ҚЫЗЫЛОРДА: КЕШЕ, БҮГІН,
ЕРТЕҢ
Қызылорда облысы, Арал
қаласы
Т.Г.Шевченко атындағы № 13орта
мектебі
Нұрланбекқызы
Нұрай
6 «Б» сынып
оқушысы
Жетекшісі: Қазақ тілі мен
әдебиеті пәні
мұғалімі Ақзираш
Диханова
...Үшіншісі – Қызылордам – асыл
ордам!
Келген
елім бұл күнде кемеліне,
Асып-тасқан Сырымның кемері
де,
Тегін бе, елге келіп
Елбасымыз:
«Сыр – Алаштың анасы»
дегені де!
Әлемге елім-жұртым шықты
бекем,
Тәуелсіз осы күнді күтті ме
екен,
Тереңнен тартқан сонау
астанасын,
Қазаққа Қызылордам – құтты
мекен!
Шөмішбай
Сариев
Биыл Сыр жағасындағы тарихы
терең, келешегі кемел Алашымның анасы атанған Қызылордама 200 жыл
толып отыр. Екі ғасырлық дәуірді еңсерген қаламыз қазіргі таңда
танымастай өзгерген. Қаланың қарыштап дамуына бірден бір үлес
қосқан Елбасының өзі. Елбасының «Сыр – Алаштың анасы» деген сөзі
бұл күнде бүкіл сырбойылық ағайынның ұранына айналды. Сұлу өлкенің
рухани, мәдени орталығы Қызылорда қаласы – бүгінде сәні мен
сәулеті, даңқы мен дәулеті асқан ғажап шаһарға айналды. Қаламыздың
әрбір уыс топырағы, әрбір түп жусаны ғибрат өнегенің сырын
шертеді. Өзімнің туған өлкем туралы
айтылғанда кең байтақ Қазақстан, оның ішінде әсем де көркем, ақынға
жыр, халқына сыр болған Қызылорда өңірін мақтанышпен айтамын. Қарт
Қаратаудың иегі мен Қызылқұмның жиегін жағалай аққан Сыр-ана сонау
Аралға жетіп тыныс табады. Сыр өңірі тоғыз жолдың торабын
түйістірген, жаугершілікте халқына қорған болған қасиетті
өлке.
Сыр топырағы қазба байлығымен
де, ақ күріші мен тулаған балығы, тұзымен де әлемге танымал өңір.
Халық «Сыр күріші – ел ырысы» деп ақ күрішті орынды айтады. Бұл
өңірде ак күріштің атасы атанған атақты диқан, екі мәрте Еңбек Ері
Ыбырай Жақаевтың алтын қолдарының ізі қалған. Аралдың тулаған
балығы мен алтындай сапалы тұздарының өзі Сыр өңірінің
ырыс-берекесін келтіреді. Қаймағы бұзылмаған қазақы аймақтың
әдет-ғұрып, салт-дәстүрлері де берік
сақталған.
«Неге маған жырламасқа, Сырда
туған елімді»,- деп ақын Ә.Тәжібаев
жырлағандай, Сыр өңірі – жыр сүлейлері шыққан киелі өңір.
Сол себепті де «Сыр елі – жыр елі» деп айтады. Мұнда жыраулық
дәстүрдің мектебін қалыптастырған Ешнияз сал, Шораяқтың Омары,
Балқы Базар, Кете Жүсіп, Дүр Оңғар, Қарасақал Ерімбет, Даңмұрын,
Нартай, Нұртуған, Әзілкеш Шымырұлы, Құлан Алдабергенұлы, Қаңлы
Жүсіп сынды тұлғалар Сырдың даңқын асырды, мәртебесін арттырды. Сыр
елі – қазақтың кемеңгері, от тілді, орақ ауызды шешенінің бірі
Әйтеке бидің, туған жерін жаттан жан аямай қорғаған Жанқожа, Көкен,
Жанназар, Бұқарбай сынды хас батырлардың, азаттықты аңсаған, ұлтын
сүйген азамат Мұстафа Шоқайдың
Отаны. Осындай ұлы ұлдар тудырған Сыр топырағынан
Мұхамеджан Қаратаев, Асқар Тоқмағамбетов, Қалтай Мұхамеджанов,
Әбдіжәмил Нұрпейісов, Әбділдә Тәжібаев сынды тұлғалар
шыққан.
Иә, біз сырғып аққан Сырымызбен
мақтанамыз. Сырдарияның
бүгіп жатқан сыры да мол . Ол көне грек тілінде Яксарт деп аталса,
ортағасырлық мұсылман жазбаларында
бұл
өзен жұмақтағы
төрт өзеннің бірінің атымен Сейхун деп аталған. Тарихшылардың
айтуынша, Ескендір Зұлқарнайынның жаулап алған жерлерінің
солтүстік шекарасы Сырдария өзені арқылы өткен екен. Міне, сан
тарихтың куәсі болған Сыр өзені – бүгінде барша Алаштың
мақтанышы.Тарихты ақтарсақ, небір оқиғаның куәсі
боларымыз һақ.
Мен осы өлкеде,осы аймақта
дүниеге келдім. Экологиялық апат аймағы аталған Аралда дүниеге
келіп, Сырдың суы мен ауасынан нәр алып,
туған ел мен жерге деген
сүйіспеншілікті қаныма сіңіріп келемін. Осындай аймақта тұрғаныма
еш өкінбеймін. Себебі Елбасының назары біздің аймаққа ауды.Сыр
өңірі экологиялық табиғаттың құрсауында тұрса да қарыштап дамып
келеді.Ертеңіне үмітпен қарайтын қасиетті мекенімнің халқы
болашақта миллионнан асып, өндірісі өрісін кеңге жайған, келбетті ,
сұлу қала болады деп ойлаймын. Астананың келбетіне ұқсаған,
менмұндалап тұратын зәулім көп қабатты үйлерімен таңдай қақтыратын
шырайлы мекен болатыны сөзсіз.Сыр өңірінің бас шаһарында Өнер
академиясы салынып, жыраулық дәстүрдің мектебі қалыптасқан өңірде
өнер саласы қанатын кеңге жаяды. Бас қаламыз Алматының Өнер
академиясына ағылған көп жас бағытын Сырға бұрып, жыраулық дәстүрді
үйреніп, дамытары һақ. Табиғаты шөл, сары құмы мен мөлдір суын ем
санайтын Қамбаш көлінен туризм орталығы дамыса, қасиетті Сыр бойы
әлемге танылады. Қыдыр қонған Қызылордамның әлемге танылып, дамуы
болашақтың ,яғни біздің
үлесімізде.
Сыр сұлуы- Қызылорда
ата-бабаларымыздың қасық қанымен жасалған тарихты
таразылап, ұрпаққа мұра етіп қалдырған мекені. Абыз Қорқыт атамның
дәурен сүрген киелі мекені. Желмен жарыса тартылған қобызының үні
«Мәңгілік Елдің» белгісі іспетті.