жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІН ОҚЫТУДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН ЖАҢАШЫЛ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР
ҚАЗАҚ ТІЛІ МЕН ӘДЕБИЕТІ ПӘНІН ОҚЫТУДА ҚОЛДАНЫЛАТЫН ЖАҢАШЫЛ ӘДІС-ТӘСІЛДЕР
Ұлы данамыз Абайдың: “Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады,” – деп айтқанындай, қай заманда да адамның адамнан артықшылығы – оның ақылында, білімінде, тәрбиесінде. Біздің дәуіріміз ғылым мен техниканың қарыштап дамып жатқан кезі болғандықтан, адамның бір деңгейде тұрып қалуына жол жоқ. Көштен қалмай жүре отырып, заман талаптарына ақылмен жауап бере алуы бәсекеге қабілеттілігінің көрінісі болмақ. Болашақ еліміздің тағдыры білімді ұрпақтың қолында. Елбасымыз бастап берген білім беру саласындағы өзгеріс, яғни жаңартылған білім бойынша оқыту және соған сәйкес заманауи әдіс-тәсілдерді тиімді қолдану бүгінгі таңда өзекті, әрі маңызды болып отыр.
«Білім беру бағдарламаларының негізгі басымдығы өзгерістерге үнемі бейім болу және жаңа білімді меңгеру қабілетін дамыту болуға тиіс» [1.], – деп ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев 2018 жылғы Жолдауында айтып өткендей, заманның ағысымен қалмай жүзіп, үнемі өсу мен өркендеу үстінде болуға міндеттіміз. Педагогика ғылымына бірталай еңбегі сіңген Мағжан Жұмабаев атамыздың: “Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға (қазақ жанына) үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай-ақ серттесуге болады,”[2.] – деп айтқанындай, мектептегі жұмыс жүйелі, әрі дұрыс жүргізілсе, еліміздің болашағы жарқын, бәсекеге қабілетті болатыны айдан анық.
“Оқу – инемен құдық қазғандай” екенін ескерсек, сол құдық қазылғанша, оқушыны жалықтырып алмау қажет. Жалықтырмаудың бір жолы – қызықтыра білу. Білім беру кезінде қолданатын жүз түрлі әдістің көпшілігі ойын түрінде болғаны тиімдірек. Әр баланың, сыныптың жас ерекшелігіне қарай ойнатып, ойлатып, білімге жұмылдырған абзал. Әр сабақта сапалы әдіс-тәсіл қолдана отырып, мақсатқа жетуге болады. Білімге ынталандырудың озық үлгілерінің бірі ретінде қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында қолданатын топпен, жұппен және жеке орындалатын тапсырмалар беремін. Бұл кезде сабақтан тыс қалатын оқушы болмайды. Бәрі өз ойларымен бөлісіп, пікірлерін айтады. Оқушылар қызыға отырып, әрқайсысы өз жауаптарын айтып, талқылап, ойларын білдіргенде, мақсатқа қалай жеткенін өздері де байқамай қалады. Сабақта жаңа тәсілдерді қолдануды балалар өздері сұрайды. Яғни шәкірттің білім алуға деген ықыласы өте зор деген сөз. Оқу үдерісін тиімді ұйымдастыруда пайдаланылатын ең басты тәсілдердің бірі – қызықтыра білу деп ойлаймын. Уильям Уордтың: “Жай мұғалім хабарлайды, жақсы мұғалім түсіндіреді, керемет мұғалім көрсетеді, ұлы мұғалім шабыттандырады,” – дегеніндей, шәкірттердің шабыттануы үшін көтеріңкі көңіл күй мен іске деген қызығушылығын ояту жолында осылайша еңбек етіп келемін.
“Бала оқытудың жұмысы ширақ, жігерлі, қызу болғаны дұрыс,” – деп Жүсіпбек Аймауытов айтқандай, бір сабақ бір сабағымызға ұқсамай түрленіп отырғаны абзал. Әр сабағымда жаңа әрекет, жаңа әдіс көрініс табады. Өйткені күн санап дамып жатқан мұндай кезеңде жылдамдыққа ілесу үшін сабақ сайын инновациялық әдіс-тәсілдерді қолдануға міндеттімін. GROW, SWOT-талдау, FILA, «Фишбоун», INSERT, «Кейс-стади», «Шеринг» әдістерін қолдану арқылы балалардың зияткерлік, шығармашылық қабілеттерін арттыруға болады. Бұл тәсілдер арқылы шәкірттер мақсатты, идеяны анықтайды, мәселенің күшті және әлсіз тұстарын табады, мүмкіндіктерді қарастырып, іс-әрекет пен қауіптерді айтады, зерттеу жүргізіп, шешім шығарады, өз беттерінше сұрақ құрастырады, жауабын іздеп табады. Сондай-ақ осы әдістер оқушылардың айтылым дағдысын қалыптастыруға септігін тигізіп, шешендік қабілеттерін дамытады, ойлау деңгейін тереңдетіп, ғылымға деген ықыласын арттырады. Тұлға ретінде жан-жақты дамып, өз бетімен білім алуға, ізденуге құлшынысы оянып, белсенді бола түседі.
Оқыту процесінде ақпараттық технологияны қолдану білім сапасын жақсартуға көмектеседі. Сонымен бірге кей жағдайда электронды көрнекіліктерді (флипчарт) пайдалануға, білім мен мәліметтерді әртүрлі формада ұйымдастыруға, қажетті модульге тез арада көшуге көмек береді. Шәкірттер Word, Power Point сияқты бағдарламалардың көмегімен жаңа тақырыптар мен мәтіндерді жазу, оқу, талдау, сурет салу жұмыстарын үйренеді. Қазақ тілі сабағында компьютерді қолдану мәтіндер мен ақпараттарды білуге жол ашады. Тіпті үлгерімі төмен оқушылардың өзі компьютермен жұмыс істеуге қызығушылық танытады, өйткені кейбір жағдайларда компьютер білмеген тұстарын көрсетіп, көмекке келеді. Ал қашықтан оқу кезінде түрлі платформаларда (ZOOM, Bilimland) жұмыс істеу баланың оқуға деген ынтасын көтеруге зор септігін тигізді.
Қазақ тілі пәнін оқытуда жаңа технологиялардың элементтерін қолдана отырып, деңгейлеп оқыту технологиясына ерекше көңіл бөлемін. Өйткені бұл технология баланың жеке мүмкіндігіне бағытталған. Л.Выготский, В.Давыдов, Д.Эльконин, т.б. бұл тәсілді түбегейлі зерттеп, оқыту мен даму арасындағы тығыз байланысты анықтаған. Сабақ барысында қандай оқушы болмасын І деңгейдің тапсырмасын орындайды. Әрбір оқушы І деңгей тапсырмасын орындауға міндетті және одан жоғары деңгейдің тапсырмаларын орындауға құқылы.
Сондай-ақ, қазіргі педагогикада пайдаланып жүрген технологиялардың бірі және бірегейі – модульдік оқыту технологиясы. Бұл технология қазіргі қазақ тілі пәнін оқытудағы тиімді әдіс болып саналады. Оқушылар түрлі тараулар мен тақырыптар бойынша дайындалған тірек кестелерімен, басқа да ізденімпаздық, шығармашылық бағытта орындалатын жұмыс түрлерімен өздерінің іскерлік дағдыларын қалыптастыра алады. Судың бір орында тоқтап қалмай, жылғаның бойымен жағалай қозғалыста болып, тұнық та, таза қасиетін сақтағаны секілді, біздің де үнемі ізденісте болып, шығармашылық шыңдалуымыз рухани жаңғыруымызға және бәсекеге қабілеттілігіміздің жоғарылауына әкеледі. Бұл – заманауи жаңашыл сипатта білім беріп отырған мектептердің алдында тұрған үлкен міндет.
Қорыта айтқанда, жаңартылған білім беру бағдарламасына сәйкес алынған әдістерді сабақта тиімді қолданысқа енгізсек, оқушының танымдық белсенділігін арттыруға, өз бетінше білім алуға, шығармашылығын қалыптастыруға ықпал етеді, балалар оқудың қызықты, әрі жеңіл өтетінін, ұжымда бірлесіп жұмыс жасауға үйрететінін, білімнің тереңдігі мен тиянақтылығы артатындығын баяндайды. Оқушы өз ой-пікірін ашық, еркін айтады, бір-бірін тыңдауға үйренеді. Осы бағдарламаны меңгергенде ғана жан-жақты дамыған, болашағы жарқын, бағдары айқын, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастыра алатынымызға сенімім мол.
Әдебиеттер тізімі:
-
Назарбаев Н.Ә. Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері. – 2018, қаңтар.
-
Жұмабаев М. Педагогика. Қызылжар, 1922. Bilim-all.kz

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген