жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың құқықтық аспектілері
OMIR INNOVATION COLLEG
Баяндама
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың құқықтық аспектілері
Орындаған: Мұқан Әли
2-курс, ҚТ-25-3ҚБ-3 топ, «Құқықтану» мамандығы
Жетекші: Асарбаева Бағжан Болатбекқызы
Алматы, 2026 жыл
МАЗМҰНЫ
Кіріспе ……………………………………………………………………………..3
Негізгі бөлім
Сыбайлас жемқорлық ұғымы және оның шығу тарихы.................................4
Сыбайлас жемқорлықтың себептері.................................................................5
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың құқықтық аспектілері...................8
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған ұсыныстар......................11
Қорытынды............................................................................................................12
Пайдаланылған әдебиеттер.................................................................................. 13
Кіріспе
Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу нағыз құқықтық мемлекетті құрудың алғы шарты деген еді. Ол: "Қоғамда жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қалыптасуы шарт. Барлық мемлекеттік органдар осы бағытта жұмыс істеу керек. Әділет министрлігіне көпшіліктің жемқорлыққа қатысты құқықтық сауатын арттыру жұмыстарын күшейтуді тапсырамын. Білім және ғылым министрлігі де балаларды ерте жастан жемқорлыққа қарсы мәдениет негіздеріне баулуды қол алған жөн", – деді.
Жемқорлық-мемлекеттің, қоғамның дамуына тежеу болатын, болашағына кесірін тигізетін індет. Сыбайлас жемқорлықпен күресу бүгінгі күннің күрделі мәселесі болып отыр. Оған осы бастан тоқтау қоймаса мемлекетте тұрақты өсіп-өркендеу болмайды. Сыбайлас жемқорлықпен түбегейлі күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының сапасын арттырудың маңызы зор. Қазақстан Республикасының мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күресу болып табылады.
Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев сыбайлас жемқорлықпен күрес туралы айтқанда қоғамның көмегінсіз жемқорлықты жеңу мүмкін еместігін бірнеше рет атап өтті. Әсіресе, жастардың жалпы күрделі мәселелерді шешуге, оның ішінде сыбайлас жемқорлықты жеңуге қажет білімдерінің жеткілікті екеніне ерекше мән беріп, жастардың бойында жемқорлыққа қарсы күресуге негізделген қызығушылықтардың бар екенін айтады. Сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін қоғамның барлық жігінің жүйелі түрдегі күш-жігері қажет. Қарапайым тілмен айтатын болсақ, сыбайлас жемқорлық – бұл қызмет дәрежесін жеке мақсатта пайдалану. Сыбайлас жемқорлықты білдіретін белгілердің бірі пара алу не беру болып табылады.
Сыбайлас жемқорлық әлеуметтік-экономикалық даму үдерісін, нарықтық экономиканың құрылуын, инвестициялар тарту процесін тежейді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді. Қазақстанның мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады. Сыбайлас жемқорлық әрекеттері бойынша тиісті шара қолданудың негізі – ол азаматтардың арыз-шағымы. Мемлекетіміздің әрбір азаматы Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге міндетті.
Сыбайлас жемқорлық ұғымы және оның шығу тарихы
Сыбайлас жемқорлық (коррупция) — бұл жеке тұлғалардың немесе лауазымды адамдардың өздеріне берілген билік өкілеттіктерін және қызметтік мүмкіндіктерін заңсыз түрде жеке мүдделеріне, материалдық игіліктер мен артықшылықтар алу үшін пайдалануы. Басқаша айтқанда, бұл — сеніп тапсырылған қоғамдық немесе мемлекеттік билікті жеке бастың пайдасына асыру.
Бұл ұғымның мағынасы, шығу тарихы және даму кезеңдері төмендегідей бөлімдерде қарастырылған.
«Коррупция» сөзінің этимологиясы
• «Corruptio» — латын тілінен аударғанда «бұзу», «сатып алу» деген мағынаны білдіреді.
• Рим құқығында: Бұл термин сот процесін бұзу, куәгерлерді сатып алу немесе судьяға пара беру арқылы әділдікті бұрмалау әрекеттерін сипаттау үшін қолданылған.
Жемқорлық — адамзат қоғамында мемлекеттік басқару жүйесі мен шенеуніктер аппараты пайда болған сәттен бастап өмір сүріп келе жатқан ескі дерт.
Қазақ даласындағы жемқорлық көріністері; дәстүрлі қазақ қоғамында билер соты әділдіктің символы болды. Алайда, Ресей империясының отарлау саясаты кезінде (XIX ғасыр) енгізілген «болыстық сайлау» жүйесі қазақ даласына жемқорлық пен парақорлықтың жаңа толқынын әкелді.
Абай Құнанбайұлы өзінің «Қара сөздерінде» болыс пен би болу үшін пара беру, мансапқорлық пен руаралық тартыстың елді аздырып бара жатқанын ащы мысалдармен шенеген.
Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлық тек бір мемлекеттің ішкі мәселесі емес, жаһандық қауіпке айналды. Ол:
• Мемлекеттің экономикалық дамуын тежейді.
• Әлеуметтік теңсіздікті арттырады.
• Халықтың билікке және заң үстемдігіне деген сенімін жояды.
Сондықтан, 2003 жылы БҰҰ-ның Сыбайлас жемқорлыққа қарсы конвенциясы қабылданып, жыл сайын 9 желтоқсан — Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес күні ретінде атап өтіледі.
Сыбайлас жемқорлықтың себептері
Сыбайлас жемқорлық мәселесін зерттеген кезде мынадай сауал туындайды: сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептері қандай және осы құбылыс неліктен осындай түрде жүзеге асады. Сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептерін зерттеу барысында бірқатар киындықтарға тап боламыз. Кейде бір фактіні сыбайлас жемқорлықтың себептері ме әлде салдары ма екенін анықтау да қиындық туғызады. Сыбайлас жемқорлықтың пайда болу себептері жүйеленіп, мынадай жіктелім ұсынылады: әлеуметтік-экономикалық, саяси, ұйымдастырылған, құқықтық себептер, сондай-ақ мәдени-этикалық сипаттағы факторлар. Осы себептердің әрқайсысына тоқталайық.
Әлеуметтік-экономикалық себептер. Сыбайлас жемқорлықтың кеңістік ерекшеліктерін талдау кезінде айқындалғандай, елдегі сыбайлас жемқорлықтың өріс алу дәрежесі экономиканың даму деңгейіне тікелей байланысты. Алайда керісінше фактіні байқауға да болады. Халықаралық Валюта қоры жүргізген зерттеудің нәтижесі бойынша сыбайлас жемқорлық ел экономикасының дамуына едәуір кедергі келтіреді. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық елге келетін инвестициялар легін қысқартатыны, дарынды адамдарды өнімсіз жұмысқа тартатыны, бай табиғи ресурстарды тиімсіз пайдалануға жол беретіні, сонымен қатар, сыбайлас жемқорлық құрылымдық экономикалық өркендеуді арттыруға бағытталған реформалардың жүргізілуін тежейтіні айқындалды. Елдің табиғи ресурстармен (орман, минералдық, су ресурстары) жақсы қамтылуы да сыбайлас жемқорлықтың дамуының бір факторы болып есептеледі. Елдегі бұндай байлыққа екі тұрғыдан қарауға болады. Бір жағынан, елде бай табиғи ресурстардың болуы ел экономикасы өркендеуінің негізі болып, сыбайлас жемқорлықтың төмендеуіне себеп болуы керек. Екінші жағынан, табиғи байлық ел экономикасының өркендеуін емес, өзіне пайда алуды мақсат тұтқан сыбайлас жемқорлық субъектілерін қызықтырады. Халықаралық Валюта қоры жүргізген зерттеу көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық мемлекетке түсетін жылдық табысты төмендетеді, себебі салық төлемеудің, салық төлеуден заңсыз босатудың мүмкіндіктері пайда болады немесе салық басқармасы әлсіз жұмыс істейді.
Мемлекеттік қызметшілердің табысы үлкен көлемді болғандықтан, олар өз қызметінің қауіпсіздігін және тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін қарамағындағы қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық әрекеттерін жасамауына жағдай туғызады: қызмет бабында өз міндеттерін адал да мінсіз орындаған қызметшілерді көтермелейді, сыйақы беруге ұсынады, заңды түрде лауазымын көтереді. Осындай жағдайда лауазымды тұлғалар өз құзыреті шеңберінен шықпауға, заңды бұзбауға, әділ әрі адал болуға тырысады.
Білім беру жүйесі экономиканың өрістеуінің аса маңызды жетістіктерінің бірі болып саналады. Қоғамның білім деңгейі неғұрлым жоғары болса, соғұрлым моральдық-адами және құқықтық нормалардың бұзылуы өте сирек кездеседі.
Осыған орай, қоғамның білім деңгейі мен сыбайлас жемқорлықтың даму деңгейінің арасында тиісті дәрежеде байланыс бар деген ойдамыз. Айтылғандарды қорытындылай келе, айтатынымыз:
- жағымсыз элеуметтік-экономикалық факторлар кез келген мемлекетте сыбайлас жемқорлықтың пайда болуы, өрістеуі және таратылуының себептері болып табылады.
- алайда жоғарыда көрсеткеніміздей, әлеуметтік-экономикалық факторлар белгілі бір жағдайларда сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін қолданылған құралдар болуы әбден мүмкін.
Саяси себептер. Тәжірибе көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық мемлекеттің экономикалық және саяси дамуына кері әсер етеді. Сыбайлас жемқорлықтың дамуына ықпалын тигізетін саяси факторларға мемлекеттік құрылымның ерекшеліктерін жатқызуға болады. Қоғамның демократиялануына байланысты сыбайлас жемқорлық «жаңа» салаларды игерді, бұл – саяси партияларды, электораттық лауазымдық қылмыстарды қаржыландыру, сайлауда сайлаушылар дауысының басым көпшілігін алуды қамтамасыз ету үшін саяси демеушілер жүйесін дамыту. Демократияландыру үдерісі саяси қызметті жүзеге асыру үшін орталық биліктің біршама өкілеттіктерін аймақтық және жергілікті билікке беруді көздейді, ал бұндай жағдай кейбір басшыларға жаңа конституциялық өкілеттіктерін асыра пайдалануға мүмкіндік береді.
Сөйтіп, жоғарыда айтылғандардан мынадай қорытынды шығаруға болады:
- саяси тұрлаулылық, үкіметтің, басшылардың жиі ауысуы, сыбайлас жемқорлықтық өрістеуінің басты шарты.
- мемлекеттің жалпы саяси бағытының жиі өзгеруі елдегі әлеуметтік - экономикалық ахуалдың тұрақсыздығына әкеп соғады.
Ұйымдық-институционалды себептер. Соңғы кездері жүргізілген зерттеулер көрсеткендей, сыбайлас жемқорлық мемлекеттіліктің институционалды негіздеріне сіңіп, олардың қызметінің тиімсіздігі, дұрыс ұйымдастырылмауы салдарынан, есеп беру және бақылау жүйесінде нақтылық болмағандықтан кең өріс алуда. Мемлекеттің ұлттық экономикаға араласу факторына нақтырақ тоқталайық. Экономика саласында мемлекеттің өкілеттігі кең тараған жағдайда сыбайлас жемқорлықтың дамуына алғышарттар қалыптасады, ал бұл – «мемлекет қоятын шектеулерден қашудың бірден бір тәсілі». Шектеулер неғұрлым көп болса, соғұрлым сыбайлас жемқорлық өрістеп, тамыры тереңдей түседі. Осы пікірді дәлелдеу үшін АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігі жасаған.
Құқықтық сипаттағы факторлар. Сыбайлас жемқорлық - бұл әлеуметтік жауыздық, біріншіден мемлекетке үлкен қаржылық нұқсан келтіреді, екіншіден мемлекеттік биліктің беделіне залал келтіреді, үшіншіден қоғам мен мемлекет билігінің өкілеттіктерін моральдік түрде құлатады. Мемлекеттік аппараттың тиімсіз ұйымдастырылуының салдарынан қоғамда құқықтық реттеудің кемшіліктері де орын алуы ықтимал. Құқықтық реттеудің кемшіліктеріне кейбір елдердің заңнамасында сыбайлас жемқорлық сипатындағы мәмілелер жасасқаны үшін қылмыстық жауапқа тарту және жазалау жүйесінің болмауы, мемлекеттік қызметті өтеу жөніндегі нақты ережелер мен регламенттің жоқтығы жатады. Ал бұндай жағдай ұйымдасқан қылмыспен астасып жатқан кәсіпкерліктің және биліктің тығыз байланыста жұмыс істеуіне өте тиімді. Осыған орай фаворитизм, протекционизм, лоббизм өркендеуде. Сонымен қатар непотизм мен саяси демеушілік те кең тараған. Сыбайлас жемқорлық қалыпты нормаға айналады.
Ал бұл – құқық қорғау органдарының, көп жағдайда осы органдардың өзі де сыбайлас жемқорлыққа малынған, біріншіден, институционалды сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуге күші жетпейді, екіншіден құқық қорғау органдарын сыбайлас жемқорлық субъектілері өз заңдарына бағындырады. Қылмыс жасағандардың басым көпшілігі жазаға тартылмағандықтан, қылмыстық істерін одан әрі жалғастыра береді. Көп жағдайда сот жүйесі сыбайлас жемқорлық субъектісіне қатысты өз бетінше және тәуелсіз шешім шығара алмайды. Тәуелсіз құрылымдар енгізілген бірқатар елдер (АҚШ-та тәуелсіз прокурор, Гонгконгта, Сингапурде, Малайзияда, Тайванда тәуелсіз комиссия) сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ісінде нақты жетістіктерге қол жеткізді. Бұндай мекемені құру кезінде билік пен мүлік, саясат пен ақша мәселесі жүйелі шешімін табуы керек.
Мәдени-этикалық сипаттағы факторлар. Сыбайлас жемқорлыққа мәдени - этикалық факторлардың ықпал етуіне баға беру жеңіл емес, себебі бұл сала «материалды емес». Алайда қоғамның мәдениеттілігін сыбайлас жемқорлықтың негізгі себебі ретінде қарастыруымыз тиіс. Дін, мәдениеттің ажырамас бөлігі бола тұрып, қоғамда сыбайлас жемқорлықтың дамуының алғышарттары болуы мүмкін. Сондықтан қоғамда бір әрекет норма деп танылса, оны қылмыс деп жариялау қиындық келтіреді. Осы жағдайға орай мынадай мысал келтірейік. Қытайда басты идеология конфуциандық болғанын білеміз, оның қағидаттары бойынша халық жоғары қызметтегі адамдарды «әкеміз» деп қарастырған. Сондықтан қабылдауға келмегеннен гөрі, қабылдауға сыйлықсыз келгені наразылық туғызған. Байқағанымыздай, бір елде кейбір құбылыс сыбайлас жемқорлықтық деп танылса, екінші елде оны сыпайылық танутышылық деп біледі.
Сөйтіп, сыбайлас жемқорлық - бұл, біріншіден, мемлекетке үлкен қаржылық нұқсан келтіреді, екіншіден, мемлекеттік биліктің беделіне залал келтіреді, үшіншіден, қоғам мен мемлекет билігінің өкілеттіктерін моральдік тұрғысынан құлдыратады.
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың құқықтық аспектілері
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың құқықтық аспектілері — бұл мемлекетте заң үстемдігін орнату, мемлекеттік аппараттың ашықтығын қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтарға тосқауыл қою мақсатында қолданылатын құқықтық нормалар мен институттардың жүйесі.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық – бұл үшін заңда әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық белгіленген, сыбайлас жемқорлық белгілері бар құқыққа қайшы, кінәлі түрдегі іс-әрекет (әрекет немесе әрекетсіздік).
СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚ ҚЫЛМЫСТАР Парақорлық - сыбайлас жемқорлық көріністің кең тараған және қаупті түрі. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінде парақорлықпен байланысты үш қылмыс түрі қарастырылған:
- пара алу (366-бап); мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның жиырма еселенгеннен елу еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Құқық қорғау органының қызметкері немесе құқық қорғау органында жауапты мемлекеттік лауазым атқаратын адам немесе судья жасаған дәл сол іс-әрекет –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның отыз еселенгеннен елу еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- пара беру (367-бап); мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның қырық еселенгеннен елу еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
- парақорлыққа делдал болу (368-бап). мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның он еселенгеннен жиырма еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Бірнеше рет жасалған не қылмыстық топ немесе адам өзінің қызмет бабын пайдалана отырып жасаған дәл сол іс-әрекет –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның жиырма еселенгеннен отыз еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не алты жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген іс-әрекеттер, егер олар аса ірі мөлшерде жасалса немесе оларды қылмыстық топ жасаса, –
мүлкі тәркіленіп, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан өмір бойына айыра отырып, параның елу еселенгеннен алпыс еселенгенге дейінгі сомасы мөлшерінде айыппұл салуға не он жылдан он бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың келесі іс-әрекеттері енгізілді:
676-бап. Жеке тұлғаның заңсыз материалдық сыйақы, сыйлықтар, жеңілдіктер беруі не көрсетілетін қызметтерді ұсынуы
екі жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
677-бап. Заңсыз материалдық сыйақыны, сыйлықтарды, жеңілдіктерді не көрсетілетін қызметтерді алу
алты жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға алып келеді.
678-бап. Заңды тұлғаның заңсыз материалдық сыйақы беруі
заңды тұлғаларға заңсыз материалдық сыйақының отыз еселенген сомасы немесе құны, бірақ кемінде жеті жүз елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
679-бап. Мемлекеттік органдар мен жергілікті өзін-өзібасқару органдарының заңсыз кәсіпкерлік қызметтіжүзеге асыруы және заңсыз кірістер алуы
осы ұйымдардың басшыларына алты жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.
680-бап. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі шараларды қабылдамау немесе уақтылы қабылдамау
бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
681-бап. Бұрын сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдарды жұмысқа қабылдау
бір жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.
Сонымен қатар, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін білім беру саласында да үлкен жұмыс жүргізілуі қажет. Жастар арасында адалдық, әділдік, құқықтық тәртіп сияқты құндылықтарды насихаттау, болашақ ұрпақтың жемқорлыққа қарсы тұру қабілетін дамытуға бағытталған маңызды қадам.
Сыбайлас жемқорлықпен пәрменді күресу үшін халықтың құқықтық сауатсыздығын жоятын, құқықты түсіндіру жұмысының деңгейі мен сапасын арттыру керкетігінің маңызы зор. Халық өздерінің құқықтарын, өздеріне қарсы қандай да бір құқыққа қайшы іс-әрекет жасалған жағдайда қандай іс – қимыл қолдану керектігінің нақты жолдарын толық білулері қажет. Конституциялық тәртіпті қорғау, сыбайлас жемқорлық пен оның көріністері деңгейін төмендету, қоғамның мемлекетке және оның институттарына сенімін нығайту күндегі басты мақсат болып табылады.
4.Сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған ұсыныстар
Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу — бұл мемлекеттік органдардың, азаматтық қоғамның және әрбір азаматтың бірлескен іс-қимылын талап ететін кешенді процесс. Жемқорлық деңгейін төмендету және оның алдын алу үшін келесідей ұсыныстарымды ұсынамын:
Пара алу мен беруге қарсы имунитетті бала бойына отбасынан мектеп қабырғасынан қалыптастырса;
Лауазымды тұлғалардың кірістерімен қоса шығыстарын да жариялайтын шара қарастырылса;
Қытай, Сингапур мемлекеттеріндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы қолданатын шараларын біздің елде қолданса;
Лайықты жоғарғы еңбекақы төленсе;
Сыбайлас жемқорлық тәуекелі жоғары лауазымдардағы (кеден, салық, құқық қорғау) басшыларды тұрақты түрде басқа өңірлерге немесе ведомстволарға ауыстырып отырса;
БАҚ пен әлеуметтік желілерде жемқорлықтың зардаптарын көрсететін және адал еңбекті насихаттайтын сапалы кинолар көптеп түсірілсе;
Сыбайлас жемқорлық жасаған тұлғаның отбасы мүшелеріне және туыстарына жазалау шарасын қолданса. Болашақта сыбайлас жемқорлықтың азаятынана сенімім мол.
Қорытынды
Қорытындылай келе, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу тек қана заңнамалық шаралармен шектелмейді, ол қоғамның әрбір мүшесінің адалдыққа, әділдікке негізделген өмір сүру салтына, азаматтық жауапкершілікке деген көзқарасын өзгерту арқылы жүзеге асады. Бұл ұзақ мерзімді, бірақ өте маңызды процесс болып табылады. Сыбайлас жемқорлықпен күрес – бір реттік науқан емес, үздіксіз әрі жүйелі жүргізілуі тиіс жұмыс. Ол үшін мемлекеттік органдардың ашықтығы мен жауапкершілігімен қатар, әрбір азаматтың белсенді ұстанымы қажет. Тек бірлесе әрекет еткен жағдайда ғана біз әділетті, ашық және дамыған қоғам құра аламыз.
Кейінгі жылдары Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту мақсатында бірқатар заңнамалық әрі ұйымдық шара қабылданып, осы қоғамдық дерттен арылуға күш салынып келеді. Соның ішінде «қойшы көп болса қой арам өлетіні» ескеріліп, бұрынғы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратылып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл қызметі (Антикор) Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) қарамағына берілгендігі маңызды өзгеріс болғаны анық.
Әрбір пара құқықтық мемлекеттің негіздерін әлсіретіп, экономикалық дамуды тежейді және азаматтарды тең мүмкіндіктерден айырады. Қазіргі Қазақстан жағдайында сыбайлас жемқорлықпен күрес маңызды басым бағыттардың бірі болып табылады, себебі елдің әл-ауқаты мен азаматтардың өмір сапасы ашықтық пен адалдық деңгейіне тікелей байланысты. Жемқорлықтың алдын алу әр адамның жеке жауапкершілігінен басталады. Сыбайлас әрекеттерден бас тарту, адалдық пен әділдік қағидаларын сақтау — мықты қоғамның негізі. Әрбір азамат пара бермей, пара алмай және жемқорлық фактілері туралы хабарлау арқылы өз үлесін қоса алады.
Пайдаланылған әдебиеттер
Қазақстан Республикасының Конституциясы 2026 жыл 15 наурыз
Қазақстан Республикасының «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы. 2026 өзгерістер мен толықтырулармен
Жалағаш аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің сайты Гүлнұр Қасымова,
Аудандық қазынашылық басқармасының
бас маман – бас қазынашыЕгемен қазақстан Кәрібай Мұсырман
https://www.gov.kz/?lang=kk Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы
Akorda.kz ақпараттық порталы
Zakon.kz ақпараттық порталы
Abai.kz ақпараттық порталы

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген