400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

ТАРИХТЫ ОҚЫТУДЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ

Материал туралы қысқаша түсінік
Мақалада автор сананың деңгейлеріне тоқталған. Тарих пәнін оқытудағы ескі көзқарас пен жаңа көзқарастардың қарама-қайшылықтарына жете талдау жасай білген. Жаңартылған білім беру мазмұны аясындағы тарих пәнінің ерекшеліктеріне тоқталған.
Материалдың қысқаша нұсқасы

ТАРИХТЫ ОҚЫТУДЫҢ СТРАТЕГИЯЛЫҚ МАҢЫЗДЫЛЫҒЫ


Кагазов Бактыбек Амантаевич,

ББЖ ҚБАРИ Педагогика және инклюзивті

білім беру кафедрасының аға оқытушысы


Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы аясында «Архив-2025» мәселесі көтерілгені еді. Бұл да стратегиялық қадам еді. Себебі, архив жоқ болса тарихи деректер мен дәйектер жоқ, ал тарихи негіз жоқ болса, қазақ мемлекеттігіне сызат түсері анық. Төл тарихымызды түгендеуге тек егемендігімізді алған тұста ғана қол жеткізілді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жариялаған «Мәдени мұра» бағдарламасы арқылы тарихшы ғалымдар шетелдік мұрағаттардағы ел тарихына қатысты құнды құжаттарды зерделеуге шындап кірісті. Нәтижесінде том-том болып құжаттар жинағы басылып, Қазақ тарихына қатысты жаңа көзқарас қалыптаса бастады. Себебі тарих жалпыұлттық «Мәңгілік Ел» идеясын жас ұрпақ санасына сіңіруде басты құрал екені аян. Себебі тарих пәнінің мақсаты жас ұрпақтың бойында тарихи сана, елжандылық, өз елінің мәдениетіне құрмет, ата-бабаларының табыстары мен жеңістеріне мақтаныш сезімдерін қалыптастыру, жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды дарыту, ойлау, талдау, рефлексия жасау дағдыларын дамыту болса, осы істе ешқандай пән тарих пәнін алмастыра алмайды.

Сана демекші, ақпарат құралдарында сананың төменнен жоғары қарай төрт деңгейі туралы жиі айтылып жүр: аталық сана – рулық сана – елдік сана – әлемдік сана. Бүгінде қазақтың көпшілігі рулық сана деңгейінде ой айтып, шежіре тарқатып, әр ру өзінің күйін күйттеп жүргеніне куә болып жүрміз. Неге рулық сана деңгейінен көтеріле алмай отырмыз? Себебі, тарихымызда ақтандақ беттер көп болды, бұрмалаушылықтар орын алды Сперанский сынды орыс билеушілерінің жүргізген реформалары кері әсер етті т.б.

«Отар елдің тарихын тек отарлау ел жазады» дегендей, қазақ тарихы Кеңес билігінің идеологиялық құралына айналды. Ұлы Отан соғысы кезінде елімізге көшіп келген Ресей ғалымдары мен отандық ғалымдардың Қазақстан тарихы бойынша бірлескен еңбектері, оқулықтары жазылады бастады. Ашық жазылған бірқатар деректер мен дәйектерге Ресейлік ғалымдар өздерінің кеңестік көзқарастарын танып, «түзетулер» енгізіп, қасаң стеоротипке негізделген кітаптар мен оқулықтар шыға бастады. Мұны Қадыр Мырзалиевтің атақты мына шумақтары дәл басып көрсеткен:

«Біздің тарих бұл да бір қалың тарих,

Оқулығы жұп-жұқа бірақ-тағы!».

Бұдан өзге де Қазақстан тарихына қатысты кемшіліктерге талдау жасай кетсек. Елбасы атап көрсеткен олқылықтар:

«Жалпы, барлық оқу-тәрбиелік процесс ескі әдістемелерге негізделген. Оқу-тәрбиелік процесінің негізгі құрамдас бөлігі болып табылатын тарихи білім жеке тұлғаны, азаматты, патриотты қалыптастыруға бейімделмеген. Осыған орай, оқушылар Қазақстан тарихын «қызықсыз», «зеріктіретін», «шиеленіскен» пән деп санайды. Осыған байланысты Елбасы «Қазақстанның әлеуметтік модернизациясы: «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» құжаты арқылы ҚР Білім және ғылым министрлігіне арнайы тапсырма беріп: «Қазақстан тарихы» пәні бойынша қолданыстағы оқу жоспарлардың, оқулықтардың, оқыту құралдарының сараптамасын жасау, оқыту мекемелерінде Қазақстан тарихын оқытудың мазмұны мен форматын өзгерту бойынша іс-шараларды жүзеге асыруды жүктеді.

Сонымен қоса, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауында «Оқу бағдарламалары сын тұрғысынан ойлау қабілеттеріне және ақпараттарды өздігінен іздеу дағдыларына бағытталуы тиіс» деген пәрмен берді.

Дүниежүзі тарихы мен Қазақстан тарихы бойынша оқулықтардағы тапсырмаларға талдау жасалғанда мынадай мәселелер анықталды:

  • тапсырмалардың дені оқушыларды қарапайым тарихи даталар мен оқиғаларды, тарихи тұлғалардың өмірін сипаттап, мазмұндап беруге ғана дағдыландырып келді.

  • проблемалық жағдаяттар туындату мен зерттеушілік тапсырмалар саны және оқушыларда тарихи сана қалыптастыратын, тарихи ойлау дағдыларын дамытатын, құндылықтарға баулитын тапсырмалар аз болды.

Өз тарапымыздан да тарихты оқытудағы мынадай кемшіліктерді атап беріп отырмыз:

  • интерпретацияға жол берілмеуі (белгілі бір оқиғаға оқушылардың өз көзқарасын білдіруіне мүмкіндік жасалмауы),

  • Талдау жасаудың аздығы;

  • «Соғыстар мен көтерілістер» тарихы;

  • Идеология құралы болып келді;

  • Таптық позицияны уағыздады (байлар мен кедейлер т.б.);

  • Шетелдің Қазақстан туралы деректеріне тыйым салынды;

  • Дилетанттардың тарихты жазуға құштарлығы (Тарих немесе шежіре жазумен айналысушылардың көбеюі);

  • Батысшыл моноцентристік көзқарас;

  • Шығыс халықтарының бай мәдени және тарихи мұралары ескірген, дәстүрлі, патриархатқа негізделген деген көзқарас болды;

  • Көшпелілер өркениетінің рөлі жете бағаланбады т.б.

  • Фактология. Фактіге негізделген материалдардың шамадан тыс көп көлемде берілуі, бұл оқушыларға тарихи сана мен тарихи түсінік қалыптастыруға аз ықпал етті;

  • Аз уақытқа ақпараттың зор көлемде берілуі, бұл оқу үдерісін жеделдетуге мәжбүр етеді. Тақырыптар үстірт оқылады, салдарынан оқушыларда зерттеушілік және тәжірибеге бағдарланған дағды жеткілікті дамымай жатты.

Жоғарыдағы өзекті мәселелерді зерделей келе 1995 жылы «ҚР тарихи сана қалыптастыру тұжырымдамасы» жарияланды. Құжат Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы мемлекеттік саясат жөніндегі Ұлттық кеңесте бекітілді. Онда Қазақстан тарихына қатысты жаңаша көзқарас пен жаңаша тұжырымдар ұсынылды.

Мәселен, жаңа көзқарас бойынша тарихты білу болған тарихи оқиғалардың хронологиялық сабақтастығын есте сақтау үшін ғана емес, тиісінше тарихи үдерістің логикасын зерделеу ретінде қарастырылу қажет.

Қоғамға түпнұсқалы тарих қажет. Ол идеологиялық қасаң стеоротип пен түрлі схемалау мен шұбыраңқылықтан ада, ықшамды жазылуы тиістігі айтылды.

Қазақстан тарихының әлем тарихында орнына да мән берілді. Мәселен Қазақстан тарихы өзінің тарихи және географиялық жағдайына сәйкес:

  1. Еуразия тарихы және түркі халықтары тарихымен табиғи байланыста қарастырылады.

  2. Ислам әлемі елдері тарихы және әлем тарихының құрамдас бөлімі ретінде қарастырылады.

  3. Түркі - славян, түркі - қытай, түркі – моңғол өркениеттерінің өзара байланыстарын тарих жоққа шығара алмайды.

Бұдан өзге тарихты зерделеуге тағы қандай жаңа өзгерістер керек дейтін болсақ:

  • Тарих рефлексия жасау ретінде;

  • Тарих ойлау құралы ретінде;

  • Тарих стратегиялық пән ретінде;

  • Тарих Өлкетану жұмыстарын жандандыру ретінде қарастырыла бастады.

Осыдан келіп, тарихты оқытуға деген жаңа амалдар мен оның әдіснамалық негізі өзгертілді.

Жаңартылған білім беру мазмұны аясындағы оқу бағдарламасының әдіснамалық негізі былай түзілді:

  • Тарихилық принцип - құбылыстарды олардың пайда болуы және дамуы, олардың нақты жағдайлармен байланысында қарау. Бұл принцип тарихи құбылыстардың пайда болу себептерін, түрлі кезеңдердегі сапалық өзгерістерін анықтап, диалектикалық даму барысында бұл құбылыс неге айналғанын түсінуге мүмкіндік береді.

  • Ғылымилық принцип – оқыту бірліктерінің ғылыми зерттеулердің негізгі нәтижелеріне сәйкестігін анықтайды.

  • Тарихи білім берудің әдіснамалық концепциясының қазіргі кездегі негізі түрлі әдіснамалық тәсілдерді (формациялық, өркениеттік, мәдение-тарихи және т.б.) қарама-қарсы қойып салыстырудан бас тарту болып табылады.

  • Тарих – механикалық түрдегі фактілердің үйлесімі емес, ал нақты қоғамдық жүйелердің даму процесі.

Тарих пәні – ұрпақ бойына рух қалыптастырушы күшке ие. Отаншылдық, туған жерін сүю және құрметтеу, отбасылық құндылықтарды қастерлеу, үлкенді сыйлау, кішіпейілділік, бауырмалдық, ашықтық, қонақжайлылық қасиеттерді бойына сіңіруде, осы негізде жас ұрпақтың бойына тарихи сана қалыптастыруда тарих пәнінінің рөлі айрықша.

Тарихи сана дегеніміз өткен тарихыңды білу, оған рефлексия жасау, талдау, сабақ алу, мәнін ұғыну, болашаққа әлеуметтік болжау жасау, өз әрекетің үшін жауапкершілікті түсіну. Мұны Дінмұхамед Қонаевтің «Кешегі күн – бүгінгі күннің ұстазы» деген нақыл сөзімен бекітуге болады. Иә, өткен тарихтан бүгінгі ұрпақ сабақ алуы міндетті.

Тарихи сананы не қалыптастыруы ықтимал десек, төмендегі ықпал ету субьектілерін бөліп алуға болады:

  • ғылым,

  • білім,

  • отбасы тәрбиесі,

  • бұқаралық ақпарат құралдары,

  • әдебиет,

  • өнер,

  • мәдени-ағартушылық шаралар,

  • музей,

  • мұрағат,

  • өлкетану жұмыстары,

  • саяхат жасау,

  • Тарихи ескерткіштер т.б.

Отанымыздың және әлемнің тарихи даму көрінісін қалыптастыру, тарихи үдерістердің мәнін олардың біртұстағы мен үздіксіздігінде түсіну мен қоғамның дамуындағы ортақ тарихи заңдылықтары мен тенденциялары туралы түсінік – қоғам дамуының біртұтас бейнесін қалыптастырады.

Ал ұлттық бірегейлікті қалыптастыру үшін төмендегі құндылықтар мен түсініктерді қалыптастыру қажет:

  • тарих - бұл қоғамды біріктіруші құрал екендігі туралы түсінік;

  • ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтарды;

  • патриотизм және белсенді азаматтық ұстаным.

Сонымен қоса, тарихи ойлау дағдыларын дамыту үшін:

  • түрлі тарихи деректермен жұмыс жасау дағдысын;

  • тарихи оқиғалар, құбылыстар мен үдерістерді талдау, жіктеу, жүйелеу, қорытындылау және бағалау дағдыларын қалыптастыру қажет екені аян.

Тарихты оқыту тарихилық принцип негізінде мазмұнды құрастыруға мән беріп отыр. Әр сыныптағы мазмұн хронологиялық реттілікпен берілген және келесі мәселелерді қамтиды:

- әлеуметтік қатынастардың дамуы;

- мәдениеттің дамуы;

- мемлекеттің дамуы;

- экономиалық дамуы.

Бұдан былай мектепте тарих пәнін оқыту 6 концептілердің негізінде құрастырылуы тиіс:

  1. Өзгеріс және сабақтастық (мысалы, белгілі тарихи кезеңде қоғам қаншалықты өзгеріске ұшырады немесе не өзгеріссіз қалды);

  2. Себеп және салдар (мысалы, белгілі тарихи кезеңде қандай маңызды факторлар саяси үдерістерге әсер етті, оның салдарлары қандай);

  3. Дәлел (белгілі тарихи кезеңнің өнері бізге құндылықтар, наным-сенімдер мен технологиялар туралы қандай мәлімет бере алады);

  4. Ұқсастық пен айырмашылық (мысалы, XIII-XV ғғ. Қазақстан территориясындағы мемлекеттердің саяси құрылысындағы ұқсастықтар мен айырмашылықтар);

  5. Маңыздылық (мысалы, Қазақ хандығының құрылуының тарихи маңызы неде);

  6. Интерпретация (мысалы, белгілі бір тарихи оқиғаны түрлі зерттеушілер қалай сипаттайды).

Міне, білім алушылар сабақта белгілі бір тақырыптың жоғарыдағы концептілердің қайсысына жататындығын анықтап алулары тиіс және сол бойынша дәлелдер келтіреді.  

Жаңаша оқытуда күтілетін нәтижелер оқу мақсаттары ретінде берілген, олар тақырыптық бөлімдер, тараулар мен тақырыптар шеңберінде нақтыланған.

Тарих ойлау дағдыларына ғалымдар түрлі анықтама береді, солардың ішінен мағынасы жағынан ең жақыны И. Я. Лернердікі: «кез-келген қоғамдық құбылыстың пайда болу себептерін анықтай алу; тарихи құбылыс пен оларды ара-қатынасына ілесуіне әкелетін жағдайларды анықтауға тырысу; кез-келген тарихи құбылыстың ауыспалы табиғаты мен оның тарихи маңыздылығын тани алу; өткен кезеңді қазіргі кезеңмен салыстыруда қызығушылықты таныта білу; өткен кезеңнің оқиғаларынан сабақ ала білу.

Тарих пәнін оқытуда ұтымды болатын өзге де белсенді тәсілдер төмендегідей:

- семинар-сабақ,

  • дәріс-сабақ,

  • көрнекілік әдісі,

  • көрсетілім әдісі,

  • иллюстрация әдісі,

  • картамен жұмыс,

  • экрандық құралдармен жұмыс,

  • диалогтік оқыту,

  • проблемалық жағдаят туындату стратегиясы,

  • жоба әдісі т.б.

Бұл тәсілдер оқушылардың ішкі уәжін ояту мәселесіне тиімді болып табылады.

Тағы бір мәселе талдау жасауға қатысты. Жоғарыда айтқанымыздай, тарих өткен оқиғаларға талдау жасаудан тұрады. Сондықтан тарихшылар сабақ бергенде тақырыпты оқушыларға түрлі талдау стратегиялары арқылы талдата білгені жөн. Осы мақсатта тыңдаушыларға тиісті 20-ға жуық талдау тәсілдерін ұсынып жатамыз. Оның ішінде: мақсаттың SMART талдауы, SWOT, Т-кестесі, ЭСӘТ талдауы, ҚҚҚ талдау стратегиясы, STEEPLE талдауы, Эдвард Де Бононың “Ойлаудың 6 қалпағы” стратегиясы, Кейс-стади (жағдаяттық талдау), әдеби талдау, сыни талдау, «Күш өрісі», сұрақтар бойынша талдау, мониторингтік талдау, сатылай кешенді талдау, Венн диаграммасы т.б.

Тарихты оқытудың тағы бір ерекшелігі тақырыптардың сұрақтар арқылы ұсынылып, оқушылардың ой қозғауына түрткі болуы:

- Алғашқы адамдар қалай өмір сүрді?,

  • Тасқа салынған суреттер ежелгі адамдардың дүниетанымын қалай бейнелейді? т.б.

Енді тілдік мақсатқа қатысты өзгерістерге тоқталсақ. Әр пәннің, тіпті әр тақырыптың тілі болады. Бұдан былай қысқа мерзімді жоспарда сол күнгі тақырыпқа қатысты терминдер мен лексикаға қатысты баған толтырылады.

Мысал ретінде: герман тайпалары, ғұндардың басып алуы, түркілер, эфталиттер, Юстиниан заңдары, «Азаматтық құқықтар жинағы», Византия империясы т.б. ұғымдарды жазып қойған жөн.

Ал диалогке қатысты сөз тіркестеріне: «саяси және әлеуметтік қатынастар», «мынадай факторлар ....... әсер етті», «тарихи процестер әсер етті», «жыл санауы» т.б. белгілеп алу ұсынылады.

Жоғарыда айтылған бірқатар мәселелер арқылы жас ұрпаққа тарихи сана мен жаңа көзқарас қалыптастыру мұғалімнің басты міндеті. Бұл бірден іске аса қоятын мәселе емес. Ол үшін тарихшы мұғалімдердің көзқарастарын өзгертіп, біліктіліктерін арттырып, көптеген әдіснамалық оқулықтармен қаруландырған жөн. Одан кейін Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай ниет пен күш жұмылдыру қажет. Қазақстан тарихы пәнінің жүгі ауыр, себебі елді бірлікке ұйыстыруда, мемлекетшіл жастарды өсіріп шығару мен оларға рухани иммунитет қалыптастыратын стратегиялық пән ретінде қарастырылып отыр.


Түйін

Мақалада автор сананың деңгейлеріне тоқталған. Тарих пәнін оқытудағы ескі көзқарас пен жаңа көзқарастардың қарама-қайшылықтарына жете талдау жасай білген. Жаңартылған білім беру мазмұны аясындағы тарих пәнінің ерекшеліктеріне тоқталған.



Пайдаланылған әдебиеттер:

  1. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы. 31.01.2017 ж.

  2. Назарбаев Н. «Қазақстанның әлеуметтік модернизациясы: «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы ». – Астана, 2012 ж.

  3. ҚР тарихи сана қалыптастыру тұжырымдамасы, 1995 ж.

  4. Мұғалімге арналған нұсқаулық.

  5. Білім беру бағдарламалары орталығының материалдары.

Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
1 ұстаз жүктеп алған
20 желтоқсан
1245
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі