Мазмұны
1. Кіріспе………………………………………………………………………2 – 3
2. Негізгі бөлім
2.1. Көшпелілер қоғамындағы әдет - ғұрып құқығы……………………….4 – 5
2.2. Қасым ханның қасқа жолы……………………………………………….6 – 7
2.3. Есім ханның ескі жолы……………………………………………………8 – 9
2.4.Тәуке ханның Жеті жарғысы және Қазақтың тұңғыш
Конституциясы………………………………………………………….10 – 15
3. Қорытынды………………………………………………………………16 – 17
Пайдаланылған әдебиеттер……………………………………………………...18
Аннотация
Қазақстан Республикасында демократияға бағытталған құқықтық мемлекет құру идеясын жүзеге асыру үшін әрбір азамат өз құқықтарын жете білуі, соған сай сана-сезімдерін қалыптастыру керек. Азаматтың міндеті – заң талаптарын бұзбау. Себебі заң дегеніміз – өмірдің нәрі. Заңның ең басты мақсаттары – қоғамдағы адамдарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу.
Тарихқа көз жүгіртіп, бүгінгі күнге дейінгі уақытта жүріп өткен құқықтық жолды зерттеп, зерделеп, қазіргі уақытта оның пайдасы қаншалықты, қандай рөл алатындығы туралы зерттей келе, осы жұмыстың авторы, тарихи деректерге, құжат материалдарына сол кездегі тарихшылардың, ғалымдардың естеліктері, келтірген мәліметтері бойынша жұмыс істеген. Сол құжаттар негізінде Ұлы дала заңдарының атқарған рөлі туралы, оның қабылдану себептері туралы, жүзеге асу барысы жайында деректер келтіре отырып жазған.
Зерттеудің негізгі тәсілі – сол кездегі құжаттармен жұмыс жасау, фактілерді сөйлету, соған сараптама жасау арқылы автордың өз тұжырымын дәлелдеу болып табылады.
Көптеген құжаттарды оқи отырып, салыстыра келіп, автор Ұлы дала заңдарының алатын орны мен рөлінің зор екендігін айтады. Және де уақыт талабына сай өзгерістер болғандығын айтып өткен.
Қазақтардың әдет-ғұрып құқығының ерекше белгілерін атап айтқан.
Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы және Тәуке ханның «Жеті Жарғысы» туралы, көшпелі қоғамның құқықтық өмірінің ұзақ тарихынан мысалдар келтіре дәйектеген.
«Жеті Жарғыны» қазақтың бірінші конституциясы деген ұғым қалыптасқандғын айта келе Елбасы Н.Назарбаев бұл құжаттарды бірлік арқылы дербес мемлекеттікке жол салған қазақ халқының арманын меңзейтін құқықтық тарих ретінде бағалады, демократияның түп-тамыры болып саналатын биліктің үш тармақтылығы тұңғыш рет қазақ даласынан бастау алғандығы айтылған.
1. Кіріспе
«Ата Заң әркімнің бойтұмары болып, оның әрбір қағидасы мүлтіксіз
орындалғанда ғана ортақ мақсатқа қол жеткіземіз».
Н. Ә. Назарбаев.
Заңды білу – заман талабы. Бүгінде Қазақстан Республикасында демократияға бағытталған құқықтық мемлекет кұру идеясын жүзеге асыру үшін әрбір азамат өз құқықтарын жете білуі, соған сай сана-сезімдерін қалыптастыру керек. Азаматтың міндеті – заң талаптарын бұзбау, екінші жағынан, өзіне жүктелген міндетін орындау. Өйткені заң дегеніміз – өмірдің нәрі. Заңның мықтылығы – адалдығы мен әділдігінде. Заңның ең басты мақсаттары – қоғамдағы алуан мінезді адамдарды салауатты өмір салтына тәрбиелеу.
Ата заң – мемлекеттік құрылыммен қатар жариялы билік институтын белгiлейтiн ереже ғана емес, сонымен қатар, мемлекеттің қандай кұндылықты сақтау керек екендiгiн айқындайтын басты құжат. Конституция қағидаларын жүзеге асыру қоғам мен мемлекеттің өсiп-өркендеуiне, адам құқығының сақталуына, бiрлiк пен тұрақтылыққа жол ашады.
Тарих өткенді саралап, келер уақытқа өнеге қалдырады. Қазақстанда конституциялық құндылықтардың дамуының өзiндiк тарихи жолы бар.
Қазақ хандығы құрылғаннан бастап ұлтымыз жан-жағынан қаумалаған жаулардан қорғана отырып, дербес, қуатты да тұрақты мемлекет болуға тырысты. Алтайдан бастап Арқа асқан, Жайыққа жеткен ұлан-ғайыр жерiмiз сол күрестiң нәтижесi. «Ел боламын десең, бесiгiңдi түзе» қағидасымен дамуды көздеген бабаларымыз «Тәртiпке бағынған құл болмайды, тәртiпсiз ел болмайды» деген дала заңымен, салт-дәстүрiмен өмiр сүрді «Қасым ханның қасқа жолы», «Есiм ханның ескi жолы», Тәуке ханның «Жетi жарғысы» сынды дала заңдары осыны меңзейдi.
Елбасы Н. Назарбаев бұл құжаттарды бiрлiк арқылы дербес мемлекеттiкке жол салған қазақ халқының арманын меңзейтiн құқықтық тарих ретiнде бағалады.
Тарихқа көз жүгіртіп, бүгінгі күнге дейін жүріп өткен құқықтық жолымызға көз салып көрелік. Қазақтың дәстүрлі құқығы өте құнды рухани мұра. Дала заңдары жүздеген жылдар бойы қалыптасып, жетілдіріліп, дамытылып отырған. Ұрпақтан-ұрпаққа жеткен. Қазақтың дәстүрлік құқығы дәстүрлік әдет-ғұрыпқа негізделген, соның негізінде қаланатын материалдық әрі сот ісін жүргізу нормалары бар заң жиынтығы еді. Қысқа, оңай есте қалатын, сонымен бірге ұтымды сөз тіркестерінен құралған заң жүйесі. Дала заңдары аталған: «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» бүгінде Қазақстан Республикасының Конституциясымен сабақтасып жатқандай.
Қазақ халқының ел басқару мен заң шығару, сот ісін әділ жүргізу бағзы замандардан қалыптасқан. Көшпелі қоғамның құқықтық өмірінің ұзақ тарихы бар. Ол көшпенділер тарихының көне дәуірлерінен бастау алады. Көшпелі қоғамдағы құқықтық өмірдің құпиясы оның адами ажарында, рухани келбетінде, шешендік өнерінде жатыр. Сот билігі қазақ даласында кең тараған дамыған мемлекеттік биліктің формасы. Қазақ қоғамында сот билігі хан билігінен жоғары тұрды. Себебі, дала даналары ой-өрісі, білім парасаты мен қырағы шарапаты тұрғысынан жаһан ғұламалары Аристотель, Конфуций, И. Кант, Ж.Ж.Руссо секілді адамзаттың адал перзенттерімен тең дәрежеде тұрды. Сондықтан да, халық оларды «дала даналары» деп ардақтады.
Әдет-ғұрып құқығы құқықтық жүйенің тарихи тұнғыш түрі. Ол сол қоғамдағы құқықты, өзінің ішкі мәні мен мазмұны, сыртқы түр сипаты, іс - қимылды реттеу, жалпы болмысы адамзат мәдениетінің ерекше туындысының көрсеткіші.
Қазір осы әдет заңдарын іздестіру, жинау, жүйелеу және зерттеу ісіне көңіл бөлінуде. Қазіргі атақты ғалым-заңгерлеріміз С.З.Зиманов, Ғ. С. Сапарғалиев, Н.Өсерұлы, М.С.Нәрікбаев, З.Ж.Кенжалиев т.б. Көптеген ғалымдар қазақтың ата заңының бастаулары мен қайнар көздерін тереңнен зерттеуде.
Осылайша халқымыздың құқықтық болмысын және мәдениетін толық
игермей, оны өзіміздің мемлекетіміз бен құқықтық жүйеміздің алтын арқауы
етпей Республикамызда құқықтық мемлекет құруымыз мүмкін емес.
2. Ұлы дала заңдары
2.1. Көшпелілер қоғамындағы әдет-ғұрып құқығы
Қазақтың көне құқығы, ұлан-ғайыр еркін аймақта орналасқан түркі тілді көшпелі өркениеттің туындысы әрі мәдени жемісі, әрі мәдени мұрасы. Қазақтардың құқықтық жүйесін әдет-ғұрып құқығы құрайды. Бұл жүйені "адат" деп атады. Адат заңдастырылған әдет-ғұрып нормалары. Бұл нормалар қазақ қоғамының барлық жақтарын реттеп отырды. "Адат" араб тілінде әдет - ғұрып деген ұғымды білдіреді.
"Адат" («әдет») өте ерте кезден басталып, көптеген өзгерістермен және толықтырулармен қазақ қоғамындағы негізгі реттеуші нормалар ретінде 1917 жылға дейін созылды. Дегенмен "адаттың" құқықтық институттары ғасырлар барысында үлкен өзгерістерге ұшырамады.
Қазақтардың әдет-ғұрып құқығы мынадай ерекше белгілермен сипатталады:
1. Рулық, патриархалдық әдет-ғұрыптардың ұзақ сақталуы. Мұндай ерекшеліктердің сақталуы заңды нәрсе. Ру қазақ қоғамының негізі болды. Ал рудың негізі патриархалдық отбасы болды. Қазақ отбасының басшысы немесе отағасы отбасындағы шешуші адам болды. Бұл ерекшеліктердің бәрі де көшпелі экономикалық қатынастардың бейнелері болып табылады.
2. Қазақ әдет - ғұрып құқығы барымта, қанға - қан, жанға - жан, әмеңгерлік, өз бетімен сот ұйымдастыру сияқты өтпелі институттардың сақталуын қамтамасыз етті. Бұл институттар қазақ қоғамында және оның құқықтық жүйесінде ерекше орын алды.
3. Әдет - ғұрып құқығы бойынша, қылмыстық істер мен азаматтық істердің арасындағы айырмашылықтарға ерекше мән берілмеді.
4. Жерге жеке меншік құқының болмауы; қоғам мүшелерінің құқықтық жағынан теңдігі қазақ аристократиясының (сұлтандар, билер, қожалар) артықшылығымен ұштастырылды.
Қазақ ақсүйектерінің, әсіресе сұлтандар мен қожалардың артықшылығы ресми заңдастырылды. Ал ел билеу ісі тек сұлтандардың үлесі ретінде рәсімделді. Мұндай тәртіпті қоғамдық пікір де мойындады.
5. Жазаның түрлері салыстырмалы түрде гуманистік сипатта болды.
6. Құқықтық жүйе мен оның нормалары демократиялық сипатта болды.
Ең басты нәрсе, сол принциптердің өз мәнін, мазмұнын жоймай іске асуы болатын. Айталық, қылмыс пен жаза саласында – қанды кек не құн төлеу қағидасы, неке саласында – жеті атаға дейін қыз алыспау қағидасы, сот саласында – әділдік, жариялылық, шешендік қағидалары. Әдет - ғұрып құқығы – құқықтық әдеттер жинағы ғана емес, ол қағида, көзқарас, ой түсінік жүйесі де болып табылады.
Әдет - ғұрып нормаларының белгілі бір бөлігі мемлекет тарапынан қолдау тапты. Мемлекет оларға баса көңіл бөліп, өз мақсат - мүддесі тұрғысынан әсер етуге, өз қызметіне жаратуға әрекет жасады (жинастырды, жүйеледі, өз атынан жариялады).
Бірақ әдет - ғұрып нормалары оның ішінде Ереже жарғылары да, одан мемлекет заңына айналған жоқ, өзіндік өмір сүру мәнін жоғалтқан жоқ...
Қоғамдық тәртіп, демек, әдет - ғұрып нормаларын сақтап орындау да көшпелілердің "автономиялығына", дербестігіне, өздерін өздері басқаруға негізделген еді. Қазақтың әдет - ғұрып құқығы мынадай бастаулар негізінде қалыптасты:
біріншіден әдет - ғұрыптар – адат;
екіншіден билер сотының практикасы, билер съездерінің ережелері;
үшіншіден шариғат нормалары.[2]
Әдет - ғұрып, рәсім құқығы адамдар арасында қарым-қатынастар
ретінде көшпенділердің экономикалық тыныс-тіршілігінің негізін қалайтын жағдайлармен тығыз байланыста болды. Сонымен бірге мемлекеттік билік бекіткен рәсімдер мен салт-дәстүрлер құқықтық әдетке айналды. Әдет немесе заң сөздерімен бірге жора, жарғы, жол терминдері де қалыптасты.
Ауызша әдет-ғұрыптар ең көне заманнан, рулық қауымның қалыптасуынан бастау алады. Таптық катынастардың күшейіп, әлеуметтік жіктелудің артуына орай ауызша әдет - ғұрыптар құқықтық сипат алып билеуші топтардың мүддесіне қызмет ете бастады. Құқықтың бұл түрі қазақ қоғамының талаптары мен ерекшеліктеріне сай келді. Көшпелі қоғам жағдайында ұзақ уақыт сақталып қалған рулық қатынастар, патриархалдық отбасы, көшпелі мал шаруашылығы т. б. қатынастарды реттеудің бірден - бір тиімді жолы әдет - ғұрып құқығы болып табылды. Қазақ хандары әдет - ғұрып құқығының нормаларын жүйелеп жетілдіріп, қоғамның талаптарына орай өзгерістерге ұшыратып, оларға ресми сипат беріп отырды. Әдет Заңы бүкіл қазақ қауымы үшін Ата Заңы болатын. Мемлекеттегі барлық істер осымен өлшеніп, осымен бағамдалды, «Әдетке»бүгінге дейін ұлттық болмысымызға тән болып келген барлық әдет - ғұрыптар тән болды.
2. 2 Қасым ханның қасқа жолы.
"Қазақ хандығы мен сұлтандары арасында Қасым хандай
құдіретті ешкім болған емес"
М. Х. Дулати
Ұлы дала заңдары:
Қасым ханның (1510 - 1523) кезіндегі "Қасым ханның қасқа жолы", Есім ханның кезіндегі (1598 - 1628) "Есім ханның ескі жолы", Тәуке ханның кезіндегі (1680 - 1718) "Жеті жарғы" атты заңдар жинағы – Қазақ хандығының өміршеңдігіне бірден - бір ықпал еткен мемлекеттің Ата заңдары болатын.
XIV ғасырдың аяғында Шыңғыс хан ұрпақтары – Жәнібек пен Керей Қазақ хандығын құрды. Ал 1511 жылы билік басына Жәнібектің ұлы Қасым келді. Әскери қабілеті мен халықты соңынан ерте білу дарынымен танылған Қасым хан мемлекеттің нығайып, кеңеюіне бар күшін жұмсады. Ыдыраушылықты жою үшін қатаң тәртіп пен бағынушылық қажет еді. Қасым хан жаңа мемлекетті басқару аясында «Әдет» пен «Ұлы Жасаққа» негізделген заңдар жинағын жасап, әдет - ғұрып заңдарын алғаш жүйеледі. Қасым хан бірқатар көшпенділердің өмір салтына арналған маңызды реформа жүргізді. Қасым ханның қасқа жолы – қазақ халқының хандық дәуіріндегі әдет - ғұрыптық заң ережелерінің жиынтығы Қасым хандық құрған кезде (1511–1518 (1523)жж.) ел басқару ісінде қолданылған.
Негізі орта ғасырларда Қыпшақ, Шағатай ұлыстары қолданған «ярғу» заңынан (қазақша «жарғы» - хақиқат деген ұғымды білдіреді) алынған. Қасым хан өзі билік құрған кезеңде қазақ халқының этникалық аумағын кеңейту барысында әдет - ғұрыптық заңдарға арқа сүйеді. Тіпті шариғат қағидасын мығым ұстанған отырықшы аудандар да Қасым ханның қол астына өткен соң, әдет -ғұрыпқа сүйенген қазылық биліктерге жүгіне бастады. Қасым хан өз заңында Құран талаптарына қайшы келмейтін қазақи ғұрып ерекшеліктерін сақтады. Мысалы, жеті атаға дейін үйленбеу, әмеңгерлік, құдалық жол -жоралар, қазылық билік, т. б. Ол халықтың көкейінен шыққан әрі ежелден келе жатқан билік дәстүрді, әдет -ғұрыптық «жарғыны» жаңғыртып, күшейтті.[1]
Қасым ханның заңдары қылмыскерді жазалауда өмір жазасын шектеді, яғни екі жағдайда ғана өлім жазасы қолданылған. Бірінші, «қанға - қан», екіншісі керуенді тонағаны үшін «керуен соғу» деп аталатын өлім жазасы бекітілген.
Оның заңдары бес бөлімнен тұрды:
1 бөлім – мүліктік және жер қатынастарын реттеуші нормалардан тұрды.
2 бөлім – қылмыс пен жазаға қатысты құқық нормаларын жинақтады.
3 бөлім – әскери міндеттілік және оны орындау, сондай - ақ әскери тәртіпті бұзғандағы жазаларға байланысты құқықтық нормаларды қарастырды.
4 бөлім – елшілік жораларға қатысты, елшілерді тағайындау және қабылдау тәртібі, шет ел өкілдерімен келіссөздер жүргізу, дипломатиялық этикет мәселелері туралы нормалардан тұрды.
5 бөлім – қайтыс болғандарды жерлеу, еске алу, мерекелер өткізу, т. б. рәсімдерге арналды.
Қасым ханнан соң шамамен жүз жылдан кейін әдет - ғұрып құқықтары Есім ханның тұсында қайта жүйеленді.[7]
2. 3 Есім ханның ескі жолы.
«Ескі жол» – бір ғасырдан астам уақыт бойы қазақ халқының ең негізгі заңы болып келді.
Мемлекетті нығайтып, заң үстемдігін күшейткен келесі адам – Есім хан. Оның билігі тұсында XVI ғасырдың аяғында Қазақ хандығының жағдайы айтарлықтай күрделенді. Сырдария маңындағы қалаларға иелік ету үшін Бұхара хандығымен болған соғыс ұзаққа созылды. Қоғамда билікке деген сенім мен құрмет айтарлықтай төмендеді. Осындай жағдайда мемлекеттің ыдырауының алдын алу жолы – халықты ортақ мүддеге жұмылдыру, біріктіру еді. Есім хан халық жадында «Есім ханның ескі жолы» деген атпен танымал өзінің құқықтық ережесін жасады.
Есім ханның ескі жолы" – дәстүрлі қазақ қоғамындағы заңдардың жиынтығы. Оның негізін Қасым хан салған болатын (1511–1518 (1523)жж.). Заң жинағында Қыпшақ, Шағатай, және басқа ұлыстарда қолданылатын әртүрлі жарғылар енгізілді. Есім хан өзіне дейін көп өзгеріске ұшырай қоймаған Қасым ханның заңдарын іс жүзінде қолдануды өзі билік жүргізгенде қатаң талап етті. Қасымның заңы Есімнің арқасында сол дәуірдің әскери -саяси және әлеуметтік қажеттіліктеріне, халықтың тұрмысы мен дәстүріне сәйкес жетілдірілді, соның нәтижесінде бұл заң халық арасында кеңінен тарады. Бұл заң ережелері жермен, малмен байланысты материалдық тарап -арыз, қылмыстық іс туралы (ұрлық, кісі өлтіру және т. б.), әйелдердің жағдайы, әскери міндеттілік, дәстүрлі шаралар, кедейлерге көмектесу және
т. б. туралы мәселелерді қарады. Халық бұқарасы Қасым хан заңының ережелерін ұстауды қалады. Бұл заң жиынтығы Есім ханның құрметіне "Есім ханның ескі жолы" деп аталды.
Қалмақтармен соғыстардың күшеюіне байланысты Есім хан әскери міндеткерлікті күшейтіп, әскери тәртіпті бұзғаны үшін жазаларды қатайтты.
Есім хан негізінен бұрынғы Қасым хан тұсындағы құқықтық ережелерді қайталады. Сондықтан оны ескі жолды жалғастырушы ретінде " Есім ханның ескі жолы" деп аталды.[4]
«Ескі жол» аталуына қарағанда, Есім ханның заңдары ежелгі Алтын Орда тұсындағы низам – жарғыларға, одан бұрынғы Шыңғыс ханның «Жасақ» үлгісіне жақынырақ болған сияқты. Есім әсіресе ұлыстың әскери ұжымына қатысты мәселелерге ерекше мән берген деп шамалаймыз. Жеке тармақтары қандай болғанда да, негізгі ұстыны Қазақ Ордасының мемлекеттік жүйесі, өзіндік құрылымы, ел билеу жорасына арналған, азаматтық және құқықтық ережелер жинақталған. Есім хан тұсында ескі жолдың өзінен бұрынғы жарғыларға қосылған жаңа қырлары деп мыналарды атай аламыз:
«Хан болсын, ханға лайық заң болсын
Батыр болсын, жорық жолы мақұл болсын;
Абыз болсын, абыз сыйлау парыз болсын;
Би болсын, би түсетін үй болсын» ережелері.
2.4. Тәуке ханның «Жеті жарғысы» немесе Қазақтың тұңғыш Конституциясы.
Жеті жарғы – Тәуке хан (1678 – 1718) тұсында қабылданған қазақ халқының дәстүрлі әдеп - ғұрып заңдарының жинағы. ХVІІ ғасырда қазақ хандығының ыдырау қаупінің тууына байланысты Тәуке хан елдің ауыз бірлігін арттыратын шаралар қарастырып, хандық билікті нығайтуға күш салды. Қазақ қоғамының дамуы мықты билік пен бірлікті қамтамасыз ете алатын жаңа заңдар жүйесін қажет етті. Осы ретте Тәуке хан бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі әдеп -ғұрып заңдары мен өзінен бұрынғы хандардың тұсында қабылданған “Қасым ханның қасқа жолы” мен “Есім ханның ескі жолын” одан әрі жетілдіру арқылы жаңа заң жүйесін жасауға тырысты. Үш жүздің игі жақсылары мен билерін жинап, оның ішінде атақты Төле би, Қазыбек би, Әйтеке билер бар, Күлтөбенің басында “Тәуке ханның Жеті жарғысы” деген атауға ие болған заңдар жиынтығын қабылдады. Жеті жарғыға сүйенген қазақ билері ел ішіндегі дау - жанжалдар мен саяси маңызы бар мәселелерді тиімді шеше алды. Жаңа заң жүйесі қазақ халқының өмірлік мәселелерін барлық жағынан қамтыды, соның нәтижесінде Тәуке ханның билік еткен тұсы Қазақ хандығының барынша күшейіп, дәуірлеген кезі болды. Жеті жарғыдан кейін арнайы атаулы заң жүйесі жасалмағандықтан және Жеті жарғының өзі талап- тілекті қанағаттандырарлық деңгейде болғандықтан, оның көптеген жол - жобалары мен қағидалары ХХ ғасырдың басына дейін қолданылып келді.
Жеті жарғы қазақтың ұлттық шешендік өнеріне сай, негізінен, мақал – мәтелдерден, қанатты сөздерден құралған. Бұл жүйені мазмұндық - кезеңдік жағынан “Қасым ханның қасқа жолы” мен “Есім ханның ескі жолына” негізделген және Тәуке ханның өз дәуіріне, саясатына сай енгізілген өзгерістер деп үшке бөлуге болады.[5]
Онда жер дауы, отбасы және неке заңы, қылмыс пен құн дауына, ұрлық - қарлық, тонаушылыққа және куәлік ету мен ант беру рәсімдеріне орай қалыптасып, тұжырымдалған қазақтың ұлттық әдеп - ғұрып заңдары көрініс тапқан. Дауды әділ, тура шешкен билерді халық: «Қара қылды қақ жарған» деп мадақтайды. Ол заманда бас кетсе де әділ сөйлеген.
Бізге белгілі, «Қысам ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы» және Тәуке ханның «Жеті жарғысы» хан кеңесінің шешімі арқылы жарыққа шығып, елге таралған. Жәңгір ханның ұлы Тәуке «Қасым ханның қасқа жолын», «Есім ханның ескі жолын» өз дәуіріне сай етіп, сондағы ережелердің жеті түріне күрделі өзгеріс енгізген.
Тәуке хан билік құрған жылдары ол белгілі заң құқық жүйелері арқылы қазақ мемлекеттігін қалыптастыра бастады. Сөйтіп, әкімшілік басқару процесінде «билер кеңесі енгізілді. Бұл процесс қазақ хандығының саяси жүйесімен қатар мемлекеттің ішкі, сыртқы саясатын жүргізуде орасан зор рөль атқарды. Тәуке хан әдет -ғұрып заңдарын қайта жүйелеуге көп еңбек сіңірді. Жыл сайын күзге қарай Ташкенттен 40 шақырым жерде, Ангрен өзенінің сол жақ жағалауындағы Күлтөбе деген жерде үш жүздің өкілдері бір -екі айға жиналып, кеңес құратын. Бұл жиындарда халқымыздың тағдырындағы сыртқы жаулардан қорғану, көші - қон жолдарын реттеу, ел -жұрт арасындағы дау -дамайларды шешу сияқты ең маңызды мәселелер талқыланатын. Бұл жиындарда мемлекеттің сыртқы және ішкі жағдайына байланысты мәселелер дауыс беру негізінде шешілді. Жиынға қару асынып келген азаматтардың ғана дауыс беру құқықтары болды. Сонымен бірге қару ұстап келген азамат жылына өз байлығының жиырмадан бір бөлігін салық ретінде мемлекетке беруге міндеттелді. Жиынға қатысушы әр рудың өз таңбасы болды. Бұл таңбалар құрылтайда мемлекеттік рәміз дәрежесінде бекітілді. «Күлтөбенің басында – күнде кеңес» деген ұғым сол уақыттардан қалған.[8]
Қазақтың негізгі байлығы мал болғаны белгілі. Сондықтан «Жеті жарғы» заңдарына сай әр меншік иесі өз малдарына ен салуға міндеттелді. Сонымен қатар, әр рудың жайылым жер меншігі қатаң белгіленді. Жазалаудың ең көп таралған түрі – құн төлеу болған.
«Жеті жарғының» негізін салғандар Ұлы жүзден шыққан
Төле би Әлібекұлы (1663 – 1756), Орта жүзден шыққан
Қазыбек би Келдібекұлы (1667 – 1763) және Кіші жүз
Әйтеке би Бәйбекұлы (1682 – 1766) сияқты қазақтың атақты үш биі деседі. Бұлар — «Жеті жарғыны» тәптіштеп жасап қана қоймай, өмірдің барлық салаларында қолдануға көп еңбек сіңірген адамдар. Би дегеніміз – сот және басқа құқық мәселелерімен айналысатын, әділет жаршысы, заң адамы болған. Тәуке ханның заманында бұл жарғы талаптары қатаң сақталып отырған
«Жеті жарғы» 7 бөлімнен тұратын:
1. Жер дауы. Онда меншік құқығымен нормалары реттеліп жайлаулар мен су қорларын пайдалану бір жүйеге салынып отырды.
2. Жесір дауы. Онда жесірлермен жетім қалғандардың жеке бастарының құқығы және олардың мүліктеріне иелік реттеліп отырумен бірге ағайындарымен қарым - қатынастары қалыпты жүйеге түсірілді.
3. Отбасы - неке құқығының нормалары.
4. Сот процессін жүйеге түсіруші нормалар.
5. Мемлекетті басқару және әскери істерге байланысты құқық нормалар.
6. Айып төлеуге байланысты қылмыстық құқық нормалары.
7. Құн төлеуге байланысты қылмыстық құқық нормалары.[6]
"Жеті жарғының" бізге жеткен қазіргі нұсқаларының бір - бірінен өзгешеліктері бар. Оның қазақша нұсқасы бізге жетпеген. Бізге жеткені XIX ғасырдың алғашқы ширегінде орыс ғалымдары жазып алған нұсқалары.
Қазақ ғалымдарының ішінде “Жеті жарғы” туралы алғашқы пікір білдіргендердің бірі академик Ə.Х.Марғұлан “Жеті жарғыны” – жеті жарғыш, жеті, яғни жеті əділ, қара қылды қақ жарған билердің билігі дегенді қолдады. Сонымен бірге Ə.Х.Марғұлан “Қазақ совет энциклопедиясындағы” “Жеті жарғыға” арналған мақаласында оның мазмұнының жеті түрлі ережеден құралатындығы жайлы жазады. “Жеті жарғыға” кірген ережелер жетеу. Олар: 1).Мүлік заңы; 2).Қылмыс заңы; 3).Əскери заң; 4).Елшілік жоралары; 5).Жұртшылық заңы; 6).Жесір дауы; 7.Құн дауы”.[4]
1804 жылы Григорий Иванович Спаский Кіші жүздің жаппас руының старшины Көбек Шукірәлиевтен 11 фрагменттен тұратын "Жеті жарғының" нұсқасын алғаш рет жазып алып "Сибирский вестник" журналыңда жариялады.
Екінші нұсқа атақты тарихшы Алексей Ираклиевич Левшиннің 1832 жылы Санкт -Петербургте жарық көрген «Қырғыз-қазақ немесе қырғыз-қайсақ далаларының сипаттамасы» атты кітабында келтіріледі.
Бұл нұсқа 34 фрагменттен тұрады. Нұсқаларды мұндай фрагменттерге бөлу кейінірек жасалған. А. Левшиннің кітабы бойынша жеткен "Жеті жарғы" заңдар жинағының қазақша ықшамдалған аудармасы мына төмендегідей:
-Қанға қан алу, яғни біреудің кісісі өлтірілсе, оған ердің құнын төлеу (ер адамға - 1000 қой, әйелге - 500 қой);
- ұрлық, қарақшылық, зорлық -зомбылық жасаған адам өлім жазасына кесіледі, жазаны ердің құнын төлеу арқылы жеңілдетуге болады;
- денеге зақым келтірілсе, соған сәйкес құн төленеді (бас бармақ - 100 қой, шынашақ - 20 қой);
- төре мен қожаның құны қарашадан 7 есе артық төленеді;
- егер әйелі ерін өлтірсе, өлім жазасына кесіледі (егер ағайындары кешірім жасаса, құн төлеумен ғана құтылады, мұндай қылмысты екі қабат әйел жасаса, жазадан босатылады);
- егер ері әйелін өлтірсе, ол әйелінің құнын төлейді;
- ата - анасы өз баласының өлімі үшін жауапқа тартылмайды, ал анасы баласын қасақана өлтірсе, өлім жазасына кесіледі;
- өзіне -өзі қол салғандар бөлек жерленеді;
- егер екі қабат әйелді атты кісі қағып кетіп, одан өлі бала туса: бес айлық бала үшін – бес ат, 5 айдан 9 айға дейінгі балаға – әр айына 1 түйеден (анықтама үшін: 100 түйе – 300 атқа немесе 1000 қойға тең);
- әйел зорлау кісі өлтірумен бірдей қылмыс болып есептеледі. Мұндай қылмыс үшін еріне немесе қыздың ата - анасына құн төлеуге тиіс, егер жігіт өзі зорлаған қызға қалың төлеп үйленсе, жазадан босатылады;
- әйелі ерінің көзіне шөп салу үстінде ұсталса, ері оны өлтіруге хақылы, бірақ қылмысты сол сәтінде жария етуге тиіс; әйелінен сезіктенген еркектің сөзін 4 сенімді адам дәлелдеп беру керек. Егер олар теріске шығарса, әйел күнәсіз деп табылып, жазадан босатылады;
- біреудің әйелін күйеуінің келісімінсіз алып қашқан адам өлімге бұйырылады немесе ердің құнын төлейді, егер әйелдің келісімімен әкетсе, күйеуіне қалың төлеп, қосымшасына қалыңсыз қыз беруге тиіс;
- әйелді ренжіткен адам, одан кешірім сұрауға тиіс, сұрамаса, арсыздығы үшін айып салынады;
- қан алмастыру (7 ата ішінде) өлімге немесе ағайындар белгілеген жазаға бұйырылады; мұндай қылмыс бөтендердің қарауына берілмейді;
- құл өмірі құнсыз, ол қожайынның билігінде (қазақ құлдарды жалшы, малшы ретінде ұстап, кейін бөлек шығарып отырған);
- ата -анасына тіл тигізген ұлды мойнына құрым байлаған күйі қара сиырға теріс мінгізіп, өзін қамшымен сабап, ауылды айнала шапқылатады, ал қыз қол -аяғы байланып, анасының билігіне беріледі;
- ұрлық жасаған адам үш тоғызымен қайтаруға тиіс;
- ұрлық пен кісі өлтіруді қоса жасаған адам екі бірдей жазаға тартылады;
- ерінің ұрлығын біле тұра хабарламаған әйелі мен баласы жазаға тартылмайды, өйткені үлкеннің үстінен шағым айту әбестік саналады;
- өсиет ағайындар мен молданың қатысуы арқылы жасалады;
- барымтадан қайтқан мал төлімен қайтарылуға тиіс;
- дауды шешу билер мен ақсақалдарға жүктеледі;
- куәлікке кемінде екі немесе үш адам жүреді.[6]
"Жеті жарғыда" әкімшілік, қылмыстық, азаматтық құқық мәселелерімен қатар отбасы - неке, салық, дін, тәрбие, т. б. сияқты қоғамның жан -жақты мәселелері көрініс тапқан.
"Жеті жарғының" қағида ережелері барлық қазақ жүздерінің территориясында түгелдей қолданылған.
"Жеті жарғыны" жасаудағы мақсаттың бірі хандық өкімет пен феодалдар қазақтың әдет -ғұрыптық құқығы жүйесінен халық бұқарасының мүдделерін қорғайтын нормаларды алып тастау, хан және атақты билердің беделдерін қорғайтын ашық феодалдық сипаттағы нормаларды бекіту.
Әдет -ғұрыптардың бұл жинағын жазуға бастамашы болған байлар- батырлар тобы болды. Олар ерекше экономикалық және саяси мақсаттарын заңдастыруды ойлады.
Бай -батырлар тобы хандық билікті шектеуді заңдастырды, сонымен қатар олар жүзаралық және руаралық қатынастарға құқықтық реттеушілік роль беруге тырысты.
"Жеті жарғы" нормалары рубасы – билердің еңбекшілердің үстінен жүргізетін бүкіл сот билігін бекітті деп бағаланады. "Жеті жарғыға" қатысты мұндай пікірді белгілі ғалым жазушы М. Мағауин де қолдайды: Әз Тәуке ежелгі дәстүрді бұзды. Билікті биге берді. Нәтижесінде, ру көлемінен озып, ұлыс көлеміне жеткен, үлкен саяси күшке айналған билер уақыт оза келе өз ортасынан шыққан рудың, ұлыстың мүддесін көбірек күшейтетін болды, хан жарлығын жүре тыңдайтын болды.[2]
Әдет -ғұрып құқығының ережелері, соның ішінде "Жеті жарғының" қағидалары да билер сотының шешімімен байытылып отырды.
Қазақта нешеме ауыр дауларды оңай шешкен билер болды. Әсіресе мұндай шешімдерді Майқы би, Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би, т. б. билердің тәжірибесінен көбірек кездестіруге болады. Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев билеріміз туралы «Барша қазақ баласы аттарын ардақтап, айтқандарын жаттаған осы үш бабамыздың ел алдындағы еңбегіне, халық қамын жеген қасиетті ісіне көз жеткізіп баға беру қиын.... Үш данагөйдің өнегелі өмірі ел қамын жеген адал еңбегі, топ бастаған көсемдігі, от ауызды орақ тілді шешендігі мүлтіксіз әділдігі жөнінде айтар әңгіме аз емес»- деп әділ бағасын берген.
Қазақтың басқа билері оларға еліктеді, олардың шешімдерін басшылыққа алып, ұқсас істерді шешіп отырды. Тіпті атақты билердің биліктері (үкімдері) ұқсас істерді қарағанда міндетті басшылыққа алынатын кездер де болған.
Қазақ билері құқықтық шығармашылықпен де терең айналысты. Олардың құқықтық шығармашылығының айқын көріністерінің бірі билер съездерінің ережелері болып табылады.
"Жеті жарғының" өзі де билер съездерінің және билердің құқықтық шығармашылығының жемісі. Билер съездері әдет -ғұрып құқығының негізгі қағидаларын заман талабына қарай өзгертіп, байытып отырды.
Елбасы Н. Назарбаев бұл құжаттарды бiрлiк арқылы дербес мемлекеттiкке жол салған қазақ халқының арманын меңзейтiн құқықтық тарих ретiнде бағалады. Қазiр ғылыми ортада «Жетi жарғыны» қазақтың бiрiншi конституциясы деген ұғым қалыптасқан. Мұндай атауға негiз бар, себебi, аталған заң жинағында адамның жеке басының бостандығы, атап айтқанда, адам құндылығы – туылғаннан бостан болуы, тiптi құлдың және оның ұрпағының да еркiндiк алу қағидасы бекiтiлген. Бұдан тыс Отанды қорғау, әскери мiндеттiлiк, сайлау жүйесiн қалыптастыру туралы нормалар, өлiм жазасын құнмен ауыстыру мәселесi бүгiнге дейiн өзiнiң өмiршеңдiгiн көрсеттi. Оның үстiне хан жайлаған Қаратауда хандардың жарғылары Ереже болса, би жайлаған Алатаудағы билердiң сөздерi өз кезегiнде қазiргiдей жергiлiктi сот билiгi дәрежесiнде күрделi түйiннiң шешiмiн тауып, алауыздықты ауыздықтап, тұтастықты сақтап қалуға өз септiгiн тигiзген. Одан қалды барлығы бiрдей дауысқа ие кұрылтай жиналыс — бiздiң бүгiнгi заң шығарушы органымыз iспеттес.
Ал, хан – билер кеңесiмен бiрге өз кезегiнде қазiргi тiлмен айтқанда, атқарушы билiк рөлiн атқарған. Себебi, елдегi саяси - экономикалық жағдайды толықтай бақылауында ұстап отырған хандар, салық жинау, халықтың әлеуметтiк мәселелерiн қарастыру, iшкi тәртiп секiлдi атқарушы билiкке тиесiлi функцияларды атқарып келген.
Шартты түрде билiктiң үш тармағы сонау заманнан бастау алады. Яғни, қазақ даласында үш тармақты, бiр -бiрiне тәуелсiз билiк кұрылымы болғаны ақиқат.
Көшпелі қоғамдағы ата -бабалар қабылдаған дала заңдары дала демократиясының көрiнiсi және оны ешқандай ел тарихынан бөлiп қарауға болмайды. Демократияның түп - тамыры болып саналатын билiктiң үш тармақтылығы тұңғыш рет қазақ даласынан бастау алған. Алайда тарихтың осы бетi терең зерттеудi қажет етедi. Бұл бүгiнгi ұрпақ еншiсiнде.
Қорытынды.
Ата Заңымызды қабылдай отырып, бiз өз тәуелсiздiгiмiздi одан әрi нақтылай түстiк. Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және оның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары. Халық – билiктiң қайнар көзi екендiгi заң деңгейiнде бекiтiлдi. Мемлекет — Конституцияның түлегi. Себебi, конституция арқылы мемлекет өзiн халықаралық және iшкi деңгейдегi құқықтық мәртебесiн бекiтедi. Сол арқылы ол өз әрекетiн құқықтық қамтамасыз етедi. Конституция — мемлекетiмiздiң тұрақты дамуының кепiлi.
Конституция — бiздiң еркiндiгiмiздiң негiзi, тәуелсiздiк кепiлi. Конституция қағидалары толықтай елiмiздi демократияландыруға, экономикалық өрлеуге, халықаралық деңгейде өсуге, iшкi деңгейдi әлеуметтiк, саяси - құқықтық тұрақтылыққа, ауызбiршiлiкке шақырады.
30 тамыз елiмiзде заңмен бекiтiлген Мемлекеттiк мереке — Конституция күнi. 1995 жылы 30 тамызда бүкiлхалықтық референдумда Ата Заңымызды қабылдай отырып, Қазақстан өзiнiң кiм екенiн, болашақта кiм болатынын стратегиялық тұрғыда бекiтiп алды. Бұл Конституцияның тағы бiр ерекшелiгi -- халық пен оның жекелеген мүшелерiнiң өте маңызды заң құжатын өздерiнiң тiкелей қабылдауы Қазақстан тарихында тұңғыш рет жүзеге асырылуында жатыр.
Елiмiздiң Ата Заңы жүздеген жылдар бойы қалыптасқан адамзат баласының жалпы құндылықтарынан құралды. Конституциямызда адамдардың табиғи құқықтары мен бостандықтары, билiк институттарын демократиялық жолмен қалыптастыру және дамыту, Қазақстан аумағында азаматтық қоғам құру туралы прогрессивтi идеялар бекiтiлдi. Ол елiмiзде сан алуан идеологиялық, сенiмдiк, ұлттық, азаматтық ұжымдар мен топтардың бiрлесiп бейбiт өмiр сүруiн қамтамасыз етуге бағытталған. Ондағы бекiтiлген нормалар Қазақстан Республикасын гүлдендiру мақсатында елiмiздiң барлық азаматтарының бiрлесiп, бiр жеңнен қол, бiр жағадан бас шығарып қызмет етулерi үшiн жағдайлар жасайды.
Бүгiнде елiмiз — азаматтардың сөз еркiндiгi мен саяси құқықтық бостандығын бекiткен, мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешудi көздейтiн демократиялы, дiн iсiне араласпаса да әлемнiң дәстүрлi дiндерiн бiр дастарқан басына жинаған зайырлы, заң үстемдiгiн жоғары қойған құқықтық және бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму қағидасын ұстанатын әлеуметтiк мемлекет.
Мемлекет — халықтың жалдамалы аппараты қағидасын негiзге алсақ, мемлекеттiк қызмет саясаты да мемлекет тарапынан халыққа қызмет етуге, оны одан әрi жетiлдiруге бағытталған.
Иә, бүгiнде Қазақстан әлем таныған, әлеуетi дамыған, халықаралық аренада өз орны, мiнбеде айтар өз сөзi бар, қарқынды қадымдап келе жатқан экономикасы бар мемлекет. Аңсағанның арманы орындалған, тiлеушiнiң тiлегi қабыл болған киелi кең -байтақ жер. Бабалардың байрағы желбiреген, бүгiнгiнiң ұраны дүркiреген ұлы даланың болашағы кемел, жолы дара, алар асуы алда.
Пайдаланылған әдебиеттер:
-
Қазақстан тарихы, Көне заманнан бүгінге дейін. Бес томдық. «Атамұра», Алматы, 1998. 3-том, 373 бет.
-
Мағауин М. «Қазақ тарихының әліппесі» А., 1995. 21-бет.
-
«Қазақ ССР тарихы», Алматы, 1979. 2-том, 262-бет.
-
«Қазақ совет энциклопедиясы», 1-том, 643-бет.
-
Кенжалиев З.Ж. Көшпелі қазақ қоғамындағы дəстүрлі құқықтық мəдениет (теориялық мəселелері, тарихи тағлымы). – Алматы, 1997.
-
Зиманов С., Өсеров Н. “Жеті жарғы” жайлы //Проблемы казахского обычного права. – Алма- Ата, 1989. С. 122 - 141. 33.
-
Марғұлан Ə.Х. Қасым ханның қасқа жолы //ҚСЭ. – Алма-Аты, 1975. - Т. 6. 541 – 542 б.
-
Мемлекет жəне құқық тарихынан хрестоматия. (2 кітап). //Құраст. Н.Дулатбеков, Ж.Артықбаев, З.Тайшыбаев. – Алматы, 1998.
жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
«Ұлы дала заңдары»

шағым қалдыра аласыз