Материалдар / Төле би - тура би, сөз сардары
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

Төле би - тура би, сөз сардары

Материал туралы қысқаша түсінік
Төле бидің өмірі
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
16 Сәуір 2018
1197
5 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

ТӨЛЕ БИ –ТУРА БИ, СӨЗ САРДАРЫ


Жамбыл облысы, Т. Рысқұлов ауданы,

Құлан ауылы, №1 мектеп-лицейінің

директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары

Налибаева Сабира Абшеқызы



Қазақ –сөз қадірін өз қадірім деп білген халық. Кеңдігін де, елдігін де, кемеңгерлігі мен көсемдігін де сөзге сыйғызған жұрт. Оның тарихы да, тағдыры да, тәлімі мен тәрбиесі де, даналығы мен дала көңілі де сөзде жатыр.

Қазақ тарихында сөздің орны ерекше. Бітпес даудың, бәтуасыз шудың кесімі де, шешімі де сөз болған. Тұла бойдың тылсым сырын сыртқа жаяр, лып еткен сезім, терең ақыл, кемел ой, арман-мұрат, мұң мен сыр –бәрі сыйған сиқыр сөздің бағасын біреу білсе, қазақтай-ақ білсін. Оның рухы, жан құпиясы, төзім-сезімі сөз құдіретімен тұтас, туыс. Сондықтан да ол үшін сөзден өткен күш, құдірет жоқ. Тоқтам жоқ.

Қазақ –«ат сүрінгенше» ақыл тапқан, ұшқыр ойды қастерлеген, ғасырлар бойы сөз мұрасын қорғаштап, сөз асылын жоғалтпай келген, ардақтысы да, аяулысы да сөз болған халық.

Аумалы-төкпелі, алмағайып замандарды бастан кешкен халықтың өзіндік басқару жүйесі болды: ел қамын жеген ерлері, сөзін сөйлеп, жағдайын жайлаған шешендері, білімпаз билері болды, солардың бірі биыл туылғанына 350 жыл толып отырған Төле би бабамыз. (1)

Төле би Әлібекұлы (1663 – 1756) – қазақтың қоғам қайраткері, атағы жер жарған шешен, Ұлы жүздің бас биі, «Жеті жарғыны» жасаушылардың бірі. Әлібекұлы Төле бидің атасы Құдайберді би Есім хан мен Тұрсын хан егесі кезінде, Есім ханды қолдап, Тұрсын ханды шабуға қатысқан (Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме дейін» кітабынан).

Яғни, Есім хан тұсында жасалып, халық аузында «Есім ханның ескі жолы» атанып кеткен қазақ халқының ғұрыптық заңдарын жасауға қатысқан билердің бірі деп айтуға толық негіз бар.Өз заманында Қазақ хандығының тұтастығы үшін күрескен қайраткер! Төле би өз халқының шешендік-поэтикалық өнерінің дәстүрлерін жастайынан бойына сіңіріп өскен, зерделі, сауатты адам болған. 15-20 жасынан билердің бас қосқан жиналысына қатысып, өзінің әділдігі мен шешендік өнері арқасында таныла бастайды.


Балалық шағы

Төле би 1663 жылы қазіргі Жамбыл облысы Шу өңірінде туған. Ұлы жүздегі дулат тайпасының жаныс руынан. Әлібекұлы Төле бидің атасы Құдайберді би Есім хан мен Тұрсын хан егесі кезінде, Есім ханды қолдап, Тұрсын ханды шабуға қатысқан (Қазыбек бек Тауасарұлының «Түп-тұқияннан өзіме дейін» кітабынан) Бала күннен жас Төле әкесіне еріп жүріп ел көреді, жұрт таниды, қазақ халқының ақындық-шешендік өнерінен тәлім алады. Он бес жасынан ел билігіне араласып, ақыл-парасаттылығы, әділ шешімі, шешендік өнерімен көзге түседі.

Тауке ханның басқару кезінде Төле би Қаз дауысты Қазыбек, Әйтеке билермен бірге Тәукені хан етіп сайлауға, үш жүздің ұлыстарын бір орталыққа бағындыруға, сөйтіп, бірегей қазақ хандығын нығайтуға, жоңғар шапқыншылығына қарсы бауырлас қазақ, қарақалпақ және өзбек халықтарының жауынгерлік одағын құруға бағытталған шараларды жүзеге асыруға қатынасты. Тәуке хан Төле биді ұлы жүздің бас биі еткен. Төле би Қазыбек бимен және Әйтеке бимен бірлесе отырып, қазақ халқының дәстүрлі әдет-ғұрып заңдарының жинағы болып табылатын Жеті жарғының қабылдануына ат салысты. Ордабасы жиыны кезінде Төле би басшылық жасап, жоңғар басқыншылығына қарсы бүкілхалықтық тойтарыс беруге ұйтқы болды. Шашырап кеткен қазақтардың басын қосып, Ресей мен Қытай секілді екі алпауыт мемлекет арасында оңтайлы саясатты жүргізген Абылай ханды өкіл бала етіп тәрбиелеп, азамат қатарына қосуда Төле бидің қызметі орасан. (2)

Абылай ханның басқару кезінде 1742 ж. Абылай тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлардың қолына түсіп қалғанда оны тұтқыннан босатуда Төле би белсенділік танытты. Тарихи жырларда қазақ билеушілерінің атынан Әбілқайыр хан мен Төле бидің Орынбор әкімшілігінен Абылайды тұтқыннан босатуға өтініш жасағандығы айтылады. Қазақтың үш жүзінен Төле би бастаған 90 адам елші барып, келіссөз жүргізіп, 1743 ж. 5 қыркүйекте Абылайды тұтқыннан шығарып алады. Төле би ішкі және сыртқы саясатта сара бағыт ұстанды. Хандық пен мемлекет тұтастығын, тәуелсіздігін діттеп, жаугершілікте дұшпан қолында қалған қалалар мен жерлерді қайтаруға күш салды. 1734 ж. Ресей патшасы Анна Ивановнаға және 1749 ж. Орынбор губернаторы И.Неплюевке хат жолдап, бодандықты қабылдауға ризашылық танытты. Бұл сол тарихи кезеңде шарасыздан жасалған қадам болатын. Ол жоңғар шапқыншылығынан титықтаған халықтың жағдайын жақсартуды бірінші кезекке қойды. 1748 ж. орыс сауда керуені тоналғанда, бұған кінәлі Қойгелді батырды билер алқасына шақыртып, оған бұл шығынды жұрт көзінше төлеттіреді. 1748 ж. Әбілқайыр хан қаза тапқанда оның баласы Ералы сұлтан әкесінің құнын даулап Төле биге шағымданады. Төле би Әбілқайырдың өлімі үшін айыпкерлердің Жеті жарғы заңына сәйкес жеті құн төлеуі туралы шешім шығарады. Ералы айыпкерлерден екі құн алып, төрт құнды кешіреді де, әкесін өлтіруге қатысушылардың бірі Сырымбет батырды жетінші құн орнына өз қолымен өлтіреді. Әбілқайырдың балалары бұған да тоқтамай, Барақ сұлтанның жауапқа тартылуын Төле биден сұрайды. Бас сауғалап қашып жүрген Барақ сұлтан Төле биге өзі келіп, жасаған ісі үшін сотқа тартуды сұрайды. Төле би билер сотына қазақ билерінің ішінен, Барақ сұлтанның ұсынуы бойынша төрт белгілі биді (Жалған би, Сырлыбай би, Даба би, Қабек мырза) қатыстырады, өз тарапынан бірнеше биді шақырады. Билер алқасында Төле би Барақ сұлтанды ақтап алады.

Төле би Әбілқайыр ханның өлімі үшін жеті адамның құнын кескенде де, Барақ сұлтанды ақтап алғанда да, туысы Қойгелді батырға тоналған орыс сауда керуенінің өтеуіне екі мың жылқы төлеуге билік шығарғанда да елдің елдігін бұзбауды, әлі келгенше халықтың тыныш жағдайын, тұтастығын сақтауды көздеді. Төле бидің бұл секілді еларалық сипаттағы билігімен қатар ұлыс ішіндегі дауларды шешкен билігінен де оның мемлекеттік деңгейдегі парасаттылығы, ойының саралығы мен ниет-тілегінің тазалығы танылады.

Төле би хан, сұлтандардың, бектер мен билердің өзара қырқысының ұлт тәуелсіздігі мен бостандығына ешнәрсе бермейтіндігін сезініп, татулықты жақтады. Оның елге танымал “Елге бай құт емес, би құт” дейтін қанатты сөзі айқын аңғартады. Бізге келіп жеткен аңыз-әңгімелерде Төле бидің ұлт бірлігін нығайтуды барынша жақтағандығы айтылады. Сондай аңыз-әңгімелердің бірінде Төле би өз көңілін сұрай келген Қазыбек, Көкі, Мәлік, Ержан билердің еліңізге қандай өсиет қалдырасыз деген сұрағына былай деп жауап берген екен: “Жүзге бөлінгендердің жүзі қара. Руға бөлінгендердің құруға асыққаны. Атаға бөлінгендер адыра қалады. Көпті қорлаған көмусіз қалады. Хан азса халқын сатады. Халық азса хандыққа таласады”. Төле бидің артында кейінгі ұрпаққа жарық жұлдыздай жол көрсетіп, жөн-жоба сілтейтін көптеген өсиет сөздері қалған. Оның шешендік сөздері айтпақ ойының ұшқыр да тапқырлығымен, тап басатын көркем теңеулерінің дәлдігімен, тілінің өткір де айқындылығымен ерекшеленеді. Оның Данагүл есімді келінінің де есімі көпке танымал. (3)

Шешендігі Төле би жас кезінде талай жасы үлкен атақты абыз билердің алдынан өтіп батасын алады. Төле бала әуелі әкесіне барыпты. Жасы жүзге тақап отырған әкесі ынтымақ ел бірлігі жөнінде әңгіме айтып отырады. Төле «Қалай еткенде бірлік болады, оның күші қандай болмақ» дегенді сұрайды. Сонда. әкесі әуелі жауап айтпас бұрын бір бума солқылдақ шыбық алдырады:

- Балам, мынаны сындырып көрші?

Төле буылған шыбықты олай-бұлай иіп сындыра алмайды.

- Енді сол шыбықты біртіндеп сындыршы? – Төле ортасынан буылған шыбықты шешіп, біртіндеп пырт-пырт етіп оп-оңай сындырып береді. Әлібек би:

- Бұдан не түсіндің, балам? – дейді.

Сонда. Төле бала:

- Түсіндім, әке бұл мысалыңыздың мәнісі: ынтымағы, бірлігі мықты елді жау да, дау да ала алмайды. «Саяқ жүрген таяқ жейді» демекші, бірлігі, ынтымағы жоқты жау да, дау да оп-оңай алады» дегеніңіз ғой.

- Бәрекелде, балам, дұрыс таптың. Ел билеу үшін алдымен елді ауыз бірлікке, ынтымаққа шақыра біл. «Бақ қайда барасың ынтымаққа барамын» дегеннің мәнісі осы, – депті.

Елдің Қазықұрт тауының бөктеріне көшіп-қонып жатқан көктеу кезі екен. Бір күні Төленің әкесі Әлібек биге екі даугер жүгініске келіпті. Біреуі:

- Қырдан қуып індеткен түлкіме мынау таласып бермейді. Екіншісі:

- Сыртынан жүні жетілсін деп бағып жүрген түлкім еді, оның үстіне жер де, ін де менікі, демек түлкі де менікі.

Екеуі осылайша біраз дауласады. Әлібек би даугерлердің сөздерін тыңдап болған соң, баласына сілтеп, мұның билігін Төле берсін дейді. Даугерлер

Төлеге келсе, ол бір шыбықты ат қылып далада «айт, шулеп» ойнап жүр екен. Алдына келіп дауларын баяндаған соң бала:

- Түлкі арлан болса, сенікі, – дейді, «қырдан қуып келіп індеттім» деген жігітке.

- Ұрғашы болса сенікі, – дейді «жер менікі» деген жігітке. Баланың бұл билігіне түсінбей әлгілер әкесіне қайтып келеді. – Балаңыздың сөзіне түсінбедік…

- Тәлежан төресін дұрыс берген екен, – дейді Әлібек би. – Түлкінің ұланын тұз сақтайды, ұрғашысын ін сақтайды. Түлкі еркек болса, сенікі, сенің қырдан куып келіп індеткенің рас, түлкі саған тиеді, ал ұрғашы болса, жер иесі саған тиеді. (4)

Төле бидің даналығы, шешендік тапқыр сөздері, мақал-мәтел, нақылдары ел арасына мол таралған. Төле бидің өмірі, ел басқарудағы қызметі, ол айтып кеткен билік сөздер жөнінде кезінде Шоқан Уәлиханов, Россияның А. Левшин, Г. Потанин, А. Диваев және совет дәуірінде Б. Адамбаев, Ә. Мәметова, М. Қалдыбаев және осы еңбектің авторы, т.б. фольклоршы, тарихшылар да жинастырып, зерттеген. Қазақстанның мемлекеттік архиві мен Ғылым академиясындағы қолжазбалар қорында ел арасынан жинақталған мате- риалдар да баршылық. Халық аузында хатқа түспеген, жинала қоймаған Төле би мұралары әлі де аз емес. Оларды мұқият жинастырып, зерттеу, кітап етіп халықтың өзіне қайта ұсыну болашақ міндетіміз.

Төле би бабамыздың зираты Ташкент қаласында. Төле би Шымкент, Түркістан және Ташкент қалаларында көпшілік пайдаланатын ғимараттар салу ісіне белсене араласқан. Төле би халық арасында “Қарлығаш әулие”, “Қарлығаш би” деген атпен танымал. Оның бұлай аталуы жайлы да аңыз сақталған. Төле би Ташкенттегі Шайқантәуір зиратына жерленген. Қабірі Бабырдың нағашы атасы Жүніс хан мазарының қасында. Төле би қабіріне кесене салынған. Ғибратты ғұмыр кешкен бидің жарқын бейнесіне көптеген ақын мен жыраулар оралып, оның даналығын шығармаларына арқау етіп отырды. Өткен дәуірлерде А.Левшин, П.Маковецкий, Л.Баллюзек секілді, т.б. орыс зерттеушілері өз еңбектерінде Төле би есіміне ілтипат білдіріп, құрмет тұта атап өтті. Әр кезде Мәшїүр Жүсіп Көпеев, Шәкерім Құдайбердіұлы, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов, Б.Адамбаев, Н.Төреқұлов, т.б. (5)

Төле биге байланысты әр тараптағы зерттеулері мен ой-қорытындыларын жариялады. Жамбыл облысында Төле би есімімен аталатын елді мекен бар. Оңтүстік Қазақстан облысында бір ауданға Төле би есімі берілген. Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан облысында және Астана қаласында Төле биге ескерткіш қойылған. Алматыда, Шымкентте және бірқатар елді мекендерде Төле би есімімен аталатын көшелер бар. (6)

Би –халықтың көкейіндегісін айтқан, көмейіндегісін жарыққа шығарған әділет жоқшысы.

Биді байлық та, барлық та жасай алмаған. Би тұғырына топты жарып, таразы басын тең ұстап, әділін, қара қылды қақ жарып айтқан кісі көтерілген. Би –табиғи дарын, асыл текті ақыл, арғыны көре білген көсем, ақпа-төкпе шешен.

Жақсы мен жаманды, жақын мен алысты, қымбат пен арзанды, қиын мен жеңілді алға тартады. «Тілмен түйгенді, тіспен шеше алмас» деген тұжырым жасаған Төле би бабамыздың қай уақытта да орны ерекше.














































Пайдаланылған әдебиеттер:


  1. Г.Қосымова, Қазақ шешендік өнері негіздері, Алматы «Білім», 2003 ж, 9-10 беттер

  2. Елтұтқа. Астана, 2001 ж., 241-243 беттер.

  3. .“ Қазақ әдебиеті. Энциклопедиялық анықтамалық. – Алматы: «Аруна Ltd.» ЖШС, 2010ж., 34-36 беттер

  4. Сөз мәйегі. Қазақ энциклопедиясы -2007 ж., 42-43 беттер.

  5. Т.Кәкішев, Билер сөзі –Алматы, 1992 ж, 3-бет.

  6. Тарихи тұлғалар. Танымдық – көпшілік басылым. Мектеп жасындағы оқушылар мен көпшілікке арналған. Құрастырушы: Тоғысбаев Б. Сужикова А. – Алматы. “Алматыкітап баспасы”, 2009 ж, 50-54 беттер.

  7. Төле би, Алматы -2001 ж., 13-15 беттер




Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!