жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Түркі тілдерінің зерттелу тарихы, жіктелуі
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институты, Педагогика және филология факультеті, Қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының 4 курс студенті
Жандарбекқызы Арайлым
Тақырыбы: Түркі тілдерінің зерттелу тарихы, жіктелуі
Дүниежүзі бойынша əлемдік өркениетке өзіндік кескін-келбетімен келіп жеткен, оған өзіндік үлесін қосқан халықтар аса көп емес. Əлемдік өркениетке өзіне тəн табиғи бітім-болмысын сақтап келгендердің бірі – түркі тілдес халықтар.
Тамырын сан ғасырлық тарихтан алатын түркі халықтарының əлем келбеті мен бейнесін танып-түсінуі жəне оларды əр текті түрлі жанрда сомдауы олардың бізге мирас етіп қалдырған мəдени-əдеби мол мұрасынан айқын байқалады. Жəне осы дүниелер дүниежүзі халықтарының өзін-өзі танып-білуінде рухани азық, сарқылмас қазына болып келеді. Ол мұралардың көпшілігі түркі тілдес ру-тайпалардың əлі іргесі сөгілмеген, шаңырағы шайқалмаған біртұтас халық болған кезінде, сонау өткен ғасырлардың терең қойнауында қалыптасқан болатын.
Түркі тілдес халықтардың шығу тегінің, тарихы мен рухани мұраларының ортақтығы – оларға мына жаһандану заманында бір-бірлеріне жақындасып, рухани жаңаруларын, бірлесе отырып өз тарихының өткеніне терең үңіліп, өзін-өзі танып-білуін ғана қажет еткізіп отырған жоқ, оларға əлемдік өркениеттен өзінің орнын анықтауда да, біртұтас түркілік мəдениетті қалыптастырып, орнықтыруда да үлкен мүмкіншілік беріп отыр. Себебі қазіргі əлемдік бəсекелестік адамзат өркениетінің көшбасшысы немесе алдыңғы қатарлы елдерінің бірі болмасаң, із-түзсіз жоғалып, жойылып кететіндігіңді өзінің ғылыми-техникалық прогрессивті дамуымен үнемі ескертуде.
Əлбетте, əлемді танып-түсіну жəне ол туралы ұғым бүкіл халықтарға ортақ болып келетіні жəне ұлттық немесе жалпы адамзаттық құндылықтарға айналған сол рухани мұралар гуманистік қағидалардың сабақтастығы негізінде жасалатыны, сөйтіп, оның озық үлгілері əлемдік өркениеттен берік орын алатыны ақиқат. Ондай мұралардың көпшілігі əлемдік өркениеттің жетістіктерінің қатарына жатқанымен, ұлттың өзіндік сипаты болып, жалпы ұлттық, сосын жалпы түркілік өркениет пен түркілік ерекшелікті де нақтылады, бір негізден шыққан бірнеше түркілік ұлттың қалыптасып даму тарихына, олардың болашақ даму жолына жəне олардың өзіндік өркениетінің өрілуіне де негіз болды. Сонымен қатар түркі тілдес елдерге əлемдік өркениеттен елеулі орын иеленуде де маңызды рөл атқарды.
Түркі əлемі қазіргі жаһандану үдерісінің даму парадигмасы мен қазіргі əлем типологиясының қалыптасуына орасан зор рухани, ой-саналық яғни идеологиялық əсерін тигізді. Осы тұрғыдан алғанда түркілік дүниетанымның барлық кескін-келбеті, яғни мəдениеті мен əдебиеті, тілі мен діні, тарихы мен этнографиясы, педагогикасы мен психологиясы əлемдік өркениеттің ұшан-теңіз рухани қазынасы деп тануымызға əбден негіз бола алады.
Жалпы, түркі əлемін құрайтын ұлттар 40-тай делініп жүр. Түркі тілдерінде сөйлейтіндердің жалпы саны – 250 миллиондай, тіпті кейбір деректерде 250 миллионнан астам деп көрсетілуде. Əлемдегі түркі тілдес ұлттардың жетеуі ғана, атап айтсақ, Қазақстан Республикасы, Əзірбайжан, Қырғызстан, Түркия, Түрікменстан, Солтүстік Кипр Түрік Республикасы, Өзбекстан өз алдына дербес ел мемлекет болып отыр. Осы елдер тілдерінің ғана мемлекеттік тіл мəртебесі бар. Ал кейбір түркі тілдес ұлттардың тілінде сөйлейтін адамдардың санаулы мөлшерде қалуына байланысты олар жойылып кету қаупі алдында тұр.
Түркілік қай ұлттың болсын толығып өсуіне, рухани кемелденуіне, мəдени дамуына басты ықпал жасаған тірегі де, түп қазығы да – тіл. Сол себептен жеке мемлекеттік мəртебесі бар түркі тілдес халықтар əдеби тілінің қалыптасып даму тарихын жəне олардағы мемлекеттік тілдің түрлі тарихи кезеңдердегі орнын, бүгінгі қоғамдық-əлеуметтік түрлі қызметін зерттеу бірінші кезекте қолға алынып, олардың бүгіні мен келешегін бағамдаудың маңызды рөл атқаратынына назар аударылды.
Түркі əлеміндегі мемлекеттік мəртебесі бар тілдерінің қалыптасып даму тарихы мен түрлі кезеңдердегі қоғамдық қызметін зерттеп-зерделеудің нəтижесінде ғылыми-теориялық тұжырымдар жасалды. Сондай-ақ өзге мемлекеттер құрамындағы түркі ұлттарының тілдері де осы бағытта зерттеліп-зерделенді. Мəселен, Ресей Федерациясы құрамындағы татар, башқұрт, ноғай, қарашай-балқар, саха, қарайым, құмық, чуваш, тыва, топа, алтай, долған, шор тілдерінің, Қытай құрамындағы ұйғыр, салар, сары ұйғыр тілдерінің жəне Өзбекстан құрамындағы қарақалпақ тілінің, Молдавия құрамындағы гагауыз тілінің қалыптасып даму тарихы туралы зерттеулер дайындалып, олардың əрбір тарихи кезеңдердегі қоғамдық-əлеуметтік түрлі қызметіне талдаулар жасалды.
Кез келген тіл ұлттық құндылыққа жатады. Əрбір ұлттық мемлекет, ол бірұлтты немесе көптеген ұлт өкілдерінен тұратын мемлекет болсын, əйтеуір бір тілді мемлекеттік тіл ретінде пайдаланып, өзінің əлеуметтік-экономикалық саясатын жүзеге асыратыны белгілі. Көбінесе ондай тілдің қызметін мемлекет құрушы жергілікті ұлттың тілі атқарады. Ресей Федерациясы, Қытай Халық Республикасы, Өзбекстан, Молдавия елдері көптеген ұлт өкілдерінен тұратын мемлекет болса да, тіпті олардың құрамындағы кей ұлттардың автономиялық дербестігі бар болса да, негізінен, бір тілді ғана мемлекеттік тіл ретінде ұстанып отыр. Мəселен, РФ-дағы, ҚХР-дағы, Өзбекстандағы, Молдавиядағы жоғарыда аталған тілдердің бірқатарының автономиялық республика деңгейінде мемлекеттік тіл деген мəртебесі болғанымен, көп жағдайда орыс, қытай, өзбек, молдова тілдеріне басымдық берілген. Өйткені осы тілдер аталған мемлекеттерде мемлекеттік тіл қызметін атқара отырып, мемлекеттік маңызды іс-шаралардың ұлттық мүдде тұрғысынан жүргізілуін қамтамасыз етіп, ел ұйытқысы болуда. Бұны мына бір мəлімет те нақтылай түсетіні сөзсіз: «Жалпы, Ресей мемлекетінде тіл жағдайы аса мəз емес. Ғылыми негізде əлем тілдері пайдаланылу дəрежесіне қарай топқа топтастырылатынын ескерсек, Ресейдің қолданыстағы тілдерінің «қауіпсіздер» тобына орыс, татар, украин, «жоғалуы мүмкін» деген болжам қатарына – 20, «өте қауіптілерге» – 29, «нашар жағдайдағыларға» – 22, ал «жоғалғандар» санатына 20 тіл жатады».
РФ, ҚХР, Өзбекстан, Молдавия мемлекеті өзінің қоғамдық-əлеуметтік, яғни мемлекеттік сан салалы қызметі жан-жақты бола түсуі үшін мемлекеттік тілді өз қамқорлығына алып, оның дамып өркендеуіне барынша қолайлы жағдай жасап отырғанымен, өзінің тілдік саясатын ұлттық саясатымен етене астастыра жүргізіп, ұсақ ұлттар тілдеріне түрліше сипатта өз ықпалын тигізуде. Сол себептен осы мемлекеттердегі тіл саясаты ұлт мəселесімен тығыз байланысты екені пайымдалып, олардың құрамындағы түркілік ұлтардың əдеби тілдерінің бүгінгі ресми мəртебесі мен жай-күйіне баса назар аударылды.
Зерттеудің мақсаты мен міндеттеріне орай, РФ, ҚХР, Өзбекстан, Молдавия секілді мемлекеттердің құрамындағы түркілік ұлттардың əдеби тілдеріне зерттеу жүргізіліп, олардың қалыптасып даму тарихына, тарихи кезеңдердегі қоғамдық-əлеуметтік қызметіне, қазіргі жай-күйіне талдау-сараптау жүргізілді. Аталған мемлекеттердің қазіргі тілдік саясатының өз құрамындағы түркілік ұлттар тілдерінің дамуына тигізіп жатқан əсер-ықпалы зерттеу нысанына алынып, болашағы болжанды.
Зерттеулер нəтижесінде мынадай мəселелер анықталып, тұжырымдар жасалды: өзге мемлекеттер құрамындағы түркілік ұлттардың əдеби тілдерінің қазіргі жай-күйі өзі өмір сүріп отырған мемлекеттердің тілдік саясатына тəуелді. Өйткені əрбір ұлттық мемлекет өз мүддесін көздеп, өзінің ұлттық саясатын басшылыққа алады. Ұлттық саясатта мемлекеттік тілдің маңызын арттыра түсу қашанда басты орында тұрады.
Алайда кейбір түркілік тілдердің дамуы сол тілді тұтынып отырған ұлтының əлеуметтік тұрмыс-тіршілігінің өзіндік ерекшелігіне де байланысты. Оның одан əрі өркендеп-дамуына ұлттың саны мен сапасы ерекше əсер етеді. Сол себептен өзге мемлекеттер құрамындағы қайсыбір түркілік ұлттардың саны мен сапасы жəне олардың қазіргі өсу қарқыны маңызды рөл атқарады. Олардың бір жерде шоғырланып ұйысып отыруы тіл тұтастығын қалыптастырып, ұлттық тілде білім беруге, ғылыми – зерттеулер жазуға, бұқаралық ақпарат құралдарын дамытуға, ұлттық тілде түрлі əдебиеттер шығаруға ықпал етеді. Бұндай жағдаят болмаған жағдайда ұлт санының жеткілікті мөлшерде болуына қарамастан, тілдің дамып-өркендеуі тым баяу жүреді. Оған қазіргі ноғай ұлттық тілі сияқты т.б. тілдердің бүгінгі жай-күйі мен тағдыры дəлел.
Зерттеу барысында осындай мəселелерге назар аударылып, түркілік тілдерінің қолдану аясы мен қоғамдық қызметіне талдаулар жүргізілді,болашағы пайымдалды. Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасы құрамындағы қайсыбір тілдердің келешегі күңгірт екені анықталып, олардың дамып-жетілуі үшін тіршілік етіп отырған елінің мемлкеттік тілдік саясаттың қолайлы болуы немесе жалпы түркі жұртының қамқорлығы қажет екеніне көз жеткізілді.
Дамуы мен жарқын болашағы бар түркілік тілдер де бар. Мəселен, Өзбекстан құрамындағы автономиялық дербестігі бар қарақалпақ əдеби тілінің дамуы біршама жақсырақ. Себебі бұл тілді ұлттық тіл ретінде ұстанатындар біршама мол əрі олар бір жерге шоғырланып, білімі мен ғылымын, дəстүрі мен мəдениетін өз тілдерінде дамытып отыр. Алайда қарақалпақ ұлттық тілінің автономиялық республика деңгейінде мемлекеттік тіл деген мəртебесі болғанымен, көп жағдайда өзбек, орыс тілдеріне басымдық берілген. Қарақалпақстанның қазіргі жас ұрпақтарының біршама бөлігі өзбек, орыс тілдерінің ықпалына ұшырай бастаған. Өйткені осы тілдер ҚР-дағы сияқты Өзбекстанда да мемлекеттік тіл жəне халықаралық қатынас тілі қызметін атқарады. Бұндай тілдер қатарына татар, башқұрт, ұйғыр тілдерін де жатқызуға болады.
Зерттеу нысанына алынған түркілік тілдердің қалыптасып даму тарихы мен түрлі кезеңдердегі қоғамдық-əлеуметтік қызметі диахронды жəне синхронды түрде əлеуметтік жəне лингвомəдени аспектіде қарастырылды. Нəтижесінде ғылыми-теориялық қорытындылар жасалды.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген