Тыныш үйдің «дауылы»: Қазақстан тұрмыстық
зорлық-зомбылықты тоқтата алды ма?
Соңғы
кездері жаңалықтарды ашсаң да, әлеуметтік
желілерді қарасаң да тұрмыстық
зорлық-зомбылық тақырыбы жиі айтылады.
Әсіресе елде болған қайғылы оқиғалардан
кейін 2024 жылдың сәуір айында Қазақстанда
әйелдер мен балалардың құқығын қорғайтын
жаңа заң қабылданды. Меніңше, бұл заң
мемлекетіміздің тұрмыстық зомбылықпен
күресіндегі үлкен қадам болды. Бірақ
осы орайда ойланатын сұрақ туындайды:
Бұл күрес мемлекетімізде шынымен дұрыс
жолға қойылды ма? Әлде қағаз жүзіндегі
заң күнделікті өмірде әлі толық іске
аспай жатыр ма?
Менің
ойымша, Қазақстанда соңғы кездері бұл
мәселеге деген көзқарас айтарлықтай
өзгерді. Бұған бірнеше себеп пен дәлел
бар:
Заңның
қатаңдауы: Бұрын ұрып-соғу сияқты
әрекеттер үшін жай ғана айыппұл төлеп
немесе ескерту алып құтылып кететін.
Ал қазір мұндай істер қылмыстық
жауапкершілікке жатқызылды. ҚР Ішкі
істер министрлігінің (gov.kz) мәліметтеріне
сүйенсек, заң қатаңдаған соң полицияға
шағымданатындар саны арта түскен. Бұл
адамдардың өз құқықтарын қорғаудан
қорықпайтынын көрсетеді.
Көмек
көрсету орталықтары: Мемлекеттік
органдардың (egov.kz) ресми ақпаратына
сүйенсек, елде 111 сенім телефоны үздіксіз
жұмыс істеп тұр. Кез келген адам қиын
жағдайда тегін психологиялық немесе
заңгерлік көмек ала алады.
Халықаралық
баға: БҰҰ Даму бағдарламасының
Қазақстандағы өкілдігі де біздің елдегі
заңнамалық өзгерістерге оң баға беріп
келеді.Сондықтан мемлекет тарапынан
жасалып жатқан жұмыстар бар және олар
дұрыс бағытта келе жатыр
Екіншіден,
күрестің әлі де ақсап тұрған жаман
жақтары мен кедергілері:
Орындалу
сапасы мен полиция әрекеті: Қағаз жүзінде
заң күшті болғанымен, тәжірибеде кейбір
полиция қызметкерлері әлі де мұндай
шақыруларға «отбасылық ұрыс-керіс» деп
қарап, салғырттық танытатын кезеңдер
кездеседі.
Қоғамдағы
стереотиптер: «Ұят болады», «елден ұят»
немесе «отбасының ішкі ісі» деген
түсініктер әлі де халықтың санасынан
толық жойылған жоқ.
Қазақстанда
бұл мәселе жылдар бойы жабық тақырып
болып келді. 2009 жылы алғашқы заң
қабылданғанымен, 2017 жылы жеңіл дене
жарақатын салу қылмыстық кодекстен
алынып, әкімшілік жазаға ауыстырылған
еді. Осы қателіктің кесірінен талай
жылдар бойы тұрмыстық зорлық-зомбылық
жазасыз қалып, статистика қайғылы
көрсеткіштерге жетті. ҚР Бас прокуратурасының
мәліметтері бойынша (gov.kz), елде жыл сайын
тұрмыстық зорлық-зомбылықтан 80-ге жуық
әйел көз жұматын.
Бұл мәселенің
қаншалықты сұмдық екенін кейінгі жылдары
болған резонансты оқиғалардың бірі
ретінде Салтанат Нүкенованың өлімін
еске түсірсек. 2023 жылдың қарашасында
Астанада болған қайғылы жағдай бүкіл
елдің, тіпті халықаралық қоғамдастықтың
қабырғасын қайыстырды. Бұл оқиға халықтың
шыдамын тауысып, миллиондаған азаматтардың
петицияға қол қоюына және «Салтанат
заңы» деп аталған қатаң жаза енгізуге
тікелей себепші болды.
Өмірден
мысал келтірсек, біздің айналамызда да
«жағдай ушықпасын» деп үндемей жүрген
отбасылар аздап болса да кездеседі.
Алайда, соңғы жылдардағы резонансты
оқиғалар халықты оятты. Енді үндемей
шыдаудың соңы қайғылы жағдайға әкелетінін
түсіндік.
Қорытындылай
келе, Қазақстанда тұрмыстық
зорлық-зомбылықпен күрес дұрыс бағытқа
бет бұрғаны байқалады. Жаңа заңдар
қабылданып, жазаның қатаңдауы — бұл
әділеттілікке қарай жасалған үлкен
қадам. Алайда, бұл күресті толық аяқталды
деп айтуға әлі ерте. Бұл мәселені
түбегейлі шешу үшін тек заң мен полицияға
сүйеніп қана қоймай, түпкі себебімен
де күресуіміз керек. Ең алдымен, қиындыққа
тап болған жанға пана болатын дағдарыс
орталықтарын көбейтіп, полиция
қызметкерлерінің жауапкершілігін қатаң
қадағалаған жөн. Сонымен қатар, ізгілік
пен сыйластық мәдениетін мектеп
қабырғасынан, отбасы тәрбиесінен бастап
балалардың бойына сіңіру өте маңызды.
Ал ең бастысы — біз, яғни бүкіл қоғам,
біреудің қайғысына бейжай қарамауды
үйренгенде ғана бұл мәселе шешіледі.
Көршінің үйінен шыққан айқайды,
жақынымыздың басындағы қауіпті көргенде
үнсіз қалмай, бірден 102 немесе 111
нөмірлеріне дабыл қағудан қорықпауымыз
керек. Өйткені біздің әрбір бейжай
қарамаған әрекетіміз — тағы бір адамның
өмірін, тағы бір отбасының амандығын
сақтап қалуы мүмкін.
Автор:Сейіт
Арна,Райымбек батыр мектебі 11ә сынып
оқушысы