жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
Тұңғыш қазақ басылымдары.
Павлодар педагогикалық университетінің 1-курс студенті
Даулетхан Мақсат
Тақырыбы: Тұңғыш қазақ басылымдары.
Аңдатпа: Бұл мақалада қазақ баспасөзінің дәлірек айтсақ, ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ баспасөзінің сипатына тарихи тұрғыдан тоқталып өттік. Бұл кезең қазақ баспасөзінің енді-енді ғана дүниеге келіп, халықтың арасына тарай бастаған кезеңі, әрі халықтың тар жол тайғақты кезеңі. Осындай аласапыран кезеңде халық тағдыры мен қоғам өмірінің шындығын бүкпесіз батыл жариялаған қазақ баспасөзінің қызметі орасан зор болды.
Аннотация: В данной статье мы сосредоточились на характере казахской печати, точнее казахской прессы второй половины 19 века и первой половины 20 века с исторической точки зрения. Этот период является периодом, когда казахская пресса только зародилась и начала распространяться в народе, и узким и скользким путем народа. В столь неспокойный период активность казахской печати, смело возвещавшей судьбы народа и реалии общественной жизни, была огромной.
Annotation: In this article, we focused on the nature of the Kazakh press, more precisely the Kazakh press of the second half of the 19th century and the first half of the 20th century from a historical point of view. This period is the period when the Kazakh press was just born and began to spread among the people, and along the narrow and slippery path of the people. In such a turbulent period, the activity of the Kazakh press, boldly proclaiming the fate of the people and the realities of public life, was enormous.
Түйінді сөздер: қазақ зиялылары, газет, журнал, жәдидшілдік.
Ключевые слова: казахская интеллигенция, газета, журнал, модернизм.
Key words: Kazakh intellectuals, newspaper, magazine, modernism.
Кіріспе.
Қазақ халқы XIX соңы мен XX ғасырдың басында жаңа тарихи кезеңдерге қадам басты. Алғашқы қазақ кітаптары, ұлттық баспасөз құралдары, жаңаша мектептер пайда болып, ұлттық қозғалыс қалыптасты. Ресей түркілері арасында жалпыласқан қоғамдық-cаяси және ағартушылық қозғалыс «Жәдитизімнен» қазақ қоғамы да қағыс қалмады. Қазақтар арасында да жәдиттік бағыттағы ағартушылық қозғалыс барынша өркен жайып, алаш идеясы өрістеді. Ұлтты ең алдымен ағартушылық һәм іскерлік жолға салу басты бағыт болды. Халықтың сана сезімі мен ұлттық мәдениетті көтере отырып теңдік пен еркіндікке жетуге тырысты. Бұл жолда,қазақтың тұңғыш баспасөздерінің атқарған міндеті өте пайдалы болды.«Халықтың қай дәреже алға кеткендігі халық арасында таралған газет, журнал һәм кітаптарынан білінеді» – деп, «Айқап» журналының (1911-1915) тұңғыш санында журналды шығарушы Мұхаметжан Сералин айтқандай немесе, «Əуелі, газет - халықтың көзі, құлағы һəм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, халыққа газет сондай керек. Газеті жоқ жұрт басқа газеті бар жұрттардың қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды... Екіншіден, газет - жұртқа қызмет ететін нəрсе, олай болатын мəнісі жұрттың білімді, пікірлі, көргені көп көсемдері, оқығаны көп адамдары газет арқылы халықтың алдына түсіп, жол көрсетіп, жөн сілтеп, басшылық айтып тұрады. Үшіншіден, газет - халыққа білім таратушы. Олай дейтініміз, газеттен жұрт естімегенін естіп, білмегенін біліп, бірте-бірте білімі молайып, зейіні өсіп, пікірі ашылып, парасаты жетіспекші. Төртіншіден, газет - халықтың даушысы. «Жұртым» деп халықтың арын арлап, зарын зарлап, намысын жоқтайтын азаматтары газет арқылы халықтың сөзін сөйлеп, пайдасын қорғап, зарарына қарсы тұрып, қарғаға көзін шұқытпасқа тырысады» – деп, «Қазақ» газетінің (1913-1918) алғашқы санында Ахмет Байтұрсынұлының жазғанындай, ұлтты ағарту, ұлтты ұйыстыру бағытындағы заманауи қазақ әдебиетінің және журнал газеттердің қазақ санасын жаңғыртудағы рөлі күшті болды.
XIX ҒАСЫРДЫҢ II ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН БАСПАСӨЗІНІҢ ДАМУЫ
Қазақ жері ғасырлар бойы шектес мемлекеттердің шабуыл нысанасына айналып келгендіктен XVIII ғасырдың алғашқы жартысында қазақтардың бір бөлігі патшалы Ресейдің қол астына кіріп, бағынуға мәжбүр болғандығы тарихтан белгілі.
Осы кезеңнен бастап, Ресейде болған әлеуметтік өзгерістердің қазақтарға тигізген әсері мол болды.Патша үкіметінің отарлық саясаты, Әр жүздегі Қазақ хандықтарын жою, қазақ халқының мүмкіндігін шектеу сынды себептермен қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан тарихы жоққа шығарылды. Халық көшпелі рулар мен тайпалардың жиынтығы болғандықтан олардың мәдениеті мен әдебиеті ауызға алғысыз», -деп көрсетілді. Осыдан барып, орыстар өздерін басқаларға «Аға халықпыз» деп мойындатуға тырысты. Қазақ халқының осылайша бұрмаланып келген ғасырлар бойғы тарихының сыр - сипатын тек бүгінгі дербес ел болған таңда ғана ашық айтуға мүмкіндік туды.
XX ғасырдың басы - қазақ халқының тарихында бүкіл қоғамдық ой - пікірдің өрлеуіне мүмкіндік туып, Ресей патшалығы әдейі тұмшалаған ұлттық сананың ояну дәуіріне жол ашқан кезең. Ендеше, осы тұста ұлттық сананың ең өнімді саласы - әдебиеттің қоғамдық сананың көрсеткіші - баспасөздің күрт алға басуы заңды нәрсе. Бұл кезеңде Абайдың жалғасы Шәкәрім шығармашылығы өзінің шырқау биігіне көтерілсе, Міржақып, Ғушар, Сұлтанмахмұт, Мағжан тәрізді алыптар әдебиет айдынына шығып, көркемдік сипатты соны дүниелері арқылы әдебиетіміздің жазба түрін жаңа белестерге көтерді. Сонымен қатар XX ғасырдың бас кезі қазақ өміріндегі азаттық жолындағы күрестің, яғни, саяси әлеуметтік қозғалыстың дамып, құлаш жая бастаған тұсы болып табылады. Мұның себебі, Ресей самодержавиесындағы жалпы қоғамдық ой - сананың дамуында бостандық идеясы билеп алған 1905 жылғы революцияның түпкір-түпкірге жеткен сарынынан еді.
ҚАЗАҚ БАСПАСӨЗІН ДАМЫТУДАҒЫ ОРЫС БАСПАСӨЗІНІҢ ӘСЕРІ.
Қазақстанның Ресейге қосылу нәтижесінде орыс пен қазақ халықтарының алдыңғы қатарлы өкілдері арасында рухани жағынан да достық қарым - қатынастар орнады. Революциядан бұрынғы кездің өзінде демократияшыл орыс интеллегенциясының аса көрнекті қайраткерлерінің Ресейдің барлық халықтарының алдыңғы қатарлы өкілдерімен тығыз байланысты болғаны, ұлттық езгіге қарсы белсенді күрес жүргізгені, әр түрлі ұлттар мен халықтардың мәдениетін дамытуға игі әсер еткені мәлім.
Қазақстанға Орталық Ресейден орыс шаруаларының көшіп келіп орналасуының зор маңызы болды.
Орыстың ұлы ағартушыларының демократияшыл дәстүрінен үлгі - өнеге ала отырып, олар қазақ халқының жарқын болашағы үшін күресті, феодалдық - патриархалдықтың сарқыншақтарына қарсы шықты, ұлы орыс халқымен дос болу, оның озат мәдениетінен үйрену идеясын қызу насихаттады. Азаттық жолындағы қозғалыста орыстың алдыңғы қатарлы жазушылары мен аса көрнекті публицистері баспасөзді күрес құралы етті. Мысалы, 1836 жылы А.С.Пушкин ұйымдастырған «Современник» журналын алпысыншы жылдары А.Г.Чернышевский мен Н.Л.Добролюбов басқарып, оны шаруалар революциясы идеясын насихаттайтын айбынды органға айналдырды. Қазақ ағартушылары алдыңғы қатарлы орыс баспасөзінің тамаша дәстүрлерінен үлгі - өнеге ала отырып, қазақтың бұқарашыл публицистикасы мен журналистиканың негізін қалады.
XIX ҒАСЫРДЫҢ II ЖАРТЫСЫ МЕН XX ҒАСЫРДЫҢ I ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН БАСПАСӨЗІ
Қазақ баспасөз тарихының бастауы XIX ғасырдың екінші жартысында Ташкентте шыққан «Түркістан уалаяты» газеті (1870-1882) мен Омбыдан шығып тұрған «Дала уалаяты» газетінен (1888-1902) бастау алады.
“Түркістан уалаятының газеті"(“Туркестанская туземная газета”) 1870 жылы Ташкент қаласында өзбек, қазақ тілдерінде шыға бастады. Газет о баста Түркістан генерал – губернаторының органы – “Туркестанские ведомоти” газетіне қосымша ретінде жарық көрсе де көп ұзамай жеке газетке айналды. Бұл жалпы Орта Азия халықтарының тұңғыш газеті еді. Газет өзінің үкімет бекітіп берген бағдарламасы бойынша жергілікті халықтарға қатысты Түркістан генерал – губернаторы мен облыстық әскери губернатордың бұйрықтарын, сот орындарының шешімдері мен сауда хабарларын Ресей мен өзге мемлекеттердегі ірі – ірі оқиғаларды, шаруашылық жаңалықтарын жазып отырды. Алайда газет бара - бара өз бағдарламасынан едәуір тысқары шығып, қазақ халқының мәдениетіне, тарихына, әдебиетіне қатысты материалдарды жиі жариялады.
«Серке» газеті 1905-01907 жылдарда Ресейде болған бірінші революция екпінімен шыққан баспасөз түрінің бірі. «Серке» газеті 1907 жылы қазақ оқушыларына арналып, Петербургте шығып тұрған. «Улфат» газетіне қосымша ретінде Шәймерден Қосшығұловтың басқаруымен Хажы Ибрагимовтың редакторлығымен шыққан. «Серке» газетінің шығуы туралыы 1911 жылы Мұхаметжан Сералиннің оқушыларға арнап жазған бір мақласында: «1907 жылы 2- мемлекеттік думаның мүшесі Шаһмардан Қосшығұловтың, ілтипатымен Петербургта «Серке», атты журнал шыға бастаған еді, ұзаққа бармай, үкімет тарапынан тоқтатылды”, - дейді.
«Айқап» журналы (1911-1915). 1911 жылы 10 қаңтар Троицк қаласында қазақтың тұңғыш журналы «Айқаптың» алғашқы саны шықты. Атауы туралы журналдың басқарушы һәм бастырушысы Мұхметжан Сералин бас мақаласында: «Журналымызға «Айқап» деп есім бердік. Бұл сөзге түсінгенде болар, түсінбегенде табылар. Біздің қазақтың «Айқап» демейтұғын қай ісі бар?! ...«Қап» дегізген қапияда өткен істеріміз көп болған соң жорналымыз да өкінішке лайық «Айқап» болды» деп, журналды шығару үшін қаламға жармасқанын, мақсаты атақ шығарып білім сату емес екенін атап өтеді. Журналдың соңғы бетінде қазақ жұртына журналға жазылу және қолдау туралы үндеуі басылды. «Жеті облысты мекен еткен қазақ халқы үшін тым болмаса бір журнал шығару тиіс екендігін әр кім білсе керек.
Журнал қазақ кітаптары мен оқулықтары туралы жарнама һәм түсініктемелер беріп отырды. Олардың қатарында: «Қырық мысал», «Оян қазақ», «Әлфба төте оқу», «Көкселдір», «Әдебиет өрнегі», «Бақытсыз Жамал», «Көркінді бала һәм үлгілі ана», «Топ жарған», «Иман һәм намаз», «Пайғамбар заманы», «Қазақ шежіресі» т.б. кітаптар кездеседі.
«Айқаптың» жалпы 88 нөмері жарық көрді. 1911 жылы 12 саны, 1912 жылы 14 саны, 1913 жылы 24 саны, 1914 жылы 24 саны, 1915 жылы 14 саны толық шықты.Баспахана бағасының көтерілуі һәм жазылушылар саны азайған себепті журнал 1915 жылдың 28 тамыз №14 санынын бастап тоқтатылды. «Айқап» журналы өз кезегінде ұлтты ұйысуға бағатталған ең басты – жер, тіл, дін, әділ сайлау, әйел теңдігігі сияқты мәселелерге баса назар аударды. Оқу, жаңаша мектеп ашу мәселелерін барынша көтеруге тырысты.
«Қазақ» газеті (1913-1915). 1913 жылы 2 ақпанда Орынбор қаласында қазақтың алғашқы жалпыұлыттық газеті «Қазақ газеті» шықты. «Қазақ» газеті 1918 жылға дейін шығып тұрды. 1917 жылдан бастап «Қазақ» газетінің ізін басып Семейден – «Сары Арқа», Ташкенттен – «Бірлік туы», Ордадан – «Ұран» газеттері шықса, 1918 жылы Семейден – «Абай» журналы, Петропавлдан – «Жас Азамат» газеттері іркес-тіркес жарық көрді.
«Қазақ» газетінің алғашқы 40 санын Мұстафа Оразаев бастырса, 41 санынан бастап «Азамат серіктігі» бастырды. Ахмет Байтұрсынұлы – 231; Міржақып Дулатұлы – 33; Жанұзақ Жәнібекұлы – 2 санын шығарды. «Қазақ газетінің» жалпы 266 нөмері жарық көрді. 1915 жылдан бастап жетісіне екі мәрте, жыл ортасында қайтадан бір мәртеден басылды. Соңғы №266 саны – 1918 жылы 26 қыркүйекте жарық көрді.
«Қазақ» газеті және оның ізбасар басылымдары туралы Тұрар Рысқұлұлы өз еңбегінде былай жазады: «1913 ынші жылдан 1916 ыншы жылға шейін қазақтың ұлтшыл оқығандарының қозғалысы едәуір күшейді, олардың қала сайын үйірмелері, ұйымдары болады. Феврал төңкерісінен кейін қазақтың осы ұлтшыл оқығандары «Алаш» атты саясат партиясын жасайды да, «Қазақ» осы «Алаш» партиясының орталық газеті болады. Осы кезде «Қазақ газетінен» басқа да қазақ тілде газет, журналдар шыға бастайды. Мәселен Семейде «Сарыарқа» газеті мен «Абай» журналы, Ташкенде «Бірлік туы» газеті (бұл «Алаш Орда»ның Түркістан бөлімінің газеті еді» мұны бастап шығарған Шоқай ұлы Мұстафа), Аштараханда «Ұран» газеті, Қызылжарда «Жас Азамат» газеті. Бұл газет, журналдардың бәрі де «Қазақ» газетінің бағытын ұстап, соның жергілікті бөлімдері есебінде болды» («Қазақстан». Ырысқұлұлы Тұрар. Қызылорда. Қазақстан мемлекет баспасы. 1927. 40 б).
«Сарыарқа» газеті (1917-1919). Семей қаласында «Алаш» баспаханасында басылды. Алғашқы сандарын Райымжан Марсеков шығарды. Одан кейін Халел Ғаббасов пен Имам Әлімбеков кезектесіп шығарды. Газеттің кей сандарында шығарушы ретінде – Әлихан Бөкейхан есімі көрсетілген (№45 - №47 сандары). 1919 жылдардан қазір бізге жеткен №75 - № 88 сандарын Шенже Керейбаев шағарды. Газеттің 1917 жылғы сандары жеке кітап болып басылды.
«Бірлік туы» газеті (1917-1918). Ташкент қаласында шығып тұрды. Газеттің алғашқы сандарын Мұстафа Шоқаев шығарған болса, одан кейінгі сандарын Хайредин Болғанбаев (№6-№16) пен Сұлтанбек Қожанов (№17-№29) шығарып тұрды. Газеттің 29 саны ғана табылып отыр. Табылған сандары жинақталып, жеке кітап ретінде баспадан шығады.
«Ұран» газеті (1917-1918). Ордада шығып тұрған басылым. Алғашқы саны 1917 жылы 28 шілдеде жарық көрген. Шығарушы: Ғабдулғазиз Мұсағалиев, бастырушы: мұсылман бюросы болды. Жалпы 40 жуық саны шығып барып тоқтады. 1918 жылы 28 шілдеде №38 саны шыққаны белгілі. 1918 жылы 17 қарашада «Ұранның» орнына «Хабар-Известия» деген болшевиктердің екітілді газеті шыға бастайды. Газеттің кей сандары жинақталып, жеке кітап болып басылды.
«Абай» журналы (1918). Абайға арнап шығарылған алғашқы басылым. Абай есімін ұрпақ санасында сақтау, еңбектерін нәсихаттау бағытында жасалған шаруаның бірі – «Абай» журналының (1918) шығарылуы еді.
Жүсіпбек Аймауытов «Журнал туралы» бас мақаласында:«Өнер, ғылым қаражатпен табылады.Өнер, ғылым қаражат табады. Қаражат жан асырайды. ...ғылым білімге қонады, білімсіз ғылым сыңар жақ. Ғылым біліміді ұлғайтады, ғылымсыз білім тым құрғақ. (Алаш көсемсөзі: 10 томдық. – Алматы: «Өнер», 2011. 8-кітап: Абай. 384 бет. 19 б). Осылайша «Абай» журналы халықты өнер-білім игеруге шақырып, ағарту жұмысымен айналысты.«Сарыарқа» газетінің №77 санында журналдың алушылары мен уақытша жабылғаны туралы айтылады. ««Абай»да 900 дей алушы бар. «Абай» бір жола жабылған жоқ. Есебі біткенше жалпы жиылысы болғанша тағы сол сияқты себептер мен уақытша тоқтап тұр. Бастырушы уақ қарыз қауымы «Абайды» тоқтатбас. ...«Абай» шығарушы: Юсупбек Аймауытов». Семейден «Абай» журналын өзі арқылы алдыруға болатынын туралы хабарлама басылды. Көп ұзамай журнал жабылып, «Абай» қалай жабылды?» мақаласы жарияланды. «Өткен 1918 нші жылдың февралынан бастап, «Абай» журналы дүниеге шығып, 12 номері басылып, он ай өмір сүріп тоқтады («Сарыарқа». №81. 1919.) – деп, журналдың жабылу себебі қаржы-қаражат себебінен екенін жазады. Журналдың кейбір сандары жинақталып «Алаш көсемсөзі» онтомдығына кіргізілген.
«Жас Азамат» газеті (1918-1919). Петропавл қаласында шығып тұрған жастардың газеті. Қошмұхамед Кемеңгерұлы №1-№11 және №17- № 22 сандарын; Біләл Малдыбайұлы: №12-№16 сандарын шығарды. Қазақ жастарының алғашқы газетінің беташары «Жас тілек» деген бас мақаламен ашылды. Ұлттық мемлекет құрудағы жастардың ақ тілегі туралы: «Өмір тәжірибесінің, білім аздығының кемдігіне қарамай, төрт түлігі сайланбай, «Жас азамат» тәуекел кемесіне мініп, тұрмыстың таласатын, күресетін майданына шықты. ... «Жас азаматтың» алтын идеалы, әулие мақсұты, негізгі жолы – ұлт бостандығы, ұлт теңдігі» («Жас азамат». №1.1918). Газеттің үшінші санында Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» деген өлеңі басылып, жастарды ұлт үшін қызмет жасауға шақырады.
Жоғарыдағы аты аталған қазақ тілді басылымдардан өзге, солшыл бағытты ұстанған «Алаш» (1916-1917, Ташкен) және «Үш жүз» (1918, Петропавл) газеттерін атауға болады.
Мерзімді басылымдармен қатар қазақтың оқыған жастары қолжазба журналдар да шығарып тұрды. Бұлардың қатарында: Уфадағы «Ғалия» медересесінің жастары «Садақ» журналын (1915-1918), Омбыдағы қазақ жастары «Балапан» журналын (1915-1916), Алматыда «Садақ» жураналы (1917-1918), Петропавлдан «Жаңа заман» журналдардары (1917-1918) шыққанын атап өтуге болды.
Ресей және Қазақстан аумағында Азамат соғысы (1918-1920) аяқталып бүкіл елде болшевиктер билікті қолға алған соң, жер-жерде баспалар ретке келіп, ұлттық басылымдар қайта шыға бастады. Шығарушылар бұрынғы Алашорданың белді мүшелері болғандықтан, көпшілік газет-журналдардың идеялық бағыты ұлттық сипаттан ажырамады. Олардың қатарында Петропавлдан «Бостандық туы» (Мағжан Жұмабайұлы, Жанұзақ Жәнібекұлы), Семейден «Қазақ тілі» (Жүсіпбек Аймауытұлы, Мәннән Тұрғанбай), Қостанайдан «Ауыл» (Мұхаметжан Сералин), Ташкенттен «Ақжол» (Сұлтанбек Қожанұлы) газеттерін атауға болады. Көп ұзамай бұл басылымдар үкімет тарапынан шектеуге ұшырап жабылады немесе атауы өзгертіліп, шығарушылар ауысты.
Біз жоғарыда, ХХ ғасыр басындағы қазақ ұлттық баспасөзінің қалыптасуы тарихына, алғашқы журналдар мен газеттер тарихына қысқаша тоқталдық. Ғасырлық тарихы бар газет журналдардың өткеніне көз жүгірттік. Газет-журналдардың көпшілігі негізінен бүгінде Алматы қаласындағы Ұлттық кітапхананың сирек кітаптар мен қолжазбалар қорында сақтаулы. Кейбіреулері жеке кітап болып жинақталып шықты.
ҚОРЫТЫНДЫ
Қорыта келгенде, ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ баспасөзі – қазақ халқының қоғамдық - әлеуметтік ой – пікірін оятуға, мәдени - әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге едәуір әсер еткен рухани құрал қызметін атқарды.
Жалпы баспасөз атаулыға тән төл ерекшелік үгіт – насихат қызметін атқару барысында салмақтанады. Сондықтан да болар әр жылдары жарық көрген басылымдар – еліміз тарихының әр күні, айы мен жылының жылнамасы іспетті.
ПАЙДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР
1.Е. Тілешұлы, Д. Қамзабекұлы «Алаш қозғалысы» Алматы-2014 «Сардар» баспа үйі.
2.М. Х.Асылбеков / тарих, археология және этнография сериясы. – 1960. - №3. – 3 бет.
3.Асфендияров С. Иcтория Казахстана /Алматы 1991- .,225бет
4..Дала уалаяты. - №12. – 1894. – 4 бет./
5.Дала уалаятының газеті/Киргизская степная газета. / Дулатова.Д,.Шоқан тарихшысы 1976ж....,67 бет
6.Әбдіманов.Ө Қазақ газеті-Алматы 1993 ,163бет.
7. А. Жандосова Қазақстан тарихы «Мектеп баспасы» 2019ж.
шағым қалдыра аласыз



Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген