жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
"Қазіргі ағымдық, мерзімдік басылымдардағы әдеби үрдіске ғылыми сын" мақала
Қазіргі ағымдық, мерзімдік басылымдардағы әдеби үрдіске
ғылыми сын
Семей қаласының Каз МЗУ Ф.Ғ.К.доценті Р.М.Мұқажанова
«Семей қаласының №6 гимназия»КММ қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі, Каз МЗУ магистранті А.Р.Шакенова
Көркем әдебиеттің өміршеңдігін айқындайтын басты өлшемдердің бірі-әдебиеттің халықтығы болып саналады. Өз заманында атақты Т.Кәкішев халықтық қасиеттің аса күрделілігіне назар аударып, оны көркем шығарманың шыншылдығы, бейнелілігі, бағыттылығы, ұлттық сипаты, жалпы адам заттылығы сияқты категориялармен етене байланыста қарастырып: «Өз Отанын сүйіп, үмітін бөліскен, ауруымен ауырып, қуанышына ортақтаса білген» суреткер ғана шыншыл, халықшыл» -деп жазған еді. Олай болса, қазақ әдебиеті сыншыларының жан айғайынан осындай ізгіліктерді яғни шыншылдық, халықшылдық тәрізді белгілерді аңдауға тиіспіз.
ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ баспасөзінің сипатына тарихи тұрғыдан тоқталсақ, бұл кезең қазақ баспасөзінің енді-енді ғана дүниеге келіп, халықтың арасына тарай бастаған кезеңі, әрі халықтың тар жол тайғақты кезеңі. Осындай аласапыран кезеңде халық тағдыры мен қоғам өмірінің шындығын бүкпесіз батыл жариялаған қазақ баспасөзінің қызметі орасан зор болды.
Бір жарым ғасырға таяу ғұмыры бар қазақ баспасөзі халқымыздың тағдырымен біте қайнасып, бірге жасасып келеді. Осы мезгіл ішінде түрлі кезеңдерді бастан кешіп, біресе алға басып дамыса, енді бірде жүрісін баяулатып, тіпті тоқыраған тұстары да болмай қалған жоқ.
Қазақстанның қалаларында патшаның жергілікті әкімшілік орындарының ресми органдары болып табылатын газеттер шыға бастады. «Облыстық ведомстволармен» қатар қазақ тіліне аударылып, Орынборда «Торғай» газеті, Омбыда «Дала уалаяты» газеті, сондай–ақ Оралда, Астраханьда және басқа кейбір қалаларда шығарылған газеттер де Қазақстан өмірімен байланысты болды .
Әдеби сынның дамуы арнасы- баспасөз. Сондықтан да сынның дамуы баспасөздің дамуына тікелей байланысты. Он тоғызыншы ғасырдың екінші жарымында қазақ даласында баспасөздің тууы шын мәніндегі жазба әдеби сынның пайда болуына тікелей қолайлы жағдай туғызды. Әдебиетке қатысты алғашқы сын мақалалар ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде шыға бастаған «Түркістан уалаяты» газеті (1870-1882) мен «Дала уалаяты» газеті (1888-1902) беттерінде көрінді. Қазақ баспасөздерінің қарлығаштары болған бұл газеттер әлеуметтік-рухани ойларды оятумен бірге әдеби ой-пікірлердің де көш басында тұрды.
Бұл газеттер қазақ халқының
қамын ойлап, оның әлеуметтік-шаруашылық және мәдени-ағарту
тілектерін ескергендіктен шығарылған жоқ, патша үкіметінің
отаршылдық саясатын күшейе түсу, оның бұйрық-жарлықтарын жергілікті
халықтардың ана тілінде жариялап, сөзсіз орындаттыру, сондай-ақ
оның ресми көзқарастарын халық арасына кең таратып, қол
астындағыларды шексіз бағындырып ұстау мақсатын көздеді.
Алайда патша үкіметінің екіжүзді мақсатына қарамастан, Қазақстанда
мәдениетің дамуына мерзімді баспасөздің пайда болуы елеулі
әсер етті. Патша үкіметінің заңдарын, жарлықтарын жариялап, оның
реакцияшыл, отаршылдық саясатын уағыздай отырып, сонымен қатар бұл
газеттер өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту
мәселелерін көтеруге мүдделі болды. Бұл газеттерде мал шаруашылығы
жайлы, мектептер, егіншілік туралы және сауда туралы жазылып тұрды,
қазақ халқының тарихына, тіліне, ауыз әдебиетіне, этнографиясына,
Қазақстанның археологиясы мен пайдалы кен байлықтарына арналған
мақалалар басылып отырды.
Алдымен аударма ретінде шығып, бірте- бірте дербес газет дәрежесіне
дейін жетіп, қазақ тілінде шығарылған «Түркістан уалаяты» газеті
(1870–1882) мен «Дала уалаяты» газеті (1888–1902) қазақ баспасөзі
тарихының алғашқы бет ашарлары деп есептелінеді. Бұл газеттер патша
үкіметі қойған міндеттер мен мақсаттарға, оның отаршылдық саясатын
жүзеге асыруға, Қазақстанда капиталистік қатынастарды орнықтыруға
қызмет еткенімен, объективтілік тұрғыдан қарағанда қазақтың тілі
мен жазба әдебиетін қалыптастыруда, ұлттық мәдениеті мен
экономикасының тарихын жазу жөнінде белгілі дәрежеде айтарлықтай
роль атқарды. Ташкент қаласында 1870–1917 жылдары орыс тілінде
«Туркестанские ведомости» газеті шығып тұрды. Түркістан
өлкесін билейтін генерал-губернаторлардың ресми органы
болғанымен, бұл газетте жарияланған Орта Азия халықтарының тарихы
мен этнографиясы, археологиясы және географиясы жөніндегі
материалдардың мәні зор болды [27,533]. Газетті шығарысуға
Н.С.Сеерцев, В.В.Бортольд, Н.П.Остроумов, Ш.М.Ибрагимов сияқты
белгілі ғалымдар қатысты.
«Түркістан уалаяты газеті» алғаш Ташкентте шығып тұрған. «Туркестанские ведомости» газетіне қосымшасы ретінде, кейіннен жеке бөлініп, айына екі рет қазақша жарық көріп тұрды. Газет бетінде қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне қатысты түрлі тақырыптағы мақалалармен қатар әдебиетке, тілге байланысты бірсыпыра материалдар жарияланды. Газет бетінде алғаш рет А.С.Пушкиннің, Л.Н.Толстойдың, И.А.Крыловтың аудармалары қазақ тілінде жарияланды.
Қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уалиханов туралы алғашқы мақала осы газет бетінде жарық көрді. Онда генерал-губернаторының Жетісуды аралап жүргенде Шоқанның қабірінің басында болғаны, басына белгі орнатуға бұйрық бергені айтылған.
1876 жылғы 29 санында «Қисса и Қожа-Ғаффанвәһәм Сәдуақас» деген кітапты Мұхамеджан Мұфтахиддиннің өз қаражатына бастырып шығарғанын хабарлап, оған біраз сын айтқан. Кітап «қазақ тілінде басылып шыққан болса да тілінің көбі ноғайша, кейбір жерінің сөзіне түсініп болмайды. Қазақ тілін бұзып басып шығарыпты. Енді оқыған адам қазақ тілі осы деп ойласа керек. Қазақ тілі қандай жарасып бір-біріне жабысып тұрғанын білгіңіз келсе, бір-екі ауыз сөз жазалық» деп, мысалға Орынбай ақынның өлеңдерінен екі шумақ ұсынылған. Бұл мақаланы алғашқы қазақ рецензияларының бірі деп қарау керек.
«Түркістан уалаяты газеті» әртүрлі тақырыптағы ауыз әдебиетінің үлгілерін беріп отырған. Әсіресе мақал-мәтелдер мол кездеседі. «Көп сөздің азы жақсы, аз сөздің өзі жақсы», «Ашу-дұшпан, ақыл-дос», «Ай ортақ, күн ортақ, жақсы ортақ», «Жаманға жалынғанша жат та жаныңды қараман» секілді мақалдарды оқимыз.
Қазақ мақал-мәтелдерін жинап бастырушы Қожа Садық Бабажанов туралы мәлімет берілген. Қ.Бабажанов «... Қазақтың мақал-мәтелдерін зерттеуде елеулі еңбек сіңірген адам. Қазақтың мақал-мәтелдерін «Түркістан уалаятының газетінде» -жариялауына қарай бағалап, осы саланы зерттеудің алғашқы бастамасы деп қараймыз» ,- деп жазады.
Сондай-ақ, газет беттерінде жұмбақтар, айтыстар, өлең-жырлар, аңыз-әңгімелер, ертегілер үзбей жарияланып отырған. Шығыстық қисса–дастандар, әсіресе «Мың бір түннің» хикаялары, араб-парсы әдебиетінен келген қисса-дастандар едәуір орын алған.
Сөйтіп қазақ баспасөзінің тұңғышы санадатын «Түркістан уалаятының газеті» беттерінде қазақ ауыз әдебиетіне, әдеби тілге, жекелеген ақындарға қатысты материалдар алғаш рет тасқа басылып, оқырман қауымға тарады. Бұл шын мәніндегі профессионал жазба әдеби сынының алғашқы көрінісі, бастаулары еді.
«Дала уалаятының газеті» «Акмолинские областные ведомости» газетіне қосымша ретінде Омбыда 1888 жылдан 1893 жылға дейін орыс және қазақ тілдерінде шығып тұрған. Соның орыс тіліндегі «Особое прибавление к Акмолинским областным ведомостям» атты қосымшасы 1894 жылдан бастап, орыс тілінде «Киргизская степная газета», ал қазақ тіліндегісі «Дала уалаятының газеті» деген атпен жарық көре бастады. Газетте негізінен патша үкіметінің бұйрық- жарлықтары, заңдары, хабар-ошарлары жарияланып тұрды. Сонымен бірге жергілікті қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, мәдениеті мен әдебиетіне қатысты материалдар да жиі берілді. Орыстың Г.Потанин, А.Алекторов, А. Ивановский, А.Добромыслов, В.Обручев, Н.Пантусов, Н.Ильминский сияқты зерттеушілерінің қазақтардың тарихына, мәдениетіне, әдебиетіне қатысты мақалалары жарық көрді.
«Дала уалаяты газеті» беттерінде шығыстың классикалық әдебиетінен келген аңыз-әңгімелер, қисса-дастандар жиі жарияланып тұрды. «Мың бір түн», «Бозжігіт», «Шахнама», «Фархад- Шырын» секілді шығармаларға кең орын берілді.
Газетте қазақ ауыз әдебиетінің үлгілері тұрақты орын алды. «Қозы-Көрпеш-Баян сұлу» жырының мазмұны, «Нәрік» батырдың ертегілік нұсқасы, «Ақсақ құлан», «Жошы хан», «Қалмақ толағай яғни қалмақтың басы», «Еңлік-Кебек», «Алдар көсе», «Жиренше шешен», «Асан қайғы» т.б. туралы аңыздар жарық көрді. А.Е.Алекторов, М.Бельский сияқты орыс зерттеушілерімен қатар Ж.Айманов, О.Әлжанов, Б.Адыков, М.Ж.Көпеев, Қ.Жапанов, Б.Райымбеков, Т.Сейфуллин т.б. сияқты қазақ оқығандары қазақ ертегілерін жинап, бастырды. Сондай-ақ мақал-мәтелдер, жұмбақтар А.Васильевтің,Ш.Ибрагимовтің, Ш.Уалихановтің, Қ.Бабажановтың, П.Мелиоранскийдің,В.Катаринскийдің, Ә.Дибаевтың жинастыруымен жарық көрген. Сөйтіп «Дала уалаяты газеті» қазақ әдеби тілінің қалыптасуына, әдеби-сыншыл ойлардың дамуына тарихи еңбек сіңірді.
Жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде қазақ кітаптарының шыға бастауы сыншыл ойлардың ояна түсуіне жағдай жасады. Әсіресе 1909 жылы үш бірдей кітаптың-Абай өлеңдерінің, Ахметтің «Қырық мысалының» және Міржақыптың «Оян, қазағының!»- шығуы қазақ әдебиетінің ғана емес, сыншыл ойлар өрісін де кеңейте түскен айтулы оқиғаға айналды. Арғы-бергі әдебиет жайлы жазылған мақалаларда Абайға соқпай өтпейтін болды. Тіпті әлеуметтік- мәдени өмірдің түрлі мәселелеріне арналғандарының өзінде де ойға дәйек ретінде Абайға жүгіну жиі кездесті
Қазақ әдеби ой-пікірлерінің дамуына «Айқап» журналы мен «Қазақ» газетінің шығып тұруы тарихи рөл атқарды.М.Сералин, А.Байтұрсынов, М.Дулатов сынды ұлтжанды азаматтар шығарып тұрған бұл басылымдарда қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, болашағына қатысты көтерілмеген мәселе болмады. Әсіресе әдебиет пен мәдениет айрықша назарда тұрды. Ұлттық бағыттағы өлеңдер жиі жарияланды. Қазақ әдебиетінің жай- күйін, болашағын айқындауға сол кездегі ұлт- азаттық бағыттағы қазақ қаламгерлерінің дені қатысты.
«Айқап» (1911-1915) журналының қазақ баспасөзінің тарихындағы орны айрықша. Ағартушы-демократ жазушы Мұхамеджан Сералиннің басшылығымен шығып тұрған бұл басылым ХХ ғасырдың басындағы қазақ халқының ұлттық, әлеуметтік санасының оянуына айтарлықтай қызмет етті. Журналдың тақырыптық аясы өте кең. Сол кездегі қазақ қауымын толғандырған әлеуметтік, экономикалық, мәдени мәселелердің ішінде басылым бетінде көтерілмегені жоқ десе де болғандай. «Айқаптың» қанатын кең жайып, кеңінен тарауына А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Н.Құлжанова, С.Торайғыров, С.Сейфуллин, Б.Майлин, М.Малдыбаев, С.Ғаббасов, Ә.Ғалымов, О.Сатыбалдин, Р.Мұсағалиев, М.Тұрғанбаев, Ж.Тлеулин, Ғ.Қарашев, Ж.Мәмеков, Н.Сатыбалды, С.Нұржанов, Ж.Басығарин, Қ.Кемеңгеров, Ш.Құдайбердіұлы т.б. сынды қаламгерлер айтарлықтай үлес қосты.
«Айқапта» көтерілген мәселелердің қомақтысы әдебиет пен тіл болды. 1911–1912 жылдары Әкірам Ғалымов пен 1913–1914 жылдары С.Торайғыровтың журналдың хатшысы, тілші, қызметкер болып С.Көбеев, С.Сейфуллин, Б.Майлин, С.Дөнентаев, М.Жолдыбаев сияқты ақын-жазушылардың шығармаларының басылып тұруы, оның үстіне редакторы М.Сералин сынды әрі жазушы, әрі публицист демократтың басқаруы да басылым бетінде әдебиет, мәдениетке қатысты материалдардың мол көрінуіне септігін тигізген.
«Қазақ» газеті (1913-1918) А.Байтұрсыновтың редакторлығымен Орынборда шығып тұрған. Газет туралы М.Әуезов «Қазақтың еңкейген кәрі, еңбектеген жасына түгелімен ой түсіріп, өлім ұйқысынан оятып, жансыз денесіне қан жүгіртіп, күзгі таңның салқын желіндей ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газеті болатын» [33,220]- деп жазған болатын. Осы себептерден де бұл газет егеменді ел болғанға дейін қалың жұртшылыққа белгісіздеу болып, жабық күй кешіп келді.
«Қазақ» газеті халқымыздың рухани өмірінде терең із қалдырған саяси-әлеуметтік жағынан жетіліп, ұлттық сана-сезімінің оянуына айтарлықтай үлес қосқан халқының қамы үшін отқа түсірген, болашағы үшін күресе білген, кезінде қазақтың мүлгіген даласында шамшырақта жанып болашаққа бағыт көрсеткен айтулы басылым болатын.
Газет сол кездегі ұлтжанды қазақ зиялылары топтасқан рухани орталығы еді. Мұны газет авторларының құрамынан да байқауға болады. Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, Ш.Құдайбердиев, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, С.Дөнентаев, Б.Майлин, С.Торайғыров, Р.Қарашев, А.Мәметов, Б.Серкебаев, Р.Малабаев, Қ.Қоңыратбаев сияқты бүкіл елге танымал қайраткерлердің мақала- шығармалары басылым бетінде үзбей жарияланып тұрды. Сондай-ақ Л.Толстойдан, А.Чеховтан, М.Лермонтовтан, В.Короленкодан, И.Крыловтан аудармалар басылған.
«Қазақтың» шығарушылары әдебиетшілер болғандықтан да газет бетінде әдебиетке қатысты материалдар айтарлықтай орын алған. Газетте сынның барлық жанрларында дерлік мақалалар беріліп, жетіліп-жетігіп, айқындала түсті.
Сонымен «Қазақ» газеті ұлттық әдеби сынның қалыптасып, дамуына тарихи еңбек сіңірді. Сол кездегі бүкіл қазақ аузына қараған Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, А.Баржақсин, Р.Мәрсеков сынды мандайалды зиялыларымыз осы газеттің маңына топтасып, ұлттық әдебиетіміздің дұрыс жолда дамуы үшін ұлтжанды пікірлер айтып, қызмет етті. Ұлттық әдебиетіміз, мәдениетіміз, тарихымыз, тіліміз, дініміз жайлы осыдан 90 жыл айтылған пікірлер әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген