400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

Ш. Уәлиханов жазбаларындағы ұлттық тарихи-таным мәселелері

Материал туралы қысқаша түсінік
студенттерге, оқушылар, мұғалімдер арналады. Оқуларыңыз сұралады.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Ш. Уәлиханов жазбаларындағы ұлттық тарихи-­таным мәселелері
Омирханова Ж.Ш.
Алматы облысы
«О. Исаев ауылындағы орта мектеп» КММ
тарих пәнінің мұғалімі



Жазба ескерткіштердің хабарларына мән бере отырып ұлы ғалым ауыз әдебиеттегі деректердің маңыздылығын атап көрсетеді, жазба дереккөздермен салыстырғанда бұлардың нақтылығы айқындалады деп ой қорытқан Қазақ халқының ұлттық мақтанышы Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов — бірнеше ғылым саласында еңбек етіп, олардың әрқайсысында айқын із қалдырған ғалым. Ол әсіресе шығыс тіл білімі, тарихы және этнографиясы жөніндегі ғылыми еңбектеріне байланысты өшпес даңққа бөленеді.  Ш.Ш. Уәлиханов не-бары 30 жылға жетпейтін уақыт өмір сүрді. Бірақ осы қысқа өмірінің өзінде саяхатшы ғалым артына мол ғылыми мұра қалдырды. Шоқанның өшпес мұрасы бүгінгі отандық тарих пен басқа қоғамдық ғылымдар саласын терең зерттеу мен насихаттау ісінде орны бөлек. Шоқан Уәлиханов Батыс Сібір генерал-губернаторының қарамағына жұмысқа қалғанда, қызмет бабы барысында оған бірден-ақ қазақ өлкесінің жер-жерімен жақынырақ танысып, ғылыми зерттеулер жүргізуіне қолайлы жағдай туды. 1853-1854 жылдары Шоқан төтенше тапсырмалармен Сарыарқаға барған кезде Нұра, Сарысу өзендерінің бойындағы архитектуралық ескерткіштермен танысады. Қапал бекінісіне барғанда Ұлы жүз қазақтарының жазба деректерін жазып алады.  Туған халқына деген өлшеусіз махаббат Шоқанды қазақ халқы тарихының ғылыми негізін қалауға ұмсындырды. Оның этнографиялық жазбалары, тарихи зерттеулері күні осы уақытқа дейін құндылығын жойған емес.  Шоқанның қазақ халқының түп-тегі туралы ойларының да теориялық- методологиялық маңызы зор. Көшпелі жұрттың, әсіресе жазу-сызуы ерте кезден тасқа қашалып жазылған тайпалардың тарихын айқындар басты көз қазақ халқының шығу тегі, түп-тамырының асыл діңгектері болып табылады. Жалпы, олардың кейбір үзінділері өркениетті елдердің жылнамаларындағы деректермен астасып жатыр деп атап көрсетті ол. Жазба ескерткіштердің хабарларына баса мән бере отырып ұлы ғалым халықтың ауыз әдебиетіндегі деректердің аса маңыздылығын атап көрсетеді, жазба дереккөздермен салғастырғанда бұлардың нақтылығы айқындала түседі деп ой қорытқан.  Ұлы Дала өркениеті тудырған шежіре мәліметтеріне деректік талдау жасау, көшпелілік болмысқа тән тарихи ой-сана мен тарихи таным өрісін, оның табиғатын және құрамдық бөліктерін, әлеуметтік-мәдени қызметін тануға жол ашады. Тарихи ертегілер, жыр-дастандар, тарихи әңгімелер, аңыз, қария сөз, шешендік, билер сөзі және басқа да ауызша айтылып, халық жадында сақталған мұралар шежірелік дәстүрді құрайтын ішкі деректерге жатады. Өз кезінде Ш. Уәлиханов қазақта «бірде-бір мәнді оқиғасы, бірде-бір керемет кісісі туралы айтылмай қалғаны, халық жадында сақталмай қалғаны жоқ», – деп атап өткен [1, 157-б.]. Расында да, қазақ мәдениетінде, төл әдебиетінде үлкен деректік қор бар. Ол деректемелердің тарихи шындықты суреттеудегі ерекшеліктері ғылымда қарастырылмай келді. Қазақ шежірелерінің тарихи мәліметтерін сын көзқарас тұрғысынан тексеру, нақты ғылыми тәсілдермен шындыққа сәйкес келетін ақиқатын анықтау, қажетінше ғылыми айналымға енгізу – мемлекет, ұлт және мәдениет тарихын деректік тұрғыда зерттеуді жаңа деңгейге көтеретін келелі мәселе.  Шежіренің негізгі мақсаты – тарихи білім жүйесінде сақталатын дәстүрлі мәдени құндылықтар мен дәстүрлі қоғамның рухани-әлеуметтік, идеологиялық-саяси сабақтастығын қаматамасыз ету. Осының барлығы ұлттық мәдениеттің тұғыры болғандықтан, оны тұрақты қоғамдық институтқа айналдыру мақсатында шежіре түсінігінің дәстүрі төңірегіне киелілік сипат ұғымы, ерекше қасиеттеушілік берілгені де байқалады. Халықтың фольклорлық мұрасында сақталған «жеті атасын білген ер – жеті елдің қамын жер» дейтіндей әлеуметтік формулалар — осының бір даналық айғағы [2, 6-б.].  Халықтың тарихи мәліметтер зерттеушілер үшін құнды болуына қарай, әр заман тарихнамашылары қазақтың тарихи фольклор деректерін қажетсінді. ХІХ ғасырда «Қазақ шежіресі» атты мағынасы терең ғылыми мақала жазған ірі ғалым Ш. Уәлихановтың еңбегі елеулі. Шоқан бұл деректерді өзі ғана жинап қоймай, сол кездегі қазақ ортасындағы көзі ашық, сауатты, қайраткер адамдарға да аманат қылды. Кейін бұл мұралар Г. Потаниннің кітаптарында жарияланған. Ә. Бөкейханның төрелер шежіресіне қатысты жинақтаған генеологиялық мәліметтері бүгінгі күні де өзектілігі мен ғылыми-қолданбалы мағынасын жоғалтпаған [2, 7-б].  Шежірелердегі тәңірлік дүниетаным белгілері де айрықша көрінеді. «Көнетүркілік салтты, оның наным-сенім, әдет-ғұрып, той-думан, жол-жоба дәстүрлерін, жыр-өлең сипатында жалғасқан тарихи аңыздарын, әр түрлі уақытта өткен жырау жырларын, салтанат пен әуенге деген құштарлығын, халық әдеті мен билердің шешендік өнері мен билік айту өнегесі сияқты парасат, ақыл-ой мұраларын сақтаушылары деп қазақтарды айту қажет», – деп кезінде Ш. Уәлиханов ескерткен [3, 30-б.].  Шежірелерді жиып отыру ортағасырлардан бері ел ортасынан шыққан атақты адамдары айналысқаны осыдан байқалады. Әрине, алдымен бұл тектілерге тән әулеттік әдет. Ш. Уәлиханов еңбектерінде Есім хан, Тәуке хан, Сәмеке мен Әбілмәмбеттің ұрпақтарында сақталғандығы шежірелер туралы айтылады. Шежірелік жазбалар авторлары бар нақты тарихнамалық туынды белгілері болғандықтан, бұларды шежірелік тарихнама ретінде қарастырылуы әбден дұрыс.  Тұрмыстық фольклор жанрына тән мақал-мәтел, бесік жыры, бата, беташар т. б. сөз үлгілерін халық мәдениетін игерген кез келген адам біледі. Ән, әуен, жыр, өлең – бұлар шежірелік деректі сақтау қызметін атқарушы дәстүр тасымалдаушы құралы болып табылады [3, 32-б.].  Қазақ шежірелеріндегі «Қазақ түбі» мәліметтері қазақ руларының барлығы ерте заманнан келе жатқан түрік жұрағаты десе, генеалогиялық жағынан оған жатпайтын төре, қожа, төлеңгіттер қазақ құрамынан тыс айтылғандықтан да кірме топтар қатарында есептеледі. Мұны Ш. Уәлиханов та мақаласында анық көрсеткен. «Қазақта «кірме» деген сөз бар. Ол сөздің мағынасы өз отанынан, ата мекенінен, ру-тайпа ортасынан жақсы-жаман себептермен шығып кетіп, өзге елге келген, сіңісіп кеткенге дейінгі адамдарды айтады» деп, шежіре кірме ұғымына анықтама береді. Қазақ руларының ішінде өзара алмасқан аталар да аз емес [4, 220-б.].  Шежірелерде осы сияқты тарихи-әлеуметтік құбылыстар түсіндіріліп отырды. Қазақ ортасында бір рудан басқа рудың құрамына ауысып жүрген тұлғалар қай заманда болмасын көп болған. Жаңа рудың ішіне олар, әрине, бала, ұл қатарында кіретін болған. «Бұлар өз әулетін жоғалтпай, қожа, төре, ноғай, татармыз деп өз үрдісін, тарихын, тегін жоғалтпай, сақтап қалуы қайсарлығы, табандылығы, ұждандылығы деу қажет. Бар қасиеттерінің барлығы да қазақ болып кеткендер», – деп түсіндіреді Сондықтан қазақтың барлығы бір-біріне қарға тамырлы қазақ болады [5, 4-б.].  Сондай-­ақ қазақ шежірелерінде қазақ хандары туралы деректер жинақы түрде баяндалады. XVIII ғасырдың ауызша тарихи дәстүрі туындыларында қазақ халқының жоңғар басқыншыларына қарсы ұлт-азаттық күрес тарихы ерекше суреттеледі. Бұл туралы Ш. Уәлиханов: «Ата-бабаларының ерлігін жырлайтын көне жыр-аңыздар жазу-сызуға түспей ауызша айтылып келуіне қарамастан, шежіре сақтаушы жыршылардың суырыпсалма импровизаторлық ғажап өнер қабілеті мен халықтың тарихи өлең, дастан, ертегі, аңыз, әңгімелерге ден қойып сүйіспеншілікпен тыңдауының арқасында ұзақ жылдар бойы ауыздан ауызға айтылып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып осы күнге дейін сол өзгермеген таза қалпында сақталған, және жапан даланың әрбір шетінен хатқа түсірілген сол мұралардың барлық көшірмелері өзара ұқсас келеді», – деп жазған [1, 149-б.]. Жыр дәстүрін атқарған қызметі жағынан шежірелік мұраға жатқызған өте дұрыс. Жырау мен жыршы атқарған әлеуметтік-мәдени қызметті осы шежірелік жады мен дәстүрлі тарихи сана арқылы іске асырған. Сол тарихи дәуір шындығын жырға салған атақты Жиембет, Марғасқа, Ақтамберді, Қожаберген, Үмбетей, Бұқар сияқты тарихты шежіре еткен жыраулар болған.  Ш. Уәлиханов қазақтың әрбір текті ақсақалы өз руының шежіресін анық біледі деп айтқан [1, 149-б.]. Шоқан жазған шежірелік шығармалардың ең әйгілісі – «Абылай», «Қырғыз рулары», «Ұлы жүз туралы», «Ұлы жүздің аңыз-әпсаналары», «XVIII ғ. батырлар жыры», т. б. Бұл еңбектерде Шоқан тек қазақ емес, сондай-ақ жалпы түрік-моңғол жұртының тарихи жәдігерлері туралы көп ізденген: яғни, олардың шығу тегі, тарихи деректері, мәдени ерекшеліктері, тәңірлік түсініктері, бақсылық дәстүрі, ру құрылымы, халық күнтізбесі, хандары, космогониясы, наным-сенім жүйесі, қазақ ортасындағы мұсылмандық құқық, шежірешілер, қария сөз, аңыздардың мазмұны, атақты адамдары, рухани құндылықтары, т. б. көптеген мәселелердің барлығының басын қайырып, зейін қойып, тиянақты ізденген [6, 30-б.].  Cонымен, Шоқан жазбаларындағы тарихи дерек ретіндегі қазақтың түп-тамырын айғақтайтын шежірелік шығармаларының орны ерекше. Қорыта келгенде Шоқан Уәлиханов бізге аса бағалы ғылыми мұра қалдырды, олар Қазақстан, Орта және Орталық Азия халықтары тарихының, этнографиясының күрделі ғылыми проблемаларын шешуге көмектескен бай мұра деп айтуға болады

Пайдаланған әдебиеттер:  1. Валиханов Ч. Киргизское родословие // Собр. соч. в 5-ти томах. Т.2. – А., 1985. – С. 148-166.  2. Алпысбес М. А. Шежіре – тарихи дерек көзі // Қазақ тарихы, 1999. №2. – 6-10-бб.  3. Алпысбес М. А. Қазақ түрік шежірелерінің зерттелуі // Қазақ тарихы, 2004. №4. – 30-34-бб.  4. Жақсыбайұлы Т. Шежіре. Қаракесек руына жататын Сарым еліндегі Өтеміс – Тоқсан ұрпақтарынан тарайтын Тоқсары, Құлық, Құлсары, Қожақұл ұрпақтарының шежіресі. Екінші кітап. – Қарағанды, 1999. – 356-б.  5. Алпысбес М. А. Шежірелік деректердің тарихи-генеалогиялық мәні және қызметі // Вестник СемГУ им. Шакарима. Научный журнал. – №1. 2007. – 3-9-бб.  6. Тұяқбаев Р. Қазақ халқының ұлттық, рулық қалыптасу шежіресі. – Көкшетау, 2003. – 291-б.


















Ш. Уәлиханов – қырғыз тарихын зерттеуші

Ұлтымыздың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлиханов бауырлас қырғыз халқының тарихын зерттеп, оны өз кезіндегі ресейлік, еуропалық ғылыми ортаға таратуда өлшеусіз қызмет атқарды Бұл тақырыпқа ол өзінің көптеген еңбектерін арнады. Оларда қырғыз жұртының қалыптасу кезеңдеріне, тарихи мекендеріне, руаралық қатынастарына, шаруашылықтары мен салт-дәстүрлеріне барынша кең көлемде сипаттама береді. Жекелеген ру басыларына анықтама жасап, олардың халық арасындағы қызметтеріне талдау жасайды. Шоқан Уәлихановтың бұл зерттеулері қырғыздар туралы кеңінен тараған ауызша деректермен қатар, орта ғасырлардан бергі белгілі шығыс, орыс, батыс ғалымдарының, өлкетанушыларының шығармаларымен танысу, оларға ғылыми тұрғыда сараптама жасауы негізінде дайындалған. Оның пайдаланған сан-салалы деректерінің мазмұны бай, талдаулары мен қорытындылары өз дәуіріндегі және қазіргі мерзімдегі ғылыми ортада құндылығымен ерекшеленеді. «Қырғыз халқын, – деп көрсетеді Ш.Уәлиханов, – шығыс және қытай тарихшыларының баршасы да түбі бір түркі тайпалардың бірі деп жазды. Әбілғазы: «қырғыздардың түпкі атасы Қырғыз Оғыздың (түркі халықтарының түпкі атасы) ұлы екен және тағысын тағылар» дейді [1, 76]. Яғни, Шоқан Уәлиханов бұл халықтың шығу, дамуының нақты, дәлелденген толық тарихы жоқ екендігіне назар аударады. Міне сондықтан да ол ХІХ ғасырдың ортасына дейін Орта Азияның негізгі тұрғындары болып келе жатқан қырғыздардың өткенін зерттеп, ғылыми тұжырым жасауға ден қояды. Қазақ халқының тарихын зерттей отыра оның өткені, өзіне дейінгі мерзімдегі жан-жақты тұрмысы, салт-дәстүрі, рухани дамуы мен дүниетанымының тарихи көршілес, тіпті аралас орналасқан қырғыздармен тығыз байланыста болып келе жатқандығы да Шоқан Уәлихановты бұл халықтың тарихына деген қызығушылығын тудыруының басты себептерінің бірі деп есептеуге болады.   Осындай мақсатпен ғалым қырғыздардың барша өткеніне арналған деректер жинақтаумен айналысады. Аталған тұрғыдағы Шоқанның: «...Қара қырғыздар Ордасы туралы этнографиялық жазбалар, статистикалық мәліметтер, тарихи ашылымдар, халық әдебиетінің ескерткіштері менің жазбаларында бірнеше дәптерге жазылған» [2, 350] деген сөздерінен оның бұл іске мақсатты түрде кіріскендігін көрсетеді. Атап айтқанда, ол қырғыздардың көне тарихы туралы деректер беретін ортағасырлық шығыс ғалымдары Рашид ад-Дин, Әбілғазы, Мұхаммед Хайдар Дулати шығармаларынан басқа Фишер, Левшин, Мейндорф, Бичурин, Гумбольдт, Риттер, Клапорт, Абель-Ремюза, Семенов-Тянь-Шанский, т.б. еңбектерімен танысты. Омбы мұрағатындағы мәліметтермен жұмыс істеді. Осылар арқылы Шоқан Уәлиханов қырғыз халқының шығу тегінен бастап ХІХ ғасырдың ортасына дейінгі тарихына арналған ғылыми еңбектер дайындады. Қырғыздардың Орталық Азияның ертеден қалыптасқан, көпсанды, шаруашылығы өркендеген, салт-дәстүрі бай, ауыз әдебиеті мазмұнды халық екендігіне тарихи сараптама жасады. Оның «Қырғыздар туралы жазбалар», «Жоңғария очерктері» атты шығармалары осы тақырыпқа арналды. «Қырғыз тайпасы өзінің таралуына қарай Орта Азияның ұлан ғайыр кеңістігін алып жатыр және оңтүстікке қарай созыла мекендейді. Қара қырғыздардың ұрпақтары Ыстықкөлден Ғиссар мен Бадахшанға дейін, Созақтан Ақсу мен Үш-Тұрфанға дейін шашырай қоныстанған» [1, 8] деп, олардың сол мерзімдегі мекендеп отырған жерлерін айқындайды. Одан әрі зерттеуші қырғыздардың арғы ата-бабаларының Алтайдан асып, Енисей маңайын қоныс еткендігін де жазады. «Қырғыздар тіпті Таң әулеті кезеңінен бұрынғы кездерде-ақ таулы елде, Кеме немесе Енисей бойында мекендеген. ...Абель-Ремюза оларды Таяу Азияның көккөзді алты халықтарының бірі деп санайды...» [1, 57] дей келе Шоқан қырғыздардың көне тарихына да талдау жасайды. Бұл халықтың қырғыз аталуының тарихын қарастырып, оған өзіндік тұжырым береді. «...Біз қара қырғыздар, – деп көрсетеді зерттеуші осы мазмұнда, – Енисей хакастарына немесе қытайша атауы ки-ли-ки-цзы, қырғыздарға бара-бар деген ойға келдік, өйткені моңғолдар кезінде өмір сүрген қытай жылнамашысы ки-ли-ки-цзы жергілікті халықтың тілінде қырық қыз» дегенді білдіреді» [2, 362]. Шоқан Уәлиханов қырғыз халқының тіліне де назар аударды. Ол: «Қара қырғыздардың тілі түркі тектес. Кіші Бұхарада қолданылатын ауызекі тілге басқалардан гөрі жақынырақ. Бұл тілде араб және парсы тілінен келген сөздер өте аз, тіпті жоқ деп айтуға болады, оның орнына моңғол және ескі түркі сөздері көптеп кездеседі» [2, 368] деп жазып, қырғыз тілінің көне түрік тілдері құрамына жататындығын, оның уақыт жағдайына қарамастан неғұрлым таза сақталғандығын атап көрсетті. Шоқан Уәлиханов қырғыздардың ауыз әдебиеті шығармаларын зерттеуге де қызығушылық танытты. Батырлықты, халықтың тұрмыс-салтын баяндайтын ерте қырғыз жырларының мазмұндарының барша түркі халықтары ауыз әдебиеті туындыларымен байланысты екендігіне көңіл бөліп, оның маңызына тоқтады. «Аңыз-хикаялардың маңызды бөлігін генеалогиялық аңыздар құрайды. Осы аңыз-әңгімелер  ру тұрмысына негіз болады. Рулардың арасындағы қатынас олардың түпкі ата-бабаларының туыстығына байланысты. ...Мұндай аңыздар халықтың құрамы мен құрылуын көрсететіндіктен зор маңызға ие» [2, 364] дей келе, зерттеуші қырғыз аңыздық шығармаларының біртұтас Түркі Елі тарихын негіздеудегі баға жетпес орнын көрсетеді. Ғалым «...Ноғай жырлары. Олар қайсақтарда, өзбектерде, ноғайларда және қырғыздарда кездеседі. ...Олар халық рухын, ұғымдарын, дәстүрлерін, мінез-құлқын, өмір салтын тамаша бейнелейді, сондай-ақ филологиялық жағынан көрнекті, тарихи құндылықтан да кенде емес» [2, 365] деген тұжырым жасайды және бұл жырлардың Түркі жұртынан тараған өзбек, қазақ, қырғыз, тағы басқа халықтардың тамырлас, туыстығының айғағы екендігін атап көрсетеді. Сонымен қатар Шоқан Шыңғысұлы – қырғыздардың «Манас» жырын алғаш рет жазбаға түсіруші, зерттеуші және насихаттаушысы. «Қара қырғыздардың ноғай жырларының қатарындағы, – деп жазады ол, – бір ғана жыры бар, ол – «Манас». «Манас» бір уақытқа келтірілген және бір ғана тұлға – батыр Манастың маңына топталған барлық қырғыз мифтарының, ертегілерінің, аңыз-хикаяларының жиынтығы. Бұл жазық далалық Иллиада тәрізді. Қырғыздардың өмір салты, дәстүрі, мінез-құлқы, географиясы, діни және медициналық білімі осы үлкен эпопеяда көрініс тапқан» [2, 366]. Шоқан Уәлиханов ғасырдан ғасырларға ұласып келе жатқан осы ауызша халықтық шығармамен толығынан танысты және аталған жырдың «Көкетай ханның өлімі және оның асы» атты тарауын орыс тіліне аударды. Бұл аударма ХХ ғасыр басындағы Ресей географиялық қоғамының мүшелерінен жоғары бағасын алды. Қорыта айтқанда, осындай бағалы ғылыми зерттеулер жасаған Шоқан Шыңғысұлы Уәлихановты қырғыз халқының тарихын алғашқы зерттеуші деп атауға толық негіз бар сияқты. Ал мұның өзі тікелей көршілес қазіргі күнгі қазақ-қырғыз халықтарының, олардың болашақ ұрпақтарының өзара бірлік, туыстық, сыйластық қарым-қатынастарының одан ары нығайта түсуіне үлес қосады деп есептеуге болады.  






















Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
1 ұстаз жүктеп алған
5 қаңтар
443
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі