Материалдар / Ұлттық білім беру моделі менің көзқарасыммен

Ұлттық білім беру моделі менің көзқарасыммен

Материал туралы қысқаша түсінік
Елімізде жеке тұлғaның, қоғам және мемлекет үшін бағдарланған тәрбиенің тұтас жүйесі өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Ұлттық білім беру моделі менің көзқарасыммен

Елімізде жеке тұлғaның, қоғам және мемлекет үшін бағдарланған тәрбиенің тұтас жүйесі өз дамуының жаңа кезеңіне аяқ басты. Сонымен қатар, орын алған оң өзгерістер білім беру ұйымдaры қызметінің тәрбие жүйесінде көрініс тапты. Қазіргі таңда, білім беруді ізгілендіруге, оқытудың инновациялығына қол жеткізілді, баланың еркін, жауапты тұлға ретінде дамуына жағдай тудыруға күш салынуда. Жаһандану жағдайында рухани құндылықтарымызға қайта оралып, жастарға саналы білім мен парасатты тәрбие беру мәселесі өзектілігімен айқындалады.

Ұлтымызды дәріптеп, рухымызды биіктетіп, ұлттық сенімімізді жігерлендіретін ұрпақтың болашағы – бізге, яғни ұстаздарға үлкен міндет. Ол үшін мұғалім кәсіби біліктілігін жаңа бағытта арттырып, білім мазмұнын жаңартып, тиісті әдіс-тәсілдерді қолданып, әдістемелік негіздерді қалыптастыруы керек. Өйткені білім әр адамға өмір бойы қажет екенін өмір тәжірибесі дәлелдеп отыр.Сонымен қатар, алдыңғы қатарлы технологияларды пайдалану білім беруді жаңарту ісіндегі маңызды буын болып табылады.

“Тәрбиесіз берілген білім адамзаттың қас жауы, келешекте оның өміріне опат әкеледі, адамға ең бірінші керегі тәрбие”-деп әл-Фараби айтқандай, тәрбие-жеке тұлғаның қалыптасуының ең басты факторы. Тәрбие мәселесі тұлғаның қалыптасу барысын сипаттайтын педагогика ғылымдарының көкейкесті мәселесінің бірі. Қазіргі тәрбие мазмұны ғасырлар бойы қалыптасып, белгілі бір тарихи кезеңде қоғамдық сананың даму ерекшеліктеріне, идеялық және құндылық ұстанымдарға байланысты жетіліп отырады.

“Бала тәрбиесі-мемлекеттің маңызды міндеті” деген Платоннан келе жатқан қанатты сөз тәрбие жүйесінің негізгі қағидасы. Өйткені ұрпақ тағдыры-ұлт тағдыры. Тәрбие-халықтың ғасырлай бойы жинақтап, іріктеп алған озық тәжірибесі мен ізгі қасиеттерін жас ұрпақтың бойына сіңіру, баланың қоршаған ортадағы қарым-қатынасын, дүниетанымын, өмірге деген көзқарасын қалыптастыру. Тәрбиенің түпқазығы ғибратты, ғұмырлы, ғасыр бойы бойымызға салт-дәстүрмен берілген ұлттық педагогика болып табылады.

Ұлттық сапаның өсіп, мәдени және рухани дәстүрлердің, тілдің қайта жаңғырған кезінде мектеп оқушыларын өз халқының рухани құндылықтарымен, ұлттық мәдениетімен, салт-дәстүрімен түбегейлі, неғұрлым терең таныстыру қажеттілігі туралы, яғни өткен мен бүгіннің және келешектің арасындағы рухани байланыс біріктіруші элемент болуы тиіс, бұларды жеткізуші-білім беру, мұғалімдер, дәстүрлер. Әрбір ұлт “өсуі” қажет, яғни ұлттық білім алудың, ана тілін, әдебиеті мен өнерін оқытуды ұйымдастыруға арналған инфрақұрылымды қалыптастыруға қатысудың, тұтас алғанда оқушылардың өз ұлтының мәдениетіне араласуының қажеттілігін ұғынуы тиіс.

Кейінгі кезеңде біздің қоғамымызда болып жатқан жағдайлардың көбі жас ұрпақты қазақтың халықтың педагогикасының идеяларына жаппай араластыру қажеттігі ерекше жолға қойылатын уақыт келеді деген үміт ұялатады көңілге. Көне әдет-ғұрып элементтері бүгінгі салт-дәстүрлерге күннен-күнге белсенді түрде енгізілуде.

Қазіргі уақытта жастардың өз ата-бабаларының халықтық салт-дәстүрлеріне, шынайы ұлттық музыкалық-поэтикалық, хореографиялық, бейнелеу шығармашылығына, қазақтың ұлттық киімдеріне, баспанасына, халықтық дүниетанымына қызығуы және ұмтылуы байқалады.

Егеменді ел жастарының санасына ұлттық ұлағатты қасиеттерді сіңіре білудің мәні зор. Ақынжанды, ақжарқын, шешен, өнерпаз, өнегелі халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан тәлім-тәрбиелік әдеттері мен ережелері, салт-саналық дәстүрлері жас ұрпақтың жан дүниесіне әсер етіп, санасына сіңсе, ұлттық мәдениетті игерген иман жүзді, инабатты ұрпақ жалпы адамзаттық асыл қасиеттерге ие болады.

Халқымыздың әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, ілтипаттылық, қонақжайлылық сияқты абыройлы қасиеттерін жас ұрпақтың ақыл парасатына азық ете білу үшін, әрбір ұстаз халық педагогикасын: сан ғасырларда қалыптасқан салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды жан-жақты терең біліп, тебірене іс-қимыл жасауға тиіс. Ұстаз ұлттық мәдениет үрдістерін өркениетті өмірмен байланыстырып, тәлім-тәрбиеге пайдалана білуге міндетті.

Әрбір халықтың рухани азығының қайнар бұлағы оның халықтық педагогикасы мен ұлттық салт-дәстүрлері болып табылады. Тән азығы мен жан азығының тепе-теңдігін сақтап, әсіресе, жан азығына басым көңіл бөлген халқымыз өміртануды діттеп, оның философиялық заңдылықтарын терең ұғынған. Жан азығынан мақұрым қалған адамның адамдық қасиеті жойылып кететінін ертеден ұғынған халқымыз жан азығын, ең әуелі, нәрестеге бесік жыры арқылы әуезді әуенмен беруден бастайды. Одан соң жас балдырған жеке сөздерді ұғына бастағанда-ақ, оған жақсы мен жаманды ажыратып түсіндіреді. Ол үшін тақпақ, санамақ, жаңылтпаш, жұмбақ, мазақтама, мақал-мәтел үйретіп, баланың тілін ширатып, ойын дамытады. Жас баланың нәресте, бөбек, балдырған кезіндегі адам болып қалыптасуы 1-5 жастың арасы десек, 6-10 жаста бала әдептілік негіздерін үйренеді, оның бойында тектік қасиеттер қалыптасады.

Адам өмірінің “алтын бесігі”-мектептің есігін ашқан балдырған жарығы мол жаңаша өмірде адамдық асыл қасиеттерді қастерлеп, өмір заңдылықтарын ана тілінде үйренеді.

Ұлттық мұраларымыздың тәлім-тәрбие саласының санқилы мәселелері біздің елімізде біршама уақыттан бері зерттеу нысанына айналуда. Қазақтың тәлім-тәрбие саласындағы ой-пікірлерінің ғылыми негіздерін жасап, бай мұра қалдырған аға ұрпақтың еңбектерін зерттеп-зерделеу өзектілігімен айқындалады. Бұл үдерісте Сыр сүлейлері тағылымдарының алатын орны ерекше. Қорқыт бабадан бастау алған Сыр сүлейлерінің шығармашылығы кейінгі ұрпаққа үлгі болар терең толғаулар, жыр-термелер, нақыл сөздерімен ерекшеленеді.

Замананауи қазақстандық қоғам “Мәңгілік ел” жалпыұлттық идеясын жүзеге асыру міндетін айқындап отыр. Тұңғыш Елбасы Н.Назарбаев: “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” атты мақаласында “Туған жердің әрбір сайы мен қырқасы, тауы мен өзені тарихтан сыр шертеді. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Әрбір өлкенің халқына суықта пана, ыстықта сая болған, есімдері ел есінде сақталған біртуар перзенттері бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс” деген болатын.

Бүгінде елімізде Қазақстандық патриотизмнің, азаматтықтың, руханилықтың саяси және адамгершілік мәнін түсіну, адамгершілік бағдарлы, әлеуметтік белсенді, үйлесімді дамыған тұлға қалыптастыру процесі жүріп жатыр. Жастарға бүгінгі күн талабына сай ұлттық тәлім-тәрбие беруде халқымыздың бай мәдени мұраларын, педагогикалық ой-пікірлерін, жинақталған ұлттық құндылықтарды зерттеп, жүйелеп, оқу-тәрбие процесіне пайдаланудың маңызы зор.

Бүгінгі таңда жастарға ұлттық тәрбие беру өзекті мәселелерге айналуда. Себебі, еліміздің өркениеті мен экономикасын тұрақтандыру, патриоттық сезімін арттыру жолында ұлттық тәрбие көздерімен сусындата білім беру қажеттігі туындап отыр.

Қорытындылай келе, халқымыз «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, өз ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген екен. Осы жерде қазақ халқының ұлы ақыны, ғалым М.Жұмабаевтың мына сөзі ойға оралады: «Ұлт тәрбиесі – баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтақ жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиіс. Және әр ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбиесі мен тәрбие қылуға міндетті» деген сөзі де соның дәлелі. Сондықтан да сан ғасырлар бойы сұрыпталған ұлттық құндылықтарымызды оқу-тәрбие процесіне енгізу арқылы болашақ ұрпақтардың бойына дарыту керек. Мәселен мақал-мәтелдерде адамгершілік, имандылық тәрбиесіне байланысты әдет-ғұрыптар насихатталса, жұмбақтар мен айтыстарда ақыл – ой тәрбиесі, өлең,жыр-дастандарда әсемдік тәрбиесінің негізгі принциптері, ал ертегілер халықтық әрбиенің сан алуан мәселелерін қозғайтын тәсілдік материал ретінде пайдалансақ деймін.Демек, халықтың педагогика– тәлім-тәрбиелік ой- пікірдің ілкі бастауы, халықтың руханимұрасы. Бұл жердегі еске алатын негізгі жайт осындай халықтың мұралардың бәрі бірдей кәдеге жарай бермейді, олардың озығымен қатар тозығы да бар. Ең негізгі мәселе – бұларды бүгінгі күннің талап-тілегімен байланыстыра пайдалана білу болмақ. Ахмет Байтұрсыновтың «Балам дейтін жұрты болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шығады?» Бұл ойдың түйіні өте тереңде жатыр, әрине. Сондықтан, келешек ұрпақ алдында қарыздар болмас үшін, бүгінгі күні босаңсып кеткен тәрбиені тез арада жолға қоймасақ, ертең кеш болуы әбден ықтимал.






Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!
Осы аптаның ең үздік материалдары
Педагогтардың біліктілігін арттыру курстары
Аттестацияда (ПББ) 100% келетін
тақырыптармен дайындаймыз
Аттестацияда (ПББ) келетін тақырыптар бойынша жасалған тесттермен дайындалып, бізбен бірге тестілеуден оңай өтесіз
Өткен жылы бізбен дайындалған ұстаздар 50/50 жинап рекорд жасады
Толығырақ