жүктеу мүмкіндігіне ие боласыз
Бұл материал сайт қолданушысы жариялаған. Материалдың ішінде жазылған барлық ақпаратқа жауапкершілікті жариялаған қолданушы жауап береді. Ұстаз тілегі тек ақпаратты таратуға қолдау көрсетеді. Егер материал сіздің авторлық құқығыңызды бұзған болса немесе басқа да себептермен сайттан өшіру керек деп ойласаңыз осында жазыңыз
1 жыл бойы шексіз жүктеңіз
«Үркер» романындағы автордың көркемдік әдісі мен көркемдік стилі
«Үркер» романындағы автордың көркемдік әдісі мен көркемдік стилі
Әбіш Кекілбаев қай тарихи шығармасын жазудағы тілдік қолданыс, тілдік айшықтарын өз тілімен бергенімен, ойды баяндаудағы, суреттеудегі тон кейіпкер болмысымен пара-пар. Тіпті кей жағдайда өз тілімен баяндалып отырған ойдың өзі бір қырынан сол замана тілінен сыр шертіп, сол кездегі кешегілердің танымы мен түйсігінен хабар беріп отырады. Бірақ аңғарымпаз қаламгер барлық жағдаяттағы тілдік қолданысты қазіргі заман ағымына бағыттап, оқырманның талғам-талабына қарай бағыттап отырған. Ол үшін автор тілді көркемдік-стильдік тұрғыда қараған деп бағалауымызға болады. Бұл көркемдік амал тәсілдер автордың жазушылық мәнеріне, өз қолтаңбасына әсер еткенін де жоққа шығаруға келмес. Себебі сондай көркемдік-стильдік амал-тәсілдерді автор өз мәнеріне айналдырып та, активтендіріп те, оларды қолданысында шебер шеберлікпен қолданып та үлгерген. Оларды нақтылау үшін тікелей фактілерге көшсек...
Әбіш Кекілбаевтың аталған тарихи дилогиялық романы тілдік көркемдік мәнері жағынан поэтикалық сипатымен зор мәнге ие. Қаламгер кейіпкерінің, не болмаса бір жағдаяттың сыры мен сынын, қасиеті мен белгісін, салмағы мен сапасын поэтикалық әдіспен образдап сипаттайды. Мысалы, хан болуға тырысып, билік тізгініне қолдарын жеткізе алмай жүрген Өсеке ұрпағы хақында былай деп келтірген: «Шаршы төр бұйырмай, асық жіліктің табағында күндері өтіп жатқан Өсеке балалары».[1,46] Қаламгер жазып қалдырған сыни сөздердің астарында аса бір үлкен образ жинақталған. Бұл образ ұлт танымында өзіне бірнеше мән арқалап отыр. Айтылып отырған кезеңнің, тіпті осы күнге шейінгі аралықта қазақ қауымында әлеуметтік топтар салмақ-беделімен, иерархиялық тәртібі отыратын орнымен, яғни жиынның төрінде, ортаңғы бөлігінде, яки болмаса табалдырықта отыруымен-ақ хабар беретін. Тартылған табақтың ішінде берілген сыбаға-сыйына қарай – бас табақтың, жамбас пен басқа да жіліктердің таратылуына қарай қонақтың дәреже көрсеткіші білінетін. «Асықты жіліктің табағында күні өткен» деп – хандық билікте лауазымға ие болмағандығын сол кезеңнің көзімен де, сөзімен де нақты атаған. «Шаршы төрден орын бұйырмағандық» та сыйлы орында болмаудың айғағы ретінде берілген автордың көркемдік шеберлігін байқатады.
Әбіш Кекілбаевтың тарихи шығармаларының барлығы дерлік күрделі де, көркем композициялық туындылар. Шығармармаларының мағыналық-құрылымдық жүйелік тұрғысынан қарағанда автордың оқиғаларды хронологиялық кезеңі жағынан нақты және дәлелді негізбен жазғандығын және де оқиғалардың ағыны Әбілқайырдың ой-сарабына салып суреттелгендігін байқаймыз. Қаламгер шығармаларының негізгі қайнар көзін негізінен тарихи құжаттар мен зерттеулерден, халық ауыз әдебиеті үлгілерінен, яғни тарихи өлеңдер мен жырлардан, аңыздардан, этнографиялық деректерден, әдет заңы ескерткіштерінен алған. Аталған дерек көздерінің барлығы романның тартысты суреттелуіне, сюжет желісінің тартымды болуына, бас кейіпкерлерінің мінездерін даралап көрсетуге өздігінше зор еңбек сіңірді.
Қаламгер пысықтауыш пен анықтауыштық рольде болып келетін бейнелі сипаттамаларды көбіне параллель түзілім ретінде ұсынуды жөн санағандай. Мысалы романдағы мына үзіндіге зер салсақ:
«Қазір исі Арғын ұзақ жыл шетте жүрген екі ағайынына орталарынан ойып қоныс беріп, қораларынан жырып сауын беріп...» [1,48] деп, қаламгер бір сөйлем ішіне позициялық, синтаксистік, тұлғалық параллельдер түзу арқылы көркем сөздегі аса әсерлі құралды өз шеберлігіне жұмсап отырғандығын байқаймыз. «Аса әсерлі» деп баға беруімізге себеп – берілген ойдың әсерлілігі халықтың танымына таныс, тыныс-тіршілігінде бар, іс-әрекетінде кездесіп отыратын, айтуға жеңіл, құлаққа жағымда болатындығында. Қаламгер ғылымда ассонанс, аллитерация деп аталатын ұғымдарының көкжиегінде қазақ сөз мәнеріндегі біркелкі дауысты немесе дауыссыз, біркелкі жуан немесе жіңішке айтылатын сөздердің бір қатарға өз ретімен сауатты қолдануы нәтижесінде көркемдік тәсілді жетік меңгергендігін аңғартады. Мұндай ұтқыр қолданыс, қаламгерлік шеберлік, сөз қолданысындағы сауаттылық Әбіш Кекілбаевтың романдарында ұтымды тәсіл ретінде еш қалт қалмаған.
Романның көркемдік ерекшелігі туралы сөз болғанда қаламгердің кейіпкер мінезін даралап көрсетудегі көркемдік шеберлігі туралы айтпасқа болмайды. Бұл романның пішіні мен мазмұн бірліктерінен анық көрініс тапқан. Қаламгердің бұл орайдағы көркемдік шеберлігі Әбілқайырдың бейнесін жасау кезіндегі көркемдік тәсілдерден айқын көрініс тапқан. Мысалы романның осы бір үзіндісінде: «Мөлт қара сақал-мұрт қыбырсыз. Бозарыңқы дүрдік еріндер бір-біріне жабысып қалғандай. Тіп тіке қарайтын дөңгелек жүз, сыз қабақ аз сұр кісінің бет алды тұнған сабыр. Шығыңқы шықшыт сүйек пен шытыныңқы қабақтар ғана іште жатқан шытырман ойлардан нышан байқатқандай»[1,209]. Бұл Әбілқайырдың образы – портретті көркем жеткізудің ең озық үлігісінде тануымызға әбден лайық. Жәй ғана жансыз келбетті суреттеп қана қоймай, психологиялық портретті көркем жеткізе білген қаламгердің шеберлігі. Қаламгер роман қаһарманының жүзіндегі ерекшеліктері мен белгі нышандарын бейнелеуіш құралдар арқылы тайға таңба басқандай айқын көрсетеді, мінезіндегі оқырман үшін маңызды болып табылатын белгілі бір дара қасиеттеріне оқырманның назар аудартады, сол арқылы кейіпкерді психологиясын көрсетіп береді.
«Үркер» тарихи дилогиясында «Бүгін биенің құйрығы, ертең түйенің құйрығы болып қырық құбылып отырар жайым жоқ», «Қоянның құйрығындай күнде қыпылықтап отырғаннан, обал-сауабыңды біреуге артып, тыныш отырғаныңды жөн көрмеп пе еді?». Бұл романда берілген мінездеудің көркемдік үлгісі. Кейіпкердің сезімі мен ойындағы күй – кейіпкердің ішкі сөзінде көрініс табады. Бұл ішкі ойы арқылы қаламгер роман қаһарманының мінезін даралап көрсететін ерекше айшықтар ұсынған. «Қоянның құйрығындай күнде қыпылықтап отыру» сияқты теңеу, «түйенің құйрығы болу», «биенің құйрығы болу» сияқты метафоралар тізбегі арқылы берілген кейіпкердің ішкі ойының мынадай психологиялық сипаттарын аңғаруға болады: бейнелі де, терең, алдындағы тыңдармандарынының барлығының сезімі мен ойына бірдей әсер қалдырады. Портрет жасау мен кейіпкердің мінезін даралап көрсетуде, сөйлеу мәнері мен ойлау ерекшелігін танытуда, кейіпкер бейнесін сомдауда қолданылған бейнелеуіш құралдар қаламгердің жазушылық деңгейінің жоғары белесін көрсетеді.
«Үркер» романын жазудағы жазушының тілі мен роман тілі – ажарлы да, көркем. Авторлық баяндау мен кейіпкердің тілі айшықты, түрлі бояуларға қанық, астарлы, терең сөздер мен тіркестерге өте бай болып келеді. Романда берілген Мәті бидің мына бір сөзіне назар салайық: «Бедел дегенің есігіңнің алдында көлденең түсіп жатып алатын күдіре желке көк төбет сияқты». Мұндағы берілген теңеу – бедел, образды берілген беделдің көркем сипаты – «күдіре желке көк төбет» болса, белгісі – есігіңнің алдында көлденің түсіп жатып алатын. Бедел – көркем шығармалар мен халық тұрмысында кең талқыланған, талданған қарапайым сөз болғанымен, Мәтідей күрделі теңеу арқылы «бедел» сөзіне дәл, бейнелі жеткізген ешкім болмады. Автор үшін сол кезеңнің ел үшін оңтайлы шешімі бола алған ел мүддесінің қорғалуы үшін жасаған әрекеттері мен психологиялық жай-күйі романда түрлі метафоралық әдіс арқылы керемет бейнеленген. «Орнымен пайдаланса, орыстар мен қазақтар арасындағы мүдделер ортақтастығы саулап тұрған сиыр ғой» деген үзіндіде Әбілқайыр ойы бір иіріммен тиянақтала келе, «саулап тұрған сиыр» метафоралық тіркесімен дәл бейнеленген. Ал тағы да бір үзіндіде: «Мүдделер тіл табысатын жерде қарағайдай мүйіздің қайраты емес, қаймыжың еріннің айласы керек» деп қазақ пен орыстың арасындағы мүдделер ортақтастығын қарапайым қалың жұртқа барынша түсінікті етіп, бейнелі түрде көркем сипатта берген. Жазушы тілінің барынша көркем, бейнелі болуы үшін осындай эпиттеттер мен метафоралық тіркестер, теңеулер өз ретінше қызмет атқарды.
Қазақ халқының бірнеше жылдар бойғы өткізген тарихи кезеңінің шындығы эпикалық түрде «Үркер» романының бойынан табылды. Оны «Үркер» романына ғана тән мынадай ерекшеліктерінен байқаймыз: тақырып пен идея тұрғысынан алғанда мазмұны терең, саяси-әлеуметтік мазмұны жағынан терең, бейнелеу кезінде эпикалық бейнелеуден гөрі лирикалық суреттеудің басым болуы.
Әбіш романдары туралы сөз болғанда, ең алдымен, «Үркер» романы ойға келетіні рас. XIX ғасырдың 60-жылдарынан бастау алатын ұлт тарихына деген бетбұрыстың астарында тарихқа деген енжарлықтың болмағандығы, тарих пен әдебиетке деген алаңдаушылығынан туған қаламгерлердің оқырман үшін қалдырған мол мұрасына айналды. Ұлтының бүгіні мен өткенін саралап, сараптай келе, тарихтың астарында қалған қым-қиғаш тартыстардың әсері мен ұзақ та шығыны мол тартыстарды Әбіш те өз шығармасына арқау етеді. Шытырман жағдайдағы халықтың жағдайына бей-жай қарай алмайтын, енжарлық таныта алмайтын, қыл үстінде тұрған халықтың, елдің жай-күйіне, дербестігі мен бостандығына салдыр-салақ қарай алмайтын халық қаһарманы Әбіқайырдың Әбіштің де шығармасының бас қаһарманы болуы заңды құбылыс. Елдің ой-тілегін жанына місе тұтқан, жұртының басар тау, қонар сайының жағдайына алаңдаушылықпен қараған халық кемеңгері, хан Әбілқайырдың түрлі жақтастары мен сол жағдай кезінде бастан кешірген кедергілердің әсері жақтастарының қолдауымен қатар романда бірге берілген. Әбілқайыр сонша көп жақтастарға ие болуының да өз сыры бар. Хан боламын деп қасарыспай, керісінше халықтың әлеуметтік жағдайын жастайынан ұғынып өскен Әбілқайыр еліне қандай адал болса, достыққа да адал, адамгершілік пен қарапайымдылыққа қанық өскен азамат болатын. Адамгершілік қасиеті Тайланды кедей баласы деп менсінбей қарамай, керісінше қарадан шықса қатар досым деп қабылдап, сыйлағандығынан байқалады. Ал Әбілқайырдың адамгершілікпен астасқан әділдігі інісі Мамайдың Тайланға жасаған зорлық әрекетінен кейінгі інісін әділ түрде жазалап, шындықты жақтаған қарымды әрекетінен байқалады. Бұл әрекетіне оң баға берген Әйтеке былай депті: «Төренің бағы – қарашаның қайраты. Қарымдыдан құрдас жиғаның жөн екен». Бұл сөздер Әбілқайырдың хан болмай тұрып жасаған әрекетінен алған үлкен сабағы, ал Әйтекенің айтқан сөзі өмірлік қағидасына айналды.
Роман Әбілқайыр хақындағы көркем шығарма еместігін жоғарыда айтып кеткен болатынбыз. Бұл толық талданған бір ұлттың мүддесі үшін атқарған игі істерімен көзге түскен барлық дерлік ел ағалары, дала даналарының аты аталып, әрекеттері көркем түзілген тарихи шығарма. Естелік ретінде лирикалық шегініс жасау кезінде бейнеленген Әйтеке, Қазыбек, Төле билердің көркем образдарынан бөлек, ерлігімен ел жадында сақталған Есет, Бөгенбай, Жәнібек батырлардың аттары аталып, түр-тұлғасы туралы да бір ауыз болсын жазылып кеткен шығарма. Ел қорғау ісінде білек сыбана кіріскен, жер қорғау кезінде батырлығымен көзге түскен бұл батырлардың ерлік әрекеттері де романда көркем суреттеледі. Бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарған ел қамын ойлаған ел ағаларының ойы бір шығып, Әбілқайырдың жақтасы да, пікірлес досы да бола алғандығы сөз болады. Романда берілген автордың оқырманға ұсынған ойы, романда көрсетілген автордың көркемдік шындығы осы тұста барлығының бір ауыздан қабылдаған ойлы шешімі Ресеймен одақтас болу, ынтымағын біріктіру саясатымен сабақтастық тапқан. Бұл шешімнің сол сәттегі бірден-бір оңтайлы шешім екендігі, ел мүддесі үшін жасалатын ең қолайлы әдіс екендігін оқырман қауымға жеткізу жолында көрсеткен көркемдік шындығы осы болып отыр. Ал Әбілқайырдың жақтастары көркемдік шындықты жеткізу үшін тапқан жазушының көркем құралына айналды.
«Үркер» - Әбіштің басқа шығармаларындай шындықтан ажырамай, реалистік көзқарасымен жазған реализмі мол шығармасы. Әбіштің көркемдік әдісі де сол – реализмнен таймау. Әсіресе Құлтөбе, Мәртөбе, Ордабасы басындағы үлкен жиындардағы үлкен бас қосулар, елдің дүркіреп жасаған ұлан-асыр той-думандары реалистік бояулары мол қанық суреттермен берілген. Бұл жиындарда айтылған өнегелі сөздер мен аға-билердің дуалы әңгімелері күні бүгінге шейін халық жадында сақталған шешендік сөздердің мол мұрасына айналған. Осы жиындарды суреттеу арқылы даңқты батырларымыздың баталы сөздері, би-шешендеріміздің тапқырлыққа толы шешендік сөздері романның көркемдік тұсында үлкен роль атқарады. Шығарма тарихқа негізделген, саяси көзқарас пен әлеуметтік роль арқалаған тарихи дилогия болғанымен, халқымыздың парасаттылығы жайында да сөз қозғаған қарымды еңбек. Еліміздің жақсылық пен әділдік жолындағы жақсылықты дәріптеушілігі, сөз қадірін жете түсінуге деген, озат өнерді бағалауға, үйренуге деген асқақ ойы шығармада кең баяндалған. Бұл тұрғыда автор қазақтың тіл қорында сол күннен осы заманға дейін сақталып келе жатқан мақал-мәтелдерін, қанатты сөздері мен шешендік сөздерін дайын құрал есебінде мол қолданған. Мәселен, осындай бір үлкен жиын болып, елдің тарихи маңызы мол шешім шығарар шағында бас қосқан мерейлі мерекесі болған Тәукенің хан сайланған, жеті жарғы жосығын қабылдаған күнін айтсақ болады. Думан аяқталар шақта халық арасынан бір кісінің сөзі ортаға ой салады. Оның: «Ертең елге барғанда айта барарлық үш би бізге не дейді екен? Соны естіп кеткіміз келеді», - деген ойына, Тәуке хан: «Сонда үш биден не сұрайсыздар?» – депті. Сонда жұрт кезектесе жамырасып:
-
«Үш би ең әуелі заман құлқынан үш ауыз сөз айтсын!
-
Енді үш би бізге кәрілік пен жастық хақында не айтар екен?!
-
Енді үш би бізге ұл мен қыз хақында не айтар екен?!
-
Үш би бізге енді адам құлқынан үш ауыз сөз айтсын!» - деген екен.
Осы кезде абдырап қалмай сөз тауып, тапқырлықпен үш би жұрттың көңілін көншітер жауап қайтарады. Бұл оқиға оқырманның шығармаға деген қызығушылығын арттыру жолында қолданған қаламгердің көркемдік шеберлігі. Осы тұста қара халықтың білем деуге ұмтылуы, жақсы сөз үйренуге деген ынтасы анық байқалады. Шығарманың құндылығын арттыруда сөзсіз іске асқан жазушының шеберлігі романның көркемдік әдіс тәсіліне, көркемдік шындығына айналып отырғандығын көреміз.
«Үркер» шығармасында суреткерліктің түрлі шеберлігі, жазушының қаламгерлік машығы, образ жасаудағы үлгісі қаз-қалпында сақталған. Бұл романды жазуда қаламгер жоңғар шапқыншылығына қарсы азаттық күрестің таза реалистік шыншылдығын романтикалық шабытымен сабақтастыра байланысты жазып шығарады. Сол азаттық күрестің ұйымдастырушысы, бірегей қолбасшымыз, тарихи тұлға, әрі хан Әбілқайырдың бейнесі Аңырақай түбіндегі шайқастағы асқан ерлікпен күресуі мен одан әрі Ресеймен одақтас болу жолындағы жасаған іс-әрекеттері, елін сақтап қалу үшін жасаған көпшілік түсініп, қолдай қоймаған бағытты ұстануының себебін айқындау жолында тарихи шындықтан бір елі ажырамай, керісінше тарихи шындыққа қиянат жасаудан ада болып, тарихи құжаттамалар мен деректер көмегімен, тарих желісі мен жазушы қиялымен салаласқан бірлігінен қиыстыра суреттеген, көркемдік шындықтың тарихпен зор байланысқа түсуінен туған көркем де, бірегей шығарма.
Тарихта орын алған оқиғаларды, тарихи тұлғаларды әдеби бейне тұрғысында сомдауда тарихи шындықтың поэтикасы күрделі, түрлі кешенді амал-тәсілдер қолданылады. Жазушы үшін бұл үлкен қаламгерлік шеберлікті талап етеді. С. Негимов профессор роман қаһарманынан туындаған көркемдік шындық, авторлық шешім хақында былай деген: «Көркемдік қиял шындық пен шарттылықтың бірлестік-тұтастығына негізделеді. Бұдан біз көркем өнердегі ойдан шығару, көркемдік қиял дегеніміздің екі түрлі мағынада айтылатынын байқаймыз. Бірінші, кең мағынасында, қандай да болсын өмірде кездесетін, кездесуі мүмкін құбылыстарды, ойша елестетіп, бейнелеп көрсету деген ұғымды білдіреді. Бұл тұрғыдан қарағанда көркем әдебиеттегі адам бейнелері, өмір суреттері түгелден ойдан шығару, шындық пен көркемдік қиялды ұштастыру арқылы жасалады. Екінші, тура мағынасында, тек ғажайып сипаты бар, болмыста дәл сол қалпында кездеспейтін қиялдан туған көркемдік бейне, көріністер ғана ажыратылып алынады. Мұндай таза көркемдік қиялдан туған бейнелер де қалай да белгілі, өмірде кездесетін нәрселердің нақтылы сипат-белгілерін негізге алып, соларды ойдан шығарылған бейнеге телу арқылы пішінделеді»[2,116]. Тарихи шындықтың өзек-діңі – өмірлік шындық. Қазақ прозасында тарихи тақырыпта жазылған көркем шығармалар халқымыздың басынан кешкен оқиғалары мен көрнекті қайраткерлер тұлғасы жазушылардың көркемдік шешімі әсірімен сабақтасады.
Тарихты тану, оны зерттеу тек тарихи оқиғалармен, сол кезеңдегі халықтың тұрмыстық жағдайымен ғана шектеліп қалмайды. Әсіресе, тарих пен әдебиетті байланыстырар болсақ, тарихи тұлғалардың әдебиетте кейіпкер ретінде маңызы зор болмақ. Бұл тұрғыда Әбіш Кекілбаев қазақ тарихын зерттеу арқылы мол дерек жинап, сол деректерді өз шығармасына арқау етті. Сондай мол дерек жинап, оқырман үшін жан-жақты зерттеу жасаған тарихи тұлғалардың бірі – Әйтеке би болды. Әйтеке туралы романда «Алаш ішінде Алшыннан, Алшын ішінде Әлімнен, Әлім ішінде Төртқарадан, Төртқараның Қарашы, Қараштың Сейітқұлы. Сейітқұл болғанда кәдімгі Әз-Тәукенің төртінші атасы, атақты Қасым хан өлген соң біраз уақыт қазақ билігін қолына алған Шығай Жәдікұлы 1581 жылы ұлысымен Сырдарияның сағасындағы қонысын тастап, Самарқанның теріскейіндегі Нұрата тауына көшкенде қасына Төртқара Сейітқұл дегенді ерте кетпейтін бе еді, сол Сейітқұлдың дәл өзі. Сейітқұлдың сегіз баласының аты жер жарған. Ең атақтысы Жалаңтөс, сол кезде бар болғаны бес жаста екен. Сол Жалаңтөс Нұратада жүріп, Бұхар мен Тамды маңындағы қазақ ұлыстарын билеп, Ақназар ұлы Дінмұхамедтің көзіне түседі. Ол – кәдімгі Хавиз-Тыныштың «Абдулла-нәмесінлегі» Дінмұхамед Қасым өлгесін шырқы бұзылған қазақ хандығының еңсесін тіктеп берген әкесі Ақназардың саясатын одан әрі жалғастырып, Абдолла әулетінен өрбитін билеушілермен батыл тайталасқа шығып, Орта Азияның кейбір шаһар мемлекеттерінің тізгінін өз қолына ала білген қазақ ханы Жалаңтөс те Дінмұхамедтің сол күресі үстінде көзге түссе керек», - деген дерек қалдырған[1,4]. Бұл жазушының бір тұлға хақында жазу үшін осыншама мәліметті іздеп-тауып, оның туған-туысы мен айналасында болған тарихи тұлғалармен байланысы туралы мәлімет берген. Бүгінде бұл деректер өз кезегінде ең құнды, шындыққа бойлай жазылған мәліметтер қатарынан болып отыр. Олай дейтіндігіміздің де өз себебі бар. Себебі осы уақытқа шейінгі құнды деректердің қатарынан орын алған Шоқан Уалихановтың еңбектеріндегі Әйтеке би XVIII ғасырда өмір сүргендігі туралы деректің қате екендігін Әбіш дәлелдеп, Әйтеке бидің XVII ғасырда өмір сүргендігі туралы айтты. Бұл Барақ сұлтанға қатысты мәселеде анық көрсетілген.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
-
Ә. Кекiлбаевтың “Он екi томдық шығармалар жинағы” 3-том “Үркер” романы. Алматы, “Өлке” баспасы – 1999 ж
-
Әдебиеттану терминдерінің сөздігі / Құрастырғандар З.Ахметов, Т.Шаңбаев. – Алматы: Ана тілі, 1996.

Бұл курс Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігімен келісілген