жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
Туған жер ыстық әрқашан
Туған жер ыстық әрқашан
Кіріспе.
Негізгі бөлім:
a) Құтты мекен – туған жер.
ә) Туған жерім – Қазақстан,
Елбасы ата – Нұрсұлтан.
б) Бабадан қалған аманат,
Жасамайық қиянат!
в)... осы біздің ұстаным,
Егемен менің Қазақстаным!
Қорытынды.
О,
туған жер, кеңпейіл, құшағың кең,
Саған
көңіл бұлқынар күшті - ағынмен.
Сағынышымды
қанат қып саған қарай
Балапандай
талпынып ұшамын мен.
Алақаны
анамның - топырағың
Сендік
махаббатымның оты жалын.
Сені
қалай сүюдің керектігін
Мен
ешқандай кітаптан окымадым.
Сенде
тас та қадірлі, аспан да алау,
Сенде
жанды тербетер дастан бар - ау.
Менің
мынау өмірге құштарлығым
Сені
жақсы көруден басталған - ау.
(Ф. Оңғарсынова)
Туған жер... Бұл сөзді естігенде ойыңызға не келеді? Туған жер деген сіз үшін не? Мен үшін туған жер – құтты мекен, Атамекен, Отан. Бұл – менің кіндік қаным танып, дүние есігін ашқан жер. Ата – бабамнан қалған аманат, асыл мұра, сол бір жандардың зор күшімен, ақыл – қайраттылықтары мен өмірлерінің бағасымен тең. Демек, баға жетпес қазына. Туған жерді сол себепті аялап, ардақтап қастерлеуіміз керек. Мәселен, біздің қазақ ақындарымыздың өзін алсақ, олар өздерінің шығармалары арқылы туған жерді қадірлеп, шын жүрекпен сүю керектігін уағыздайды. Мысалға Қабдеш Жұмаділовтің «Қаздар қайтып барады?» атты әңгімесін қарастырайық. Бұл әңгімеде туған жер тарихының «байлардың мал – мүлкін тәркілеу саясаты, қазақтардың шетелге ауып кетуі, ашаршылық, қазақтардың қырылып, мыңдаған адамдардың көршілес елге, шетелге қоныс аударуы, көптеген қазақ зиялыларының тұтқындалуы, жазалануы, өлтірілуі» деген сияқты кезеңдері суреттеледі. Сондай тағдыр тауқыметімен елін, туған жерін тастап, шетелге кеткен қандастарымыздың бірі – Байтас ақсақал. Осы кейіпкер арқылы жазушы туған жерге деген сағыныштың қандай болатынын бізге жеткізген болатын. Сол сияқты туған жер жайлы көптеген туындылар бар екенін ұмытпаймыз. Ойланып қараңызшы, барлық саналы ғұмырын ұлт мүддесіне арнаған бес арыс, ұлы Отан соғысында елім деп жанын пида еткен қайтпас қыран алаш азаматтары, жүректері оттай жалындаған желтоқсан қаһармандары... Осынау ардақты ата – бабаларымыз біздер үшін, жастар үшін, егемендік үшін барлығына дайын болды, оққа қарсы жүгірді десем де болады. Осы орайда, «Олардың алдында еш өтелмес борышымызды біз қалай өтерміз?» – деген ой туындайды, әрине. Мағжан атамыздың «Сағындым» атты өлеңіндегі мына үзінді оның еш нәрсеге ешқай өкініші жоқ екеніне айғақ бола алады:
Не көрсем де Алаш үшін көргенім,
Маған атақ ұлтым үшін өлгенім! – Ел үшін еркек кіндік құрбандық. Ел — ырыстың кілті, ер — ырыстың қорғаны – деген осы шығар.
Қазақ халқымның аузында «Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» деген сөз бар. Жалпы, қазақ халқы – сан түрлі ойларға келіп, соны саралап, содан соң ғана тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтатын халық. Бұдан бұл сөздің құрдан – құр айтылмағанын ұғынамыз. Өзіміз де бәріне куә болып жүрміз ғой. «Әркімнің өз жері – өзіне ыстық» – демекші, мен үшін аса қымбат саналатын туған жерім – Қазақстан. Елімнің ең бір ерекшелігі – Әлем халқының тілекшісі болуында. Қазіргі жетістіктерге шүкіршілік. Табалдырығымыз тастай берік боп,еңсеміз де биік. Осының арқасында әр күнімізді бағалайтын салауатты өмірге жетіп отырмыз. Қазақстанның тіккен туы мен көтерген шаңырағы Әлем елдері арасында жамандықтан аман келе жатқанына тәубе деймін. Неге десеңіз, қазақтың бағы болған Елбасымыздай біртуар тұлға өмірдің жауапты кезеңдерінен елімізді биік дәрежеде алып келеді. Жоғары тапқырлықпен, жүз ойланып, мың толғанып ақыл – ойын салмақтап қабылданған, Елбасы қол қойған әрбір құжат туған жеріміздің болашағына жасалған қадам екені мәлім. Сол қаламның ұшында тұрған ел тағдыры, жер тағдыры, бүкіл ел атынан шешім қабылдау қаншалықты жауапты екенін біз сезінеміз. Нәтижесін өзіміз де көріп отырмыз. Осы күндерді бұрында арман еткен туған жер қазір ең бақыттылардың бірі деп ойлаймын.
Туған жер – өткен өмір мен болашақты байланыстыратындардың ішіндегі ең маңыздысы. Әрбір адам тағдырында, әуел бастан – ақ, туған өлкесі қайсы екені жазылған. Сол себепті әр адамның балалық шағынан бастап, туған жерге, Отанға деген ыстық махаббаты мен ықыласы оянады. Біздегі мақсаттардың бірі – сол махаббатты сөндіріп алмау, елімізді, өлкемізді еш уақытта сатып кетпеу. Мен өзімнің ыстық лебізім мен пейілімді арнайтын туған жерімнің барына қуанып, оның егемен өміріне разымын. Оның келешегіне деген биік жоспарлар құрып, соның жемісін бірге көруге жазғай! Алла қаласа, туған жеріміздің абыройын осыдан асқақтата түсірейік!
...Тау суындай гүрiлдер,
Айбынды алаш елiм дер,
Алтын Арқа жерiм дер,
Мен жастарға сенемiн!..
Мен сенемiн жастарға.
Алаш атын аспанға
Шығарар олар бiр таңда,
Мен жастарға сенемiн!.. – деген Мағжанның осы өлең жолдарымен айтқым келгені – біздің сал – сері, ақын – жырау, жазушыларымыздың бізге деген сенімін ақтайық! Туған жердің есімін асқақтатып, әлем деңгейіне жүз мәрте танытайық! «Туған жерді көркейтсем дейтін адамдар кең – байтақ Отанымыздың қай түкпірінен табылатыны даусыз. Олар дабырасыз, ың – шыңсыз ғана ізгілік дәнін сеуіп, өздері де содан қанағат тауып, тіршілігін кеше беретіні айқын» – дейтін апа – ағаларымыздың сөзін еске алу жөн. «Бірлігі жоқ ел ел болмайды, ақылы жоқ адам адам болмайды». Сондықтан талай ғасыр жинаған барша береке, ынтымақ – бірлігімізді жоғалтпайық! Жаманатты қылмай, жоғары қарай өрлейік!
Қожа Ахмет Яссауидің бір сөзі бар: «Диқан болсаң, қолыңа кетпен ал да халқыңа нан бер, ғалым болсаң, қолына қалам ал да халқыңа мән бер». Сонымен қатар шығыстың данасы Әл – Харизидің «Сөз бар болғаны гүл ғана, ал іс – сол гүлден түйнеген жеміс» деген сөзіне назар аударсаңыз, ғұламалар ойының астарлы түйіні – халқыңды жеткіз, еліңе қызмет қыл, жеріңда сақта, бағың аш дегенге саяды. Ендеше, осы екі түйінді сөз бізге деген ұстаным болсын. Биылғы жыл «Жастар жылы» деп аталды, бұл – жастар үшін мүмкіндік. Не үшін десеңіз, елді асқақтата түсу үшін үлкен мүмкіндік. Осы ұстаныммен алға қарай шабыңдар, жүйрік атты жас тарландар!Егемен Қазақстанымыздың еркіндігін сақтау үшін аспанға дейін самғайық!
Жоғарыда айтылған ойларымды қорыта келе, туған жер адам өмірінде де, жүрегінде де киелі орын алады. Бұл сөз туған өлке, туған қоныс дегендермен синонимдес келеді. Үшеуі де адамды қанша ойға салып, терең ойға батырады. Туған жер дегенде көз алдыма туған жердің терең тарихы баспалдақтап елестей береді. Сол сәтте, бойымды екі сезім басып алады: бірі – сол замандағы ата – бабаны аяушылық, бірі – ата – баба үшін мақтаныш пен абырой. Шынымды айтсам, мен үшін бұл – үлкен мәртебе. Қазақ жерінің ыстық топырағында қаз – қаз басып, еңбектеп жүре бастап, сүтін, қымызы мен шұбатын, құртының түр – түрінің дәмін тату неткен қуаныш десеңізші! «Туған жердің ауасы да шипа, Туған жердің жуасы да тәтті». Ақырында, туған жерге өзге ешқай ел жетпейтінін түсінемін. Сөз соңында, туған жерімді сүйетінімді айтқым келеді. Және де туған жерді мақтауға сөз жетпейтінін білгендіктен, «Туған жер» атты өлеңімді ұсынамын:
Сонау күндер ата – бабам аңсаған,
Туған жерім, қарызбын мен саған.
Атақоныс, алтын ұя, ақ бесік,
Асыл мұра, аманат қой бұл маған.
Алтын мекен, тағдырым Жұмақ атты,
Туған жер – туған өлке ардақты.
Жүректегі тамырым ғой туған жер,
Парызым ғой білу деген тарихты.
Туған жер – өмірге деген құлпымсың,
Туған жер – тілім, дінім, ұлтымсың.
Туған жер отбасымнан басталар,
Туған жер – ағайын – туыс,жұртымсың.
Ардақтаймын, туған жерім, мен сені,
Сен ұрпақтың күліп атар ертеңі.
Жер бетінде бейбітшілік болсын деп,
Тәңір өзі тарту етіп бергені.
Туған жерді қадірлесін бәрі де,
Аман болсын Ұлы дала жері де.
Көк байрағы аспанында желбіреп,

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген