жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
"Қош келдің,Наурыз!" тәрбие сағаты
Батыс Қазақстан облысы Бөрлі ауданы
Ақсай қаласының №4 ЖОББМ бастауыш сынып мұғалімі
Ахишева Мулкат Бауыржановна
Тақырыбы: Қош келдің , Наурыз!
Мақсаты:Наурыз мейрамы туралы түсінік беру арқылы қазақ халқының салт – дәстүрін, дінін, ұлттық дүниетанымын, ұлттық киімін, тамағын, ұлттық ойындарын насихаттап көрсету. Тілге деген, дінге деген ұлттық сезімдерін ояту, қазақ халқының салт – дәстүрін бағалап, Ұлыстың ұлы күнін мақтанышпен қарсы алып құрметтей білуге тәрбиелеу.
Көрнекілігі: Түрлі суреттер, шарлар, мақал – мәтелдер, киіз үй, ат, ұлттық киімдер, ұлттық тағамдар.
Барысы:
-Құрметті ұстаздар, ата – аналар, қонақтар, бәріміздің көптен күткен «Наурызымыз» келді. Наурыз тойларыңыз құтты болсын: Ұлыстың ұлы күні аталған Наурызда еңбектеріңіз өнімді, тілектеріңіз қабыл боп, аман – есен тойдан тойға жетіп, ескі ауыртпалықтарыңыз ескі жылда кетіп, жаңа жылда жаңа үміт, жаңа тіршілікпен, осы Ұлыстың ұлы күнінде елімізге, жерімізге Наурызымыз есігін қуанышпен ашсын. Барлық жақсы ниет – тілектеріңіз қабыл болсын!
Айжан: Наурыз келсе, құт келгені халайық,
Есік ашып, шашу шашып,
Ел боп қарсы алайық.
Шашу шашылады.
Ербол:Уа, жарандар, жарандар!
Көңілің бар алаңдар.
Айжан: Ата менен анаң бар,
Үлкен – кіші, ағаң бар.
Ербол: Наурыз тойы басталды,
Бәрің бері қараңдар!
-Наурыз ең ұлы мейрам болып саналған.Наурыз мейрамы – өте ертеден келе жатқан мейрам. Наурыз сөзі парсы тілінде «нау» жаңа, «рыз» күн деген сөздерден шығып, жылдың бірінші күнін білдірген. Бұл күні – күн мен түн теңеліп, жан – жануарлар төлдеп , адамдардың аузы аққа тиетін, жер үстіне шаттық орнаған күн. Қазақ елі осы күнді «Ұлыстың ұлы күні» деп атаған.
Амир: Наурыз келді, жайраң қақты таң күліп,
Жап – жасыл боп кетті дүние жаңғырып.
Жақсылыққа жаршы болған Наурызым,
Сен өмірдің көктемісің мәңгілік.
Камилла:Наурыз мейрам жүректерге нұр сепкен,
Маңдайымнан сүйіп жатыр күн көктем.
Жарығыңмен, шуағыңмен, Жер Ана,
Алып келдің жер бетіне гүл көктем.
-Балалар, мына жерде дастарқан жайылған.Мұнда қазақ халқының ұлттық тағамдары бар екен. Ұлттық тағамдарға : бауырсақ, бешбармақ, қазы – қарта, құрт, көже, айран, тары – талқан т.б жатады. Мына жерде керемет киіз үйлеріміз тұр. Бұрын ата – бабаларымыз осындай киіз үйлерде тұрған.Біздің үстімізге киіп тұрған киіміміз де ұлттық киімдер.Ұлттық киімдер: Бешпент, қамзол, күпі, шапан, тақия, ішік, бөрік,кебіс, сәукеле, мәсі. Сонымен қатар өзіміздің ұлттық салт – дәстүріміз, ойындарымыз да бар.
Ата – ана: Аяулы, абзал аналар,
Айналайын балалар.
Жеңдер сендер тамсанып,
«Ас атасы – нан» деген.
Сендерге арнап біз бүгін
Бауырсақтар пісірдік. ( бауырсақтар таратылады)
-Білесіңдер ме? Наурыз тойының өзіне тән үлкен ырым асы – Наурыз көже. Наурыз көже қыстық соғымнан алынып арнайы сақталып қойған сүр еттен, қазыдан пісіріледі. Оған жеті түрлі дәм қосылады. Өйткені қазақта жеті саны киелі боп есептелінеді.
-Балалар, маған кім айтады, жеті ата дегеніміз кімдер? Жеті атаны кім атап береді?
(Әке, бала,немере, шөбере, шөпшек, немене, туажат) Өзінің жеті атасын атайды.
Сәлемдесу рәсімі
Балалар:
Армысың, шапағатты күніміз(Күнге қарайды)
Армысың, мейірімді жеріміз(Қолдарын жерге жақындатады.)
Армысың, Табиғат Анамыз(Басын иеді)
Келді сізге өзіңіздің балаңыз(Өздерін көрсетеді)
-Адам өміріндегі барлық жақсылық атаулыға сәлемдесу арқау болып жатады. Бір- бірін көріп білмеген адамдар арасында да игіліктер алғашқы сәлемдесуден өрбиді. Ұлы күнде сәлемдесудің де қалыптасқан дәстүрі бар екен, ендеше тамашалайық.
Диас:Ассалаумағалейкүм!
«Мен адаммын,
Адамдығымды білдіремін.
Алланың нұры жаусын!»
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Дәурен:Уағалейкүмассалам
« Мен де адаммын.»
Адамдығымды білдіремін.
Сізге де Алланың нұры жаусын»
Ұлыс береке берсін, пәле жала жерге енсін.
(Балалар бір – бірімен төс қағыстырып амандасады)
-Тамылжытып бұлбұл құс ән салғанда,
Ұйып тыңдар құстар да ну орманда.
Ал енді қошеметтеп қарсы алыңыз,
Алдарыңызда Нұрай атты қыздарыңыз.
Ән: « Наурыз»
-22 –наурыз – күн мен түн теңелетін күн. Ендеше күнмен түннің әңгімесін тыңдайық.
Көрініс
Күн: Сәулесі мол күнмін.
Түн: Жұлдызы мол түнмін.
Екеуі: Бірдей болып біздер,
Теңелеміз бүгін.
Түн: Ал ертең күн ұзақ.
Күн: Түн қысқарар бірақ.
Екеуі: Ұйқы қанбай қалып,
Жүрмеңдер тек жылап.
Есік қағылады. Жылқы жылы келеді.
-Балалар,есік қағады. Бізге қонаққа біреу келген секілді.Қане қарсы алайық. Бұл келген кім, балалар?
-Жылқы жылы екен. Жылан жылы кетіп жылқы келді.Қош келдің біздің ортамызға.
О. Бекзат: Жылқы жылы, кел төрлет,
Ел достығын өркендет.
Мол болсын ырыс, құт,
Болсын елде тыныштық.
Жылқы: Мен келдім, міне, ортаңызға
Амандық тілеп баршаңызға.
Саулығын берсін деймін бәрімізге,
Жеткенше келесі жаңа жылға.
-Жылқы жылына айтатын ән, тақпақтарымыз бар ма, балалар? Олай болса айта қояйық.
Альбина: Құтты болсын Наурыз той,
Құлпырып тұр қыр мен ой.
Күн менен түн теңелді,
Жер шуаққа кенелді.
Галина: Ойнаймыз шаттана,
Ішеміз күнде айран.
Балаға, қартқа да,
Ортақ қой бұл мейрам.
К.Алина: Наурыз тойын әдемі,
Әжем еске түсірді.
Біздерге арнап әдейі,
Наурыз көже пісірді.
Айман: Әжем наурыз көжеге
Жеті түрлі ас салды.
Бидай, күріш, тары бар.
Ащы құрты тағы бар,
Көже – елдің ырзығы.
Санжар: Береке, бірлік болсын деп,
Көп көжеден дәм татып,
Күшейтейік бірлікті
Еңбекпенен тірлікті
Жарыса өнер көрсетіп
Той тойлайық тамаша.
Ақерке: Ұлыс күні кәрі – жас
Құшақтасып көріскен.
Жаңа ағытқан қозыдай
Жамырасып өріскен.
Аружан:Ән айтылды күні бойы,
Бұл мереке – бізге ойын.
Көжесі көп, шелпегі көп,
Жақсы көрем наурыз тойын.
И.Алина:Наурыз тойың, наурыз тойың,
Құтты болсын халайық.
Күй төгілсін, күй төгілсін,
Шырқап әнге салайық.
Ән: «Зеңгір көктем»
-Жарайсыңдар балалар, Жылқы жылы бізге риза боп отыр екен. Енді біздің ұлттық салт – дәстүрімізді, ойындарымызды тамашаласам деп ойлайды екен. Ендеше кезекті салт – дәстүрге берейік.
Салт – дәстүрден көрініс.
-Мың бұрала би билеген қырмызы
Қызғалдақтай, алма мойын қыр қызы.
Он саусақтан өнер тамған, бал тамған,
Беу, қазақтың дара біткен бір қызы. – бұл сөздер тура біздің биші қыздарымызға арналғандай! Ендеше биші қыздарымызды ортаға шақырайық.
Би: «Қамажай»
-Қазақтың салт – дәстүрімен қатар ұлттық ойындары да бар.Келесі кезек ұлттық ойындарда.
Ұлттық ойын: «Көкпар», «Қол күрес»
-Бүгін біздің ұлдарымыз да қыздардан қалыспай Наурыз тойына би дайындаған екен. Олай болса тамашалайық.
Би: «Боз жорға»
-Құрметті қонақтар, бүгінгі біздің кешіміздің мақсаты – заман өзгерсе де ұлттық салт – дәстүріміздің көнермейтіндігін еске салып, ұлттық мұраны қайта жаңғырту. «Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні бар» демекші, салтын сүйген әрбір жас ұрпақ болашақта халқын сүйетін, еліне адал қызмет ететін, тілінің, салт – дәстүрінің жанашыры болатынына сенеміз.
Осымен Ұлыстың ұлы күніне арналған «Қош келдің, Наурыз» атты кешіміз аяқталды. Жылдан – жылға аман – есен жете берейік! Келіп тамашалағандарыңызға көп рақмет!
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген