жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Тақырыбы: Мамандығым- мақтанышым!
Мамандығым – мақтанышым
Шакирова Гульназ Калилаевна
Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданы, Жармыш ауылы
«Жармыш жалпы білім беретін мектеп» КММ
Бастауыш сынып мұғалімі
Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі…, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ…, жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп…қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек.
Әл-Фараби
Ұстаз -
ұлағатты ұғым.
Ұстаз... Қандай қасиетті сөз! Әр адамның жүрегіне
ерекше жылулық нұрын себетін аяулы тұлға бейнесімен өзектес ұғым.
Адам баласының жүрегінде қадір тұтып, құрметтейтін екі ұғым болса,
соның бірі Ұстаз. «Ұстаз» деген қазақ баласы үшін қашанда қасиетті,
қадірлі болған. «Ұстаздан тәрбие алған» немесе «ұстаз алдын көрген»
деген сөздер құлаққа «ана тәрбиесін алған» деген сөздермен ұштасып
жатады. Алғаш әріп танытып, өмірдің қыр сырын білуге, сан қилы
құбылыстарын терең түсінуге мұрындық болып, жан дүниеңе нұрлы шуақ
түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімнің бейнесі көңіл төрінен
орын алары анық.
Міне, бүгінде тәуелсіздігімізді алып, бейбітшілік пен татулықтың бақытты да мамыражай күндерін кешудеміз. Еркіндігімізді нығайтып, тәуелсіздігіміздің көк туын шет елдерде желбіретіп, әлемге танылуымыз көреген де мықты қолбасшыдан деп ойлаймын. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жүргізген парасатты саясатының нәтижесі деп білемін.
Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы-жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі-мұғалім. Ұрпақ болашағы, халқымыздың келешегі қазіргі ұстаздардың қолында. Мен - Шакирова Гүлназ Қалилақызы, бүгінгі таңда Тәуелсіз елімнің, жаһандану заманындағы бәсеке жолында қайнап жатқан мектептеріміздің – Ұстазымын, ұрпақ тәрбиешісімін! «Маған жақсы мұғалім бәрінен де қымбат, өйткені мұғалім – мектептің жүрегі»- деп қазақтың бас ұстазы, қазақ мектебінің негізін қалаушы, ағартушы Ыбырай Алтынсарин айтқандай, дүниедегі мамандық атаулының төресі – ұстаздық. Әсілі, мұғалім барлық мамандық иесін тәрбиелейтін, оқытып үйрететін мейірімді абзал жандар. Мен- ұлы Ыбырайдың, Абайдың, ағартушы-ғалым Ахметтің, Міржақып пен Сакеннің, Бейімбеттің ізін жалғаушы, артын жалғастырушы- Ұстазбын! «Мұғалім мамандығы-барлық мамандықтың анасы» демекші, ұстаз алдынан тәрбие алмайтын жан жоқ. Ұстаз берген тәрбие әрбір жанның өміріне жол сілтер шамшырақ секілді. Ғылым иесі ғалым да, ел қорғаған батыр да, тілінен бал тамған ақын да, тегеуріні темір балқытқан жұмысшы да, егін салған диқан да, мал бағып терін төккен шопан да, көк күмбезінен әрі өткен ғарышкер де бәрі-бәрі ұстаздан білім, тәлім алған. Сондықтан ұлағатты ұстаздарға бүкіл адам баласы құрметпен бас иеді. Ал, қазақтан шыққан қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынов «мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Осыдан-ақ, ұстаз деген – ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Себебі, ұстазға деген құрмет бәрінен биік тұрады. Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. Бүгіннен немесе кешеден ғана ұлы мамандық иелеріне құрмет көрсетіліп келе жатқан жоқ, ықылым заманнан бері ұстаздықтың шоқтығы биік тұр.
Жаһандану заманында ұлттық бәсекеге қабілетті болудың көрсеткіші – білім деңгейімен өлшенеді. Сондықтан, әлемдік білім кеңістігіне кірігіп, білім беру жүйесін халықаралық биікке көтеру кезек күттірмейтін өзекті мәселе. Бұл мәселені шешудің кілті - ұстаздардың қолында. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашақта еңбек етіп, өмір сүретіндер – бүгінгі мектеп оқушылары, мұғалім оларды қалай тәрбиелесе, Қазақстан сол деңгейде болады. Сондықтан ұстазға жүктелетін міндет ауыр» – деген еді. Ұрпаққа тәрбие беру, білім нәрімен сусындату – екінің бірінің қолынан да келе бермейді. Сондықтан, ұстаз болу – жүректің батырлығы деп бағалауға болады.
Мен осы қызметте жүргеніме 5-жылдың айналасында қәзіргі қазақ мектебінің бүкіләлемдік даму жолында, жаһандану бәсекесіне қабілетті, саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру жолында аянбай еңбек етіп, бүгінгі оқу үрдісіне сай педагогикалық шеберлік қажет ететінін байқап жүрмін. Елбасымыз: "Біз білім-ғылым саласында бәсекеге қабілетті болмасақ, өз мақсатымызға жете алмаймыз. Барлығы мектептен, ал Қазақстан үшін ауыл мектебінен басталады”, -деген болатын. Қазіргі заманғы мұғалімдер информатор, бақылаушы, тексеруші,жазалаушы қызметін тастап, керісінше ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш,шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл болу керек. Оқушыны субъект ретінде қарастырып,оның өзін-өзі тануына жол ашу, жеке тұлға бойындағы қасиетті дамыту, «Мен» менталитетін қалыптастыру, білім мен тəрбиені жеке тұлғаға қарай бағыттау-бүгінгі таңдағы мұғалімінің кезек күттірмейтін қасиетті міндеті. Мұғалімінің өзі жеке тұлғаға көтерілмей, мұндай зор мақсатқа жетуі мүмкін емес. Ұстаз өзінің адамгершілік этикалық парызын орындауға тиіс. Білімді түрлендіруде, білім беру үрдісін реформалауда зерттеуші мұғалім жаңа формация мұғалімі ретінде орталық тұлға болып табылады. Қазіргі заман мұғалімі – рухани дамыған əрі əлеуметтік тұрғыдан есейген, педагогикалық құралдардың барлық түрлерін шебер меңгерген білікті маман, өзін-өзі əрдайым жетілдіруге ұмтылатын шығармашыл тұлға. Ол жоғары білімді шығармашыл тұлғаны қалыптастырып, дамыту үшін жауапты» деген. Мұғалімнің кəсіби білігін шыңдаудың үздіксіздігі оның шығармашылық қабілетінің дамуының кепілі жəне өзіндік жеке педагогтік тəжірибесінің дамуының алғы шарты болып табылады. Ұстаздың кəсіби шеберлігінің негізі, біріншіден, мұғалімнің өмірге көзқарасы, оның идеялық нанымы. Екіншіден, пəнді жетік білуі, ойын оқушыларға жеткізу үшін жан жақты, терең дайындықпен баруы, оқуышлар бойына əдеп, əдет, дағды сияқты жақсы қасиеттерді сіңіруі, моральдық нормаларды білуі. Үшіншіден, оқыту мен тəрбиелеудің əдіс тəсілдерін міндетті түрде меңгеру. Білім берудің ұлттық моделіне көшкен қазіргі мектепке ойшыл, зерттеуші, практикалық қызметте педагогикалық үйлестіруді шебер меңгерген психолог педагогтік диагностика қоя білетін іскер мұғалім қажет. Күнделікті іс тəжірибеде мұғалімнің кəсіптік білімін көтеруіне мектеп ішінде де жағдай жасау керек. Ол үшін мектепте ғылыми əдістемелік кеңес пен бірлестіктердің жəне зертханалардың жұмыс істеуі тиіс. Бүгінгі өмір талабына сай ұстаздардың біліктілігі мен білімділігін шыңдап отыратын жоғарыда атап өткен мəселелермен қатар,əр мектепте интернет жүйесі барлық сыныптарға қосылып жұмыс істеуі жөн шығар. Сондықтан да белгілі бір əдісті немесе іс шараларды іске асырмас бұрын мұғалімнің əдістемелік жұмысының мазмұнын анықтаған жөн. Ол үшін мұғалімнің жалпы мəдениеттілік даярлығы, əдістемелік, зерттеушілік, кəсіптік адамгершілік, тəрбиелік мəдениеті, диагностикалық жəне басқару мəдениетінің жиынтығы арқылы кəсіптік педагогикалық деңгейін зерттеу қажет.
ХХІ ғасыр ұстазының тұлғасы мен іс əрекетін жүйелі ұғыну үшін оған жаңа теориялық методологиялық негізде талап қойылуға тиіс. Осы жолдағы алғашқы қадам, ауыл мұғалімдерін арнайы əлеуметтік кəсіби топ деп қарай отырып, оларды зерттеу бағытында психологиялық педагогикалық жəне əлеуметтік ілімдердің біріктірілуі қажет. Міне, осындай жағдайларды ескере келіп, оның кəсіптік мəдениетінің өрістеуіне жан -жақты көмек, көңіл бөлу, жағдай жасалуын ескерген жөн. Жақсы мұғалім — бұл қай кезде де ең алдымен кәсіби деңгейі жоғары, интеллектуалдық, шығармашылық әлеуеті мол тұлға. Ол оқытудың жаңа технологияларын өмірге ендіруге дайын, оқу-тәрбие ісіне шынайы жанашырлық танытатын қоғамнын ең озық бөлігінің бірі деп есептеледі. Және солай болуға тиіс, Білім берудің мақсатын айқындау үшін Жүсіпбек Аймауытовтың мына сөздерін еске алған жөн: "Мектеп бітіріп шыққан соң бала бүкіл әлемге, өзгенің және өзінің өміріне білім жүзімен ашынған саналы ақыл көзімен қарай білсе, міне, білімдендірудің көздейтін түпкі мақсаты — осы. Мектеп осы бағытта баланың келешекте жетілуіне мықты негіз салуы керек". Сондықтан да ұстаз алдындағы басты міндет ХХІ ғасырдың есігінен еркін енетін, дүниежүзілік мəдениетті танитын, төл мəдениетін құрметтей білетін, рухани дүниесі бай,интеллектуалдық өрісі кең, білімі жоғары, құқықтық құжаттық мəдениеті, білімді, жан жақты ақпараттандырылған заман талабына сай белсенді ұрпақ тəрбиелеу, Ұстаз атана білу, оны қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстау - әр мұғалімнің борышы.
Мен осы ХХІ ғасыр - білімділер ғасырының ұстазы ретінде айтарым, өзіміз өмір сүріп отырған уақытқа сай ұлтжанды, білімді ұрпақ тәрбиелеп шығару міндетіміз деп білемін. Қасиетті білім ордасы мектепке білсем, көрсем, білімді азамат болып өссем деп үлкен арманмен келіп отырған кішкентай азаматтарды оқытып, тәрбиелеуге ұстаздық ықыласпен қарау – парызымыз деп ойлаймын. Мен Тәуелсіз елдің Ұстазы екеніме мақтанамын және әлемдік державалармен тең тұрып санасатындай ұрпақ тәрбиелеуде талмай еңбек етемін.
Ұстаздар –ұлағатты асыл жандар,
Жүзінен нұрлы шуақ шашылғандар.
Шәкірттерін баласындай көреді,
Ұстаздарға бас иіңдер, адамдар!- деп өз ойымды аяқтаймын.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген