Материалдарды шектеусіз жүктеңіз ҚМЖ, ашық сабақтар, презентациялар, көрнекіліктер, дидактикалық материалдар, авторлық бағдарламалар және тағы басқа 400 000-астам материалды шексіз жүктеп алғыңыз келе ме?
Толығырақ
Толығырақ
Тақырып бойынша 11 материал табылды

Ұлттық асық ойындарының сыры

Материал туралы қысқаша түсінік
Асық ойыны – мазмұны жағынан ұтыс ойыны тобына жатады. Қазіргі ауыл және қала балаларының ойнап жүргені «асық ату» ойыны балалардың тез қимылдауын қалайды. Мергендігін арттырады, дәлдікке, есепке үйретеді. Қазақ баласының есепке жүйріктігі, міне, осындай ойындарды ойнаудан қалыптасқан. Асық ұсақ малда – қойда, ешкіде, киікте, таутекеде болады. Асықтың бір кереметі оны ешкім қолдан жасап жатпайды.
Материалдың қысқаша нұсқасы





















«Ұлттық асық ойындарының сыры»

Талапкер Асылай Мухамбетовна Атырау облысы, Жылыой ауданы, Құлсары қаласы КМҚК «Айгөлек» ясли бақшасы, тәрбиеші



Халық жасаған мұралар сан алуан. Аға ұрпақ өз білгенің, өз көкейіне тоқығаның кейінгі буынға мирас етіп, іс-әрекет үстінде көзін қанықтыра беруден бастаған. Солардың бірі қазақтың ұлттық ойындары. Қазақтың ұлттық ойындары халықтың сәби шағымен бүгінгі өскелең дәуірінің куәсі ретінде, адам баласының фантазиялық ой – жүйесінің заңды жалғасы ретінде оны үйретудің тәжірибеде пайдаланудың үлкен білімділік, тәрбиелік маңызы бар.

Ойынға тек ойын деп қарамай халықтың асыл қазынасы, бір жүйеге келтірілген тамаша тәрбие құралы деп қараған орынды. Бұл пікірім жалаң болмас үшін заманымыздың заңғар жазушысы, ұлы ойшыларымыздың бірі М.О Әуезовтің мына бір пікірін еске ала кетейік: «Біздің заманымыздың өмір кешкен ұзақ жолында өздері қызықтаған алуан өнері бар ғой. Ойын деген менің түсінуімше, көңіл көтеру, жұрттың көзін қуантып, көңілін шаттандыру ғана емес, ойынның өзінше бір мағыналары болған». Халқымыз ұлт ойындарында ұрпақ қамын ойлаған, бір жүйеге келтіріліп өрнектелген ой мен әрекеттің құпия философияны түсінуге жетелейтін адамгершілік үлгі өнегенің желісі бар. Ұлт ойындарын жанұя тәрбиесінен бастап, балабақшада түрлі тәрбиелік шараларда қосымша материал ретінде пайдаланып келеміз. Ұлт ойындары ата – бабамыздан бізге жеткен, өткен мен бүгінгіні байланыстыратын баға жетпес байлығымыз, асыл қазынамыз, сондықтан оны күнделікті оқу тәрбие үрдісінде пайдаланудың заманымызға сай ұрпақ тәрбиелеуге пайдасы орасан зор екендігі сөзсіз.

Бала ойынмен өседі. Халқымыз бала мінез – құлқының қалыптасуында ойын әрекеті де елеулі мән атқаратынын жақсы аңғарған. Ойында баланың ортамен қарым – қатынасы кеңейіп, таным қабілнті өседі, мінез – құлқы қалыптаса түседі. Бала ойынының түрі де, мазмұны да сан алуан. Ойын үстінде бала достыққа, жолдастыққа, тапқырлыққа, іскерлікке, ептілікке, адамгершілікке баулынады. Ұл бала табиғатынан қимыл – қозғалысқа құмар. Ойын – балалық шақтың басты ерекшелігі. Мысалы: «Базар - қаланың ажары, ойын – баланың базары», «Баланын ойынын бұзба, өнегең болса – ойын қозға», «Бала ойынмен өседі, дана оймен өседі», «Көне болмай - жаңа болмас, бала болмай - дана болмас», «Қыз - қуыршақ, ұл - құлыншақ» дейді. «Ойын білмеген, ойлай да білмейді» деген мақал – мәтелдерде баланың ойынға аса құмар келетіні , ұл мен қыздың ойыны да түрліше болатыны, ойын арқылы баланың сана – сезімі, кәсіп таңдауы, ақыл – ойы жетілетіні көрсетілген.

Халықтық рухани бай қазынаның бірі, һәм бірден - бір тәрбие құралы – халық ойындары. Халық оның алуан түрін тауып, өз ұрпағын өрелілікке, ойшылдыққа, тапқырлыққа, шеберлікке, дәлдік пен мергендікке тәрбиелеген. Соның ішінде түрі де, мазмұны да өте бай халықтық ойын - асық ойындары.

Асық қазақ ұлтының көшпенділерден шыққан көне халық екендігін тағы бір дәлелдейтін ойын құралының бір түрі. Төрт құбыласын төрт түлігімен түгелдеп, ұшы-қиырсыз сахарада көшіп-қонған ата-бабамыз ұлан-байтақ далада көшпенділер мәдениетін қалыптастырған. Соның жарқын бір көрінісі балаларға арналған асық ойыны.

Жалпы асық - малдың тілерсегінде буынның қызметін атқаратын шымыр сүйек делінеді. Ал асық ойыны қазіргі Қазақстан аумағынан бөлек қазақтың төрт түлігінің тұяғы тиген жерлердің барлығында кең таралған. Ол еліміздің түкпір-түкпірінде бар. Соған қарағанда кейбір салт-дәстүріміз тәріздес емес, асық атуды алаш баласының баршасы жақсы білген. Дегенмен әр өңірдің өзіне тән ойын түрлері мен тәсілдері ұшырасатындығы жасырын емес. [Балабақша меңгерушісі және әдіскері (республикалық ғылыми – әдістемелік журналы 2014 жыл 12,13 бет]

Бір қызығы ойын көбіне – көп тек қана қойдың асығымен ғана ойналады. Қой-ешкі мен сиыр, түйе малының асығы пішіні жағынан өте ұқсас болғанымен, олардың барлығы бірдей ойын кезінде қолданыла бермейді. Балалардың ірі қара малдың асығын иіріп жүргенін көрмейміз. Соған қарағанда, асық ойыны баланы жастан мергендікке, ептілікке тәрбиелейтін құрал болса керек. Өйткені сиырдың сүйегіне қарағанда қойдың асығы сақамен көздеп атуға жеңіл болғанымен,алыстан нысанаға оңайлықпен іліге қоймайды. Сондықтан дәл тигізу үшін ойыншы бала бар шеберлігін салады.

Қазақта «Алты күн аш болсаң да, асықтың етін жеме, тоғыз күн тоқ болсаң да тобықтың етін тастама» деген нақылды сөз бар. Жалпы дастарханға бешбармақ келгенде үлкен кісілердің осы мақалды ауыздан тастамай, асықтың етін пышақпен қырып алып, қасында отырған немересіне беріп жатқанын талай көргенбіз. Осыдан – ақ асықтың қадір-қасиетінің қандай екенін аңғару қиын емес.

Десек те көнеден мал баққан қазақтың «Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар, бәрінен де қой бағып, құйрық май жеген озар» дейтіні бар. Бұл көбіне-көп еліміздің батыс өңірінде көп айтылатын нақыл. Осыдан-ақ ертедегі қазақ баласы үшін асық ойыны ерекше сәнге айналған, балалар арасында ең көп таралған ойын түрі екендігін аңғарамыз. Демек оны әр бүлдіршін жан-тәнімен беріліп ойнаған. Мұндайда кей «жігіттер» үй-күйді, мал-жанды ұмытып кететін болыпты. Төрт жол өлең шығармай тұрмайтын қырдың қазағы ондайда баласының зейінін шаруаға аударып, өрістегі малға қайтару үшін осындай қанатты сөзбен ақылын айтып отырған. Бірақ «бәрінен де қой бағып» деген сөздің астары да түптің түбінде айналдырып әкеп келер ұрпақты осы ойынға тартатыны сөзсіз. Өйткені асық тек қойдың шымыр сүйегінен шығатыны анық.

Асық ойыны кешегі Кеңес өкіметі кезінде де жойылған жоқ. Керісінше, ауылдық жерлерде кеңінен тарала түсті десе де болғандай. Алаш баласының өзіне қазақ екендігін танытқан да осы ойын. Бір жағы бұл жас ұрпаққа әлемді аузына қаратқан көне көшпенділер мәдениетінен сыр шертіп тұрды. Сол арқылы жастарды тамыры терең тарих қойнауына жетеледі. Соның арқасында асық ойыны қазақ баласымен бірге үшінші мыңжылдыққа да қадам басып, ХХІ ғасыр табалдырығынан аттады.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, бұл - ұлттық ойынның бір түрі. Соның ішінде балаларға арналған ойын. Халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын жойып жіберуге бағытталған солақай саясат ұстанған қызыл империя заманында да ұрпақтан ұрпаққа жалғасын тапқан ойын дәстүрдің озығындай уақытпен үндесіп, алға жылжып келеді. Тәуелсіздік жылдарында жаңа қырынан жандана түскені анық. .

Асық ойыны әр өлкеде әр түрлі ерекшеліктерін сақтай отырып дамыған ұлттық ойындардың ішінде аса танымалы – асық ойыны. Асық ойыны – қазақ халқының дәстүрлі ұлттық ойындарының ең қызықты әрі өте кең тараған түрі. Сондықтан ғасырлар бойы халықтың зердесінде сақталып келген осы бір қызғылықты ойынды өскелең ұрпақты тәрбиелеудің тиімді құралы ретінде ұтымды пайдаланған жөн. Бүгінгі жастардың мемлекет қамын ойлайтын ертеңгі ел ағалары екенін ескерсек, олардың азаматтық санасы бүгіннен бастап ұлттық болмыспен ұштаса дамуы керек. Осы мақсатты іске асыру үшін ұлттық мәдени мұраның озық үлгілерінің бірі болып табылатын ұлттық ойындарды өткізуді дәстүрге енгізу қолға алған жөн. [Ақ серек көк серек ойындар 2012 жыл 6,7,8 бет]

Асық ойыны – мазмұны жағынан ұтыс ойыны тобына жатады. Қазіргі ауыл және қала балаларының ойнап жүргені «асық ату» ойыны балалардың тез қимылдауын қалайды. Мергендігін арттырады, дәлдікке, есепке үйретеді.

Қазақ баласының есепке жүйріктігі, міне, осындай ойындарды ойнаудан қалыптасқан. Асық ұсақ малда – қойда, ешкіде, киікте, таутекеде болады. Асықтың бір кереметі оны ешкім қолдан жасап жатпайды. Табиғи нәрсе. Оның жақсы салмақты түрлерінен сақа жасайды. Қазақта «Қой асығы болғанмен, қолына жақса сақа тұт, жасы кіші болса да, ақылы асса аға тұт» деген мақал бар. Бір нәрсенің дайын екенін білдіретін «Сақадай сай» сөз тіркесі де бар. Қазақ баласы тумай тұрып-ақ ырым етіп асық жинаған және асықты ұл бала ойнағандықтан балаларымыз ұл болсын деп, ырым еткен.

Асықтың Алшы, Тәйке, Бүк, Шік, Омпа, Шоңқа деген қалыптары болады. Оның ішінде Алшы жатысын өте жоғары бағалаған. Өмірде жолы болған дәулетті адамдарды «Асығы алшысынан түсіп тұр» деп айтады. Асық ойындары балалардың бойында қазақ халқының тарихи-мәдени мұрасына құрмет сезімін қалыптастыру, сондай-ақ ептілікке, мергендікке, ұқыптылыққа, сергектікке баулу, қазақтың ұлттық ойындарын білуге құштарлығын арттыру мақсатында өткізіледі.

Асықтың түрлері мен атаулары.

Алшы –асықтың иірілгенде табаны жерге тиіп, тұрық түсуі.Ойын кезінде оған аса мән беріледі.Ол - бірінші дәрежелі асық.

Тәйке- асықтың иірілгенде табаны үстіне қарап,тұрық түсуі.Ол - екінші дәрежелі асық.

Бүге ( Бүк ) -асықтың иірілгенде дөңес жоны үстіне қарап, етпетінен жатық түсуі. Ол үшінші дәрежелі мәнге ие. ( 1 сурет)

Шіге ( Шік ) - асықтың иірілгенде шұңқыр құрсақ жағы үстіне қарап, шалқасынан жатық түсуі.Ол төртінші дәрежелі мәнге ие.( 1 сурет)

Тұрық – асықтың алшы не тәйке түсуі.

Омпы – асықтың тұмсығымен жер тіреп, тік шаншылып түсуі.

Сомпы – асық тұмсығымен көкке қарап, тік шаншылып шоңқая түсуі.

Табан – асықтың тәйке жағы.

Оңқай –асықтың бүгесі алақанға қарап, тәйкесі оң қол бас бармағына басылып ыңғайлы ұсталуы.Оңқай асық малдың сол жақ аяғының тілерсегінде болады.

Солақай – асықтың шігесі сыртқа қарап, алшысы оң қол бас бармаңына басылып ыңғайлы ұсталуы.Солақай асық малдың оң жақ аяғының тілерсегінде болады.

Сақа – қолдағы бар асықтың үлкенінен, ірісінен, салмақтысынан, оңқайынан белгіленеді.Солақайлар сақаны солақай асықтан ұстайды.

Қорғашбай сақа-табан жағынан ойылып қорғасын құйылған сақа.

Құлжа сақа- арқардың асығы.

Толай (томпай)- бұзаудың, тайыншаның асығы(жалпы сиыр асығын томпай дейді). Мұз үстінде әдейі асық ойнау үшін жасалған алаңда ойнағанда, алыстан атылатын ойындарға толай сақа ретінде пайдаланылады.

Жабайт-қой асығының сақадан кейінгі қорғасын құйылмаған түрі.

Шүкей(үшкейт)- қой асығының кішкенесі. Қозы, ешкі асығы. Ең кішкене асық.

Кеней- шүкейдің көп жұмсалып мұжылған (мүжілген) түрі.

Ешкімер – ешкінің асығы.

Асық ойындары –құмар, омпа, хан, ханталапай, тас қала т. б.

Алшы ойыны. Алшы ойыны- асық ойынында тігілген асықтарды атуға жарамды сақа таңдап алынады. Сақа болатын асық салмақты, ірі болуға тиіс. Ол көбінесе еркек қойлардың, не қошқарлардың асығы болып келеді. «Алшы ойыны» сақаның салмақты да алшы тұрғыштығына байланысты. Бұл ұту үшін өтеқажет.«Алшы ойынын» ойнаушыларға шек қойылмайды. Ойын басталар алдында ойын жүргізуші барлығының сақаларын жинап алып, ойында әркімнің кезегін белгілеу үшін, яғни, кімнен кейін кім асық ату керектігін анықтау үшін, сақаларды иіреді. Иірген кезде кімнің сақасы алшы түссе, сол - бірінші, тәйке түссе - екінші, бүк түссе - үшінші, шік түссе одан кейін асық ататын болады. Атқан кезде сақасы мен асығы бір жақты түссе, атқан асығын алып, әрі қарай ата береді. Енді бірде асық атқан кезде сақасы алшы түсіп, асық кез келген жағында жатса да асықты алады, тағы атады, ал сақа мен асық екеуі екі түрлі түссе, онда алмайды. Ол атуды тоқтатып, кезекті келесі ойыншыға береді. Екінші ойыншы өз кезегінде сақасын иірген кезде тәйке түссе, онда өзінен кейін кезекте тұрған ойыншы көмбеде тұрып оның тәйке түскен сақасын атады, тигізсе, сақа иесі ойыннан шығып қалады, тигізе алмаса, өзі ойыннан шығады. Кезек алу үшін сақаларын иірген кезде бүк, шік түскен ойыншылар өз кезектерімен көнге тігілген асықты ата береді. Осы ретпен көндегі асықты атып тауысқанға дейін ойнайды да, асықтарын қайта тігіп, ойынды жалғастыра береді. [Ханталапай (Алматы « Айқап») 2005 жыл 3,4 бет]

Омпа

Асық ойынының бір түрін «Омпа» деп атайды. Бұл ойынды көбінесе бозбалалар ойнайды. Оны таза ауада алаңда, не үлкен бөлмелерде ойнауға болады.Ойнаушылардың санына шек қойылмайды.Ойынның мақсаты –асық ұту.Ойнаушылар арасы 20 қадам екі көн сызады да, біріншісіне төрт бұрыш жасайды.Дәл ортасындығы сызыққа әрбір ойыншы өздерінің асықтарын тігеді. Тігілген асықтардың ортасына бір асық мұртынан «Омпа» тұрғызады.

Ойнаушылар екінші белгіленген жерден бірінің артына бірі тұрып әркімнің өз кезектерң бойынша қолдарындағы сақаларымен «Омпаны» ата бастайды. Егер кімде-кім омпаға тигізсе және төрт бұрыштың шетіне шығарса, онда көндегі асықты түгел алады. Ал омпаға тимесе, жанындағы асықтарға тисе, оны да төрт бұрыштың шетіне шығара алса, онда сол атқан асығын ғана алады. Асық таусылған сайын, көнге асық қайтадан тігіліп отырылады. Ойын ары қарай жалғаса береді.

Өріс ойыны

Түзу бойына алшы, тәйке кезектесіп тізіледі. Өріске ұзап барып атасың. Кімнің бірінші ататындығы сақаларын қосып, бір ойыншы басынан асыра жерге тастайды.Алшы т.скен сақа иесі бірінші, тәйке екінші, бүк үшінші, шік төртінші болып атады.Сақа асыққа тиіп «алшы» түссе, тізілген асықты түгел ұтып алады. Сақа асықтарды құлатып, сақа бүк түссе, шік жатқан асықтарды ұтады.Ал сақа асықтарға тиіп, шік түссе, бүк түсіп жатқан асықтарды ұтады.Бұзылған асықтарды түзу бойына қайтадан тізіп қояды.Келесі кезектегі ойыншы сақасымен тізілген асықтарды көздеп атады. Атқанда сақа асықтарға тиіп, өзі омпа түссе,онда өрістен атылған сақалар домалап түскен жерінде жатуға тиіс.Келісім бойынша үш рет қайталауға болады.Кімнің

сақасы төрге озып кетсе, сол бірінші болып кері атады. Ойыншылар тигізе алмаса, алғашқы ойыншы қалған асықты сақамен қосып, басынан асыра


жерге тастайды.Ұтқан асығыңды жинап отырасың. Шебер ойыншы қарсыласының асығын түгел ұтып алады.

Асықты тігіп ойнау

Бір топ бала, жастар жиылып келіп, тегіс жерді таңдап алады да оны тазартып, ортадан төрт бұрышты сызық сызады. Сол төрт бұрышты ортасынан тең етіп екіге бөледі. Әр жағының қашықтығы Балалардың жас мөлшеріне қарай белгіленеді. Содан 1-1,20 см немесе 1,5 мерге дейін болады.Мұны «Көн» деп атайды. Ойнаушылардың өзара келісімі бойынша көннен 4-5 метр не одан да көп мөлшерде асық ататын орын белгіленеді. Оны сызықпен белгілейді. Ойыншылар осы жерден тұрып көндегі асықты ататын болады. Ойынды кім бірінші болып бастайтынын сақа иіру арқылы анықтайды. Сақасы алшы түскен ойыншы бірінші болып ату кезегін алады.Ойыншы асыққа дәл тигізіп, оны көнбе сызығынан шығарса, оны алады да, сақасы түскен жерденқайта атады. Сөйтіп, көннен шығарғандарын ала береді.Егер оның сақасы көндегі асыққа тимей кетсе, асықты келесі

ойыншы атады.Ал тігілген асықтарды бұзып, бірақ көннен шығара алмаса, қалған ойыншылар асықтарды сол жатқан қалыбында атып, көннен шығарып алуы тиіс. Ойын көндегі асықтар бойынша біткенше ойнала береді. Көндегі асық біткен соң, ойынға қатынасушылар бір-бірден көнге қайта асық тігіп, ойын қайта басталып, жалғаса береді.

Тас қала

Асық ойынының ендігі бір түрі –«Тас қала». Ойынға қатынасушыларға шек қойылмайды.Олар тегіс жерді таңдап алып, шеңбер сызады да, дәл ортасына асықтарды бірінің үстіне бірін пирамида етіп жияды.Сонан соң асық тігілген жерден ойынға қатынасушылардың жас ерекшелігіне орай көн белгіленеді. Оның қашықтығы 7-8 метрден кем болмайды.Ойынды бірінші болып бастайтын ойыншыны анықтау үшін сақаларын иіреді. Кімнің сақасы бұрын алшы түссе, ойынды сол бастап, қалғандары да осы тәртіппен өз кезектерін алады.Алшы - бірінші, тәйке - екінші, бүк - үшінші, шік - төртінші.Егер ойыншының асығы омпа түссе, ол алшыдан жоғары болып есептеледі де, бірінші орынды сол алады.Егер де екі не үш адамның асығы алшы не бүк, не шік, не тәйке түссе, онда сақалар қайта иіріледі.Атушы «Тас қалаға» сақасын дәл тигізіп, бір асықты шеңберден шығарса, ойынды жалғастырып, сақасы түскен дерден қаита алады. Шеңберден атып шығарған асықтарын ала береді. Егер бірінші атушы тигізе алмаса, онда екінші ойыншы атады. Егер атқан ойыншы «Тас қаланы» бұзып, бірақ асықты шеңберден шығара алмаса, онда айыбын қосып «Тас қаланы» қайта тұрғызады.Егер атушы «Тас қаланы» бұзып, бір асықты шеңберден шығарса, онда қалған асықтарды шеңберден шығара алмағанға дейін ата береді.Қалған ойыншылар «Тас қаланың» бытырап жатқан қалдықтарын атып алады.Көнде жатқан асықтар түгелдей біткен соң, ойын қайта басталады.

Асық ойындары – Қазақ халқының ұлттық ойындарының бірі. Ұлттық ойындары көбінесе әр халықтың әлеуметтік – экономикалық жағдайларына, шаруашылық мүмкіншіліктеріне байланысты қалыптасқан. Қазақ халқының ұлттық ойындарының көбі табиғи заттармен ойнауға негізделген. Шаруашылығы мал шаруашылығына негізделгендіктен қазақ халқының ұлт ойындары да осыған икемделеді. Әсіресе, қойды көп өсіргендіктен, балалар ойынның көбі қой асығымен байланысты болып келеді. Сондықтан асық ойындары ұлт ойындарының ішіндегі арыдан келе жатқан көнелерінің бірі болып табылады. Асық ойыны баланың жастайынан нерв жүйелерін шыңдап, оларды дәлдікке, ұстамдылыққа, байсалдылыққа тәрбиелейді. Мұндай қасиеті болмаса, адамда төзімділік, шыдамдылық та болмайды. Ондай қасиеттері болмаса, адам ойында да, өмірде де көздеген мақсатына шыға бермейді. Бұл ойынның еңбектеген баладан, еңкейген кәріге дейін ойнайтын түрлері болған. Мен солардың ішінен балабақша бүлдіршіндеріне ойнауға ыңғайлы үлгілерін келтіріп отырмын. [Соқыр теке 2003 жыл 63 бет]

Асық ойындарын ұйымдастырылған оқу қызметінде пайдалану баланың алған білімін күнделікті өмірмен берік ұштастыра түсуге қолайлы, асық ойындарды үнемі пайдалана отырып, олардың ауызша есепке жаттығуына, логикалық ой жүйелерін жетілдіре түсуіне толық мүмкіндіктер береді дей келе мен өзімнің іс тәжірибемде бірінші кіші, екінші кіші, ортаңғы топ балаларына «Алтын асық айдалада қалмасын» дидактикалық ойындар жинағын жинақтап, өз тәжірибемде қолданып, осы жинақтағы өзімнің әдістемелік көмегімді, жинақтаған іс – тәжірибемді күнделікті ұйымдастырылған оқу қызметімде пайдаланып жүрмін. Ата - бабамыздың мұрасы «Асық» арқылы баланың білімін жетілдіріп, ойын арқылы ақыл - ойының дамуына, саусақ ұшы моторикасынын жетілдіруіне, баланың ауызша жауап беруге дағдылануына мықты көмек болары сөзсіз.

























Жүктеу
bolisu
Бөлісу
ЖИ арқылы жасау
Файл форматы:
docx
04.02.2019
410
Жүктеу
ЖИ арқылы жасау
Бұл материалды қолданушы жариялаған. Ustaz Tilegi ақпаратты жеткізуші ғана болып табылады. Жарияланған материалдың мазмұны мен авторлық құқық толықтай автордың жауапкершілігінде. Егер материал авторлық құқықты бұзады немесе сайттан алынуы тиіс деп есептесеңіз,
шағым қалдыра аласыз
Қазақстандағы ең үлкен материалдар базасынан іздеу
Сіз үшін 400 000 ұстаздардың еңбегі мен тәжірибесін біріктіріп, ең үлкен материалдар базасын жасадық. Төменде керек материалды іздеп, жүктеп алып сабағыңызға қолдана аласыз
Материал жариялап, аттестацияға 100% жарамды сертификатты тегін алыңыз!
Ustaz tilegi журналы министірліктің тізіміне енген. Qr коды мен тіркеу номері беріледі. Материал жариялаған соң сертификат тегін бірден беріледі.
Оқу-ағарту министірлігінің ресми жауабы
Сайтқа 5 материал жариялап, тегін АЛҒЫС ХАТ алыңыз!
Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытуға қосқан жеке үлесі үшін және де Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық материалыңызбен бөлісіп, белсенді болғаныңыз үшін алғыс білдіреміз!
Сайтқа 25 материал жариялап, тегін ҚҰРМЕТ ГРОМАТАСЫН алыңыз!
Тәуелсіз Қазақстанның білім беру жүйесін дамытуға және білім беру сапасын арттыру мақсатында Республика деңгейінде «Ustaz tilegi» Республикалық ғылыми – әдістемелік журналының желілік басылымына өз авторлық жұмысын жариялағаны үшін марапатталасыз!
Министірлікпен келісілген курс саны 12