жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ШЕКАРА АСҚАН ҚАНДАСТАРЫМЫЗДЫҢ ТАҒДЫРЫ
Семей қаласының № 31 жалпы орта білім беретін
мектептің тарих пәнінің мұғалімі,
директордың тәрбие-ісі жөніндегі орынбасары
Ұлан Бақытжанұлы
ШЕКАРА АСҚАН ҚАНДАСТАРЫМЫЗДЫҢ ТАҒДЫРЫ
Қазақ елі тәуелсіздік алған жылдан бергі ұлт тарихының ақтаңдақтар ақиқаты шынайы тарихилық тұрғысынан зерделеніп, басы ашық мәселелердің орын толықтыру үстінде. Солардың бірі ел басына күн туған заманда шетелге ауа көшкен халықтың тарихи отанына оралу мәселесі. Иә, бұл әр уақытта өзекті деп ойлаймын. Олардың өз жеріне, өз атамекеніне қоныстануы, қазақстандық өмірге бейімделуі туралы біраз мәселелер зерделеніп, нақты тұжырымдар жасалды. Дегенмен, ХХ ғасырдың 50-60 жылдадарындағы Қытайдағы қазақтардың Қазақстанға оралуы әлі толық бағасын ала алған жоқ едім. Себебі кеңес өкіметінің орнауы мен орнығуы тұсындағы Қазақстандағы көші-қон үдерісі ХХ ғ. басындағы тарихи оқиғалармен тығыз байланыста жүрді.
Қазақ диаспорасының шетелдегі ең көп қоныстанған жері Қытай мемлекеті. 1949 ж. Қытай Халық Республикасы құрылған кезде онда 420 мыңнан астам қазақтар болса, олардың 418 мыңы Шыңжаң халқының 9%-ын құрайтын. 3 мыңдай қазақтар Шыңжаңмен шекаралас Ганьсу және Синхай провинцияларында өмір сүріп жатты.
1949 жылы Қытайдан Компартия билік басына келіп, Кеңес Одағы үлгісінде социализм құра бастағанда-ақ олар Қазақстанда болған саяси-экономикалық оқиғалардың Шыңжанда да сол жағдай қайталанатындығын сезіп, «есің барда, елің тап» деген қазақ даналығымен кеңестік паспорттар арқылы қалыпты жағдайда Қазақстанға қайтып орала бастады [1].
Ал 1999 жылғы ресми қытай деректері бойынша, қазақ диаспорасы 1,3 млн адамға жетіп, жалпы халық санының 7,4%-ын құраған. Қытайдағы қазақтар негізінен найман, албан, уақ, керей руларына жатады. Қазақтардың басым көпшілігі (82,6%) егін, мал, балық аулау, орман шаруашылықтарында еңбек етеді. Кәсіби мамандықтарына орай, тағы мынадай сипаттарды бөліп көрсетуге болады (90-жылдардың соңындағы деректер бойынша): әр түрлі мекемелердегі техникалық қызметкерлер — 13%, көлікте — 2,5%, мемлекеттік органдар, партиялық және қоғамдық ұйымдар қызметкерлері — 2%. Қазақтардың кәсіби бөлінісі олардың жалпы білім деңгейінің нашар екендігін айғақтайды.
Кеңес өкіметі кезінде Шыңжаңдағы аз ұлттар өкілдері балаларын оқыту үшін КСРО-дан оқулықтар беріліп тұрған. Онда қазақ, ұйғыр, дүнген т. б. Ұлттық мектептер болған. 70—80 жж. ресми Қытай үкіметі азшылық ұлт өкілдері арасынан жоғары білімді мамандардың болғанын қаламады. Мәселен, жоғары оқу орына қабылдаған кезде оларға қытайлықтардан төмен балл белгіленді. Алайда Қытайдағы ауыл қазақтарының білім деңгейінің төмендігі, мектептер мен мұғалім-қазақтардың азшылығы жағдайында жоғары білім қол жетпейтін дәреже болып қала берді.
Ата жұртқа оралудың ірі толқыны 1950-1960 жылдары жүзеге асты. Екі ел арасында кеңес азаматтарын қайтару туралы арнайы келісім болған жоқ. Дегенмен, 1954 жылы КСРО мен Қытай арасындағы қарым-қатынас туралы жасалынған 10 жылдық келісім-шарт «кеңес азаматтарының» КСРО-ға қайтуына жол ашты. Сонымен бірге, КСРО Министрлер кеңесі 1954 жылы 16 сәуірде № 751-329 ерекше құпия жарлығы бойынша маусым-тамыз айларында Қытай Халық Республикасындағы «кеңес азаматтарын» тың жерлерді игеруге көшіру туралы, 1955 жылы 17 қыркүйекте №170 «Шекарадан тыс жерлердегі кеңес азаматтарын репатриациялау және оларды КСРО-да еңбекпен қамту» туралы қаулы қабылдайды. Аталған қаулылар негізінде Қытайдың Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы мен т.б. аудандарынан қазақ, ұйғыр, дүнген, орыстар қайта оралады [2,268].
Ресми құжаттарда 1955 жылы Қытайдан қоныс аударған репатрианттар «кеңес азаматтары» деп аталды. «Кеңес заматтары» деп аталуы 1930-жылдары Қытайдағы кеңес консулдықтарының жанынан құрылған Үрiмшi, Құлжа, Шәуешек, Алтай және Қашқарда орналасқан «Кеңес мұғаджарлар қоғамының» өкiлдерi мен олардың сенiмдi агенттерi 1945 жылы қаңтарда Шығыс Түркiстан ислам республикасы құрылғаннан кейін, Кеңес Одағына қайтамын деген адамдарға кеңес азаматтарының паспортын үлестiреді. Олардың арасында 1916-1933 жж. арасында Қазақстаннан қашқан қазақ, ұйғыр, дүнген, өзбек, орыс және т.б. ұлт өкілдері болды. Кезiнде «кеңестiк тазалау», «бай-кулактарды тазалау» деген желеумен жүрген кеңестiк саясаттың салдарынан қуғыншылыққа ұшырап, шекара асқан қазақтар ғана емес, басқа ұлт өкiлдерiнің де 1950-жылдары қайта оралуға мүмкіндігі туды. Құжаттары жоқ шекарадан өтуге тілек білдірген адамдар «кеңес азаматы» деген тізімге іліккен. Сонымен бiрге, КСРО-дан бармағанымен КСРО-ға, Қазақстанға кетемiн дегендерге де мөрi басылған Кеңес Одағы азаматының паспортын берген. Тiптi, паспорттарды қоржынға салып жүрiп, кез-келген жерде үгiтке ерген адамдарға үлестіріп, «кеңес азаматы» ретінде тiзiмге алған оқиғалар да кездескен. Осылайша, Қытай жерінде «кеңес азаматтары» деген контингент пайда болды. 1954 ж. КСРО мен Қытай арасында жасалынған 10 жылдық келісім-шарт «кеңес азаматтарының» КСРО-ға қайтуына жол ашты.
1955 жылы олар заңды түрде жаппай Қазақстанға қайта бастады. Репатрианттардың саны туралы мынандай пікір айтылды: 1954-1963 жж. Қытайдан 268371 репат- риант қайта оралды, олардың, 1849 отбасысы (8984 адам) басқа республикаға жiберiлді Қазақстанға барлығы 259, 4 мың репатриант келді деп есептейміз [3].
Кеңестер Одағы тұсындағы әміршіл жүйенің қыспағынан 1956—1962 жылдары Қытайға өтіп кеткен қазақтарға Отанына оралуға рұқсат етілді. Сол жылдары келушілердің қолында аты-жөні жазылған және көлемі 4х5 см фотосуреті бар қағаз болды. Оларға бұрынғы кеңестік негізінде 1930 ж. 2 тамыздағы «КСРО азаматтығы туралы заңды» басшылыққа ала отырып, жаңа төлқұжаттар берілді. Сол заңның 2-бабы бойынша 1930 жылдардағы аштық кезінде кеткендерге азаматтық берілді. Ал 3-бабы 1917 жылғы төңкерістерден шетелге кетуге мәжбүр болғандарға қатысты қолданылды. Осы 2-ші және 3-ші баптары бойынша Қытайдан келген оралмандарға КСРО азаматтығын беру туралы қортындылар шықты. Бұл қортындылар бекітіліп, төлқұжат берілетін мекемелерге жөнелтілді.
1950-1960 жылдардағы көші – қон мәселесі СССР-дағы репатриациялық саясаттың және саяси және экономикалық себептермен түсіндірілді. Қытай мемлекетінің тұрғындары болып келген кеңестік қазақ азаматтарының елге қайтуын кеңес өкіметімен қытай мемлекетінің арасындағы қарым - қатынастардың нашарлауымен, Қытай мемлекетінің қатаң саясат жүргізуімен және Синьцзян халқының 92% құрайтын Қытайдағы мұсылман халықтарына (үйғыр, қазақ, татар, қырғыз, тәжік және тағы басқа ұлт ӛкілдеріне) кемсітушілігі себепші болған [4].
Қазақ еліне қоныс тепкен репатрианттардың басым бөлігі Синзияньның Іле, Тарбағатай, Алтай елді мекендерінен болды. Қытайдан қоныс аударған кеңес азаматтарын өкімет мейлінше шекарадан алыс аймаққа қоныстандыруға тырысты. Мәселен, Қарағандының Көктас, Шет аудандары болса, Ақтөбенің Қызыл – Қайың, Новороссийск және Батыс Қазақстанның совхоздарына орналастырылғандығы жөнінде мәлімет кездестіреміз. Сонымен бірге Қазақстан компартиясының Шығыс Қазақстан облыстық комитетінің 1955 жылдың 16 шілдесі мен 10 қараша аралығында Қытай Халық Республикасынан арнайы көшірілгендер анықтамасында Тарбағатай ауданына 131 жанұя, 659 адам келгені, олардың 5 колхозға орналастырылғаны айтылды [5].
Қытай мемлекетінен қоныс аударған қандастарымызды бейімдеу мақсатында жергілікті жерлерде тиісті шаралар жүргізілгендігі жөнінде мәліметтер тіркелген. 1955-1956 жылдары Қытайдан Шығыс Қазақстанға келген қандастарымызға үймен, жермен, жұмыспен қаматамсыз етіп, олардың балаларының білім алуына мүмкіндік жасап, ал ересектер үшін кешкі мектеп және жоғарғы оқу орындарында білімін жалғастыруға мүмкіндіктер берілді. Шекара асып келген халықты қоғамдық өмірге тезірек бейімдеу мақсатында еңбек және тұрғын үй жағдайларын жасау туралы шешім Қазақстан Орталық комитетінің 1956 жылғы қарашадағы бюро жиналысында қабылданды. 1956 жылы желтоқсанда партияның облыстық, қалалық, және аудандық комитеттеріне әрбір репатрианттың және реэмигранттың тұрмыстық жағдайын бақылау, олардың мамандығы бойынша жұмысқа орналасуын, кәсіби біліктілігін жоғарлатуын бақылау, олардың арасында саяси-тәрбиелік жұмыстар жүргізу, халықтан түскен өтініштерді қарастыру және оларды орнында шешу, жеке құрылыс салуға жер учаскелерін беру мәселелерін шешу тапсырылды [6].
Қытайға қараған қазақтардың орналасқан аймақтары бойынша рулық құрылымы негізінен мынадай болды: Іле аймағына қоныс тепкендер Ұлы жүздің Албан, Суан рулары мен Орта жүздің Найман ұлысының Матай әулетінен тарайтын Қызай рулары; Тарбағатайға орналасқандар - Орта жүз Найманнан тараған Қаракерейдің бірнеше рулары, Уақ рулары және Абақ Керейдің ішінара рулары; Алтай аймағына қоныстанғандар - Орта жүздің Абақ Керей рулары (Он екі Абақ керей) мен Найманның кейбір рулары.
Қазақ халқының бұл бөлігі Қытайда қазақ қауымдастығын қалыптастырды. Одан кейінгі кездердегі тарихи саяси оқиғаларға байланысты, мысалы, 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының жанышталуынан Қытайға босып барған қазақтар (бұлардың көбі кері қайтарылса да) және 1931-1932 жылғы ашаршылықтан ауып барған қазақтар сондағы қазақтарды паналап, олардың қатарын көбейтті, негізін нығайтты [7].
Қазақтардың Қытай мемлекетінен оралуы жергілікті қазақтардың механикалық жолмен ұлғаюына жағдай жасады. 1959—1970 жылдары қазақтар механикалық жолмен 143 мыңға көбейді. Тек ғана Алматы облысына 62 мың адам көшіп келді.
1956—1962 жылдардағы қазақтардың кері миграциялық ағымдары олардың этнодемографиялық жағдайына әсер етті. Мәселен, 1962 туғандардың жалпы саны ең жоғары көрсеткішке жетті.1962 ж. 60 мыңдай ұйғырлар мен қазақтар кеңес-қытай шекарасынан Қазақстанға өтті.
Тұтастай алғанда, елдіктің, егемендіктің арқасында ұлы көш әлі де өз жалғасын табуда. Қазақтардың тарихи Отанына оралуы мәселесі үкімет деңгейінде шешіле бастады. Этникалық қазақтардың отанға оралуы мәселесі әрқашанда өзекті болып қала бермек.
Әдебиеттер:
1. Атантаева Б.Ж., Табулдинова А.М. 1950 - 1960 жылдары Қытайдағы қазақтардың Шығыс Қазақстанға оралу тарихы //Шәкәрім атындағы СМУ хабаршысы. №2, (54) 2011, 120-125 бб.
2. Құдайбергенова А.И. Қазақстандағы көші-қон үрдестерінің тарихи демографиялық қыры. – Алматы, 2011. – 416 б.
3. Құдайбергенова А.И. Шетел қазақтарының кеңестік дәуірде атамекенге оралу тарихынан // Қазақстан және шетелдегі қазақтар: Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының құрылғанына 20 жыл толуына орай өткізілген халықаралық ғыл.-практ. конф. «Этникалық қазақтардың репатриациясы Қазақстан мемлекеті көші-қон саясатының құрамдас бөлігі ретінде: жетістіктері, мәселелері және оларды шешу жолдары» материалдары . – Алматы: Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы «Атажұрт» баспа орталығы, 2012. – 215-220 бб.
4. Кузнецов В. Ислам в общественно-политической жизни КНР. Москва, 2002.
5. Мендикулова Г.М., Атантаева Б.Ж. История миграций между Казахстаном и Китаем в 1860-1960 гг. Алматы, 2008.
6. ШҚО ҚЗТҚОҚ 652 қ, 72 т, 2 іс, 44 п.
7. Мұқаметханұлы Н. Қытайдағы қазақтарың қоғамдық тарихы (1860-1920). – Алматы: ҚАЗақпарат, 2000. – 336 б.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген