Тіл тағдыры қабырғама батады Туған тілім – тірлігімнің айғағы, Тілім барда айтылар сыр ойдағы. Өссе тілім, мен де бірге өсемін, Өшсе тілім мен де бірге өшемін. ( Әбділдә Тәжібаев)
Тіл қай ұлтта, қай елде болса да қастерлі,құдіретті. Ол әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп,қалыптасады.Тіл байлығы –әрбір елдің ұлттық мақтанышы.Ол –атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Тіл – қазақ даласындай кең пішілген жайдары жалпақ тіл. Қазақ тілі , қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы- домбыраның күмбір қаққан сазындай әуезді. Асқан әуезділігі –шырқап салар әндей. Ана тілінің қадір – қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына,қазына байлығына балайды. Себебі, тіл – халықтың жаны, сәні, тұтастай келбеті, ұлттық болмысы.Адамды мұратқа жеткізетін –ана тілі мен дәстүрі. Ұлы Абай: «Қайран тіл,қайран сөз наданға қадірсіз» десе, қазақтың көсемі А.Байтұрсынов : «.Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалатынын» ерте ескерткен.Сондықтан да, тілдің адам өмірі үшін мәні айрықша.Тіл –өлшеусіз қазына, өрісі кең әлем. Тіл –асыл ойдың бұлағы.Оның бітпесті бітіретін, жетпесті жеткізетін, үзілгенді жалғайтын мүмкіндігі бар. Бір ауыз сөз опық жегізіп, өмір бойы өзегіңді өртесе, бір ауыз орынды айтылған сөз жадында жатталып, бақытқа жеткізеді. Демек, әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға,оның орынсыз шұбарлануына жол бермеуге тиіс. Амал не, туған тілімізді шұбарлап, аралас сөйлейтіндерді жиі кездестіреміз.Тіпті туған тілден безетін сорақыларды да көріп жүрміз. Тіл –ұлттың жан дүниесі. Ата –бабамыз тілімізді, жерімізді,елімізді сыртқы жаудан қасық қаны қалғанша, найзаның ұшымен,білектің күшімен қорғады.Сол ата –бабамыздың аманатын сақтап, қадірлеп,қастерлеуіміз керек.Расында қазақ халқының басында талай нәубет, зұлматтың ,қайғылы күндердің болғаны тарихтан белгілі.Сондай ауыр сәттерде, сын сағаттарда атамекен қонысын тастап босқан халықтың өзімен бірге алып жүрген байлығы –ана сүтімен дарыған ана тілі ғана. Тіл жеке адам ойлап тапқан туынды емес, ол барша ұлтқа ортақ, соның төл перзенті. Сол халықтың мәдени әлеуметтік өмірінде өзіндік мәні бар киелі ұғым. Үзілмей келе жатқан осындай даналық дәстүрінің жалғасын біз бүгінгі ұрпақтан да көреміз. Ана тілімздің айтып жеткізуге болмайтын асыл қасиеттерін тап басып танып, қанатты сөздерге айналдырған зиялыларымыз баршылық. Бүгінгі қазақ тілінің тағдыр мен болашағы Елбасын аз толғандырып жүрген жоқ. Сондықтан да болар Елбасының «Қазақстан болашағы –қазақ тілінде», «Ана тілі- бәрімздің анамыз, өйткені ол –ұлтымыздың анасы» деген сөзі бар. Қай қоғамда да тіл мәселесі болатыны белгілі. Біздің ұлтта да тіл өзекті мәселе болып отыр. Солай бола тұрса да бізде қазір көптеген қазақтар үй ішінде, сыртта, қоғамдық орындарда орысша сөйлеп, қазақ тілінің сөйлеу өрісін тарылтып, қолданылу аясын әлсіретеді, тіпті жоғарғы жақтағы басшылардың өздері орыс тілінде сөйлейді, қазақша сөйлегеннің өзінде шұбарлап сөйлейді. Басты кемшілігіміз –осы. Қазір көптеген жастар ана тілін дұрыс білмейді. Қазақ тілінің жанашыры болған сатирик ақын Шона Смаханұлының бір шумақ өлеңінде осындай жағдайды сипаттайды: Қазіргінің баласы, Көп білем деп көкиді. Әкесінің жазғанын аудармадан оқиды.Тілге деген құрмет- халыққа деген құрмет. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын , мәртебесін биіктетуіміз керек. Өмірдің алмастай қырын, абзал сырын түсіне білуіне басты себепкер –ана тілі. «Ұлттың тілі – ұлттың ділі» демекші, қандай ұлт пен ұлыс болмасын ең басты байлығы –ана тілі. Тілін жоғалтқан халықтың жеке мемлекет болып басқа елдермен терезесі тең дәрежеде тұра алмайтындығы тарихтан белгілі. Сондықтан сан ғасырлар бойы арман болған тәуелсіздігімізге қол жеткізіп, егеменді ел болып жатқан сындарлы кезеңде мемлекетіміздің нышаны ана тілімізді бүкіл тіршілігіміздің түп қазығына айналдыру -әрбір ұлтжанды азаматтың басты міндеті. Ата –бабамыздан қалған асыл қазына тілімізді сақтаудың тиімді жолы –отбасында ана тілінде сөйлеп, айналадағы дүние туралы сол тілде қуаныш ренішіңді бөлісп, өзіңді,өзгені жұбату болып табылады. Бұл –ана тілінің қадір – қасиетін арттыра түсері даусыз.Ақын Оразақын Асқар «Тәуелсіздік тартулары» жинағына енген өлеңінде: Көрінесің көзге шыққан сүйелдей,Сұрақтар да шаншу болып тиер кей.Құтылмайсың барлық тілді білсең де,Өз тіліңнің көмегіне сүйенбей..Ана тілінде ата –баба сыры бар, Аудармадан түпнұсқадай кім ұғар.Өсе келе құстың тілін білсең де,Ана тілсіз оның қандай құны бар,- деп өлең жолдарында өз тілің өзге тілді үйренуге басты тірек екенін баяндайды. Қорыта келе, «Тілден асқан байлық жоқ» тон –торқа, мал –мүлік, алтын –күміс байлығы түпкілікті емес. Күндердің күнінде сарқылады,тозады.Халықпен бірге мәңгі жасайтын тіл байлығы екенін ұмытпайық. анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған тілімізді ұмыту –бүкіл ата- бабамызды ұмыту деген екен Бауыржан Момышұлы, сондықтан да ананың ақ сүтімен бойымызға тараған ана тілімізді ақсатпай, мәртебесін көтере білейікІ Әрбір жүрегі, қаны қазақ деп соққан адамның тіл тағдыры қабырғасына батуы тиіс.Ана тілін құрметтеп, сүйе білейік, бүгінгі егеменді Қазақстанымыздың ұл –қыздары ана тілімізді жетік біліп, білімді, мәдениетті болуы шарт.
№2 шағын орталықты орта мектебі Өтепбергенова Жеңіс қылышқызы