400 000+ дайын материалды
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
ҚМЖ, БЖБ, ТЖБ, презентациялар және авторлық материалдар
4 990₸/ 1 жыл
🔥Арнайы баға ·10.12.2026 дейін
Одан кейін - 29 990 ₸
Бір рет төлейсіз · Автотөлем жоқ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

Төлен Әбдікұлы шығармаларындағы постмодернизм көрінісі

Материал туралы қысқаша түсінік
Материал бүгінгі таңда "қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығы бойынша сабақ беретін мұғалімдерге ғылыми бағытта жұмыс жасауына үлкен көмек береді. Сонымен қоса кітапхана саласында жұмыс жасайтын мамандарға да таптырмайтын мәлімет.
Материалдың қысқаша нұсқасы

Жазушы Төлен Әбіков шығармаларындағы постмодернизм көрінісі


Т.Әбдіков шығармашылығында екіұдайлық мәселесі алғаш рет «Оң қол» әңгімесінде көрініс тапты. Шығарманың негізгі кейіпкері Алманың бойында әлдебір мүлгіген құпия тылсым күштердің қақтығысын көреміз. Бір адамның бойындағы екі әлем, екі «мені» - екі қолы өзара мәмілеге келе алмай, бір-біріне жаулық күй кешеді. Бір тұлғаның бойында тоқайласқан қарсы екі күштің, оң қолы мен сол қолының арпалысын суреттеу жазушыға өмір құбылысындағы қарама-қайшылықты нақтырақ, көркем суреттеуге мүмкіндік берген. Шығармада Алма арғы аталарының бірінде іске аспай қалған өзін-өзі өлтіру идеясының құрбаны болады. Жүзеге аспаған жаман ойдың айналып келіп жас қыздың бойында ояну арқылы қаламгер адамның ішкі ой әлеміндегі жауапкершілік мәселесін қаузайды. Жазушы концепциясында адам рухани кемелдікке жасаған әрбір ісімен ғана емес, ішкі ойының тазалығымен де ұмтылуы тиіс екендігін дәлелдеуге тырысады.

«Оң қол» әңгімесіндегі Алма ішіндегі тартыстың терең себеп-салдары егжей-тегжейлі баяндалып, жан-жақты ашылмаған күйі қалады. Жазушының «Парасат майданы» повесінде осы идея жаңа қырынан көрінеді. Кез келген жамандық алдымен адам санасында идея түрінде туып, жүзеге асады. Адамның ішкі ойының тазалығы, жақсылықтың жеңісіне, ізгілікке деген сенімі шығармада басты рөл атқарады.

Тұлғаның екіге жарылып, бір адамның ішіндегі ізгілік пен зұлымдық бастаулары өзара ымыраға келе алмай, тартыстың жеке тұлғаның ішіне түсуі әдебиетте бұрыннан бар құбылыс. Өткен мен келешектің арасындағы қас-қағым сәтте толқыған адамның эмоционалдық көңіл-күйі осы екі бастаудың біріне ерік беріп, соның нәтижесінде тартыс туындайды. Лермонтовтың шығармаларында кейіпкер екіге жарылып, бір жанның бойындағы екі пиғылдың қақтығысы кездеседі. Достоевскийдің кейіпкерлері өз ішіндегі ойы бөтен тұлғамен айтысып, сөз таластырып, іштей егеске түседі. Тартыс ұлғая келе шығарманың негізгі арқауына айналады.

XX ғасыр басындағы М.Әуезов шығармаларынан да кейіпкерлердің екіұдай күйін байқаймыз. Ол 1917 жылғы 5-қыркүйекте «Адамдық негізі – әйел» деген атпен «Сарыарқа» газетінде басылған тұңғыш мақаласында: «Адамда екі түрлі қылықтың жолы бар: бірі – тіршіліктің қамы, бірі – адамшылық жолы. Барша дүниедегі пайда-мақтан әуел басыма болса, немесе туысқаныма, ең болмаса аталасыма болса деп неғұрлым өзіне қарай тартып талап қылу, бұл бір ғана тіршілік қамын көздеген хайуани салахият деп айтылады. Екінші, менен жақсылық тарап, адам баласына өлім келгенше пайдамды тигізсем екендеген жол. Бұл – инсаният, яғни, адамдық жолы [1 – 5 б.]», - деп жазады.

Кейіпкерлердің екіге жарылу мәселесі 70 жылдардан бастап қазіргі қазақ прозасында да заңды жалғасын тапты. О.Бөкейдің рухани сергелдеңге түскен, мазасыз, әлденені іздеумен жүретін сезімтал, қияли кейіпкерлері, сондай-ақ Т.Әбдіктің «Оң қол», «Парасат майданы» шығармаларындағы екіұдай сезім кешкен «сырқат» тұлғалары хақында да осыны айтуға болады.

Т.Әбдіковтің «Оң қол», «Ақиқат» шығармаларында модернизммен синтезге түскен, трансформацияланған романтизмді көреміз. Модернизм белгілері – жазушының барынша ашық және еркін түрде өзін-өзі ашуы, көркем тілді барынша жаңартуға, жаңаша түлетуге ұмтылысы, өзіне жақын нақтылықтан гөрі алыс тұрған универсалды, мәдени-тарихи дүниеге назар аударуы. Осы қасиеттерімен модернизм классикалық реализмнен гөрі романтизмге анағұрлым жақын тұрады.«В модернизме, унаследовавшем от романтизма, художник страдает от конфликта мира идеального и мира реального [2– 7.]», - деп жазады Нагорная Н.А.

Қазіргі қазақ әдебиетінде барлық көркемдік әдістердің танымдық тұрғылары қым-қиғаш араласқан. Кеше ғана бір зерттеу еңбектерінде «романтикалық» деп аталаған шығармалар бүгінде қайтадан «постмодернистік ыңғайдағы туындылар» қатарында аталады. Модернизм мәдениет типі ретінде XX ғасырдың көркемдік процесіне зор ықпал етті. Ол рухани құндылықтардың бүкіл жүйесіне ревизия жасады, қатып-семген түсініктер мен қалыптардан бас тартып, көркемдік сананың жаңаруына қарқынды импульс берді. Бұл турасында Н.П.Лейдерман: «Коллосальным завоеванием именно модернизма стало то, что романтически отталкиваясь от эмпирической практики повседневного существования, он придал миру человеческого духа статус самоценной высшей бытийственной реальности. Воздействие модернизма на художественное развитие в XX веке широко и многосторонне, он привлекал художников практически в течение всего столетия [3 - 15б.]», - деп жазады.

Т.Әбдіковтің екіұдайылық принципіне құрылған «Парасат майданы» шығармасы қазақ прозасында бұрын-соңды болмаған тақырыбы мен сюжеттік желісінің сонылығымен ерекшеленеді. Повесть стиліндегі көркемдік жаңалық бірден көзге түседі. Оқиға кейіпкердің құпия сыры сақталған күнделігі арқылы баяндалады. Әлемдік әдебиет пен философияны тереңінен зерделеген парасат-пайым, әлеуеметтік қайшылықтардың астарын тап басқан өмірлік тәжірибе, ең бастысы, аса талантты суреткерлік қарым шығармадан айқын аңғарылады.

Повесть кейіпкерінің нақты аты жоқ, тек жалпылама есіммен аталған. Шығармаға кіріспе ретінде берілген автордың алғы сөзі оқырманның қызығушылығын оятады. Шығарма композициясы да қызғылықты: күнделік пен кейіпкердің өзіне-өзі жазған хаттар формасында өрбиді. Қым-қуыт сюжеттік желіні немесе ұзын-сонар баяндауды көрмейміз, тартыс жеке адамның басында өтеді. Жазушы оқиғаны баяндауды кейіпкердің өзіне беріп, ол ақталу түрінде өз әрекетін өзі әшкерелейді. Шығармада бейнелеу тәсілінің контраст, драматизм, әсірелеу формалары жиі кездеседі.

Бұл повесте де жазушы шығармашылығындағы негізгі тақырып – рухани кемелдену мәселесі. Адамның рухани тұрғыдан жаңа деңгейге көтерілуі, тазаруы, рухани кемелдікке жетуі көне заманнан бері көптеген ойшылдарды толғандырып келген мәселе. Тәндік қажеттіліктерді жеңу арқылы жаңа рухани деңгейге көтерілу, әулиелік сипатқа ие болу – көптеген діни-философиялық мектептердің көтерген өзекті тақырыбы. Л.Н.Толстойдың кейінгі жазылған шығармаларының барлығы дерлік осы мәселеге арналған. Көркемдік концепциясы адамды рухани жетілдіруге бағытталған «Сергий әкей», «Крейцер сонатасы», «Шайтан», т.б. туындылары кейіпкердің өз нәпсісімен, іштегі шайтанымен арпалысқан тартысына құрылған.

«Жүректің көзі ашылса,

Хақтықтың түсер сәулесі.

Іштегі кірді қашырса,

Адамның хикмет кеудесі», - деп жырлаған Абайдың өлеңдерінде де рухани жетілу, жүректің түбіне терең бойлап, өз бойыңдағы мініңмен күресу мәселесі жан-жақты пайымдалған.

«Парасат майданы» повесі – жазушының дүниетанымдық, эстетикалық терең ізденістерін айғақтайтын күрделі ойлы шығармасы. Автор назары, тұжырымдамасы, шеберлігі дүние туралы қаламгердің эстетикалық моделін құрайды.

Жазушы концепциясы бойынша, ол адамның өзіне-өзі үңіліп, ішкі ойы мен іс-әрекетін тазарту, нәпсісін тыю, осы кезге дейін қалыптасқан адамгершілік қағидаттарын орындау. Рухани кемел адам өз бойындағы мінімен күресте жеңіске жетуі тиіс. Өзіне өзі есеп беріп, іштегі жаман ойларымен, әдет-қылықтарымен, бойындағы кемшілікерімен күресуі керек. Адамдардың барлығы жауды сырттан іздейді, солармен жаға жыртысып, кектеніп өмірін өткізеді. Шын мәнінде, әр адамның жауы өз ішінде отыр, тек рухани кемелдікке ұмтылған адам ғана сол іштегі дұшпанды тап басып танып, сонымен ашық айқасқа шыға алады. Өз «меніне», өз бойындағы зұлымдық бастауларына қарсы парасат майданын ашады. Повестің көтерген рухани-әлеуметтік жүгі осындай.

Қаламгер рухани кемелділік мәселесін адам бостандығымен тығыз байланыстырады. Шын бостандыққа рухани кемелдену арқылы ғана қол жеткізуге болатынын ескертеді. Шығармада адам бостандығы туралы кереғар екі көзқарастың қақтығысын көреміз. Бейтаныс құрбы адам санасына рухани шексіз бостандық, ақыл мен ойдың азаттығы керек, адам бақытына кедергі келтіретін ескі ұғымдардан арылу қажет деп есептейді. Күнделік иесінің пікірінше, ойыңа не келсе, соны істеу, қалыптасқан белгілі бір қағидаға бағынбау бостандық емес. Бостандық адамның өзінің ішінде, санасында. Ол – ар-ұятыңның тазалығын сақтау. Ақыл-ойды ауыздықтап, ойыңа не келсе, соны істесең, ібілістің жетегінде кетесің де, азғындықтың, рухани күйреудің құрбаны боласың.

«Болмасаң да ұқсап бағуды» діттейтін рухани кемелділікке ұмтылыстың өзі – рухани ерлік. «Өз мінің мен қателігіңді» мойындаудан қорықпау, өзгеге қаталдық емес (одан оңай не бар), өзіңе қаталдық көрсете білу, өзіңді жазалай білу, қысқасы, ең алдымен өзіңді жеңе білу – мұның бәрі ерлікке жатпай ма?» - деп толғанады Күнделік иесі.

Жазушы қоғамдағы рухани дерттердің қалыпты құбылысқа айналғанына алаңдайды. Автор тұжырымдамасында, рухани дерттің жанында дене дерті түк емес. Дене дертінің зияны тек адамның өзіне ғана тиеді, ал рухани дерттің кеселінен тұтастай қоғам зардап шегеді. Бүгінгі әлеуметтік мінез-құлық: өзінен басқаның бәрін иттің етінен жек көретін өлермен өзімшілдік, жексұрын мақтаншақтық, жаны ашымас қатігездік, мейірімсіздік, іштарлық – патология емес пе? [4 – 182 б.]» - деген жолдардан тек автордың өзін ғана емес, бүкіл адамзат баласын толғандырған сауалдардың жатқанын аңғарамыз. Шығармадан бәріміз күнделікті көріп, араласып жүрген жандардың арасында сырттай жұртқа сыйлы, беделді кісі көріне жүріп, қылмысқа толы тағы бір жасырын өмір кешкен, екіұдай тұлғалардың да тіршілігін аңғарамыз.

Күнделік иесі де романтик Мағжанның «Сұм абақты ғой саналыға» деген жыр жолын өзіне серік етеді. Арсыздық пен әділетсіздікке, өтірікке еті үйрену, соны дағдыға айналдыру – қауіпті құбылыс. Жалған дүниеде қаншама пенделер осы кепті киіп, оған мойынсұнды. Қоғамда болып жатқан рухани күйреудің нышандары соған көндігіп, еті өліп кеткен жандарға әсер етпеуі де мүмкін.

Повесть кейіпкері жалпы адамзаттық құндылықтарды ойлап, адамзат тағдырының келешегі туралы толғанады. Бүкіл әлемнің рухани тұрғыдан жетілуін, кемелденуін тілейді. Адам ғұмырының мәңгі еместігін, материалдық дүниенің өткіншілігін мойындай отырып, кейіпкер рухани дүниенің, «парасат биігінің, тіршіліктің мәніне айналған әулие қасиеттердің» жоғалып кету мүмкіндігіне сенбейді.

Т.Әбдіковтың шығармасында өмірдің өзінде тамыр тартып жатқан мәңгілік трагедиялық қайшылықтарды бейнелеу тәсілі болған романтикалық контраст поэтикасы сүбелі орын алған. Повесть кейіпкерінің бір басында екі дауыс, екі адам бұғып отыр: ол Күнделік иесі мен Бейтаныс құрбы. Жаны таза, рухани кемел Күнделік иесі әділдікті, адамгершілікті, имандылықты жақтайды, жақсылыққа сенеді, адамдардың рухани азуына наразы. Ал Бейтаныс құрбы өмірде ізгілік пен жамандықта қарсы қоймай, жамандықтың да қажетке жарайтын тұсы бар деген қағиданы ұстанады. Өз өзімен айтысқа түскен кейіпкердің адамзаттың рухани даму бағдары туралы толғамдары ой тереңдігімен, логикасының мықтылығымен ерекшеленеді. Повесте сюжет негізгі қызмет атқармайды, негізгі конфликт адам болмысының қиын да күрделі рухани мәселелерін шешуге талпынған кейіпкердің ішкі коллизиясында дамиды. Шығармадағы ерекшелік – тартыстың адам мен басқа адамдардың қарым-қатынасына құрылмай, екіге жарылған, содан жапа шеккен жеке бір тұлғаның санасында дамуы.

Кейіпкердің зұлымдықты жырлаған француз ақыны Шарль Бодлердің «Зұлымдық гүлдерін» құныға оқуында сыр бар. Ш.Бодлер өмір сүрген кезеңде әдебиетте романтикалық поэтикалық идея үстемдік етті. Оның басты ерекшелігі – екіұдайылық, антитеза, мұрат (идеал) пен болмыс арасындағы қарама-қайшылық еді. Ш.Бодлер Ұлы ұқсастықтар заңына жаңа мазмұн берді. Оның негізгі көркемдік тәсілі антитеза емес, қарама-қарсылықтарды өзара теңгеру, ұқсастыру, сабақтастыру болатын. Бодлер үшін жамандық дегеніміз жақсылық және керісінше, өмір дегеніміз өлім және керісінше, ізгілік дегеніміз зұлымдық және керісінше, тазалық дегеніміз күнәһарлық және керісінше – яғни, шын мәнінде «төменде не тұрса, ол жоғарыдағыға ұқсас [5 – 285 б.]».

Шығармада қазіргі қоғамдағы жақсы мен жаман деген ұғымдардың араласып кеткені мен адамгершілік заңына қайшы келетін келеңсіз құбылыстар туралы батыл ой айтылады. Осынау қасіретті шындықты елден ерте ұғынған, өзіне күрес жариялаған бір адам шығып еді, ол да – ауру, қоғам үшін жынды, жарты ес. Повесте кейіпкердің есінен адасуы философиялық сипатқа ие. Жеке адамның басындағы қайшылық арқылы қоғамның рухани өміріндегі қайшылықтардың шынайы болмысы бейнеленеді. Жазушы өз шығармасына бітіспес қайшылық көзі - ақ пен қараның, жақсылық пен жамандықтың, әзгілік пен зұлымдықтың, жалған мен ақиқаттың, үміт пен күдіктің, өмір мен өлімнің арасындағы мәңгілік майданды, текетіресті темірқазық еткен. Шығарма кейіпкерінің бойындағы екіұдайылық – бүгінгі идеалынан айрылып, жар жағалаған қоғамның да қайшылық көзі.

Адам бойындағы тылсым арпалыстар адаам психикасындағы ұшы-қиырсыз ғажайыптар, адамгершілік, адалдық секілді тамаша қасиеттер мен пендешілік, арамзалық сияқты алпаууыт күштер майданы- Төлен Әбдіков шығармаларының негізгі сарыны. Қаламгердің қай туындысында болсын эстетикалық кемелдікке, әлеуметтік тереңдікке ұмтылысын байқаймыз. Қаламгер өзіне парасат майданын ашқан кейіпкерінің тағдыры арқылы адамдарды даойлануға шақырады, рухани тоқыраудан, қоғамдағы имансыздық, рухани жұтаңдық кеселдерінен сақтандырады. Повесть бір кейіпкердің ішкі әлемін таныту арқылы әркімнің өзін-өзі тануына жаңа серпін береді. Әдеби шығарманың негізгі мақсаты да- адамның өзін-өзі танып, өзін-өзі рухани жетілдіруіне ықпал ету.



Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. Әуезов М. Адамдық негізі – айел // Сарыарқа. – 1917, - 5 қыркүйек.

2. Нагорная Н.А. Сновидения в постмодернисткой прозе//Русская речь. – 2003: №3. – 14 б.

3. Лейдерман Н.Л., Липовецкий М.Н. Русская литература ХХ века (1950-1900): 2 т. – М.: Академия, 2008.

4. Әбдіков Т. Повестер мен әңгімелер. – Алматы: Жазушы, - 2004. – 320 б.

5. Луков В. История литературы. Зарубежная литература до истоков наших дней. – М.: Академия, 2008. – 350 б.




Материалды Word форматында жүктеп аласыз
Тарифке кіреді
2 ұстаз жүктеп алған
6 мамыр
851
Бұл материалды қолданушы жариялаған. UstazTilegi материалдың мазмұны мен авторлық құқықтарына жауап бермейді. Авторлық құқық бұзылған жағдайда шағым қалдыра аласыз
"Ұстаз" платформасында тіркелген пәндік олимпиадалар
Аттестацияға жарамды екенін көру үшін "Ұстаз" платформасында "Жарыстар, олимпиадалар тізімінен "Ustaz tilegi" деп іздесеңіз шығады
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Осы тақырыпта
көрнекілік керек па?
10 000 астам көрнекіліктерді жинап қойдық.
Көрнекілік бөліміне өтіп тақырыбын жазып жүктеп алыңыз!
Министірлікпен келісілген Аттестацияға жарамды курстар тізімі