ЗАУРБЕКОВА
Ж.Т.
Жамбыл
облысы
Сарысу
ауданы
Саудакент
ауылы
Б.Адамбаев
атындағы
тірек орта
мектебі
ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР ҰРПАҚҚА
АМАНАТ
Жас ұрпақты тәрбиелеуде ұлттық
құндылық, ұлттық рух, ұлттық сананы назарға алу - бүгінгі қоғамның
талабы. Болашақта ұлттық сана-сезімі қалыптасқан, ұлттық мүдденің
өркендеуіне үлес қоса алатын, ұлттық құндылықтар мен
жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара ұштастыра алатын ұлтжанды
тұлғаны тәрбиелеу қазіргі ұлттық идеяның негізгі өзегі болып
саналады. Адамзат дамуындағы тұлғалық,
ұлттық құндылықтардың маңызы ертеден
–ақ ғұламалар назарындағы маңызды мәселе болғаны
анық. Хакім
Абай "Адамның жақсы болуы тегінде
емес, тәрбиесінде, ақылында, өнер, білімінде. Адамға үш алуан
адамнан мінез жұғады: ата-анадан, ұстазынан, досынан. Әсіресе,
олардың қайсысын жақсы көрсе, содан көп жұғады", - дейді. Ұлттық
құндылықтардың адам мінез-құлқы, саналы әрекеті арқылы көрінетінін
ескерсек, ғұламаның бұл аталы сөзінің мағынасының тереңдігін
көреміз.
Осы орайда біз төменде осы
ұлттық идеяны жүзеге асыру барысындағы ұстаздық дүниетаным, кәсіби
білім, күнделікті іскерлік тәжірибелерімізге сүйене отырып, бүгінгі
жас ұрпақ тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына
сіңіруді үш тұғырлы маңызды фактор аясында қарастырып талдау
жасадық.
Ең алғашқы да маңызды
фактор – отбасылық
тәрбие.
Баланың алғашқы әрі өмірлік
ұстазы – оның ата-анасы болып саналады.
Отанның да отбасынан
басталатынын ескерсек, ұлттық құндылықтардың дәні егілетін, ұлттық
тәрбиенің де отбасынан басталатыны ақиқат. Отансүйгіштік сезімнің
қалыптасуына ата-ана, ауыл аймағының ықпалы зор. Баланың ер жетіп
өсуі, бойындағы ұлттық құндылықтар мен рухани әлеміне сай алғашқы
адамгершілік қасиеттері отбасында қалыптасады. Халық даналығындағы
«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген мақал да осы алғашқы
тұғырдың маңыздылығының дәлелі деп
есептейміз. Жас ұрпақты тәрбиелеуде отбасында
ата-бабаларымыздан келе жатқан ұлттық дәстүр, салт-сана, ұлттық
тәрбие үлгісін ұғындырып, мәдениетті, адамгершілігі мол,
шығармашылық тұлға етіп қалыптастыруу- бұл қазіргі таңдағы өмір
талабы және әрбір ата-ананың басты мақсаты болуы
тиіс.
Екінші маңызды фактор – мектептегі оқу-тәрбие
ісі. Ұлттық құндылық белгілі бір
бағытты, мақсатты, жүйелі оқу-тәрбие қызметі негізінде жүзеге
асатын ғылыми көзқарас, адами мінез-құлық қоғамдық тәртіп пен
рухани дағдыны қалыптастыратын жүйе екені анық. Олай болса, ұрпақ
тәрбиесіндегі ұлттық құндылықтар негізі – рухани білім, ізгілік,
адамгершілік, парасаттылық, имандылық арқылы ұлт жанашырын, ертеңгі
ел мен жер иесін тәрбиелеуде мектептегі оқу-тәрбие ісінің үлесі
зор. Осы орайда жас ұрпаққа тәрбие мен білім беру саласында
халықтық педагогикаға негізделген, қазақ халқының салт-дәстүр,
әдет-ғұрпын, ұлттық мінез-құлық мәдениетін жастайынан меңгерту
арқылы олардың бойына ұлттық рух, ұлтжандылық, имандылық,
адамгершілік, ұлттық сана элементтерін қалыптастыру еліміздегі әр
білім беру ордасының ұлт алдындағы ұлы парызы деп
санаймыз.
Ұлттық құндылықтарды
қалыптастырудың үшінші маңызды факторы - әлеуметтік орта немес
қоғам. Ұлт ұстазы,
ұлы ағартушы А. Байтұрсыновтың:
«Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан болсын» деген
сөзінің уақыт өткен сайын өзектілігі артып келеді. Бұл аталы ойдың
астарында әр бала өзінің қоғам үшін маңызын, ұлт үшін қажеттілігін,
отбасы, ата-ана, ұстаз, ұлт алдындағы перзенттік парызын сезініп,
ұлттық құндылықтарын мақтаныш ететін ұлтжанды азамат болып өсуі
үшін – қоғам, әлеуметтік орта, ұлт жанашырлары ұрпақ тәрбиесіндегі
«өз уақытын» жіберіп алмауы тиіс деген ниетін ұғынуға
болады.
Жоғарыда айтылған ұлттық
құндылықтарды қалыптастырудың үш тұғыры – ұлт келешегі
жас ұрпақтың оқу – тәрбие
ісінде үйлесімділік заңына негізделуі шарт. Әр бала өзінің
онтогенездік даму кезеңі барысында ата-анасымен, ұстаздарымен,
әлеуметтік ортасымен де үйлесімдікте болуы тиіс. Себебі, бала
отбасындағы құндылықтарды сезім арқылы қабылдап, мектептегі
ұстаздар көмегімен сана арқылы түсінеді және қоршаған ортамен
қарым-қатынас нәтижесінде игереді. Демек, осы үш шарт орындалған
кезде ғана болашақ ұлтжанды тұлға бойында ұлттық қасиеттер мен
рухани құндылықтар бір-бірін толықтырады. Тұлға бойындағы рухани
құндылықтарды қалыптастырудың көзі - отбасы, әулет, әлеуметтік
орта, мектеп, мемлекет біртұтас механизм ретінде жұмыс жасаған
кезде ғана бұл мақсат өз деңгейінде табысты орындалады.
Нәтижесінде, ұлтық құндылық, ұлттық салт-сана, ұлттық парыз, намыс,
ұлттық рух, ұлттық салт-дәстүр, тұлға бойындағы ұлттық құндылықтың
жоғары көрсеткіші ретінде
қалыптасады.
Біздің ойымызша қазіргі
ұстаздар алдындағы ұлы мақсат – оқушыларға білім беру, тәрбиелеу
ісінде ата-бабадан қалған ұлттық мұра құндылықтарын, ұлттық сана,
ұлттық менталитет негіздерін қазіргі заманауи қоғамның
мәдени-рухани жетістіктерімен
үйлестіру.
Ұрпағымыз ұлттың өкілі ғана
емес, ол ұлттық рухымыздың мұрагері. Ұлттық сана сезімі жетілген,
ата-бабасының салт-дәстүрі сәтті насихатталған, ұлттық тәрбие
нәрімен сусындаған ұрпақ қана болашақта өз ұлтына қызмет етіп, өз
ұлтын, мемлекетін әлемдік өркениет талаптарына сай гүлдендіре
алады. Сондықтан да, бүгін біз, яғни ұстаздар қауымы
өскелең ұрпақтарды тәрбиелеуде ата-баба дәстүрі мен салт-санаға
негізделген ұлттық құндылықтарымыз арқылы жол көрсете алсақ,
болашақта жастарымыз жаһандану заманындағы адамзат қоғамының
әлеуметтік-мәдени өзгерістеріне, өзінің жасынан үш тұғырлы негіз
арқылы санасына сіңген «ұлттық кодын» сақтай отырып жоғары деңгейде
бейімделе алады деп сеніммен айтуға
болады.