жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Тәрбие сағаты "Сөз сұлтаны - Сұлтанмахмұт" 9-10 сынып
«Сөз сұлтаны — Сұлтанмахмұт»
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына арналған әдеби кеш
Мұғалімі: Астана қаласы, №59 мектеп-лицейдің қазақ тілі мен пәні мұғалімі Кабылбекова Сауле Жанабаевна
Мақсаты:
- Қазақ поэзиясының биігіне өрмелеп шыққан көрнекті ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өмірі және шығармашылығымен танысу, бүгінгі жас ұрпақ та үлгі — өнеге тұтып, болашақта ел-жұртының есті азаматы болып қалыптасуына ықпал ету.
Көрнекілігі:
Сұлтанмахмұт Торайғыровқа арналған слайд, бейнебаян, ақынның шығармасы мен өміріне арналған көрме.
-
Армысыздар құрметті оқушылар, ұстаздар, оқырмандар, қонақтар!
Қазақстанда Республикалық «Бір ел – бір кітап» акциясы 2007 жылдан бастап өткізіліп келеді. Акцияның мақсаты – ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, сондай-ақ жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу. Сонымен қатар, акция қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын әрі қарай жоғарылауына мүмкіндік туғызады. Биыл жыл кітабы болып С.Торайғыровтың «Қамар сұлу» романы таңдалды. Абайдан кейінгі қазақтың жазба әдебиетінде әр жанрда еңбек етіп, ерекше көзге түскен көрнекті ақындарының бірі Сұлтанмахмұт Торайғыров болды. Ол аз өмірінің ішінде (небәрі 27 жас жасаған) әлденеше лирикалық өлең, ондаған мақала,екі роман, 5-6 поэма жазып жаңа сатыға көтерген, ірі суреткер, реалист ақын болып табылады. Осы орайда оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінде «Асқақ арманды алаш ардағы» атты тұрақты кітап көрмесі ұйымдастырылды.
Бүгінгі біздің шарамыз да Елбасының «Болашаққа бағдар, рухани жаңғыру» мақаласын жүзеге асыру жолында «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында «Сөз сұлтаны — Сұлтанмахмұт» атты поэзия кешін өткізудеміз. Қазақ поэзиясының биігіне өрмелеп шыққан ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 125 жылдығына арналған әдеби кешімізді бастау үшін сөз кезегін оқушыларға беремін.
1-жүргізуші:
-XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің ірі тұлғасы, аса көрнекті ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров 1893 жылы 28 қазанда Көкшетау облысының Қызылту ауданында туған. Екі жасында шешеден жетім қалған Сұлтанмахмұттың балалық шағы Баянауылда өтеді. Алты жасында — хат таныған Сұлтанмахмұт 1908 жылы Баянауылда Әбдірахман молданың медресесінде екі — үш жыл, 1911 жылы жаңаша оқыған Нұрғали деген мұғалімнен бір қыс оқиды. Пән негіздерін үйреніп, білімге деген ынтасы артқан Сұлтанмахмұт одан әрі оқуын жалғастыру арманына жете алмайды. Троицк, Семей, Томск сияқты ірі қалаларға барып оқуын жалғастыруға ниеттенсе де, қамқоршысы мен қаржының жоқтығынан, тұрмыстың қиыншылығынан ол мақсаты орындалмайды.
2-жүргізуші:
-Бірақ оптимист Сұлтанмахмұт өз бетімен ізденіп көп оқиды, ғылымның әралуан саласынан хабардар болып, заманының оқымысты жастарының біріне айналады. Сұлтанмахмұт Торайғыров жасында жабысқан дерт кеселінен 27 жасында қайтыс болды. Аз жасағанына қарамай, ол қазақ поэзиясы мен прозасын жаңа сатыға көтеріп кетті. Реалист-ақын XX ғасырдың әдебиетінде жаңа жанрлар туғызды, роман жанрының, реалистік поэманың қалыптасуына әсер етті.
(Интерактивті тақтадан С. Торайғыров өмірі мен шығармашылығына арналған бейнебаян жүріп жатады. (слайд)
1-жүргізуші:
-
«Шығамын тірі болсам адам болып» өлеңін ақын
өзінің ұстазы Нұрғалиға арнаған.
Өзінің досы, туысы Шайбай Аймановқа хат арқылы жолдаған. Өлең
1913 жылы жазылып, 1922 жылы Қазан қаласында «Адасқан
өмір» кітабында жарияланған. С. Торайғыровтың
«Шығамын тірі болсам, адам болып» өлеңіндегі
лирикалық қаһарман – ақынның өзі, яғни ақынның тұлғасы танылып тұр.
Лирикалық шығармаларда ақын тұлғасы өлең кейіпкерімен тұтасып,
кірігіп кетеді. Ақын өз атынан сөйлей отырып, сол дәуірдегі
ұрпақтың мұрат — мақсатын, арман — аңсарын, сезім — күйін жырға
қосады.
(Сахнаға 10 сынып оқушылары
шығады)
1-оқушы:
«Шығамын тірі болсам адам болып»
Шығамын тірі болсам адам болып,
Жүрмеймін бұл дүниеде жаман болып,
Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,
Жүргенше өмір сүріп надан болып.
Мен
балаң, жарық күннен сәуле қуған,
Алуға, күнді барып, белді буған.
Жұлдыз болып көмеймін елдің бетін.
Болмасам толған айдай балқып туған.
Бұл сөзім асып айтқан асылық
емес,
Ойында оты барлар асылық демес.
Тебем деп, тірі болсам надандықты,
Серт етіп, өз-өзіме еткем егес.
2-оқушы:
«Мен қазақ»
Мен қазақ, қазақпын деп
мақтанамын,
Ұранға «алаш» деген атты аламын.
Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!
Ерікті ен даланың құсынша
ұшып,
Ер жеттім кеңшіліктің сүтін ішіп.
… Алтай, Ертіс Сырдария, Есіл, Жайық,
Арасын қоныс қылдым ірге жайып.
3-оқушы:
Елім, жерім, қорғайтын ерім болып,
Ер жеттім ен далада лықа байып.
Ер Түрік ұрпағымын даңқы
кеткен,
Бір кезде Еуропаңды тітіреткен.
Кіргені есік, шыққаны тесік болып,
Күнбатыс, Күншығысқа әмірі жеткен.
Мен
қазақ, қазақпын деп мақтанамын,
Ұранға «алаш» деген атты аламын.
Сүйгенім – қазақ өмірі, өзім – қазақ,
Мен неге қазақтықтан сақтанамын!
4-оқушы:
Үміт қып менен қарайсың,
Көңіліңе медеу санайсың.
Балалыққа жарасам,
Аталыққа жарайсың.
Қайтейін, елім, қимаймын,
Қия алмай жанды қинаймын.
Қимай қалсам, ішіңде
Тағы тыншып сыймаймын.
Алты қырдан ассам да,
Сөздеріңді сыйлаймын,
Тек қалауым сіздерден:
«Серіктікті» милаймын.
5-оқушы:
Сіздерге әкеп шашуға,
Ілім, білім жинаймын.
Келді хатың мен шаршап
Отырғанда дамығып,
Хабарыңа бек аңсап
Сүзіліп көңілім талығып.
Сөзіңнен көріп өзіңді,
Құшақтай алдым қамығып.
Кім сүртті сонда көзімді,
Қамықпайын не ғылып?
Сөйлесіп гүлдей жайнады,
Булыққан көңілім тарығып.
6-оқушы:
Сүйдіріп, жүрегімді тартқан менің,
Сарыарқа, Сарыдала – туған жерім.
Көк күмбездің астында көк масаты
Сәулемен алтындаған сары белім.
Кең дала, шаңсыз ауа, таза
қоныс,
Исі аңқып, бетім сүйген самал желім.
Кіндік болып, мал менен жанды өсірген,
Жаз жайлау, күзгі күзек, қысқы тебін.
7-оқушы:
Сүйемін туған тілді – анам тілін,
Бесікте жатқанымда-ақ берген білім
Шыр
етіп жерге түскен минутімнен
Құлағыма сіңірген таныс үнім.
Сол
тілмен шешем мені әлдилеген,
Еркелеткен, «құлыным», «жаным» деген
Сол тілменен бірінші білгізілген:
«Ана» деген сүйгендік сөз әм менен
Қылжықтап, алып қашып құрбы бөркін
Сол тілменен ойнадым далада еркін
Сол тілменен бірінші сыртқа шығып
Өмірде ен далада ұққан көркім.
8-оқушы:
«Бір адамға»
өлеңі
Бір үйде жиюлы екен қазына
мал,
Көрсетті бәрін бізге ақсақал шал:
«Бұрынғы атамызға сыйға берген,
Біздерде мынадай бар, мынадай бар?…»
Ол рас, аталарың шенге
алыпты,
Арзан қып, қымбат емес, кемге алыпты.
Апыр-ай, қалай бұлдаған сатқандарын,
Оқа, түйме, сылдырлақ, теңге алыпты!
Суреттер және көрдім жүзі жарқын,
Ойладым: «Оңдырған — ау, баққан халқын!»
Соншама құны толық бұлды түйме,
Артында қалдырмас па жақсы даңқын?
9-оқушы:
Дедім мен: «Құтты болсын
шекпеніңіз,
Артқыға қандай егін еккеніңіз?
Жусақ та денемізден кетер емес,
Сондағы тұқым шашып сепкеніңіз».
Көргенде күміс кесе, алтын
аяқ,
Бір сөзді тамағына қойдым таяп:
«Қай момынның малы бар бұл аяқта?»
Демейінше болмады, қарап жай — ақ!
Отырдым, көрсем жекіп тастар ма деп,
Шал айтты: «Көріңіздер, жасқанба!» деп,
Кесені қолыма алып қарай бердім:
«Ішінде нақақ көзден жас бар ма?» деп.
1-жүргізуші:
- Қазақ поэзиясының биігіне өрмелеп шыққан ақын Сұлтанмахмұт Торайғыров Абайдан кейінгі ұлы ақындардың бірі. Ұлт үшін күрескен қайраткер. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы елімізді, ең алдымен, мәдени мұрамызбен, шығармашылық әлеуетімізбен ілгерілетуге үндейді. Сұлтанмахмұт Торайғыров ұлттық идеяның жыршысы. Қай кезді алып қарасаң да, қоғамның қозғаушы күші жастар болып табылады. Сұлтанмахмұт жастық жігерімен, патриоттық жырларымен жастарға үлгі болды. Өлеңдерінде жастарды оқу-білімге шақырды.
2-жүргізуші:
- Жаңаша оқыған Нұралы ұстазының көмегімен қазақ, татар тілдеріндегі әдеби кітаптар, газет-журналдармен танысады. “Айқап” журналына жауапты хатшы болып жұмысқа орналасып, “Өлең һәм айтушылар”, “Ауырмай есімнен жаңылғаным”, “Қазақ тіліндегі өлең кітаптары жайынан”, “Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?”, т.б. әңгіме, мақалаларын осы журналда жариялайды. Кейін туған жеріне оралады. “Кім жазықты?” атты өлеңмен жазылған романын дүниеге әкелді. Шығыс Қазақстанда жалданып бала оқытып, орыс тілін үйренеді. Ресейдің Том қаласына оқуға түседі. Өмірден көп қағажу көріп қажыған ақын арманына жетіп, көңілі көтеріледі. “Шәкірт ойы” өлеңінде “Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болуды”, “Мұздаған елдің жүрегін жылытуды” армандайды.
(Сахнаға 11 сынып оқушылары шығады)
10-оқушы:
Шәкірт ойы
Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда, кім болам
Мұздаған елдің жүрегін,
Жылытуға мен кірермін!
Еңбек, бейнет тарауы
Рақатқа сарқылар.
Қыздырып күннің қарауы
Надандық теңізі тартылар.
Орны отайып көгерер,
Қызығын жайлап ел көрер.
Тұрмыс, тағдыр – бірі де
Бұл мақсаттан бұра алмас;
Қаһарман, Рүстем, Әлі де
Бұрам деп жолда тұра алмас.
Сыланған жардың күлісі,
Алдандырмас бірісі.
11-оқушы:
Оқу
Бүгіндегі жастарға оқу міндет,
Тек кана оқуменен өнер білмек,
Өнер-білім, адалдық, ар-намысты
Жоятын надандық қой емсіз індет.
Бар қиынды тек қана ғылым жеңбек,
Оқыса баска елдердей қатарға енбек.
Білімге ел боп аңсап құмарланса,
Жетілмек аз-ақ жылда жоғары өрлеп.
Көрші елдер өнерсізді қорлап күлмек,
Оқу мен бірлік болса, көзіне ілмек.
Қараңғы Қарынбайдай надан болсаң,
Байлығыңа иелік бермес күндеп.
12-оқушы:
Үмітпенен жоқ қуған
Үмітпенен жоқ қуған
Талабы алда баламыз.
Басқалар жоғын тапқанда,
Біздер қайтіп қаламыз.
Тәуекелге бел бусақ,
Көрдегіні аламыз.
Жеткізбей кетер жүйрік жоқ,
Қусақ бәрін шаламыз.
Іс істейік бір болып,
Ашылмасын саламыз.
Сұмдар салған жүректе
Аз ба біздің жарамыз?
Тепкісінде басқаның,
Қор боп жүдеп барамыз.
Көріне көзге азапта
Мәңгі қайтіп қаламыз?
Ойыңды енді азат қыл
Қалсын былай балалық.
2-жүргізуші: «Туған жер» әнімен 11 сынып оқушысы ...................... . Қарсы алыңыздар!
1-жүргізуші:
- Осы тұста әлем әдебиетінің классикалық үлгілерімен, саяси кітаптармен танысты. 1917 жылғы ақпандағы төңкерістен кейін Семейде жаңа құрылған Алаш партиясы мен Алашорда үкіметінің жұмыстарына қатынасып, “Алаш ұранын” жариялады. Бірақ ауруы асқынып кеткендіктен, оқуды да, жұмысты да тастап, 1918 жылы сәуірде еліне біржола оралады.
Сұлтанмахмұт – қазақ әдебиетіндегі Абайдан кейінгі ірі тұлға. Ол өте қысқа ғұмыр кешті, 27 жыл ғана жасады. Шығармашылық жұмыспен небәрі он жылдай айналысты. Алайда ол: «Жасамаймын еңбектің жемісін көзбен көрем деп, жасаймын бір қолғабыс, кейінгіге берем деп…» нендей мақсат көздегенін ашып айтып, кейінгі ұрпаққа құнды әдеби мұра қалдырды. Оның шығармалары – мол тақырыпты, терең мағыналы, алуан жанрлары көркем суретті қазына. Ақын өмірі туралы белгілі қаламгер Сәбит Мұқанов «Аққан жұлдыз» атты роман жазды.
13-оқушы:
Жау талаған ойыңды,
Көтермейсің бойыңды.
Тұрмыстың ұзын құрығы
Бұрды ма түсіп мойынды.
Бейхабар жатыр ата-анам,
Көре алмай көзім қала ма?
Барғаның сәлем дегейсің,
Қаралы болған анама.
Он тоғызда жасыма,
Қасірет түсті басыма.
Көре алмай қалсақ арманда,
Уайымдап бізді жасыма.
14-оқушы:
Сенемін еңбек қылсам, бақыт жақын,
Келер жаз атақты алам деген «ақын».
Жүректің қазынасы тазартылса,
Пайдасын көрер әлі-ақ ертең халқым.
Тұрмыстың оғы шыбындай,
Тезінен туар көңілімде ай.
Бір мағнауи күш түртіп,
Баққа ұмтылып тұр маңдай.
Үміттің көзі жарқырап,
Бұлағы ағар сарқырап.
Бұл бәйгеде Махмұттың
Азбаны келер арқырап.
15-оқушы:
Оллаһи! Ант етемін алла атымен,
Орыс тілін білемін һәм хатымен,
История, география пәнді білмей,
Оллаһи, тірі болып жүрмеспін мен.
Келгенше осыларды отыз жасқа,
Іншалла бәрін түгел ұғам басқа.
Отыз жасқа келгенше ұға алмасам,
Жер жұтсын, мәз болмаймын ішер асқа.
16-оқушы:
Секілді өмір қысқа, жарты тұтам
Секілді өмір қысқа, жарты
тұтам,
Надандар деп ойлап жүр өмірді ұтам.
Аз өмірді ақындық жолға бердім,
Лепес қып түкірген соң молда Мұқан,
Қаламды шын беріліп, алдым берік,
Әлде қандай бір күшке көңіл сеніп,
Бұрын жалғыз оқу еді іздегенім,
Енді оған өлең жазу болсын серік.
Бірдей ме сабақ берген барлық молда,
Ант берем, алуан түрлі деймін олла.
Денеден-ақ көрініп тұрған жоқ па,
Саусақтың алалығы біткен қолға.
17-оқушы:
Әкемнен «Әліп-биді» үйде оқыдым,
Үйреніп намаз сабақ жат тоқыдым,
Әлі молда алдында дәл екі жыл
Әртүрлі ескі кітапты бір шоқыдым.
Тортайдан екі жылдай сабақ алдым,
Ол байғұс аяған жоқ ойда барын.
Ғылымның орны бас пен көкіректе,
Бүйір шығып, қампия тоймас қарын.
Мұқаннан екінші жыл сабақ алам,
Ұйықтасам да көңілім оқуға алаң.
Лепес қып өзі бастап, «ақын бол» деп,
Дұғасын ықыласпен берді маған.
Сондықтан бір мақсатым өлең жазу,
Оқуменен бірге іздеп, қоса қазу.
Осы ойыма өткен түн серт берілді,
Менде болмас бұл ойдан өмірде азу.
18-оқушы:
Көңілім, неге жасисың?
Көңілім, неге жасисың?
Миым, неге ашисың?
Ой түбіне жете алмай,
Жүректі тырнап қасисың.
Көзім, неге таласың?
Үмітсіз қарап барасың.
Түтінің жоқ, отың жоқ,
Тұншығып кеудем жанасың.
Иығым неге басыңқы?
Түсім неге қашыңқы?
Өзімнен-өзім салбырап,
Етек-жеңім шашыңқы.
1-жүргізуші:
Алдарыңызда «Алтын бесік» әнімен 10 сынып оқушысы .................... қарсы алыңыздар!
2- жүргізуші:
-Бүгінгі біздің әдеби кешімізге Астана қаласы №... мектебінің оқушылары келіп отыр екен. Сөз кезегі қонақтарда. (Келген оқушылар өз тақпақтарын оқиды)
1-жүргізуші:
-Келесі сөз кезегін мектебіміздің кітапханашыларына береміз.
Үмітпенен жоқ қуған,
Талабы алда баламыз.
Басқалар жоғын тапқанда,
Біздер қайтіп қаламыз, - деген ақынның өлең жолдарымен Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылығына арналған әдеби кешімізді аяқтаймыз. «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында өтіп жатқан «Сөз сұлтаны — Сұлтанмахмұт» атты поэзия кеші өз мәресіне жетті. Атсалысып қатысқандарыңызға рахмет!
Сау болыңыздар!
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген