жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Тәрбие сағаты. Ар-намысым, қасіретім, қуанышым, Желтоқсан
Ар-намысым, қасіретім, қуанышым, Желтоқсан
Молдакашева Алмагуль Каденовна
Егіндібұлақ агротехникалық колледжінің кітапханашысы
Тәрбие сағатының мақсаты:
Желтоқсан оқиғасы арқылы жүздеген жылдар бойы бабаларымыздың армандаған егемендігіне қол жеткізгендігімізді, осы тәуесіздікке жету жолында талай боздақтарымыздың жалған айыппен шейіт болғандарын оқушыларға жете ұғындыру, дүниетанымын кеңейту;
Желтоқсан құрбандарын еске алу, тіл байлықтарын, сана-сезімдерін дамыту;
Отанды сүюге, құрметтеуге, адамгершілікке, әділеттілікке, туған жерін қадірлеуге тәрбиелеу;
Көрнекілігі: Мультимедиялық подиум, тақырыптық слайд, көрме;тәуелсіздік құрбандарының суреттері;
І-жүргізуші:
Құрметті ұстаздар, оқушылар,қонақтар!Тарих беттерін парақтасақ, қазақ халқының басынан қиындықтар мен қатыгез жылдардың небір сұмдықтары өтті. Бұл – қазақ халқының ары мен намысына өшпес таңба салған 1986 жылғы желтоқсан көтерілісі.
Бұл көтерілістің себебін бір ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес.Бұл – қазақ халқының ары мен намысына өшпес таңба салған 1986 жылғы желтоқсан.
ІІ-жүргізуші:
1986 жылы 17 желтоқсанда Алматы қаласында мыңдаған қазақ жастары наразылық білдіріп, шеруге шықты. Олар «Тәуелсіздік керек! Ұлттың басшысы өз ұлтынан сайлансын!» деген тілек білдірді. Сол кездегі үкімет бұйрығымен күш көрсетілді. Көптеген жастар түрмеге қамалды. Оларға «бұзақылар, ұлтшылдар, нашақорлар» деген кінә тағылды.
І-жүргізуші:
Дауылға желтоқсанның желі ойналды,
Ашуға мінді Алатау кәрі айбарлы.
Күтпеген іс ақыры не болат деп,
Күллі әлем Алматыға қарай қалды.
Кез емес жаугершілік «аттан»атты,
Алаңның шеруі емес, салтанатты.
Қытымыр қыстың басы сол бір айда
Желтоқсан желі әлемді жалт қаратты.
ІІ-жүргізуші:
Дүр сілкінді желтоқсанда қоныр аймақ,
Өйтпесе тілім қанат жаймақ.
Ұран жазып, қып-қызыл ту көтеріп,
Жастар шықты алаңға «Елім-айлап».
Алаңға шықты, ойын айтты жастарым,
Қиындық пен қатерге тігіп бастарын.
Содан барып тоңы еріді кеңестің
Содан кейін еркіндікті бастадым.
І-жүргізуші:
Желтоқсанда шындық жырын шырқаймын
деп шарқ ұрдың,
желтоқсанда егеменді ел болсақ деп талпындың.
Кеудемде әлі сызы жатыр сол кездегі салқынның
Айналайын, айналайын жас өркені халқымның.
1-оқушы: «Нашақор»деп «ұлтшыл» деп,
Қазаққа күие жаққан күн.
Базары кетіп бір күнде.
Қайғыға халық батқан күн.
әділдік пен шындықты
Өтірік жала еткен күн
Надан жасаған шындықтан
Адамдар азап шеккен күн.
Ән: «Желтоқсан желі»
2-оқушы:
Желтоқсанның жан түршігер күндері
Жалдап әскер, аяушылық білмеді,
Бұрымнан сүйреп ару қыздарды
Ал ұлдарды тоғытқан жер түрме еді.
Бұрқ етіп қазақ баласы,
Кеудеде өршіп наласы
Алаңға қарай ағылды
Таусылып барлық шарасы.
3-оқушы:
Тегеурінді соққылары жарақтан,
Ақшақарға судай ақты қайнап қан.
Қайдан білсін қызбаланған ерлерім
Айырларын Ләззат, Ербол, Сабирадан, Қайраттан.
4-оқушы:
Озбырлық күшпен тұншығып
Үміттің оты өшкен күн
Жанына таппай бір шындық
Ер Қайрат қыршын кеткен күн.
ІІ-жүргізуші:Желтоқсан оқиғасының басты қаһарманының бірі Қайрат Рысқұлбековке телеорталық инженері С.Савицкийдің өліміне кінәлі деген айып тағылды. Сөйтіп, халық каһарманы Қайрат қазақ елінің 21-зобалаңына ұшырап, 21 жасқа келгенде, 21 рет сот алдында нақақтан шырылдап, Семей түрмесінің 21 камерасында, 21 мамыр күні қапылыста дүниеден өтті.
Көрініс Қайрат Рысқұлбековтің түрмедегі кезінен көрініс
Тергеуші стол басында отыр.
Тергеуші: Кіргізіндер, Қайрат Рысқұлбековты! Милиция формасын киген күзетшілер басы таңулы Қайратты алып кіреді.
Тергеуші: Ал, Рысқұлбеков, сөйле! Әбден ойланып ақылға келген шығарсын?
Сен 18 күні сағат 10-да қайда болдың?
Қайрат: Жолдастарымен бірге болдым. Фурманов көшесінде.
Тергеуші: - Жоқ!!! Сен Сәтбаев пен Мир көшесінің қиылысында Савицкийді соққыға жықтың, соның нәтижесінде ол қайтыс болды. Сен кінәлісің (орнынан тұрып сойылмен соғады, Қайрат құлап түседі)
І-жүргізуші: - Иә, темір есік сиқырлап ашылатын, Қайратты жауап алуға әкететін. Ол қайтып келгенде үсті-басында сау тамтық жер болмайтын.
Қайрат: (біраз жатып есін жиған соң) – Жоқ, мен Савицкийді өлтіргенім жоқ!
Тергеуші: - Ақымақ! Әкетіндер, атындар, көзін құртындар!
Қайрат (екі милиция қызметкері Қайраттың қолынан ұстап тұрғанда өленің оқиды)
Күнәдан таза басым бар,
Жиырма бірде жасым бар,
Бозторғайдай жаным бар,
Алам десең, алындар,
Қайрат деген атым бар,
Қазақ деген затым бар,
«Еркек тоқты құрбандық»,
Атам десең, атындар! (Қайратты сүйреп әкетеді)
І-жүргізуші:
Құрбандарым, жазықсыз, құрбандарым,
Бет бағдарын бақиға бұрғандарым,
Қаралы жылдардай боп қарауытып
Халқымның мәңгі есінде қалғандарым
Құрбандарым, жазықсыз, құрбандарым.
ІІ-жүргізуші:
Аяз қысып төкті қыста каһарын,
Сиретпеді жастар бірақ қатарын.
Қайдан білсін милиция қорғаны
Ұрып-соғып сық сумен атарын.
Ән «Желтоқсан желі».
5-оқушы: «Ләззат пен Сәбира» (Слайд -портреттері)
Кетпес мәңгі көнілден Қырдың гүлі қырмызы,
Ағып түскен көгімнен Желтоқсаның жұлдызы-
Ләззат пен Сәбира!
Атыңды айтар кәрі-жас.
6-оқушы:
Желтоқсанның бораны,
Желтоқсанның қар мұзы.
Ұмытылған жоқ әлі
Жалпы жұрттың жалғызы...
Шығар шақта қайраңнан
Қасиетті намысы
Булықтың да бұлқындың,
Қара ормандай жұртымның
Қайсар туған қыздары – Ләззат пен Сәбира!
«Желтоқсан каһармандары» атты бейнебаян көрсетіледі. Желтоқсан оқиғасында құрбан болған жастардың рухы үшін бір минуттық үнсіздік жарияланады.
Ән: «Қара бауыр қасқалдақ».
І-жүргізуші: 1991жылдың 16 желтоқсан күні дүниеге жаңа мемлекет – Тәуелсіз Қазақстан келді.
ІІ-жүргізуші:
Оң алтыншы желтоқсан –
Тәуелсіздік алған күн!
Азаттықтың ақ таңы
Арайланып атқан күн!
Көніл толып, шаттанып,
Қуанышқа батқан күн
Мерекеге шығады
Бүкіл халық, біліп қой,
Отандастар ұғады,
Тәуелсіздік ұлы той!
І-жүргізуші: Тәуелсіздік – халқымыздың бостандығымен дербес даму жолындағы сан ғасырлық күрес тарихының нәтижесі.
ІІ-жүргізуші: Тәуелсіздік – елдіктің киелі кепілі, келелі келешегіміздің, ұлттық татулығымыздың нышаны.
Мультимедиялық подиумда жазылып шығады:
Т – білдіреді теңдікті
Ә - әдептілік, өрлікті
У – уайымсыз уақытты
Е – егемендік, елдікті
Л – дейді лағып лепірме
С – сенімділік секілді ең
І – ілтипат пен ізет қой
З – зиялық тілек қой
Д – шақырады достыққа
І – ілкімді боп сақтыққа
К – дейді күн бол көктегі, көз алартпа көршілерге, қол сұқпа.
Мұғалім: Кешіміздің сонын Елбасымыздың халыққа жолдауындағы «Рухы биік, еңбегі ерен, бірлігі мығым, Мәнгілік ел болу үшін бізде бәрі бар! Тәуелсіздіктің туын желбірететін, тұғырын нығайтқан біздің тарих алдында жүзіміз жарқын! Біздің тірегіміз - Тәуелсіздік, тілегіміз – тұрақтылық, білегіміз – бірлік! Мен халқыма сенемін. Көк байрағымыздағы алтын қырандай еліміз қанатын кеңге жайып, асқар биіктерден көрінсін! Барды бағалап, жоқты жасай білген жасампаз жұртымыздың өр байрағы әрдайым биікте желбіресін» деп тәрбие сағатын қортындылаймын.
І-жүргізуші: Тәуелсіздікті анандай ардақта, баландай мәпеле, құдайдай құрметте!
ІІ-жүргізуші:Тәуелсіздік үшін тәнінді де, қанынды да, жанынды да аяма!
І-жүргізуші: Елтаңбамыз ажарлы, әнұранымыз әуенді, асқақ бола түссін!
ІІ-жүргізуші: Еліміздің белгісі көк туымыз әрқашан желбірей берсін!
І-жүргізуші: Тәуелсіздік тұғыры берік болсын!
Хор: «Атамекен».
ІІ-жүргізуші: Тәуелсіздік мерекесіне арналған тәрбие сағаты аяқталды. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген