Шындықтың
шырақшысы
Шерхан Мұртаза. Бұл есім исі
қазақтың баласына жақсы таныс. Көзі тірісінде-ақ ақиқаттың
алдаспаны, шындықтың шырақшысы атанып саналы ғұмырын қазақ
баспасөзі мен әдебиетінің дамуына арнады. Шерағаның балалық шағы
өте қиын жағдайда өткені тарихтан белгілі. Талай қазақты жалмаған
ашаршылық қасіретімен тұспа-тұс келген оның балалық кезеңі қайғыға
толы болды десек артық айтқандық емес. Сол нәубетті жылдары бірге
туған бауырлары шешек аурына шалдығып қаза болады. Одан кейін 1937
жылғы жаппай қуғын-сүргін кезінде әкесі Мұртаза жалған жаламен
ұсталады. Осының барлығы бала Шерханның қалам ұстап қиял әлеміне
қанат бітіруіне жол салды. Осы орайда атақты жазушы Эрнест
Хэмменгуйдің «Бақытсыз балалық шақты бастан өткерген адамнан ұлы
жазушы шығады», – деген сөзі ойға оралады. Расында, бала Шерханның
даңқты Шерхан Мұртазаға айналуына осы бір балғын шағы өз әсерін
тигізгендей.
Балалықтың кермек дәмін татып
тағдырдан таяқ жеген Шерхан ең әуелі поэзия әлемінде бағын сынағаны
белгілі. Алайда З.Қабдоловтың сынынан соң проза мен журналистикаға
біржола бет бұрды. Эссеміздің басында айтқанымыздай Шераға қазақ
әдебиеті мен прозасының өрлеуіне өлшеусіз үлес қосты. Оның 10-ға
жуық газет-журналда бас редактор болуы – сол сөзіміздің дәлелі.
«Бұлақ көрсең көзін аш», – деген қазақтың аталы сөзі құдды Шерхан
Мұртазаға арналғанба дерсің. Өйткені, өзі бас редактор болып қызмет
атқарған жылдары қаншама Мағжан сенген жастарды жұмысқа
орналастырып, қанатының астына алды. Кезінде Шерағаң баулыған
балапандар бүгінде қанаты қатайған қыранға айналды. Өмірде де,
баспасөзде де өз даңғыл жолдарын салды. Тұлпардың тұлпарды алыстан
тануы халқымыздың қанында бар қасиет екеніне осыдан соң лаж жоқ
иланасың. Баспасөз баһадүрлерінің афоризміне айналған «Шерханның
шекпенінен шыққанбыз» деген осы бір сөз ол кісінің ұлылығын,
адамдгершілігін тағы айқын аңғартып
тұрғандай.
Ол кісінің прозалық
шығармаларының өзі бір атанға жүк болардай. Әсіресе, өзі 30 жылдай
ғұмырын арнаған ұлт мақтанышы Тұрар Рысқұлов жайлы жазылған «Қызыл
жебе» романы қазақ түгіл әлем әдебиетінің баға жетпес жауһары.
Құлын Тұрардың тұлпар Тұрарға айналуына дейінгі кезеңді сөзбен
суреттеген қаламгердің бұл туындысы оқыған жанның рухын оятып,
санасына сілкініс әкелді. Оны оқып отырып, Тұрардың асқақ бейнесі
көз алдымызға келіп, сол кезеңге еріксіз сапарлап қайтасың.
Жазушының бұдан өзге көлемді туындысы – «Ай мен Айша» романы. Өз
өмірін арқау ету арқылы суреткер бұл шығармада сол кезеңдегі барша
қазақ ауылының ахуалын көркем сөзбен өріп берді. Бұдан бөлек,
жазушының түрлі әңгімелері өзінің бір төбе. Шерағаңның қай
шығармасын оқып қарасаңызда, барлығынан дәуірдің демін, уақыттың
үнін, ғасырдың мұнын естисің. Ал сол шеберлікті сөзбен айтып
жеткізуге ешкімнің шеберлігі жете қоймас.
Шерхан Мұртаза шығармашылықтан
бөлек тәуелсіздіктің елең-алаңында ел дамуына да бір кісідей
атсалысты. Көптеген жауапты қызметтер атқарып, Парламент
мәжілісінің депутаты болып сайланды. Парламент мінберінде отырып
елдің мұңын жоғарыға жеткізді. Шындық пен Шерхан қатар аққан қос
өзендей егіз ұғым. Ақиқат десе Шерхан, Шерхан десе ақиқат көз
алдымызға келеді. Оны шындықтың шырақшысы, намыстың найзағайы,
ақиқаттың алдаспаны атандырған өзінің ханға да қараға да бас ұрмай
әрдайым ақ сөйлеп, ұлттық мүддені бәрінен артық қойған болмысы мен
биік парасаты.
Бүгінде Шераға келместің
кемесіне мініп, қайтпас сапарға аттанды. Ақиқаттың алдаспаны сынып,
шындықтың шырағы сөнді. Алайда, ерлерін қадірлейтін елі барда ол
жұрт жадынан өше қоймас. Поэзияның мұзбалағы атанған
Мұқағалидың:
Күпі киген қазақтың қара
өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын,
– деген танымал өлең жолдары баршаға мәлім. Сол мұзбалақ айтқан осы
бір жолдарды сәл өзгертіп айтсақ, Шерхан Мұртаза күпі киген
қазақтың сөз өнерін халықтың өзіне алтын жағалы, күміс жеңді тон
кигізіп қайтарды. Шерхан – қазақтың бренді, бейнесі, болмысы. Оның
жарқын келбеті бір шығарманың көлеміне сыя қоймас. Әлемнің мың
шайыры таңға дейін отырып жырласа да, Шерағаңның асқақ болмысын
өлеңмен өріп бере алмасы анық. Себебі, ол таудан да биік, теңізден
де терең, бұлттан да жоғары тұлға. Ол сонысымен асқақ, сонысымен
ұлы қалпында ел есінде мәңгі қалмақ.