«Кәусар»
– менің өнерге ашылған алғашқы есігім
Жаншина
Аманай Төребекқызы
Педагогика
ғылымының магистрі
Қобызшы
Қобыз
– қазақ халқының ғасырлардан жеткен
қасиетті аспабы. Оның қоңыр үні халықтың
тарихын, рухын, салт-дәстүрін бүгінгі
ұрпақпен жалғап тұрған асыл мұра. Қобызды
меңгеру – тек музыкалық білім алу емес,
ұлттық құндылықтарды бойға сіңіру,
сабырлылықты, жауапкершілікті және
өнерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыру.
Менің
өнерге деген алғашқы қадамым Ақтөбе
қаласындағы қалалық
оқушылар Сарайының
жанынан құрылған Үлгілі «Кәусар»
қобызшылар ансамблінде
басталды. 2009-2014
жылдар
аралығында
осы ансамбльде білім алып, шығармашылық
өмірімнің ең жарқын кезеңдерін өткіздім.
Ансамбльдің
көркемдік жетекшісі әрі алғашқы ұстазым
– менің анам Асылханова
Гульнар Асылханқызы.
Алайда ансамбльде ол маған ана ретінде
емес, барлық шәкіртке бірдей талап
қоятын ұстаз ретінде қарады. Ешқашан
жеңілдік жасаған емес. Керісінше,
өзгелерден де жоғары талап қойып, әр
шығарманы мінсіз орындауға, сахнада
өзін еркін ұстауға, әр нотаны жүрекпен
сезінуге тәрбиеледі. Сол талапшылдықтың
арқасында мен еңбекқорлықты, тәртіпті
және кәсіби жауапкершілікті ерте жастан
меңгердім.
Мен
қобызды кішкентай күнімнен бастап
үйрендім. Ұлттық өнерге деген қызығушылығым
артып, әрдайым ізденіп жүретін зерек
шәкірттердің бірі болдым. Ансамбль
құрамында облыстық, республикалық және
халықаралық байқауларға тұрақты қатысып,
Бас жүлде мен І дәрежелі дипломдардың
иегері атандым. Әрбір жеңісім – ұстазымның
маған деген сенімі мен тынымсыз еңбегінің
нәтижесі.
«Кәусар»
ансамблі маған тек музыкалық білім
берген жоқ. Ол мені үлкен өмірге дайындады.
Осы өнердің арқасында Қазақстанның
көптеген қалаларында ғана емес, шетел
мемлекеттерінде де өнер көрсету бақыты
бұйырды. Әр сапар жаңа тәжірибе, жаңа
орта және үлкен жауапкершілік болатын.
Ұстазым
Гульнар Асылханқызының ерекше тәрбиелік
ұстанымы әлі күнге дейін есімде. Бізді
қай мемлекетке апарса да, сапар алдында
сол елдің тіліндегі «Сәлеметсіз бе?»,
«Рақмет», «Сау болыңыз» сияқты қарапайым
сөздерді жаттататын. «Өнер адамды
халықтармен жақындастырады, ал құрмет
кез келген тілден басталады» деп үнемі
айтып отыратын. Сол тәрбиенің арқасында
біз барған еліміздің мәдениетіне
құрметпен қарап, Қазақстанның мәдениетін
лайықты деңгейде таныстыруға тырысатынбыз.
Қалалық
оқушылар сарайындағы Үлгілі «Кәусар»
қобызшылар ансамблін аяқтағаннан кейін
мен Ахмет
Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық
колледжіне
оқуға түсіп, оны үздік
дипломмен
тәмамдадым. Колледж қабырғасында
жүргенде де түрлі республикалық және
халықаралық байқаулардың Бас жүлде
иегері атанып, орындаушылық шеберлігімді
шыңдай түстім.
Кейін
білімімді Құрманғазы
атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында
жалғастырып, бұл оқу орнын да үздік
дипломмен
аяқтадым. Жоғары оқу орнын тәмамдағаннан
кейін өзім білім алған Ахмет Жұбанов
атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінде
оқытушылық қызмет атқардым. Қазіргі
таңда мен педагогика
ғылымдарының магистрімін
және ұлттық музыка өнерін жас ұрпаққа
насихаттау жолында еңбек етіп келемін.
Кейде
менен жетістігімнің сыры туралы сұрайды.
Сондай сәттерде мен еш ойланбастан:
«Менің барлық
жетістігімнің негізі – Ақтөбе қаласындағы
қалалық
оқушылар Сарайының
жанындағы Үлгілі "Кәусар" қобызшылар
ансамблінде алған білімім мен тәрбием»,
– деп жауап беремін.
Ұстаздың
берген білімі шәкірттің өмірлік жолын
айқындайды. Мен бүгін өз ұстазымнан
алған тәлімді шәкірттеріме жеткізіп
келемін. Бұл – өнердегі ұрпақтар
сабақтастығының жарқын көрінісі.
Қобыз
мені үлкен өнер жолына жетеледі. Ал сол
жолдың алғашқы баспалдағы болған Ақтөбе
қаласындағы Қалалық оқушылар сарайының
жанынан құрылған Үлгілі «Кәусар»
қобызшылар ансамблі
мен үшін әрқашан қасиетті өнер ордасы
болып қала береді. Сол шаңырақта алған
тәлім-тәрбие мені кәсіби музыкант, ұстаз
және тұлға ретінде қалыптастырды. Осы
қасиетті өнер ордасына және алғашқы
ұстазым Гульнар Асылханқызына деген
алғысым мен құрметім шексіз.