Тақырып бойынша 18 материал табылды

Сабақ жоспары: М.Әуезов, "Абай жолы" роман-эпопеясы. 4-том.

Материал туралы қысқаша түсінік
Сабақ жоспарын колледждерде қазақ әдебиеті пәнінде қолдануға болады.
Материалдың қысқаша нұсқасы

ОҚУ САБАҒЫНЫҢ ЖОСПАРЫ

(теориялық немесе өндірістік оқыту)



Модуль /пән атауы

ЖБП 2. Қазақ әдебиеті


Сабақ тақырыбы

М.Әуезов, «Абай жолы» роман-эпопеясы, 4-том.

  1. Жалпы мәліметтер

Курс

Оқу жылы

Тобы

Күні

I

2025-2026

БҚЕ-25-9К2

10.03.2026

Сабақ түрі

Тәжірибелік

2. Мақсаты, міндеттері

Мақсаты: Білім алушыларға «Абай жолы» роман-эпопеясының ІV томының идеялық мазмұнын, тарихи-әлеуметтік жағдайды, негізгі оқиғаларды талдау; Абай бейнесінің рухани-философиялық қырларын ашу.

Міндеттері:

- Романның 4-томының композициялық құрылымын түсіндіру, негізгі идеясын анықтау;

- Әдеби шығармаға сюжеттік-композициялық талдау жасау арқылы жанрлық ерекшелігін түсіну;

- Абайдың рухани-философиялық қырларын ашу;

- Шығармадағы тартыс түрлерін (әлеуметтік, психологиялық) анықтау;

- Білім алушылардың сыни ойлау, талдау, салыстыру, дәлелдеу дағдыларын дамыту.

  1. Оқу-жаттығу процесінде білім алушылар меңгеретін күтілетін нәтижелер және (немесе) кәсіби дағдылар тізбесі

- «Абай жолы» роман-эпопеясының ІV томының мазмұнын, оқиғаларын баяндай алады;

- Абай бейнесінің жаңа қырларын анықтай отырып, оның қоғамдағы рөлі мен тұлғалық қасиеттерін талдайды;

- Романдағы әлеуметтік тартысты талдайды;

- Кейіпкерлер іс-әрекетіне баға береді;

- Қоғамдық мәселелерге азаматтық тұрғыда баға береді;

- Топтық талқылауда өз пікірін дәлелдей алады.

4. Қажетті ресурстар

Оқу-әдістемелік құрал-жабдықтар, анықтамалық әдебиеттер

1. Зайкенова Р., Нұрланова Л.Н. «Қазақ әдебиеті» жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының жаратылыстану-математикалық бағытына арналған оқулық. Нұр-Сұлтан: «Арман-ПВ», 2020. 112 б.

2. Зайкенова Р., Нұрланова Л.Н. «Қазақ әдебиеті»: Хрестоматия. Жалпы білім беретін мектептің 11-сыныбының жаратылыстану-математикалық бағытына арналған оқулық. – Нұр-Сұлтан: «Арман-ПВ», 2020. 128 б.

3. М.Әуезов. «Абай жолы» роман-эпопеясы. ІV том. – Алматы: «Мазмұндама» баспасы, 2023

Техникалық құралдар, материалдар

Ноутбук, смартфон. Тақырыптық фото-суреттер, таратпа материалдар.


5. САБАҚТЫҢ БАРЫСЫ

Сабақтың басы Ұйымдастыру кезеңі

(2-3 мин.)

Білім алушылармен сәлемдесу, оларды түгелдеу. «Тілектер бұрқасыны» әдісімен аудиторияда жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру. Оқушылардың зейінін сабаққа аудару және олардың сабаққа дайындығын тексеру.

Білім алушылардың білімін тексеру

(25-27 мин.)



Үйге «Абай жолы» роман-эпопеясының 3-кітабын оқып, өз таңдауымен бір тарауын мазмұндау және композициялық талдау жасау тапсырылған.


1. «Сөз маржаны» әдісі. Білім алушылар 3-томның өзі таңдаған бір бөлімін мазмұндайды және тарауға композициялық талдау жасайды.


2. «Асық» әдісімен роман-эпопеяның 3-томын қорытындылау. Білім алушылар асық таңдап, сұраққа жауап береді.



Сұрақтар:

1. 3-томда Абай Құнанбайұлы ел ісіне қандай жаңа көзқараспен араласа бастайды?

2. Абайдың халық арасындағы беделі қалай көрінеді?

3. Абай мен оның айналасына жиналған жастардың мақсаты қандай болды?

4. Бұл томда Абайдың ақындық жолы қалай дамиды?

5. Абайдың шәкірттері кімдер, олар қандай істерімен ерекшеленеді?

6. Абайдың ел ішіндегі дау-жанжалдарға қатысуы қалай суреттеледі?

7. Абай мен болыстар арасындағы тартыстың себептері қандай?

8. Абайдың халықты білімге, өнерге шақыруы қандай оқиғалар арқылы көрсетіледі?

9. Абайдың орыс мәдениетімен байланысы бұл томда қалай көрінеді?

10. Абайдың отбасындағы жағдайлар мен қиындықтар қалай сипатталады?

11. Ел ішіндегі әлеуметтік теңсіздік мәселесі қалай бейнеленген?

12. Абайдың достары мен жақтастары оған қандай қолдау көрсетті?

13. Қай кейіпкердің іс-әрекеті сізді толғандырды? Неліктен?

14. 3-том сізге қандай әсер қалдырды?

15. ІІІ кітап пен бүгінгі қоғам арасында қандай байланыс орнатуға болады?


Сабақтың ортасы

Жаңа тақырыпты түсіндіру

(40-45 мин.)

Жоспар:

1. Әлем мойындаған «Абай жолы» және ІV кітап туралы

2. Абайдың рухани-философиялық қырлары

Қызығушылықты ояту: «Ой шақыру» әдісі.

Оқытушы бірнеше тақырыптық фотолар көрсетіп, білім алушыларға сұрақ қояды.



Сұрақтар:

- ІІІ томда қандай оқиғалар болды?

- Абайдың қандай қасиеттері көрсетілді?

Білім алушылар өз ойларымен бөлісіп, пікірлерін білдіреді.

Оқытушы қорытындылап, жаңа сабаққа кіріспе жасайды: 4-томда Абай бейнесінің күрескерлік, философиялық қырларын толықтырып, оның қазақ қоғамының рухани көшбасшысы ретіндегі соңғы жылдарын суреттейді.






  1. Әлем мойындаған «Абай жолы» және ІV кітап туралы.

«Абай жолы» роман- эпопеясын әлем қалай бағалады? Тағдыры қыл көпірдің үстінде тұрып жазып шыққан, жала, айыптаулардың небір түрін естіген М.Әуезов 1949 жылдың сәуірінде «Абай» романы үшін КСРО Мемлекеттік сыйлығын алады. Бұл Әуезовті қазақ елінің ғана емес, бүкіл Кеңес үкіметінің бағалауы еді. Кітап алдымен орысшаға, кейін әлемнің 116 тіліне аударылады.

Кемеңгер жазушыны әлемдік биіктерге жетелеген де, бағыт сілтеген де – Ұлы Абай! Абай жолы – халық жолы, халық жолы – Абай жолы. Осы бір тарихи шындыққа сай және асқан көркемдік шеберлікпен көрсету, М.Әуезовтің ұлы шығармашылық жеңісі болып табылады.


Неміс жазушысы Альфред Курелланың: «Сіз әлі «Абайды» оқыған жоқпысыз? Онда сіз мүлдем ештеңе оқымағаныңыз. Бұл – таңғажайып, бұл – керемет! Далаға жан бітіп, дүние алғаш жаралғандағы мөлдір табиғатымен, бар тіршілік-тынысымен, тәуелсіз тұлғалы жандарымен сіздің көкірегіңізге кеп орнайды. Олардың бойындағы қызулық пен құмарлық қандай, дәл Шекспир суреттеген бейнелердің өзі!» – деген.

Камерун жазушысы Бенжамен Матип: «Мен бұрын қазақтар туралы естімегенмін, енді оларды өте жақсы білемін. Себебі, Мұхтар Әуезовтың кітабын оқыдым, қазақтың ұлы ақыны Абаймен таныстым. Шығарманы оқи отырып, Абаймен бірге өмір сүріп, қазақ даласының ауасымен тыныстағандай күй кештім»,- деп өз таңданысын білдірген.

Француздың кемел кемеңгері Луи Арагон: Мен оның шығармаларын туған еліме таныстырушы болуды үлкен абырой санаймын. Эпикалық роман «Абай» менің ойымша, «ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі. Бұл шығарма кеңес әдебиеті туындыларының маңдай легінен орын алады деу аздық қылады, әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарма табу қиын» деп бағалады.

«Абай жолы» бір ұлтты әлемге танытудың кепілдігіне жіберілген рухани елші міндетін атқарды.

М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясының 4-томы (соңғы кітап) Абайдың кемелденген шағын, рухани ізденісін, күрескерлік жолын және өмірінің соңғы жылдарын (1890-жылдардың ортасынан 1904 жылға дейін) қамтиды.



IV том қалада обаның таралуынан басталады. Сармолла халфенің өлтірілуі, Әбіштің қайтыс болуы, Тұщыкөл шайқасы, санақтың өткізілуі, Абайға қастандық жасалуы, бас муфтидің сайлануы, Ерболдың, Абайдың өмірден өтуі туралы жазылған. Бұл бөлімде ақынның әділетсіздікпен күресі, қазақ қоғамындағы тоқырау, трагедиялық жағдайлар және оның ағартушылық философиясы терең сипатталады.

4-томның негізгі тараулары мен оқиғалары:

  • Түн-Түнекте: Абайдың қалаға келуі, Әбіштің оқуын бітіріп, үйленуі, елдегі жағдай.

  • Құз-қияда: Жастардың (Дәрмен, Мағаш, т.б.) оқу іздеп қашуы, Абайдың қолдауы.

  • Қапада: Ел ішіндегі әлеуметтік қайшылықтар мен ақынның жалғыздығы.

  • Қастықта: Оразбай бастаған бай-манаптардың Абайға қарсы ұйымдастырған қастандықтары.

  • Шайқаста: Абайдың әділетсіздікке қарсы ашық күресі, момын елдің қолдауы.

  • Жұтта: Қыстағы елдің қиын жағдайы, жұттың басталуы. 

4-том Абай бейнесінің күрескерлік, философиялық қырларын толықтырып, оның қазақ қоғамының рухани көшбасшысы ретіндегі соңғы жылдарын суреттейді.

2. Абайдың рухани-философиялық қырлары. «Абай жолы» роман-эпопеясының 4-томында Абай тек ақын ғана емес, терең ойшыл, ағартушы, философ, халық тағдырын ойлаған гуманист тұлға ретінде көрінеді. .

2.1. Абайдың гуманистік дүниетанымы

4-томда Абайдың адамгершілікке негізделген көзқарасы ерекше айқындалады. Ол адамды ұлтқа, руға, бай-кедейге бөлмей, бәрін бірдей көреді. Оның негізгі ұстанымы – адамдық пен әділет.

Абайдың ойынша:

- Адам өмірінің басты мақсаты – адалдық пен әділдік.

- Материалдық байлық немесе билік емес, рухани байлық маңызды.

- Халықтың болашағы – білім мен мәдениетте.

Ол халық арасындағы рушылдық, надандық, бақталастық сияқты қасиеттерді қатты сынайды. Абайдың бұл көзқарасы оны тек ақын емес, гуманист философ ретінде көрсетеді.

2.2. Абайдың ағартушылық философиясы

4-томда Абайдың ағартушылық идеялары ерекше дамиды. Ол халықтың артта қалуының басты себебі – білімсіздік деп түсінеді.

Абай халықты дамыту үшін оқу мен ғылым қажет; жастар жаңа білімге ұмтылуы керек; ескі, кертартпа салттар халықты алға бастырмайды деп ойлайды. Абай жастарды үнемі білім алуға, мәдениетті болуға, дүниені кең тануға шақырады. Бұл жерде Абайдың бейнесі ағартушы-ойшыл ретінде ашылады.

2.3. Әлеуметтік әділет туралы философиялық көзқарасы

4-томда Абай қоғамдағы әлеуметтік теңсіздікке терең ой жібереді.

Ол билік үшін тартысқан болыстарды, парақорлықты, әлсізді қанауды сынайды.

Абайдың пікірінше қоғам әділетке негізделуі керек; ел басында адал адамдар болуы тиіс; халықты алға бастыру үшін заң мен адамгершілік қатар жүруі керек. Бұл ойлар арқылы Абай қоғамның моральдық жаңаруын армандайды.

2.4. Рухани жалғыздық және ойшылдық тереңдік

4-томда Абайдың жан дүниесіндегі жалғыздық сезімі де айқын көрінеді. Себебі, оның ойы халықтан озық, көпшілік оның идеясын түсіне бермейді, айналасында күншілдер мен қарсыластар көп. Сондықтан Абай көбіне терең ойға батады, өмірдің мәнін философиялық тұрғыда саралайды. Бұл жағдай оның тұлғасын қайраткер-ойшыл трагедиясы ретінде көрсетеді.

2.5. Халық тағдыры туралы философиялық толғаныс

4-томда Абай тек жеке адам мәселесін емес, қазақ халқының болашағын ойлайды. Ол халық қалай дамиды, қазақ елі қалай өркениетті болады, надандықтан қалай құтылады, деп толғанады. Абай бұл сұрақтардың жауабы – білім, еңбек, бірлік, мәдениет деп біледі. Бұл – оның ұлттық философиясының негізі.

2.6. Абайдың өмір мен адам туралы философиясы

Абай өмірді терең мағынада түсінеді. Оның ойынша адам өмірі уақытша, бірақ адам артында із қалдыруы керек, ең үлкен мұра – рухани мұра. Ол адамның басты қасиеттері ретінде ақыл, жүрек, қайратты атайды. Бұл ойлар Абайдың адам философиясының өзегін көрсетеді.

Мұхтар Әуезов 4-томда Абайды ұлы ақын ғана емес, терең философ, ағартушы, гуманист, халық тағдырын ойлаған кемеңгер ретінде бейнелейді. Бұл бөлімде Абайдың рухани әлемі, қоғам туралы көзқарасы, адамгершілік философиясы толық ашылып, оның қазақ мәдениетіндегі ұлы ойшыл ретіндегі бейнесі қалыптасады.


Жаңа тақырып бойынша тапсырмалар:

1. «Абай тұлғасы» кестесін толтыру.

Абайдың қасиеттері

Шығармадағы дәлел

Ақын


Ойшыл


Халық жанашыры



2. Топтық тапсырма. Білім алушыларды үш топқа бөліп, тапсырма беріледі. Әр топ өз тапсырмасын қалауынша зерттеу-талдау, шағын эссе, ой толғау немесе постер түрінде орындайды.

1-топ: Шығармадағы әлеуметтік мәселелерді анықтайды.

2-топ: Абайдың қоғамдық көзқарасын талдайды.

3-топ: «Абай — халықтың рухани көшбасшысы» тақырыбында постер қорғайды.















3. «Кейіпкерге хат» әдісі:
Абайға немесе басқа кейіпкерге (мысалы, Құнанбай,
Көкбай, Оразбай, Дәркембай, Дәрмен, Әйгерім) хат жазу.
– Кейіпкер әрекетіне баға беру
– Өз көзқарасын білдіру


4. «Ыстық орындық» әдісі. Білім алушылар кезекпен шығып, кейіпкер рөлінде сұраққа жауап береді.

Абайға қойылатын сұрақтар:

- Бала Абайдың арманы қандай еді?

- Неліктен оқуға, білімге құштар болдыңыз?

- Әкеңізбен көзқарас қайшылығы неден туындады?

- Ел ішіндегі дау-жанжалға көзқарасыңыз қандай?

- Болашақта халқың үшін не істегің келеді?

Құнанбайға қойылатын сұрақтар:

- Сіз үшін билік пен әділдіктің арақатынасы қандай?

- Абайдың мінезіндегі қай қасиетті құптамайсыз?

- Ел басқаруда ең басты ұстанымыңыз қандай?

- Ұлыңыздың болашағын қалай елестетесіз?

6. Сабақты бекіту (Сабақ бойынша бағалау- өлшеу материалдары, бағалау парақтары, жұмыс дәптері (қағаз және электрондық форматта) (7-9 мин.)

«Бір сөйлеммен жауап бер» әдісімен ІV кітапты қорытындылау.

1. 4-томдағы негізгі тақырып қандай?

2. Абайдың халыққа деген көзқарасы қалай көрінеді?

3. Романдағы негізгі идея қандай?

4. Автор бұл шығарма арқылы қандай ой айтқысы келді?


7. Сабақ бойынша рефлексия (3-4 мин.)

«Бағдаршам» әдісі


8. Үйге тапсырма (1-2 мин.)

1. «Абай жолы» роман-эпопеясының ІV кітабын оқып, негізгі идеясын түсіндіру және бір тарауын мазмұндап, композициялық талдау жасау.

2. «Абай – халықтың рухани көшбасшысы» тақырыбында 100-120 сөзден тұратын шағын эссе жазу.



Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
16.06.2026
0
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курс саны 12