзім де.
Қысқа өмірдің қызғылықты сәтінің
Негативі әлі менің көзімде.
«Махаббат диалогы»
Оқитындар: Нұрбек Артықбаев
Ақбала Ақылбекова
«Ғашықпын» Оқитын: Азамат Қорғанбай.
(Сахна сыртынан) Күй. ................................
І жүргізуші: Мұқаңның Фаризаға арнаған өлең-хаты халық арасында көп аңыздар туғызып, түрлі хикаяларға желі болып келеді. Бірақ бұл – халықтың өзінің ұлы перзентіне махаббатынан туған әңгімелер. Шын мәнінде екі ақынның арасында поэзия деп аталатын құдіреттен таралған шынайы сыйластық болды, достық болды. «Фариза қыз» деп аталатын өлеңі жайлы Фариза өзі былай дейді.
ІІ жүргізуші: - Бір жылы іс - сапармен Бакуге баратын болдым. Жүрер алдында редакцияның хат бөлімінің қызметкері Айнаш Шынықұлова 5-6 хат әкеліп берді. Арасында біреуі тым қалыңдау екен, әдеттегі басқа хаттарға ұқсамайды. Адрес көрсетілмеген. Ашып қарасам қолмен жазылған өлең. «Фариза, Фариза ақын, Фариза қыз» деп басталатын ағыл-тегіл шумақтар. Хат Мұқаңнан екен, алқымыма тығылған жұдырықтай кесекті жұта алмай, көзімнен шығардым. Сол түні Бакуге ұшуым керек еді. Үйге кеп, жолға жиналып жатсам, кешкі 8.30 шамасында біреу телефон соғады. Лашын жеңгей екен. – Ағаң саған хат жазып жіберіп еді, соны алды ма, алмады ма деп қайта-қайта маған айтып мазасызданып жатыр. Ауырыңқырап тұр ағаң, ауруханада....-деп, жеңешем сөзінің соңын жұтып, бәсең сөйлейді. Мен хатты бүгін алғанымды, өзім жолға кетіп бара жатқанымды, келгесін өзім соғатынымды айтып хош айтыстым. Адамның онсыз да қысқа ғұмыры тек өкініш пен қоштасудан тұратындай көрінеді маған. Егер мен сол жолы Мұқағали ақынның аласұрып дүниеден бір жылылық көріп кетуді армандап жатқанын ұққан болсам мен ешқайда бармай, жанына барып, маңдайына тигізген алақаным арқылы жанымның бір жылуын тұла бойына таратпас па едім. Өкініштісі сол мен Баку сапарында жүргенде Мұқағали ақынның өмірден өткенін естідім.
І жүргізуші: Енді осы «Фариза қыз» өлеңіне кезек берейік.
Оқитын:Бауыржан Жақсылықов.
ІІ жүргізуші: Абаймен үндес Мұқағалидай перзенті бар халық –шынымен бақытты халық. Иә, Мұқағали – ғажайып, ақиық, сыршыл, гуманист ақын. Оны біреулер «көрінбейтін сиқыр бояулардан, бізге естілмейтін құпия дауыстарға толы жұмбақ ақын» десе,
1-жүргізуші: кейбіреуі:«Жоқ ол – қара өлеңнен қаймақ қалқыған қарапайым ақын, өлеңін бәріне түсінікті тілде жеткізген таңғажайып ақын» дейді. Өзінің 1834 өлеңімен миллиондаған, тіпті миллиардтаған жүректі жаулап алып, бірде жылатқан, бірде қуантқан Мұқағалиды ақын емес деп көріңіз..!
2-жүргізуші: Поэзия патшалығындағы пайымдауы өзгеден бөлек ақынның жебелі жырын жүректерге ерекше үнмен, соны серпінмен жеткізді. Ақынның жалынды жырларына кезек берейік. Ортаға мектебіміздің 5-класс оқушыларын шақырайық.
Тыныштық Бектай, Салтанат Жакенова, Ксупов Аслан, Кәусар Қазбекова. (Оқушылар өлең тақырыбын өздері хабарлайды)
І жүргізуші: Мұқағалидың өлеңдеріне арнап жазылған әндер өте көп, ол әу дейтін қазақтың аузында жүр. Олардың көпшілігі қазірдің өзінде халық әндеріндей болып кеткені ғажап қой. Халық жүрегіне жол табу бақыты деген осы болар.
Ән: «Бақыт».
Орындайтын: Әлия Есетова
І жүргізуші:
Қарасаз даласының ең биігі – Нарынқол, ал қазақ поэзиясының Хан – Тәңірі – Мұқағали» дейді керемет теңеумен Әкім ағамыз. Сол Хан – Тәңіріне айналған перзент Мұқағали аға елі есенінде, жұрты тынышында халқымен қанаттасып, Қарасазымен санатталып мәңгі жасайды.
ІІ жүргізуші: Білемін керемет бір күн келеді,
Жайнайды, жасыл бағым гүлденеді.
Көремін керемет бір күн кешемін.
Болашағым сенімен бірге өсемін,- деп өз заманымен ғана емес, болашақпен бірге өмір сүретінін ақын білді, ол жырларының болашағына сенді. Қара өлеңнің құдіретін аспанға бір-ақ көтерген Мұқағали қашан да биіктен көрінеді. Мұқағали поэзиясы әрбір мезгілімен бірге, әр ұрпақпен бірге мәңгі жасай бермек. Осымен Қазақ поэзиясының Хан-Тәңірі-Мұқағалиға арналған кешіміз аяқталды.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген