Материалдар / "Ұлы ғұлама Абай Құнанбайұлына 175 жыл!"
МИНИСТРЛІКПЕН КЕЛІСІЛГЕН КУРСҚА ҚАТЫСЫП, АТТЕСТАЦИЯҒА ЖАРАМДЫ СЕРТИФИКАТ АЛЫҢЫЗ!
Сертификат Аттестацияға 100% жарамды
ТОЛЫҚ АҚПАРАТ АЛУ

"Ұлы ғұлама Абай Құнанбайұлына 175 жыл!"

Материал туралы қысқаша түсінік
Ұлы ғұлама Абай Құнанбайұлына 175 жыл!
Авторы:
Автор материалды ақылы түрде жариялады. Сатылымнан түскен қаражат авторға автоматты түрде аударылады. Толығырақ
25 Қазан 2020
297
0 рет жүктелген
770 ₸
Бүгін алсаңыз
+39 бонус
беріледі
Бұл не?
Бүгін алсаңыз +39 бонус беріледі Бұл не?
Тегін турнир Мұғалімдер мен Тәрбиешілерге
Дипломдар мен сертификаттарды алып үлгеріңіз!
Бұл бетте материалдың қысқаша нұсқасы ұсынылған. Материалдың толық нұсқасын жүктеп алып, көруге болады
logo

Материалдың толық нұсқасын
жүктеп алып көруге болады

Ұлы ғұлама Абай Құнанбайұлына 175 жыл!

Абай Құнанбайұлы ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырғаны сөзсіз. Оның өлеңдері мен қара сөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы, тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, жаны, діні, ділі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін Абай әлемі деген бірегей құбылыс ретінде баға­ланды.

Өткен жылы Абайдың шығар­ма­ларынан үзінді оқу эстафетасы өтті. Ләйлім атты оқушы қыз ұсынған бұл елдік шараға мен де қатысып, қолдау көрсеттім. Мектеп оқушыларынан ел азаматтарына, тіпті әлемдік деңгейдегі танымал тұлғаларға дейін зор қызығушылық танытып, лезде іліп әкеткен бұл бас­тама бірнеше айға ұласты.

Соның арқасында бүкіл Қазақ­стан Абай мұрасын тағы бір зерделеп шықты. Бұл – Абайға деген құрмет әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі. Абай жырларын оқу челленджі биыл, ақын мерейтойы тұсында жаңаша жанданады деп сенемін.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында қоғамдық сананы қайта түлетудің маңыздылығы туралы айтты. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейімдеу мемле­кеттік маңызы бар мәселеге айналды. Өйткені сананы жаңғырту арқылы ХХІ ғасырда еліміздің тың серпінмен дамуына жол ашамыз.

Осы орайда Абай мұрасының тигізер пайдасы зор деп есептеймін. Ұлы ақынның шығармалары бү­гін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абай­дың ой-тұжырымдары барша­мызға қашанда рухани азық бола алады.

Сондықтан ұлтымызды жаңғыр­ту ісінде оның еңбектерін басшы­лыққа алып, ұтымды пайдалану жайын тағы бір мәрте ой елегінен өткізген жөн.

Мен бұл мақалада Абай сөзі­нің бүгінгі заманымыз үшін көкей­кестілігі, ақын шығарма­лары­нан халқымыз қандай тағылым алу­ға тиіс екендігі жөнінде жұртшы­лық­пен ой бөліскім келеді. 

Ұлттық болмыстың үлгісі

Жаңғыру – өткеннен қол үзіп, тек жаңа құндылықтарға жол ашу деген сөз емес.

Шын мәнінде, бұл – ұлттық мұра­ларымызды бүгінгі оң үрдістермен үйлестіре дамытуды көздейтін құбы­лыс. Бұл ретте, біз Абайды айналып өте алмаймыз. Себебі ұлы ойшыл осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын ұлтты жаңғыруға, жаңаруға, жаңа өмірге бейім болуға шақырған.

Елбасымыздың: «Заманалар ауысып, дүние дидары өзгерсе де, хал­қы­мыздың Абайға көңілі айнымайды, қайта уақыт өткен сайын оның ұлы­лығының тың қырларын ашып, жаңа сырларына қаныға түседі.

Абай өзінің туған халқымен мәңгі-бақи бірге жасайды, ғасырлар бойы Қазақ елін, қазағын биіктерге, асқар асу­ларға шақыра береді», – деген өнегелі сөзі ақын мұрасының мәңгілік өсиет ретінде бағаланатынын айқын аңғартады.

Абайдың шығармаларына зер салсақ, оның үнемі елдің алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болғанын, осы идеяны барынша дәріптегенін байқаймыз. Ал ілгерілеудің негізі білім мен ғылымда екенін анық білеміз. Абай қазақтың дамылсыз оқып-үйренгенін бар жан-тәнімен қалады. «Ғылым таппай мақтанба» деп, білімді игермейінше, биіктердің бағына қоймайтынын айтты. Ол «Біз ғылымды сатып мал іздемек емес­піз», – деп тұжырымдап, керісінше, ел дәулетті болуы үшін ғылымды игеру керектігіне назар аударды. Ұлы Абай­дың «Пайда ойлама, ар ойла, Талап қыл артық білуге» деген өнегелі өсиетін де осы тұрғыдан ұғынуымыз қажет.

Бұл тұжырымдар қазір де аса өзекті. Тіпті бұрынғыдан да зор маңызға ие болып отыр. Себебі ХХІ ғасырдағы ғылымның мақсаты биікке ұмтылу, алысқа құлаш сермеу екенін көріп отырмыз.

Ал біздің міндетіміз – осы ілгері көшке ілесіп қана қоймай, алдыңғы қатардан орын алу.

Ол үшін ең алдымен, білім беру саласын заманға сай дамытуымыз керек. Сол мақсатта ауқымды жұмыстар атқа­рыл­ғанымен, отандық білім беру ісінде әлі де олқы тұстар бар. Оны жетіл­діру жолдарын сайлау алдындағы бағдар­ламамда және өткен жылғы тамыз конференциясында нақты атап көрсеттім.

«Педагог мәртебесі туралы» заңның қабылдануы – осы бағыттағы игі бас­тамалардың бірі. Бұл – сапалы білім беру ісін жетілдіруге арналған қадам. Жалпы кез келген қоғамда ұстаз­дың орны бөлек. Мұғалімдер білімді әрі саналы ұрпақ тәрбиелеу ісінде аса маңызды рөл атқарады. Ұстазға құр­мет көрсетіп, қадірлеу – бәріміздің мін­де­тіміз. Сондықтан мемлекет мұғалім мамандығының мәртебесін көтеріп, алаңсыз жұмыс істеуіне жағдай жасауы керек.

Абай айрықша дәріптеген игілікті істің бірі – тіл үйрену. Ақын жиырма бесінші қара сөзінде өзге тілдің адамға не беретініне тоқталып: «Әрбіреудің тілін, өнерін білген кісі оныменен бірдейлік дағуасына кіреді, аса арсыздана жалынбайды», – дейді.

Демек, өзімізден озық тұрған жұрт­пен деңгейлес болу үшін де оның тілін меңгерудің маңызы зор.

Ал қазіргідей жаңа тарихи жағ­дайда бәріміз ана тіліміздің дамуы мен дәріптелуіне назар аударып, оның мәртебесін арттыруымыз керек. Сонымен қатар ағылшын тілін үйре­нуге де басымдық беру қажет. Жаста­рымыз неғұрлым көп тілді меңгерсе, соғұрлым мүмкіндігі кеңейеді. Бірақ олардың ана тілін білуіне баса мән берген жөн. Өскелең ұрпақ, Абай айтқандай, ғылымды толық игерсе, өз тілін құрметтесе әрі шын мәнінде полиглот болса, ұлтымызға тек игілік әкелері сөзсіз.

Қазір әлем күн сайын емес, сағат сайын өзгеруде. Барлық салада жаңа міндеттер мен тың талаптар қойылуда. Ғылымдағы жаңалықтар адамды алға жетелейді. Ақыл-оймен ғана озатын кезең келді. Заман көшіне ілесіп, ілгері жылжу үшін біз сананың ашықтығын қамтамасыз етуіміз керек. Бұл қадам өркениеттің озық тұстарын ұлттық мүддемен үйлестіре білуді талап етеді. Мұндай кезде өзіміздің таптаурын, жадағай әдеттерімізден бас тартуымыз қажет.

Абайдың кейбір қарекеттерге көңілі толмай, «Терең ой, терең ғылым іздемейді, Өтірік пен өсекті жүндей сабап» деп үнемі сыни көзбен қарауының себебі осында.

Ақын ел-жұртын түрлі өнерді игеруге үгіттеді. Соның бәрі уақыттың талабы екенін ол анық аңғарып, ұлтына ертерек үн қатты. Тіпті қазір айтып жүрген интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды деуге болады. Ұлы ойшыл әр сөзімен ұлттың өресін өсіруді көздеді.

Сондықтан Абайды терең тануға баса мән бергеніміз жөн. Абайды тану – адамның өзін-өзі тануы. Адамның өзін-өзі тануы және үнемі дамып отыруы, ғылымға, білімге басымдық беруі – кемелдіктің көрінісі. Интеллектуалды ұлт дегеніміз де – осы. Осыған орай, Абай сөзі ұрпақтың бағыт алатын темірқазығына айналуы қажет.

Абай қазақтың әр баласын ұлт­жанды азамат етіп тәрбиелеуге ша­қыр­ды. Оның мұрасы – парасатты пат­риотизмнің мектебі, елдікті қадірлеудің негізі. Сондықтан азаматтарымыздың көзі ашық болсын десек, Абайды оқу­дан, ақын өлеңін жаттаудан жалық­паған жөн.

Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйре­нуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты.

Абайдың мол мұрасы қазақ ұлтының жаңа сапасын қалыптастыруға қызмет етеді. Оның шығармаларындағы ой-тұжырымдар әрбір жастың бойында халқына, елі мен жеріне деген патриоттық сезімді орнықтырады. Сондықтан хакім Абай еңбектерінің нәрін өскелең ұрпақтың санасына сіңіру және өмірлік азығына айналдыру – ұлтты жаңғыртуға жол ашатын маңызды қадамның бірі. 

Мемлекет ісінің мүдделесі

Біз егемен ел ретінде өсіп-өркен­деуі­міз үшін мемлекеттілігімізді нығай­туымыз керек.

Заң үстемдігін және қоғамдық тәртіпті сақтау баршаға ортақ міндет екенін ұғынған жөн. Халықтың билікке деген құрметі болмаса – елдігімізге сын. Сондықтан азаматтарға, әсіресе, жастарға мемлекетті сыйлаудың мән-ма­ңы­зын түсіндіру қажет. Осы ретте тағы да Абайдың мұрасына зейін қойған абзал.

Ұлы ақын өзінің шығармаларында елдік мұратты асқақтатып, ұлт бірлігін биіктетті.

Ол әділетті қоғам құру идеясын кө­тер­ген. Демек, Абайдың көз­қарастары ХХІ ғасырдағы Қазақстан қоғамы және оның береке-бірлігі үшін аса құнды. Хакім Абайдың ұстанымдары өркениетті мемлекет қағидаларымен үндеседі. Заң үстемдігі, биліктің ашықтығы мен халық алдында есеп беруі жоғары деңгейде болып, мемлекет ісіне азаматтық қоғам өкілдері белсене араласқан жағдайда ғана әділеттілік берік орнығады.

Менің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» атты тұжырымдамам дәл осы әділетті қоғам идеясын дамыту мақсатымен ұсынылды. Билік пен қоғам арасындағы сындарлы диалог мемлекетке деген сенімді нығайта түседі. Үкімет мүшелері, соның ішінде министрлер мен әкімдер мемлекеттік және қоғамдық маңызы бар мәселелерге қатысты шешім қабыл­даған кезде азаматтардың ұсы­ныс­­тары мен тілектерін ескеруі керек. Мұны Абай меңзеген әділетті қоғам қа­­лып­­тас­тырудың бірден-бір шарты деп білемін.

Ұлы ақын «Келелі кеңес жоғалды, Ел сыбырды қолға алды» дегенді бекер айтқан жоқ. Елге билік жүргізетіндерге жұрттың көңілі толмайтынын да аңғартады.

«Сыбырдан басқа сыры жоқ, Шаруаға қыры жоқ» замандастарымыз көбеймес үшін билік халыққа әрдайым құлақ түріп отырғаны жөн. Мемлекет пен қоғам өкілдері түйткілді мәселелерді бірге талқылап, шешімін табу мақсатында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесін құрдық. Кеңес формальды сипат алып кетпеуі үшін оның мүшелерімен арнайы кездесіп, жұмысын жіті қадағалап отырмын.

Абай шығармаларында меритократия мәселесіне де айрықша мән берілген. Ол адамды мәртебесіне қа­рай емес, талабы мен еңбегіне қарап баға­лаған. Ұлы ақын қазақ жастарына жөн-жоба көрсетіп, бағыт-бағдар берген.

Қазір Қазақстанда саяси жаңғыру үдерісі жүріп жатыр. Елбасының қолдауымен билікке басшылардың жаңа буыны келе бастады. Соған қарамастан, елімізде түбегейлі саяси өзгеріс керек деген ойлар да жиі айтылып жатады. Бірақ бұл мәселе бойынша ұлттық мәмілеге келудің, мемлекет мүмкіндіктерін шынайы баға­лаудың және жүктелген міндетке жауап­кер­шілікпен қараудың маңызы зор.

Өзгеріс деп байбалам салатындар еліміздің болашағын байыптамайды, жай ғана популистік идеяларға табан тірейді.

Популизм теріс тенденция ретінде дүниежүзілік сипат алды. Әлемнің түкпір-түкпірінде нақты стратегиясы жоқ, тек жалаң ұрандар арқылы билікке жеткісі келетін топтардың дауысы жиі естілуде. Осындай даңғазаға құмар адамдар туралы Абай: «Қу тілменен құтыртып, Кетер бір күн отыртып», – дейді. Расында, бұл – кез келген елдің дамуын кенже қалдыратын, ұлттың бірегейлігін әлсірететін қауіпті үрдіс.

Бізге, Абай айтқандай, артық мақ­танға салыну, өзгені қор, өзімізді зор санау, дау қуу әсте жараспайды. Әр қадамымызды анық басып, әлемде және елімізде болып жатқан оқиғаларды байыппен сараптай білуіміз қажет. Тұрақтылық пен дамуымыздың кепілі болған татулық пен бірлікті бәрінен жоғары қойған абзал. Мемлекет мүддесін көздесек, әуелі сабақтастық сақталып, төгілген тер мен атқарған еңбектің далаға кетпеуін ойлайық.

Осындай саясат жүргізген кезде ғана барлық стратегиялық мақсаттарымызға қол жеткізіп, Қазақстанды озық дамы­ған мемлекеттердің қатарына қоса аламыз. 

Жаңа қоғамның жанашыры

Жаңа Қазақстанның өзегін жаңа қоғам құрайтыны анық. Бұл ретте, ең алдымен, ұлтымыздың қадір-қасиетін арттырып, халқымыздың бәсекеге қабілет­тілігін жетілдіруге баса мән беруіміз керек. Сондай-ақ қоғамның дамуына кедергі келтіретін, береке-бірлігі­мізге іріткі салатын жағымсыз қасиеттерден арылу қажет.

Бүгінде дүние жүзінің бірқатар интел­лектуалдары классикалық капита­лизм дағдарысқа тап болғанын ескертіп, оның болашағына күмәнмен қарайды.

Себебі әлемде бай мен кедейдің, білім­ді мен білімсіздің, қала мен ауыл­­дың арасы алшақтап кетті. Бұл үде­ріс­тің қарқыны барған сайын күшейіп келеді. Бизнес тек пайда көз­десе, бі­лім­ділер бөлек орта қалып­тастырды, әр­қайсысы өздері үшін ғана жауап­кершілік арқалайтын болды.

Қалалар тез өсіп-өркендеп, шағын елді мекендердің дамуы тұралады.

Ғалымдар мұның барлығы әлеумет­тік жауапкершіліктің әлсірегенінен деп есептейді.

Әлеуметтік жауапкершілік қайт­кенде орнына келеді? Әрине, бұл – оңай шаруа емес. Осы күрделі мәселенің шешімін Абайдың «Толық адам» формуласынан іздеген жөн. «Толық адам» деген сөз ағылшын тіліндегі «A man of integrity» түсінігіне сай келеді. Бұл – тек өте ілкімді, өзіне сенімді, ізгілік пен жақсылыққа ұмтылатын адамдарға ғана тән сипаттама. Қазір тарап жатқан осы ұғымды Абай сонау он тоғызыншы ғасырдың өзінде-ақ түсіндіріп айтты.

Адам өмірі тұтасымен түрлі қарым-қатынастардан құралады. Онсыз адам қоғамнан бөлініп қалмақ. Ал қа­рым-қатынас міндетті түрде өзара жауап­кершілікті туғызады. Бұл жауапкер­шілік қара басының қамын биік қоятын өзімшілдік араласқан кезде бұзылады. Сондықтан Абай: «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста, Сонда толық бо­ласың елден бөлек», деп адамға нұрлы ақыл мен ыстық қайраттан бөлек, жылы жүрек керек екенін айтады.

Осы үш ұғымды ол үнемі бірлікте қарастырады, бірақ алдыңғы екеуі жүрекке бағынуы керек деп есептейді. Бұл – қазақ халқының өмірлік философиясы.

Осындай таным-түсінікпен өмір сүрген халқымыз өзі қиын жағдайда отырып, өзге ұлттарды бауырына басқан. Өзі асқа жарымай қиналса да, бір тілім нанын бөлісіп жеуді парыз санаған. Үнемі үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетіп, сүрінгенге сүйеу, жығылғанға демеу бола білген. Осы құндылықтарды дәріптеп, бүгінге жеткізу арқылы халқымыз өзінің ұлт ретінде сақталуы үшін барын салған.

Біз Абайдың «толық адам» тұжыры­мын қайта зерделеуіміз керек. Бұл бағытта ғалымдарымыз тың зерттеу­лерді қолға алуы қажет. «Толық адам» концепциясы, шындап келген­де, өмірі­міздің кез келген саласының, мемле­кетті басқару мен білім жүйе­сінің, биз­нес пен отбасы институттары­ның негіз­гі тұғырына айналуы керек деп есеп­теймін.

Абай шығармашылығына арқау болған тақырыптың бірі – масыл­дықпен күрес. Ақын үнемі уайымсыз салғырттыққа, ойын-күлкіге салын­бай, сергек болуға үндейді. Оны ұдайы ең­бек арқылы шыңдап отыруды құп көре­ді. Сонымен қатар орынды әре­кет­­тің уайым-қайғыны жеңетінін дәлел­­деп, масылдықпен күрестің психо­ло­­гия­лық қырларына терең бойлайды. Қазір біз көп айтып жүрген эмоцио­нал­ды интеллектіге де сол тұста назар ау­дар­ды. Мақтан мен масылдық психо­ло­­гия­дан арылып, қайраттанып еңбек етуді, талаптанып білім іздеуді насихат­таған.

Абай өлеңдеріндегі «Еңбек етсең ерінбей, Тояды қарның тіленбей», «Тамағы тоқтық, Жұмысы жоқтық, Аздырар адам баласын», «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, Еңбегің мен ақылың екі жақтап» – деген қазыналы ойлар бәрімізге жақсы таныс. Әр адам осы түйінді тұжырымдарды санасына берік тоқып, өзінің тынымсыз, адал ең­бегі­мен айналасына үлгі болуы керек.

Халқымыз еңбектің қадірін біледі. Біз ата-аналарымыздың тылдағы ауыр еңбегі жеңіске жетелеген орасан күшке айналғанын ұмытқан жоқпыз. Қазір де қарапайым еңбек адамдарының үлгілі істері жетерлік. Жақында солардың біразы мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Ең бастысы, бүгінгідей бейбіт кезең­де әр азамат өзінің еселі еңбегі еліміз­дің экономикасын ілгерілетуге тікелей ықпал ететінін түсінуі қажет.

Абайды өз заманындағы іскерлік­тің ұйытқысы, еңбекқорлықтың мо­ти­ваторы деуге болады. Ұлы ой­шыл шығармаларында кәсіптен нә­сіп тапқандарды, шаруақорлыққа үйре­ну дағдыларын үлгі етеді. Ол тұрмыс сапасын жақсарту үшін еңбек ету­дің жаңа тәсілдерін меңгеруге шақы­рады. Сонымен қатар ақын баста­машыл­дықты, кәсіптегі адалдықты жоғары қояды. Мысалы, өзінің оныншы қа­ра сөзінде «Ерінбей еңбек қылса, түңіл­мей іздесе, орнын тауып істесе, кім бай болмайды?», деп тұжырым жасайды.

Абайдың ойынша, табыс табу үшін қолөнер үйрену керек. Себебі «мал жұтайды, өнер жұтамайды» (отыз үшінші қара сөз). Ұлы ақынның бұл ойлары бүгінгі Қазақстан қоғамы үшін де өзекті деп санаймын. Сондықтан біз бүгінгі таңда шикізатқа тәуелділік психологиясынан арылуды, шағын және орта бизнесті барынша өркендетуді негізгі басымдықтың бірі ретінде белгілеп отырмыз. 

Әлемдік мәдениеттің тұлғасы

Қазіргі өркениетті мемлекеттердің барлығы дерлік шоқтығы биік тарихи тұлғаларымен мақтана алады. Олардың қатарында саясаткерлер, мемлекет және қоғам қайраткерлері, қолбасшылар, ақын-жазушылар, өнер және мәдениет майталмандары бар. Қазақ жұрты да біртуар перзенттерден кенде емес. Солардың ішінде Абайдың орны ерекше. Бірақ біз ұлы ойшылымызды жаһан жұртына лайықты деңгейде таныта алмай келеміз.

Мен көп жылғы дипломатиялық қызме­тімде басқа елдердің саясаткер­лерімен, түрлі сала мамандарымен жиі кездестім. Шетелдіктермен адамзатқа ортақ көптеген түйткілді мәселе туралы пікір алмасып, ой бөлістім. Жалпы, олар Қазақстанның саяси және экономикалық жетістіктері жөнінде жақсы біледі. Ал рухани және мәдени құндылықтарымызбен жете таныс емес. Осы орайда «Неге қазақтың бітім-болмысын, мәдениетін Абай арқылы танытпаймыз?», деген сұрақ туындайды.

Ғұлама Абай – қазақ топырағынан шыққан әлемдік деңгейдегі кемеңгер. Ол күллі адамзат баласына ақыл-ойдың жемісін сыйлады.

Абайдың ақындық қуатының терең тамырына үңілген зерттеушілеріміз оның қазақ фольклорынан, Шығыс пен Батыстың сөз өнерінен, орыс әде­биетінен, тарихи еңбектерден сарқыл­мас нәр алғанын айтады.

Абайдың асқан ойшылдығы оның діни талғам-танымынан да айқын көрінеді. «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас», дейді. Бұл ой-тұжырымға Шығыс пен Батыс философтарының еңбектерін терең біліп, зерттеп, зерделеп барып жеткені анық. Ал отыз сегізінші қара сөзінде Аллаға деген көзқарасын толық білдіреді.

Абайдың рухани өресіне баға берген дінтанушы философ ғалымдар оның «кәміл мұсылман» ұғымына ерекше назар аударады. «Кәміл мұсылман» ұғымы тек қазаққа ғана емес, бүкіл мұ­сылман әлеміне қатысты айтылса керек. Міне, біздің ойшыл Абай, хакім Абай – әлемдік деңгейде осы діни көзқарасы арқылы да биіктей беретін тұлға.

Елордада барлық діннің басын қосып, дәстүрлі жиын өткізіп келе жатқанымызды білесіздер. Мұндай іс-шаралардың мақсаты мен ұлы Абай ұстанымының арасында өзара үйлесімділік бар.

Ақынның барша адамзат баласының жан дүниесінің тазалығын сақтауға деген ниеті бәрімізге ой салады.

М.Әуезовтің «Абай жолы» романы арқылы Абай бейнесі көркем образ ретінде әлем әдебиетінде жоғары бағаланғаны белгілі. Бірақ бұл – Абайды танудың бір қыры ғана. Нағыз Абайды, ақын Абайды тану үшін оның өлеңдері мен қара сөздерінде айтылған ой-тұжырымдардың мән-маңызы ашылуы керек. Ол әлемнің кең таралған негізгі тілдеріне барлық бояуын сақтай отырып аударылуы тиіс. Бұған біз толық қол жеткізе алдық деп айту қиын. Нағыз ұлт ақындарын өзге тілдерге аудару – оңай шаруа емес. Аудармашы да сол ойшылдың деңгейіндегі талант болуы керек. Біздің абайтанушы ғалымдарымыз, тіл мамандары мен жанашыр азаматтар осы мәселеге ерекше мән бергені жөн.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Абай – қазақ халқының рухани қазынасына өлшеусіз үлес қосқан ғұлама ғана емес, сонымен қатар ол қазақ халқының ел болуы жолында ұлан-ғайыр еңбек еткен данагер.

Абай – әлемдік деңгейдегі ойшыл­дардың қатарындағы ғажайып тұлға», деген болатын. Шынында да, дана ақын шығармалары тек қазақтың ғана емес, бүкіл адамзат баласының рухани өмірін жан-жақты байыта алады. Өйткені Абай туындыларының мазмұны жалпы­адамзаттық құндылықтарға толы. Оның қара сөздері – әлем халық­­тарының ортақ қазынасы. Бұл – клас­си­калық үлгідегі өнегелі ойлар шоғыры. Нақыл сөз, ғибратты сөз, ғақлия сөздер деп әрқилы аталғанымен, бұл – ерекше жанр.

Абай өзінің қара сөздерінде адамзат баласына ортақ мұраларды дәріптей отырып, рухани биікке құлаш сермеп, алысқа қанат қаққанын көрсетеді. Оның қара сөздерінің арқауы – кісілік, мәдениет, ізгілік. Хакім Абайдың қара сөздеріне балама еңбек іздесек, француз ойшылы Монтеньнің жазбалары ойға оралады. Десек те, Монтень өз болмысы мен адам тұлғасы жөнінде көбірек ой толғаса, Абай қара сөздерінің бас­ты миссиясы – ойлану, өзгеге ой салу, мақсатты ұстанымға айналдыру. Демек, ұлы ойшылдың қара сөздері – аса құнды еңбек.

Әлемдік мәдениетте Абайды қанша­лықты жоғары дәрежеде таныта алсақ, ұлтымыздың да мерейін соншалықты асқақтата түсеміз. Бүгінгі жаһандану дәуірінде, ақпараттық технологиялар заманында Абай сөзі баршаға ой салуы тиіс.

Дүние жүзінде ғылым мен білімнің түрлі салаларын дамытуға зор үлес қосып, бүкіл адамзатқа ортақ ойшыл ретінде танылған тұлғалар баршылық. Мысалы, Қытай дегенде Лао-цзы мен Конфуций, Ресей дегенде Достоевский мен Толстой, Франция дегенде Вольтер мен Руссо бірден ойға келеді. Сол сияқты шетелдіктердің бәрі бірдей Қазақстан дегенде бірден Абайдың есімін атайтындай дәрежеге жетуіміз керек. Өзге жұрт «Қазақ халқы – Абайдың халқы» деп бізге ілтипат білдіріп отырса, зор мәртебе болары анық.

Абайды қалай дәріптесек те жарасады. Оның ғибратты ғұмыры мен шынайы шығармашылығы – қазақ халқына ғана емес, жаһан жұртына да үлгі-өнеге. Абайдың адам мен қоғам, білім мен ғылым, дін мен дәстүр, табиғат пен қоршаған орта, мемлекет пен билік, тіл мен қарым-қатынас туралы айтқан ой-тұжы­рымдары ғасырлар өтсе де маңызын жоғалтпайды. Өйткені ақынның мұрасы – бүкіл адамзат баласының рухани азығы.

Қазақ елі барда Абай есімі асқақтай береді. Оның асыл сөздерін рухани байлығымыз ретінде жоғары ұстасақ, туған еліміздің әлем алдындағы абыройы арта берері сөзсіз.

Ең алдымен Абайды ұлтымыздың мәдени капиталы ретінде насихаттауымыз керек. Өркениетті елдер қазақтың болмыс-бітімін, мәдениеті мен әдебиетін, рухани өресін әлемдік деңгейдегі біртуар перзенттерінің дәрежесімен, танымалдығымен ба­ғалай­тынын ұмытпайық. Сондықтан Абайды жаңа Қазақстанның бренді ретінде әлем жұртшылығына кеңінен таныс­тыру қажет. Бұл – бүгінгі ұрпақ­тың қастерлі борышы.  

Торқалы тойдың тағылымы

Біз ұлттық сананы жаңғыртамыз және бәсекеге қабілетті ұлт қалып­тастырамыз десек, Абайдың шығар­маларын мұқият оқуымыз керек. Оның қоғамдағы түрлі үдерістерге қатысты көзқарасы бүгінгі Қазақстан үшін аса пайдалы. Өз заманының ғана емес, қазіргі қоғамның да бейнесін танытқан Абай – елдік мұраттың айнымас темірқазығы.

Әр қазақтың төрінде домбыра тұрсын деген ұғым қалыптасқанын бәріміз жақсы білеміз. Сол сияқты әр шаңырақта Абайдың кітабы мен Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романы тұруы керек деп санаймын.

Келер ұрпақ Абайдың сара жолын жалғауы тиіс. Бұл – ұлы ақын арманының орындалуы. Сондықтан біз Абайдың ойынан да, тойынан да тағылым алуға тиіспіз.

Биыл Абайдың 175 жылдығына орай халықаралық, республикалық және аймақтық деңгейде 500-ден астам іс-шара ұйымдастырылады. Тамыз айында Семей қаласында ЮНЕСКО-мен бірлесіп өткізілетін «Абай мұрасы және әлемдік руханият» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция ең басты шараға айналады. Сондай-ақ қазан айында Нұр-Сұлтан қаласында «Абай және рухани жаңғыру мәселелері» деген тақырыпта халықаралық конференция өтеді. Бұл жиындарда Абайдың тұлғасы мен мұрасы жан-жақты зерделеніп, оның шығармашылығын ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанның игілігіне пайдалануға жол ашылады.

Маңызды жобаның бірі – ұлы ақынның шығармаларын он тілге аударып, басып шығару. Атап айтқанда, Абай еңбектері ағылшын, араб, жапон, испан, итальян, қытай, неміс, орыс, түрік, француз тілдеріне тәржі­ма­ланады. Ақынның өмірі, мұрасы, қазақ мәдениетін дамытудағы рөлі туралы бірнеше деректі фильм және «Абай» телесериалы түсіріледі.

Ақын тойынан өнер саласы да тыс қалмайды. Республикалық және ха­лық­аралық деңгейде театр және музыка фестивальдары өтеді. Биылғы бәй­гелер Абай шығармашылығына ар­на­лады. Әдебиет және өнер саласын­дағы үздік шығармаларға берілетін мем­ле­кет­тік сыйлық енді Абай атын­дағы мем­лекеттік сыйлық деп аталатын болады.

Абайдың тұлғасы мен мұра­сын ұлық­тау шетелдерде де жалға­сады. Ресей­дегі, Франциядағы, Ұлыбри­­та­ния­да­ғы және басқа да мемлекеттердегі Қазақ­­станның елшіліктері жанынан «Абай орталықтарын» құру жос­пар­ла­нып отыр. Бұл мәдени іс-шараларды ысы­рап­­шылдыққа жол бермей ұйым­дас­тыру қажет.

Шығыс Қазақстан облысының Ақ­шоқы елді мекеніндегі Құнанбай Өскен­­байұлы әулетінің қорымы абаттанды­рылады.

Сонымен қатар Абай тұл­ғасын жоға­ры дәрежеде дәріптеу үшін Үкімет мына­дай шараларды қолға алуы керек деп есептеймін:

Семей өңірі – қазақ тарихындағы киелі өлкенің бірі. Сондықтан елдің рухани дамуында ерекше орны бар Семей қа­ласын тарихи орталық ретінде белгі­леген жөн. Ұлы Абай мен Шәкәрім­нің, Мұхтар Әуезовтің кіндік қаны там­ған өңір айрықша құрметке лайық. Осы­ған орай шаһарды әлеуметтік-эко­но­ми­калық тұрғыдан кешенді түрде дамы­тып, ондағы тарихи-мәдени нысандар­ды жаңа талапқа сай жаңғыртамыз. Үкі­метке бұл мәселеге байланысты тиісті шаралар қабылдауды тапсырамын.

Мерейтой жылы аясында Абайдың қастерлі мекені – әйгілі Жидебайды абат­тандырып, ұлы ақынның рухына тағ­зым етуге келетін жұртшылыққа қолай­лы жағдай жасау қажет.

Сонымен қатар Абайдың «Жиде­бай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мә­дени және әдеби-мемориалдық қорық-музейіне ерекше көңіл бөліп, ғылыми-танымдық жұмыстармен айналысатын орталыққа айналдыру керек.

Жидебайда музейге арнайы лайық­талған «Абай мұрасы» атты жаңа ғи­марат салу қажет.

1918 жылы Семей қаласында Мұхтар Әуезов пен Жүсіпбек Аймауытов негі­зін қалаған, 1992 жылдан бері қайта шыға бастаған «Абай» журналына мемлекет тарапынан қолдау көрсету керек.

Осы және басқа да ауқымды шаралар ұлы Абайдың рухына тағзым етіп, оның мол мұрасын дәріптеу үшін өткі­зілмек. Ендеше, бүкіл Қазақстан хал­қын осы игі бастамаға белсене атса­лысуға шақырамын. 

Біз Абайдың 175 жылдық мерейто­йына қоғамдық сананы жаңғыртатын, бір ел, тұтас ұлт болып дамуымызға сер­пін беретін іс-шара ретінде зор мән беріп отырмыз.

Бұл тойдың тұсындағы басты мақ­са­тымыз бүкіл халықтың ұлт ұстазы ал­дындағы өзіндік бір есеп беруі іспеттес болуы тиіс деп білемін. Абай сыны – ауыр сын, сындарлы сын.

Елбасы бастап, ел қостап, биік белес­терді бағындырдық. Озық елулікке кіреміз деп мақсат қойдық, ол мақсатқа мерзімінен бұрын жеттік.

Озық отыздыққа қосылуды меже­ледік. Ол межеге де жетеміз. Сол меже­ге жетуге де бізге

Ресми байқаулар тізімі
Республикалық байқауларға қатысып жарамды дипломдар алып санатыңызды көтеріңіз!