
Сиқырға толы қыс
Әлем таңғажайыпқа толы. Табиғатқа да шексіз әдемілік пен ерекшелік тән. Әрбір құбылысты,
әрбір мезгілді қарапайым сөзбен сипаттау қиынға соғады. Себебі олардың барлығы сөзсіз өзгеше.
Табиғи заңдылықпен қайта айнала келетін жыл мезгілдерінің барлығы әртүрлі. Әр мезгілде түрлі
өзгеріске куә боламыз. Көзбен көріп, сылдыр қаққан сан түрлі дыбыстарды естиміз. Ең қызығы-әр
уақытта адам жаны түрлі күй кешеді.Мәселен, гүлдері бүршік атқан көктем келсе, адамдар
өзгеріске құмар болады. Күн сәулесі алыстан көрінген, ашық аспанды жаз келсе, бәрі демалысты
аңсайды. Әрине, жаздан кейін сұрғыш тартқан күз келеді, солай адамдар жұмысқа қайта кірісіп,
әдеттегі темпке оралады. Бірақ осы жыл мезгілдерінің ішінде құдды бір ертегідей, ерекше
сезімдерге толы бір уақыт бар. Ол-қыс мезгілі.
Қыс келісімен табиғат ғажайып мекенге айналғандай болады. Ақ қар жамылған дала,
сыңғырлаған аяз бен тыныштық - бәрі де сиқырлы бір сәттің басталғанын сездіреді. Алғашында
аспаннан жерге асықпай, себелеп түскен қарды көргенде, барлығы терезеге асығады. Әрбір ұлпа
қарға зер сала қараған ересек адамның өзі де себепсіз қуанады. Бұл құбылыс жылда орын алса да,
әр кезде таңданыссыз қалдырған емес.Күнделікті күннің ырғағы да өзгереді. Күн тез батып, сағат
тілі жылдамдай түскендей болады. Қыстың әдемілігі мен қырсықтығы да қатар жүреді. Қалың
қардың ішінде қадам жасауға тырысып, шымыр аяздың әр толқынында бетіңді бүркейсің. Алайда
ең қызығы - қанша жерден қалың киініп, бетіңді жүн жамылғымен жапсаң да, үйге келген соң
айнадан қызыл мұрынды Аяз атаны көресің.Қыстың ерекшелігі де осында,оның дес бермес
қырсық бола тұра, түрлі құбылысымен баурауында. Сыртқа қарасаң, әдетте түрлі түсті киімдермен
көзге түсетін адамдардың барлығы енді бірдей көрінеді. Жан жылуы үшін қалың күртешені, оның
үстінен бастыра қалпақ киіп алады. Әр басқан қадам қар бетінде таңбаланады. Қатарласа
орналасқан тұрғын үйлердің жарығы алыстан көзге түседі. Кей адамдар терезелерін түрлі түсті
жапсырмалармен безендіріп қояды. Қызыға қарап, мерекелік көңіл күйге бөленесің. Ұзақ күннен
кейін адамдардың барлығы үйіне асығады. Қыстың суығы біраз әбігерге салса да, отбасыларымен
бірге өткізген кеште оның барлығы ұмытылады.Келесі кезекте сиқырлы қыстың қуанышы мен
жылуын сездіретін мейрам -Жаңа жыл! Барлық әлем ескі жылмен қимай қоштасып, зор үмітпен
жаңа жылды қарсы алады.Жаңа жыл түні жақындаған сайын айналадағы тыныштық та өзгеше бір
сипатқа ие болады. Көшелер бұрынғыдай бос көрінбейді, әр үйден шыққан жарық пен күлкі
қыстың суығын жеңгендей әсер қалдырады. Адамдар жүрегінде бір жыл бойы жиналған ауыр
ойларынан арылып, жаңа парақ ашуға дайын тұрғандай. Осы түнде бәрі мүмкін сияқты. Армандар
шындыққа айналатындай, тілектер міндетті түрде орындалатындай көрінеді. Дастархан басына
жиналған отбасы мүшелерінің арасындағы әңгіме, шынайы күлкі-Жаңа жылдың сәнін келтіреді.
Сыртта отшашулар аспанды түрлі түске бояп, адам жүрегінде де жарық пайда болғандай болады.
Бұл жарық өткенге өкпе артпай, болашаққа сеніммен қарауға жетелейтіндей.Яғни қыстың шынайы
сұлулығы -тек ақ қарында емес, адамдарға әкелетін өзгерісінде. Мүмкін, қыстың ең басты сыры да
осы шығар -ол адамға тоқтап, ойланып, өзіне үңілуге мүмкіндік береді. Сол себепті бұл мезгіл
суығымен емес, тереңдігімен есте қалады. Қыс аяқталған соң да, оның қалдырған тыныштығы мен
жылуы ұзақ уақыт бойы жүректе сақталып қалады.
Қорытындылай келе, қыстың теңдессіз, ғажайып мезгіл екенін айтқым келеді. Бұл мезгіл адам
өмірінде жаңа толқын секілді. Тіпті кейде адамға шабыт пен күшті қатар беріп, оған жаңа дем
сыйлайтындай. Өзіне осынша ерекшелікті сыйдырған қыс мезгілін біразы асыға күтеді. Себебі
расымен де бұл жай ғана табиғи заңдылықпен қайта айнала келген, жай ғана мезгіл емес. Адам
жанына үміт беріп, армандар қайта жанданатын ғажайып сәт.Біз, адамдар, сол таңғажайып сәттің
әр кезеңіне куә бола аламыз. Тек сол қарапайым дүниелерге назар салып, байқау қажет. Өйткені сіз
қолжетімді санайтын сәттер шын мәнінде шексіз жылулыққа, әдемілікке толы. Моншақтай тізілген
ақ қарлары мен тынық түні арқылы баурап алатын қыс мезгілі - соның дәлелі. Cұлулығы
шексіз,сиқырға толы қыс ешкімді таңданыссыз қалдырмайды.Таңғажайыпқа толы қыс,өз мәресіне
жетті!Келесі кезекте,гүлдер бүршік атып,күн нұры шашылған,көктем мезгілі.