ҰЛЫСҚА МЕРЕЙ СЫЙЛАҒАН ӘЗ –
НАУРЫЗ
Шынында да, қытымыр қыстан
аман – есен шыққан халық үшін, шырайлы көктем мезгілі көңілге
жылылық ұялататын, жұрттың бәрі асыға күтетін шуағы мол мезгіл
болып саналатындығы анық. Осы шуағы мол көктем мезгілі өзімен бірге
мерекелі күндерді ала келді. Алдымен аналар мерекесі, содан соң
Ұлыстың ұлы күні - наурыз, яғни қазақтың жаңа жылы келеді. Наурыз
мейрамы шығыс күнтізбесінде жыл басы деп саналған. «Нау»- жаңа,
«руз» - күн деген сөздерден алынып, жаңа жылдың бірінші күні деген
ұғымды білдіреді. Ата-бабаларымыздан қалған, құлаққа сіңген
тағылымды ұғымдарға сүйенсек, Наурызда күн мен түн теңеліп,
жан-жануар төлдеп, адамзат баласының аузы аққа тиіп, жер жүзінде
үлкен қуанышты мереке болады.
Наурыз
мейрамы - ежелгі заманнан қалыптасқан
жыл бастау мейрамы. Қазіргі күнтізбе
бойынша наурыздың 22- жұлдызы
күн мен түннің теңесуі кезіне келеді. Көне парсы тілінен аударғанда
«жаңа күн» деген мағынаны, яғни «жаңа жылды» (күн өсуін белгілеуі)
білдіреді.
2010
жылдың 10
мамырынан
бастап Біріккен Ұлттар
Ұйымының Бас ассамблеясының 64-қарарына
сәйкес 21 наурыз «Халықаралық Наурыз күні» болып аталып келеді. Бас
ассамблея өзінің берген түсініктемесінде «Наурызды көктем мерекесі
ретінде 3000 жылдан бері Балқан
түбегінде,
Қара
теңіз аймағында, Кавказда, Орта
Азияда және Таяу
Шығыста 300 миллион адам тойлап келе
жатқандығын» мәлімдеді. Ал UNESCO
болса, 2009 жылдың 30
қыркүйегінде Наурыз мейрамын адамзаттың материалдық емес мәдени
мұра тізіміне кіргізді.
Наурыз келді
өңірге,
Мол ырыс,
несібесімен.
Құт- береке әкелсін
бәрімізге,
Деп тілейік Тәңірімізден,- демекші Наурыз
айынан тек жақсылық күтетін қазақ халқы үшін бұл мерекенің орны
бөлек. Наурыз - адамдарды ауызбіршілікке, татулыққа үндейтін
мейрам. Ұлыстың ұлы күні, халықтық мереке. Наурыз - қайырымдылық
пен имандылықтың, бірлік пен достықтың ұлы
мерекесі.
Ырзығы мен несібесі мол ит
жылғы Наурыз мерекесіндегі игі іс-шаралар біздің аймақта да өз
дәрежесінде өтті. Өткен сенбі күні Байқоңыр қаласындағы орталық
алаңда Ұлыстың Ұлы күні — Наурыз мерекесі салтанатты түрде
тойланды. Осы шараға «Академик
С.А.Джиенкулов атындағы Байқоңыр колледжі» білім мекемесінің ұжымы
да қатысып, белсенділік танытты. Алаң орталығына киіз үй тігіп, оны
қазақтың ұлттық нақыштағы бұйымдарымен безендірілді. Наурыз
мерекесіне орай тігілген киіз үйімізге Қармақшы ауданының әкімі
Сұлтан Мақашов, Қазақстан Республикасы
Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілінің қызметін
қамтамасыз ету басқармасы басшысының орынбасары Мырзабек
Демесінов, Бақоңыр қаласы әкімшілігінің басшысы Константин Бусыгин,
Байқоңыр қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Табынбай Алмаханов
және тағы да басқа ел ағалары бас сұғып, наурыз көжеден ауыз тиіп,
мерекелік кешімізді тамашалады.
Мерекелік шарада қолөнер
шеберлерінің қолынан шыққан өрілген қамшы, күбі, келсап, жеті
қазынамыз, ұлттық киімдер және т.б бұйымдар қойылған көрме
ұйымдастырылды. Наурыз мейрамына орай шашу шашылып, қазақтың салт –
дәстүрлері көрсетілген іс-шараға колледж студенттері мен олардың
ата-аналары да белсене ат салысты. Мерекеде колледж оқытушылары мен
білімгерлері жарапазан айтып, би билеп, күй
тартты.
Қазақтың салт-дәстүрін
насихаттау мақсатында бірқатар жас оқытушыларымыз салт-дәстүрден
көрініс көрсетті. Келген қонақтар мерекелік дастарханға әзірленген
қазақтың ұлттық тағамдарынан ауыз тиіп, наурыз көжеден дәм татты.
Ұлттық ойындар ойналды. Күмбірлеген күйлер, әсем әуенді әндер
айтылып, наурыз мерекесіне арналған өлеңдер оқылып, көреремендер
ерекше көңіл- күймен сыйлады. Мереке соңында қазы-қарта, жал-жаямен
салынған сарыала табақтар, бал татыған қымыз, межелі дәрежеде
дайындалған наурыз көже ақ тілектермен бірге ұлттық салт-дәстүрді
айқын айшықтаған еді.
Аталмыш шараға колледж
студенттері мен олардың ата-аналарының да белсенді қатысқанын айта
кетуіміз керек.
Иә,Ұлыстың ұлы күнiнде күнi күн мен түн
теңеледi. Табиғат та, Жер-Ана да, жан-жануар да түлейдi, жаңарады.
Қазақтың сайын даласын Қызыр баба кезiп, адам баласына құт-береке,
бақ-дәулет сыйлайды. Лайым сол Қызыр баба әкелген құт- береке әрбір
қазақ отбасына орнасын дегіміз
келеді.
Жанар Назарбаева,
Академик С.А.Джиенкулов атындағы Байқоңыр
колледжі»
білім мекемесінің жалпы
пәндер оқытушысы