жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Сұлтанмахмұт Торайғыров "Бір адамға" өлеңі 8-сынып
Пәні: Қазақ әдебиеті
Сыныбы: 8
Сабақтың тақырыбы: С.Торайғыров «Бір адамға» өлеңі
Сабақтың мақсаты:
Білімділік: Оқушыларға ақынның өмірі, шығармашылығы туралы мәліметтер беру. Өлеңнің тақырыбы мен идеясын ашу, мазмұнын талдау.
Дамытушылық: Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту, ой қорытып, пікір айта алуға дағдыландыру .
Тәрбиелік: Оқушылар бойына адамгершілік қасиеттерді қалыптастырып, рухани- адамгершілік тәрбиемен ұштастыру, патриоттық сезімдерін арттыру.
Сабақтың типі: Жаңа сабақ
Сабақтың түрі: Дәстүрлі сабақ
Сабақтың әдіс-тәсілдері: Сұрақ-жауап, әңгімелесу, талдау -жинақтау, СТО стратегиялары.
Сабақтың көрнекілігі: оқулық, С.Торайғыров шығармалар жинағы.
Пәнаралық байланыс: Қазақстан тарихы.
Сабақтың барысы:
І. Ұйымдастыру кезеңі:
1) Оқушылармен сәлемдесу
2) Оқушылардың назарын сабаққа аудару.
ІІ. Үй тапсырмасын сұрау. Ш.Құдайбердіұлының өлеңін жаттау.
ІІІ. Жаңа сабақ. Бейнефильм көрсету. Сұлтанмахмұт Торайғыров (1893 – 1920)
● Қазақ халқының XX ғасыр басындағы жағдайы
● Аса көрнекті ақын, ғажап ақылды ойшыл
● Абай дәстүрін жалғастырушы
● Ақындық қуатын дарынымен жаңалаушы
● Қазақ әдебиетін ілгері дамытушы
Cұлтанмахмұт 1893 жылы 28 қазан күні Көкшетау облысының Қызылту ауданында дүниеге келеді. Балалық, жастық шағы Баянауылда өтеді. Арғы атасы Торайғыр би болған, шешендігімен әділдігімен ел арасында аты аңызға айналған. Өз заманының ірі тұлғасы болған. Мұқан, Тортай деген молдалардын сауатын ашады.
Ақын 27 жасында 1920 жылы 21 мамырда ауыр науқастан қаза табады.
Тірек сызбамен жұмыс:
|
Өлеңдері |
Поэмалары |
Прозасы |
|
«Шығамын тірі болсам адам болып», «Шәкірт ойы», «Анау – мынау», «Жарлау», «Бір адамға», «Бұлар кім?» т.б |
«Адасқан өмір», «Кедей», «Айтыс», «Қайғы», |
«Қамар сұлу», «Кім жазықты?» «Ауырмай есімнен жаңылғаным» |
Өлеңдерінің мағынасын ашу. Оқулықтағы мәтінді оқу, бөлімдерге бөліп, мазмұнын айту.
-
Көңіл-күй өлеңдері. С.Торайғыров – өзінің көңіл-күйін, қуанышы мен қайғысын, мұң мен назын, сүйінуі мен күйінін өте шебер суреттейді. Соған байланысты жазған өлеңдері: «Алтын аяқ», «Дүниедегі қызықтың», «Күңгірт түспен ойға батып», «Әй, махаббат», әй, достық» т.б сонымен қатар, ақынның айрықша назар аударатын тақырыбы: оқу,білім алу мәселесі. Оған жататын бірқатар өлеңдері: «Бір баланың тілек батасы», «Оқуда мақсат не?», «Оқып жүрген жастарға», «Талапкерлерге», «Шәкірт ойы» т.б.
-
Поэмалары, романы
Ақын шығармашылығының тағы бір үлкен саласы - «Адасқан өмір», «Кім жазықты», «Кедей» поэмалары, «Қамар сұлу» романы.
Бұл романда сол кездегі қазақ арасындағы етек алған ескі әдет-ғұрыптарды қатал сынай отыра,ендігі жастардың келешегі оқуда екенін меңзейді.
-
«Бір адамға» өленінің шығу тарихы
Жастарды оқуға, мәдениетке бастайтын «Шоң серіктігі» деген мәдени-ағарту ұйымын құрмақ болып, аталас туысы Шорман баласы Садуақастан көмек сұрауы халқына қызмет көрсету жолындағы үлкен қоғамдық бастама еді. Ойлағаны болмай, Шорман тұқымдарына көңілі қалған ақын елдегі мықтылардан қайыр болмайтынына көзі жетеді. Шорманның Садуақасына арналған «Бір адамға» өлеңі осылайша шығарылады.
Сұлтанмахмұт Торайғыров 1914 жылы ел аралап жүріп, Павлодар маңының атақты шонжары Шорман аулына түседі. Байлығына мастанған Шорман ұрпақтары ата тегінің патша өкіметінен алған шен-шекпендерін, халықтың көзі жасымен жиналған қазына-мүлкін көрсетіп, мақтаныш білдіреді. Мұны жақтырмаған ақын осыған байланысты «Бір адамға» өлеңін шығарады. Бай үйінің асыл жиһаздарын көрген ақын:
Суреттер және көрдім жүзі жарқын,
Ойладым: «Оңдырған-ау, баққан халқын!»
Соншама құны толық бұлды түйме,
Артында қалдырмас па жақсы даңқын?! - дейді.
-
Өлеңдегі ирония
Бұл сөздер, бір қарағанда, мақтау сияқты көрінгенмен, олардың астарында зілді кекесін жатқанын байқау қиын емес.Келесі шумақтың мазмұны да осылайша астарлы келекеге негізделген.
Міне, осы сияқты сөздерді қарама — қарсы мағынада, кекесін мағынасында қолдануды ирония дейміз.
-
Өлеңдегі сатира
Сұлтанмахмұт «Бір адамға» өлеңінде ел ішінде байлығына масаттанған бір адамның басқаларға істеген қиянатын, озбырлығы мен жиіркенішті қылықтарын батыл әшкере етеді. Өлең ащы мысқыл, зілді кекесін түрінде берілді.
Көркем шығармада өмірдің бір жағымсыз жақтары мен құбылысын осылайша күлкі ете, мысқылдай суреттеуді сатира деп атайды.
Өлеңді жолдау арқылы ақынның өзекті ойын ашу. (өлең мәтінінде қолданылған әрбір жолдарына мән беру, талдату)
— Шал байлығын қалай таныстырды, қандай сезімін байқадыңдар?
— «Қай момының малы бар бұл аяқта?»,..
Кесені қолыма алып қарай бердім:
«Ішінде нақақ көзден жас бар ма?»- деп деген жолдардан не ұқтық нені байқауға болады?
Тарих деректерге сүйенсек…
Ол – Шормановтардың тарихта кім болғандығы туралы. «Баянауыл мен Павлодар уездерінің шаруалары қоғамдық жерлерді арсыздықпен алған ірі байлар мен помещиктерге қарсы ашық күреске шықты,- деп жазады тарихшы Б. Сүлейменов,- олар Шормановтар тәрізді ірі феодалдардың жерлерін конфискелеп, жері жоқтарға бөліп беруді талап етті. Шаруалар Шормановтардың ауылына шабуыл жасап, олардың
жылқыларын қуып кеткен кездері де болды. 1906 — 1907 жылдары жиі болып тұрған осындай толқуларды басу үшін патша үкіметі жазалаушы отрядтар жіберіп отырды»
«Бір адамға» өлеңі — ақын шығармашылығындағы ең негізгі шығармалардың бірі. Өлеңге бір дәуірдің негізгі шындығы сыйғандығын ақын қарапайым тілмен жеткізе білген. Сол кезеңдегі қазақ даласында шын реалистік өмірден, нақты өмірлік фактіден алынғандығы.
IV. Тапсырмалармен жұмыс.
Өлеңді өлең құрылысына талдату.
Бір үйде // жиюлы екен // қазына мал,
Көрсетті // бәрін бізге // ақсақал шал:
«Бұрынғы //атамызға // сыйға берген,
Біздерде //мынадай бар, // мынадай бар?
Шумағы — 6. Тармағы — 4. Бунағы – 3. Буыны — 11. Ұйқасы –а,а,б,а қара өлең ұйқасы.
Дәптермен жұмыс. Сөздік жұмысы.
Түсіндірме сөздіктен өлеңде кездесетін бағалы бұйымдардың мағынасын жазу.
Оқа. Сылдырмақ. Түйме. Күміс кесе. Алтын аяқ. Теңге
1.- «Дөңгелек үстел» әдісі «Адамдарға тілегім». Оқушы өзінің адамға не тілейтінін бірінен соң бірі қағазға жазып шығады,бірінің жазғанын бірі қайталамауы тиіс.
2. «Бес жол өлең» стратегиясы
— «Адам» сөзіне бес жолды өлең құрау
1.Адам
2.Саналы,білімді
3.Өмір сүреді, білім алады, ұрпақ жалғастырады
4.Адам – қоғамдағы саналы тұлға
5.Тұлға
V. Бекіту.
1.Сұлтанмахмұт қандай ақын?
2. Ирония, сатира дегеніміз не?
3. «Бір адамға» өлеңі кімге арналған өлең?
VІ. Қорытынды.
VІI.Үй тапсырмасы. «Бір адамға» өлеңін мәнерлеп, жатқа айту.
VІIІ.Бағалау. Оқушылардың жауаптарына, сабаққа белсене қатысып отырғандарына қарай білімдерін бағалау.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген