Қазақ тілі мен әдебиеті сабағында оқушының
функционалдық сауаттылығын қалыптастыру құралы – өздік
жұмыс
Оқушылардың функционалдық сауаттылығын
дамытуда оқу бағдарламасындағы әрбір пәннің рөлі зор. Соның ішінде
қазақ тілі мен әдебиетінің алатын орны ерекше. Осы ретте, оқушыға
халықтың қоғамдық өмірін, арман-мүддесін танытуда, оларға
идеялық-саяси, рухани-адамгершілік, этикалық-эстетикалық т.б.
тәрбие беруде, дүниеге көзқарасын, мінезін, жалпы мәдениетін
қалыптастыруда көркем әдебиетті қуатты құралдардың бірі ретінде
пайдалану – әдебиет пәнінің басты мақсаты болып есептелсе,
тіліміздің өзіндік қалыптасқан нормаларын, жалпы айтқанда
грамматикасын үйрету – қазақ тілінің басты міндеті болып
танылады.
Мұғалім мақсаты – бүгінгі заман талабына сай
білімді, білікті, өздігінен тығырықтан шығар жол таба білетін іскер
адам тәрбиелеу, жеткіншектердің жеке тұлға ретінде қалыптасуына
жағдай жасау.
Әдебиет пәні мұғалімдері алдындағы шәкіртінің
рухани жетілуіне, әсіресе, сөздік қорының бай болуына, сондай – ақ
жас ұрпақтың бойына халықтық салт – сана мен жаңа деңгейдегі мәдени
талаптарды қатар сіңіру арқылы оларды тұрлаусыз уақыттың сынынан
сүрінбей өтуге, тәрбиелеу бағытындағы жұмыстар төңірегінде
ізденіспен жұмыс жасағаны абзал.
Көркем әдебиет – көркем өнердің сан түрлі
салаларының ішіндегі баға жетпес асылдарының бірі деп білемін.
Мектепте өтілетін барлық пәндердің ішінде әдебиет пәні баланы
әсемдікке ынталандырып, рухани көкжиегін кеңейтетін қасиетімен
ерекшеленеді. Әр пәннің өзіндік ерекшелігі жөнінде айта келіп ғалым
Т.Ақшолақов: «Әдебиет- өнер туындысы, әдебиет сабағы - өнер сабағы»
деген [1, 23].
Әдебиетті оқыту, одан өрісті білім беру үшін
оқушыны кез – келген шығарманы жан – жақты эстетикалық талдау жасай
білуге дағдыландыру қажет. Сонда ғана ол көркем туындыға тереңдей
үңіліп,ондағы адамгершілік, эстетикалық проблемалардың байыбына
бара алады. Шәкірттерге шығарманы оқыту барысында сөз сырына
бойлатуға мүмкіндік беріледі. Сөздің алуан түрлі сырына үңілуге
үйрету - әдеби шығарманы танытудың басты жолы. Егер адам әр уақытта
өнерге, әдебиетке жақын болса, көркем шығармадан әрдайым сусындап
отырып, оның бірте – бірте дүниеге, өмірге көзқарасы, эстетикалық
сезімі қалыптасады. Ал эстетикалық сезім әдебиет пен өнердің,
заттар мен құбылыстардың қасиеттерінің әдемі әсеріненоянып,адамның
ішкі рухани қазынасын байытып, санада өмір бойы
сақталады.
Дебат сабақтарының оқушының өз ойын анық,
батыл жеткізе білуіне, оқиға, жағдайға сын тұрғысынан қарай отырып
ойлауына, осы арқылы өз пікірін ұжым – пікірімен ұштастырып, яғни
көп болып ойласып дұрыс шешім қабылдай білуіне ықпалы зор. Егер
оқушы кез – келген тосын жағдайда дұрыс шешім қабылдай алса, онда
ол оның құзырлы тұлға болғаны.
Дебат сабақтары оқушы үшін де, мұғалім үшін де
тиімді. Себебі бұл әдіспен өткізілген сабақтардың өзіндік
ерекшелігі, оқытушы мен оқушының іс -әрекеті тоғысып, бір шешем
табылады. Дебат сабақтарын өткізу үшін алдымен жақсы ситуация бола
алатын тақырып дұрыс таңдалған жөн. Тақырып сәтті таңдалған уақытта
оқушылардың этикалық, эстетикалық талғамын оятып, сезіміне әсер
етіп, білім мен іскерліктерін, шығармашылық мүмкіндіктерін дамытып,
алынған ақпаратты өзі тәжірибесінде пайдалануына, өз пікірін
білдіріп, оны дәлелдей алуы сияқты танымдық іс - әрекеттерінің
қалыптасуына ықпал ете аламыз.
Қазақ әдебиеті пәнінің бағдарламасында
берілетін М.Дулатов шығармашылығына арналған сағаттардың бірі
«Бақытсыз Жамал» романының негізігі мәселесі қалың мал ма?» деп
алып, дебат сабағы түрінде өткіздім. Сабақ өтпес бұрын оқушыларға
жазушының аталған романын оқу қажеттілігі бір ай бұрын ескертіліп
қойылады. Уақыты келіп, романды талдайтын күн жеткен уақытта
оқушыларға роман мәтінінен үзінді беріп, оны әрі қарай жалғастырып
жазу тапсырылады. Сонда мәтінді кімнің оқып, кімнің оқымағаны
белгілі болады. Содан соң дебатты мына сұрақтар төңірегінде
өрбітеміз:
-
Балиғатқа жеткен шағында қызын қорғай алмаған
Сәрсенбай әкенің бұрынғы мейрімі шынымен жалған ба? Оның мысын
құртқан қандай дерт: қалың мал ма, әлде заман
ба?
-
Жамал мен Ғалидың бірін-бірі қабыл тұта
отырып, қауіптен аса алмай жүруі нені
көрсетеді?
-
Ғалидың ауыр дерттен қайтыс болуы не үшін
керек болған?
-
Қалың мал салт па, әлде ұнамсыз әдет
пе?
-
Бүгінгі заманымызда қалың мал қайта жандана
бастаса, ол дұрыс па, әлде бұрыс
па?
Берілген үзіндіні талдау кезінде
хрестоматиядағы роман мәтінін сынып оқушыларының көпшілігінің оқып
шыққанын аңғардым. Алайда сұрақтар төңірегінде пікір өрбіткенде
бастапқыда оқушылар кідіре берді. Бұл жерде мұғалімнің кәсіби
шеберлігі үлкен ықпал етеді. Оқушылар өздерінің қызу пікірталасқа
қалай еніп кеткенін де білмей қалатындай етіп ұйымдастырылса, сабақ
мақсатына жетеді. Жоғарыда берілген сұрақтар төңірегіндегі оқушының
өзіндік көзқарасына, пікірі мен тұжырымына ерекше мән беріледі.
Сабақ түйіні «Жазушы Жамалды неге өлтіреді, тірі қалдыруға болмады
ма?», «Егер дәл қазір, біздің заманымызда, дәл осындай оқиға болса,
жазушы романын қалай аяқтауы мүмкін?» деген сұрақтар төңірегінде
шешімін тапты. Оқушылар өз ойларын бір арнаға былайша тоғыстырды:
«Қазір дәл осындай оқиға болса, қыздарды, жалпы кім – кімнің де
мүддесін қорғайтын заң бар. Сондықтан біздің заманның Жамалдары
бақытсыз бола алмайды. Жазушы Жамалды қайғылы қазаға ұшырату
арқылы, өз оқырманына жаңа заманның жаңалығын, оған ұмтылу
қажеттілігін айтады».
Міне, осылайша жеке дара пікір айтып, оны
қорғау үшін оқушы өз ойына талдау жасап, оның дұрыс, бұрыстығын
екшеп алады. Өзгелер пікірімен санаса отырып, бір қорытындыға
келеді.
Қорытындылай келе, оқушылардың шығармашылығын,
қызығушылығын дамыта отырып, ғылым саласында олимпиада, байқауларға
дайындай отырып, көсемдігі мол, шығармашыл, білімді, ізденімпаз,
тапқыр, қабілеті зор оқушы шығару- әрбір ұстаздың
міндеті.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Ақшолақов Т. Көркем шығармаға талдау жасау.
Алматы : Мектеп, 1983. - 191 б.
2. Қ.С.Құдайбергенова «Құзырлылық табиғаты –
тұлғаның өздік
дамуында А. «Принт -
АСС»»
3. Т.Қожабаева «Әдебиет – көркем сөз өнері»,
«Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы №4,
2007ж.