Ұлттық құндылықтарды насихаттау – болашаққа
бағыт-бағдар беру
Ұлттық тәрбие баланың дүниеге
келген сәтінен бастап, үлкен азамат болғанға дейінгі өмірін
қамтиды. Халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары
баланың рухани байлығын дамытуға тікелей ықпал етеді. Балабақшадағы
ұлттық тәрбиенің мақсаты – балаларды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа
баулу, тарихы мен мәдениетін, салт-дәстүрін терең меңгеруге, ана
тілін қадірлеуге үйрету. «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында
балабақшада ұлттық құндылықтарды сіңіруге барлық жағдай жасалған.
Өткізілетін іс-шаралар, семинарлар, ҰІӘ және ойындар балалардың
қызығушылығын арттырып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге ықпал
етеді. Балабақша – баланың болашағын қалыптастыратын маңызды кезең.
Бұл жерде бала ең алғашқы білім мен тәрбиенің дәмін татып,
қоғамдағы өзіндік орнын табуға үйренеді. Сондықтан осы кезеңде
ұлттық құндылықтарды бала санасына сіңіру – әрбір тәрбиешінің
қасиетті борышы. Ұлттық құндылықтар – ата-бабамыздың ғасырлар бойы
жинақтаған рухани байлығы, қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрінің
іргетасы. Балабақшада бұл құндылықтарды насихаттау – балаларға
ата-тегін, ұлттық ерекшеліктерін түсіндіріп, ұлттық мақтаныш
сезімін оятуға бағытталған. Сондықтан балабақшада ұлттық
құндылықтарды насихаттаудың маңызы зор. Балаларға қазақтың
салт-дәстүрлерін, батырлар мен билердің ерліктерін, ұлттық
мерекелердің мән-мағынасын үйрету арқылы тарихымызды құрметтеуге
баулимыз.
Мемлекеттік тілді баланың
күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналдыру – ұлттық тәрбие
берудің негізгі шарттарының бірі. Балаға туған тілінде тақпақ
жаттатып, ән айтқызып, ертегілер оқыту арқылы тілге деген
сүйіспеншілік қалыптастырамыз. Ұлттық киімдер кию, ою-өрнектерді
тану, күй тыңдау, айтыс өнерімен танысу – баланың эстетикалық
танымын кеңейтетін маңызды құралдар. Осы орайда ұлттық
құндылықтарды насихаттауда ойын арқылы тәрбиелеу қте тиімді тәсіл.
Балаларға «Қыз қуу», «Асық ату», «Тоғызқұмалақ» сынды ұлттық
ойындарды ойнату олардың қазақ халқының өмір салтымен жақын
танысуына көмектеседі. Ұлттық ертегілер оқу, салт-дәстүрге
байланысты шығармашылық тапсырмалар орындау арқылы балалардың
қызығушылығы мен білім деңгейін арттыруға болады. Тәрбие сағаттары
мен ертеңгіліктерде, мәселен, наурыз мерекесін атап өту, қазақ
ертегілері мен батырлар жырын сахналау – ұлттық құндылықтарды
балаларға жеткізудің әсерлі жолы деп түсінемін. Сондай-ақ баланы
кесте тігу, ою-өрнек салу, киіз үйдің құрылымын түсіндіру сияқты
дәстүрлі қолөнермен таныстыру – ұлттық мәдениетті тануға мүмкіндік
береді. Әр халықтың рухани байлығы, мәдениеті мен әдебиеті, өнері,
ғылымы және жеткен жетістіктері сол ұлттың ерекше құндылықтарын
айқындайды. Ұлттық құндылықтар – қоғамның рухани тірегі және жас
ұрпақтың адамгершілік қасиеттері мен азаматтық болмысын
қалыптастырудың маңызды негізі. «Ұлттық құндылықтарды бойына
сіңірмеген ұрпақ халқына пайдалы азамат бола алмайды» деп Мұстафа
Шоқай атамыз бекерге айтпаса керек. ұлттық тәрбие отбасында
қалыптасады. Ата-ана баласына құндылықтарды тек сөзбен емес,
күнделікті іс-әрекеттерімен көрсетуі тиіс. Әрбір ата-ана өзінің
өмір салты, ұстанымы арқылы ұлттық тәрбиенің үлгісін көрсетуі
қажет. «Баланың бойында махаббат, қамқорлық, мейірімділік,
жанашырлық сияқты отбасылық құндылықтарды қалыптастыру арқылы біз
оны жауапты және саналы азамат етіп тәрбиелей аламыз. Ұлттық тәрбие
– халықтың ғасырлар бойы жинаған рухани қазынасы мен тәжірибесінің
жиынтығы. Ол ұрпақтан ұрпаққа беріліп келе жатқан тарихи және
мәдени мұралардың негізінде қалыптасады. Сондықтан баланың бойына
ұлттық құндылықтарды сіңіру, ана тілін құрметтеуге баулу, ата
салт-дәстүрлерін үйрету арқылы патриоттық сананы қалыптастыру –
маңызды үдеріс. Бұл – еліміздің болашағы үшін қажетті қадам. Ұлттық
құндылықтарды насихаттау – тек білім беру ғана емес, болашаққа
бағыт-бағдар беру. Өзінің кім екенін түсініп өскен бала ғана
отбасын, Отанын құрметтейтін азамат болып қалыптасады. Сондықтан
біз, тәрбиешілер, балалардың бойына ұлттық рух пен сүйіспеншілікті
сіңіру арқылы ел болашағына өз үлесімізді қосып жатырмыз деп
санаймыз. Ұлттық тәрбие – болашақтың кепілі. Сондықтан оған ерекше
көңіл бөлу – әрқайсымыздың басты
міндетіміз.