Қазақ тілі пәні бойынша диктанттар жинағы

Тақырып бойынша 31 материал табылды

Қазақ тілі пәні бойынша диктанттар жинағы

Материал туралы қысқаша түсінік
Қазақ тілі пәні бойынша диктанттар жинағы
Материалдың қысқаша нұсқасы






































ДИКТАНТ МӘТІНДЕРІНІҢ ЖИНАҒЫ


5-11-сыныптар үшін












Қызылорда қаласы, 2025 ж.


































АЛҒЫ СӨЗ


Бұл диктант мәтіндері жинағында жалпы білім беретін мектептердің қазақ тілі мұғалімдеріне, сонымен қатар қазақ тілін үйренушілерге арналған түрі тәрбиелі, мағыналы, мазмұнды мәтіндер іріктеліп жинақталған. Жинақта диктант жаздырудың әдістемесі, талаптары, оқушыларға арналған ережелер берілген. Диктант мәтіндерінің мөлшері, бағалау нормалары көрсетілген. Жалпы білім беретін мектептің қазақ тілін оқыту бағдарламасы басшылыққа алына отырып, 5-11 сыныптарға арналған диктант жазуға арналған мәтіндер оқушылардың тілді меңгеруіне байланысты берілген.

Заман талабына сай диктант жазудың да ережесі мен түрлері түрленіп отырады. Дәстүрлі диктанттар бақылау түрінде тоқсан барысында тақырыптық және қорытынды бақылау диктанты болып жаздырылатын болса, қазіргі өлшемдегі диктанттар түрліше болып жаздырылуда. Қазіргі қолданылып жүрген дәстүрлі диктанттардың шығармашылық бағытын жетілдіре отырып, оның түрлерін жаңарту, жаңғырту тіл дамыту жұмысының басты мақсаты болып отыр.

Қорыта айтқанда, диктант өз алдына басы бірікпейтін нәрсе сияқты көрінеді. Бір жүйеге түсірсек, оқыту да, тіл дамыту да, әдебиет пен қазақ тіліне деген құрмет пен қызығушылық та арта түспесе кемімейді. Ұрпақ тілі – біздің болашағымыз екенін ұмытпайық!




ДИКТАНТ: ТҮСІНІКТЕМЕ, ТҮРЛЕРІ


Диктант латынның «дикто» деген сөзінен шыққан. Яғни «естіртіп айту» деген мағынаны білдіреді. Диктант оқушылардың сауаттылығын арттырып, сөздік  қорларын байытады. Диктантты жаздыру арқылы оқушының білімді қандай деңгейде игергендігін тексеруге  болады. Диктант түрлері белгілі бір грамматикалық ережеге сай  жүргізіледі. Ең  алдымен,  ережені  түсіндіріп алып, содан кейін ережеге сай диктант  жазылады. Бүгінге дейін диктанттың  бірнеше  түрі  іс-тәжірибеде қолданылып келеді.

Атап айтқанда:

-          сөздік диктанты

-          көру диктанты

-          терме диктанты

-          жатқа жазу диктанты

-          ескерту диктанты

-          өздік диктанты

-          ерікті диктант

-          түсіндірме диктанты

-          графикалық диктант

-          шығармашылық диктанты

-          бақылау диктанты 

- жүгіру диктанты

- сүйеніп отыру диктанты

- модельдеу диктанты

- сандық диктанты т.б.




1.1. Диктантты жаздыру техникасы


Бір орында тұрып, диктант мәтіні мәнерлі, ашық дауыспен бір рет оқылады. Оқу кезінде оқушылардың басқа жаққа көңіл аудармай ұқыпты тыңдап отыруы ескертіледі. Сонан соң мәтінде кездескен түсініксіз, аз қолданылатын және таныс емес емлелер тақтаға жазып қойылады, түсіндіріледі. Бұдан кейін әрбір сөйлем жеке-жеке оқылады. Бестен сегіз сөзге дейін құралған сөйлем бір рет, он екіден он төрт сөзге дейінгі сөйлем екі рет, он бестен он сегіз сөзге дейінгі сөйлем үш рет оқылады. Оқушылар сөйлемді ұмытып қалмауы үшін, қайталап айтқызылады. Сөйлем аяқталарда «тыңдаңдар», басталарда«жазыңдар», сөйлем біткеннен кейін «тексеріп шығыңдар» деп ескертіп отырған жөн. Диктант жазылып болғаннан кейін, оның мәтіні бастан-аяқ бір рет оқылады. Бұл кезде оқушылардың өздігінен жұмыс істеуіне мүмкіншілік туады. Өтілген емлелік тақырыптарды тексере отырып, қалып қойған сөзді, түсіп қалған орфограммаларды орын-орнына қойып шығады. Осыдан кейін диктант жұмысы жинап алынады, одан соң оқушылардың диктантқа байланысты сұрақтарына жауап беріледі. 








1.2. Диктант нормалары

1-кесте

Сыныбы

Диктант саны

Сөздер саны

Орфограмма саны

Тыныс белгілері

5

8

90-100 сөз

12

2-3

6

6

100-110 сөз

16

3-4

7

5

110-120 сөз

20

4-5

8

5

120-150 сөз

24

10

9

4

150-170 сөз

24

15

10

4

170-190 сөз

26

18

11

4

190-200 сөз

26

18


1.3. Бағалау нормалары


2-кесте

Баға

Қателер саны

«5»

1/0 1/0 0/1

«4»

3/3 2/4 1/5

«3»

6/5 5/6 3/8

«2»

9/5 8/9


Оқушы білімін бағалағанда ескерілетіні: Егер оқушы бір әріптің орнына екінші әріпті жазып қойса, әріп қалдырып кетсе, бір әріпті екі рет қайталаса, оларды ауыстырып қолданса, олардың әрқайсысы бір-бір қатеге саналады. Бір сөзді бірнеше жерде қате жазса, ол бір қатеге есептеледі. Диктант мәтіні ұқыпсыз жазылса, түзетулері көп болса, каллиграфиялық талапқа сай болмаса, диктант бағасы төмендетіледі.

Диктант келесі сабаққа тексеріліп әкелінуі керек. Жұмыстың соңында орфографиялық (емле қатесі), пунктуациялық (тыныс белгі қатесі) қате саны көрсетіледі. Шартты белгілерді оқушы «оқи» білуі керек:


I - Емле қатесі белгіленеді.
V - Тыныс белгісінен кеткен қате.
Z - Абзац керек деген белгі.
? - Күмәнді, екі ұшты, осы сөйлемді ойлан деген белгі.

1.4. Диктанттағы қателерді талдау жүйесі


Алдымен, дауыссыз әріптер мен әріптер тіркесінің емлесіне байланысты алынған бақылау диктантындағы қателер тақырып бойынша түр-түрге бөлінеді.(3-кесте) Диктантты талдағаннан кейін жіберілген қателерге байланысты кішігірім диктант жаздырылады, оның көлемі отыз-қырық шақты сөзден құралады. Сөйтіп, алғашқы жіберілген қателерді болдырмауға шаралар белгіленеді.






1.5. Қатемен жұмыс жүргізу


Бағдарламада қатемен жұмыс көрсетілмесе, тақырыптық қайталау сабақтарын пайдалануға болады. Қатемен жұмыс сабақтарын дұрыс ұйымдастыру болашақта қатені жібермеудің кепілі болып табылады. Оқушылармен қатемен жұмыс жүйелі түрде ұйымдастырылса, оқушы жіберген қате негізінде дұрыс қорытынды жасай білсе, алған теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде сауатты пайдалана білсе, жазба жұмыстарында жіберген қателері азаяр еді. Қатемен жұмыс тек арнайы сабақта ғана емес күнделікті сабақта да орын алуы керек. Сауатты жазу үшін сөздерді бір-бірімен сауатты байланыстырып жаза білу керек. Оқушы ойының дәл, анық түсінікті болуы оның сөздік қорының молдығына да байланысты. Дыбыстардың айтылуы мен жазылуын дұрыс ажырата білу, сөзді дұрыс айту, екпінді дұрыс түсіру, мәнерлеп оқи білу, грамматикалық ережелерді дұрыс қолдана білу әр сабаққа қойылатын талаптар. Көрсетілген талаптарды жүзеге асыру үшін әр сабақ жоспарлы, мақсатты болуы керек. Сабақта мұғалім әрбір сөздің мағынасын дәл, дұрыс түсіндіруі керек. Жазба жұмыстарында жіберілген қателерге міндетті түрде талдау жасау мұғалімнің міндеті. Әр оқушыға жазба жұмыстары бойынша маниторинг жасалса, соның нәтижесінде жоспарлы түрде жұмыстар жасалса, оң нәтиже берері сөзсіз. Мысалы, төмендегі қарапайым сызба арқылы мұғалім салыстырмалы түрде оқушы білімін сараптай алады. (3-кесте)





3-кесте


Сынып

Оқушының аты-жөні

Жазба жұмысының түрі

Жіберілген қателер

Қателер саны

7 «Ә»

Шәден Ерасыл

диктант

-н,ң әріптерін ажырата алмау

2

-шылаудың жазылу ережесін білмеу

2

-тасымал

1
















5-СЫНЫП


Колибри


Колибри – ғаламшардағы ең кішкентай құс. Кішкентай өлшемдер қауырсындардың жарқын түсімен және ерекше бейімділігімен үйлесіп, бұл кішкентай тіршілік иелерін табиғаттың ерекше декорациясына айналдырады. Колибри құстарының үш жүзге жуық түрі бар. Жеке түрлер арасындағы айырмашылық шамалы. Көбелекке немесе жәндікке ұқсайтын ең кішкентай құстың салмағы 2 граммнан аспайды.

Колибри кең аумаққа таралған. Кейбір түрлері тауларды, ал басқалары жазықтықты, шөлді қалайды. Ең көп саны батыстың жарты шарында тұрады. Колибри құстарының ең көп шоғырлануы Амазонка жағалауында. Қоңыржай ендіктерде өмір сүретін колибрилар қыстың келуіне дейін жылы аймақтарға кетеді. Суық ауа райы аяқталғаннан кейін құстар үйлеріне ұшып барып, әдеттегі өміріне оралады.

(90 сөз)



Бөгенбай батыр


Бөгенбай – қазақ халқының даңқты батыры. 1709 жылы Бөгенбай батыр ерекше көзге түседі. Сұлтан Әбілқайыр тұсында Бөгенбай батыр қолбасы болып тағайындалды. Ол қалмақтарды тас-талқан қылып жеңеді. 1723 жылға дейін жоңғарлар соғысқа шықпайды.

Одан кейін он үш жылдай уақыт өтеді. Жоңғарлар тыныш жатқан қазан еліне тағы шабуыл жасайды. Олар Жетісу, Талас, Шу өңірлерін басып алады. Халықтан жасақ құрған Бөгенбай батыр қолдан түрлі қару-жарақ соқтырады. 1728 жылы Ұлытаудың оңтүстігіндегі Бұланты өзені бойында жауға қатты соққы беріледі. Бөгенбай батыр бастаған қазақтар жеңіске ие болады.

Ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткен Бөгенбай батыр 98 жасында қайтыс болады.

(95 сөз)



Су - тіршілік көзі


Жердің үштен екі бөлігін су алып жатыр. Мұхиттар, өзен, көлдерге қоса жер асты сулары да бар. Су бұлт, тұман, бу, жаңбыр түрінде атмосферада болады. Мұздықтар мен айсбергтер де су болып есептеледі. Адамның, өсімдіктердің жануарлардың денесінің белгілі бір бөлігі де судан тұрады. Сусыз тіршілік жоқ. Бүкіл жан иесі сусыз өмір сүре алмайды.

Жер бетіндегі судың жалпы мөлшері өзгермейді. Су буға айналады. Будан бұлт пайда болады. Ол жаңбыр, қар, бұршақ болып жерге қайта жауады. Яғни, қайтадан суға айналады.Ішуге жарамды су өте аз. Ол күннен-күнге азайып барады. Суға қамқорлықпен қарау керек. Су – тіршілік көзі.

(96 сөз)



Ыбырай Алтынсарин


Қазақ арасында халықтық мектептер ашып, ағарту жұмысын белсенді жүргізудегі Ыбырай Алтынсариннің еңбегі ұшан-теңіз. Сонымен қатар көрнекті ағартушы қазақ жазба әдебиетінің негізін қалау үстінде де орасан зор үлес қосты. Ауыз әдебиетінің дәстүрінен қол үзіп, жазба әдебиетінің үлесінде сюжетті өлеңді тұңғыш жаза бастаған ақынның бірі Ыбырай Алтынсарин. Сондықтан да қазақ жазба әдебиеті тууы сөз бола қалғанда Ыбырай Алтынсаринның қадір есімі кемеңгер Абаймен қатар аталады. Жалғыз поэзия жанрында ғана емес, көркем прозаның қалыптасуына да Ыбырай Алтынсарин ат салысты. Ы. Алтынсаринның шығармалары алғаш рет 1879 жылыОрынбор қаласында «Киргизская хрестоматия» деген атпен жарияланды, басылды.

(91 сөз)



















6-СЫНЫП


Мұстафа Шоқай


Мұстафа Шоқай  көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, түрік халқының даңқты күрескері. Мұстафа Шоқай 1890 жылы Сырдария губерниясы, Ақмешіт уезіне қарасты (қазір Шиелі ауданы) Наршоқы деген жерде туған. Ауыл молдасынан хат танып, Ташкенттегі ерлер гимназиясына оқуға қабылданады. 1912 жылы Санкт-Петербург Императорлық университетінің заң факультетін бітірген. Ағылшын, француз, түрік, өзбек, орыс тілдерін білген. Студенттік жылдары империя астанасындағы демократиялық қозғалыстарға қатысады.

Ақпан төңкерісіне дейін Ресей Мемлекеттік Думасының мұсылман фракциясында хатшы қызметін атқарады. Өмірінің соңғы жылдарыТүркия арқылы алғаш Германияға, сонан Францияға барып орнығады. «Жаңа Түркістан», «Жас Түркістан» журналдарын шығарып, кеңестің озбыр саясаты туралы зерттеулер жазады. Қайраткер 1941 жылы Берлинде жұмбақ жағдайда қайтыс болады.

(102 сөз)



Адам болып қалу


Үлкен қаланың кішкентай ауруханасында Қара шашты және Ақ шашты екі ана жатты. Олар бір күнде ұлдары дүниеге келіп, өте бақытты еді. Олар балаларының болашағы туралы армандады. Ақ шашты ана өз баласының әйгілі сазгер немесе жазушы, мүсінші немесе инженер болғанын армандады. Қара шашты ана өз баласының қайырымды адам болғанын, ешқашан анасын, өз үйін ұмытпағанын, Отанын, табиғатты, адамдарды сүйгенін қалайтынын айтты.

Отыз жыл өтті.

Қаланың шетіндегі кішкентай емханада Қара шашты және Ақ шашты ана тағы кездесті.Олардың шаштарына ақ түсіп, беттерін әжім басқан еді. Олар бір -бірін таныды. Олар бір палатаға түсіп, өз өмірлері туралы, қуанышы мен қайғысы туралы айтты. Қайғылары – екеуінің де күйеуі Ұлы Отан соғысында қаза тапқан, қуаныштары – ұлдары қастарында.

(102 сөз)



Көрнекті тұлға

Әр ғасырдың өзінің біртума азаматтары , аты аңызға айналған көрнекті тұлғалары болады. Солардың бірі – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Есімі дүние жүзіне белгілі болған көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік Еңбек Ері.Ол 1912 жылы 12 қаңтарда Верный қаласында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген.

1931 жылы Д.А.Қонаев Мәскеудегі Калинин атындағы «Түсті металдар» институтына оқуға жіберілді. 1936 жылы осы институттың тау-кен факультетін бітіріп, Балқаш мыс қорыту комбинатының Қоңырат кенішіне кен инженері болып барды. Мұнда Д.А.Қонаев қарапайым жұмысшыдан, кеніш директорына дейін көтеріледі.

Ұлы Отан соғысы кезеңінде Риддер кен орнының және Лениногор кен басқармасының директоры болды. Кейін Министрлікте қызметін атқарды. 1952 жылғы сәуірде Ғылым Академиясының академигі және оның президенті болып сайланды.

(107 сөз)



Бір кем дүние


Бай жаңа маркалы шетелдік көлігімен зыр етеді, кедей «қоғамдық көлік» деп аталатын автобустарда сығылысып, қайда барса да кешіге береді.

Байдың балалары шетелде «оқып», кедейдің балалары өз еліндегі өгейдің күйінде жүр. Білімін дәлелдеу үшін де ақша керек, бірақ, сұралған соманы өңінде көретініне өзі өлгенше сенбес!

Тізбектей түссек, «Аш бала тоқ баламен ойнамайды» мен «Кедей бай болсам дейді, бай Құдай болсам дейдінің» синонимы көп. Қаптатып қайтеміз енді?!. Ең бастысы, өз ұлтын менсінбейтін қазақ байлары халық қазынасын жапалақша басып жеуде. Ұлттық намыс, ұлағатты сөз дегендей керекті қисын кедейдің ғана пешенесіне жазылып қойғандай. Тұрмыстық бай – рухани жұтаң, рухани байдың тұрмысы нашар. Шерхан Мұртаза айтпақшы, «бір кем дүние».

(103 сөз)




Газет тарихынан


«Егемен Қазақстан» — мемлекеттік ресми баспасөз құрал. Басылым негізінен ресми ақпаратты, жаңадан қабылданған құқықтық актілерді жариялайды. Газет 1919 жылдың  желтоқсанынан бастап аптасына 5 рет шығарылады. Алғашқы атауы "Ұшқын" болатын. «Егемен Қазақстанның» алғашқы саны 1919 жылдың аяғында Орынборда жарыққа шықты. Соңғы жылдары «Егемен Қазақстан» болып өзгерді.

Бұл газетте қазақ зиялы қауымының негізгі шығармашылығы жинақталған. Олар газетте алғашқы күндерден қазақ зиялыларының мықты шығармашылық тобы жинақталды. Газеттің алғашқы редакторларының бірі Сәкен Сейфуллин болды. Мұнда Мұхтар ӘуезовІлияс Жансүгіров секілді біртуарлар жұмыс істеді және шығармаларын жариялады.

«Егемен Қазақстан» мектебінен сандаған журналистер өтті. 86 жылдың ішінде газеттің кеңсесі түрлі қалаларда, Орынбор, Қызылорда,  Алматы, ал қазір – Астанада орналасқан.

(101 сөз)


7 - СЫНЫП


Қазақтың ұлттық өнері


Ағаш пен сүйектен оюлап тұрмыстық заттар жасау – халқымыздың ертеден келе жатқан дәстүрлі өнерлерінің бірі. Сүйектен ойып, әшекейлі бұйым жасайтын шеберлерді, ағаш ұсталарын жұрт бұйым жасату үшін , ат арытып іздеп келетін болған. Олар ағаш бұйымдардың бетіне, аттың қамыт-сайман, ер-тұрманына, музыкалық аспаптарға сүйектен ойып, өрнек салған. Қазба жұмыстары кезінде қазақ даласынан табылған әшекейлі сәндік бұйымдардың ішінде, тіпті тас дәуірінің соңғы кезіне жататын мүліктер бар екені анықталды.

Ағаштан оюлап жасалатын тұрмыстық заттың көп тараған түрі – төсек ағаш, кебеже, сандық. Халық шеберлері ағаштан астау, шара табақ, тостаған, теген, саптыаяқ,ожау сияқты ыдыстар дайындаған. Мұндай әшекейлер киіз үйдің сүйегіне де түсірілген.

(111 сөз)


Найман-Ана


Найман-Ана Сарыөзектің жазық даласында ұясы бұзылған құстай шырылдап, айналып жүрді де қойды. Енді не істерін, не күтерін де білмейді. Жуан-жуандар қалың малын енді өз ордасына қарай жақындатып айдап кете ме, жоқ әлде Найман-Ананы ұстап алудың амалын ойлап аңдуға көше ме - белгісіз. Ойы он саққа кетіп, таса-тасаны сағалап, әлгілерді алыстан көздеп жүріп , екі жуан-жуан табыннан алыстап, ауылдарына қайтып бара жатқанын көріп, қатты қуанып қалды. Әлгі екеуі артына қарайламай, қатарласып кетіп барады. Олар әбден алыстап кеткенше Найман-Ана көз алмай тұрып, ақыры ұлына оралуға бекінді. Бұл жолы баласын қалайда алып кетуге бел байлады. Мәңгүрт те болса – өз перзенті, мәңгүрт болғаны баласының кінәсі емес, тағдырдың салғаны, жойпат жаудың қатыгез қара жүректілігі; ал бірақ ана өз балапанын жау қолында құлдықта қалдыра алмас.

(115 сөз)


Жылқының пайдасы


Жылқы малын қазақ халқы қадірлер қастерлейді, басқа малға қарағанда ерекше бағалайды. Мінсе – көлігі, жесе – тамағы, қымызы – сусыны, терісі – киімі.

Жылқы етінің өзге малдың етінен күштілігі туралы толып жатқан кеңестер бар. Мысалы, суық жерде тұрса да, жылқының сорпасы қатпайды. Жылқының майы да суыққа тоңазымайды. Жылқының еті сіңімді болады.

Жылқының қымызы өкпе ауруының мың да бір емі. Күшті сүт күшті малдан ғана шығады. Жылқы терісінің иісі шыққан жерге жылан жоламайды. Далаға қонған адам жылан келмесін десе, атының ер-тұрманын айнала жайып тастайды. Жылан шаққан адамға аттың терісін қайнатып ішкізсе, ем болады екен. Жылқы лай суды да, сасыған суды да ішпейді. Шөптің асылын теріп жейді. Сондықтан жылқының еті мен оның сорпасына құрт езіп ішкен жылқышы қатты аязда да тоңбайды.

(117 сөз)



Қазақ отбасындағы дәстүрлік тәрбие


Адамгершілік – адамның рухани арқауы. Ал моральдік жағынан кіршіксіз таза болу дегеніміз – адамгершіліктің асқар шыңы. Адам баласы қоғамда өзінің жақсы адамгершілік қасиеттерімен ардақталады. Адамгершілік негізі – имандылық пен ізеттілікте. Ол әрбір отбасынан басталады. Осыны жадында тұтқан қазақ халқы жастарды кішіпейілділікке, ізеттілікке, инабаттылыққа тәрбиелеуді бірінші міндет деп санаған. Ер балаларға үлкендерге қос қолдап сәлем беруді, қыз балаларға ибалық жасап жол беруді, жасы үлкендердің алдын кесіп өтпеуді уағыздаған. Жастардың жанына сыпайылық, кішіпейілділік қағидаларын үнемі сіңірумен болған.  Жастарды саналы тәртіпке тәрбиелеу мәселесі ерекше маңызға ие. Халық «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» дейді . Жас шыбық иілгіш болса, жас адам да сондай жақсыға да, жаманға да бейім болатыны баршамызға аян. Ата-ананың үйдегі іс-әрекеті балалардың көз алдында өтеді. Сондықтан жақсы мен жаман әдетіміздің бала тәрбиесіне ықпалы зор.

(120 сөз)

Қажымұқан


Сахара жұрты естен кетпес, бұрын-соңды естіп білмеген көрініске куә болатынын Қажымұқан шапанын шеше бастағанда-ақ сезді. Құрыштан құйылғандай сұлу мүсінді, алып палуан қолын екі-үш рет жоғары-төмен құлаштай жазып, ішін тартып алғанда, тіптен сидиып, сүмбіле қалыпқа түсті. Сол кезде жәрмеңкенің машинасы да тасадан гүрілдей қозғалып, қастарына келіп тоқтады. Қорабын ашып, асын жерге әзер түсіреді. Мал өлшейтін таразының тақтайын да бір жаққа ысырды. Алғашында Қажымұқан бұлшық еттерін қалпына келтіру үшін әрі көпшілікке қазақ көрініс ретінде таразының ауыр кірлерін кезек-кезек лақтырып, саусағымен айналдырды. Телеграфтың ұзын бағанасын мойнына салды да, екі жағына он-оннан жиырма жігітті отырғызды. Салмақты теңеп тексерді де, орнынан тік тұрып, жігіттерді көтерген бойы айнала қоршаған топты бір айналып шықты.

(103 сөз)

8 – СЫНЫП


Құмырсқа мен хазіреті Сүлеймен


Бір күні Сүлеймен пайғамбар бір құмырсқадан бір жылда қанша азық жейтінін сұрайды. Құмырсқа: «Бір жылда бір бидай дәнін жеймін» дейді. Алған жауабының рас-өтірігіне көз жеткізу мақсатымен хазіреті Сүлеймен құмырсқаны бір ыдысқа қойып, қасына бір бидай дәнін беріп, дем алатындай тесік тастап ыдысты бір жылға жауып тастайды. Бір жыл өткеннен кейін ашып қараса құмырсқа бидайдын жартысын ғана жепті. Оның бұл әрекетіне таң қалған Пайғамбар құмырсқадан неліктен бидайдың барлығын жемегендігін сұрайды.

Сонда құмырсқа былай жауап берген екен. «Менің азығымды үнемі Аллаһ беретін. Мен оған сеніп бір бидайды толығымен жейтінмін. Өйткені, оның мені ұмытпай рызығымды ұдайы беретініне еш күмәнім жоқ еді. Бірақ осы міндетті сен өзіне алғаныңда, адам ғой деп саған онша сене қоймадым. Мені ұмытып, рызығымды бермей қалуың мүмкін еді. Сондықтан да бір жылдық азығымның жартысын жеп, жартысын келесі жылға бөліп қойған болатынмын» дейді.

(132 сөз)



Ұлы жібек жолы


Жолдың аты жібек саудасына байланысты шыққан.Ал «ұлы» сөзінің қосылуы жолдың кең-байтақ Шығыс өлкелері мен Батыс өлкелерін қосып, байланыстырып жатуынан, жол бойындағы елдердің тіршілігін жандандыруынан. Сондықтан бұл жол «Ұлы Жібек жолы» болып тарихқа енді. Жібек матасы Қытай жерінде б.з.д. 2750 жылы жасалған. Ал оның сауда жолына шығарылып сатыла бастағаны немесе айырбас саудаға түскен мерзімі б.з.д. 5-2 ғасырлардың аралығы.Жібек халықаралық саудаға шығарылғанымен, оны өндіруді Қытай үкіметі өте құпия сақтаған.

Ұлы Жібек жолы Ұлы Қытай қорғанының батыс шетінен өтіп, Іле өзенімен Ыстықкөлге жетеді.Сауда кезінде жол бойындағы елдер бір-бірімен қарым-қатынас жасаудың барысында өздерін тек тұтыну бұйымдарымен қанағаттандырып қана қоймады.Олар өзара мәдени жағынан да байланысқа түсті.

Жібек жолы халықтар арасындағы сауданың дамуына ғана пайдасын тигізіп қойған жоқ, ол Шығыс пен Батыс елдерінің арасындағы халықаралық қарым-қатынастың дамуына да үлкен әсерін тигізді.

(125 сөз)



Қасиет


Халық бойындағы қасиет өгей болғанда,кейде жер астында жатқан алтын-гауһар есепті. Алтын қазына жер бетіне жарқырай шығып, жалт етті. Тебіреніп теңіз толқыса,тереңіне шөккен меруертті атпай ма жағаға.Тарих телегейі толқығанда да, сол ел тамырындағы қасиет жамырай шығып шарқ ұрады.

Тарих-тарих болғалы ерлік жайында сөйлеген жандар көп-ақ, бірақ өзгенің, бұрынғының бәрі де бірдің басындағы ерлікті, бірінің атымен байланысты ер қимылды айтатын. Осымен бірге шын ерліктің сырының өзі де басқаша болып ашылды. Бұрын ерлік білекпен танылатын сияқты еді, бүгін ерлік жүректен орын тепті. Осындай ерлік қана әрі саналы, әрі тапқыр, әрі қажымас, әрі өзі ерен сұлу сипат болып шоқтанады екен.

Адам бойына бітетін неше алуан жақсы қасиеттердің ішіндегі сұлуы мен асылының бірі ерлік қой. Жеке адамның қасиетін санағанда, ол сондайлық таразының бірі болса,тұтас бір халықты, елдікті алғанда, ол тіпті бірден-бір ғана қасиет белгісі болады.


(143 сөз)



Қазақтың музыкалық аспаптары


Халқымыздың бүгінгі таңдағы белгілі болып отырған 40-тан астам музыкалық аспаптары ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа мирас болып, жалғасын тауып келе жатқан рухани мұра.

Музыкалық аспаптар тек той-думандарда ғана пайдаланылып қоймай, жау шапқанда дабыл, дауылпаз, ұран, керней сияқты түрлері арқылы елге хабар беріліп отырған. Ал бақсы балгерлер зікір салғанда даңғара, асатаяқ, шаңқобыздарды пайдаланатын. Әнші-күйшілер өлең-жыр, терме айтқанда немесе күй шерткенде домбыра, сыбызғы сырнай, қылқобыз сияқты ішекті аспаптармен сүйемелдеген.

Музыка аспаптарын ағаштың қайың, шырша, емен сияқты түрлерінен жасаған. Сонымен қатар аспап жасауға қамыс, саз балшық, малдың терісі мен сүйегі, мүйізі, қылы пайдаланылған. Балшықтан, қамыс, мүйізден үрмелі музыкалық аспап сазсырнай, сыбызғы, адырна, ұран, керней жасалады.

Ішекті музыкалық аспаптар – жетігін, шертер, екі және үш ішекті домбыралар, қобыз, шаңқобыз, соқпалы аспаптар – даңғара, дауылпаз, шыңдауыл, дабыл, асатаяқтың бірнеше түрлері.

(130 сөз)



Ақпан


Міне, күн қайта ұзарып, түн қысқарып келеді. Қазақстанның оңтүстік аймақтарында ойдым-ойдым қарайған жерлерден қылтиып шығып келе жатқан «қар гүлдерін» көруге болады. Олар, әрине, жыпырлап өскен бәйшешектер.

Ұсақ құстардың ішіндегі өжеттері аязды күндердің өзінде балапандарына жем-қорек таси бастайды. Бұлар – шоқитын тұмсықтылар. Олар өздерінің балапандарын жәндіктермен емес, қарағайдың тұқымымен қоректендіреді.

Солтүстік Қазақстанның орманды жерлерін мекендейтін бұландар көктемнің алғашқы күндерінде мүйіздерін тастайды. Бір ай өткеннен кейін жаңасы өсіп шығады.

Міне, қызық! Ақпан айында түлкілердің мінез-құлықтары өзгереді екен.Орман, даланы қалың қар басқанда оларға өздерінің қоректік заттарын, оның ішінде тышқандарды аулап жеу қиынға түседі.Осы кезде олар жақын маңдағы ауылдарға, құс фермаларына келіп, сонда күнелтуге тырысады.

Қыстап қалатын сирек кездесетін құстардың қатарына полярлық ақ жапалақты жатқызуға болады.Оны Алматы маңынан да кездестіріп қалуға болады.Әдетте бұл әдемі құстар Қазақстанның солтүстік және орталық аймақтарындағы далаларда да кездеседі.


(132 сөз)



Арамдықтың ақыры


Діннің не екенін білмейтін екі дінсіз адам бір күні бір дорба алтын тауып алады. Бұрын-соңды мұндай байлықты ұстап көрмеген екеуі не істерін білмей шыбынның ызыңынан да мазасызданып, дегбірлері қашады. Ақыры адам аяғы баспаған тауға қашып кетеді. Осылайша алтындарын елдің көзінен тасаға жасырып үлгереді.

Арадан бірнеше күн өткен соң, азықтары таусылып, біреуінің ауылға барып келуіне тура келеді. Екіншісі алтынның басында қарауылдап қалады.

Ауылға кеткен адам, азық-түлікті алып келе жатып бір қулық жасау ойына сап ете қалады. Тамаққа у қосып, алтынды иеленіп қалайын. Ол алтын өмірімнің соңына дейін жетеді, - деді.

Ал алтынның басында қарауыл болып қалған адам былай деп қулық ойлайды: Мына үлкен тастың арқасына жасырынып, жолдасымның арқасынан атып өлтірейін. Алтынды бөліскеннен гөрі осылай істегенім жөн болар.

Алтынның басындағы адам, жолдасын өлтіріп, оның әкелген тамағын ішіп, уланып өледі. Сонымен «таласқанға тас та жоқ» дегеннің кері келіп, арамдықтары ештеңеге аспай қалады.

(141 сөз)






























9-СЫНЫП


Бүркіт салу


Абайдың неше күннен бері күткені - бұларға Абыралының айтып жіберген сәлемі-Қарашолақтың қасқырға түсетін өнерін көрсету еді. Күні-түні мылтық атылып, даланың бар тағысын үркітіп-қашырып қойған соң амал не? Екі күн болды, ақыры көп қаңғыртып, талдырып кеп біреуі із шалдырған. Алдарында кешеден бері сілелерін қатырып, сан бұлтаққа салып адастырып келе жатқан бір көкжал бөрі бар. Бүгін күн сәске бойы көтеріле жан-жағынан қамалап шығар жол қалдырмағасын Таймақкөлдің қалың шеңгелді, қамысты жағына қарай тартқан. Енді кішкене бөгеліссе, алдырмай құтылып кеткелі тұр. Сол кезде аспанда шыр айналып жүрген Қарашолақ та зуылдай төмен қарай ақты. Қыста құмығып күн күркіресе, дәл мұндай боп төңіректі сілкінте жаңғырықпас. Алға озыңқырап кеткен Измайлов қанат-құйрығы ауаны ысқырта суылдап құйылып келе жатқан бүркітті өзіне келіп түскендей көріп, атаның жалын құшып жабысып алыпты.

Абай бүркіт салып жүріп көк тағысының аңға бұлай құйылып, ауаны жаңғырықтырып қақ айыра тіліп түскенін көрмеп еді. Бар дүние бір уыс боп тарылып, соның төрінен ысқырып тәңірдің көк тасы атылып келе жатқандай болған.

(150 сөз)



Ананың көңілі балада


Үнемі дәмді тамағымен үй ішін қуантатын ана, арнайы ас әзірлеп ұлы мен келінін қонаққа шақырады. Олармен бірге отбасының ескі бір досы да шақырылады. Қонақтар дастархан басына жайғасқан соң, алдыларына тамақ қойылады. Барлығы тамақтан дәм тата бастағанда тамақтың дәмі бұрынғы дәмді тамақтарға мүлде ұқсамайды. Керісінше, өте ащы, әрең жейсің. Тамақтан күйгеннің иісі шығып тұр. Оның үстіне еті де шикі пісірілген. Қонақтар не істерін білмей, отырып қалады. Бірақ үй иесінің көңілін түсірмеу үшін ештеңе болмағандай түрткілеп отыра береді. Тамақтан соң, баласы мен келіні ата-анасымен қоштасып үйлеріне қайтады. Оңаша қалған кезде әлгі досы үйдің ханымынан:

- Біздің араласып жүргенімізге біраз уақыттың жүзі болды. Сенің керемет аспаз екеніңді білемін. Құдай үшін айтшы, бүгінгі асыңа не болған?! Ауырып қалдың ба әлде бір нәрселер мазалап тұр ма? – деп сұрайды. Әйел аз ғана езу тартты да былай жауап берді:

- Жо-жоқ, ешнәрсе де болған жоқ. Әдейі солай жасадым. Балам қайта-қайта анасының тамағын мақтап әйелінің есін шығармай, тату-тәтті өмір сүруі үшін осылай істеуіме тура келді.

(160 сөз)



Күзгі салым


Құнанбай Жидебайда отырған көп ауылдарға күзге салым соңында шұбыра ерген жүз қаралы нөкері бар, адуан айбары күндік жерден шашырап, күміс ер-тұрманы омырауына дейін төгіліп жарқ-жұрқ еткен ақ боз арғымақпен оралды. Басында алтын шілтерлі бекзадалар киетін шошақ төбелі ақ шұға қалпақ, үстіне нақ осындай түстес оюмен айқыш-ұйқыш етіп зерленген ақ түбіт шекпен, мойнына соның бәрінің сыртынан салбырата асырып дөңгелек күміс ақ табақша тағынып алыпты. Бұлар Қарқаралыдан сап түзеп шыққанда жаңа сайланған аға сұлтанға «қайырлы болсын» айтып тұс-тұстан ағылып кеп қосылып, тағы да ел шетінен еріксіз қиястап, көп қонақтап «құрмалдық, тасаттық» беріп жүріп алысқан саны мол қошеметшілер еді.

Әлгі екі арада бауырдағы мал тұяғы шиырлай қоймаған тырбақ жоңышқалы, бетегелі көк жазыққа қатар-қатар бірнеше ақ шаңқан үйлер әп-сәтте тігіліп үлгеріпті. Алыстан қарағанда көкжиек бойы көмкерген жаңа бір орда, қауым қалашығы орнай қалған іспетті. Келген қонақтар топ-тобымен бөлініп, сыртта көп кідірмей, қаншасы болсын солардың ішіне лезде сүңгіп, жұтылып кетіп жатыр. Әр үйдің алдында иіріп әкеп, бата тілетіп сойылып жатқан малдан төңірек қан сасып кетті.

(167 сөз)





Қазақтың ұлттық тағамдары


Сөк. Қуырған тарыны қазақ сөк деп атайды. Ол үшін тары жел өтіне суырылып, екшеленеді, тазаланады. Бірнеше рет таза суға жуылады. Дегдігенше оны аздап кептіреді де, қазанға су құйып, тарыны соған салып, қайнатады. Қазандағы тары қауызы ашыла бастағанда,сүзіп алады. Содан соң таза сумен бірнеше қайтара жуып, дегдуі үшін, жайып қояды.

Дегдіген соң, қызған қазанға салып,қуырады. Қуырған кезде бұлғауышпен үздіксіз бұлғап отыру керек. Әйтпесе, тарының астыңғы беті қуырылып, үсті қуырылмай қалады. Ал ала-құла қуырылған тарынын ақтаған кезде,қауызынанажырату қиын. Әрі мұндай тарының сөгі де ала болады.

Қуырған тары тым суып кетсе, жасып қалады. Сондықтан оны көп суытпай,келіге түйіп алу керек. Тары түйетін келінің де, келсаптың да қатты ағаштан жасалғаны дұрыс.

Түйілген тарыны табаққа салып алып, суырады. Сөйтіп, қауызынан айырады. Бір түйгеннен тары қауызынан түгел айырылмайтындықтан, оны екінші рет түйеді. Мұны ақтау деп атайды. Ақталған тарыны тағы да желпіп суырады. Сонымен сөк дайын болады. Сөктің түсі сарғыш, хош иісті аса дәмді келеді.

Сөк көбінесе шай дастарханына қойылады. Сондай-ақ тағы да басқа неше түрлі тағамдар дайындауға болады.

(154 сөз)


Кітап


Кітабымен жүрегіңді жылытқан жазушының бәрін де жақсы көресің. Бірақ солардың ішінде өз көңіліңе өте ұнап, өзгелерден ыстық болып танылғандары болады. Оны көрмесең де білетін, танымасаң да танитын сияқтысың. Айта берсе, ол сенің жақын адамың, тіпті туысың тәрізді болып тұрады. Алыстағы ағайынның анда-санда жазар сәлем хатын сағына күтетіндей. Жақсы көретін жазушыңның шығармасын аңсай тосасың. Оның не жазып жатқаны жөнінде газет бетінен екі-үш жол ғана хабар оқысаң, көңіліңе медеу болып қалады. Ал енді ол кітап дүкеніне келіп түскенде, сенің қуанышыңда шек болмайды. Баспахана бояуының исі аңқыған ол кітаптың сыртын үйіңе жеткенше әлденеше рет сипап та қоясың, тезірек отырып оқуға асығасың. Ал оны оқи отырып, жаның рахаттанады, жүрегің оттай лауланады. Өкпеңді толтыра терең-терең тыныс алып, аса бір ләззатты ыстық күй кешесің. Сен ол кезде жазушыңның кім екенін ұмытасың. Сенің көз алдыңда сол кітаптағы оқиға ғана, соның кейіпкерлері ғана тұрады. Жақсы кейіпкер жаныңа қанат бітіріп, сені жақсылыққа, адалдыққа, әділдікке, адамгершілікке талпынтады. Сүйген асыңның бойға қан боп тарап, тіршілігіңе қуат берері тәрізді, сүйікті кітап кейіпкерлері де өмір бойы сенің жадыңда жүреді, жүрегіңе лүпіл, жаныңа жылу береді.


(157 сөз)



Сырымбет


Күн шыға Сырымбетке жеткен жолаушылар Шыңғыс аулында бұрылуға дәті бармай, тау бауырында аттарын шалдырған. Күймелі арбадан қарғып түскен Ақжігіт алды-артына қарамай, Сырымбеттің биігіне өрмелей жүгіріп еді. Жолындағы қалың қарағайды сырғандай екі қолмен алма-кезек жасқап, жалғыз аяқ жолмен еңкеңдей басып жан ұшыраған талдырмаш бала жалаңаш шоқыға шыға келгенде көзі жайнап сала берген.

Сырымбет – андағайлап алыстан көз тартар аса биік болмағанмен, етегінде жарқыраған көл, бауырында сылдырап аққан кәусар бұлақ, сыңсыған қалың жынысты әсем шоқы. Ең биігінен қарағанда Көкше даласының көп тұсы алақанға салғандай анық көрінеді. Екі өкпесін қысқандай еңсесін басқан қала қапырығынан, аядай жерде аят оқып, күні-түні сарнап,күңіренген мешіт тірлігінен Ақжігіт жалаңаш төскейге шыға келгенде, бар азаптан құтылған қамаудағы адамдай тынысы кеңіп сала берді. Ентігін басқан бала айна

көлдерге,қалың орманға, алыстан мұнартқан көгілдір тауларға дейін тойымсыздана қарап, арқан бойы көтерілген жазғы күндей жүзі жайнап:

-Аһа-һей, а-һей! –деп қалай айғайлап жібергенін аңғармай қалды. Бар алап саңқылдаған бала даусымен жаңғырып,орман ішінде, көл бетінде, сыңсыған бүкіл құс атаулы дүрліге ұшқандай болды.

(158 сөз)




















10 - СЫНЫП


Ұрпақ өмір жалғасы


Ең бір саналы тіршілік санатындағы адамның ұрпақ жаюы – сұлулық пен арпалысқа, қым-қуыт күреске, жақсылық пен жамандыққа толы сыр. Әрбір ұлт пен ұлыстың, халық пен елдің әр қилы кезеңдерде ұрпақ қалдырудағы талғамдарында ала-құлалық болғанымен, бәріне ортақ бір түпқазық ертеңіне деген асқан жауапкершілікке тоғысады. Өйткені, перзент – жеке адамның ғана емес, ұлыс пен ұлттың ертеңі,келер тарихқа барар аманат. Бұл – табиғат-ана қалыптастырған әсем де қасиетті құбылыс. Ұрпақ– саналы өмірдің ең басты кепілдігі.

Атам қазақтың ұрпаққа деген көзқарасы да жан шырылына толы. Олай болары ғасырлар бойы табиғатпен тайталас өрбіген, не қилы заманалар ауыздықпен су ішкен дала тіршілігі ұрпаққа деген қатаң жауапкершілікті қалыптастырады. Толассыз арпалыс үстіндегі тіршілік бауырмалдықты, әрбір ру мен аталықтың, әр шаңырақтың шайқалмай нық тұруын талап етті. Олар шаңырақтың басты мүддесі – ұл тілеген. Ұл – берісі өз үйінің отын өшірмесе, әрісі елге қамқор, жалпақ жұртқа пана. Қазаққа ер бала-ұрпақ, демек, өз өмірінің жалғасы, қала берді, қарт ата-ананың сүйеніші.

Дүниеге қыздың келуі–отбасына енген жаңа нәзіктік пен әсемдік деген сөз. Ағалары, тіпті, ата-анасының өздеріне дейін жаратылысында сезімтал қыз балаға ұнамай қалудан сескенеді, бойларын бұрынғыдан да түзей түсіп, жүріс-тұрыс, іс-қылықтарының бәріне де жаңалық енгізеді, қызға қамқор болады.

(173 сөз)


Қысқы түн


Қыстың ұзақ түні. Үлкен таудың ішінде жел гуілдеп соғып, ақ боран ұйытқып ойнап тұр. Қараңғы, тұманды түннің жанды шошытатын суығы қаһарлы. Ашуы келіп аласұрған қатты дауыл бетіне қарсы қараған затты жерге қаққандай болып құлшынып тұр. Ысқырып, бұлқынып, жынданып, келе жатқан жолында беті қара жартас, жапырағынан айырылған әлсіз ағаш, қарауытқан кішкене қора көрінсе де, екпіндеп келіп, кеудесімен соғып, ақ түтек боранның қиыршақтанған ақ тозаңын шашып, беттерін дамыл алмай көміп тұр.

Долы желдің айдауына түсіп, түтіндей болып алақаншықтанған ұсақ қар ұйытқып келіп, қуыс жердің бетін басып жатыр. Шыңтау тентек желдің ашуы мен ойнағына қарап, тұманды ойға батқандай, бас жағы бұлтқа араласып, мұнарланып, түнеріп тұр. Ақ боран көк пен жерді бір-біріне араластырғандай: аспандағы ай-жұлдыз, жердегі қара-құрадан ешбір белгі жоқ. Айнала аппақ болып тұтасып алған.

Биік тауға екпіндеп ойнап шығып, шың басында өнеріне сүйсінгендей ойнақ салып, етекке қарай ысқырып құлап жөнелгенде, долы дауыл сай бойында жын-перінің күйіне билегендей болады. Ағындап құтырып келіп, жартасқа соғып қорқытпақ болып, көрігін басып гуілдейді.


(177 сөз)


Қазақ халқының салт дәстүрлері


Салт- дәстүр дегеніміз – халықтың ұстанымдардың жиынтығы. Салт-дәстүрлер халыктың өмір-тұрмысынан, дүниетанымынан туындайтын мәдени құбылыс. Әдет-ғұрып ұзақ тарихи мерзімде қалыптасып, халықтың ұлттық болмысын құрайды және оны басқа этностардан ерекшелендіреді. Қазақ әдет-ғұрыптары отбасылық және қауымдық-қоғамдық ғұрыптар деп үлкен екі топқа бөлуге болады. Отбасылық ғұрыптарға баланың дүниеге келуі, ержетуі, келін түсіруі, қыз ұзатуы жатады. Қауымдық ғұрыптарға  наурыз тойы,құрбан айтораза айтас беру, т.б.

Шашу бұл қуанышқа арнап жиналған жұрттың алдында жасалатын ырым. Шашуды жақсылықтарға шашады. Шашудың мәні – жақсылық, молшылық, кұт-береке тілеу. Сүйінші – қуанышты хабарды, бірінші болып жеткізген адамның алатын сый-қәдесі.Көрімдік  – қандай да болсын бір жаңа дүниені алғаш көрсеткенде алатын сый-кәдесі. Отбасылық салт-дәстүрлерге: шілдехана, бесікке салу, қырқынан шығару, үйлену жатады. Шілдехана – сәби туғанша жасалатын той. Бала дүниеге келгеніне 40 күн толғанда қырқынан шығарады. Тұсау кесуге негізінен үлкендер жиналады. Беташар – домбырамен айтылатын ән. Ол келіннің бетін ашарда айтылады. Наурызды қарсы алу. Наурыз тойы көктемгі күн мен түннің теңелу мерзімі 22 наурызда өтеді. Бұл мейрам күнтізбелік ғұрыпқа жатады.Құрбан айт. Ораза бітісімен 70 күннеи кейін құрбан айт келеді. Құрбан айтта жағдайы келген адамдар кұрбандыққа мал шалады. Құрбан айтта адамдар құран оқып, дәм татысады.

(181 сөз)


Атам айтқан әңгіме


Бұрынырақта мүлдем сауатсыз ел болыпты.Ел сауатсыз болуы себепті айналасындағылардан көп қорлық көрсе де, ешкім өз баласынбасқа елге оқуға жіберуді қаламайды екен.Бір ана ар-намысқа шыдамай өзінің жалғыз ұлын оқуға жіберуді қалайды. Баласы ынжықтау екен, кеткісі келмейді. Анасы кетуге мәжбүр етеді. Содан баласы: «Сен мені жек көріп, ауылдан қуып жатырсың» деп анасына өкпелеп, артына бұрылмастан кетеді. Анасы жіберерін жіберсе де көзі қимай, бір биікке шығып, баласы көзден ғайып болғаншасоңынан қарап тұрып қалады. Баласы сол кеткеннен ұзақ жылдар бойы оқып, білімпаз болып еліне қайтады. Ол ел шетіне жақындап, ауылда нендей өзгеріс бар екен, соны аңдайын деп төңірегіне көз тіксе, бір төмпешік құм үстінде тік тұрған адам сүлбесін көреді. Ол қайран қалады: себебі өзі кеткенде мұндай көрініс жоқ болатын, қасына жақындап барып қараса – өз анасы. «Апа!» деп құшағын жая ұмтылады. Ол құшақтай бергенде ана құлайды. Аң-таң болып қараса, анасы әлдеқашан жан тәсілім етіп, үлбіреген кеудесі ғана тұр екен.Бұл ауыл адамдарын жиып,мән-жайды сұрастырса, анасы оны оқуға жіберіп тұрып, соңынан қарау үшін сол төбеге шыққаннан қайтып түспеген екен....

Өз анаң жұдырығын құлаштап сілтесе де, қатты ұрмайды,-дейді әкем.

«Арыстан алған бағытынан, ер ниетінен шегінбеуі керек» деп өсиет айтатын еді Көше биі.

(184 сөз)




Талшыбық


Айжанның үйі ауылдың шетінде орналасқан, үйлерінің айналасында қалың тал бар. Қыста қатты боран соққанда осы талдар үйге әжептеуір пана болады. Бұл талдарды кезінде Айжанның атасыөз қолымен отырғызған көрінеді.Осы ағаштардың ішінде әдемі бір қайың болушы еді. Айжан оны атасының көзіндей ерекше жақсы көретін.

Өткен жылы қыс қатты болды. Ақпанның аязды күндерінің бірінде қайың суыққа шыдай алмай, қарс айрылыпты. Мұны көрген Айжан қатты қапаланды, тіпті жылап та алды. Жылайтындайы да бар, өйткені бүкіл балалық шағын осы қайыңның саясында өткізген еді ғой. Неге басқа ағаштар сияқты суыққа шыдай алмайды екен. Енді не істеу керек? Оны ойланып-толғанып, Айжан көктем шыққан соң тура сол қайыңның орнына басқа тал шыбық отырғызуға бекінді.

Көп ұзамай көктем шықты. Қырат, белдеулерде дала тіршілігі жандана бастады. Міне, осы кезде Айжан өзінің ойлаған ісін орындауға кірісті. Алдымен ол ауыл сыртындағы баққа барып, бір шыбығын топырағымен қазып әкелді. Содан соң кішкене шұңқыр қазып, қайың шыбығын соған қондырды. Күн сайын су құйып, түбін қопарыстырып босатты. Күн де жас шыбыққа сәулесін аямай төкті. Ерекше күтілген жас шыбық өсе бастады. Мұны көрген Айжан бейне бір атасының өсиетін орындағандай күйде еді. Ол өзін бір түрлі есейіп кеткендей сезінді.

(184 сөз)





























11-СЫНЫП


Ақсақ Темір


Ол елу жыл жапанды жалпағынан басып,өзінен өзге де күш барын сезген адам емес. Темірдің темір өкшесі талай қаланы молаға, талай елді елсіз далаға айналдырды. Талай мемлекетті балшықтай жаншып,шалшықтай шашып жіберді. Пілдің шойын табаны құмырсқаның илеуін қалай таптаса, бұл одан да асырды. Оның жүріп өткен жерлерін төрт жағына түгел аққан қан өзендері сай-саланы топандай басты. Жеңілген елдің сүйегінен биік мұнаралы минарет,сарайлар салдырды.

Темір ажалмен күш теңестіріп, өмірді талқандады. Өзінің жалғыз ұлы Жәңгірді ажал алғанын кектеп, ажалға талай жерде қамшы соғып, қармысын қаптырды. Ол ажалдың күнбе-күн алып тұратын құрбандығын тартып алғысы келді. Содан кейін қайғыға булығып, арып-талып, ажалдың өзі де аштан өлсін деді.

Жалғыз баласы Жәңгір өлгенде, Самархан халқы от түкіріп, қан қақырған арыстанын қаралы қошеметпен қарсы алған ғой. Өлім егіп, өлімтік қорғап, айналасына у шашқан ақсақ арыстан қара мен көктен ғана киініп, ішін жалын өртеп, шер кернеп шыққан еді.

Отырарда өліммен ұшырасып, ұлын берген сағаттан бастап, отыз жыл бойы Темір бір езу тартқан емес-ті... Сол ұшырасқанда өлім оны жеңіп, өзім өлсем, дүниеге у шашарым болады деген ұлын тартып алған-ды. Содан бері отыз жыл бойы адам баласын аяу дегенге, адам баласын сүю дегенге мүлде жабылып қалған.

(192 сөз)



Ақын көзімен қарағанда


Бұл аптада Қасымбек пен Мұхтар ұзақ-ұзақ үйге оралмай, Әуез ата берген пәрменмен «Абай аға шыққан қырға шығып, Абай аға түскен ойға түсіп», алты күн ат үстінде жүрді.

Мұхтар мен Қасымбек бүгін таң ата Бөрліден Шыңғысқа қарай бет түзеп, Қарауылдың қашанғы қасқа жолымен аттарын сау желдіріп, Ералы жазығына шығып еді, ұшы-қиырсыз кең дала күн қыза көк бұйра сағымға шомылып шетсіз-шексіз көк теңізге айналды да кетті. Жер бетінде бұлың-бұлың құбылып қозғалмайтын бұршақтай бұлдыр жоқ. Төңірек түгел толқып-шалқып жатты.

Сол жақта маң даланың биіктен жалбыраған жалы секілді ұлан-асу Арқат биіктеген үстіне биіктей түсіп, Шыңғысқа қарай зулап көшіп барады. Қарсы беттегі үйме-жүйме үйіліп қалған қос Орда да қопарыла қозғалып, әрі ығыса, ысырыла түскен. Оң қанатта мұнартқан Ақшоқы таулар тәрізді телегейге жүзбейді,шоқтығын көк торғын шымылдықпен көлегейлеп тұрады.Тұрады да, ауық-ауық көкбұйра толқынға сүңгіп жоқ боп кетеді. Жүргіншілер ат басын солай бұрып, желе жортып жақындай түскенде ғана төбеде көлеңдеген көк жібек шымылдығын кеудеге түсіре бере бетін ашып, мыналарды қол бұлғап шақырғандай болады. Бірақ бұл да бір орында тұрып шақырмайды,әрі қарай сағым кеше жылжып жүріп бара жатып шақырады.

Бұлардың бәрі қайда бара жатыр?

Шыңғыстауға - Шыңғыс сілеміндегі Жидебайға, осынау өзі ғұмыр бойы жырлап еліне нәр болар сырға, жеріне әр берер нұрға айналдырған, жалғанның жарығын тастап, фәниден бақиға аттанған Абайға бара жатыр, әрине.

(200 сөз)



Жеті қазынаның бірі


Аң патшасы арыстан қызметшісі жолбарысқа ормандағы аңдарды жинауды бұйырыпты. Арыстан патша әлемде ең қайратты, әрі ақылды, епті кім екенін білгісі келіпті. Аңдар лезде жинала қалады. Арыстанның сөзін естіген соң түлкі алға шығып:

  • О, әлемде теңдесі жоқ патшам! Бұл өмірде сізден қайратты, ақылды, епті жан жоқ.Сондықтан да біз сізді патша сайлағанбыз!. Сіздің қайырымдылығыңыз шексіз, — депті.Басқа аңдар да арыстанға жағымпаздана, оны дүниедегі ең күшті, ақылды деп лепіртеді. Мақтау сөздерге мәз болған ақымақ арыстан бір бұрышта құлағы салбырап, өзі маужырапжатқан итті көреді. Дереу гүрілдеп итке төне түседі де:

  • Әй, сен оңбаған, мыналардың айтып жатқанын естіп отырсың ба? Неге үндемейсің? -дейді.

Ит салмақты қалпын бұзбастан:

- Ә, сен бе едің. Сонша неге орманды басыңа көтересің. Менің де сені мақтап бас ұруым керек пе? — деп, басын көтерместен тәкаппарлана сөйлейді.

  • Ал сонда дүниедегі ең қайратты, әрі ақылды, әділ әрі епті кім? - дейді арыстан.

- Мен үшін дүниедегі қайратты, әрі ақылды, ол тек адамзат! Арыстан одан бетер іс қырып, дереу жолбарысқа:

- Ит иттігін жасап, адамды мақтады. Біздің арамызда бұдан былай оған орын болмауға тиіс.
Дереу орманнан аластатыңдар!—депті күндей күркіреп.

Бұл сөзден соң ит мүлде көңілі қалып, олардың арасынан біржола кете барған екен.Содан бері ит адамның досы, көмекшісі. Кейін "Ит — жеті қазынаның бірі" деген сөз қалыптасыпты.

(206 сөз)



Ағайындар


Құнанбай аға сұлтан болды да, өзгелерінің қатарынан озғындап кетті. Онда әкімдік бар. Сыртқа да, ұлыққа да жақындық бедел бар. Әрі қолы ұзын малды. Сөзге жүйрік мінезбенен іске де алғыр. Осының бәрі өз ортасын бойымен басып жыға беруге себеп болатын. Бірақ, Құнанбайдың мықты жері тобықты іші болса,әлсіз жері де осы тобықтының ішінде. «Құс қанатымен ұшып,құйрығымен қонады». Сол қанаты мен құйрығы – ел ішінде өзі тұстас ру басылар. Осы Байсал, Бөжейлер.

Осылар соңғы бір жыл бойында бұрынғыдай ашық-жарқын емес. Іштей Құнанбаймен аңдысып қалған сияқты. Оны Құнанбай біледі. Бірақ, осындай қын қосарына ілестірсе болғаны. Түбі,бәрінің де бағатын таразысы –ел. Сол елдің алдында байлауды Құнанбаймен бірге байласқан. Осылар болған соң жетті. Күйсе Құнанабайлармен бірге күйеді. Ал, ішінде не жатыр, оны білмейді. Олай болса, Құнанбайдың да сырты бұлардың ішін білмеген,елемеген кісі тәрізді болатын.

Бөжей-қалың жігітектің адамы. Бұрын орталарынан Кеңгірбайдай теріс азу,мықты биі шыққан ел. Бертінде ұрыншақ, қолшыл болып және барымташы,жортуылшы жігіті көп шықты. Шетінен сөзуар жігітек. Байсал да сондай мол ру көтібақтың тұрғысы. Бұл, әсіресе, мал көбейтіп, жерді мол қамтуға тырысатын,көптігіне сеніп, анау-мынаудан онша ағайынды елдер ішінде ең азы-бөкеншінің кісісі. Мал, дүниеге шағыны да осылар. Бөкеншінің кірмелеу туысы борсақ. Жаңағы бұлар сөз қылған Қодар сол борсақ болатын.

Құнанбай болса Ырғызбай руынан. Бұл бас жағына келгенде жігітектен де аз. Бірақ әрі малды,әрі көптен бері тобықтыны билеп –төстеп келе жатқан ауылдар.

(207 сөз)



Халық бейнесі

Жалпы XIX ғасырдың соңғы елу жылындағы қазақ өмірінің көркем шежіресі боп табылатын ұлан-ғайыр эпопеяда барлық қыр-сырымен халық бейнесі жасалды десек, сол халық өкілдерінің ішінен айрықша атап айтарлық бедерлі бейнелер – Дәркембай мен Базаралы. Балағаз бен Абылғазыдан Дәрмен мен Сейітке дейінгі ондаған кейіпкерлер – Дәркембай мен Базаралының әлеуметтікортасы, қоғамдық қоршауы. Бұл екеуі жүрген жерлердегі келешек үшін күрестің де сыр-сипаты бөлек, қарсыластардың ара жігі ақ пен қарадай айқын. Осылар арқылы автор романдағы жүздеген типтер мен характерлер ішінен уақыт сынынан өтіп өсетіндерін де, келешегі жоқ өшетіндерін де өмірдің өзіне іріктетіп, сұрыптатып отырады.

Дәркембай - кедей. Малы жоқтың халы жоқ, соры көп, бағы байланған заманда Дәркембайдың малдылардан, күштілерден көргені – зорлық, қорлық; өмірден алған сыбағасы - жоқшылық, тапшылық. Абай айтқандай, Дәркембайдың өмірге қыран көзіндей ғып көзін ашқан да жоқшылық. Оның көп өмірі Сүйіндік пен Сүгірдің малын бағып, көшіне ілесіп текке өткен. Соны кейін аңғарған Дәркембай өз еңбектерімен жер жыртып, дән сеуіп күн көріп отырған жатақтарға қосылады. Қырық үйлі жатақтың Сүйіндік пен Сүгір сияқты өзімен «атасы туыс емес, тірлігі туыс. Көрген көресі, кешкен соры туыс» деп қосылады. «Күйі бірдің күні бір,- дейді Дәркембай. Туысым-аталасым емес, өзіммен мұңы бір, бейнеті бір жатақтар; руым, ұраным да осылармен!» Демек, Дәркембайды өзі секілді кедейлермен тағдыр табыстырады. Бұл оның байлармен іргесін біржолата ажыратып, ат құйрығын кескені, өз мүдделестерімен біржола бірігіп, тілекке тілек, білекке білек қосқаны еді.

(220 сөз)



Shape1 Shape2

Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
24.03.2025
337
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі