
Қоғамдағы еріктіліктің рөлі
Еріктілік түсінігі
Еріктілік – ешқандай ақшалай сыйақы күтпестен, өз қалауымен жақсылық жасау
мақсатында адамдарға және қоршаған ортаға көмектесу. Еріктілер халықтың өмір сүру
сапасын жақсартуға өз еркімен үлес қосатын күш болғандықтан, қоғамдағы тұрақтылықты
сақтауға, түрлі іс-шараларды ұйымдастыруға, адамдардың жеке мәселелерін шешуге, тіпті
жаһандық және экологиялық проблемалардың алдын алуға атсалысады.
Қазіргі таңда жағдайы төмен, өзін және отбасын асырауға мүмкіндігі жоқ,
денсаулығы нашар немесе мүмкіндігі шектеулі жандар аз емес. Осындай көмекке мұқтаж
адамдарға қолдау көрсету үшін елімізде көптеген қорлар мен еріктілер жұмыс жасауда.
Олар халыққа қаржылай ғана емес, моральдық тұрғыда да демеу беріп, қиын жағдайдан
шығуына көмектеседі. Бұл істе қарапайым халықтың да үлесі зор. Себебі қор жинау
барысында адамдар өз еркімен қаражат аударып, жанашырлық танытады. Мұның өзі әрбір
адам ерікті бола алатынын дәлелдейді.
Ерікті болудың пайдасы
Ерікті болу жеке адамға да, қоғам мен қоршаған ортаға да үлкен пайда әкеледі.
Алдымен еріктілердің қоғамға тигізетін әсеріне тоқталайық. Біріншіден, еріктілер құрған
қорлар арқылы жиналған қаражат балалар үйіне, қарттар үйіне, денсаулығы нашар
адамдарға және әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға бағытталады. Олар азық-түлікпен,
киім-кешекпен және қажетті тұрмыстық заттармен қамтамасыз етіледі. Көмекке мұқтаж
жандардың көптігін ескерсек, еріктіліктің маңызы зор екенін байқауға болады.
Екіншіден, еріктілер сенбіліктерге шығып, қоршаған ортаны тазалауға белсенді
түрде қатысады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстан Республикасында
экологияның ластану деңгейі жылдан жылға артып келеді. 2024 жылы бұл көрсеткіш 2023
жылмен салыстырғанда 0,6%-ға өскен. Ал еріктілер ұйымдастыратын тазалық жұмыстары
ластанудың алдын алуға аз болса да өз үлесін қосады.
Сонымен қатар, еріктілердің рөлі қалаларда өткізілетін мәдени және қоғамдық іс-
шараларда да айқын көрінеді. Қазіргі таңда концерттер мен түрлі шаралардың көпшілігі
еріктілердің көмегінсіз өтпейді. Олар ұйымдастыру жұмыстарына белсене араласып, іс-
шаралардың жоғары деңгейде өтуіне ықпал етеді.
Ерікті болу – тек қоғамға ғана емес, адамның өзіне де үлкен мүмкіндік.
Волонтерлік қызмет жаңа орта табуға, ұмытылмас естеліктер жинауға, жақын достармен
танысуға жол ашады. Өзі сияқты дамуға ұмтылған, қоғамға шын жүректен көмектескісі
келетін адамдармен тәжірибе алмасуға мүмкіндік береді. Оған қоса, болашақ мамандығын
әлі анықтамаған жастар үшін еріктілік әртүрлі салада өзін сынап көруге, жасырын
қабілеттерін ашуға әсер етеді.
Мектеп оқушылары үшін ерікті болудың тағы бір маңызды артықшылығы – алғыс
хаттар мен сертификаттар. Жоғары оқу орындарына немесе шетелге оқуға түсу барысында
волонтерлік тәжірибенің портфолиода болуы үлкен рөл атқарады. Көптеген адамдар
еріктілікті хобби ретінде қабылдап, бос уақытын тиімді пайдалануға тырысады. Бұл

олардың өзін-өзі дамытуына, жаңа дағдылар қалыптастыруына және өзіне деген
сенімділігін арттыруына ықпал етеді.
Қорытынды
Әлемнің жақсылыққа толы болуы бір адамның ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ
еңбегіне байланысты. Волонтер болу – әр адамның айналасындағыларға жасай алатын игі
істерінің бастамасы және жақсылыққа толы қоғамға апарар жол. Қорыта айтқанда,
еріктілер қоғамдағы тұрақтылықты сақтауда маңызды рөл атқарады. Сондықтан
әрқайсымыз кішкентай қадамнан бастап, айналамызға пайда тигізуге атсалысуымыз қажет.