Назар аударыңыз. Бұл материалды сайт қолданушысы жариялаған. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзса, осында жазыңыз. Біз ең жылдам уақытта материалды сайттан өшіреміз
Жақын арада сайт әкімшілігі сізбен хабарласады
Бонусты жинап картаңызға (kaspi Gold, Halyk bank) шығарып аласыз
Саттар Ерубаевтың шығармашылығына арналған тәрбиелік шара
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады
«Жиырма үш жыл – бір ғұмыр,
Жарқ еткен сәуле ғұмыр»
тақырыбындағы әдеби іс-шараның бағдарламасы
№156 ЖББ мектептің
қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдері
Темірғалиева М.Б., Иргебаева Н.А.
Мақсаты: Оқушыларды қазақ жазушысы, ақын, публицист, сыншы Саттар Асқарұлы Ерубаевтың өмірі мен шығармашылығын насихаттау, шығармаларындағы адамгершілік идеяларымен таныстыру және оны мектептегі оқу-тәрбие процесінде тиімді пайдалануға бағыттау.
Безендірілуі: жазушы туралы ой-пікірлер, сырлы өлең жанрынан үзінді, сахнаны гүлдермен, музыкалық орталық, басқа да саз аспаптарымен, дауыс үндеткішпен, мультимедиялық проектор, бейнетаспапен қамтамасыз етіледі.
Қатысушылар: жүргізушілер, оқырмандар, оқушылар, мұғалімдер.
Қонақтар: Алматы қаласы Білім беру саласы мұғалімдерінің әдіскерлері, қала мұғалімдері.
Барысы
Мұғалімнің кіріспе сөзі: директордың оқу-тәрбие істері жөніндегі орынбасары Темірғалиева Манар Бидахметқызы «Жиырма үш жыл – бір ғұмыр, Жарқ еткен сәуле ғұмыр» тақырыбындағы әдеби іс-шараның мақсатымен, барысымен таныстырды
Манатов Мерей - 1-жүргізуші Қазақ халқының аяулы ұлы, Қазақстанның алғашқы жазушылар съезіне қатысып,
одаққа мүше болған, Қазақстан жастарының Ленин комсомолы сыйлығын алғаш иеленген ұлағатты тұлға Саттар Ерубаевтың 100 жылдық мерейтойына арналған әдеби іс-шараға қош келіпсіздер!
Бөрібай Айша - 2-жүргізуші: Әдебиет – ардың ісі ғана емес, Алланың адам баласына тартқан сыйы. Оның басты мақсаты – адам жүрегіне терең бойлау, жанына сұлулық нәрін егу, рухын асқақтату. Сол ғибратты тағылымға адал болу кез келген суреткердің мұраты.
Ендеше бейнетаспаға назар аударайық. (Саттар туралы бейнетаспа көрсетіледі)
Манатов Мерей: Саттар Ерубаевтың суреткерлік шалымы алуан қырлы. Новеллалары, балладалары, сатиралық суреттемелер мен серкесөздері, роман, сын мақалалары, аудармалар, өлең жолдары халқымыздың рухани игілігіне қызмет етіп жүр.
Бөрібай Айша: Уақыттан мықты құдірет жоқ дегенімізбен оның қайраны жүрмейтін жандар болады екен. Осының бірі - Саттар Ерубаев. Саттар Ерубаевтың аяулы есімін айрықша сезіммен аялайтындар уақыт озған сайын көбейіп, молая бермек. Мейірімсіз өмір оны 23 жасында арамыздан жұлып әкетсе де, сол сұм өлімді «мәңгілік өмірмен» - шығармашылық еңбегімен жеңген ұлы дарын.
1 минут үнсіздікпен Саттар Асқарұлы Ерубаевты үнсіз еске алайық.
Манатов Мерей: Қазақ әдебиетінің ірі тұлғаларының бірі, алғашқы Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты, жалындаған жастық ғұмыры қамшының сабындай қысқа болған Саттар Ерубаев тірі болғанда 2014 жылы 100 жасқа толар еді.
Бөрібай Айша: Құйрықты жұлдыздай ғана қысқа ғұмырында соңына мол мұра қалдырып кеткен каламгер Саттар Ерубаевтың туған жылы туралы әртүрлі деректер айтылып жүр. Соған назар аударыңыздар.
Ганиева Бану: Барлық деректерде Саттар Ерубаевтың 1914 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Отырар ауданына қарасты «Арыс» совхозындағы Ұзынқұдық» жайлауында туғаны жазылған. Саттар дүниеге келген кезде Саттардың әкесіне жақын ағайыны Тебейдің үйіндегі Тәлімі дейтін шешеміз «Бапаны келін қып түсіргеннен кейін Асқармен жаз жайлауымыз да, қыс қыстауымыз да бір болатын. Саттар күзем алып болғаннан кейін Ұзынқұдықта туды. Ал менің Әмзем одан екі ай кейін тоқсанның басында туды», – дейді. (Саттар Ерубаев. Мәңгілік өмір. Алматы, «Жазушы». 1994, 448-бет)
Дүйсенбаева Жансая: Саттар Ерубаевтың «Мәңгілік өмір» дейтін новелласында мынадай дерек бар. «Бұл 1920 жылы болатын. Онда мен 7-де едім», – деп жазады. Мұнда 1913 жылды меңзейді.
Манатов Мерей: Саттар Ерубаевтың өмір жолдарына шолу.
Алиасқар Мадина: Саттар Ерубаев 1923 жылы Түркістан жеті жылдық мектебінде оқыды. Осы мектепті үш жыл оқығаннан кейін, комсомол қатарына өттіп, аудандық комсомол бөлімінде біраз қызмет істеді. Зейінді жас екені ескеріліп, ол жоғарғы оқу орындарына Алматыдағы дайындық курсына жіберілді. Курсты озат аяқтағанан кейін 1930 жылы Қазақтың оқу комиссиариатының жолдамасымен Ленинградтың тарих – философия – лингвистика институтына түсті. Институтта оқып жүріп қоғамдық жұмыстырға белсене қатысты, институт газетінің алқа мүшесі болып, біраз мақалалар жазды.
Уралбаева Ақсұлу: 1927 жылы Түркістан ауданы, «Комсомол» колхозында қызмет істейді. ҚазКСР Оқу халық комиссариатының жоғары оқу орнында даярлау курсын, Ленинградтағы философия және тарих институтын бітіреді.
Жармұхамбет Айбарыс: Институтта жақсы оқығандығы үшін жыл сайын сыйлық алып отырды. 1933 жылы институтты бітірерде Саттар Ерубаев «Орыс неоромантизмі және қазақтың ұлтшылдық әдебиеті» деген диплом жұмысын профессор Медведевтің басқаруымен өте жақсы қорғап, аспирантурада қалдырылды.
Тұрған Мәди: Институтты Саттар 1933 жылы үздік бағамен бітіріп шықты. Ол дипломдық жұмысын өте жақсы қорғайды және және осы еңбегі үшін бәйге алады. Сөйтіп, бұл жұмыс баспасөз бетінде жариялансын деген қаулы шығарылады. Ұстаздарының ұсыныстары бойынша С.Ерубаев аспирантураға қалдырылған екен. Бірақ Қазақстан өлкелік комсомол комитеті арнайы жеделхат жолдап, С.Ерубаевты шұғыл түрде Қазақстанға шақыртады. Осыған байланысты Саттар оқуын қалдырып, елге оралады. Алматыда Саттар 1933-1934 жылдары "Ленинская смена” газетінде әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, "Лениншіл жас” газеті редакторы; мәдениетте 1934 жылы бірер ай музыка театрының директоры; білім беру саласында, Жоғары ауыл шаруашылық мектебінде философия кафедрасының ұстазы қызметтерін атқарды.
Баймұхан Арай: Мұнымен қатар 1934-1935 оқу жылында Алматыдағы жоғары ауылшаруашылық мектебінің философия кафедрасында ассистент болды, лекция оқып, семинар жұмысына басшылық етті. «Лениншіл жас» газетінің жауапты редакторының орынбасары болып жүргенде ашылайын деп жатқан (Қазіргі опера және балет) театрдың директоры болып істеді. Ал 1934 жылы Өлкелік партия комитеті «Қарағанды пролетариаты» газетінің редакторы етіп тағайындады. Қаламы ұшқыр, пікірі таза, дарынды қаламгер С.Ерубаев сол кезде Қазақстан Жазушылар одағының бірінші сьезіне қатысып, одақ мүшелігіне алғаш қабылданғандардың бірі болды.
Туралиева Динара: 1935 жылдың жазында С.Ерубаев Ленинград университетінің аспирантурасына түседі. Бірақ мендеп кеткен өкпе ауруы оған бар болғаны бір-ақ жыл оқуға мүмкіндік береді. Осыдан соң Саттар Алматыға қайтуға мәжбүр болады. Мұнда ол 1936-1937 жылдары Қазақстан педагогикалық институтына қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясынан лекциялар окиды.
Амангелді Аида: Бірақ бойын әбден мендеп алған ауыр дерт Саттарды 1937 жылдың екінші маусымында Алматы қаласындағы Турксиб ауруханасында көз жұмғызды. Онда ол бар болғаны 24 жаста еді.
Жақсылық Нұрсұлтан: 1966 жылы Саттар Ерубаевқа Қазақстан Ленин комсомолы атындағы сыйлық берілді. Түркістан қаласында Саттар мұражайы бар. Қарағандыда Саттар Ерубаевтың аты мектепке, үлкен көшелердің біріне берілді. Шымкент қаласында Саттар Ерубаев атындағы мектеп бар.
Манатов Мерей: Көрнекті тұлға Саттар Ерубаевтың шығармашылығына шолу жасайық.
Туралиева Динара: 1932 жылы «Тракторшы Камалдың жыры», «Үш шахтер туралы баллада» деген жырлары жарық көрді. Осы жылдары М.Жангалинмен бірігіп мектеп оқушыларына арналған қазақ әдебиетінің хрестоматиясын құрастырды.
Салиханова Балжан: Қарағандыда істеген жылдары атақты «Менің құрдастарым» романын жазады. Ол ауырып жүргеніне қарамастан жазуын тоқтатпады, ол да С. Сейфуллин, Б. Майлин, т.б. жазушылар сияқты советтік құрылысты насихаттады. Оның өмір жолы, шығармалары – Қазақстан тарихының, қазақ әдебиетінің бір ұшқыны, бір ғана бөлшегі еді. Саттар Ерубаев «Тракторшы комсомолдың жыры», «Колхоз базарында», «Ақын жыры», «Үш шахтер туралы», «Меруерт алқа», т.б. балладарын «Бақыт», «Өмір көркемдігі», «Келесі соғыс туралы» новелларын, бірнеше сатиралық әңгімелер жазды. «Өмір келбеті» (1933), «Төрт қыз» (1935) очерктері, «Жалқаулар» (1933), «Сенбіліктен қашқан бәтеңке көрдіңдер ме?» (1933) атты сықақ әңгімелері мен шығармалары жаңа өмірдің белсенді жыршысы болды. «Қолқабыс» (1933), «Балалар әдебиетін жасайық» (1934), «Ақындарға ашық хат» (1934) публицистикалары да сол кездің өзекті мәселелеріне арналған.
Қайроллақызы Айназ: К. Чуковский, А. Сурков, Ю. Березин, И. Эренбург сынды жазушылардың бірқатар шығармаларын қазақ тіліне аударды. Оның үстіне қаншалықты қоғамдық қызмет атқарды десеңші. С. Ерубаев - «Өмір дегенде өксігін баса алмай, өнерінің барлық гүлін аша алмай» өткен талант. Бірақ Саттар Ерубаев сұм өлімді «Мәңгілік өмірмен» - шығармашылық еңбегімен жеңді.
Бөрібай Айша: Құйрықты жұлдыздай ағып өткен С.Ерубаев әдеби ортаға тұлпар шабыспен екпіндеп, жарқырап кірді. Ол астанадағы зиялы қауымды жан-жақты біліммен, журналистика саласындағы білікті ізденістермен, әдебиеттегі жаңашыл сыни ой-пікірмен, жаңаша жазылған өлең, баллада, пародияларымен елең еткізді. Саттар шығармаларынан рухани нәр ғана емес, Саттардың өзі жайында да көп мағұлмат табуға болады.
Манатов Мерей: Жарық жұлдыздай жарқырай ағып өткен қас-қағым тіршілігінде ол өзін халқының адал перзенті ретінде көрсетті. Артына көлемі шағын болса да салмақты, құнды әдеби мұра қалдырды. Оның қазақ кеңес әдебиетінде бірінші болып игерген жаңа жанрдағы шығармалары – балладалары, новеллалары, пародиялары мен эпиграммалары қазіргі әдебиеттің алтын қорына енді.
Парахатова Асель: Қарағандыда болған кезінде С.Ерубаев басқа да көптеген новеллалар, балладалар, өлеңдер, очерктер, сын мақалалар жазады. Оның қаламынан "Бақыт”, "Мәңгілік өмір”, "Өмір көркемдігі”, "Келесі соғыс туралы” новеллалары, "Өмір туралы рапорт”, "Үш шахтер туралы баллада”, "Меруерт алқа” тәрізді балладалары, алуан өлеңдері мен сын мақалалары, очерктері мен эпиграммалары өзіндік өзгеше үнімен, жүрек жарды лебімен, мөлдір сыршылдығымен. Қалтқысыз шыншылдығымен қазір де қайран қалдырады.
Бөрібай Айша: Ұлы ақын Абай:
«Бұл өмірдің қызығы махаббатпен,
Көрге кірсең үлгілі жақсы атақпен.
Артыңда сөзің менен ісің қалса,
Өлсең де өлмегенге боларсың тең!»
Қандай тауып айытқан десеңізші! Әдебиет әлемінде талай қыршын жас ақын, жазушы «Құйрықты жұлдыздай» жалт етіп ағып өткені мәлім. Бірақ солардың ішінде қысқа өмірімен, өз халқы алдындағы перзенттік борышын ақтап кеткен сол асыл жастардың бірі-Саттар Ерубаев.
Манатов Мерей: Біздің бүгінгі кештегі мақсатымыз Саттар Ерубаевтың өмірін бастан-аяқ баяндау емес, қазақ әдебиетін оқушыларға, әсіресе балаларға, оның өмірін, адамшылық тұлғасын, ақындық талантының шеңберін дұрыс ұғындырып, ой салып, есте қалдырсақ демекпіз. Саттар өз шығармаларында «Мен Түркістанда, әлемге белгілі Қожа Ахмет Яссауидің түбінде тудым. Әкем де, шешем де асқан ақын адамдар болған», - демекші ол он жасына дейін әкесі Асқар мен шешесі Бапаның тәрбиесінде болған. Ерлі-зайыпты екеуі де ақын, меймандос, сауыққой, бұл үйден қашан да өлең – жыр үзілмеген. Саттар оның көбін жаттап айтқан, ең алғашқы әріпті үйретіп, оқуға баулыған да - өз әке-шешесі. Баласының зеректігі мен дарындылығын сезген ата-ана оны Түркістан қаласындағы Абай бастауыш мектебіне оқуға береді.
Бөрібай Айша: Саттар кітапты көп оқитын және тез оқитын.
Исенбаева Анель: «Ауылыма өлмеушілік мен әкеле жатыр ем,
Анау әне жәшіктегі кітаптарды оқып па ең?
Ол кітаптар көсемдердің еңбегі,
Ол еңбектер - мәңгі жасау, өлшеушілік өрнегі.
Сол еңбеті өлмейтұғын, өшпейтұғын, ағатай,
Мен ауылға алып келе жатыр едім шаршамай.
Жеткізбестен тап дұшпаны жол үстінде сұлатты,
Бірақ жауға мен бермедім өлмейтұғын кітапты.
Мен өлермін алтын күннің шығуына қарамай,
Ауылыма кітаптарды жеткізіп бер, ағатай»,-деп Саттар Ерубаев өзінің «Мәңгілік өмір туралы жыр» атты өлеңінде жырлағандай, оның қазақ әдебиетінен оқымағаны қалмады. Айрықша баулап жүрген ешкімі болмаса да, жарып шыққан таланты оны дамыл таптырмаушы еді. Ол өлеңді 12-13 жасынан бастап жаза бастады. Сондағы өлеңдерінің аттары «Алақожа ата», «Жеті ата», «Шекшек ата», «Алақоржын», «Кірбазар», т.б. бұлар халықтың өмірін бейнелейтін өлеңдер болатын.
Манатов Мерей: Саттар жеті жылдық біліммен орысшаны шала ғана біліп, Ленинградтың орыс әдебиеті институтына түсіп, оны жиырмаға жетер-жетпесен бітіріп шықты, балалар байқадыңдар ма? «жиырмаға жетер-жетпестен», ол Ленинградтан қайтқаннан кейін сұлу поэзияның, жан тебірентерлік лириканың өкілі болуды көздеді.
Ганиева Бану: Өлке!
Жиырма жылдың бойында,
Өсіп ем-ау қойныңда,
Бірақ кетіп оқуға,
Жырлар жырлап бермеп ем,
Өзгерістер жайында, - деп жас талант өзінің өлкесіне борыштар екенін сезіне, мойындай оралады. Өлеңдерінің тақырыбы сол кездегі Қазақстанның зор өзгерістері мен ұлы істерін жырлауға арналады. Ол «поэзияның зор қару» екендігін айта келіп:
«Өлеңменен өлкеме
Көмегімді бере алам, - деп қуанады»
Ән «Туған жер», орындайтын Уралбаева Ақсұлу
Бөрібай Айша: Саттар Ерубаевқа ақындық әперген поэзиялық шығарма - баллада. Ал, ол кезде біздің қазақ әдебиетінде баллада жазу дәстүрі кенжелеу болатын. Осы баллада әдебиетімізге Саттар арқылы кірді. Баллада дегеніміз, балалар, сюжетті лироэпикалық шағын көлемді шығарма, поэзияның бір саласы. Ол «Өмір туралы рапорт», «Меруерт алқа», «Күзгі фрагмент», «Үш шахтер туралы баллада» жазды. Енді, балалар, ақынның «Үш шахтер туралы» балладасын тындайық.
Талғат Жасұлан: (шахтер):
Жер астында, жер бетінде атақты
Қарағанды жалғыз менің атымменен атапты.
10 минутта вагон көмір – қуанышты жөнелтем.
Шахта күтед қараңғыда: «Маған қашан келмек» деп
Гудок тағы айқайлайды жаса, жаса еңбек деп
Еренгайфұлы Елімай (2 шахтер):
Мені Отан отыз өлшеп, отыз сынап байқады.
Мен келгенде көп вагондар бәйге атындай жарысады,
Вагончиктер су боп терлеп ауыздықпен алысад,
Түскеннен соң ие болып атағына даланың,
Жеті қабат жер астының билігін қолға аламын.
Отан айтса: мынау жердің маған әпер тастарын,
Құс сойғандай қопарамын жеті қабат астарын,
Міне, шықтым Қарағанды қаласына аттап-ақ,
Атағыммен астанаға құстай ұшып барғанмын.
Серік Ернар: (3 шахтер):
- Отанымның түкпірлері мені тегіс біледі.
Мен түскенде шахта астына сындырғандай ырғайды,
Мен түскенде сағат құсап жер өмірі тынбайды,
Бүкіл елім құлақ түріп қимылымды тыңдайды,
Алпыс вагон, алты уысыма толмайды.
Әрбір күні мен шыққанда талқан қылып таудайды,
Жер бетінде әрбір күні көмір-қала орнайды,
Ақын тұрып еңбек жырын мен туралы жырлайды.
Ұлы Отаным мен туралы күрес күйін толғайды.
Манатов Мерей: Міне, балалар, үш шахтердің еңбектерін Саттар осылай деп жырлаған. Өзінің аз ғана өмірінде 20 шақты поэзиялық шығармалырымен ақындық атаққа ие болған.
Бөрібай Айша: Саттар Ерубаев – саналы қысқа өмірін өте жемісті өткізген азамат. Абай атамыз айтқандай, дүниенің кетігін тауып, кірпіш боп қалануды көздеп, көп еңбек етіп, бірқатар публицистикалық шығармалар жазған нағыз журналист болған. Ол «Социалды Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), «Қазақ әдебиеті», газеттерінің бетінде, «Ақындарға ашық хаттар», «Көркем өнер туралы хат», «Не айтар еді?» атты мақалалар жазды. Бұл шығармаларында поэзияны ойлы да көркем ету, комедия жанрын тудыру, әсіресе, жас жеткіншек балалар үшін шығармалар жазу мәселесін көтерді
Манатов
Мерей: Осы
мақалаларының ішіндегі «Не айтар еді?» шығармасын балалардың
орындауында тыңдап көрелік. (Театрлаған қойылым көрсетілетін жерді
күні бұрын дайындап қою керек. Ол шағын бөлме ретінде, оның төр
жағында 9 жасар қыз бала үлкен, қалың кітаптарды бірінен соң бірі
алып ақтарады, әлденені іздейді, ал жанында үстелде жазу жазып
әкесі отыр.)
Әке рөлінде:
Қызы: Кадвай Бақытжан
Әкесі: Неге күрсіңдің, қалқам?
Қызы: Маған суреті бар, қызық кітап керек.
Әкесі: Кітаптарың бар еді ғой.
Әкесі: Папау-ау, ескі кітаптарым жыртылып қалған, жаңа кітабым жоқ.
Әкесі: Әнеукүні «Қарағанды», «Дүз» деген кітаптар әкеліп беріп едім ғой.
Қызы: Олар қызық емес.
Әкесі: Енді қандай кітап керек? Ә ... әлгі... «Орақ», - сонсын «Малта»...
Қызы: Сондай кітап керек, Папа!
Әкесі: Қалқам, ондай кітап жазатын Асқар ағаң еді, соңғы кезде ол да балаларды ұмытып барады. Сәбит, Мұхтар, Ғабит ағаларың балаларға арнап кітап жазған емес, әлде балалар туралы жазу ұсақ, өнімсіз дей ме екен?
Қызы: Папа-ау, оларға ешкім балаларға кітап жазбайсың деп ұрыспай ма?
Әкесі: Ұрсады, қалқам, ертең жазушылардың үлкен жиналысы болады. Онда әркім өз ісіне есеп береді, сұрақтар қойылады. Сонда олар балалар әдебиеті туралы не дер екен, тыңдармын-ау.
Бөрібай Айша: Міне, балалар, осындай сұрақтарынан Саттар Ерубаевтың қазақ әдебиетін жетік білетіндігін, оның өзекті проблемалары мен даму бағдарын дұрыс аңғара алғандығын, әлі күнге дейін осы сұрақтардың өз мәнін жоғалтпағанын және оның білімі мол сыншы екендігін көреміз.
Манатов Мерей: Саттар Ерубаев өрістеген ойды, қиялды, өмірді шынайы да қомақты көрсетуге мүмкіндік беретін прозаға ерекше ден қойып, әдебиетіміздің алтын қазынасына өзінің бірнеше новеллалары мен атақты «Менің құрдастарым» романын қосты. Ол «Менің құрдастарымды» жазудан бұрын өзінің қаламын прозаның кіші түрлері арқылы ұштап алды. Оның «Өмір келбеті», «Төрт қыз» деген очерктерінде нақтылы өмір шындығының мәнді құбылыстары іріктелініп алынып, тартымды суреттелген. Ал «Бақыт», «Өмір көркемдігі», «Мәңгілік өмір» новеллаларында жастарды өздеріңдей балаларды бақытты өмір сүру үшін күресу керектігін, Отанды сүюге, адал еңбек етуге шақырады.
Бөрібай Айша: Сонымен, балалар, Саттар Ерубаев көркем прозамен қатар адам жанын тебірентетін поэзияның да өкілі бола білді. Өз заманының көкейкесті мәселелерін жаза біліуде ол қазақ публицистерінің алдыңғы қатарында болды. Осылайша, аз өмірінде көп еңбек етіп, артына жастық жалынға, шығармашылық шабытқа, өршіл романтикаға толы еңбектерін тастап, қазақ әдебиетінің қасиетті төрінен жазушы ретінде өзіне тиісті орнын алды. Иә, балалар, сендер үшін Саттар Ерубаев өмірінен, оның еңбеккерлігінен, табандылығынан үлгі алу – үлкен парыз.
Манатов Мерей: Аяқталмаған "Менің құрдастарым” романы - бүгінгі күні де халқымыз сүйіп оқитын жаңашыл мәңгі жас шығарма.
Кадвай Бақытжан: С.Ерубаев 1934 жылы Қарағандыға, қайнаған еңбек ортасына келгеніне қатты қуанған. Сол тұста жазған бір күнделігінде Саттар: "Мен Қарағандыға ризамын, ол мені жазушы етіп шығаратын болды!” депті. Қарағанды оны жазушы етіп шығарды. Саттар әдебиет сүйер қауымға мәлім "Менің құрдастарым” романын дәл осы кезде жаза бастаған еді. Бұл роман - қазақ жұмысшы табының қалыптаса бастау тарихынан, 30-жылдардағы Қарағанды сынды ірі өнеркәсіп ошағының тыныс-тіршілігінен сыр шерткен, алғашқы ұлттық техникалық интеллигенция өкілдерінің бейнелерін сомдаған туынды.
Айқынқызы Ділназ: Саттар Ерубаев «Менің құрдастарым» романында көмір өндірісінің қайнаған өміріне терең үңіліп, жас қазақ инженерлері мен жұмысшыларының өсу жолын, өмір шындығын, адамдар арасындағы адамгершілікті суреттеген. Бас кейіпкерлер Рақмет пен Лиза арқылы жаны таза, білімді, жігерлі жандардың бейнесін кейінгі ұрпаққа үлгі етіп ұсынады.
Жеңіс Амина: Саттардың көлемді тұңғыш та ақырғы, атақты жалғыз романы - «Менің құрдастарым». Бұл романды жазардан бұрын өзінің қаламын прозаның кіші түрлері арқылы ұштап алды. Оның очерктерінде өмір шындығы дұрыс іріктеліп, адамның мінез-құлқын сипаттайтын детальдар жарқын көрініп отырды. Осы прозаның үлкен жанрында өндіріс адамдарының жан күйін қызғылықты етіп суреттеген алғашқы туындыларының бірі. Романның аяқталып бітпеуі, шығарманың негізгі сюжеттік, тартыстық желілері ақырына дейін тартылып үлгермеген. Сонда да болса «Менің құрдастарымның» үлкен ойға, білікке құрылғандығы, таңдаған байланыстары, проблемалары, тапқан қаһармандары, олардың өсу жолдары өз кезіндегі әдеби елеулі құбылыстардың бірі болды. Мәселен, Рахмет, Ықылас, Лиза бейнелері өмірден алынған жанды бейнедей әлі де әсерлі. Көшпелі кедей отбасында дүниеге келіп, жоғары оқу орнын тамамдаған. Инженер атағын алып, жиған білімін, бойындағы қайратын Отанына қалтқысыз беруге талпынды. Қарағандыға келіп өндіріске орналасқан Рахмет образы сол кездегі әдебиетімізге келген жаңалық деуге болады.
Әбілтай Дина: Бұл күнде елімізде қазақ жастарынан шыққан инженер де, техниктер де аз емес, олардың көркем шығармаға енген әдеби бейнелері де мол, бірақ 1930 жылдардағы қазақ әдебиетіндегі Рахмет образына барабар келетін ұнамды тұлға некен саяқ ұшырайтын еді. Автордың озық идеалы Рахмет пен Лиза бейнелері арқылы көрініс тапқан. Рахметтің талғамы күшті, өмірдің барлық саласынан жеткілікті хабары бар, мәдениет шыңына ұмтылған өршіл жігіт. Рахметтің өз айналасындағылардан шоқтығы биік. Романдағы Лиза образының сипаты Рахметтен басқаша. Егер Рахмет тұйықтау болса, Лиза ақжарқын, бұл әр кейіпкердің ұлттық ерекшелігін айқындау үшін әдейі жасалған.
Салиханова Балжан: Расында да біз Лиза бейнесі арқылы орыс қыздарының мінезіне тән болатын ерекшеліктерін айқын көреміз. Лизаның ұлттық характері аса шеберлікпен баяндалған. Лиза бұйығылықты, сөзге қалам-ау деген күдікті білмеген, қылығы тартымды, сөзі назды жан. Лиза мен Рахметтің жарасуын жастар арасындағы ыстық сезімді нанымды суреттеу арқылы жеткізу халықтар достығының символына айналдырып жіберген. Ықылас пен Дәмелі арасындағы қиыншылық шешіліп, адамгершіліктің ақ туы желбіреді, бұл да жаңаша түсіністік өнегесі еді. Романдағы ұзақ конфликтіктің иелері Рахмет пен Кулевакин арасындағы тартыс өндірісте болатын жәйттар. Алайда бұлар жастық жалынға, өршіл талапқа толы өмірді баяндап әдебиетімізге үлкен олжа әкелді, «Менің құрдастарымның» көркемдік құнын, эстетикалық әсерлігін байыта түсті.
Ерболқызы Жәмилә: С.Ерубаевтың «Өмір келбеті» очерктері (орыс тілінде) – кешегі «Кешегі езілген жарлы – бүгін ауқатты, мәдениетті колхозшы» және «Төрт қыз» деген очеркі өзінің көркем пейзаждарымен, ойлы да, оюлы тілімен, нақтылы шындықтың әсерлі суретін көрсетумен әсерлі.
Бөрібай Айша: Қомақты ойды философиялық пайыммен жеткізетін новеллалардың орны мүлдем өзгеше.
Ерикова Жанел: Күрделі ойды көлемі шағын түрде жеткізіп беру де оңай дүние емес «Бақыт» деген көркем әңгімесінің тілі шұрайлы, өршіл романтикаға толы, оқушыны бірден баулап алатын дүние. Бақыт деген не? - деген сұрақ нәзік жанды жазушыны терең ойға батырды. Шаруасы кем, қолы қысқа Барлыбайдың нанды аңсап зар қаққанын, әкесі Жақсыбайдың әкелген нанына қарнын тойдырып алып қуанғанын көргенде: «Мен бақыт деген нан ба екен деуші едім» - деген қорытындыға келеді. Артынан жаңа өмір жаңалығымен жүзбе-жүз кездескенде бақыттың мәні де, мазмұны да басқаша екендігін түсінеді. Осы әңгімені қорытындылай келіп, бақыт деген еңбек екеніне көзімізді жеткізді, сөйтіп бақыт деген не? – деген сұраққа жауап бергендей болады.
Мусагулова Жулдыз: Ал «Өмір көркемдігі» деген новелласында С.Ерубаев өмірдің көркемдігін көріп өзгені де осы сұлулықтан, көркемдіктен ләззат алуға душар етті. Новелладағы Дәмелі бейнесі оның сұлулығы, кербез мінезі, күлкісінің тазалығы, оттай ыстық көзқарасы, ал осының бәрін туғызған Дәмелінің бақыттылығы, қуанышы, шаттық өмірі, уайымсыздығы екенін кішкене шығармасында оқушысына түсіндіріп береді.
Манатов Мерей: Келесі сөз Саттар Ерубаевтың поэзиядағы өнерпаздығына арналады.
Өмір деген тұңғиықтың түбінде
Мен жүр едім,
Өлім деген суық сөздің тілінде
Мен жүр едім.....
Бұл - Саттар өлеңі. Оның әрбір өлеңі тақырыбының нақтылығымен көзге түседі. С.Ерубаевқа ақындық паспортты баллада әперді. Баллада біздің әдебиетімізге, поэзиямызға Саттар арқылы келді. Баллада – сюжетті, лироэпикалық шағын көлемді шығарма. «Өмір туралы рапорт», «Мәңгілік өмір туралы жыр», «Орамал», «Меруерт алқа», «Күзгі фрагмент», «Үш шахтер туралы баллада» - отызыншы жылдардағы поэзиямыздың тың саласы балладалар жазу дәстүрі.
Дүйсенбаева Жансая: Саттар Ерубаев - өзінің аз ғана өмірінде 20 шақты өлең-жырымен, оның ішінде тартымды да ойлы балладаларымен ақындық атаққа ие болған ұшқыр дарын.
Жалпы дарындар өмірі жарық дүниеде кешкен күнімен емес, артта қалдырған мұрасының өміршеңдігімен өлшенетін сияқты.
Туған жерінің гүлдеп өркендегенін, жерлестерінің ерен еңбегін көріп, көңілі шалқып:
Жиырма жылдың бойында,
Өсіп ем-ау қойныңда,
Жылдар жылжып өтсе де,
Болдың-ау сен ойымда.
Қолтығыңда жүріп ем,
Қырың менен ойыңда.
Бірақ кетіп оқуға,
Жырлар жырлап беріп ем,
Өзгерістер жайында.
Атасы бір төрт аяқ,
Тебісіп өскен малдай-ақ,
Қойындасын қорада
Төрт түлік малдан басқа мал
Бітіп пе еді далаға.
Осыларды ойласаң,
Жырламасқа бола ма?! - деп туған өлкесін бір сәтте ойынан шығармаған, мал тұяғынан басқа ештеңе тимеген далаға техниканың келгенін қуана жырлайды:
Ерова Айжан: Комбайншы құрдасым
Ток тетігін ұстаған
Сенде арман бар ма екен,
Қуанышпен дос болған.
Комбайншы жолдасым
Қырман тойын тойлаған, - деп жырлаған С.Ерубаев жырындағы комбайншы Емберген - оның құрбыларының бірі. Суреткер осы жыр жолдары арқылы өмірге енген жаңалықтардың ауыл адамдарына жетіп, оны меңгеріп жатқан ерліктеріне қатты риза болып жазғаны.
Бөрібай Айша: Саттар Ерубаевтың аз ғана болса да саз жырларын естеліктерді оқып отырып Меруерт атты қызға ғашық болғанын білеміз. Бұл қызбен жан досы Зейін Шашкинмен оның жұбайы Жәмилә таныстырған. Меруерт қыз өзге адамға тұрмысқа шығып кетсе де, оған деген сезімі суымайды, «Меруерт алқа» балладасында қазақ қызының сұлулығын, пәктігін, барлық әдемі теңеулермен жырлаған.
Манатов Мерей: Меңдеген аурудан құтылу мүмкіндігі болмай, күш-қуаты көктемгі қардай еріп, азайып құрып бара жатқан шақта Меруертті жиі еске алуы Ерубаевтың жүрегінің құпия соққан дүрсілін сездіргендей әсер етеді.
Бөрібай Айша: Саттар Ерубаевтың әкесі Асқар, сол өмір сүріп жүрген тұста белсенді еңбек етіп, ауқатты отбасының бірі болып есептеледі. Құлақтың баласы атанып бойтаса болу үшін атасы Ерубайдың атына жазылды. Атасы Ерубай өз тұстастарының ортасында беделді, елді аузына қаратқан, шындықты айтар, батыр тұлғалы адам екен. Сол елдің Мырзабай датқасы «Шапсам – қылышым болар» деп өзіне жақын ұстамақшы болады, бірақ Ерубай датқаға қол бала болғысы келмейді. Дәл осы тұста Мырзабай датқаның қаталдығынан қара суықта тоған байлап жүріп, бір жас жігіт мерт болады. Бұл хабарды естіп Ерубай Мырзабай датқаны ат үстінен аударып алып сабап тастайды. Ерубай ақсақал әбден қартайып сексен жасында дүние салыпты. «Өлімге өкпе жүрмейді» - деп Мырзабай датқа көңіл айта келіп, баласы Асқарға: «Ерубайдың менде өтелмеген қарызы бар» деп Асқарды ауылдың старшыны сайлап кетіпті. Атасы Ерубайдың өміріне қанық болған немересі Саттар атасының атынан өзі өлең жазған. Өлеңді оқи отырып Ерубай ақсақал жазған екен деп қаласың.
Алиасқар Мадина: Елу жылдар бұдан бұрын өлген едім, жан балам,
Танымасаң енді таны, сен – немерем, мен – бабаң,
Бұл өмірде сексен жасап өліп кеткен адам ем,
Мойнымдағы міндетімді атқардым деп санап ем.
Жер бетінде сүйретіліп жүріп едім бір ғасыр
Ол ғасырдың сүйетұғын ұлы жоқты жан ашыр.
Жер бетінде сүйретіліп жүріп еді бір датқа
Қан арқылы, мал арқылы жеткен шіркін мұратқа.
Күнгей менен теріскей боп, сұлап жатқан дала еді.
Сол далада қазақ деген сорлы халық бар еді.
Бетегеден биік еді, аласа еді жусаннан,
Қайтқан құстай көшіп жүрген, Бақыт көрмей қашаннан.
Жел білетін ұшатынын, сай білетін қонарын,
Құдайы да, адамы да ойламаған обалын.
Сол халықты Датқа жүрген жаншып басып арқасын,
Қаннан артық ағызған ол, сусын ішіп қаңғасын.
Бұл жауыздың сұмдықтығын, ойлап біліп түсіндім,
Бір күн барып ат үстінен жұлып оны түсірдім.
Ер үстінде ұйықтамасаң – атқа мініп нең бар еді?
Халық қамын жей алмасаң –датқа болып нең бар еді.
Домалатып сабап алдым жұрт алдында датқаны.
Жерді жарып осы хабар сары даланы қаптады.
Манатов Мерей: Міне, осы жолдарды жазу арқылы атасының бүкіл өмір тарихын көз алдымызға алып келді. Сонымен бірге Саттар Ерубаев Европа үлгісіндегідей пародия әзіл-оспақ бізде жоқ деп, сол әдеби үлгіні алғашқы болып ұсынған суреткер. Саттар Ерубаевтың өзі: «Әдетте мені пародия жазушы деп атайды. Расында да менің мұндай атаққа ие болуыма әлі ертерек, бірақ та мен қазақ әдебиетінде пародия жанрында бірінші жаза бастадым» - деген.
Ерболқызы Жәмилә: Бекең келсе, Бекең келед,
Бекең әне елден келед.
Қойны-қоншы роман, повесть,
Қырман басқан жерден келед – деп бұл Бейімбет Майлинге жазған оспағы, шаржы.
Қимылда ақын қимылда,
Ендігі жазар «Далаңнан»
Маған орын қидың ба? – бұл Ілияс Жансүгіровтің «Дала» поэмасына пародия.
Әбілтай Дина: Өз тұсындағы шала сауатты қожа-молдаларды да әзіл оспаққа ендіріп пародия жазды. Молдалардың білімсіз тек пітір ғана алушы екенін былайша суреттеді.
Имам ықтап, білім қашты.
Табанына дінді басты.
Қалиулин Закария да
Шынын айтып хабарласты.
Жұмық ұлы Орынбай да
Бұл да өзінің сырын ашты.
Өзі ақсақ, шала молда
Соның үшін фітия, пітір
Алушы ем деп шынын айтты – деп, дінді шала білетіндер сыналды.
Бөрібай Айша: Өмірге сүйген жардай ғашық болғандардың бірі – Саттар. Аз ғұмырды – мәз ғұмырға, қысқа ғұмырды қыран ғұмырға айналдырған арда тұлға жайында ойланғанда бір сәт осындай толғамға келесің. Саттар Ерубаев жайында сөйлегенде толқымай-тебіренбей, жайбарақат күй кешу мүмкін емес. Бар бала ғұмыры романтикадан тұратын, ал өзінің өршіл, арманшыл шығармаларымен біздің бәріміздің жүрегімізге романтикалық рух егіп кетті. Саттар шығармаларының жаны – драма. Драма – жас дарын шығармаларының әрін кіргізер нәрі. Бәлкім Саттар феномені осында шығар:
Бекежан Еркежан:Өмір деген тұңғиықтың түбінде мен жүр едім,
Өлім деген суық сөздің тілінде мен жүр едім.
Өмір деген өксігімді баса алмаған жан едім,
Өнерімнің барлық гүлін аша алмаған жан едім.
Бәсе, қане, мәңгі жасау өлмеушілік қайда екен?
Өте ұмытшақ уақытқа көнбеушілік қайда екен.
Содан бері көп іздедім өлмеушілік жасауды,
Мәңгіліктің етегінен мәңгі түрде ұстауды.
Манатов Мерей: деп кетті жалынды жас суреткер. Саттар Ерубаев - әдебиеттегі ғажап құбылыс! Құбылыс жас талғамайды, талантты таңдайды!..
Бөрібай Айша: Ендеше, Саттардың сұлу сырлары... «Көктем туралы»
Баймұхан Арай: Күн нұрымен қосылып,
Көктем үйге енеді.
Араласып көктеммен
Лирика да келеді.
Әуесіне көктемнің
Бөлменің іші толып тұр.
Күмістей сенің күлкіңе
Өлеңнің іші толып тұр.
Көктемнің мынау әуесін,
Күлкің сенің жамылған.
Өлеңнің де қуаты
Сол көктемнен алынған.
Көктемгі әуе бөлменің,
Көлеміне сыймай тұр.
Көктемгі күлкі, қуаныш
Өлеңіме сыймай тұр.
Бөрібай Айша: «Орамал» өлеңі
Елдос Лина: Бұл өлеңнен артық нәрсе бұл жалғанда таппаспын.
Сен өсесің алма ағаштай бауырында ақ тастың.
Сен гүлдейсің, алма ағаштай бұраласың, сынбайсың,
Орамалды айтшы, қалқаш, қай жігітке бұлғайсың.
Орамалдың жиектері көк лентамен торланған.
Себеп менің құрдасыма, жолдасыма арналған.
Ол құрдасты, ол жолдасты мен бір жерде табармын.
Оң жақтағы оңашаға алып оны барармын.
Мұның қалай, дермін оған, менің бақытым кем бе екен
Бір сыйлыққа екі адамның жүгіруі жөн бе екен.
Манатов Мерей: «Меруерт алқа» өлеңі
Исенбаева Анель: Аспандағы күміс айдай, жас ақынның жары бар,
Аспандағы күміс айдай, құралайдай жаны бар.
Құралайды күміс айды, тура қарап көріп өт.
Көздері бар күлімдеген, күлкісі бар меруерт.
Қас қарайып күнде батад сәулелері таралып,
Қыз да шығад құралайша жібек шашын таранып.
Күнде кетед көк бетінен сәулелері таралып,
Қыз да шығад күлімсіреп, көк лентаға оранып.
Ақын сонда «Сәулем», - дейді, - қалқам, – дейді – жар» - дейді,
«Күнге арналған, күндей күлген жібек жырым бар», - дейді.
«Күнге оранған, күндей күлген күміс күйім бар», - дейді;
«Меруерт қып менікі деп меншігіңе ал», - дейді.
Сұлу сонда: «Күнге арнаған жырыңды өзің ал», - дейді.
«Маған меруерт болатұғын бір-ақ нәрсе бар», - дейді.
-Күнге арнаған күміс күйдің беріп едің талайын,
Енді маған көсемге арнап жыр жазып бер, алайын.
Көсемді айтып жыр жазып бер, жүрегімді орайын.
Омырауға, жібек шашқа лента қылып тағайын.
Көсемді айтқан жырдан артық меруерт бар ма тағатын,
Одан артық сыйлық бар ма ақындардан алатын.
Одан артық лента бар ма сұлуларға тағатын,
Одан артық бақыт бар ма іздеп жүріп табатын!
Бөрібай Айша: «Мәңгілік өмір туралы жыр» өлеңі
Искакова Айдана: Өмір деген тұңғиықтың түбінде мен жүр едім,
Өлім деген суық сөздің тілінде мен жүр едім.
Өмір деген өксігімді баса алмастан жүр едім,
Бір жабыққан көңілімді аша алмастан жүр едім.
Күнде күліп ататұғын, ақ сәулелі алтын таң,
Бұлбұлымның үніменен мені былай жыр қылған:
Арқаның ардагері, ақын Жырау.
Алдында қазылған ор, қалың шырмау.
Өмірге екі туып, екі келмей,
Арманда, есіл ерім, кетесің-ау.
Бір адамның, бір өмірі маған аз ғой деуші едім.
Туып өліп кетуде де маған аз ғой деуші едім...
Ағаш – екеш ағаш тағы көп көгеріп қуарар,
Сенің өмірің бір-ақ рет көгерер де, суалар,
Ебелектей ербең етіп жер бетінен кетерсің,
Өміріңде өзің жөнді із қалдырмай өтерсің.
Өмір деген өксігімде баса алмастан жүр едім.
Өнерімнің барлық гүлін аша алмастан жүр едім.
Өмірдің де, уақыттың да сарындарын мен көрдім
Мола болған ғасырлардың қабірлерін мен көрдім.
Мың жылдардың қу сүйегі – мола ішінде мен тұрдым.
Манатов Мерей: Аудармалары жайлы бірер сөз...
Жақсылықова Толқын: Саттар Ерубаев ұлы орыс әдебиетін жіті оқып, көп зерттеп, одан тағлым алды, нәр алды. Орыс әдебиеті оған құнарлы әсер етті. Ленинградта оқып жүріп әдебиеттің небір майталман ұстаздарынан ұлағат алды. Осы жерде: «Ақиқатын айту керек, орыс әдебиетіне, батыс әдебиетіне келгенде, оның білімі озық еді, өйткені ол институтты Ленинградта бітірген ғой» - деген Мұхамеджан Қаратаевтың сөздері еске түседі. Орыс, шетел жазушыларының туындыларын оқып қана қоймай қазақы оқырманға аударма жасап жеткізді.
Мусагулова Жулдыз: Жиырма үш – ақ жасаған аз ғұмырында К.Чуковскийдің «Сарыарқаның ерлері», Ю.Березиннің «Сексенбайдың қысқаша өмір тарихы», А.Сурковтың «Бір қатарда», сондай-ақ жапон жазушысы Ридзимори Си Китидің «Қол соқпаған адам», немістің прогресшіл жазушылары С.Глецтің «Фашистермен соғыс», Ф.Войскоптың «Сыналу», И.Эренбургтің «Австрия тауларында» атты шығармаларын қазақша сөйлетті.
Бөрібай Айша: Саттар Ерубаев туралы аз айтылған, аз жазылған дей алмаймыз. Зейін Шашкин, Асқар Лекеров, Әбіш Байтанаев, Мырзай Алтынбекова, Мұхаметжан Қаратаев, Әбділда Тәжібаев, Тұрсынбек Кәкішев, Әдіһам Шілтерханов, Ғафу Қайырбеков, Бейбіт Қойшыбай, Фарида Құжымова, Жарылқасын Боранбай, Сәрсенбек Сахабат… Бұлардың ішінде тереңірек зерттеуге тырысқандар да, тиіп-қашып бір азырақ пікір білдіргендер де бар, әрине. Саттар ұрпақтармен бірге жасай берер. Ерубаев ешқашан ескірмек емес.
Манатов Мерей: Жауһар жазушы, парасаты биік қаламгер Әдіһам Шілтерханов Саттар хақында неғұрлым жан-жақты еңбектенген, кемел зерттеп, кенен зерделей сөз қозғаушылардың қатарында. Сол Әдекең әдіптейді: «Саттар, әрине, Пушкин де, Лермонтов та емес. Сөйтсе де, Саттар – Саттар ғой! Қазақтың Саттары көп пе? Халқымызда қаншама талантты перзенттер бар. Олардың саны арта береді. Бірақ оның бірі де Саттар бола алмайды. Саттар - қашанда да дара тұрған, көптеген ерекшелігімен қайталанбайтын тұлға ғой!».
Бөрібай Айша: В.Беседин дейтұғын орыстың ойшыл ғалымы Саттар Ерубаевтың бір әңгімесін оқып қайран қалған. Болашақ соғыс туралы фантастикалық әңгімесінде дарынды жас жазушының өз кезеңінен қырық жыл кейін келетін жаңалықтарды ғажайып көреендікпен болжағанын дәлелдейді. Ол жаңалықтардың ішінде «автожектор», «ракетоплан», «живой электрический текст» сияқты кереметтер келтірілген.
Манатов Мерей: Әдебиет зерттеушілерінің Саттар жайлы ой-толғауларынан үзінділер тыңдаңыздар...
Такперова Айжан: Мен орыс өлеңін осынша қуатты оқыған қазақты содан соң көрген емеспін. Саттардың бір қызығы – ол өзінің өлеңдерімен қатар прозалық шығармаларын да жатқа айта беретін. Әбділда Тәжібаев
Ерболқызы Жәмилә: Ақиқатын айту керек, орыс әдебиетіне, батыс әдебиетіне келгенде оның білімі озық еді, өйткені ол институтты Ленинградта бітірген ғой. Мұхамеджан Қаратаев
Кадвай Бақытжан: Саттар музыканы өте жақсы түсінетін, сүйетін еді. Музыка менің жанымды тербетіп, көңілімді уатады дейтін еді ол. Бах, Мендельсон, Шубертті өте жақсы көріп, зерек түсінетін.
Зейін Шашкин
Айқынқызы Ділназ: Саттар - өмір дегенде өксігін баса алмай, өнерінің барлық гүлін аша алмай өткен зор талант иесі. Саттардың журналистік еңбегіне назар аударғанда әрбір хабарды, мақаланы қызықты етіп жазуға талаптанғанын айтып өтпеске болмайды.
Тұрсынбек Кәкішев
Жеңіс Амина: Саттарды білетіндердің бәрі де оның білімімен озған қарапайым интеллигент екенін, жолдасын артықша құрметтейтін бауырмал жан болғанын жақсы біледі. Әбіш Байтанаев
Әбілтай Дина: Саттардың столымда тұрған кітабы өзі қасымда отырғандай әсер етеді. Аңсаған сайын оқимын. Оның адамды ерекше бағалайтын, құрметтейтін сезімтал қасиеттерін достық жүрекпен еске аламын. Асқар Лекеров
Серік Ернар: Қазақ жазушыларының арасында ғылыми фантастика жанрында тұңғыш қалам тербеген де Саттар. Рас, фантастиканың кейбір элементтері қазақ әдебиетінде бұрын да болатын, дегенмен ғылымның соңғы жетістіктерін негізге алған фантастикалық шығарманы алғаш рет Ерубаев жазды.
Бейбіт Қойшыбаев
Қайроллақызы Айназ: Саттар Ерубаев - әдебиеттегі ғажап құбылыс!
Саттар Ерубаев жайында сөйлегенде толқымай-тебіренбей, жайбарақат күй кешу мүмкін емес. Бар бала ғұмыры романтикадан тұратын ол өзінің өршіл, арманшыл шығармаларымен біздің әрбіріміздің жүрегімізге романтикалық рух егіп кетті. Құлбек Ергөбеков
Бөрібай Айша: Саттарға арнау өлеңдермен таныс болыңыздар. Қазақ әдебиетіміздің көрнекті өкілдерінің бірі М.Шахановтың «Жанерке» атты Саттар Ерубаев туралы балладасы.
Исенбаева Анель:
Сонау-сонау Алматыдан алып-ұшып хат келді.
Хат келді де, Бапа апайға бір қуаныш ап келді.
Секілденген жанарының ағы менен қарасы
«Демалысқа барып қайтам» - деп жазыпты баласы.
Шүкір-шүкір, жалғыз ұлы қазір елге мақтаныш,
Ер жетті де арман қуып туған жерден кетті алыс.
Алыс кетсе, несі өкініш, көңіл көгі аршылар,
Көңіл көгі аршыларда намыс атын қамшылар.
Үш күн өтті Саттар туған ошағына келгелі,
Үш күн бойы ескі досы кітап болды ермегі.
Сәл кідірсе, жастық шағы балақ түріп қашардай.
Терең тарих айдынына үңіледі бас алмай.
Атқан таң мен батқан күннің бәрі есіңде тұра ма?
Бірақ бұл күн ұмытылмас, ұмытылмас сірә да.
Саттар қызға жыр оқыды от ұшқындап көзінен.
Ертең сапар, Анасын да ала кетпек өзімен.
Манатов Мерей: Ақын Қасымхан Бегмановтың «Саттар Ерубаевқа» атты өлеңі.
Елдос Лина: Мәңгілік орын алып тұрсын көктем,
Жырларын, жүректерді дүрсілдеткен.
Мен саған мәр-мәр тастан белгі қойдым.
Көкем-ай, жиырма үшінде қыршын кеткен.
Арғы атамыз айтулы шешен екен.
Белгісіз борышымның өтелері.
Ағатай талай жерде есіме алдым
Құрдасты сүйегенде көкелері.
Аспанда тұр есімің жарқыл қағып
Қайта-қайта оқыдың, саңқылдадың.
Мен сапарға шығарда туған елден
Сен оралдың ақ қардай қаңқыл қағып.
Мазалады үнемі сұрақ мұңды,
Дәуір сенің әніңе құлақ түрді.
Күліп түскен суреттің ар жағында
Жиырма үш жасар жан көкем жылап тұрды.
Бөрібай
Айша: Саттар
шығармаларынан рухани нәр ғана емес, Саттардың өзі жайында да көп
мағлұмат табуға болады.
Манатов Мерей: Жарық жұлдыздай жарқырай ағып өткен қас-қағым тіршілігінде
ол өзін халқының адал перзенті ретінде көрсетті.
Артына көлемі шағын болса да салмақты, құнды
әдеби мұра қалдырды. Оның қазақ кеңес әдебиетінде бірінші болып
игерген жаңа жанрдағы шығармалары – балладалары, новеллалары,
пародиялары мен эпиграммалары қазіргі әдебиеттің алтын қорына
енді.
Бөрібай Айша: Құрметті әдебиет сүйер қауым, назар аударып тыңдағандарыңызға алғысымызды білдіреміз!