Құрбан шалу

Тақырып бойынша 11 материал табылды

Құрбан шалу

Материал туралы қысқаша түсінік
Құрбан шалу
Материалдың қысқаша нұсқасы

Құрбан шалу

Құрбан шалу Шариғаттағы терминдік мағынасы - Аллаһ Тағаланың ризашылығына жақындау ниетімен Құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы малдың аты. Құрбандық шалудың пайдалары мен хикметтері.

Құрбан шалу Ибраһим (а.с.) Пайғамбардан келе жатқан сүннет жолы.

Ибраһим Пайғамбар өте мейрімді, тым жұмсақ жан болатын. Ол Алла Тағаладан, өзінен кейін халықты тура жолға бастайтын ұл сұрап, көп жыл бойы Алла Тағалаға жалбарынды. Бұл тілегі әбден қартайып, ұрпақ сүюден үміті үзілген уақытта қабыл болды. Дүниеге Исмайыл атты Пайғамбар келеді. Ибраһим (а.с.) баласын өте қатты жақсы көретін. Бір күні Ибраһим Пайғамбар түс көреді. Түсінде Алла Тағала былай деп аян береді. «Әй, Ибраһим! Балаңды өз қолыңмен бауызда, оны құрбандыққа шал!». Бұл Ибраһим Пайғамбарға ауыр сынақ болды. Ибраһим Пайғамбар баласына келіп: «Балам! – Алла Тағала түсімде аян беріп, сені құрбандыққа шалуға әмір етті. Бұған сен ризасынба?» - деді. Сонда баласы:

Әке Алла Тағаланың әмірін орындаңыз. Мен сабырлы боламын. Алла Тағаланың әмірін бұлжытпай орындасын деп жаны ашыған баласы Исмайыл әкесіне қарап былай деді:– Әке! Менің қол аяқтарымды мықтылап байлаңыз. Киімдерімді шешіңіз, оған қаным шашыраса, анамның көңілі түсер.Пышағыңызды өткірлеп әбден қайраңыз. Әке, мені екпетімнен жатқызыңыз,- деді баласы. Өйтпесеңіз бет басыма көзіңіз түсіп тұрғанда, көңіліңіз түсіп, қолыңыз батпай қалмасын», – деді баласы Исмайыл. Ибраһим (а.с.) баласының екі қолын мықтылап байлап, оны жерге жатқызды да, қолына пышағын алды. Ол пышағын баласының тамағына ұстап, бар пәрменімен тартып жіберді. Бірақ пышағы өткен жоқ . Бірнеше рет қайталады, онда да пышағы өтпей қойды.

Сол уақытта Алла Тағаладан аян келді: «Әй, Ибраһим! Сен көрген түсіңе адалдық таныттың. Міндетіңді орындадың. Исмайылдың орнына құрбандық ретінде шаларсың деп қошқар түсірдім. Біз жақсы құлдарды осылайша марапаттаймыз!» Бала құтқарылды. Әке Алла Тағалаға алғысын жаудырды. Исмайылдың орнына құрбандыққа шалуға Алла Тағала семіз қошқар түсірді. Ибраһим (а.с.) бұрылып қараған шақта қастарынан бір қой көрді. Пышағын алып қойды құрбандыққа шалды.

Бұл қой Исмайылдың орнына шалынған қой еді. Сонан бастап мұсылмандар осы уақиғаны атап өтіп құрбандық шалатын болды. Алла Тағала Ибраһимді сынағаны болмаса, Исмайылды құрбандыққа шалуды қаламады.Ол тек Ибраһим Пайғамбардың өзіне адалдығына, әмірін қалтқысыз орындауына тәнті болуды қалады. Әйтпесе, Алла Тағалаға сойған малдардың еті мен жүні де қажет емес екені белгілі. Мұсылман бауырлар, бұл оқиғадан алатын   сабағымыз - Алла Тағалаға деген махаббат балаға деген махаббаттан әлдеқайда жоғары болу керек. Біз, мұсылмандар құрбанды тек Алла ризалығы үшін шаламыз.

Алла Тағала былай дейді: «Айт (Әй, Мұхаммед) Расында менің намазым, құрбаным, тіршілігім және өлімім әлемдердің Раббы Алла үшін, Оның серігі жоқ. Әрі осы нәрсе маған әмір етілді және мен бойұсынушылардың алғашқысымын», (Құран, 6:162,163) және басқа сөзінде «Сондықтан Раббың үшін намаз оқы, құрбандық шал». (Құран, 108) Ал, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бұл жөнінде былай дейді: Әли (р.а.) былай деп айтқан: « Алланың Елшісі маған төрт сөзбен мына нәрсені әңгімелеп берді; Алла, Алладан өзгеге құрбан шалған адамды қарғысқа ұшыратады, Алла, ата – анасын қарғаған адамды қарғысқа ұшыратады, Алла бұзақыға (дінге жаңа нәрселерді енгізетін адамға немесе қылмыскерге) пана берген адамды қарғысқа ұшыратады, Алла жер бетінде нұсқау белгісін (жол белгісін, шекараны) өзгерткен адамды қарғысқа ұшыратады». Бұл хадистен білетін нәрсеміз Алла Тағала, Алладан басқаға құрбан шалғандарды жақсы көрмейді, ондай адамдар қарғысқа ұшырайды.

Айттың алғашқы күні ғұсыл құйынғаннан кейін әдемі, таза киім киіп, үстіне хош иіс сеуіп, мешітке барамыз. Айт намазын оқығаннан кейін құрбан шалатын адамдар құрбандықтарын шалады да оны тиісті орындарға таратып береді. Айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғандарды аралап айт мейрамымен құттықтайды. Мұсылман айт күндері мейлінше көтерінкі көніл- күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысады. Айт күндері адамдар бір бірлерін кешірген жөн. Аурып жатқан адамдардың көңілін сұрау керек, және жесірлерге көмектесіп, тағы басқа осы сияқты амалдар жасау керек. Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Бұған дәлел мына хадис бола алады. Бәрә ибн Азибтің риуаяты бойынша: «Алланың Елшісі (с.ғ.с.): Біздің бұл күнде алғашқы жасайтын – ісіміз намаз оқу, сосын қайтып келіп, құрбанымызды шалу. Кім осылай істесе біздің сүннетімізге ергені. Ал, кімде-кім бұдан бұрын құрбанын шалатын болса, бұл құрбанының отбасына берілген етпен айырмашылығы жоқ. Мұның құрбан болуы мүмкін емес». Басқа бір хадисте: «Кімде-кім намаздан бұрын құрбанын шалса, қайтадан шалсын». Осы хадистерден білетініміз намаздан бұрын шалынған құрбандық есептелмейді..















Құрбан айт күндері мұсылманның атқаратын ең жақсы ісі –құрбан шалу. Пенденің шалған құрбандығы Қиямет күні оның пайдасына куәлік береді.


Бауыздалатын малдың тамағына пышақ тартқанда шыққан қан жерге түспей тұрып, оның сауабы Алла Тағаланың құзырына барады. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Адам баласы Құрбан айт күні қан шығарудан артық Алла Тағалаға жағымды іс істемеген. Әлбетте құрбан малдары Қиямет күні мүйізі, жүні және тұяғымен келеді. Әлбетте қан жерге ағудан бұрын Алланың құзырындағы орынға жетеді. Ендеше оны шын жүректен шалыңыз», – деген (Тирмизи).

Құрбан шалу Алла Тағалаға жақын болу, күнәлардың кешірілуі, Жаратушы Иеміздің көптеген нығметтеріне шүкір ету, бай мен кедейге кеңшілік жасау үшін міндеттелді. Өйткені осы күні барлық адам Алла Тағаланың қонағы болады, құрбан етінен жейді, оны тарту етеді, одан садақа береді.


Құрбандыққа қатысты үкімдер

  1. Ханафи мәзһабында құрбан шалу – уәжіп. Уәжіп деген – парыз бен сүннеттің арасындағы амал. Уәжіпті тәрк еткен адам сұралады. Оны орындамаған адам қазасын өтейді. Ал сүннетті тәрк еткен адам сұралмайды, қазасының өтелуі талап етілмейді.

Құрбан шалу уақыты өтумен міндет түспейді. Сатып алған құрбандығын айт күндері шала алмаса, оны тірідей садақа етеді немесе сойып, барлық етін садақа етеді, одан ештеңе жемейді. Өйткені уақыты өтумен құрбандық міндеті садақа міндетіне ауысады. Құрбандықты әлі сатып алмаған болса, құрбандық құны мөлшерінде садақа етеді.

  1. Құрбандық шалу ақыл-есі дұрыс, балиғат жасына толған, ауқатты, муқим (тұрақты), әрбір ер және әйел мұсылманға бұйырылды. Ал жолаушыға, уақытша (15 күннен аз) қоныстанған, қажыға барған (меккеліктен басқа) және кедей адамға құрбандық шалу міндет емес. Бай деген – өзінің және отбасының негізгі қажеттілігінен артық мал-дүниесі зекет нисабына жеткен (85 грамм алтыны, 40 қойы, 30 қарамалы немесе 5 түйесі бар) адам. Ақылды, балиғат жасына толған адам құрбандықты өз атынан шалады. Кішкентай балалары атынан құрбандық шалу міндет емес.

  2. Сатып алған құрбандығы жоғалса, өлсе немесе ұрланса, басқасын сатып алу міндет болады. Екінші малды сатып алғаннан кейін құрбандығы табылса, оның ең жақсысын шалады. Екеуін де құрбандыққа шалу жақсырақ.

  3. Кедей адам құрбан шалу ниетімен бір қой сатып алса, оған сол құрбандықты шалу уәжіп болады. Егер сатып алған малы ұрланса немесе жоғалса, оған ештеңе міндет болмайды. Егер құрбандықты тәрк етіп, уақыт өтіп кетсе, бай секілді оның да садақа беру міндет болады.

  4. Құрбандық дұрыс болу үшін үш шарт орындалуы қажет: құрбандық малының сау болуы, айт күндері құрбандық шалу және ниет ету. Жүрекпен ниет етіледі. Ниетті тілмен айту шарт емес.

Күнде қой сойып жүрген қасапшы құрбан шалып жатқанын ұмытып малды бауыздаса, бұл жағдайда малды сатып алып жатқандағы немесе малды құрбандыққа белгілеп жатқандағы ниеті есепке алынады.

  1. Құрбандықта бауыздау ғана міндет. Ал етін садақа ету – сүннет. Құрбандық иесі еттің бәрін жей алады немесе сақтап қояды. Бай адам етке мұқтаж болмаса, тәбәрік ретінде еттен дәм татып, қалғанын садақа еткені – мұстахаб. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Құрбандық шалсаңдар, оның етінен жеңдер және одан басқаларға да беріңдер», – деген.

Жағдайы орташа адам еттің үштен бірін өзі жейді, үштен бірін қонақтарға асып береді немесе қалдырады, тағы үштен бірін садақа етеді. Бала-шағасы көп әрі жағдайы төмен болса, еттің бәрін өздеріне алып қалғаны – мұстахаб. Өйткені өзінің және отбасының қажеті басқаның қажетінен жоғары тұрады. Бұл туралы Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай дейді: «(Садақа беруді) өзіңнен баста, сосын басқаға бер» (Бәдаиғус-санаиғ, 5/81).

  1. Құрбан шалатын адамды өз атынан уәкіл ете алады. Сондай-ақ оған құрбандық ақшасын беріп, малды сатып алуға және оны бауыздауға уәкіл етуі мүмкін.

  2. Сатып алған құрбандығын басқа адам рұқсатсыз бауыздаса, құрбандығы дұрыс саналады. Өйткені иесінің малды әуелде құрбандық ниетімен сатып алғаны есепке алынады.

  3. Екі адамның құрбандығы араласып, олар бір-бірінің малын бауыздаса, екеуінің де құрбандығы дұрыс саналады. Терісі сыдырылған болса да, әркім өз құрбандығын қайтарып алады. Етінен ауыз тиген болса, бір-бірінен кешірім сұрайды.

  4. Бауыздалған малдың ішінен шыққан төлі тірі болса, оны да бауыздайды. Бауыздалған малдың төлі өлі шықса, ол да бауыздалған болып есептеледі. Өйткені енесін бауыздау төлін бауыздаумен бірдей болады.

  5. Құрбандықтың етін, терісін, ішкі мүшелерін немесе мүйізін сату дұрыс емес. Кімде-кім қиын жағдайға түсіп, құрбандықты сатса, соның мөлшерінде садақа етеді. Кейбір ағзаларын ұзақ мерзімге пайдаланатын затқа айырбастауға болады. Мысалы, теріні қынапқа немесе елекке, мүйізді киім ілгішке. Бірақ барына айырбастамаған абзал.

  6. Құрбандықтан еңбекақы ретінде қасапшыға бір нәрсе беру дұрыс емес. Өйткені ол саудаға ұқсап қалады. Қасапшыға малды бауыздағаны үшін жеке ақы төлейді. Егер қаласа, ақысынан бөлек садақа ретінде құрбандық етінен қасапшыға беруге болады.

  7. Екі қой сойса, екеуі де құрбандық болып есептеледі. Одан жейді және садақа береді.

Құрбандықтың мұстахаб амалдары

  1. Құрбандыққа ең жақсы, семіз малды таңдау қажет. Еті дәмді болғандықтан, еркек малды (қошқарды) бауыздаған абзал.

  2. Бауыздауды білсе, малды өзі бауыздағаны дұрыс немесе оған қасапыны уәкіл етуге болады.

  3. Малды бауыздап жатқанда дұға оқу қажет. Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келген «Уажжәһту уажһии лил-ләзии фәтарас-сәмаауаати уәл-арда ханиифән муслимән. Аллаһуммә минкә, уә иләйкә. Бисмилләһи, уәллаһу акбар!» (Ғибадатымды жер мен аспанды жаратқан Аллаға шын ықылас етіп, толық мойынсұнып, ниет еттім. Уа, Алла! Сенен жәрдем тілеймін, Саған ғана құлшылық етемін. Алланың атымен бастаймын. Алла – ұлық!) деген дұғаны оқып, бауыздаған жақсырақ.

  4. Бауыздайтын пышағы өткір болуы, құрбандық малын қинамау, жаны толық шықпай тұрып терісін сыдырмау қажет.

Алла Тағала барша мұсылман қауымның шалған құрбандығын қабыл етіп, күнәләрін кешіргей, түрлі пәле-жаладан, ауру-сырқаттан сақтап, екі дүниенің игілігін нәсіп еткей

Құрбанға қандай мал жарамайды?

Бір немесе екі көзі соқыр болса;

Мүйізінің бірі немесе екеуі де түбінен сынық болса;

Құлағының немесе құйрығының жартыдан көбі жоқ болса;

Аяғын баса алмайтындай ақсақ болса;

Туғаннан құлағы немесе құйрығы болмаса;

Тісінің көбі түсіп, қарнын тойдыра алмайтындай болса;

Ауру болса;

Сүйектерінің ішінде жілік майы жоқ, арық болса, онда мұндай малдар құрбандыққа жарамсыз болып табылады.

Бұдан басқа қораз, тауық сияқты үй жануарлары мен еті желінетін жабайы жануарлар құрбандыққа жарамайды.  

Мұны да біліңіз

Малдан тек қана қой, ешкі, сиыр және түйе құрбандыққа шалынады. Қой мен ешкі бір жасқа, сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толуы керек. Алты айдан асқан тоқтыңыздың сыртқы көрінісі қомақты болса, құрбан етіп шалуыңызға болады. Ал, ешкі міндетті түрде бір жасқа толуы керек. Қой мен ешкі бір кісі атынан құрбан етіледі. Сонымен қатар, сиыр мен түйені жеті адам біріге отырып құрбандық етіп шалуына болады. Оқи отырыңыз: Ғұмар Қараш неге құрбандық шалуға қарсы шыққан?

Құрбандығыңызды кешіктіріп алмаңыз

Құрбандық шалудың уақыты – Құрбан мерекесінің бірінші, екінші және үшінші күні. Үшінші күні күн батқан соң құрбандық шалуға болмайды. Мұны жақсы біліңіз. Құрбан малы айт намазы оқылғаннан кейін шалынады. Оған дейін шалынса, ол құрбан малы болып саналмайды. Малыңызға мейірімділік танытыңыз Құрбандықты шалуға алып бара жатқаныңызда, малыңызға жақсы қарап, оны итеріп, ұрып-соқпаңыз. Сонымен қатар малды қинамау үшін пышағыңызды алдымен жақсылап қайрап алыңыз. Мүмкін болса, құрбан малын өзіңіз бауыздағаныңыз абзал. Ал, бұлай жасау қолыңыздан келмесе онда басқа біреуге сойғызуыңызға болады. Әрине, ол адам мұсылман болуы керек. Айтпақшы, пышақты қайрағанда, малға қарап тұрып қайрамаған жөн.

Олай болса, іске сәт

Ең алдымен құрбандық малын сол жағымен және құбылаға қаратып жатқызасыз. Сосын бауыздайтын кісі «Бисимилләһи Аллаһу әкбар» деп айтуы керек. Малды иегінің астынан өңешін, кеңірдегін және күре тамырларын кесе отырып бауыздайды. Малдың жаны шықпастан басын кесіп алу және терісін алу – мәкруһ амал.

Еті мен терісін орнымен жұмсай біліңіз

Құрбандыққа деп атап шалған малыңыздың етінен өзіңіз де пайдалана аласыз әрі басқаларына да жегізе аласыз. Құрбан етін үшке бөліңіз де, бір бөлігін құрбандық шалмаған кедей, тұрмысы төмен жанұяларға таратыңыз, екінші бөлігін туған-туыстарыңыз бен достарыңызға беріңіз, ал қалған бөлігін өзіңізге яғни, отбасы мүшелеріңізге алып қалсаңыз болады. Жоқ, «ақыры Алла жолында атадым» деп құрбан етін түгелдей тұрмысы төмен жандарға таратып беруіңізге де болады. Оны жомарттықты жанындай сүйетін патша көңіліңіз шешеді. Асылында, дініміз құрбан етін түгелдей таратуға толығымен рұқсат етеді. Құрбан терісін пайдаланбасаңыз, мал шалған кісіге немесе қайырымдылық мекемелерінің біріне берсеңізде болады.  

Садақа беру

Садақа (араб..صدقة‎, парс. садаге, турк. садакат — шын ықыласпен сыйлау) —ислам  діні бойынша қайырымдылық мақсатында мұқтаж адамдарға берілетін ақшалай  немесе заттай көмек. Садақа беруші қайырымдылық көрсетумен қатар, күнәсін жуу, қапыда келер көлденең кесапат, қиындықтардың алдын алып, сақтану мақсатын да көздеуі мүмкін. Садақаны мүмкіндігі бар адамдар береді. Садақа ақша, киім-кешек, көмек көрсету, тұрғын жай беру, қарызын немесе міндеттемесін кешу түрінде болады. Садақаның парыз етілген түрі — дәулетті адамдар беретін “Зекет” және ораза  айында бүкіл ьұсылмандар беретін “Пітір”садақалары. 

 Садақа деп аталатын қамсыздандыру қаржысы түріндегі зекет қорына қосылып, орталық өкіметтің ерекше уәкілдерінің атынан мұктаж адамдарға ғана бөлінеді. Садақа қаржысынан кіріптарлығын қауымның үш мүшесі куәландырған кедейлер мен мүгедектер, тосын жағдайға ұшырап, қайыршылық күйге түскендер, сондай-ақ әлдеқандай төлем өтеуге және өз шамасы келмейтін мүмкіндігі жоқ адамдар ғана көмек ала алады. Олардың жағдайлары түзелгеннен кейін Садақа беру тоқтатылады. Соғысқа көмек көрсетіп, бірақ олжалан ештеме тимегендерге Садақа қаржысынан сыйлық беріледі, қаржысының құл сатып алуға жетпейтін бөлігі төленеді (мукатаб), егер жағдайы қиындан бара жатса Садақа жинаушы және оны таратушы әкімшілік қызметкерлеріне көмек көрсетеді, панасыздар үйлері ұйымдастырылып, сапарларын жалғастыруға мүмкіндіктері жоқ жолаушыларға көмек беріледі. Хадис пен фиқх жөніндегі кітаптарда зекетті Садақа деп атайды. Садақа қаржысымен зекет қаржысынан бірыңғай дәрежедеғі адамдардың көмек алу фактісінің өзі Садақа мен зекеттің әуелде бір ұғымды білдіргенін дәлелдейді. Ерікті түрде жиналатын садақаны міндетті жарнадан ажырату үшін оған: «ерікті Садақа» деген сөз косылады

«Садақа» сөзі адалдық, шынайылық, шыншылдық, құдайшылдық деген мағыналарға саяды. Садақа арқылы пенде өзінің Құдай алдындағы адалдығын, сенімінің шынайылығын дәлелдейді. Зекет, пітір, пидия кәффарат секілді уәжіп және парыз садақалар – кедей-кепшік, жоқ-жітіктің ақысы. Оны белгіленген топтардан басқаларға беру, жол және көпір салу, құдық және бұлақтан су шығару, мешіт және медресе көтеру секілді бүкілхалықтық игілік үшін пайдалану – дұрыс емес. Аталмыш садақалардан басқа қайырымдылықтар, бүкілхалықтық игілік үшін жұмсалатын мал-дүниелер нәпіл садақаға жатады. Нәпіл садақа беру де – сауабы мол мұстахап амал.



Үздіксіз садақа беру күнәлардың кешірілуіне, бәле-жала және түрлі апаттардан аман қалуға себеп болады. Кедейлік және мұқтаждық себепті садақа сұрап жүрген адамға өрескел сөздер айтуға болмайды. Аз болса да, бір нәрсе беру немесе жылы сөзбен жауап қайыру керек. Тамағы, не ақшасы біраз күнге жететін адамға садақа сұрау – харам. Бірақ ондай адамның киім-кешек секілді өзіне зәру нәрсе сұрауы – айып емес. Мұқтажсыз адамға садақа беріп, оны қайыршылыққа үйрету – мәкруһ. Садақа берген адамға ризалық білдіріп, мына дұға оқылады: اَللَّهُمَّ احْفَظْ صَاحِبَ هٰذِهِ الصَّدَقَةِ عَنِ الأَفَاتِ وَ الْبَلِيَّاتِ وَ اغْفِرْ ذُنُوبَهُ وَ أَكِّدْ إِيْمَانَهُ وَ أَكْثِرْ أَمْوَالَهُ وَ وَفِّقْهُ عَلَى خَيْرِ مَقَاصِدِهِ Мағынасы: Иә, Алла, осы садақа еткен адамды түрлі пәле-апаттардан сақта, күнәларын кешір, иманына қуат бер, дүниесін көбейтіп, оны жақсы мақсаттарға жұмсауды нәсіп ет!

Алла ризалығы үшін жасалған әрбір іс пен берілген затқа – садақа дейміз. Берілетін садақаның үлкен-кішісі болмайды. Не берілседе ықыласпен Алла разылығы үшін берілуі қажет. «Оң қолың бергенді сол қолың көрмесін» хадисіне сәйкес берілген садақа мен жасалған жақсылықты жасырын жасау ең абзал амалдың бірі.

Құран Кәрімде 200 жерде Алла жолында садақа беру, мал сарп ету жайында баяндалады. Яғни Алла берген нығметті Алла жолында жұмсау сауапты амал екені айтылады. Шексіз нығмет Иесі болған Алла мақлұқаттың табиғатында өзгеге жәрдем ету, барын бөліп беру сезімін жаратқан.

Жасалатын жақсылық істің садақа болуы үшін діни тұрғыдан үш ерекшелікке ие болуы керек: - Мұқтаж жанға беру; - Алла разылығы үшін берілуі; - Берілген садақа өз мүлкінен, адал табысынан болуы тиіс. Ислам өзгеге жәрдем беруді бұйыратын дін. Адамзат тарихына үңілгенімізде, Исламға дейін бірде-бір елде жарлы мен байдың, әлсіз бен күштінің, әйел мен ердің арасындағы құқық пен теңдік болмаған. Ал ислам діні адамдар арасындағы теңдікті орнатып, бай мен жарлыны жақындатып, бір-біріне көмек қолын созуды, қарайласуды мұсылманға міндет әрі сауапты амал екенін сүйіншіледі.

Әлемдегі барлық жаратылыс адамзаттың игілігіне берілгенімен, бүкіл жаратылыстың шын мәніндегі иесі Алла. Алла қалаған құлына дәулет беріп, қаламағанына бермейтінін мына аятта баян етеді: قُلِ اللَّهُمَّ مَالِكَ الْمُلْكِ تُؤْتِي الْمُلْكَ مَن تَشَاء وَتَنزِعُ الْمُلْكَ مِمَّن تَشَاء وَتُعِزُّ مَن تَشَاء وَتُذِلُّ مَن تَشَاء بِيَدِكَ الْخَيْرُ إِنَّكَ عَلَىَ كُلِّ شَيْءٍ قَدِيرٌ «Сен айт: «Патшалықтың иесі болған ей, Алла! Қалаған адамыңа патшалық бересің, қаласаң одан тартып аласың, ықыласың түскенге үйіп-төгіп байлық бересің де қырыңа алғаныңды қор етіп қоясың. Игіліктің бәрі өз қолыңда. Сенің құдіретің бәріне толық жетеді», (3.Али Имран-26). Алла біздерге мал-мүлік берсе, Алланың берген нығметіне шүкіршілік етіп, орнымен жұмсап, шүкіршілігі ретінде Алла разылығы үшін белгілі бір мөлшерін мұқтаждарға беру керектігін ескертеді.

Бұл туралы Құранда былай дейді: وَفِي أَمْوَالِهِمْ حَقٌّ لِّلسَّائِلِ وَالْمَحْرُومِ «Олардың малдарында қайыршының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар» (51.Зарият-19). Алла берген дәулетті қайда, қалай жұмсайтынымыз жайында мына аят баян етеді: «Сенен адамдар мал-мүліктерін қалай жұмсауы керектігі жөнінде сұрайды. Сен айт: «Оны қалай жұмсасаңдар да еріктерің. Ата-аналарыңа ма, туысқандарыңа ма, жетімдерге ме, пақырларға ма, әлде мүсәпір жолаушыға ма, бәрібір әйтеуір жасаған қайырларыңды бір Алла білмей қоймайды», (2.Бақара-215). Алла пендесін мал-мүлікпен де сынайды. Ал шайтан болса, бізге сараң болуды үгіттеп, садақа беруден тосатын болады. «Алла берген несібені (игілікке) жұмсамай, сараңдық жасағандар қараулығы өздеріне пайда жеткізеді деп ойламай-ақ қойсын. Ол – өздеріне зиян. Сараңдық еткен нәрселері қиямет күнінде мойындарына шынжыр болып оралады. Жер-көктегі игіліктің иесі Алла. Кімнің не істегенін бір Алла түгел көріп тұрады» (3.Али Имран-180).

Бірде Пайғамбарымыз (с.а.у.) бен сахабаларының арасында мынандай әңгіме болады. Пайғамбарымыз (с.а.у.):Әрбір мұсылман садақа беруі тиіс, - деді. Сахабалардан бірі: - Ей, Алланың Елшісі (с.а.у.), таппаған адам не істейді? Пайғамбарымыз (с.а.у.): - Жұмыс істеп, табыс тауып садақа берер, - деді. Сахабалар: - Істейтін жұмыс таппаса не болады? – деді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): - Мұқтаж болған жанға қандайда бір көмегін береді, - деді. Сахабалар: - Жәрдем ететін адам да таппаса ше? – деп тағы сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): - Қандай да бір іс жасаса (біреуге жол көрсету, жолдағы зиян тигізетін затты алып тастау, ілім алу, үйрету т.б.), ол үшін бір садақа, - деді. (Бухари, Муслим риуаяты) Пенде мұқтажға садақа берумен сауапқа кенеледі әрі мүлкінен ештеңе кемімейді. Керісінше Алла оның мүлкіне береке беретін болады. Ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Садақа мал-дүниені ешқашан кемітпейді. Пенде қолын садақа беру үшін созғанда ол садақа сұраушының қолына жетпестен бұрын Аллаға берілгендей болады» (Табарани. Кәбир. ІХ, 109 б.) Бір хадисте: «Әр күні таңертең екі періште түседі. Бірі: «Ей, Раббым! Садақа бергенге садақасына қайтарым ретінде жаңасын нәсіп ет», - десе, екіншісі: «Ей, Раббым! Сараңдық еткенге мал-дүниесін опат ет», - деп дұға етеді», - дейді. (Бухари, Зәкат 27; Муслим, Зәкат 57). «Адамның өмірінде берген бір дирхам садақасы, өлім сәтінде берген жүз динар садақасынан артық» (Әбу Дәуіт) хадисіне сай «Садақаны саулығыңда бер» деген бабалырымыз бес күндік тіршілікте ажал келместен, басқа бәле келместен алдын садақа беруді үрдіске айналдырған.

Сұраушыға көмек беру

Ғалымдарымыз есік алдына келіп сұраушыны бос қайтаруға болмайтынын айтып, мына хадисті негіз ретінде ұстанған. -وَعَنْ اِبْنِ عَبَّاسٍ رَضِىَ اللّهُ عَنْهُما: أَنَّهُ جَاءَهُ سَائِلٌ: فَقَالَ لَهُ اِبْنُ عَبَّاسٍ: أَتَشْهَدُ أَنْ َلا إِلَهَ إِّ لااللّهُ و اَنَّ محمدًا رسولُ الله؟ قَالَ: نَعَمْ. قَالَ: فَتَصُومُ وَتُصَلِّي؟ قَالَ: نَعَمْ. قَالَ: سَأَلْتُ وَلِلسَّائِلِ حَقٌّ، إِنَّهُ يَحِقُّ عَلَيْنَا أَنْ نَصِلَكَ. فَأَعْطَاهُ ثَوْبًا وَقَالَ: سَمِعْتُ رَسُولَ للّهِ صَلَّي اللّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ يَقُولُ: مَا مِنْ مُسْلِمٍ يَكْسُو مُسْلِمًا ثَوْبًا إِلاّ كَانَ فِي حِفْظِ اللّهِ تَعَالَى مَا دَامَ عَلَيْهِ مِنْهُ خِرْقَةٌ. أخرجه الترمذي. Ибн Аббастың (р.а.) айтуынша бірде оған бір қайыршы келгенде одан: «Алладан басқа тәңірі жоқ екендігіне және Мұхаммед (с.а.у.) Оның елшісі екеніне куәлік етесің бе?» - деп сұрайды. Қайыршы: «Иә», - дейді. Ибн Аббас: «Ораза ұстайсың ба, намаз оқисың ба?» - дейді. Әлгі адам: «Иә», - деп жауап береді.

Ибн Аббас: «Сен сұрадың, сұраушының ақысы бар. Бізде сұраушыға беру міндетіміз», - деп оған бір киім береді. Сөзін жалғастырып былай дейді: «Алланың Елшісінен (с.а.у.) былай дегенін естідім: «Бір мұсылманға киім кигізген әрбір мұсылман Алланың қорғауында болады. Сол киімнің бір бөлшегі оның үстінде болғанша» (Тирмизи, Қиямат 42). Садақа Алланың ашуын басады وَعَنْ أَبِي هُرَيْرَةَ رَضِىَ اللّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ للّهِ صَلَّي اللّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: الصَّدَقَةُ تُطْفِئُ غَضَبَ الرَّبِّ وَتَدْفَعُ مِيتَةَ السُّوءِ. أخرجه والترمذي.

Әбу Һурайрадан (р.а.) риуаят бойынша: «Алланың Елшісі (с.а.у.) былай дейді: «Садақа Раббының ашуын басады және жаман өлімді қайтарады» (Tирмизи, Зәкат 28) Әнәс (р.а.) былай деп жеткізеді: «Алланың Елшісі (с.а.у.): Алла жерді жаратқан соң жер сілкіне бастады. Осыдан кейін таулармен оны берік етті. Сосын жер қимылдамады. Періштелер таулардың қуаттылығына таңырқап: - Ей, Раббымыз! Таулардан да күшті бір зат жараттың ба? – деді. Алла: - Иә, темірді жараттым, - деді. Періштелер: - Темірден де күшті бір нәрсе жараттың ба? – деді. Алла Тағала: - Иә, отты жараттым, - деді. Періштелер: - Оттанда күшті бір нәрсе жараттың ба? – деп сұрады. Алла Тағала: - Иә, суды жараттым, - деді. Періштелер: - Судан да күшті нәрсе жараттың ба? – деп тағы сұрады. Алла Тағала: - Иә, желді жараттым, - деді. Періштелер: - Желденде күшті нәрсе жараттың ба? – деп сұрады. Алла Тағала: - Иә, адам баласын жараттым. Егер ол оң қолымен садақа беріп, оны сол қолы көрмейтіндей жасырса (ол одан да күшті) - деді. (Тирмизи, Тәфсир, Муауизәтайн 2; Ибраһим Жанан, Хадис ансиклопедиси Кутуб-и ситте. Акчаг баспасы. – Истанбул. 9 том. 3263 хадис)

Садақа апаттан, тозақтан сақтайды

Алиден (р.а.) риуаят бойынша былай дейді: وَعَنْ علي رَضِىَ اللّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ للّهِ صَلَّي اللّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ: بَادِرُوا بِالصَّدَقَةِ فَإِنَّ الْبَلاَءَ لاَ يَتَخَطَّاهَا «Алланың Елшісі (с.а.у.): Садақа беруде асығыңдар. Өйткені апат садақадан оза алмайды», - деді. (Ибраһим Жанан, Хадис ансиклопедиси Кутуб-и ситте. Акчаг баспасы. – Истанбул. 9 том. 3262 хадис). «Жасырын берілген садақа Алланың ашуын қайтарады» (Бәйхақи) وَعَنْ عدي بن حاتم رَضِىَ اللّهُ عَنْهُ قَالَ: قَالَ رَسُولُ للّهِ صَلَّي اللّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ اِتَّقُوا النَّارَ وَلَوْ بِشِقِّ تَمْرَةِ. Ади ибн Хатимнен (р.а.) риуаят бойынша Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Жарты құрма болсада беріп оттан сақтаныңдар», - деді (Ибраһим Жанан, Хадис ансиклопедиси Кутуб-и ситте. Акчаг баспасы. – Истанбул. 9 том. 3265 хадис).

Жақсы көрген нәрседен садақа беру

Аллаға жақын пенде бола білу үшін жақсы көрген нәрсемізді садақа етіп беру керектігін мына аят баян етеді: لَن تَنَالُواْ الْبِرَّ حَتَّى تُنفِقُواْ مِمَّا تُحِبُّونَ وَمَا تُنفِقُواْ مِن شَيْءٍ فَإِنَّ اللّهَ بِهِ عَلِيمٌ «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша жақсылыққа қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да Алла оны сөзсіз біліп тұрады» (4.Али Имран-92). Әбу Талха есімді сахаба мадиналық дәулетті кісілердің бірі еді. Ол дүние-мүлкінен Пайғамбар мешітінің алдындағы «Бәйраха» деп аталатын бауын ерекше жақсы көретін. Пайғамбарымыз (с.а.у.) сол бауға жиі баратын, сондағы қайнардан мейірі қанып су ішетін. Бірде «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар. Не берсеңдер де, Алла оны толық біледі» деген «Али Имран» сүресінің 92-аяты түскен соң, Әбу Талха Пайғамбарымыздың құзырына барып: «Алла кітабында: «Жақсы көрген нәрселеріңді Алла жолында жұмсамайынша әсте жақсылыққа жете алмайсыңдар» деп бұйырады. Менің ең жақсы көретін дүнием – «Бәйраха» бауы. Ол бүгіннен бастап Алла үшін садақа болсын. Бұл садақаның қайырлы және Алла құзырында оның таусылмайтын ақырет азығы болғанын тілеймін. Ей, Алланың Елшісі! Бұл бауды қалауыңызға қарай игілігіңізге жаратыңыз», - деп, садақа етеді.

Пайғамбарымыз (с.а.у.) оған: «Сені құттықтаймын. Табысты дүние деген міне осы. Сені естідім Әбу Талха. Оны туыстарыңа бергенді жөн санаймын», - деді. Әбу Талха да: «Ей, Алланың Елшісі. Солай жасайын», - деп, аталған бауды кейбір туыстары мен немере ағайындарына бөліп береді. (Бухари, Зәкат 44; Муслим, Зәкат 42). Иә, ардақты сахабалар осындай теңдессіз жомарттықты жасай білді!

Садақаны кезкелген уақытта беру

Садақа беру үшін арнайы уақыт пен сәт жоқ. Көңілден шыққан, беруге ниет еткен затты Алла разылығы үшін күндіз де, түнде де, жасырын да, ашық та беруге рұқсат. الَّذِينَ يُنفِقُونَ أَمْوَالَهُم بِاللَّيْلِ وَالنَّهَارِ سِرّاً وَعَلاَنِيَةً فَلَهُمْ أَجْرُهُمْ عِندَ رَبِّهِمْ وَلاَ خَوْفٌ عَلَيْهِمْ وَلاَ هُمْ يَحْزَنُونَ «Мал-мүліктерінен күндіз-түні, жасырын немесе ашық садақа беретіндердің сауабы Алланың құзырында дайын. Оларға қауіп-қатер, қайғы болмайды» (2.Бақара-274). Осы аятқа сәйкес Хазіреті Али (р.а.) бірде 4 дирхам ақшасын садақа етуді ниет етеді. Негізінде одан басқа ақшасы да жоқ еді. Сол ақшасының 1 дирхамын түнде, 1 дирхамын күндіз, 1 дирхамын жасырын, 1 дирхамын ашық түрде садақа етіп береді. Оның бұлай істегенін естіген Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Неге бұлай істедің?» - деп сұрайды. Сонда Хз. Али (р.а.): «Раббымның уәде еткен сауабына қол жеткізе білу үшін», - деп жауап береді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Ойлағаныңа қол жеткіздің», - деп сүйіншілейді. (Уахиди. 95 бет).

Садақаның қайтарымы еселеп қайтады

Алла шын ниетпен берілген садақаның қайтарымын еселеп беретінін бұйырады. Бұған қатысты аяттарда былай дейді: «Алла жолында мал-мүлкін садақа қылғандар жеті дана бас шығарған, әрбір басында жүзден дәні бар дақылға ұқсайды. Алла қалаған пендесіне еселеп сауап береді. Алла дархан, бәрін білуші» (2.Бақара-261). مَن جَاء بِالْحَسَنَةِ فَلَهُ عَشْرُ أَمْثَالِهَا «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады» (6.Әнғам-160) وَمَا أَنفَقْتُم مِّن شَيْءٍ فَهُوَ يُخْلِفُهُ وَهُوَ خَيْرُ الرَّازِقِينَ ... «Алла жолында берген нәпақаларыңның есесін Алла толтырады» (34. Сәбә-39). Бір күні бір қайыршы Хазреті Алиге келіп бір нәрселер сұрайды. Хз. Али баласы Хасанды анасына жұмсап: «Анаңа бар, өзіне бергем 6 дирхамның біреуін алып кел», - дейді. Баласы үйіне барып келеді де: «Анам ол 6 дирхамды ұн алу үшін қойып қойғанын айтты», - дейді. Сонда Хз. Али: «Бір құл Алланың құзырындағысына өз қолындағыдан да артық сенбейтін болса, иманы кәміл болмайды. Бар, оған айт, 6 дирхамның бәрін берсін», - дейді. Ұлы Хасан үйіне барып 6 дирхамды әкесіне әкеліп береді. Али де оны қайыршыға береді. Хазреті Али үйіне кіре берісте түйесін сату үшін жетектеген бір адам қасына жақындайды. Хз. Али: «Түйеңді қаншаға сатасың?» - деп сұрайды. Әлгі адам: «140 дирхамға», - деп жауап береді. Али: «Несиеге беретін болсаң, оны есікке байла», - дейді. Әлгі саудагер түйені есікке байлап кетіп қалады. Арадан көп уақыт өтпей бір адам келіп: «Бұл түйе кімдікі?» - деп сұрайды. Али: «Менікі», - дейді. Ол: «Оны сатасың ба?» - деп сұрайды. Али: «Иә, сатам», - дегенде: «Оны қаншаға сатасың?» - деп сұрайды. Али: «200 дирхамға», - деп жауап береді. Ол да: «Жақсы, алдым», - деп 200 дирхамын санап беріп, түйені алып кетеді. Хазреті Али түйесін несиге сатқан адамға 140 дирхамын алып барып береді де, қалған 60 дирхамын Фатима (р.а-һа) анамызға ұсынады. Сонда Фатима анамыз: «Бұл не?» - деп сұрайды. Хз. Али: «Бұл, Алланың: «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады», - деп (6.Әнғам-160) Пайғамбары арқылы біздерге уәде еткен сыйы», - дейді. (Али әл-Муттақи. ҮІ. 572-573). Бірде Фатима анамыз көңілсіз, ас ішуге деген тәбеті бармай отырған сәтінде Хз. Али бөлмесіне кіріп келеді. Сөйтіп жарына: «Ей, Фатима! Тәтті заттан не жегің келеді?» - деп сұрайды. Сонда Фатима анамыз: «Ей, Али, анар жегім келеді», - деді. Хазреті Али ақшасы болмағанымен сыртқа шығып, ойланып, қарыз алады да, базарға барып бір анар сатып алады.

Үйіне келе жатып, жолда науқастанған кәрі кісіні көреді. Али оған жақындап: «Не қалайсыз?» - деп сұрайды. Ол адам: «Ей, Али. Бес күн болды осында тастап кетті. Адамдар өтіп кетіп жатыр. Ешкім маған қол ұшын берейін демейді. Анар жегім келіп тұр», - дейді. Хазреті Али сәл ойланып:

«Егер қолымдағы анарды мына қарияға берсем, Фатима анарсыз қалады. Ал егер бермесем, Алла Тағаланың мына аяты бар: «Тіленшіге зекіме» (93.Духа-10) және Пайғамбарымыздың (с.а.у.): «Сұраушыны бос қайтармаңдар», - деген сөзіне қарсы келген болам деп, анарды әлгі қарияға береді. Хазреті Али Фатима анамыздан ұялып, үйіне келеді. Фатима анамыз Алиді көрген кезде орынан тұрып қарсы алады. Али анар оқиғасын айтып бергенде Фатима анамыз: «Ей, Али. Сен уайымдама. Аллаға ант етемін, сен сол қарияға анарды берген кезде, анарға деген тәбетім басылды», - дейді. Хазреті Али осы сөзді естіген соң, көңілі жайланады. Көп уақыт өтпестен есік қағылады. Хз. Али есік қағып тұрғанның кім екенін сұрағанда Салман Фариси екенін айтады. Есікті ашып, ішке кіргізеді. Оның қолында беті орамалмен жабылған табақ бар еді. Ол табақты Алидің алдына қояды. Хз. Али: «Бұны кім жіберді?» - деп сұрайды. Салман: «Бұны Алла Пайғамбарына (с.а.у.) жіберген. Пайғамбар (с.а.у.) да саған жолдады», - деді. Али табақтың бетін ашып қарағанда 9 анарды көреді. Сонда ол: «Ей, Салман. Бұл әкелгенің маған болса, 10 болар еді. Өйткені Алла Тағала: «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады», - деген» дейді (6.Әнғам-160). Салман күлімсіреп, жасырып қойған бір анарды шығарып, табақа қояды: «Ей, Али! Аллаға ант етейін анар саны он еді. Бірақ мен сені сынайын деп біреуін жасырып қойып едім», - дейді. (Мақасидут-Талибиин. 300-бет).



Садақа Аллаға берілген қарыз

Алла адамға берген нығметінен өзіне қарыз беруін және қайтарымын еселеп беретінін ескертеді. Бұл жайында аятта: «....Парыз намазын оқыңдар, зекет беріңдер, Алла үшін қарыз-несие атаңдар. Сендер өздерің үшін қандай бір жақсы іс істесеңдер Құдай алдында тіпті керемет, тіпті зор сауапқа қолдарың жетеді...» (Музәммил-20) – деп бұйырады. Ал мына аятта болса: «Кімде кім Алла үшін қарызды көп берсе, оның бодауын Алла әлденеше есе көп етіп қайтарады. Алла біреуді кең, біреуді тар қылады.

Сендер Алла құзырына қайтып барасыңдар» (2.Бақара-245) дейді. Аллаға қарыз беру деген Алла үшін садақа беру деген сөз. Осы аталған аят нәзіл болған соң Әбу Дахдах есімді сахаба Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп: «Ей, Алланың Елшісі (с.а.у.)! Алла бізден қарыз сұрай ма?» – деп сұрады. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Иә, ей, Әбу Дахдах, Алла қарыз сұрайды», - деп жауап береді. Әбу Дахдах Пайғамбарымыздан (с.а.у.) қолын ұзатуын сұрап, оның қолын ұстап тұрып: «Мен ішінде 600 түп құрма ағашы бар бауымды Аллаға қарыз ретінде беремін», - дейді. Әбу Дахдах Пайғамбар (с.а.у.) құзырынан шығып, құрма бауына барады. Бала-шағасы баудың ішінде жүрген еді. Баудың қақпасында тұрып әйеліне дауыстап: «Ей, Умму Дахдах! Бауды босатыңдар. Өйткені мен бұл бауды Аллаға қарыз ретінде бердім», - дейді. Әйелі де оған: «Ей, Әбу Дахдах! Өте табысты сауда жасапсың. Алла саудаңды мүбарак етсін», - деп, баудан шығады. Оның бұл әрекетіне байланысты Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Жәннатта Әбу Дахдах үшін әзірленген, бұтақтары иілген қаншама үлкен құрма ағаштары бар» (Табари, ІІ. 803 б.; Хаким. ІІ. 24/2194)

Садақа тек қаржымен шектелмейді сауапты іс жасау үшін тек қаржылай немесе заттай беру міндет емес. Жақсы ниетпен жасаған әрбір ісіміз садақа болатынын мына хадистер баян етуде: «Әрбір жақсылық - садақа» (Тирмизи) «Жақсы сөз - садақа» (Ахмад б. Ханбал) «Күлімсіреген жүзбен сәлем беру - садақа» (Бәйхақи) «Дін бауырына күлімдеп сәлем беру - садақа» (Тирмизи) «Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыйу - садақа» (Муслим) «Бауырына қарсы күлімсіреу  - бір садақа. Жақсылыққа шақыру, жамандықтан қайтару да садақа. Жолдан адасқанға жол көрсету садақа, зағип жанға көмек беру садақа, жолдан тас, тікен, сүйек секілді нәрселерді алып тастау садақа, өз шелегіңнен бауырыңның шелегіне су құйу да садақа» (Тирмизи, Бирр 36).

Садақаның пайдасы Садақа берген сәтте өзгелер үшін пайдасы болған амал ретінде көрінгенімен негізінде берген адам үшін пайдасы мен сауабы мол. Садақа адамға мейірімділікті, нәпсіні тәрбиелеуді үйретеді әрі мал-дүние мен жүректі тазалайды. Ал ақыретте сауапты амал жасау мүмкін болмаған сәтте берген садақасының сауабы жұмаққа жетелейтін болады. Пенде дүниеден озғанда мал-дүниесі жайында қиындыққа тап болып, жиған-терген дүниесі артында қалғанымен сол үшін есепке тартылатын болады. Ал дүниесінен садақа берсе, есебін беру жеңіл болмақ. Өзгеге қол ұшын беру мен садақа берудің ең маңыздысы өзі мұқтаж бола тұра барын бөліп беруі болмақ. «Кімде кім адал жолмен тапқан табысынан бір құрмадай садақа берсе, Алла ол садақасын қабыл етеді. Содан кейін оны таудай болғанша, яғни сендерден біреуіңіз тайын өсіргендей иесіне барынша үлкейеді», - дейді. (Бухари, Зәкат 8; Муслим, Зәкат 63). Садақа беруде шамаға қарап амал еткен жөн. Әбу Бәкірдің қызы Әсма: «Ей, Алланың Елшісі! Жұбайым Зубайрдың берген мәхірінен басқа затым жоқ. Садақа берейін бе?» - деп сұрайды. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Шамаңа қарап садақа бер. Дорбаның аузын бума, Алла да сенің ризығыңды буады», - деді. (Бухари)



Садақа берудің 10 пайдасы бар: осы дүниедегі 5 пайдасы Мал-дүниені тазартады; Күнәларды өшіреді: «Су отты сөндіргендей садақа да күнәларды өшіреді» (Тирмизи) «Садақа тәкәппарлықты жояды» (Тирмизи) Ауру мен апаттан сақтайды: «Науқастарыңды садақамен емдеңдер. Садақа әрбір ауруды және бәлекетті қайтарады» (Бәйхақи риуаяты) «Садақа беруде асығыңыздар. Өйткені апат садақадан оза алмайды» (Табарани, Бәйхақи) Мұқтаж жанды қуантады; Ризықты арттырып, табысқа берекесін береді: «Садақа бергеннің ризығы артып, дұғасы қабыл болады» (Ибн Мәжа) «Азда болса садақа беріңдер. Ақшасын тығып бермегенге, Алла да нығметін азайтады» (Муслим)

Садақаның ақыреттегі 5 пайдасы: Қияметтің үрейінен сақтап, көлеңке болады: «Садақа қабір азабынан сақтайды. Қияметте иесін өз қамқорына алады» (Бәйхақи) Тозақтан құтқарады: «Жарты құрма болса да садақа беріп, тозақтан сақтаныңдар» Таразыда сауабы басым болады; Сырат көпірінен өтуі оңай болмақ; Дүниесінің есебін беруде жеңіл болмақ.

Садақа беруде мән берілуі тиіс жайттар

Мұсылман пенде қолғабыс жасау мен садақа беру барысында кейбір мәселеге көңіл бөлгені жөн: – Жақсылықты Алла разылығы үшін жасау. «Ал сендер қандай қайыр-садақа берсеңдер де ол өздерің үшін, тек оны Алланың разылығы үшін ғана бересіңдер...», (2.Бақара-272). – Садақамызды алдымен жарлы адамнан бастаған жөн. Біреуден бірдеңе сұрауға ары жібермейтін қаншама тұрмысы нашар отбасылар бар. Осындай жанға жәрдем ету сауабы мол іс: «Садақа берсеңдер – Құдайға құлшылық етіп, ешқайда шықпайтын, алыстап ешқайда бара алмайтын жоқ-жітікке беріңдер. (Ешкімнен) еш нәрсе тілемегеніне қарап, білмегендер оларды бай деп есептейді, ешкімге жабыспайтынын олардың жүзінен-ақ танисың. Мал-мүліктен нені садақа етсеңдер де оны Алла айқын біледі», (2.Бақара-273). – Іске жарамсыз өзіңе де, елге де қажеті шамалы бұйымды садақа ретінде беру дұрыс болмайды. Бұл жайында аятта былай делінген: «Әй, мүминдер! Табыстарыңның және сендер үшін жерден өндірген өнімнің жақсыларынан Алла үшін жұмсаңдар. Ал және өздерің көздеріңді жұмып амалсыз алатын құнсыз, сапасыз дүниені Алла жолына беруді ойламаңдар. Біліңдер, Алла бай, мақтаулы», (2.Бақара-267). – Берген көмек пен садақаны міндетсінбеу. Аятта былай ескертеді: «Ей, иман келтіргендер, мал-мүлкін көрер көз үшін жұмсайтындар, Аллаға және ақырет күніне сенбейтіндер секілді (сендер де) бергендеріңді міндет қылып, ренжітіп, садақаларыңның сауабын жойып алмаңдар.



Олардың мысалы: үстіндегі шаң-тозаңын нөсер жуып кеткен жалаңаш жартас тәрізді болмақ. Олардың еңбектері еш кетеді. Алла ондай безбүйректерді тура жолға салмайды», (2.Бақара-264). – Берген садақасын жарияламау. Садақаның жасырын берілуі адамды риядан сақтайды. Жасырын берілген садақа адамның күнәсінің кешірілуіне себеп болмақ. «Егер де садақаны құпия түрде берсеңдер, сендер үшін одан да жақсы. Алла сендердің күнәларыңды жарылқайды», (2.Бақара-271). وَعَنْ سَعِيدِ بن المسيب رَضِىَ اللّهُ عَنْهُ قَالَ: اَتَى سَعْدُ بنُ عُبَادَةَ رَضِىَ اللّهُ عَنْهُ رَسُولَ للّهِ صَلَّي اللّهُ عَلَيْهِ وَسَلَّمَ فَقَالَ: أَىُّ الصَّدَقَةِ أَعْجَبُ إِلَيْكَ؟ قَالَ: الْمَاءُ. أخرجه أَبُو دَاوُد. Сайд ибн Мусайябтан (р.а.) риуаят етіледі Сағд ибн Убада Пайғамбарымызға (с.а.у.) келіп: «Саған ұнайтын садақа қайсысы?» - деп сұрайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Су», - де жауап берді. (Әбу Дәуд. Зәкәт 41) Адам үшін тіршіліктің нәрі су болғандықтан су беру де сауапты амал болғандықтан мұсылмандар құдық қазып, құбыр тартып беруді үрдіске айналдырған. Хазіреті Осман (р.а.) Мадина қаласындағы яһудиге тиесілі болған құдықты сатып алып, мұсылмандарға бағыш еткенін, осы ісімен жәннатты сатып алғанын білеміз.

Тақырыпты мына бір ғибратты оқиғамен аяқтағанды жөн көрдік. 

Ертеректе патшаның ақылды уәзірі болыпты. Сол уәзір ел ішіндегі жағдайы төмен, мұқтаж жандарға қазынадан қарыз береді екен. Қарыз бергенде патша өлген соң қайтарасың деп, қол қойдырып алады екен. Алайда уәзірді көре алмайтын дұшпандары оның бұл әрекетін патшаға жамандайды. Патшаға сіздің уәзіріңіз қазынаңыздағы қаржыны түгі жоқ кедейлерге таратып жатыр, ол аздай патша өлгенде қайтарасың деп айтады екен. Ол сіздің өлуіңізді қалайды. Сіз дүниеден өткен соң сол қаржыларды өзі жинап алмақ деп жамандайды. Патша айтылған әңгімелерге сеніп, уәзірді жазаламақ болады. Тіпті өлім жазасына да кесетінін айтады. Сөйтіп уәзірді шақырып, естіген мәселе жайында сұрайды. Уәзір расында да солай қарыз бергенін, патша өлген соң қарызды қайтарасың деп келіскенін де жасырмай айтады. Мұны естіген патша қаһарына мініп, уәзірді өлім жазасына кеседі. Сонда уәзірі дат сұрап, не үшін олай жасайтынын айтқысы келеді. Патша уәзірдің соңғы тілегін тыңдауды жөн санап, сөз береді. Уәзір патшаға қарап: «Мәртебелі патшам. Мен сіздің қазынаңыздан кедейлерге қарыз бергенде патша өлгенде қайтарасың деп келісетін себебім, олардың қайтаратын шамасының жоқ екенін білемін. Қайтара да алмайтынына көзім жетеді. Бірақ олар алған қарыздарын қайтара алмай қиналғандықтан үнемі Алладан «Ей, Алла! Патша өлмесе екен» деп сіздің тілеуіңізді, өміріңізді тілейтін болады», - дейді. Мұны естіген патша, уәзіріне дән риза болып, кешірімін береді. Берген қол алушыдан жоғары тұрады. Ал алушы берушіге дұғада болатындықтан, сізде садақа беріңіз, өзгелерде Алладан сіздің тілеуіңізді тілесін.








Науқасты зиярат ету

Көңіл сұрау – қанымызға сіңген салтымыздың бірегейі. Ол адамды құрметтеудің нышаны. «Аурудың емі – саудың сәлемі» деген мақал бар. Науқастанып жатқан адамның көңілін сұрап, «ауырып тұрдың – аунап тұрдың», «ауру батпандап кіріп, мысқылдап шығады», «дертіңізге шипа берсін», «шикі ет ауырмаққа» деген сияқты жұбату сөздермен оның тез жазылуға деген сенімін арттыра түсу қажет. Біз денсаулық сұраудағы сауаптармен әдептері жайлы қысқаша шолу жасамақпыз. Онда қолданатын сөз тіркестері де әр жерде әртүрлі. Бірақта негізгілері мыналар болар: «Денсаулығыңыз жақсы ма?», «Денсаулығыңыз қалай?», «Тәуірсіз бе?». Ал сауабы мен әдептеріне келер болсақ:

Сауабы

Алла Тағала науқасқа зиярат жасауды, Өзіне зиярат жасағанмен пара-пар санайды.

Пайғамбарымыз (Оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Өзі және саңлақ сахабалар көңіл сұрауға ерекше мән берген.

Ғиядәтүл-марид, науқастың көңілін сұрау мұсылманның асыл міндеттерінің бірі.

Науқастың көңілін сұрауға таңертең шықсада, кешке шықсада жетпіс мың періште тілеулес болып, жаннатта бір бақша дайындалады.

Әй жолаушы! Ең дұрысын жасадың, жаннаттан өзіңе орын дайындадың – деп бір айқайлаушы періште жар салады.

Науқастың көңілін сұрау жолы, Жәннат бақшаларын аралаумен пара-пар.

Мұсылман бауырының көңілін сұраған құлға, жетпіс мың періште дұға жасап күнәсінің жарылқануына тілеулес болады.

Науқастың разылығында Рахманның разылығы жасырылған.

Мұсылман бауырының көңілін сұрауда қос сауап жасырылған. Олар: Бауырына зияраты, денсаулығын сұрау сауабы.

Көңіл сұрауды қайталау да сауап.



Әдептері

Дәрет алып бару.

Науқастың жанында Фатиха, ықылас, фәлақ және нас сүрелерін оқу.

Алладан шипа тілеп, атын атау сүннет.

Дұғаны қысқада нұсқа, анық жасап, үш рет қайталау да сүннет.

Имам, қари, ғалымдар «Руқия» жасау яғни дем салу.

Ауру адамның жағдайын сұрап барған кезде, үміт беретін сөз айту.

Науқас жанға, сырқаттың өткен күнәларға өтем екендігін, дұғаның қабыл болатындығын, науқас сәтіндегі құлшылықтың құндылығын да жеткізе білу.

Нағыз шипагер Алла  екенін көңіл сұраушы есінен әсте шығармауы, науқасқа да даналықпен сол түсінікті бере білу.

Сырқаттан сызатта, күнәдан кірде қалмай сауығып ұзақ ғұмыр кеш деу.

Ас суды іш едейін іш деп қысамау.

Қаламайтын әңгіме ақпар жайлы сөз қозғамау.

Науқастың жанында үйінде шу шығармау, топырлап топ көбейтпеу.

Өзі тілдесе аламаса жақын, тамыр-таныстарынан сұрастырып білу.

Науқастың жанында өзі жақсы танитын дәрігер мен дәріден сөз етпеу, оны туыс-туғандарына айту.

Еркек-әйел, туыс-жақынқ жағын ескере отырып, тамыр соғысын байқап әрі маңдайын басып көру.

Қарапайым (танымал емес) науқастың көңілін сұрау басшы, ғалымдарға айып емес.

Көңіл сұрау парыз кифая болып саналады.

Мезгілсіз уақытта науқас адамның көңілін сұрамау. Көп отырып алмау.

Сырқат жанға Таухид танымдарын қамтитын дұғаларды жасауы жөн. Өйткені иманын үйіріп өткен жан тозаққа түспейді.

Шипалы дәрі, дуалы дәрігер жайлы науқасқа емес, жақындарына айту.

Қолынан келгенше көмек көрсету.



 Алла елшісі (с.ғ.с.) науқастардың көңілін сұрауды мұсылманның мұсылман алдындағы парыздарының бірі деп білген. Дертке шалдыққан дімкәс жандардың хал-жағдайын сұрамағандардың Алла Тағаланың мейірімінен мақұрым қалатынын жеткізген. Үйіне қайта оралғанға дейін науқасты зиярат еткен адам үшін періштелер кешірім тілейтінін айтқан. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ересектердің ғана емес, жас балалардың да хал-жағдайын білуді естен шығармаған. Көңілін сұрай барған науқасты оң қолымен сипап отырып: «Күллі дүниенің Раббы – Алла Тағалам, құлыңның дертін сейілтіп, оған шипа бер. Шипаны беруші бір ғана Өзіңсің. Сенің шипаңнан басқа шипа жоқ. Бұған ешбір аурудың ізін қалдырмайтын шипа бер», – деп дұға ететін.

Жиені ауырып әл үстінде жатқанда, қызы Зейнеп (р.а.) Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) кісі жібертіп, баласының өлім аузында жатқанын айтады. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) табалдырықтан аттағанда, жас бала алып-ұшып атасының құшағына кіріп кетеді. Мейірім елшісі көз жасына ерік беріп егіле жылайды. Оның жылағанын Сағд ибн Ұбада ерсі көргендей сыңай танытады. Мұны байқап қалған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Бұл – мейірімнен туындаған көз жасы. Алла оны қалаған құлына нәсіп етеді. Алла тек мейірімді құлдарына ғана рақым етеді», – деп түсіндірген болатын.

Науқастарға барғанда, олардың көңілін аулауға тырысатын. Сахабалардың бірі ауырып қалғанда: «Уайымдама, иншалла, осы ауруың арқылы күнәларыңнан тазарасың», – деп жұбататын. Өзге дін өкілдерінің де барып көңілін сұрайтын. Кейде бір науқасқа бірнеше рет кіріп-шығатын. Сағд ибн Муаздың (р.а.) соғыста қолы жараланғанда, жақын жерде тұрып жәрдем беру үшін мешіт ішінен науқасқа арнайы шатыр тіктірген.







Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
18.02.2025
70
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курстар тізімі