Қош бол, бастауыш мектебім!

Тақырып бойынша 31 материал табылды

Қош бол, бастауыш мектебім!

Материал туралы қысқаша түсінік
Материалда бастауыш 4- сынып оқушыларының қоштасу кешіне арналған іс-шара мазмұны берілген.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Сабақтың тақырыбы: «Қош бол, бастауыш мектебім!»  Мақсаты:

  1. Білімнің сара жолы бастауыштан басталатынын , бастауышта алған  білімнің  негіз болып қаланатынына көз жеткізу;
    2. Бастауыш сыныбымен, алғаш қолына қалам ұстатқан алғашқы ұстазымен қоштаса отырып, орта буында дәріс беретін ұстаздармен таныстыру, әр баланың ерекшелігін  таныта отырып, сәт-сапар тілеу;
    3.Білім берер ордасы- мектепті, ұстаздарын құрметтеп, білімге деген құштарлығын арттыру. Өз Отанынының адал ұлы мен қызы болуға тәрбиелеу;
    Көрнекілігі: шарлар, білім кілті, фотомонтаж, слайдтар, видео-ролик, мақал-мәтелдер, нақыл сөздер
    Видеоролик «Шуақты 4 жыл …»

Мұғалім:

Бүгін, міне, жақсы күн жарқыраған,
Көңілдер қуаныштан сарқыраған.
Қоштасатын күн келді бастауышпен,
Қиындау болып тұр-ау бүгін маған.

Кеше ғана алдыма келген еді,
Именіп ұлы ұяға енген еді.
4 жыл бойы сусындап білімменен,
Ұшатын қанат қағып келді кезі.

    Құрметті ата-аналар, қымбатты әріптестер, оқушылар!

Бүгінгі күн осында отырған бәріміз үшін ерекше күн. Оның ерекшелігі  сол, кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп мектеп табалдырығын қуана аттаған ұл-қыздарымыз ақыл ойлары толысып, оң мен солын танып, жақсы мен жаманды айыра білуді үйренген шәкірттеріміз , енді міне, қанаттары қатайып, білімнің негізі болатын бастауыш сыныппен қоштасқалы отыр.

Олай болса 4-сыныптың «Қош бол, бастауыш»  атты мерекелік салтанатына қош келдіңіздер!

Бесіктегі  баланың,
Күлгенін көрген — бір мұрат.
Алдына түсіп ананың,
Жүргенін көрген — бір мұрат –
 дегендей, әр балаңыз мұратқа жеткізер дана болсын!

Толқимыз, толқып тұрсыз баршаңыз да,
Мұндай күй болған, сірә, қаншаңызда.
Қол соғып, қошеметтеп отырайық,
4-сынып оқушылары ортамызда! деп бүгінгі түлектерді ортаға шақыруға рұқсат етіңіздер!
Өзі өте ақ көңіл,сөз шебері, сүйікті пәні әдебиет, болашақ Асаба- Абдашим Абзал

Өзі өте шыншыл, сүйікті пәні ағылшын тілі, болашақ педагог-Хайрулла Балнұр Серікжанқызы


Өзі шыншыл, сүйікті пәні жаратылыстану, болашақ зерттеуші ғалым-Анвар Рамазан Рахымұлы


Өзі өте мейірімді, сүйікті пәні қазақ тілі, болашақ тілші журналист-Жүніс Жанел Нұралықызы


Өзі өте белсенді, сүйікті пәні математика, болашақ – Қаюм Нұрасыл Полатұлы


Өзі алғыр,ер жүрек, сүйікті пәні математика, болашақ әскер-Абдулла Азамат Сейтжаппарұлы


Өзі өте ізденімпаз, сүйікті пәні матем, болашақ кардиолог-Амзе Аяла Ерболқызы


Өзі өте еңбекқор,ұқыпты, сүйікті пәні математика, болашақ АИТ маманы програмист-Бахыт Алихан Бекжанұлы


Өзі өте ұқыпты, оқу озаты, сүйікті пәні математика, болашақ педагог-Жахияева Еркеайым Ергешқызы


Өзі өте сабырлы, сүйікті пәні жаратылыстану, болашақ ғарышкер-Тағай Абзал Толқынұлы


Өзі өте шыншыл, сүйікті пәні дене тәрбиесі, болашақ зілтемірші-Азимжанов Ануарбек Момынжанұлы


Өзі өте сыпайы, сүйікті пәні математика, болашақ педиатр, балалар дәрігері-Убайдулла Ақбота

Өзі топтарда көшбасшы, сүйікті пәні музыка, болашақ әнші-Әлімқожа Жасұлан


Өзі әр істе өте тиянақты, сүйікті пәні орыс тілі, болашақ орыс тілі мұғалімі-Абибулла Сезім Айтхожақызы


Өзі қамқор, сүйікті пәні математика, болашақ өрт сөндіруші-Бабахожа Әбдірахым


Өзі өте сыпайы, сүйікті пәні орыс тілі, болашақ дизайнер-Жорабай Алтынай Ғабитжанқызы


Өзі өте ақкөңіл, сүйікті пәні математика, болашақ математика мұғалімі-Ережепов Аслан Елдарұлы


Өзі өте ізденімпаз, ұқыпты, сүйікті пәні математика, болашақ Эндокринолог-Абдукайм Айша Нурланқызы


Өзі өте белсенді, сүйікті пәні математика, болашақ әскери қызметкер-Сейдазим Мирас Ералыұлы


Өзі өте сабырлы, сүйікті пәні математика, болашақ стоматолог-Адылов Аваз Зиевуддинұлы

Өзі шығармашыл, сүйікті пәні әдебиет, болашақ тілші ,журналист-Лесова Робия Нурланқызы


Өзі қамқор, сүйікті пәні әдебиет, болашақ өрт сөндіруші-Жүнісәлі Саят Ералыұлы

Мұғалім:
Армандасаң да , қиялдасаң  да балалық шағың көз алдыңа келеді. Өйткені, биік асуға беттеген  аяулы ғұмыр, ғажайып өмір осынау бал күлкілі  балалық шақтан басталады. Міне , бүгін біздің бүлдіршіндер өміріне өшпес із қалдырған бастауыш сыныбымен қоштасып, бір жылға тағы да есейгелі  отыр. Ендеше қызықты да, ғаламат өзгерістер сыйлаған, білім нәрімен сусындатқан, өмірде өз жолдарын табуға жол сілтеген ұстаздарына, ата-аналарына  өз өнерлерін көрсетуге дайын.

1 — жүргізуші:  Алихан

Армысыздар, ардақты ұстаздар, қадірлі қонақтар, оқушылар!  Бүгін біз бастауышпен қоштасып, үлкен өмірге аттанғалы отырмыз.
Көз салып қараңызшы бойымызға,
Ортақ боп бүгін өскен ойымызға.
Қош келіпсіз ұстаздар, ата-аналар!
Бастауышпен қоштасу тойымызға.

2 — жүргізуші: Ерке

Бала шаққа болашақты жырлатып,
Шәкірттерге ой түзеткен сымбатты.
Күн нұрындай сәуле құйған көңілге,
Армысыздар, ұстаздарым қымбатты!


1 — жүргізуші: Али

Армысыздар, әжелер мен аналар!
Ұрпағыңыз күнде өзіңнен бата алар.
Ел дәстүрін мәңгі сыйла, оқы деп,
Үйреткен ғой Абай, Ыбырай бабалар.

2 — жүргізуші: Ерке

Армысыздар, өр тұлғалы әкелер!
Қыран құстай балапанын мәпелер.
Бүгін, міне, бастауышпен қоштасады,
Азамат боп, кешегі сәби-еркелер!

1 — жүргізуші: Али

Армысың сен, алтын ұя мектебім,
Саған айтар жыр-алғысым көп менің.
Жүректерге жаққан білім шырағын,
Мектебіме арналады бұл әнім!

2 — жүргізуші:  Ерке

Дұрыс айтасың,   Алихан!   Бұл мектептен қаншама адам тәлім алған десеңші. Менің атам да, әжем де, әкем де, анам да, енді, міне мен де  мектептен тәлім алудамын.

1 — жүргізуші:  Али

«Мектеп — білім» кемесін
Басқарып бүгін келесіз.
Ата-ана, ұстаз, балаға
Ақ жарқын сәлем етесіз.
Шақырып едік, келдіңіз,

Абдыхалық ағайға

Сөз кезегін береміз.
Мектеп директорының құттықтау сөзі


2 — жүргізуші: Ерке

Құрметті Әбдіхалық ағай, қош келдіңіз,
Өзіңізді мақтан етіп жүреміз біз.
Жақсылыққа жаралған жүрегіңіз,
Сөз береміз құрметпен өзіңізге,
Түлектерге арналсын тілегіңіз.

1-жүргізуші: Али

Рақмет, ағай!Біз сіздердің және ата-аналарымыздың ақ үмітін ақтаймыз!

  2-жүргізуші:   Ерке

Ендеше құрметті қонақтар, біздің алтын ұя бастауыш мектебімізге арнаған өлең, жырларына кезек берейік.

Ән. Қазақстан! Орындайтын: ХОР

1 — оқушы: Сезім

Мектeп деген –  білім кені жыр кені,
Мектеп деген –  ғылымның ең үлкені.
Мeктеп деген –  тәрбиеші адамға,
Мектeп деген –  даналардың мекені.

2 — оқушы:  Роббия

Мектебім білім берер алтын ұям,
Бой жетіп сенде сөзім артты санам.
Баулыған 4 жыл бойы ата-анамдай
Әрқашан қасиетті атың маған.
Арада өтсе дағы дүркіреп жыл,
Әр күні балалықтай бір жүрек бұл,
Өзіңе борыштармын өмір бойы,
Есейген шәкіртіңнің серті деп біл.


3-оқушы: Мирас

Ұлылықты ардақ тұтар үнемі,
Алтын ұя, ақ босаға киелі,
Қанат қаққан білім алып өзіңнен,
Күллі шәкірт саған басын иеді.

4-оқушы:  Аяла

Мектебім, алтын ұям, нұрың жарық,
Жайнаттың үмітімнің гүлін жарып.
Сүйкімді сенің күміс қоңырауың,
Тұрады құлағымда сыңғыр қағып.

5-оқушы:  Алтынай

Мектеп – үйім, ұстаздарым – ата-анам,
Сенен өсіп, сенен ғана нәр алам.
Саяң ыстық, сен мәуелі бәйтерек,
Тамырланып, сан тарапқа тараған.

6-оқушы: Абзал А

Алтын ұя мектебім аялаған,
Бар балаға білім беріп, сая болған,
Үлкен жолға түсіріп шәкірттерін,
Жаманға да, жақсыға да пана болған.

1-жүргізуші:    Кезекті бізге білім іргесін қалаған, аялулы да ардақты ұстаздарға аранлаған жыр шашуға берейік!

2-жүргізуші: Әр шәкіртін өз баласынан кем көрмей оқуға, жазуға үйреткен мұғалім еңбегі шексіз ғой.  «Мұғалім — мектептің жүрегі» — деп Ыбырай атамыз бекер айтпаған ғой.

1-жүргізуші:    Ия,  «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға», — деп Абай атамыз айтқандай, алғаш қолымызға қалам ұстатып, 42 әріпті танытқан , оңымыз бен солымызды айырып, білім нәрімен сусындатқан, мектептегі анамыз – ұстаз екені бәрімізге мәлім.

2-жүргізуші:  Дұрыс айтасың, Алихан, ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, көкті шарлаған ғарышкер де, бәрі — бәрі ұстаздан білім мен тәрбие алған.
1-жүргізуші:  Иә, бұл туралы Бауыржан атамыз: «Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де  — ұстаз өсіреді»  деген екен.

2-жүргізуші:  Олай болса келесі жырымызды қолымызға қалам ұстатып, білім нәрімен сусындатқан, мектептегі анамыз –  ұстазымызға арнаймыз!

1-оқушы:  Айша

Маған ұстаз үйретті,
Әліппесін өмірдің.
Жан жүйемді билетті,
Күйі шалқып көңілдің.
Қиялымды кездірді,
Таптым ойдың тұрағын,
Маған ұстаз сездірді,
Алдағы өмір шырағын.

2-оқушы: Балнұр

Басса бұрыс, жол сілтеп, қате дейсіз,
Әр балаға сіз ана-әкедейсіз.
Болашақтың көктеген жас шыбығын,
Бағбанындай аялап, мәпелейсіз.


3-оқушы: Абзал А

Көңілін бар шәкірттің таба алатын,
Кеуделерге намыс отын жаға алатын.
Өзіңіздей болса, шіркін, барлық ұстаз,
Жез таңдай, күміс көмей, сөзі алтын.

4-оқушы: Т.Абзал

Есімде ерен ұстазым,
Шашымнан сипап өткенің.
Аянбай бізге қыс-жазы,
Молынан мейір төккенің.

5-оқушы: Саят

Алғашқы ұстаз, ерекше тұлға дара шың,
Ұмытылмастай көңілде мәңгі қалатын.
Сағына әркез суреттерді парақтап.
Шәкірттерін жиі еске алатын.

6- оқушы:  Аваз

Жаралған жақсы үміт пен мұраттардан ,
Жансыз ғой әлдилеген шуақты арман.
Жатталады жан жүректе есіміңіз,
Анамның аяулы үні сияқтанған.

7- оқушы: Аяла

Шәкірттер сіздерді айтып мақтанады,
Бейнеңіз жүректерде сақталады.
Біз әлі биіктерден көрінеміз,
Үміт пен сеніміңіз ақталады.

Бәрі:  Мың алғыс сізге біздей түлектерден,   

           Мың алғыс мына отты жүректерден!

Ән: «Ұстаз-Ана!»  Балнұр



1-жүргізуші: Али

Қағылды, міне, әуенге бөлеп,
Қағылды соңғы қоңырау.
Қалайша 4 жыл тез өтіп кеткен
Шындық па осы, япыр-ау !

2-жүргізуші: Ерке

Расында да, 4 жыл деген  4 күндей боп өте шықты ғой. Олай болса, мына бізге білім берген ұстаздарға деген шәкірттердің тілегін қабыл алыңыздар!

1-оқушы:  Айша

Байсалды мінезіңіз бірқалыпты,
Менің де көкейімде із қалыпты.
Ұстаздарым, неткен мықты төзімдісіз,
Шәкіртім білім алсын, білсін дейсіз.

2-оқушы:   Жанел

Үйреткен сөз өнердің қыр-сырларын,
Гүлденткен үлес қосып бала бағын.
Ұстаздарым сіздерге шексіз алғыс,
Жүріңіз шәкірттерге беріп дәріс.

3-оқушы: Ақбота

Орыс тілді оқытып,
Тілімізді ширатқан.
Сыныпқа кіріп келгенде,
Қимылдамас еш пенде.
Мадина апай, Айдана апай тәртіпті,
Ұғындырған біздерге

4- оқушы:  Ануарбек

Үйренеміз жалықпай,
Ағылшын тілін шарықтай.
Тіл сындырып,ән айтып,
Шаттанамыз қалықтай,
Жанат апай, Ақмарал апай тәлімі
Сәулесін шашқан жарықтай.

5-оқушы:  Рахым

Ұстаздардың арқасында шаттандық,
Сөзін ту ғып, болашаққа аттандық.
Еңбек пәні мұғалімідері ардақты
Барлығымыз жүретұғын мақтан ғып.

6-оқушы: Жасұлан

Музыка атты пәніміз,
Айтылар онда әніміз.

Динара апай үйретсе
Шырқатамыз бәріміз. Динара апай, сізге мың алғыс!

Ерке: Келесі кезекті ұлдардың тамаша өнеріне берейік. Біздер үшін еңбегін аямаған, барша ұстаздар , сіздерге арналады. Қабыл алыңыздар!

1-жүргізуші:  Иә, осыдан 4 жыл бұрын , біз 6 жастағы бүлдіршін едік,  сөмкемізді зорға көтеріп, мектеп табалдырығын жасқана аттағанбыз.
2-жүргізуші:  Енді міне,  сауатымызды ашып, білім негізін қалаған бастауыш  сыныппен қоштасып, орта буын қатарына қосылғалы тұрмыз.
1-жүргізуші:  Иә, міне, сағымдай боп өте шыққан  4 жыл ішінде біздің  ұстаз-анамыз сауатты, тәрбиелі, өнегелі азамат етіп шығарды.
2-жүргізуші:  Ендеше, бастауыш сыныбымыз туралы неге айтпасқа!

1-оқушы: 

Бастауышым – бал бұлағым,
Лаулап жанған шам-шырағым.
Өзің берген біліміңмен,
Самғап ұшар тау қыраның.

2-оқушы: Роббия

Бастауышым- бал бұлағым,
Алдым сенен балдың дәмін.
Әріп танып, білім алып
Рахметімді жаудырамын.

3- оқушы:  Сезім

Бірдей біздің ойымыз да, сырымыз,
Бір мектептің ұлы менен қызымыз.
Бірдей өстік оқуда да, еңбекте,
Күліп-ойнап бірімізбен біріміз.

4— оқушы: Мирас

Әр үйдің ерке өскен тентегі едік,
Ақылға келе алмадық ерте көніп.
Бойымыз бірте-бірте үйренісіп.
Мектептің ережесін үйрендік  кеп.

5-оқушы: Ақбота

Бастауышта шырқалмаған жыр бар ма?
Бастауыштa айтылмаған сыр бар ма?
Бастaуышта алған білім, жырларым,
Азық болар , әлі талай жылдарға.

6-оқушы:  Сезім

Өтті сенде қызық шағым,
Бастауышым- бал бұлағым.
Қоштасар күн жетті, міне,
Қимастықпен қол бұлғаймын.

 1-жүргізуші: Роббия

Біздер бастауыш сыныпта жоғары сыныптарда өтілетін әдебиет, тарих, биология, алгебра, физика, химия  т.б пәндерге негіз болатын ана тілі, математика, дүниетану,  орыс тілі пәндерін зер салып оқып үйрендік. Бас иемін сіздерге!

 1-оқушы:  А.Абзал

Қазақ тілі пәнінен,
Білім алды балалар.
Сөйлемді, сөз таптарын,
Етістіктің шақтарын,
Жалғаулар мен жұрнақтар.
Ережесін жаттадым, Қазақ тілі мұғалімдері, сіздерге мың алғыс!

2-оқушы: Айша

Анашымдай сыр шерткен,
Ақыл- білім үйреткен.
Ана тілін оқыдық ,
Ерекше зор құрметпен.
Ана тілін сүйеміз,
Құрметпен бас иеміз.
Ана тілмен қоштасамыз,
Әдебиетпен достасамыз. Әдебиет пәні мұғалімдері, сіздерге мың Алғыс!

3- оқушы: Нұрасыл

Ойланып есеп шығартып,
Төрт таңбаны білдірген.
Ғылымдардың патшасы,
Математика данасы. Математика пәні мұғалімдері, сіздерге ымң Алғыс!

4-оқушы:  Рамазан

Ой жіберсең бәріне ,
Дүниетану пәніне.
Өмір сырын үйретер,
Пәннің жақсы бәрі де.
Жер байлығы көп екен,
Игеруді қалайды.
Осының бәрін білдірген,
Дүниетану сабағы. Дүниетану пәні мұғалімдері, Сіздерге мың Алғыс!

5-оқушы: Жанел

Үйренеміз жалықпай,
Орыс тілін шарықтай.
Тіл сындырып, ән айтып,
Шаттанамыз қалыспай. Орыс тілі мұғалімдері, Сіздерге мың Алғыс!

Ерке: Кезекті жүрек тербетер әнге берейік.

Ән: «Бастауышпен қоштасатын кез келді»  Орындайтын: Лесова Роббия. Қабыл алыңыздар!

Кезекті тамаша биге берейік. Үнді биі. Орындайтын: Жанел

Ерке: Мектеп өмірінен әзіл. Қабыл алыңыздар!

Кластастар клип

1 қазақ тілі

2 Өскенде кім боласың?

Али: Алдарыңызда Би. Орындайтын Ұлдар тобы

  1-жүргізуші: Али

   Біздердің жамандығымызды жасырып, жақсылығымызды асырып жүрген біздің ата-анамыз. Қатарымыздың теңі болып, тамағымыз тоқ, көйлегіміздің көк болып жүруі де сол кісілердің арқасы.

2-жүргізуші: Ерке

Олай болса келесі жыр шумақтары аяулы ата-аналарымызға арналады. Қабыл алыңыздар!

1-оқушы:  Абзал А

Ыстық-ау  кім-кімге де әке деген,
Суыққа шалындырмай, мәпелеген.
Өмірдің соқпағымен өрге тартып,
Алдымен адам бол деп жетелеген.

2-оқушы:  Алтынай
Әкешім тілеуімді тілеп жүрген,
Аумайсың жарығы мол ашық күннен.
Шаршайсың жұмыс істеп біздер үшін.
Ақылды балаларың оны білген.

 1-жүргізуші:   Әр ана өз баласын жақсы оқып,  елге қалаулы азамат болса екен дейді. Халқымызда мынадай бір нақыл сөз бар: «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да, борышыңды өтей алмайсың» деген. Алайда ардақты анамыздың ақ сүтін ақтай білгенге не жетсін!

2-жүргізуші:  Иә, дұрыс айтасың Алихан!  Біз болашақта саналы да, ақылды бала болып өссек ананың арманы орындалды деген осы емес пе?!

1-оқушы:  Аслан
Дүниеге әкелген, ол да сенің анашың,
Ақ сүт беріп өсірген, ол да сенің анашың.
Тіл алмасаң кешірген, ол да сенің анашың,
Мәпелеген баласын,аман болсын анашым!

2-оқушы:  Балнұр

Кеудемнен сезім селі ақтарылсын,
Болармын күні ертең-ақ мақтанышың.
Білім алып, тер төгем , еңбек етем,
Өзіңнің сеніміңді ақтау үшін!

Хормен:  Ата-ана сізге мың алғыс!

Али:

Ән: Ата-әже. Орындайтын: Абибулла Сезім

Али: Алдарыңызда өзбек биі. Орындайтын: Қыздар тобы. Қабыл алыңыздар! 

2-жүргізуші:   Ерке

Соңымыздан еріп келе жатқан  мектеп алды даярлық тобының  бүлдіршіндеріне  бастауыштың білім кілтін табыс етеміз.

1-жүргізуші:   Али

Алдарыңда сан тарау жолдары тұр,
Бәрі біздей азамат болғалы тұр.
Біріншіге келетін балаларға
Тапсырамыз  білімнің кілтін біз.

2-жүргізуші: Ерке
Осыдан 4 жыл бұрын біз де сендер секілді бүлдіршін едік. Мектеп табалдырығын имене аттап, оқушы атандық. Енді, міне, 4-сыныпты аяқтап, бастауышпен қоштасқалы отырмыз. Мінекей, бастауыштың  білім кілтін сендерге табыстаймыз. Сабақтарыңды жақсы оқып, тек алда болыңдар!

1-жүргізуші: Али

Болашағы бейне қызыл қыр гүлі,
Бүлдіршінді аяласын күн нұры.
Жаңа табыс жақсы күнге бастасын,
Бүгін соңғы қоңыраудың  сыңғыры.

Бастауыш сатының соңғы қоңырауы соғылсын! дей келе, алдарыңызда қимастықтан туған керемет ән: Қимай тұрмын, Орындайтын: Жахияева Еркеайым. Қабыл алыңыздар!

1 — жүргізуші: Али

Жетекші боп жүрдіңіз түлектерге,
Біздерді ойлап  көңіліңіз жүдеді де.
Шәкірттер тыңдаңыздар ұстаз сөзін,
Сіздерге арнап айтатын тілегін де — дей отырып сөз кезегін ұстазымызға береміз!

Ұстаз тілегі:
Өлкеміздің айналыңдар ертеңіне,
Сенімдердің айналыңдар серперіне.
Ұстаздық ақ жүректен  мен тілеймін,
Тек сәттілік – шәкірттерім ертеңіңе.

Айналайын жап- жарқын жүздеріңнен,
Аластайтын жаныңды күз көңілден.
Мен сендерге мәңгілік тілекшімін,
Тілек тілеп тұратын іздеріңнен.

Қарлығаштай қанат қағып самғаңдар,
Есейіңдер өмір жолын таңдаңдар.
Бастауыштан алған нұрлы білімді,
Әрі қарай, ізденіңдер, жалғаңдар, — демекшімін,  бастауышта алған білімдеріңді әрі қарай шыңдай түсіңдер.

Ақ жол тілеп түлектерді шығарып салады

Мұғалім:

Жақсы шәкірт азамат атанады,
Халқынан, ата-анадан бата алады.
Ұрпағына айтсын деп ақ тілегін,
Ортаға шақырайық ата-ананы.

Ата-аналардың құттықтау сөзі

Ал ата-аналарға айтарым:

Қырандарыңыздың білім қанаттары талмасын.
Тек биікке самғасын!

Ал түлектерге айтарым:

Алдарыңда ұзақ жолың бар,
Оқумен өсіп толыңдар.
Қиындыққа мойымай,
Аман-есен болыңдар!

Арман-тілектерін айтып, әуе шарларын аспанға ұшыру


Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
14.05.2025
124
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі